– 1958 жылы Москвада қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтті, – деп Баукең көңілсіздеу тіл қатты. – «Қамқоршыларым»: «Бауыржан Момышұлы жазушы емес, оны онкүндікке баратындардың тізімінен сызып тастаңдар» деп сыздыртып тастап, «Жазушы» баспасынан шығармалар жинағымның екі томын жарыққа шығармауға әрекеттеніпті. Ойым – екі томымды москвалық сыншылар талқысына ұсынып, ой-пікірлерін білу еді.
«Қамқоршыларымның» жымысқы тірлігін біліп қалған сол кездегі Қазақ ССР-і Мәдениет министрі Әмір Қанафин: «Бұларың қалай? Бұл іштарлық па, әлде не?», – деп азаматтық жасап, шығармаларымның екі томын тездетіп шығартып, мені Москваға баратындардың тізіміне қосыпты. Одан хабарыңыз бар ма, Мұха?
– Бәлі Бауыржан, хабарыңыз бар ма дейсің-ау. Әмір Қанафинге айтып, қозғау салған біз ғой. Ол жақсы, білгір жігіт екен, көмек қолын созды. Жаңа саған ашуланған себебім, кітаптарыңды талқылап біткенде, Сурков: «Бауыржан, сөйлейсің бе деп сөз берді. Неге сөйлемедің?» – деді Мұхаң өңі күреңітіп.
Екеуіміз «Россия» қонақ үйіне қарай жаяу келе жатырмыз. Такси ұстауды да ұмыттық. Көңіл күйіміздің қандай екенін осыдан-ақ біле бер.Бұрын Мұхаң да,мен де бір адым жаяу жүрмейтінбіз.
– Мұха, Сурков екеуіңіз қарсы алдында тыңдап отырдыңыздар.
Анау мені дірілдетіп, әкесін танытайын деп:
– Сіздің ұстазыңыз өмір бойы неге старшина? – деді кінәлап. Құлай аузыма салды ма, мен оған:
– Бұл сұрағыңызды Кеңес үкіметіне қойыңыз? – деп тастадым ғой. Мені полковник, дивизия командирі, ал ұстазым Рединді старшина еткен Кеңес үкіметі ғой, Мұха. Оған одан артық жауап беру қажет пе?
Сыншы байғұс не дерін білмей сасып қалды. Есін жиып, бір нәрсе дейін деп келе жатыр еді, Сурков:
– Жолдас, отырыңыз, – деп тастады. Өзіңіз естідіңіз ғой. Мұхаң қабағы жазыла күлімсіреп:
– Жауабыңның астарын саған ашуланам деп аңғармай қалыппын. Айта бер, айт, Бауыржан, – деді. Екеуміз бір-бірімізбен иық тірестіре жүріп келеміз .
– Әлгі сыншыны менің «қамқоршыларым» күнібұрын дайындағанын білдім. Білгенімнің пайдасы, бос былшылға сөзімді қор еткім келмеді. Мұха, сіз өзіңіз сөйлеп, қисық пікірге неге тойтарыс бермедіңіз?
– Шынымды айтайын ба? – деп Мұхаң күлді.
– Шыныңызды айтыңыз?
– Олар менің де «қамқоршыларым» ғой. Мен де сөзімді қор еткім келмеді.
Екеуіміз де дауыстай күлдік.
– Мұха, ұстазым Рединнің командирім болғаны рас. Қатал командир еді, алдына дірілдеп барушы едім деп жасырмай жазамын ғой. Ол адал соғысты. Ауыр жараланып, өлім аузында жатқанында:
– Бауыржан, сен келдің бе? – дейді.
– Иә, Николай Васильевич.
Сол сөздерімізде қанша психология бар. Сонда мен Рединнің адамгершілігін көрсеттім. «Е, баяғыда шалапай еді» деп ол маған билік жүргізген жоқ. Бұл қарапайым орыс адамының, орыс халқының ұлылығы, Мұха. Соны түсініп, еске қалдырып жазу деген қалай? Үлкен жазушысыз, психологсыз, өзіңіз бағалаңыз. Қайтыс боларынан біраз күн жақсылық істегім, яғни сақтап қалғым келіп:
-Наубайханаға барыңыз, сонда жіберем,-дегенімде, Редин бас тартты ғой. «Оның көңіліне тиіп қойдыңыз, адаммен сөйлесе білмейсіз»,-деп дивизияның комиссары Коньков маған кінә тақты.
