Ғалымның хатыЖаңалықтар

Орталық Азияға ислам жорығы

Әбу Сафу Құтейба ибн Әби Салих Мүслім ибн Амр әл-Бахили (669-715)

Тарихта есімдері жұртшылықтың кең ауқымына соншалықты бір етене таныс болмағанымен, мұсылман дінін тарату мен ислам мемлекеттерінің шекарасын кеңейту жолында ұлан-ғайыр тірліктер атқарған қаһармандар аз емес. Олардың осы ерлік істерін Ислам тарихын зерттеп жүрген мамандар ғана жақсы біледі. Ондай аса көрнекті тұлғалар арасында арабтардың Орталық Азия аумағын жаулап алуына ұшан-теңіз еңбек сіңірген Құтейба ибн Мүслім де бар.

Әбу Сафу Құтейба ибн Әби Салих Мүслім ибн Амр әл-Бахили (669-715) Басра қаласында бахилла тайпасы отбасының үйінде өмірге келді. Оның әкесі Мүслім ибн Амр Омейяд әулетінің ықыласында жүрген адам болатын. Бірақ кейін Екінші мұсылман азамат соғысы кезінде орын алған Мәскин түбіндегі шайқаста халифаттың жауы болып жүрген Мусаб ибн аз-Зубайр жағына шығып кетеді. Сол соғыста Мүслім қаза табады. Жаралы болып жатқан шағында халиф Абд әл-Мәлік ибн Мәруаннан өзінің ұлы Құтейбаның өміріне ешқандай қауіп төнбейтіні жөнінде уәде алып үлгереді.

Осылай халифтің шылауына енген Құтейба әуелгіде ел ішіндегі әртүрлі көтерілістерді басуға араласып жүреді. Ал 700 жылы Абд ар-Рахман ибн Мұхаммед ибн әл-Ашастың наразылығын басу кезінде Ирак пен Шығыстың құдіретті билеушісі әл-Хаджадж ибн Юсуф байқап қалып, өзіне қарай тартады. Ол содан кейін Хаджадждың қолдауымен бүлікші Омар ибн Әбіл-Сальтаның қарауынан Рай қаласын тартып алады. 701 жылы өзі осы қаланың билеушісі болып тағайындалады. Содан кейін 704 жылдың соңында не 705 жылдың басында Хорасанның билеушісі болады. Негізінен қауқарсыздау бахила тайпасынан шыққан Құтейбаны мұнда әкім етіп тағайындау үшін әл-Хаджадж оңтүстіктегі йемендіктер (азд и Раби`а) мен солтүстік арабтардың тайпалық одағы (кайси) арасында Хорасанда жүріп жатқан өзара жаулық жағдайын түзету мақсатында екі жаққа да кірмейтін топтың өкілі таңдап алынғанын алға тартты. Шынында бахила екі топ үшін де бейтарап тайпа болатын, бірақ бұл тайпа, содан кейін, тұтастай алғанда, Хаджаджтың саясатын жалғастыра отырып, Язид ибн Мухаллабтың билігі тұсында Хорасанда басым көпшілікке ие болған аздилердің өрісін тарылта түсу үшін кайсилермен бірігіп кетті. Бұдан бөлек, Құтейба өзінің қуатты тайпалық базасы болмағасын, жарылқаушысына берік байланып қалатынын да тез ұқты. Ол сондықтан бұдан кейінгі он жылын Орталық Азияда өткізіп, бар уақытын ондағы мұсылман билігінің ауқымын кеңейту мен нығайтуға арнады. Бұл қайраткерлік қызметте оның әскери және дипломатиялық саладағы тәжірибелері мен ұйымдастырушылық қабілеті жақсы көмектесті. Мұнда қолбасшы жергілікті иран жұрты мен парсылар дворяндары болып саналатын дихкан атты қуатты тапқа арқа сүйеді.

Арабтар 642 жылы Нихавенд түбінде шешуші жеңіске жетуі нәтижесінде Систаг пен Хорасанды басып алып, бұрынғы Сасанидтер империясын жаулауды толық аяқтағасын он жылдан кейін ғана Орталық Азияға байрақ көтеріп, алғашқы жорық жолдарын бастады. Арабтардың бірінші шабуылы Оксус (Әмудария) өзенін кешіп өтіп, Шаш (Ташкент) пен Хорезмді басып алумен аяқталды. Бірақ бұл олжа артып, салық жинап қайтатын жай шапқыншылықтан артық бола қоймады. Мұның өзі Хорасанда Екінші фитнә (683-692) кезінде бұрқ ете түскен тайпа аралық соғыстың салдарынан тоқтап қалды. Хорасанның келесі билеушілері, бірінші кезекте Саид ибн Усман мен әл-Мухаллаб ибн Әби Суфра Окс дариясының арғы бетіндегі жерлерді жаулап алуға әрекет жасап көрді, ләкін, олардың барлық жорықтары бірден сәтсіз аяқталып жатты. Мұның үстіне, жергілікті кінәздар 689 жылы Тирмиз (Термез) қамалын өз еншісіне айналдыру үшін арабтар арасындағы талас пен бәсекелестікті пайдаланып қалуға тарысты. Сөйтіп, олар басқыншыларды көп кешікпей өз жерлерінен қуып шықты. Соған қарамастан, Трансоксиан билеушілері бұрынғысынша бір-бірлерімен қырық пышақ қалыптарынан тая қоймады, араб шапқыншылығы алдында да бастары қайта бірікпеді. Осы фактінің өзін Құтейбаның 705 жылдан кейін пайдаланып кетуіне болатын еді. Бірақ ол кезде қолбасшы өзінің алдына Төменгі Тохаристандағы көтерілісті басуды ең бірінші міндет етіп қойды. Бұл жоспар Балхты басып алғаннан кейін жедел жүзеге асты. Сосын жергілікті кінәздарды бағындыру үшін Оксус жазығын бойлап жүріп кетті. Әуелі ас-Саганиян патшасы Тишаға ат басын бұрды. Ол Құтейбаны жақын маңдағы билеуші Ахарунмен (не Ахун) және Тохаристанның таулы аудандарындағы Шуманмен тартыс-таласында өзіне қолдау көрсетуді сұрап шақырған болатын. Парсы Сулайм тархан Низакпен ұзаққа созылған келіссөзден кейін эфталиттердің Бадгис кінәздігінің билеушісі Құтейбаға бас иіп, бағынып, оның жорықтарында бірге жүруге уәде берді.

