Текті әулеттің тағдыры
Тарихтан тағылым алып өскен әрбір саналы ұрпақ үшін биылғы жылдың өзіндік тарихи ерекшеліктері бар. Атап айтар болсақ, ХХ ғасырда қазақ халқының тарихындағы қасіретті парақтарға айналған 1932-1933 жылдардағы «ашаршылықтың» – 80 жылдығы және 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің – 75 жылдығына республикалық деңгейде дайындық жұмыстары жасалуда. Осы бір қасіретті жылдарда қазақ халқының тең жартысы ғана қырылып қойған жоқ, сонымен қатар еліне қорған болған басшылары, зиялы қауым өкілдері, қазақ халқының әлеуметтік жүйесінде ерекше топты құрайтын хан тұқымдары, халықтың экономикалық тірегі болған ауқатты адамдар және діни ұйытқысы бола білген, ағартушылықпен айналысып, әр қазақтың баласынының сауатын ашқан молдалар мен қожа-ишандар әулеті де қуғын-сүргіннің құрығынан құтылмады.
1928 жылы 27 тамызда Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті мен Кеңес Халық Комиссариатының «Ірі бай шаруашылықтардың және жартылай феодалдардың мал-мүліктерін тәркілеу және жер аудару туралы» қаулысы қабылданды. Қаулыны жүзеге асыру барысында тәркілеуге және жер аударылуға қазақ қоғамының кедейлер мен орташалардан басқа барлық топ өкілдері қамтылды. Елімізде ұжымдастыру тарихын зерттеуді теориялық-методологиялық тұрғыдан жүйелеген тарихшы-ғалым Т. Омарбеков осы жылдары тәркілеуге ұшырағандардың әлеуметтік құрамын былай жіктеп көрсеткен: «а) болыс басқарушылары, хандар, датқалар және т.б. тұқымдары; ә) атқамінерлер, ақсақалдар, билер (бұрынғы соттар); б) молдалар, ишандар; в) бұрынғы алашордашылар мен шенділер; ірі мал иелері». Осы әлеуметтік жүйенің ішінде қазақ қоғамында ағарту саласының тұтқасын ұстаған, халықтың рухани сұранысын қанағаттандырып келген дін өкілдері: молдалар мен қожа-ишандардың қазақ үшін орны ерекше еді.
Тарихшы-ғалым М.Қ. Қойгелдиевтің «Сталинизм и репрессии в Казахстане 1920 – 1940-х годов» атты еңбегінің «Ишандар ісі» деп аталатын 4-тарауында қазақ даласындағы ишандар әулетінің Кеңес үкіметі тұсындағы қилы тағдыры, қудалауға ұшырауы, оларға қарсы қозғалған сот процестері мұрағат деректері негізінде баяндалады. Осы құжаттық еңбекке қарап отырып, 20-40 жылдардағы қуғын-сүргін саясатының қожа-ишандар әулетін мықтап нысанаға алғанын аңғарамыз.
Осыншалықты нысанаға алынатындай қожа-ишандардың қазақ халқына қаншалықты ықпалы бар еді? Олар қазақ қоғамында қандай қызмет атқарды? Енді осыған тоқталайық.
Қазақ халқының өмір сүру жүйесінде берік орнаған дәстүр – хан тұқымдарын әр ру өздеріне басшы ретінде сайлап алуы еді. «Төбесіз жер болмайды, төресіз ел болмайды» деген қанатты сөз содан қалса керек. Осындай үрдіс қожаларға да қатысты қалыптасты. Қазақтың ру басылар аттай қалап, Түркістаннан, Сыр өңірінен қожаларды алдыртып, пір тұтқан. Қожа-ишандар бір рулы елдің діни-ғұрпымен қатар, ағартушылық міндеттерін де атқарды. Сондықтан қожалардың халық арасында беделі аса зор болған. И.И. Гейердің пікірінше, қазақ даласында көшпелілер діни білімі бола тұрса да, қара қазақты пір санамаған. Яғни олардың шығу тегіне ерекше мән беріп, Мұхаммед пайғамбардың әулетінен тараған қожаларды пір санауы тектен-тек болмаса керек. Қазақ арасында ишан мен қожа сөзі қатар қолданылады. Себебі ірі ишандар қожалардың арасынан шыққан еді. Осылайша қожа бөлісу салты бүкіқазақ даласында таралды. Мысалы Арқа өңірінің қазақтары Қожақан қожаны, Алтай өңіріндегілер Керей ишанды, тобықтылар Әуез қожаны өздерінің піріміз деп санаған.