Мұха, менің генералдардан да ұстазым болды. Бірақ бар ұстазымнан Николай Васильевич Редин артық, бар шығармамнан «Помкомвзвода Редин» жақсы. Көлемі тіп-титімдей ғана.
Бұл өмірде шын болған нәрсе. Ойдан қосу, тойдан қосу деген атымен жоқ. Оған талдау жасасаңыз, кез келген шығармамнан артық болмаса, кем емес. Онда орыс пен қазақтың қарапайым екі адамының жиынтық образы жасалған десем, мақтанғандығым емес.
Сібірде Рединнің тұқымдары тұрады екен. Тұқымы болғанда Сібірдің бір селосында жиен қызы мұғалима екен. Оның да жасы келіп қалыпты. Жиеншары маған хат жазыпты. Ол өзі жетінші кластың оқушысы екен. «Осылай сіздің кітабыңызды оқыдық. Николай Рединнің түрі, аты, әкесінің аты – бәрі біздің бабамызға дәл келеді. Ол кісінің соғысқа кеткені де рас. Бірақ анам қайда екенін білмейді. Анама оқып беріп едім, жылады. Бір қиыны ол кісі сізді білмейді екен. Жазушылар ойдан шығарып жазады екен деп едік, анам ұрсып, оның дәл осылай әрекет жасайтынына сенем» деді.
Сіз шындықты жазып отырсыз ба, әлде ойдан шығарып отырсыз ба? Жазушылар қиялдан қосып жаза береді деп естимін. Екеуіңіздің бірге түскен суретіңіз жоқ па? Болса, бізге салып жіберсеңіз?»
Өкінішке қарай, Мұха, біз суретке бірге түспеппіз. Оқып, ойпырмай деп жауап жаздым. «Қарағым, мұнда ешқандай өтірік жоқ. Ол кісінің соғыста қолымда өлгені рас. Дивизия командирі едім. Қызыл Ту орденіне ұсынғанмын. Ол бауырлар зиратына жерленді. Оны жеке жерлеген жоқпыз. Оның менің ұстазым екені рас.
Сіздердің әжелеріңіздің айтқаны толығымен шындық. Мұнда ешқандай қоспа жоқ.» – деп хат жазып жібердім. Оған жауап алған жоқпын.
Мұхаң тұнжырай ойға еніп, сөзіме араласпай үнсіз адымдап келеді. Кенет:
– Кешірерсіз, Мұха, сіз «Помкомвзвода Рединді» оқып па едіңіз? – дедім. Ол кісі шошына, жақтырмай қарап, бір орында тоқтап қалды. Менің сұрағым қаскөй сұрақ қой.
– Оқымасам, саған ренжір ме едім?
– Онда, Мұха, қайта оқып шығыңыз.
Мұхаң көзімен ата қарап, алға жүре бастады. Мен де қозғалдым.
– Николай Редин өмірмен қалай қоштасты? Есіңізде бар ма?
– Кеңес Одағына қызмет етемін деп қоштасты емес пе?
– О, дұрыс, Мұха, оқығаныңызға енді көзім жетті. «Мен өліп бара жатырмын, маған қиын, ойбай, ойбай» деген жоқ қой.
Ауыр жаралы кісі өлер алдында да, өлдім деп айқайлаған жоқ. Сондағы екеуміздің әңгімеміз есіңізде бар ғой?
Мұхаң үндемеді. Мен сөйлей түстім.