Құтейба 706-709 жылдары Соғдиананы қанға бөктіретін ұзақ уақытқа созылатын соғыс қимылдарын жүргізді. Бұл кезде соғдылар өзара қырылысып, азамат соғысын өткізіп, екіге бөлініп кеткен еді. Оның барысында Бұхараны көрші қаланың билеушісі Вардан Худа басып алған болатын. Екінші бір магнат Хунук Худа өзін Бұхараның патшасы (Бухар худа) деп жариялады. Соғды билеушілері арасындағы осы шиеленісті пайдаланған Құтейба екі ай мерзім қоршауда ұстағаннан кейін қаланы басып алды. Ол сонда азын-аулақ сарбазы бар гарнизон қалдырып, өзі келесі қаланы қарату жорығына іле аттанып кетті. Сол кезде қала тұрғындары көтеріліс жасап, қалған әскерлерді қырып тастады. Мұны естіген Құтейба әскерін кілт кері бұрып, қалаға қайта лап қойды. Араб әскерлері бүлікшілерді тез жусатып салды. Осыдан кейін шаһардың тоз-тозын шығарып, тонау басталып кетті. Бәрінің соңынан Құтейба қолына қару ұстауға жарайтын еркектің бәрін атып-асты. Әйелдер мен балаларды құлдыққа сатып жіберді. Қаладан орасан зор олжа жиналды. Олардың арасында, әсіресе, сарбаздар тағып, асынатын қару-жарақтар мен сауыт-саймандар айрықша көп болды. Қолбасшы бұлардың олжа түрінде әскерилер арасында бөліске түсіп кетпеу жағын қатты қадағалады. Артынан жауынгерлерін осы қарулармен жарақтандырып шықты.

Пайкенд тұрғындары да осындай жазалауға ұшырады. Ондағы қатыгездіктер бүкіл аймақ жұртын дүр сілкіндірді. Соғдылар шұғыл өзара келісімге келіп, қырқыстарын кілт тоқтатты. Соғды кінәздары Киш пен Насаф Бұхараның әкімі Вардан Худамен бас біріктірді. Араб мәнбелері шайқасқа түргеш әскерлерінің қатысқанын да жазды. Бірақ бұл шындыққа жанаса қоймайтын сияқты. Құтейба 707 жылғы науқанда ту сыртынан соғды жасақтары көз тігіп тұрғанына қарамастан, алыста жатқан Тумускат және Рамитану деген екі кентті басып алды. Қолбасшы олармен бетпе-бет келіп соғысуға жол бермей, әуелі келіссөз жүргізуге ықтияр болды. Бұған дейін ол Тирмиз тұсындағы өзеннен өтіп, Оксус темір қақпасы арқылы қауіпсіздеу жерге шегініп, жайласып алған еді. Ал қала билеушілері оған өз еріктерімен бағынды.

Құтейба Омейяд халифатының Хорасандағы билеушісі болды, 705-715 жылдары билік құрған халиф әл-Валидтің Біріншінің тұсында Трансоксиананы жаулап алу жорықтарын түгел бастан өткерді. Ержүрек жауынгер және қарымды әкімгер бола білген ол қолбасшы ретінде Орта Азияның басым бөлігін басып алу арқылы халифаттың аумағын айтарлықтай кеңейтіп берді. 705-710 жылдардың мұғдарында ежелгі Тохаристан мен Бұхара кінәздіктері еншіліктерін жаулап алып, мұсылмандардың бұл аймақтардағы шебін нығайта түсті, ал 710-712 жылдардың беделінде Хорезмді өзіне қаратып, Самарқандты басып алу арқылы бүкіл Соғдиананы араб иелігіне көшірді. Соңғы сапары оны Яксарт жазығына алып барды. Ол өз өміріндегі ақырғы жорықтарды да осында өткізді. Осылайша күллі Ферғана ойпаты аумағына дағуат жасап, мұсылман дінінің тарау ахуалына бақылап отырды. Өзінің әскери күшін ұлғайту үшін Хорасан мен Трансоксианнан әскерге жаппай солдат алып тұру тәртібін қолданды.

Құтейбаның әкесі Мүслім әскери адам еді. Осының өзі және Иракта халифаттың Шығыстағы негізгі гарнизонының орын тебуі Құтейбаның өмір жолын таңдауына тікелей әсер етті. Сондықтан оған да әскери білім алып, исламның мүддесі үшін халифаттың жақын және алыс шептерінде жүріп тұруға тура келді. Дегенмен, бұл жағдай Құтейбаны ислам дініне оншалықты жақын бола қоймады деген тұжырым шығарта алмайды. Керісінше, халифаттың дәурені дүркіреген дәуірде мұндағы білім беру деңгейінің жоғары болғаны соншалық, өскелең ұрпақтың Құранмен бірге ислам құқығы және басқа да ғылым түрлері бойынша терең білім алуларына барлық мүмкіндіктер жасалды. Құтейба да тап осы жолдан өтті, ол да өзінің мыңдаған замандастары тәрізді әуелі жаратылыстану ғылымдарымен сусындады, кейін жылдар өте келе, әскери өнерге қарай бейімделіп, өзінің ат үстінде жүру машығын жетілдіру жолына бет бұрды.

Құтейба жас жігіт кезінің өзінде-ақ сирек кездесетін жүрекжұтқандығымен һәм соғыс стратегиясы тұрғысына жетіктігімен көзге түсті. Жас талант иесін омейядтардың белгілі қолбасшысы Мухалләб ибн Әбу Суфра бірден байқады. Ол жап-жас Құтейбаны Ирактың билеушісі Хаджаджға өзінің қарауына қызметке алуды ұсынды. Алайда, Хаджадж оны алдымен Рэй қаласы басшысының орынбасары болып, ел басқару жүйесінде тәжірибе алып келгенін дұрыс көрді. Содан кейін ғана бүтін Хорасанды басқару лауазымына жіберді.

Бүгінде Иран мемлекетінің шығыс аймағына кіретін Хорасан ол кезде халифаттың соңғы тірегі болатын. Орталық Азияға апаратын жол осы жерден басталып, Әмудария өзені арқылы ары қарай жалғасушы еді. Кейін ұзақ жылдарға созылатын Мәуреннахр аумағында тұтанған соғыстың оты да Хорасаннан апарылып жататын. Мухалләбтің орнына Хорасан наместнигі, яғни датқасы болып келген Құтейба үшін Трансоксиананы жаулап алу ешбір қиындық әкеле қоймайтын оңай тірлік сияқты болып көрінді.