Сондай ишандар әулетінің ішінде Сыр бойына әулиелігімен, ғұламалығымен аты шыққан Айқожа ишан әулеті жайлы, әсіресе қуғын-сүргін саясатының құрбаны болған ұрпақтары хақында сөз қозғамақпыз.
Мұхаммед Пайғамбардың немере інісі Әзірет Әліден тарайтын Айқожа ишан Темірұлы 1773 жылы Жаңақорған өңірінде дүниеге келген. Ташкент, Бұхара шаһарларында медреседе оқып, білімін молайтқаннан кейін, Ауғанстандағы атақты ғұлама, қара суды теріс ағызған Ислам Шайхтың қолында төрт жыл білім алған Айқожа ишан Жаңақорған өңіріне «ишан» болып оралады. Елге оралған Айқожа ишан мешіт-медресе ашып, халыққа білім берумен, имандылық тәрбиесін дарытумен айналысады. Тіпті медресенің жанында арнайы жатақханасы (өжіре) болған екен. Халыққа адал қызмет етуді басты парызым деп санаған Айқожа ишанның жаны мен малы қатар өсіп, көзі тірісінде-ақ іргелі әулетке айналады. Бірде ел ішінде батырлығымен танымал Көкен батыр қымыз ішіп отырып, «ишанның малы Сырдың бойына симай кетті ғой» деп айтып қалады. Ел ішінде сөз жатқан ба, айтылған сөз Айқожа ишанның құлағына да жетеді. Батырдың сөзіне налыған ишан өзінің маңайындағы бес рулы елді ертіп, он бір баласының біреуін баласын қасына алып Қарасопыдан көшеді. «Елден әулие кетсе – береке кетеді» деп санаған елдің ақсақалдары Көкен батырды шақырып алып, «елден құт-береке кететін болды ғой, малдың көптігі кімге зиян еді, бір қауым елдің несібесі емеспе, ишанды қалай да болса елге қайтарасың» деген міндет жүктейді. «Аталы сөзге арсыз тоқтамас» деген сөз ол кезде әр қазақ үшін дала көшпелісінің өміріндегі ерекше қағидалардың бірі еді. Бір жағынан ел ақсақалдарының салмақты сөзін, екінші жағынан өзінің ағат әрекетін сезінген батыр көшті қуып жетіп, ишанның алдына барып, мойнына қыл арқан байлап «міне қыл арқан, қалаған жеріңізге дарға ассаңыз мен әзірмін, бірақ елден кетпеңіз» деп кешірім сұрайды. «Иілген басты қылыш кеспес» дегендей, сөзге тоқтаған ишан кешірім бере тұрып, «жолға шыққан көштің кері қайтуы әбестік» болар, кері де қайтпаймын, ары қарай да көшпеймін, осы жерде қаламын дейді. Бұл жер бүгінде Бесарық деп аталады. «Елсіз, сусыз жерге қалай тұрақтаймыз» деген халыққа қарап, ишан қолындағы таяғын жерге шаншығанда, жерден атқылап, мөлдір су шыға бастайды. Бұл бұлақ бүгінге дейін «Айқожа ишанның» бұлағы деп аталады. Сол жерге қоныстанған кейін Айқожа ишанның бастауымен ел болып мешіт салады. Бұл мешіт бүгінде «Ақтас» мешіті деп аталады. Бұл мешіт республикалық маңызы бар ескерткіштерінің тізіміне енген. Осылай елге тірек болған, әулиелігімен аты шыққан Айқожа ишан 1857 жылы Бесарық стансасы маңында, дарияның жағасындағы «Сарықамыс» деген жерде дүние салады. Сүйегін Ақтас мешітінің қасына жерлеген. Айқожа ишаннан тараған ұрпақтары бүгінде бір қауым ел болып, Жаңақорған өңірінде тұрып жатыр.
