Ғалымның хатыЖаңалықтар

Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Менің ағаларым» атты кітабының тұсаукесері өтті

ТОЛАҒАЙ ТАУ ТҰЛҒАЛЫ АДАМДАРДЫҢ ПОРТРЕТТЕР ГАЛЕРЕЯСЫ

Бүгін 2025 жылы 24 қарашада Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында көрнекі мемлекет қайраткері, ғалым, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің “Менің ағаларым” эсселер кітабы таныстырылып, тұсаукесер рәсімі өтті. 📚
📌Автор өз сөзінде бұл эсселердің әр жылдары жазылғанын және өзінің осы жанрдағы еңбегі жалғасып жатқанын айтты. Өмірінің білім жинаған және мемлекеттік қызметті атқарған жылдарында қамқорлығын көрген, тәлімін алған әрі Қазақстан Республикасының түрлі кезеңінде мемлекеттік, ұлттық мүдде және ғылым үшін аянбай күресудің үлгісін үйреткен тұлғалар туралы жазуды парызы санағанына тоқталды. “Эсселердің тақырыптарына қарап-ақ, қазақ қандай халық дегенге толық жауап алуға болады”, – деді автор.
Атамұра баспа корпорациясы шығарған кітапта академиктер Манаш Қозыбаев, Салық Зиманов, Шаһмардан Есенов, Өмірбек Жолдасбеков, Зейнолла Қабдолов, Рымғали Нұрғалиев, Төрегелді Шарманов, профессорлар Темірбек Қожакеев пен Камал Смайылов, “Қазақстанның Халық Қаһармандары” Рақымжан Қошқарбаев пен Қасым Қайсенов, заманның заңғар тұлғалары болған қайраткерлер сәулетші Шот-Аман Уәлихан, мәдениеттанушы, дипломат Мұрат Әуезов, драматург Қалтай Мұхамеджанов туралы ыстық әсерлер мен тың деректер молынан кездеседі. Кітаптағы «Асылзада» эссесі – автордың қолына алғаш қалам ұстатып, «Әліппеден» бұрын қасиетті «Құранды» оқытқан әкесі Абрар Әкетайұлына сиямен сомдаған ескерткіші. Бұл эсседе кейіпкердің балалық шағынан басталған өмір жолы көркем суреттеледі.
“Менің ағаларым” кітабының тұсауын Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, филология ғылымының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Ақұштап Бахтыгереева мен Кәдірбек Сегізбай, Ұлттық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайберген кесті. Таныстыру рәсімінде ғалымдар мен қаламгерлер қауымының атынан сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, филология ғылымының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кәдірбек Сегізбай, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева, филология ғылымының докторы, профессор Қансейіт Абдезұлы, медицина ғылымының докторы, АҚШ университетінің профессоры Алмас Шарман, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қали Сарсенбай, Халықаралық “Алаш”сыйлығының лауреаты Нұрғали Ораз, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай және және Ұлттық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайбергенқызы кітаптың жылдар бойы жинақталған зерттеулерден, үлкен архивтердің терең қойнауынан табылған деректерден тұратынын атап өтті. Эсселерге кейіпкер болған он бес тұлғаның өмірлері ұрпаққа өнеге екені кеңінен қамтылғанына тоқталды.
“Менің ағаларым” кітабының терең мәнін таныстыру мен тұсау кесу рәсімін жүргізген “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы Бауыржан Жақыптың: “Академик Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед ұрпаққа шамшырақ боларлық бір кітап арқылы он бес шамшырақты қатар жағып, қалың елге ұсынып отыр” деген сөзімен түйіндеуге болады.
“Менің ағаларым” кітабы 10 данадан Алматыдағы көпшілік және ғылыми кітапханаларға таратылды.