Расында кейін Құтейба Орталық Азияның Хорезм, Систан, Самарқанд, Бұхара секілді көптеген қалаларын жаулап алып, өңірдің түкпірлеріне дейін өрлеп барды. Ол тіпті тау асып, Қытай иеліктеріне дейін жетті. Шын елінің билеушілері онымен бейбіт келісімге келіп, жан басына салынатын салықты (жизьи) төлеп тұруға уағда берді.

 

***

 

Әңгіменің әлқиссасы былай өрбиді: Араб ақсүйектері халиф Абд әл-Мәлік ибн Мәруан (685-705 жж.) тұсында халифат ішіндегі билікке талас үшін өрбіп кеткен өзара қырқыс аяқталып, жаулап алынған елдердегі көтерілістер басылғаннан кейін ғана Мәуреннахрды өздеріне қаратуды жүзеге асыруға бел буды.

Шамамен 705 жылы Хорасанның наместнигі Құтейба ибн Мүслім шығысқа қарай жорығын бастайды. Ол бұл шайқастарды ел ішінің бөлшектеніп кетушілігі мен жергілікті ақсүйек диқандардың өзара алауыздықтарын жақсы пайдалана білді. Соның арқасында халифаттың Орталық Азиядағы позициясын біртіндеп нығайта түсті. Құтейба 705 жылы Балхтың жекелеген аудандарын басып алды. Оған Балхтың өзінен бөлек, Шағаниан (оның билеушісі Тиш бұл уақытта арабтармен ауыз жаласып, оларды көршілеріне қарай айдап салып тұрған) және Шуман секілді бірқатар аудандарды бағынышты етіп қойған болатын. Ол 706 жылы үлкен күшпен Мауреннахр жеріне қадам басты. Тарихшы Табаридің атап жазуынша, Құтейба Әмудария өзенінің арғы бетіне өткесін, Пайкендке бет түзейді. Сол кезде ол Мауреннахрдағы барынша гүл жайнаған шаһарлардың санатында болатын. Шаһар «көпестер қаласы» деп саналды, ал өте күшті бекітілген цитаделі болғандықтан, «мыс қорғанды кент» атанған кезі де болды. Күллі Орталық Азия аумағында Құтейба армиясына осы қала тұрғындары ғана бірінші болып қатты қарсылық көрсетті. Қала қорғанысына жалғыз пайкендтіктер ғана емес, сонымен бірге оларға көмекке келген басқа соғдылар да қатысты. Әуелгіде олар басым болып жатты, сондықтан жергілікті тұрғындардан мұндай қарсылық күтпеген басқыншылар қиын жағдайда қалды. Араб әскерлері ұзақ уақыт соғдылардың қоршауында тұрды, Құтейбаның сыртпен байланысы үзілді. Арабтарға енді сәл тұрса, масқара болып жеңілу қаупі төнді. Сол кезде Ирак пен Иранның барлық мешіттерінде қоршаудағыларды құтқаруға арналған дұғалар оқылып жатты. Бірақ Құтейбаны құтқарған намаздар емес, жергілікті билеушілер арасында өзара бірліктің болмауы болды. Сол алты бақан алауыздық салдарынан олардың бірқатары ақырындап өз әскерлерін әкете бастады. Пайкендті қорғаушылар сапы күннен күнге сирей берді. Осыны жақсы пайдаланған Құтейба әскерлері қоршауды бұзып шығып, қаланы басып алды. Бір мәлімет бойынша, Пайкендті қоршауға алу 50 күнге созылса, тағы бір деректер бойынша, ол 10 айға дейін ұласқан. Қалай дегенде де, қалаға басып кірген арабтар оны әбден тонап болып, Бұхараға қарай бет түзейді.

«Құтейба Пайкендтен бес фарсах, яғни 30 шақырымға жуық жерге кетіп те үлгермей жатып, бұл қаланың тұрғындары көтеріліске шығып, араб гарнизонын қырып тастады, – деп жазды тәжік тарихшысы Бободжан Гафуров. – Осыдан кейін Пайкендті екінші рет басып алған Құтейба оның ақи-тақи қиратып, барлық еркектерді қырып салды, ал әйелдер мен балаларды құлдыққа сатты. Басқыншылар мұнда бұған дейін басып қалудың орайы келмеген өте мол олжаға кенелді. Бәлки, олжаның мейлінше маңызды бөлігі тұтас бір дүниені құрайтын қару-жарақтар мен жауынгерлік алпыншақ-салпыншақтар шығар. Бұл бұйымдардың сапасы да өте жоғары еді, сондықтан осы пәйттен бастап араб поэзиясында шексіз шеберліктің өлшемі ретінде «соғдылық» («Соғдының саптап соққан семсеріндей») деген эпитет пайда болды. Бірқатар мәліметтерге қарағанда, Пайкендті жаулап алғанға дейін Құтейбаның армиясында бар болғаны 350 кешенді ғана сауыт-сайман болыпты. Сондықтан ол қаланы алғаннан кейін олжаланған қару-жарақтардың трофей ретінде жауынгерлер арасында бөліске кіріп кетпеуін қатты қадағалапты. Осының арқасында әскерлерін қаруға қарық қылып, араб армиясының айбынын арттыра түсіпті. Ал Пайкенд трагедиясы бүткіл Орталық Азия тұрғындарына жасанып келген жаудың өздеріне бағынбаған ешкімді де аяй қоймайтынын, осының сыңайында қандайда бір қатыгездіктерге бара алатынын көрсетті. Сол кезде жаудың екпінінен қорыққан соғдының жекелеген билеушілері түркілерді көмекке шақырып, Бұхара қаласының түбіндегі Рамитан деген жерде құрылтай өткізді. Онда біріккен күшпен арабтарға қарсы соққы беру мәселесі талқыланды. Көп ұзамай бұл соғыс та басталып кетті. Соғды-түріктің біріккен әскерлері сол шайқас барысында арабтың армиясын екі жақтап қоршауға алды.