Сыр өңірінде Айқожа ишаннан басқа елге белгілі ишандар көп шыққан. Атап айтар болсақ, Айқожа ишанның балалары Ибадулла мағзұм, Жұмаділла мағзұм, Ибрайым шайх, Мамырайым шайх, Исмаил қожа, Ысқақ қожа, Ремет қожа, Пірше қожа, немерелері Сейдахмет, Оспан, Мұсахан, Сапар, Іскендір, Балта, Мұстафа, Усейн мағзұмдар, Ата мағзұм, Сәруәр ишан, шөберелері Әззам ишан, Омар, Жаппар, Бұрхан, Мәді, Махмұд, Инаят мағзұмдар ата дәстүрін абыроймен жалғастырған.
Алайда қазақ халқының басына қара бұлт үйірген Кеңес үкіметі орнаған жылдары дінсіз, құдайсыз саясаттың кесірінен дін жанашырлары, қожа-ишандар қатты зардап шекті. ХХ ғасырдың 20 жылдары ел басына төнген апат салдарынан ишандар әулетінің ауқатты топтары жиналып, көшуге бет түзейді. Олар Өзбекстанның Қаршы, Ғұзар аймағына жетіп ары қарай Ауғанстанға өтпекші болады. Алайда құрығы ұзын Кеңес билігі (ОГПУ) құтқарсын ба, барлығын алдына салып елге әкеледі. Қазақ ауқаттыларын тәркілеу туралы қаулыға сәйкес, Айқожа ишаннан тараған ұрпақтары да атылып, түрмеге қамалады. Зерттеуші З. Ибаддулаеваның 2008 жылы 11 қазанда Егемен Қазақстанда жарияланған «Ишандар» атты мақаласында: «Айқожа ишанның әулетінен дін уағыздаушысы, дін иелері деп айыпталып, 1937-1938 жылдары түрмеге жабылып атылып кеткендері де болған. Мысалы, Сейдахмет мағзұм, оның ұлы Бұрхан мағзұм, Сәруар ишан, Әззам ишан түрмеге қамалғанда да намаздарын қаза қылмаған. Олардың кереметі туралы туралы халық арасында: түрмеде отырғанда-ақ кешкі құтпан намазынан кейін Алла-тағалаға жалбарынып, дұға оқыған. Сонда түрменің есігінің құлпы ашылып қала беретінін көнекөз қариялар айтып отырады» деген мәліметтер кездеседі. Сейдахмет мағзұм 1933 жылы ұсталып, сол жылы түрмеде көз жұмады. Ал ұлы Бұрхан мағзұм екінші мәрте көшуге қамданып жатқанда, 1936 жылы ұсталып, Алматы қаласының маңындағы Шамалған стансанының жанында орналасқан Жауғашты түрмесіне қамалып, 1943 жылы 7 қаңтарда түрмеде қайтыс болған. Жауғашты түрмесі 1937 жылы НКВД-ның бұйрығымен Алматы қаласы және Алматы облысы территориясында Жауғашты поселкесінде ерлер мен әйелдерге арналған ауылшаруашылық еңбек колониясы ретінде ұйымдастырылып, 1949 жылға дейін осы бағытта жұмыс істеп тұрған. 1950 жылдан бастап орта және ауыр қылмыс жасап алғашқы сотталған әйелдерге арналған колония болып қайта құрылады. 1936 жылғы Бұрхан мағзұмның жеке ісінде мынадай мәліметтер кездеседі: 1936 жылы ұсталар алдында елде бір діни мереке (құрбан айт немесе ораза айт) болып, ел жиналады. Сонда сөз алған Бұрхан мағзұм былай дейді: «Мына патша (Сталин) 18 жылдан артық өмір сүрмейді. Екіншіден, қаншама адамның қанын төгіп, жанын құрбан етіп құрылған үкіметтің түбінде келешегі жоқ. Бұл үкімет дінге ғана қарсы емес, адамның табиғаты, өмір сүру заңдылығына қарсы. Бәрі орнына келеді, ел боламыз, қалғанымызға да қанағат». Бұл ғұламаның бір жағынан халықтың үрей билеген көңіліне басу айтуы болса, екіншіден көрегендігі, әулиелігі болса керек. Бұрхан мағзұммен бірге жерленген адамдардың қасында тағыда екі адам қойылған екен. Қуғын-сүргін жылдары құрбан болған осы адамдар жайлы дерек келтірге кеткен артық болмас деп санаймыз. Соның бірі Қойшыман Рымқұл қари (1871 ж. – 1942 ж.). 