– Сізге рақмет, қызметіңізге, – деймін ғой. Соған қатты риза боп:
– Сен солай ойлайсың ба? – дейді байғұс. Мұха, бұл: «Дивизия командирі осылай ойласа, мен Кеңес Одағының жаман азаматы болмағаным, түсінгеніңе рақмет» – деген сөз. Ақтық демі бітер сәтте: «Кеңес Одағына қызмет етемін» – деп өлуі де оңай емес. Бұл атан түйе көтере алмас ауыр сөз, Мұха. Мұны сіз түсінеді деп ойлаймын. Оны тағы сапта емес, өлер алдында айтты. Сіз деген жоқ сен деді. Шын мәнінде ол иманды болып өлді. Мен, Мұха, осылай ойлаймын. Соны ана сыншы түсініп тұрса да: «Николай Редин неге Кеңес Одағының батыры емес, қолбасшы емес, неге шәкірті дивизия командирі. Бұл – жалған, біздің өміріміздің шындығына жала», – деді ғой. Соған сіздер бір ауыз сөз айтпадыңыздар. Мен не деп сөйлемекпін? Бар ой-ниетімді бір сөзбен білдірдім емес пе?
Редин ақымақ адам болса, ауыр жараланып жатқанда мұң шағып, «ой, халім ауыр» – дер еді. Ол өйткен жоқ. Ол өмірден үлкен азаматтық ерлікпен өтті. Өзін ең соңғы сын минутында да лайықты ұстай білді.
– Бала-шағам бар еді-ау, – демеуі де ерлік, үлкен ұстамдылық, саналылық! Ол, түсінсеңіз, пенделіктен жоғары тұрған нағыз қаһарман!
Сомдау дегенді білесіз, Мұха. Мен мұршам келгенше естелік-әңгіме жаздым. Онда қалай жинақтадым, қалай сомдадым, оған мен төреші емеспін. Оның төрешісі – оқырмандар ғана. Мысалы «Помкомвзвода Редин» дегенді қайта оқып шығыңыз. Мен – дивизия командирімін, ол – старшина. Қолымда өлді ғой. Өлгенде жылап қоштасамын. Бұл біздің адамдық қарым-қатынасымыздың көрінісі. Бұл, Мұха, «өлімге қимайтын ұстазым» еді» деген жандүниемнің айқайы.
Мен ауыр жаралы, қиын хал үстінде жатқанында барғанмын:
– Бауыржан, сен келдің бе? – дейді. Осы сөзінде көп мән жатыр. Сонда мені келеді деп ойламау керек. Мұның бәрі, Мұха, сомдау ма, сомдау емес пе?
– Айнақатесіз сомдау, Бауыржан, – деді Мұхаң.
– Сәл қызметтен көтерілсе, ешкімді танымай құтырып кететіндер бар ғой. Біз азаматтық, адамдық қасиетті сақтай білгенбіз.
Әрине, соғыс оңай емес, өзіңнен төмен кісілерге тілімді ал демеске болмайды. Неше айтқанмен соғыстың аты соғыс. Кей кезде адамгершілік қатынасты соғыс бүлдіреді.
Әр солдат өз орнында, әр солдат өлім аузында жүр. Өлім аузында жүру – оңай нәрсе емес, Мұха. Азаматтықты ұстау – одан да қиын. Соған көбіміз шыдадық, кейбір шыдамаған кісілер де болды. Маған сеніңіз, біздің солдаттың 99 пайызы Отанға берілгендер еді.
Николай Редин кім, мен кіммін? Оны ойланып көріңіз, Мұха. Өмір толқыны мені былай істеді, ол кісіні олай істеді… Оған екеуміз де кінәлі емеспіз.
«Жонарқа» әңгімемді алып қараңыз. «Көкіректің ерлігіне қорқа томпайған жон айғақ болады» деген сөзім есіңізде бар ма? Бұл әңгімені жазғаныма мен осы уақытқа дейін өкінемін. Мүмкін бұл керек болар деп жазған шығармын. Бірақ сол мезетте бір журналистің, бір жазушының қырағы көзі менің жонарқамды бақылап тұрмағаны өкінішті, Мұха. Мұны айтудағы себебім, капитанның жонарқасы туралы жаздым да, өзімнің жонарқам туралы осы күнге дейін жаза алмай жүрмін. Мүмкін менің жонарқам оның жонарқасынан нашар болар?
Мұхаң дауыстап күліп жіберді.
– Бауыржан, мені кешір, сені әлі күнге дейін түсіне алмай келіппін, – деді қолымды алып. – Жүр тамақтанайық. Кітаптарыңды, сөз жоқ, қайта оқып шығамын.