Сонда Құтейба қулыққа барды. Ол өзінің құпия жөнелткен адамдары арқылы Соғды патшасын түріктерге айдап салды. Бұған соғдылық билеуші сеніп қалды. Мұның соңы екі жақ арасына сенімсіздік ұялап, жарықшақ түсуіне апарып соқтырды. Осы уақытта Құтейба әскерлеріне Бағдадтан қосымша күш келіп жетті. Қолбасшы солардың көмегімен қоршау құрсауын бұзып шықты. Алайда, осы кескілескен шайқас барысында араб әскерлерінің зор шығынға ұшырауы бас сардарды Мәуреннахрды жедел басып алу жоспарынан уақытша бас тартып, Мервке қайтып оралуға мәжбүр етті. Құтейба бұдан кейін араға үш жыл салып, 708 жылы ғана қайта атқа қонды. Бұл жолы арғы жағынан біраз күш алдырған ол Соғдиананың халқы табанды түрде қарсылық көрсетіп баққандарына қарамастан, ұзамай Бұхара иелігіне еніп, Рамитанды басып алды. Дегенмен, Бұхара қаласының өзі үшін болған қырғын шайқас оған жеңіс әкеле қоймады. Мұның орнына тағы да көптеген сарбаздарынан айрылған бас қолбасшы күзде Хорасанға оралуға мәжбүр болды. Бұл сәтсіздікті естіген Ирак билеушісі Хаджадж ашуланып, Хорасанның наместнигі ретінде өзіне бағынатын Құтейбаға қайткен күнде де бұхар-хидаттың тас-талқанын шығаруды бұйырды.

709 жылы Құтейба жер қайысқан көп әскерлі қолмен Әмудариядан өтіп, Бұхараның маңына барып ат тізгінін тартты. Ал қала тұрғындары бұрынғыдай айналасындағы соғды мен түркі жұрттарын көмекке шақырды. Олар бұхаралықтар өтінішін жерге тастай алмады. Қанды қырғын осылай басталды. Сол кезде Құтейба жаудың бір басы үшін кімге болса да, 100 дирхемнен ақы төлейтінін жариялайды. Осыдан кейін араб армиясының ставкасы Мәуреннахр жауынгерлерінің кесіп алынған бастарына толып кетті. Бірақ мұның өзі Бұхараны ерлікпен қорғаушылардың сағын сындыра алмады. Олар қайта өршелене қарсылық көрсетіп, араб әскерлеріне қатты соққы бере бастады. Бұлай бола берсе, жеңіліп тынатынын пайымдаған Құтейба сосын әдеттегідей тұтқиылдан соғу мен алдап-арбау тактикасына көшті. Тарихшы Наршахидің айтуынша, араб қолбасшысы соғды патшасы Тархунға өзінің тыңшысын жіберіп, сол арқылы оған «жақында арабтар қайтып кеткелі жатыр, сол кезде түріктер соғдыларға шабуыл жасайды» деген жалған ақпар жеткіздіреді. Себебі, соғды патшасы бай және керемет кісі, сондықтан түріктер оны жаулап алуды армандайды-мыс. Бұған қатты сеніп, қапелімде сасып қалған патша келген тыңшыдан енді не істеуі керек екенін сұрайды. Сол кезде осыны күтіп отырған жәдігөй оған дереу араб Құтейбамен бейбіт келісімге келіп, ішкері жақтан арабтарға көп күш келе жатқанын түріктерге ескерту керек екенін айтады. Содан кейін олар да бұл жерден кетеді. Тархун осы кеңесті бірден құп алады. Сөйтіп, арабтарға қарсы коалиция ыдырап сала береді. Осының пайдаланған арабтар Бұхараға оңай басып кіреді.

Құтейба өзінің жағдайын жақсартып, позициясын нығайтып алу үшін соғды ишхиді Тархунмен келісімшарт жасасты, сосын патшаның маңайындағылар қатарынан өзіне кепіл алды, жиналатын алым-салықтың сомасын белгіледі. Алайда, арабтардың әуелгіде Бұхара жазирасында көп сәтсіздікке ұшыраған шағына малданып қалған Тохаристанның кейбір билеушілері, мысалы, Шуманның әкімі алда да солай бола беретініне сеніп, Құтейбаның билігін мойындаудан бас тартты. Сосын араб қолбасшысы 710 жылы жаңа күш жинап алып Шуманға жорық жасады. Қалаға шабуыл жасамас бұрын Құтейба тағы да өзінің талаптарын алға тартты. Бұған Шуман халқы тағы да келіспейтіндіктерін білдірді. Сөйтіп, соғыс өртіне жол берілді. Қала жұрты басқыншыларға берілмеу үшін барынша ерлікпен шайқасты. Олар күші басым жаудан қаймықпай ұрыс салды. Бірақ кескілескен айқастардың бірінде Шуман әкімі ерлікпен қаза тапты. Осыдан кейін қорғанушылардың бірлігі бұзылды. Мұның соңы қаланы арабтардың толық басып алуына апарып соқтырды. Күшін шаһарды тонауға салған Құтейба ұзамай Қарши маңындағы Несеф қаласы мен бүгінгі Шахрисабздың орнындағы Кешке шабуыл жасап, оларды көп қарсылықсыз оңай басып алды.

Құтейба келесі кезекте Мәуреннахрдың ең үлкен қаласы – Самарқандты басып алу жоспарын түзді. Алайда, қала билеушісі, соғды Тархун соның алдында онымен ымыраға келіп, уақтылы алым-салық төлеп тұруға міндеттенгені белгілі. Сондықтан Құтейба інісі Абд ар-Рахманды келесі жолы Самарқандқа салым жинауға жіберді. Ал соғды патшасы өзі уәде еткен алым-салығын түгел жиып беруге мәжбүр болды. Бұған қаланың ақсүйектер қауымы ашу-ыза білдірді. Бұған қарапайым соғдылар да қосыла кетті. Сосын бәрі үдере жабылып келіп, Тархунды тақтан алып тастады. Осыдан кейін нариза болған патша өзіне өзі қол салып, көз жұмды.