1937 жылы Аягөз мешітінің имамы. 1937-1942 жылдары Жауғашты түрмесінде отырған. Таққан айыптарын мойындамаған. 1942 жылы қайтыс болған. Екіншісі Шуақаев Асат Бермұхамедұлы (1890-18.04.1938). Ағартушы-математик. 1938 жылы осы жерде атылған. 1956 жылы 16 сәуірде ақталған. Сол жылдары зиялылардың, ауқаттылардың, ауқаттылар мен текті әулеттердің барлығы 58 баппен «Халық жауы» ретінде сотталып кете барды. И. Сталин өлгеннен кейін, Хрущевтік «жылымық» кезеңінде кінәсі жоқтар 1956 жылы ақтала бастады. Соған сәйкес Айқожа ишанның қуғын көрген ұрпақтары (Сейдахмет, Бұрхан) ақталған. Атап айтарлығы сол жылдары Мешітте басында клуб ретінде кино көрсете бастаса, кейіннен малханаға айналдырады. Осы жерде Құдайдың құдіретін қараңыз, Айқожа ишанның әулиелігімен ашылған бұлақ осы жылдары жабылып қалады. Маңайындағы тіршілік біткеннің нәріне айналған бұлақтың жабылып қалуынан бұл жер мидай далаға айналады. Ел көшіп кетіп иесіз қаңырап қалады.
Еліміз тәуелсіздік алып еңсе тіктей бастаған кезде 1993 жылы Қызылорда облысының бірден-бір өткізген ірі шараларының бірі – әулие баба Айқожа ишанға ас беру болды. Асқа 120 киіз үй тігіліп, 20 мыңдай адам жиналды. Сол жылы асты өткізу күзге жоспарланған еді, ас қарсаңында, яғни жазда әлгі бұлақтың көзі қайта ашылады.
Бүгінде Айқожа ишанның бесінші ұрпағы, Сейдахмет мағзұмның шөбересі, Бұрхан мағзұмның немересі елге белгілі азамат, халық қалаулысы, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдар докторы, профессор Камал Низамұлы Бұрханов. Қазақта тектілік, зиялылық қанмен берілетін қасиет дейді. Камал Низамұлының ғылым саласы мен халық қалаулысы ретінде саяси сахнада жемісті еңбек етіп келе жатқандығы ата-бабаларынан дарыған қасиет болса керек.
Бүгінде Қазақ елі тәуелсіз мемлекет. Тәуелсіз елдің тарихы да шынайылық тұрғыда дәріптелуі тиіс. Өткен ғасырларға қарағанда бізге мейлінше жақын, әрі анық көрінетін ХХ ғасырдың тарихының өз «ақтаңдақтары» жетерлік. Бұлар жоғарыда баяндалған ХХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы қазақ халқының қасіретті тарихы, қуғын-сүргінге ұшыраған текті әулеттердің тарихы. Сондықтан ұлт үшін еткен еңбегі үшін қуғын көрген әр адамның еңбегі бағалануы тиіс және тарихтан орын алу керек.
Қанат Еңсенов,
ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері,
тарих ғылымдарының кандидаты
Еркін Рахметуллин,
кіші ғылыми қызметкер,
гуманитарлық ғылымдар магистры
Егемен Қазақстан, мамыр 2012 жыл