Думанханадан тамақтандық. Одан кейін қояр да қоймай бөлмесіне ертіп барды. Бұл ол кісінің маған көңілі толғандығы ғой деп ойлаймын…
– Көңіліме көп қозғау салған кісілердің бірі,Мұха, өзіңізсіз. Кездессем деп ылғи аңсап жүрем. Сізден кейін аса қадір тұтатын ақындарымның бірі – Қасым Аманжолов. Салыстырыңыз. Қасымның өлеңдері өз замандастарының өлеңдерінен қанша биікте тұр?! Кейбіреулер өздерінше «классикпіз» дейді. Қайдағы классик?!
Жәкең, Жамбыл соғыста болған жоқ. «Ленинградтық өрендерім» деген Жәкеңнің шығармасын алып қараңыз. Күллі Кеңес поэзиясында дәл осындай ақсақалдық қайғы кездесе ме?
– Бүгін бір жақсы кеш болды, Бауыржан, екеуміз алаңсыз сырласқан кеш. Іркілме, құлағым сенде.
- Біздің батырлар эпосы, халық жыры, Мұха, түрік тектес Орта Азия халықтарының ішінде бірінші орын алады деген ойдамын, – деп бастапқы тақырыпқа қалай ойысқанымды өзім сезбей де қалдым. – Эпос жағынан бізбен бір түрік халқы жарыса алмайды. Біздің эпостың тілі, образдары классикалық дүние. Может этим завидовать любой классик и притем классики Азии и Африки. Рас, бір кемістігіміз, щетел тілдерін білмейміз. Егер жақсы, жеткізе аудара алсақ, арабтардың өзі таң қалар еді. Мысалы, «Қыз Жібекті», «Қобыландыны» алып қарасаңыз ғажап қой. Соларды біз осы уақытқа дейін басқа елдердің тіліне дөп аудара алмай қор болып жүрміз. Егер эпостық шығармаларымызды жақсы аудара алсақ, дүниежүзі классикасында бірінші орыннан кем орын алмас едік. Біздің образымыз, образды ойлауымыз, суреттеуіміз басқа тілде кездеспейтін нәрселер. Сондықтан басқа тілге аударуымыз қиын. Аударғанымызбен басқалар оған түсінбейді. Тіпті күлуі де мүмкін.
Мұны кейінгі талапкердер тексеріп талдар, оған біз әлі жеткен жоқпыз. Неге десеңіз, өзімізді өзіміз менсінбейміз. Бұл үлкен ауруымыз, оған қашан ем қонары ла белгісіз. Міржақып Дулатовтың:
– Үш жүзге біздің қазақ бөлінеді.
Осылай шежіреден көрінеді.
Жазылмайтын қазақта бір ауру бар,
Істеуге өз қызметін ерінеді, –
дегенінде терең шындық жатқандай.
Қысқартып айтсам, Мұха, қазекең әр елден өзіне керегін ала білген, пайдаланған. Оған мысал көп. Қазақтар сауатсыз, надан-падан деген сөз – өсек. Оған бір дәлел, біздің эпостың тілі, образдары классикалық биікте жасалған.
Біздің эпосымыздағы Қобыланды, Алпамыс, Тарғын, тағы басқа батырларға қыздар ғашық болған ғой, Мұха. Олар нағыз ақылды, асыл қыздар. Қыз Жібектер көзін сатып қылымсыған емес. Олар ер азамат, батыр үшін жанын, арын, намысын қиған әулие қыздар, халықтың адал қыздары. Ата-бабамыздың не бір қадір-қасиетін бойларына жиып, әдепті өскендер.
Бізде «ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» деген мақал бар ғой, Мұха. Мұны біз дұрыс түсінбей жүрміз, бұл бейнелі, тарихи-философиялық сөз. Оның мағынасы жігіт – елдің ұлы, қыз – елдің қызы, көшеде бұлғақтап жүрген біреу емес дегенді білдіреді.
– Ой, мынау елдің ері екен ғой, осыған зайып болайын, – деп ниет еткен қыз қандай қасиетті, ақылды қыз десеңізші?! Ой жіберсек, жақтаған деген сөздің мағынасы осы.
Елдің еріне рухани серік болу оңай ма? Соған түсініп жақтап отыр, жақтамаса, түсінбесе, жақтамайды. Кел бірге күреселік деу ақымақ қыздың қолынан келмейді.