Қол жеткендеріне мәз болған соғдылар сол бойда өздерінің жаңа патшаларын сайлап алды. Жаңа патшаның есімі Гүрек еді. Арабтардың Орталық Азияны жаулап алу дәуірінің білгірі Гамильтон Александр Росскин Гиббтің бағалауынша, ол «мықты мемлекет қайраткері және патриот» болған екен. Ал аймақтағы оқиға бұдан әрі былай өрбіді. Сол алмағайып шақта Хорезмде халық билікке қарсы көтерілді. Оны хорезмшахтың туған інісі Хурзада басқарды. Осы кезде хорезмшахқа көмектесу деген желеумен Құтейба өз әскерін солай қарай бастап алып жүрді. Бұған себеп, содан бұрын ол хорезмшахпен 710-712 жылдар аралығында бір-бірімен жауласпай, бейбіт қатар өмір сүру келісімшартын жасасып қойған еді. Бұл жолы Хорезмнің билеушісі араб қолбасшысына көтерілісшілерді басқаны үшін 10 мың бас ірі қара беретін болды. Мұның өзі оның арабтар билігін мойындауымен бірдей ишара еді. Бұдан кейін Құтейбаға көтеріліс бастаған қалың тобырды жайратып салу көп қиындық келтірген жоқ.

Құтейба Хорезмнен қайтарында олжалап алған дүниелерімен Мерв қаласына баратыны жайлы қауесет таратып жіберді. Бұл Самарқандтағы соғдылардың босаңсуы үшін айтылған лақаб әңгіме еді. Өзі солай етті де, артынша қалың қолмен соғды астанасына қарай аттанып кетті. Оған бір бүйірден бұхар-худат пен хорезмшахтың әскері қосылды. Бұлардың екеуі де бұрыннан соғдылармен оншалықты жақсы қарым-қатынаста бола қойған жоқ-тын. Енді араб армиясы алдында әлсіздік танытқан олар онымен бірігіп, Самарқандқа жосын жорық жасауға мәжбүр болды. Ал соғдылар қаласына сырттан келетін ешбір көмек болған жоқ. Бұған қоса, көп ұзамай Самарқандтың өз ішінде де оншалықты берік бірлік жоқ екені аңғарылып қалды. Тархунды тақтан түсірген ақсүйектер өздері де бір-бірін онша қалай бермейтін. Себебі, бұлардың арасында бұрынғы патшаны жақтайтын қауым да аз болмады. Солардың бірі – Пенджикент кінәзі Деваштич өзін өзі опат қылған Тархун патшаның кәмелетке толмаған балаларын өз қамқорлығына алды. Осы кінәз іштей арабтарға бүйрегі бұратын топтың өкілі болды. Оған қала тұрғындарының бір бөлігі «соғды патшасы, самарқандтық билеуші» деген атақ таңды. Сол тұрғыдан келгенде, бұл кінәз бір есептен соғды патшаларының «заңды» әулетін жалғастырушы ретінде Гүректі мойындай қоймады.

Рас, Деваштичке «соғды патшасы, самарқандтық билеуші» деген атақ кейін, 719 жылы таңылды. Алайда, бұл оның Гүрекпен басынан оппозициялық бағытта тұруына кедергі келтіре алмады. Кінәздің соңынан ерген өз ақсүйектері де бір қауым еді. Міне, қала дворяндары арасындағы осы алмағайып ахуалды өзі үшін пайдаланып қалуды қош көрген айлакер Құтейба Самарқандқа Тархунның кегін қайтару үшін келе жатқанын жария етіп жіберді. Бұл хабар қала халқының бірден екіге жарылып шыға келуіне бірден-бір нақ себеп болды. Осы арқылы араб қолбасшысы зордың күшімен билікті тапсырған марқұм соғды патшасы жақтастарының белсенділіктерін көтеріп жіберді, олардың маңына арабтың келгенін қалайтын элементтер топтаса түсті. Арабтарды жақтаушылар лагерінде Деваштич өте маңызды рөл атқарды. Осының бәрі Гүректің жағдайын күрт нашарлатып кетті. Енді оның қаланы сырттан қорғау ғана емес, іштен ірітпеуі орындалмас қиын жағдайға айналды. Сондықтан күні бітіп тұрған соғды байтағы көп қарсыласа алмай, арабтардың қарамағына өтті.

Құтейба әскерлерінің Самарқандты жаулап алуының барысы туралы дүдәмалсыз деректерді неміс-орыс тарихшысы, шығыстанушы Василий (Вильгельм) Бартольд жазып қалдырған еңбектерден алуға болады. Оның негізгі мәнбесі Табаридің жазбаларында тұр. Ол осыған байланысты әр жерден жинақталып алынған үш түрлі версияны ұсынады. Шын мәнінде қаланы қорғаушылар басқыншыларға қатты қарсылық көрсеткен. Олар қаһарман ерлердің үлгісімен қайтпай шайқасып, арабтарға айтарлықтай соққылар беріп тұрған. Бұл Гүрек патшаның көп хаттарының бірінде жазылған «Біздің көптеген сарбаздарымыз қаза тапты, көп адам жарақат алып қалды, даштардың (арабтардың – Б.Г.) жаяу әскерлері мен атты әскерлері есепсіз көп болды, біз сондықтан оларға ақырына дейін қарсылық көрсете алмадық. Мен соғысу үшін қорғаныс қабырғаларының астына қарай шегіндім» деп келетін жолдардан-ақ айқын байқалады.