Көңілден кетпес кемел ағалар

Әлеуметтік желілердің ақпаратты жедел жеткізетін пайдасы кейде тиіп жатады. Екі-үш күн бұрын ФБ бетінен көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің «Менің ағаларым» атты кітабы жарық көргені, онда халқымыздың «көзден кетсе де, көңілден кетпеген» бір туар – ғұлама, ақсарағат, жаужүрек, қаһарман, ақжарылқап, абыз, азамат, ханзада, міртемір, асылзада – жолаушы қайраткер ағалары (әкелері) туралы жиырмасыншы ғасырдың жиырма жылында жазып, оқырманның көзайымы болған эсселері топтастырылғаны туралы жазбалар жарқ ете қалды. Көңілімнің көлеңкелі бір тұсына шуақ енгендей елеңдеп, есіл күй кештім. Олар кімдер?…
«Мұқаңның, Мұхтар Абрарұлы өзі қайда екен?» деген сауал санамда сайрап тұрды. Сөйтсем мен, үнемі көз алдымызда жүретін бұ кісіні ішімнен әрдайым іздеп жүреді екенмін. Иә, рас көптеген еңбектерін оқығаным бар. Тұшынып оқитынмын. Сөз саптауына, еңбектерінің ғылымилығына, негіздеме, дәлел, дәйектеріне ырза, тереңдігіне тәнті болатынмын. Енді, міне сол кісінің кітабының тұсау кесері өтеді дегенде тап бір Ханның қабылдауына баратын жандай болар күнді, сағат, минутты тағатсыз күттім.
2025 жылы қазан айының 24 күні, 11 сағатта Алматыда, ҚР-ның Ұлттық кітапханасында Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің «Менің ағаларым» атты кітабының тұсау кесеріне арналған алқалы жиын басталды. Зал лық толы. Төр басында, ортада Мұхтар Абрарұлы, оң жағында академиктер Бауыржан Жақып, Жаңғара Дәдебаев, Рахымғали Абрарұлы…, сол жағында Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, профессор Қансейіт Әбдезұлы, мемлекет сыйлықтың иегері, ақын Аққұштап Бақтыгереев…
Жиынды майда қоңыр әуенді, көрнекті ақын, қара сөздің майын тамызып сөйлейтін шешен Бауыржан Өміржанұлы ашып, жаңа кітап туралы қысқаша түсініктемен тоқталып, сөзді автор Мұхтар Абрарұлына берді.
Сағынып, сусап, шөлдеп жеткенде таудың тас бұлағынан аңқаңды қандыру қандай ғанибет болса, қызыл шырайы жадырай рауандап, ақ жүрегінен ағылта, төгілте толқыған Мұқаңды тырп етпей, ауызымыз аңқиып, 30 минут тыңдадық. «Айта түс, айта түс!…» дегіміз келді.
Мұхтар Абрарұлының «Менің ағаларымының» тұсауы қиылды.
Бақытбек Бәмішұлы

