
ҚОЖА ҰРПАҚТАРЫНЫҢ СОЛТҮСТІК ӨҢІРДІ МЕКЕНДЕУІ
Солтүстікке мекендеп қалған қожалардың ең танымал, жазба тарихта таңбаланып қалған атақты қожалардың бірі Сарғалдаққожа Өтешев және оның қызы Айғаным Сарғалдаққожақызы. Шығыс Қазақстаннан Абылайханның қалауымен еріп келген. Сарғалдаққожа бірнеше тіл білген, әсіресе шығыс халықтарының тілін жеттік білген мәмілегер (қәзіргіше елші, дипломат) болған. Әсіресе, Қытай, Қашғариядағы ел басқарған қожалармен қатынас орнатуда Абылайханның тапсырмаларын орындап, сеніміне ие болған. Оның діни білімі жоғары, аузы дуалы, ғұлама болғандықтан хан ордасында имам болған. Айғаным Абылайханның тұңғыш ұлы Уәлидің кіші әйелі. Шығыстың жарық жұлдызы атанған, ғалым Шоқанның әжесі. Айғаным Сарғалдаққожақызы – Ұлы хан Абылайдың тұңғыш ұлы, тақ мұрагері, орта жүзді 38 жыл басқарған Уәли ханның кіші ханымы. Уәли хан қайтыс болғаннан кейін, ханның орнын (1821-1822) басып хан болған. ХІХ ғасырда қазақ әйелдерінен шыққан қоғам және мемлекет қайраткері. Немересі ұлы ғалым Шоқанға адамгершілік пен білім, ғылымның жолын ашуда өнеге болған әжесі. Үстіміздегі 2023жылы Айғаным ханшаның туғанына 240, дүниеден озғанына 170 жыл толды.
Сарғалдақ қожа Бұхарда оқыған білімді, әулие адам. Сарғалдақ қожа – Әзірет Әлінің 43 ұрпағы. Әзірет Әлінің Мұхаммед-Ханафиясынан тараған түркі жұртын бейбіт жолмен ислам дініне кіргізген Ысқақ баб (Баба ата) оның ұрпағы Қожа-Ахмет Яссауидің туған бауыры Садыр шайх, осы Садыр атаның 5 ұрпағы Камаладин шайх. Яғни Әзірет Әлінің 23 ұрпағы Камаладин шайхтан өрбіген қожаларды «Бақсайыстар» дейді. Бақсайыстың 20-ұрпағы – Сарғалдақ қожа, әкесі – Әбдіқожа, оның әкесі – Өтеш. Ысқақ бабтың 17-ші ұрпағы Қожахмет Иассауимен бір туысқан Садыр атанған Шайхы Бұзрықтың 5-ші ұрпағы Камаладдин шайх лақаб аты Бақсайыс. Бақсайысты ерекшелеуімнің себебі, бұл атадан өрбіген ұрпақты Бақсайыс қожалар дейді. Сайд Камалиддин Шайх дешті қыпшақтың пірі, бас сардар болған, соғыста жекпе жекке көп шыққан, әрдайым жеңіске жеткен құдрет иесі болғандықтан басына бақ қонған, бағы сайысатын әулие деген лақаб атына сай, «Бақсайыс» -аталған.
Осы Бақсайыстың 20-шы ұрпағы Сарғалдақ қожа Бұхарда оқыған «Ғайыптан болжайтын әулие» атанып елге силы, хан Абылайдың сенімді көмекшілерінің бірі болыпты. Діни білімі жеттік болғандықтан хан ордасының имамы болып, дін таратқан ғұлама ұстаз десе болады. Сарғалдақтың әкесі Әбдіқожаны ел жұртқа мәлім болғандықтан «Мәлімқожа» және үнемі түрікпен тақия киетіндіктен «Түрікпен қожа» деп атапты. Әбдіқожадан тараған ұрпақтардын белгілісі Сарғалдақ, Берді деген 2 ұл. Сарғалдақ пен Бердіқожаның жас айырмашылығы не дәуір 30-40 жас аралығында алшақ екенін тариққа жүгіне отыра анықтадық. Мүмкін үлкен, кіші әйелдің балалары шығар. Бердіден Әуез одан Омархан туған. Ал осы Омарханнан қазақты «Абай жолы» романы арқылы әлемге паш еткен ұлы жазушы Мұхтар туған. Әбдінің әкесі Өтеш шайх. Сарғалдақ, Сарғалдаққожа Өтешев деген атпен орыс-қазақ тарихында таңбаланған. 1773-1775 жылдары яғни Яғни Сарғалдақ тарихи деректерде Өтешов болып жазылған. Бердіқожаның ағасы Сарғалдақ қожаның 4 әйелінен 10 бала болған. Екінші өзбек әйелінен 3 бала Бегәлі (Пір-Әлі), Мырзалы (Мырза-Әлі), Айғаным туған. Өзбек әйелін ерекшелеп отырғаным осы өзбек анамыздан тарихта белгілі Шоқанның әжесі Айғаным ханша туған. Абақ керейге Әбілпейіздің ұлы Көгедай төре болып барғанда, Сарғалдақ қожаның бәйбішесінен туған ұлы Жәмшіні кеңесші молда ретінде жіберген. Оған дәлел Жәмшінің немересі Сәттібай Марқашұлы атасының елін сағынғанда айтқан өлеңдерінен есінде қалғанын құранның қатты мұқабасына араб әрпімен жазып кетіпті. Құран кітап 1537 жылы басылғаны кітапта айқын жазылған. Бұл қасиетті құран ағамыз Сайполұлы Каримханның үйінде сақтаулы.