Меніңше, Мұха, ел мақтаған жігіт тегін емес, оны жақтаған қыз да тегін емес. Бұл мақалға кейбіреу кекесінмен қарап күледі. Мен бұған қарсымын. Бұл мақал жоғары адамгершіліктің көрінісі.
Мұха, мен де көпті көрген кісімін, мақтанды десеңіз дей беріңіз. Мысалы, «Ромео Джулеттаның» тақырыбы осы «ел мақтаған жігітті қыз жақтағанға» келе ме? Жоқ, олар өз сезімдеріне ие бола алмағандар. Бұл, әрине, менің жеке пікірім. Пушкин «ел мақатаған жігітті қыз жақтаған» дегенді білгенде өзінің «Евгений Онегин» романына эпиграф етіп алар еді. Бұл өте ірі, күрделі тақырып. Бұл тақырып бойынша пьеса да, оператта да жазуға болады.
Ұлы Лев Николевич Толстойдың «Анна Каренинасы» сұмдық трагедия ғой. Бас қаһарман Каренин керемет ұстамды адам. Ол орыс дворянының жиынтық бейнесі, бірақ Анна одан безді. Неге? Бұған жауап беру үшін сол өмірді бастан кешу керек.
– Дұрыс, Бауыржан, құлағым сенде.
– «Ел мақатаған жігітті қыз жақтағанның» екінші мағынасы – көзін сатып, өтірік қылымситындар. Оларда адамдық ар адыра қалып, азғындық ой басым жатады.
Тоқетеріне келсем, Мұха, ғашықтық әйелдің адалдығы, ерлігі жағынан біздің қазақтың эпосы жер жүзі деп айтуға аузым бармайды, түркі тектес халықтардың арасында бірінші орын алады.
«Руслан Людмиланы» классика дейміз. Ол біздің «Қыз Жібекке» қарағанда жұпыны. Бұл жағынан мен қазақтың поэзиясы, көркемдік ойлай білуі жоғары тұр деп санаймын. Егер қателессем, дәлелдеңіз, кешірім сұрауға дайынмын.
Қыз Жібек образын алыңыз. Ол асылдардың асылы.
«Өлгені-ай, Төлегеннің рас болса,
Құдайым Қыз Жібекті неге алмайды? – дейді ол. Мен біраз халықтың фольклорын білем. Мұха, бірақ мұндай сөзді олардан кездестіре алғаным жоқ.
Қыз Жібектің бұл сөзі – классика! Мұндай сөзді айтқан Еуропа, Азияда бір қыз жоқ, тіпті бір жесір бар ма?
«Өлгені-ай, Төлегеннің рас болса,
Құдайым Қыз Жібекті неге алмайды?»
Шын мәнінде, Мұха, тексеріңіз, қай халықта осындай сөз бар екен? Біздің эпосымызда ғашық қыздың қайғысы қалай бейнеленген десеңізші?! Бұдан артық бейнелеу мүмкін бе?
«Өлгені-ай, Төлегеннің рас болса,
Құдайым Қыз Жібекті неге алмайды?»
Не деген қайғылы ой?! Бұл, түсінсек, Төлеген өлгеннен кейін менің тірі болғаным неге керек дегені ғой. Мұнда ғашықсыз өмір өмір емес, құр күнелту деген идея жатқан жоқ па, Мұха?
«Өлгені-ай, Төлегеннің рас болса,
Құдайым Қыз Жібекті неге алмайды?»
Неткен құдірет?! Құдайды кінәлап тұр ғой, түсінемісіз? Қазақты надан-падан дегендеріңізге мен сенбеймін, көнбеймін! Әділетке жүгінелік, наданның аузынан осындай сөз шыға ма? Шықпайды. Мен «ұлтшылмын». Бұл сөзге дұрыс түсіне білу керек, Мұха. Өз әкесін, өз шешесін сыйламаған бала бала емес, өз елінің, өз жерінің, өз халқының қадірін білмеген адам адам емес. Әйелін сыйламаған еркек еркек емес, туысқандарын сыйламаған кісі нағыз есер. Иә, Мұха, солай! Мұның бәрін мен жүрегімде ұзақ жыл сақтап келдім. Бір сөзбен айтқанда, менің халқым – надан емес!