ТОЛАҒАЙ ТАУ ТҰЛҒАЛЫ АДАМДАРДЫҢ ПОРТРЕТТЕР ГАЛЕРЕЯСЫ

Ауылдан алыс, қияндағы қыстауда жалғыз үй отыратынбыз. Мал қораланып, кешкі ас ішілген соң, білте шамның жарығымен әкем әуезді қоңыр үнімен мақамдап батырлар жыры мен мазмұны ғажап қиса-дастандар оқитын.
Біздің бала кезімізде, біздің ағаларымыздың бала кездерінде әкелер осылайша көне дүниенің күмбірін кеудемізге толтырған еді. Жуырда ғана оқып, соңғы бетін қимастықпен жапқан кітаптан мына бір жолдар көзіме оттай басылып, көңілімді тербегені.
«Үй тапсырмасы біткен соң әкем небір қызықты хикаялар мен дастандарды бастайтын. Олардың мазмұны ғана емес, аты да өзгеше, шым-шытырық оқиғаға құралған көп сериялы фильмдер сияқты болуышы еді. Хикаялардың аты «Орқа – Күлше», «Сыршыл молда», «Шахмаран», Атымтай жомарт», «Шеризат», «Шәкір – Шәкірат», «Иранғайып шаһ Ғаббас», «Жәмшид» сияқты болып келетін. Әкем олардың әрқайсысын бөліп-бөліп, майын тамыза бірнеше күндер бойы айтатын. Қара сөзбен баяндай келіп, кей тұстарын, әсіресе кейіпкерлердің өз аузымен бәйіт айтатын жерлерін өлеңмен жырлайтын».
Бұл – академик Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Менің ағаларым» атты эсселер жинағанан алынған үзінді. Ал, балалары үй тапсырмасын пысықтап болғаннан кейін қызықты хикаялар бастайтын әке болашақ академиктің әкесі ¬¬¬– асылзада қарт Абрар ақсақал.
Қазіргі жас жазушыларды білмеймін, біздің буын батырлар жырын оқып өстік. Есейе келе тағы біраз кітаптардың беттерін парақтадық. Байқағаным, кейінірек оқыған кітаптарымыздың кейіпкерлері ұсақталып барады. Бір өңкей кішкентай адамдар тұяққапты тірліктің соңында сүрініп-қабынып жүреді де қояды. Оның үстіне оларды күтіп тұрған ерлік істер де осы күні қалмаған сияқты. Сондықтан Рональд Барттікі дұрыс шығар: «Эпос аяқталды. Қаһармандар өлді». Бірақ қаһармандар, өмірде өшпестей із қалдырған шын қаһармандар өлмейді. Мысалы, академик Мұхтар Құл-Мұхммедтің ағалары сондай адамдар.
Мен «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болып қызмет атқарған жылдары Мұхтар Абрарұлының эсселері әдеби апталықта лек-легімен үзбей жарияланып тұрды. Соның шоқтықты тараулары кітапқа еніпті. Қуанып қалдым. Мұхаңның ардақты ағалары жайлы жазған эсселері бұрын өзге де басылымдарда жарық көрген – олармен де таныстығым бар. Әйтсе де «Менің ағаларым» — қайталап оқыған сайын құпиясын аша түсетін құнарлы кітап: ол өзінің қызықты әм тағылымды деректерімен таңғалдыра береді. Мәселенки, әйгілі тарихшы Манаш Қозыбаевтың азан шақырып қойған аты Қабдусұлтан екенін екінің бірі біле бермейтіні шындық қой. Ал сол Қабдусұлтан – Манаш Қозыбаевтың бәрін ысырып тастап, алапат аштық туралы «Қазақ әдебиетіне» алғаш мақала жазғанын үлкендер болмаса, біз, бүгінгі орта буын жадымыздан жоғалтыппыз. «Жадымыздан жоғалтыппыз» дейтін себебім – егемендіктің елең-алаңында ер қайратына мінген аға ұрпақтың ерлігі мен еңбеген бағаламайтын болдық. Олар жайында бірдеңе айта қалсақ, кінәлап, күстәналап сөйлейтін әдет таптық. Бәрін өзімізден бастағымыз келеді. Тарихшылар советтік тар кезеңде ұлттық тақырыптарға бара алмай қыстықты. Соның бірі Манаш Қозыбаев болған екен. Демократияның алтын күрек желі тұрған бетте қимылдауға кіріскен ол сол заманда әдебиетте аттары әлі ашық атала қоймаған Ахмет Байтұрсынұлының, Жүсіпбек Аймауытовтың, Мағжан Жұмабаевтың, Мұстафа Шоқайдың есім-сойын «Қазақ ССР. Қысқаша энциклопедиясына» кіргізуге талап қылған екен. («Менің ағаларым». «Ғұлама». 7-бет)
Кітаптың таңдаулы кейіпкерлері – қазақтың марғасқа ұлдары: Манаш Қозыбаев, Салық Зиманов, Рымғали Нұрғалиұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, Төрегелді Шарманов, Камал Смайлов, Қалтай Мұхамеджанов, Өмірбек Жолдасбеков, Зейнолла Қабдолов, Шаһмардан Есенов, Шот-Аман Уәлиханов, Темірбек Қожакеев, әке Абрар Құл-Мұхаммед, зияткер Мұрат Әуез.