Соғдылар шайқас барысында жаушы аттандырып, Шаш (Ташкент) патшасынан, Ферғананың түрік қағаны мен соғды ихшидінен көмек сұрайды. Оларға берілген хаттарда «арабтар Соғдыны алса, артынан кезек сендерге де келеді» деген ескерту де жазылады. Сол кезде дабылға үн қосып, жәрдем беруге шешім қабылдаған түрік қағаны болып шығады. Ол «патшаның ұлдары мен патша әскерлерінің жас батыр перілерінен» атты әскер жасақтап, Самарқандқа шұғыл жөнелтеді. Қолды қағанның ұлы бастап барады. Мәселе мынада, тап сол уақытта түрік әскерлері Соғды шекарасына жақын маңда тұрған екен. Сондықтан олар арабтарға қарсы соғысқа бірден қосылып кете алды. Сол себепті де жасақты басқару тізгіні қағанның кіші ұлы Инел-қағанға тапсырылды. Ол патшалықтың батыстағы армиясына бас болып жүрген қолбасшы болатын. Алайда, барлаушылық пен бағдарлаушылық қызметтері әрдайым жоғары деңгейде болған Құтейба қағанның кіші ұлы бастаған атты әскерлер тобы келе жатқанын алдын ала біліп отырды. Сосын ол өзінің інісі басқаратын таңдаулы әскерін жақындап қалған қолдың алдынан шығарып, тосқауыл құрғызды. Арабтардың тосқауылды соншалықты шебер құрғандары сондай, соғдыларға көмекке келе жатқан түрік жасағы бұл торды байқай да алмады. Оларды сырттай жан-жағынан қоршап тұрған араб сарбаздары бір кезде жаппай тап бергенде, түрік жауынгерлері не істерлерін білмей, бытырай қашты. Олар осылай әп-сәтте күйрей жеңілді. Түрік салт аттыларының ақсүйектер ұландарынан тұратын топ екенін білетін арабтар өлгендердің бастарын кесіп алып, оларды құлақтарынан іліп, өз белбеулеріне байлап алды. Әр бастың жанына олардың кімдер екендері жазылды. Сөйтіп, бір-бір бас іліп алған араб сарбаздарына өз лагерьлеріне қайта оралды. Сол қанды қырғын куәсі болған бір араб жауынгері кейін: «Біздің ішімізде белбеуінде жаудың басы ілінбеген бірде-бір адам болған жоқ… біз сол соғыстан керемет қару-жарақтар, қымбат маталар, зерлі алтын белбеулер, ғаламат аттар алып қайттық, Құтейба олардың бәрін өзімізге сыйға берді» деп жазды. Осыдан кейін соғдылардың пәті қайтып қалды. Сырттан да ешбір көмек келе алған жоқ. Ал Құтейба қорған сыртынан катапульта арқылы тас лақтырып, садақтың оғын жаудырды. Оның жағында болған бұхаралықтар мен хорезмдіктер бұрынғы одақтастары –  соғдыларды аянбай шапты.

Сол кезде Гүрек оларға: «Сен менімен өз бауырларымды және өз үйімнің адамдарын айдап салу арқылы соғысып жатырсың, ал сен мықты болсаң, маған араб Құтейбаның бір өзін жіберіп көр!» деп айқай салды. Бұған Құтейба бұлқан-талқан болып ашуланды. Бұдан кейінгі шайқастарда арабтардың басымдылығы біртіндеп арта берді. Соңында соғдылар Самарқандтың қорғандары астына барып тығылды. Осы жерде жеңіс біресе соғдыларға қарай ауып бара жатса, біресе арабтар таразы басын өздерін жаққа бұрып жіберіп тұрды. Ақырында саны басым арабтар өз одақтастарымен бірге соғды жұртын бір бұрышқа қуып тықты. Қала қоршауға алынды. Гүректің өзі бұл тұстағы ұрыс барысын: «Сол кезде арабтар қаланы қоршады. Олар қабырға бұзғыш 300 құралды қойып қойды. Үш жерден терең ор қазды, оған су жіберді. Сөйтіп, біздің қаламыз бен патшалықты құртпақшы болды», деп суреттеді.

Қабырға бұзғыш жабдықтар күні-түні Самарқанд қамал-қорғанын атқылаумен болды. Ақырында арабтар қабырғаның бір мүйісін тесіп шығып, ішке кіретін саңылау тапты. Ал соғдылар сол тесікті арғы жағынан жауып тастады. Олар қорған үстіне шығып, садақтан оқ атып, арабтарға айтарлықтай соққы берді. Осылай қаланы қорғаушылар бір айдың көлемінде қаһармандықпен қайтпай шайқасып бақты. Дегенмен, күш әзелден тең емес еді. Соғдылар біртіндеп азая түсті. Осылайша қала құлады. Соғдылар көсемі Гүрек Самарқанд үшін аса ауыр соғатын келіссөзге қол қоюға мәжбүр болды. Ол бір рет 2 миллион дирхем мөлшерінде төлем төлеуге міндеттенді. Бұдан басқа, 3 мың ересек құлды арабтарға өткізуге тиіс болды, сондай-ақ жыл сайын 200 мың дирхем төлеп тұруға келісім берді. Бұған қоса, алдын ала келісім бойынша, Самарқанд халқына мұсылман мешітін салу жүктелді, қалада соғды әскерін ұстауға тыйым салынды. Осы үшін Құтейба Гүректі «Самарқандтың, оның жерлерінің, сыртының, Кештің, Нахшебтің, қалалардың, қамалдардың» билеушісі ретінде бекітті. Бірақ соғдылардың қайта көтеріліп кетуінен сақтанған қолбасшы қалаға өзінің бір гарнизонын қалдырып кетті.

Расында да бостандық сүйгіш самарқандтықтардың рухы басыла қойған жоқ-тын. Тарихшы Якубтың баяндауынша, 712 жылдың күзінде-ақ «Самарқандтың адамдары оған (араб наместнигіне – Б.Г.) қарсы көтеріліске шықты, оған түрік патшасы хакан да шабуыл жасады». Тек 713 жылдың көктемінде қалаға Құтейбаның негізгі әскерлерімен келіп жетуі ғана мұндағы араб гарнизонын талқандалуға ұшыраудан аман сақтап қалды. Осы оқиға туралы көне түрік мәнбелерінде қызықты мәліметтер бар. Ондағы деректерге қарағанда, түрік ставкасына Сүк бастаған соғды елшілігі келеді. Бұған жауап ретінде Күлтегін қағанға арналған үлкен жартаста «соғды халқын қанағаттандыру үшін» түріктердің «Темір қақпаға дейін» барғандары айтылады. Мұнымен қатар, Гамильтон Гибб өз кезегінде Самарқандты басып алу Согдиана мен соғдылардың міндетті түрде арабтарға бағынуға көшкенін білдіре салмайтынын алға тартады. Шын мәнінде олардың айтарлықтай бөлігі араб билігін әлі де мойындамай, азат қалыптарында қалып қойған. Соған сабақ болуы үшін жасалғаны шығар, осыдан кейін самарқандтықтардың көтерілісі аяусыз басып тасталды.

Әйткенмен, 10 жылдан астам уақыт Мәуреннахрда үздіксіз жүргізілген қанды соғыс нәтижесінде бұл өлке жоғарғы халифат билігіне толық бағынатын жағдайға жетті. Бірақ жергілікті халық әлі де өздерінің арабтарға түпкілікті бағынғандарына келісе қоймады. Құтейба әрбір күз сайын бостандық сүйгіш жұртшылықтың үрейін алып, өңірге ат ойнатып келіп тұрды. Ол Әмударияның бойына жетіп, әскерлерін Мервке, Хорасан уәләятының басқа да қалаларына орналастырды. Ал көктемде оларды қайтадан бір тудың астына жиып алып, Мәуреннахрға шабуыл жасады. Оған бұл жорықтар оңайға түсе қоймады. Себебі, әр жорықтан қатарын селдіретіп алып қайтатын қолбасшы келесі жорыққа сырттан тың күштер әкеп қосып тұруға мәжбүр болды. Осының бәрі аймақта араб әскерлеріне бағынбай, қарсы ұрыс қимылдарын көрсететін күштердің көп екенін білдірді.