– Айтқаныңның бәрі дұрыс, Бауыржан. Бірақ неге мұнша шамырқанып, шамданып отырсың?
– Мұха, кім көрінген намысымызға тиіп жатқан кезде қалай шамырқанып, шамданбайсыз?!
Әңгіме арнасы бірте-бірте ел ішіндегі ашу-араздыққа, жаулыққа ауысты.
– Қазекеңдердің бірін-бірі көре алмайтын әдеті бар ғой, Мұха, әлде жоқ па? – дедім мен сабырлы күйге көшіп.
– Бар. Мен саған үнді халқының «Қызғаншақтың әрдайым ызалы, күйікті болатыны несі дегенге: оның өз міні, жаманшылығы өзін қинау үстіне өзгенің артықтығы, игілігі де оны азаптайды» – дегенін еске сала кетейін.
– Бірін-бірі көре алмаушылық осы уақытқа дейін бар. Жәкеңнің (Жамбылдың) ауылынан Саурық, Сұраншы деген батырлар шыққанын білесіз. Екеуі де жаумен соғыста қайтыс болған. Соны бір ақын Жәкеңмен айтысқанда: «Сенің Саурық, Сұраншың түкке тұрмайды, жаудан өлген» деп мін етіп таққан. Сонда:
«Батыр Саурық, Сұраншы жаудан өлген.
Халық үшін шейіт боп жанын берген.
Елді қорғап өлгеннің арманы не,
Қалың қазақ құрметтеп соңына ерген», –
дей келіп Жәкең: «Сенің мақтаған батырың үйде жатып, шытыр жеген өгіздей аунап өлген» – дегенде:
– Әй, сен жеңілдің! – дейді қарсыласының биі. – Кешірім сұра! – Ана ақымақ ақын, амал жоқ, жеңілгенін мойындап, Жәкеңнен кешірім сұрайды. Қалай сұрамасын?! «Шытыр жеген өгіздей аунап өлген» деген образ ғой, Мұха. Жай образ емес, нағыз образ! Мұны маған айтып берген әкем мархұм еді. Ал, Мұха, естіген құлақта жазық жоқ деген, мен сізге естігенімді айтып отырмын.
«Шытыр жеген өгіздей аунап өлген» деген кімнің болса, соның аузына түсе бермейді. Бұл – нағыз ақындық тапқырлық! Анау тұмсықты көздеп жүргенде, Жәкең оның тұмсығының быт-шытын шығарған.
Сеніңше қалай екенін білмеймін, меніңше, ол кісінің маған ағалық ілтипат көрсеткені риза болғаны ғой деймін.
«АЯҚҚАЛҚАН» ДЕМАЛЫС ОРНЫНДА
Баукең біраз дауыстап күліп алды.
– Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғали Орманов жұбайларымен Алматы облысы Шелек ауданы Іле өзені бойындағы «Аяққалқан» демалыс орнына жеңіл машинамен барады (қазір ол демалыс орны жойылып кеткен) Жұмсақ құм, жаға жай тіпті тамаша. Мөлдір бұлағы сылдырап аққан, көкмайсалы жазыққа киіз үй тіктіріп, бие байлатып демалыпты. Күндіз суға шомылып, күнге қыздырынады. Бір жаманы – ызыңдаған маса шағып, денелерінің бұртиған тұсын қасығаннан ол бұрынғысынан да бұртиып, іседі. Әбден мазасы қашқан Мұхаң төртінші күні:
– Мен бұл жерден кетеді екем. Жұбайым да қатты қиналды. Сендерге ажырасар аяқ беріп, қоштасайын, – деп қасындағыларға дастарқан жайып, ішімдіктің түр-түрін алдарына қойыпты.
Мұхаңның кетем дегенін Сәбит жақтырмай:
– Шошитындай не көрінді? Ызыңдаған кішкентай сары қоңызға өкпелеп, шынымен бізді тастап кетесің бе? Біз сыр бермей, шыдап-ақ жатырмыз ғой. Не сары қоңызға айтқан бір ауыз сөзің жоқ, – депті.