Өлең шумағында:
Арғы атам таралады Ысқақ бабтан.
Адамның өсіп, өнуі жалғыз хақтан.
Алладан бір мезетте жарлық келсе.
Патшада құлайды, алтын тақтан.
Ұлы атам аталады Әбді қожа.
Әнс алам, мамырлатып, дауыс соза
Артында қалған сөзі тәлім болып
Қазаққа әйгіленіп атанған Мәлім қожа.
Сарғалдақ, Бердіқожа одан тарап,
Ержете атасының жолын қуған.
Таратып мұсылмандық ел жұртына,
Жаратқан бір Алланың құлы болған.
Түркістан, Қарнақ, Шаян естен кетпес,
Айғайым Есіл, Көкше барып жетпес.
Ағайынды арта қалған ойлап кетсем,
Сорғалап көз жасымнан, кеудем кеппес.
Шумақтардың астына Марқаш Сәттібай деп жазылған.
Деректерге сүйене отырып Сарғалдақ қожа Шығыс Қазақстаннан Абылай ханға еріп келген және ханға кеңесші, орданың имамы болғанын айттық. Сарғалдақ қожа Абылай ханның кеңесімен Қытай, Қашғарияда мемлекет басқарған қожалармен елшілік байланыс орнатқан дипломат. Сарғалдақтың азан шақырып қойған аты Сағындықбек екен. Ол сары гүлдей желкілдеген өте реңді сары адам болғандықтан Сарғалдақ атанып кетсе керек. Сырт елдерде келіссөз, елшілік қызметте көп жүргендіктен Сағындықбек аты көмескеленіп, Сарғалдақ атымен танылады. Тарихшы Ж.Артықбаев ағамыз Сарғалдаққожаны Қарақалпақстаннан келгені жайлы Абылайханның қарақалпақ әйелі Сайман ханыммен байланыстырады. Сарғалдаққожаның екінші әйелі, яғни Айғаным ханшаның анасы өзбек әйелі болғанын ескерсек. Бұлда Қарақалпақ Сайман ханыммен байланысы болуы мүмкін деген, болжам шығады. Бұл тақырыпты нақтылау үстіндеміз. Сарғалдақ өте ақылды, мәмілегер жігер қайратты, айтқанын орындата білетін, мысы басым ер жүрек адам болыпты. Сол үшінде ерліктің символы ретінде танылған сарғалдақ гүлінің атауын алып Сарғалдақ атануы жай емес болса керек. Сарғалдақ гүлі Осман сұлтандарына және олардың күш құдіреттерінің символ ретінде қалыптас қаны тарихта аян. II Ахмед пашаның кезінде өжеттіктің символы деп, дәстүрлі және тұрмыстық заттарды сарғалдақ гүлінің өң түсімен нақыштап, ою-өрнек салып безендіру етек алғаны тарихта бар. Сарғалдақ аталуы батыл болжам болсада, тарихпен ұштасып жатуы да бек мүмкін.
Сарғалдақ қожаның Зура деген әпекесі Абылай ханның төртінші әйелі. Зурадан туған Тоқ, Қасым, Арық деген үш ұлдың аты белгілі. Тоқ 1777 жылы Қазақ елшілеріне бас болып Петербургке барған дерек бар.
Төрелер шежірешісі Татухан Абылайханов: – Әйгілі Бұхар жырау, ел анасы атанған тілді, бетті қайырымды бәйбішелерге арнаған жырында «Қадиядағы жұртына, өрнекті екен бәйбіше, Зура мен Ботпадай екі бетті екен бәйбіше» — деп, атап көрсеткен. Зура – жеті Момынның Бас имамы Қожа Сарғалдақтың әпкесі. Абылайханның төртінші әйелі, деп жазады.
Сарғалдаққожаның тарих беттерінде таңбаланғаны туралы деректерден бірнеше дәлел келтірген жөн болар.
TÚRKOLOGIA журналының 2022 жылғы № 2 (110) санында қожалардың мемлекет ісінде атқарған қызметтері жайлы төмендегіше түйіндейді. Ол жайлы қысқаша үзінділер келтірсем:
…Қазақ халқы құрамындағы қожа әулеттері қатарынан көптеген қазақ зиялылары шықты. Олардың барлығына тоқталып жату мүмкін емес. Кейбір тұлғаларға тоқталмай кетуге болмайды. Мысалы, Абылай ханның сенімді серігі болған, Абылай ханның діни- идеологиялық саясатын айқындап отырған, ханның пірі-Жалаңаяқ қожа мен Сарғалдақ қожа т.б. болды.