Мұхаң – шебер эссеист. Мұхаңның эсселері «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп», жетелей жөнеледі әрі жоғарыда айтқанымыздай, тағылымды һәм танымдық мәні зор деректерге толы. Осы ретте ескертіп қояйын: менің жазып отырғаным рецензия емес, әлеуметтік желі оқырмандарына арналған қарапайым жазба ғана. Сондықтан қысқа қайырып, автордың «Нартұлға» эссесіне өз сөзімен шағын шолу жасағанды құп көрдім.
Нартұлға – Қаныш Сәтбаевтың саңлақ шәкірті, қазақ жерінің кен қойнауларын ашқан геолог Шаһмардан Есенов. 1949 жылы Политехникалық институтты тәмамдаған Шиелінің тумасы артына қарайламай жезді өңіріне – Ұлытауға бір-ақ тартады. Сол кеткеннен мол кетіп, табаны күректей 11 жыл Жезқазғанда желдің өтінде жүрген ол Жезқазған кен тобындағы Итауыз, Сарыоба, Қарашошақ, Қыпшақпай, Айранбай, Талдыбұлақ, Жартас атты кен орындарын ашады.
Жезқазғандағы Жанай, Айдос аталатын жер асты су қорының көзін ашқан еріңіз де – Шаһмардан Есенов екен.
Шаһмардан Есенов 1960 жылы Алматыға оралып, бар-жоғы 33 жасында министрдің орынбасары, араға жыл салмай министр болып тағайындалады. Білесіздер, қазір де отыздың ортасында министр лауазымына тағайындалып үлгерген жастар бар, соның қайсысы дала кезіп, қыр жайлап, ел ішінде болып келді екен…
Кремльдің мұнарасына көтерілген құзғындардың қазақтың байтақ жеріне көз тікпегені кем. Соның бірі дәлдүріш Хрущев деген болыпты. Теріскейімізге тісін батырып көрген әлгі әумесер «қазақ мұнай игеруді білмейді» дегенді сылтау қылып, Маңғыстау түбегін Түркменстанның бір уәлаяты жасай салуға құлшынады емес пе?.. Сонда жас жолбарыс Шаһмардан Есенов Мәскеуге «жорыққа аттанып», Хрущевтің өзі қатысқан ұлық жиында Қазақстанның позициясын жан аямай қорғап, майлы түбекті аман алып қалады.
Мәскеудегі оқиғадан кейін министр Есенов жан-жақтан кәсіби білікті мамандарды шақырып, Қазақстанда мұнайшыларды даярлайтын оқу орындарын ашады.
Министрден вице-премьер лауазымана дейін өскен Есеновпен Республиканың бірінші басшысы Қонаевтың арасында салқындық орнайды да, нартұлға Ғылым Академиясына кандидаттық атақпен барып, президент болып тағайындалады. Мұндағы қулық: консерваторлардың ортасы – ғалымдар ғылыми дәрежесі төмен басшыны қабылдамайды, үстінен арыз айдап отырады да, ақыры қызметінен кетіреді дегенге негізделесе керек. Бірақ Шаһмардан ол ортаны да игеріп, тіпті Ленин орденімен мараптатталады. Үлкен аброймен докторлық диссертациясын да қорғайды.
Бірақ… өзі «өтініш» беріп Академияның президентігінен босап, үкіметке қайтады. Соңынан барлық лауазымынан айрылып Балқаштың құмды қойнауындағы елеусіз бір экспедицияны басқаруға жіберіледі. «Ол Балқашқа аттанып кеткен күні Алматыда «академик Есенов өзіне өзі қол салыпты» деген қауесет бұрқ ете түседі» деп жазады автор.
Әбунасыр әл-Фараби бабамыздың 1100 жылдық тойын тұңғыш Алматыда атап өтуге мұрындық болған да Шаһмардан Есенов болыпты. Ғұлама ғалым Ақжан Машаниден бастап фарабитанушылардың мектебін қалыптастыруға ықпал еткен де Есенов екен.
Мұндай адамның құм қойнауында қалып қоюы әрине мүмкін емес қой. Шаһаң Балқаштан өзі оқыған Политехникалық институтқа келіп дәріс береді. Сөйтіп жүріп және қуылады. Ақыр соңында шындық, әділдік орнап бәрі орнына келеді, өмір ағысы да байсалды арнасын табады.
«Менің Әуезовім» — алуан түрлі адамдардың ғажайып портерттер галереясы. Ойдан шығарылған біреуі жоқ. Өмірде болған, кейбірі әлікүнге ортамызда жүрген кейіпкерлер» дейді «Менің ағаларымының» авторы ұстазы Зейнолла Қабдолов туралы естелігінде.
Шағын жазбамыздың соңында біз де осы сөзді қайталап, бірақ оны сәл өзгертіп айтқымыз келеді. «»Менің ағаларым» — толағай тау тұлғалы адамдардың ғажайып портреттер галереясы. Бұл кітапты еліміздегі барлық ЖОО студенттері мен оқытушылары, мемлекеттік қызметкерлер, жас ғалымдар, әдебиетшілер міндетті түрде оқуы керек. Өйткені кітап кейіпкерлерінің өмір жолы, азаматтық ұстанымы, қайраткерлігі, ерік-жігері адам боламын, азамат боламын деген жастың жолына жарық сәулесін төгіп, рух берері сөзсіз.