– Енді кетуін кетемін. Бұл сұмырай сары қоңызға айтатын бір ауыз сөзім бар. Ақыр сұрадың, айтамын. Мына ыдыс-аяқты, дастарқанды жинасын, – дейді Мұхаң.
Ошарыла тысқа шығып, машинаға отыра бергенде:
– Әй, әлгі айтамын дегенің қайда? – дейді Сәбит Мұқанов.
– Айтайын ба?
– Айт.
– Ендеше тыңда. Ызыңдаған адамзатқа қас, маса, уыстасаң, бос, маса. Шын меніменен ерегіссең, желтоқсан айында келем, сол кезде тос, маса. Бет-ауыздары саптыаяқтай боп, ісіп-кеуіп, осы жерде жатқандар жата берсін, қош, маса, – деп машинаға мініп, жүріп кетіпті.
– Мұны сіз кімнен естідіңіз?
– Ғабеңнен, Ғабит Мүсіреповтен.
МҰХАҢНЫҢ ҮЙІНДЕ
Бөлме ішін аз-кем үнсіздік жайлады.
– 1943 жылдың аяқ шенінде Алматыға келген Баукеңді Мұхаң, Мұхтар Әуезов үйінде қонақ еткені жөніндегі маған айтып берген әңгімеңізді мына інілеріңізге де айтып берсеңіз? – деп панфиловшы Сейітхан Тұрсынқұлов аға сөзге араласты.
– Ол күнді тарихи күн деуге де болады, – деді Дмитрий Федорович қуана күлімсірей, боп-боз өңіне лезде қан жұгіріп. – Мұхтар Омарханұлы Баукең құрметіне деп қазақ зиялыларының бетке ұстарларын түгел үйіне шақырды. Ғабит, Сәбит, Ғабиден, атақты дәрігер Барлыбаев, тағы басқалары әйелдерімен келді. Баукең екеуміз жұбайларымызбен төрге жақындау тұстан орын алдық. Баукеңнің сол жағында жары – Жамал.
Әңгіме түсінікті болу үшін әуелі бір кісіге тоқтала кетейін. Бірде Мұхтар Омарханұлы, Ғабиден Мұстафин, Жәкеңнің, Жамбылдың аудармашысы Павел Кузнецов төртеуміз шығармашылық сапармен Шығыс Қазақстан облысын араладық. Семей өңіріне жеткенімізде Мұхаң:
– Осында қазақ ақыны Нұрлыбек Баймұратов тұрады. Жолығып, сәлем берелік. Келгенімізді естісе, ренжіп қалар, – деді.
Бардық. Нұрлыбек бойы екі метрден биік, алып тұлғалы, сұлу, аса әңгімешіл кісі екен. Ол кісімен таныс, біліс болғаныма, өлеңдерін аударғаныма осы күнге дейін ризамын. Шын дарын иесі еді.
Оны еске алудағы себебім, бір жолыққанымда:
– Мұхтар Әуезов қандай жазушы? – деп сұрады. Мен:
– Мұхаң ұлы жазушы, ұлы суреткер, – деп едім:
– Оның себебін білесің бе? – деді.
– Білмеймін.
– Оның себебі, ол – қожа. Ал Сәбит Мұқанов қандай жазушы?
– Бәрін біліп отырсыз ғой, өзіңіз айтыңыз.
– Ол халықтың өзіндей қарапайым. Ғабит Мүсірепов туралы «О» дегеннен басқа айтарым жоқ.
Сол «О» Мұхаңның үйінде ерлік туралы Қалыбек Қуанышбаев сөз қозғағанда:
– Ағаш семсер асынған батырларды да көріп отырмыз ғой, – деп-ақ қалғаны. Баукең орнынан ұшып тұрып, семсерін қынабынан жарқ еткізіп суырып алды. Жұрт не істерін білмей састы. Сәбит басын қолымен көлегейлеп әуре. «О»-ның көзі алақандай боп кетті. Сілтеп қалса, шаруасы бітті ғой.