712-713 жылдары Түрік қағанаты мен Соғды, Шаш және Ферғана секілді әлі арабқа бағына қоймаған үш мемлекет коалиция құрды. Олардың бар мақсаты арабтың басқыншы әскерлеріне бірлесе қарсы тұру ғана болды. Алайда, тап осы кездері соғды ақсүйектерінің ортасында бітіспес ішкі күрес жүріп жатыр еді. Әкім Гүректің өз жеңілісін мойындап, араб сардары алдында біраз міндеттеме алғанын және Соғды елінің жаңа билеушісі болып таққа қайта отырғанын ескере отырып, оның ендігі жерде Құтейбаға қарсы шыға алмайтынына орай, кінәз Деваштич арабқа қарсы соғысқа өзінің басшылық еткені тиімді болады деп шешті. Ол осы мақсатта Шаш пен көрші облыстарға өзінің Фатуфарн номылы жаушысын жөнелтті. Тарихшылар Мүг тауындағы қамалда осы елшінің Шаштан жолдаған хабарлама хаты сақталып тұр деседі. Осы ғажайып құжат сол кездегі уақыттың соншалықты күрделі де дүрбелең болғанын жанды да бейнелі түрде суреттеп береді. Фатуфарн өзінің Деваштич басшысына жіберген хатында: «Мырза, мен Шаш патшасына келдім. Мырза, мен оған хат тапсырдым, ауызша айтуға болатын нәрсенің ештеңесін қалдырмай түдүнге (Шаштың әкімі – Б.Г.) және оның «көмекшісіне» толық жеткіздім. Мырза, қағанның хаты мен Ферғананың патшасына берілетін хатты Ферғана тұтұғы (атақ – Б.Г.) арқылы жібердім. Мырза, мен енді бұдан арыға бара алмаймын, өйткені, мырза, жұрттың қауесетінше, қағанды мүлде көруге болмайды екен. Мырза, мен түдүннен және оның «көмекшісінен» хат пен жауап алдым… Уструшан облысы түгел берілген… Мырза, мен серіксізбін, жалғызбын, мырза, бұдан ары жүруге батылым жетпейді. Мырза, мен сондықтан Шашқа қайтып келдім. Мырза, мен осыдан қатты қорқамын. Мырза, түдүн арабтармен бітім жасасуға байланысты кейін шегінді. Мырза, бітімге сәйкес, Жамраваз бен парсы-қолбасшы, қауесет бойынша, төлем алу және арабтар әскерін ары әкету үшін төмен түскен… Мырза, түдүн [бұрынырақ] Тарбандпен келісім жасасқан [татуласқан], мырза, ол барлық жерді [солай] алған. Мырза, қауесет бойынша, «көмекші» мынадай «бітімге» қайғыратын және ол саған келмегені үшін сенен қорқатын көрінеді», – деп жазды.

Құжаттың қорытынды бөлігінде бұл хабарламаның Канд (қазіргі Канибадам) арқылы және бұдан әрі, шамасы, Исфара арқылы Матчаға, одан әрі Зарафшан жазығымен Деваштич ордасына жіберіліп отырғаны айтылады.

Шаш билеушісі түдүннің аты, кейбір жазба мәтіндер бойынша, Мохэду-түтүн екені белгілі. Ол Багатүр-түдүн деп те аталады. Зерттеуші В.А. Лившиц ордасы Тарбанд (Отырар) болған түдүнмен бірге ордасы Бинкетте орналасқан жергілікті билеуші – «Шаш патшасының» осы кезде өмір сүргенін айтады. Бұл пікірмен С.Г. Кляшторный келіспейді, оның ойынша, мұндағы «түдүн» мен «Шаш патшасы» бір адам, ол – түрік әмірі Инел-қаған.

Коалиция мүшелері қатарында Ферғананың патшасы да болды. Бұл үштік одаққа одан бөлек Деваштичтің өзін де қосу керек. Бұл кезде Соғды түгелдей, әсіресе, оның таулы аудандары мен Самарқанд толығымен арабтарға қарай қойған жоқ еді. Сондықтан Кұтейба ибн Мүслім алдымен арабқа қарсы коалицияның барынша қуатты қатысушылары – Шаш, Ферғана патшалықтары мен түріктерге соққы беруге шешім қабылдады. Ол көп қол жинап алып, екі сап болып жорыққа аттанды. Оның Кеш, Несеф және Хорезм тұрғындарын қамтыған бірінші сапы Шашты бетке ұстаса, екінші сап Ходжент пен Ферғана бағытына қарай жылжыды. Бұлардың солтүстік тарапқа аттанған қосыны жөнінде мәлімет толық емес. Оның тек Шаш шаһарын басып алып, елді мекеннің көп бөлігін өртеп жібергені ғана айтылады. Ал Құтейбаның өзі бастаған оңтүстік тараптағы қосыны бірнеше ұрыстан кейін Ходжентті қаратып, Қасанға дейін барады. Осы жерде екі сап қайта қосылды. Бізге дейін жеткен ибн Хаукаль мен Истахридің жазбаларында, өкінішке орай, хронологиялық дәлдіктер жоқ, оларда тек Құтейбаның Уструшандағы жазықта да, таулы өңірде де жасаған жорықтары сөз болады. Сонымен бірге, оның Ферғанаға араб наместнигін отырғызғаны, Шаш мен Ферғанада араб колонияларын салдырғаны туралы баяндалады. Бірақ бұлардың шындыққа жанасатынына күмән көп. Иә, Құтейбаның жеңіске жеткені рас, ләкин, мұнысы ферғаналықтар мен шаштықтардың сақтарын сындыра алмаған сияқты. Олай дейтініміз, жоғарыдағы Фатуфарнның хабарламасына сүйенсек, 713 жылдары бұл жерлерде ұрыс қимылдары қызу жүріп жатқаны мағлұм болады. Демек, бұл қалалар халықтары жеңіліске ұшырағаннан кейін де қарсылық қозғалыстарын тоқтата қоймағанға ұқсайды.