P.S. Кең дүниеге көзін ашқан бүгінгі қазақ жастары құштарлықпен сүйсіне оқитын ғұмырбаяндық кітаптар бұл заманда жетіп артылады. Сіз кімге керек? Махтма Ганди ме, Нельсон Мандела ма, У. Черчилль ме, М.Л. Кинг пе, Анна Франк па, Фредди Меркьюри ме, кәсіпкерлерден Стив Джобс, Илон Маск пе — бәрі бар. Солардың қатарында қазақтың балғын жасы өз ағалары жайында оқып, біліп өскісі келсе, «Менің ағаларымды» қолына алсын» деп батыл айта аламыз.

Дәурен Қуат

Тұлғатану
БІЗДІҢ МҰХАҢ
Мынау оқырманның өзі жазушыға айналған заманда жақсы бір кітап оқудың өзі үлкен олжа. Жақсы бір кітаппен де өмір сүруге болады. Мұхтар Құл- Мұхаммедтің «Менің ағаларым» кітабының бұдан бұрынғы баспасөзде жарияланған нұсқаларын түгелге оқыған болармын-ау, ал мына автордың өз қолтаңбасымен берілген іріктеп басылған жаңа кітап қолыма тигенде қуандым. Себебі, ағаларымыз енді алақанымызда, үйіміздің төрінде тұрады. Олармен кез келген уақытта сырласа, пікірлесе аламыз. Шындық іздеп, ақиқатқа жүгінсек, осы кітапқа қол созамыз. Олай дейтінім, жазуында жасырып қалу, асырып айту атымен болмайтын, фальш дегенмен жаны қас біздің Мұхаңа қай кезде де бағдар жасауға, жүгінуге болады.
«Менің ағаларымды» «Менің әкелерім» десе де болғандай-ау. Расында әрқайсысы өз саласының әкесіне айналғандай адамдар ғой.Кейінгі жиырма жыл мұғдарында өзімше ғылыми-әдеби айналымға ендірдім деп жүрген «Тұлғатану» жобасы аясында студенттерге дәріс оқу барысында осы ағалар ілімі, университеттен кейінгі университет туралы айтуға көп құмбыл болып жүрмін. Ол университеттің атауы – АҒАЛАР жәнедағы менің бұл бағыттағы қолданатын оқулықтарымның ішіндегі ең көрнекті де көркемінің бірі де бірегейі осы «Менің ағаларым».
Ағалар. «Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды». Біздің заманымызға дейінгі де тақырып. Кітаптың бастауындағы «Ғұлама» атты Манаш Қозыбаев туралы эссесінде Мұхаң Ғабаңның аузымен Абайдың «Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер» атты сөзін ғұламамен диалогта ғажап талдайды. Тарихты жасаушы тұлғалардың тағдырын кезеңдер, оқиғалар, ғажап дерек, дәйектер арқылы беруде шешендіктің шідері өзінен өзі шешіліп қоя беретіні өз алдына, асып-тасқан ілім-біліміңіз теңіздей тулап, көлдей толқиды.
Эссе ерке, еркін, жасампаз жанр.Жақсы эссе кісіні өлең оқығандай да әсерге бөлейді. Әрісін айтпағанда Андре Моруа заманынан қырық қатпарлы бұл жанр тәуелсіздіктен бермен қарай біздің топыраққа терең сіңісті болды десек, аса жаңыла қоймаспыз. Осы тұрғыдан тәпсірлегенде, онда поэзияның да, прозаның ла, пәлсапаның да тілі қатар өріліп, симбиоздық сипатта көрініс беріп жатады. Міне, эссенің осы алабөтен қасиетін терең парықтағағанның бірі де біздің Мұхаң.
Мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қайраткерлігі, мемлекетшілдігі өз алдына, академик Мұхаңның ғылыми-әдеби жұртшылықтың сүйіспеншілігіне де қатар бөленіп келе жатқан, ашылмаған арал екенін де айту ләзім.
..Мұхаңның әу бастан мақтан, мадаққа қарсы иммунитеті жойқын екенін жақсы білемін. Дейтұрғанмен де мына бір риясыз ой тура осы жерге сұранып тұр-ау деймін.
Әр толқынның өз Мұхтары болады. Бүл – біздің Мұхаң. Біздің деймін-ау. Елдің, қазақтың Мұхаңы ғой.

Қали Сәрсенбаев

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button