– Әй, сенің мұның не?! Отыр орныңа! Ақымақтанба, Сабаңа түс! – деп Сәбиттің жары – Мәриям жеңгей бұйыра басу айтты. Баукең аз-кем кідіріп:
– Мен ағаш семсер асынған батырдың қандай болатынын көрсетер едім. Әттең, ақ ниетпен жайылған ақ дастарқаннан өте алмай тұрмын, – деді әр сөзін шегелей айтып. – Чех тілінде жазушы деген сөз списыватель, көшірмеші деген мағынаны білдіреді. Гвардия офицерінің ар-намысы мені тоғышарлар базарынан өсек-аяңды арзан бағаға еншілеп, елге тарататын осы бір аса көрнекті көшірмешімен бір дастарқан басында отыруға рұқсат етпейді. Қадірменді Мұхтар аға, Валентина Николаевна, сіздерден кешірім өтінем. Маған кетуге рұқсат етіңіздер, ренжімеңіздер. – деді де, іле маған жалт бұрылып:
– Гвардия майоры Снегин, менімен бірге жүресің бе, әлде осында қаласың ба? – деді сұрлана.
Мен қалай қалмақпын?! Соңынан үнсіз ілестім.
«АТАЛЫ СӨЗ АЙТУ ДА – ӨНЕР
Белгілі жазушы, айналасына сыйлы, ойлы әріптес ағамызбен «Мәдениет және тұрмыс» журналында біраз жыл бірге қызмет істегенім бар. Тауып, әділ сөйлейтін кісі. Бірде:
– Баукеңе, Бауыржан Момышұлына ұқсайсыз, – дегенімде:
– Баукеңнен садаға кетейін. Ол кісідей болу қайда? Рас, ешкімнен қарызға сөз сұрамаймын. Сен Сейдахмет Бердіқұлов ағаңмен сөйлесіп көріп пе едің? – деп күлген еді.
– Жоқ.
– Ол кісі айтқыштың нағыз өзі.
– Секе, өзіңізден үйреніп келеміз, әйтсе де сізге жетуіміз қиын, – дейтінмін. Ол кісі тіпті қатты айтатын, қиғаш сөйлегендерді жерге қағып жіберетін.
Үндемейін-ақ деп жүресің. Оған сен төзгенмен жұрт төзе ме? Жақында ұлттық кітапханамызда мемлекеттік сыйлықтың иегері, атақты қаламгеріміз өміріне арналған деректі фильмді тамашаладық. Біраз адам жиналды.
Кешті ұйымдастырушы жиналғандардың бәрін емес, қақпайлап шақырып, көңілі жақын жандарға шай берді. Кинорежиссерді бұрын көрмегем. Жасы жетпістің ар жақ бер жағында дерлік, түр-басы дұрыс азамат сияқты.
Көңілді отырғанбыз. Кенет әлгі кинорежиссер сөйлеп келіп:
– Тоқсан тоғыз жасында да Жамбылға ақыл дарымады, – дегендей сөз айтып қалса бола ма?
Мен одан мұны күткен жоқ едім. Төрде жамбылдық біреу отырған. Ол аузын буған өгіздей үндемеді. Мен шарт ете түстім.
– Әй, сен не айтып тұрсың? Біз киноңды көріп, мақтап, риза боп отырмыз. Өзің тәп-тәуір жігітке ұқсайсың. Бұл киноға Жәкеңнің не қатысы бар? Аруақпен алысу деген бар деседі. Сен ондайға ұқсамайсың ғой. Әлде Жамбылға баға бергің келіп тұр ма? Алар бағасын Жәкең сіз бен бізсіз-ақ әлдеқашан алған, – дедім.
Төрде отырған жамбылдық :
– Сен қызынба,– деп маған басу айтпақ болып еді, тыңдамадым. Әлгі сөзді мен айтқыштығымнан айтқаным жоқ, айту керек болды. Кинорежиссер артық кеткенін мойындағандай қоштасарында қолымды қайта-қайта қысты. Жайрандай күліп тарастық.
– Ақылды адамдар кімнің сөзінің дұрыс, бұрыс екенін түсінеді. Біреуді кемсітіп, намысына тиюге бола ма? Сөйлеу мәдениеті, ортаны сыйлау деген бар емес пе? Сіз баршамызды ойлантатын аталы сөз айтыпсыз. «Аталы сөзді айту да – өнер», – дейтін Баукең, – дедім мен әріптес ағама риза көңілмен.
Мамытбек Қалдыбай, жазушы