Келесі, 714 жылы Құтейба тағы Шашқа қырғын салып кіреді. Егер қала бұған қадар араб қолбасшысына бағынып қойған болса, ол бұл жолы оған қылыш жалаңдатып шауып келмеген болар еді. Осы жылы Шашқа мұсылман армиясының ордасы тігіледі. Құтейба мұны солтүстіктегі Исфиджаб қаласы тарапына жорық бастау үшін таңдап алды. Оны тек қаланың стратегиялық маңызы ғана қызықтырды. Егер Шаштан кейн Исфиджабты жаулап алатын болса, түрік жасақтарының Қос өзен аралығындағы одақтастарына көмекке асыға баратын жолын қиып тастаған болар еді.

715 жылдың басында Құтейба ибн Мүслім тағы Ферғанаға тұтқиылдан соққы берді. Содан кейін Ферғана патшасы бас сауғалап қашты. Тап сол мерзімде, Құтейбаның Ферғанадағы соғысы қызған шағында Шам шаһарында халиф Вали Бірінші қайтыс болып, оның орнына інісі Сүлейман ибн Абд әл-Мәліктің отырғаны туралы хабар жетті. Ал жаңа халиф Құтейбаның құдайдан тілеп алған ежелгі дұшпаны еді. Сол жаулықтың жабыны жүрегінде жуаз болып жабысып қалғандығынан ба екен, бұдан кейін қайта тағайындаулар жүрген кезде Сүлейман оны ешбір сауда-саратсыз губернатор етіп қайта бекітіп қоя салғаннан соңыра да мұның іші оншалықты жіби қоймады. Шайтан түрткені шығар, жаңа билеуші бәрібір өзін орнынан алмай тынбайды деген байламға байланған Құтейба уақытты көп соза бермей, бір күні өзінен өзі бүлік көтеріп, өз әміріне қарсы соғыс бастап кетті. Бұған Шам шаһарында жаңа халифпен жүргізген келіссөзінің екі жақ тарапынан да қатқыл өтуі себеп болды. Сірә, осы кезге дейін жеңісті жорықтарға жеткізіп келген армиясына сеніп қалса керек, Құтейба іркілместен шайқасқа көтерілді. Бірақ өз армиясы оны қолдамады, хорасан арабтары бірден аттың үстінен сыпырылып түсті, ал оған ықылысты көрінген жергілікті байлар қолдау көрсетуге батылдық таныта алмады. Соңында жанында өз отбасы мүшелері мен бахилла тайпасының мүшелері ғана қалды. Сол сияқты садақ атушы мергендер де бұған адал болып шықты. Тамим тайпасы бастаған оппозиция күштері өз көсемдері Ваки ибн Әби Суд әл-Тамамидің төңірегіне топтасты. Бірақ күш тең емес еді. 715 жылдың тамызында Ферғана жазығында болған қырғын шайқаста Құтейба мен оның жанында болған отбасы мүшелері жандарын пида етті. Бүкіл Орталық Азияны бағындыруға өлшеусіз үлес қосқан қолбасшы осылай 47 жасында абыройсыз жағдайда қаза тапты.

Дегенмен, өз өмірінің 13 жылын еңку-еңку жер шалып, аттың үстінде өткізген Құтейба ибн Мүслімнің соңғы жеңістерінің арқасында Орталық Азия толығымен арабтар қауымына өткен еді. Енді араб билеушілері Хорасан мен Мәуреннахрды толық қамтитын ұлан-байтақ атыраптың тәу ететін байтағы етіп Мерв қаласын белгіледі. Сөйтіп, «беймаза бүлікшіл» Самарқанд пен Бұхарадан алысырақ барып қоныс тепкенді қолай көрді.

Құтейбаның өлімінен кейін арабтардың Трансоксиандағы позициялары бірден төмен түсіп кетті. Оның орнына келгендер жергілікті тұрғындардың ықыласы мен сеніміне ие бола алған жоқ. Бұл аралықта арабтар бірнеше рет мұнда елеулі жеңіліске ұшырады. Тек 738 жылы Наср ибн Сайярдың кезінде омейядтар аймақтың басым бөлігіне бақылау жасау мүмкіндігіне қол жеткізді. Ал 751 жылы Талас бойында қытайлармен өткен қырғын шайқастан кейін ғана жергілікті кінәздер оларды түгел мойындай бастады. Тарихта бұл «Талас шайқасы», «Атлах шайқасы» деген аттармен қалды.

Ал Құтейбаның Орталық Азияны жаулап алып, біртіндеп исламдандандыруға қосқан үлесі орасан зор болды. Кейін оның тірі қалған балаларынан тараған ұрпақтар өңірде ықпалды лауазымдар атқарды, оның бір ұлы Бұхараның билеушісі болды, бір ұлы Басра мен Райдың әкімі болды, бір жиені Балхты басқарды. Оның жұрағаттары, әсіресе, Салманың көп санды ұлдары IX ғасырға дейін Аббасидтер әулеті билігі кезінде жоғары лауазымды қызметтер атқарды.

***

Көнекөздердің айтуларынша, Түркістан түбіндегі «Қарнақ» ауылында Құтейбаның өз қолымен өсірген тұт ағашы әлі күнге дейін өсіп тұрған көрінеді. Оны араб әскерлерінің қолбасшысы VIII ғасырда осында келген кезінде отырғызыпты. Сол дарақтың осы күнге дейін қурап қалмауын сол елді мекеннің атадан балаға жалғасып келе жатқан қамқорлығы қамтамасыз еткенге ұқсайды. Былайынша айтқанда, мұндағы жергілікті тұрғындардың қаншама буын ұрпағы атақты сардардың бастамасымен егілген сол мәуенің ұзақ жылдар бойы өсіп тұруына айрықша мүдделі болған.

Таңқаларлық оқиға!

 

Ибрагим ӘБИБУЛЛАЕВ

Серік ПІРНАЗАР

 

ҮШ ХАЛИФТІҢ ҰРПАҒЫ кітабынан

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Бір пікір

  1. Серік аға! Сізбен қалай байланысуға болады? Мен- Шиелі, Жахаевтағы Мақсұтпын ғой.(Әбдімомынов) Қазір осы тарихпен (Қарахандықтар қағанаты) айналысып жүрмін

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button