…Қасіретті кезең келгенде, Әбілхайыр хан мен Абылай ханның халықтың рухани тұтастығын қалыптастыру мақсатында қожаларды қайтадан саяси билік жүйесіне араластырғанын көруімізге болады. Ол туралы Қазақ хандары мен қожаларының шежіресін жазған И.В. Ерофеева архив деректеріне сүйене отырып былай деп жазады: «Так, при специальном обследовании ряда письменных источников XVIII – первой половины XIX в., и прежде всего подробных описании родоплеменного состава трех жузов, мне удалось выявить среди большой совокупности имен родоправителей-старшин, возглавлявших разные патрономические объединения кочевников-казахов, только несколько поименованных лиц, принадлежащих к сословию кожа. Это – переселенец из г. Туркестана в северо-западную часть региона старшина Младшего жуза вышеупомянутый Мухаммад-кожа, приходившиеся в 50–60-х гг. XVIII в. сватом сыновьям хана Абулхайра Нурали хану и Ерали султану; старшина одного из родов племени Айит-кожа (1742); «пир всего киргиз-казахского йурта» старшина Младшего жуза Абу-л-Джалил «Абу-Желил, Абжелил)-кожа б. Фар (Пир)-Мухаммад-кожа (1785–1789), старшина рода ергенекты-уак Среднего жуза шурин Аблай-хана Сары-Галдак-кожа б. Утеш-кожа (1785–1795); старшина рода шомекей Младшего жуза приблеженный хана Арынгазы Шукур-Али-кожа. Султан-Мухаммад-кожа (1816–1822); старшина группы родов поколоние жетыру Младшего жуза надворный советник депутат от казахов в Оренбургской пограничной комиссии Нур-Мухаммад-кожа б. Абу-л-Джалил-кожа (1793–1819), являвшийеся зятем Нурали-хана; старшина Среднего жуза Тамык-кожа б. Чакатай-кожа и др» [42, 32-б.].
Демек, деректер қожалардың «Жеті жарғы» заңынан кейін қазақ қоғамынан шығарылып тасталғанымен, олардың қоғамдағы рөлінің маңызын түсінген Әбілхайыр, Абылай сияқты хандар қожаларды халықтың рухани тұтастығын қалыптастыру мақсатында қайтадан саяси билік жүйесіне араластыра бастағанын көрсетеді. Абылай ханның өзінің қасында Жалаңаяқ қожаны пірі ретінде танып, ұстауы – оның Қазақ хандығыда қайтадан бұрынғы мемлекетті басқару жүйесін қалпына келтіру мақсаты болғандығынан хабар береді. Абылай ханның ондай мақсаты барлығын сезген ру-тайпалардың өз іштерінен шыққан билері ханға қарсы шығып, Абылай ханның мезгілсіз дүниедан өтуіне ықпал етті.
Абылай хан қайтыс болғаннан кейін қазақ мемлекеттігінің ыдырап, Сол түстігі Ресей қол астына, Батысы Хиуа хандығыхандығына бодан болды..
Túrkologıa, №2(110), 2022 жыл.
…Абылай заманынан кейін, Сарғалдақ Ергенекті уақтың болостной старшыны қызметін атқарған. 1773-1775 жылдары, яғни Е.Пугачев көтерілісіне қазақтар қосылып кете ме деп секемденген Ақ патша қазақтардан адалдыққа ант алған. Осы ант берген қазақтың игі жайсаңдарымен бірге Ергенекті уақтар атынан Серкебаймен бірге Сарғалдақ Өтешев антқа қол қойған. Одан кейін 1791 жылы шамасында тағы да Ергенекті Уақ болысының старшыны ретінде «Саргалдакхожа Утьяшев» деп қол қойғаны нақты жазылған. Қол қоюшылар ішінде Есенейдің әкесі Естемес Сейітов, Жылғара Байтоқин, Дәулеткерей сұлтан сияқты көптеген атақтылар болыпты. (Рус-Каз. Отнаш. ХҮIII-ХIX.)
Сарғалдаққожаның, Сарғалдаққожа Өтешеев атымен тарих беттеріне таңбаланған деректерден, жағдайға байланысты бір екеуін ғана келтірдім.
Сарғалдақ атындағы ауыл және өзен жайлы қысқаша.
Сарғалдаққожаның ауылы Шығысқа Жоңғарлар қазақ жерінен қуыла сала барғанға ұқсайды. Себебі, Сарғалдақ атында өзен, өзен бойына ауылы қоныстанғандықтан Сарғалдақ ауылы атанғаны тарихта тұр. Жоғарыда А.Татухановтың жазбасынан келтірген үзіндіде – жеті Момынның бас имамы Қожа Сарғалдақ деуі жәй емес сияқты. Осы жайды ескерсек Зурадан туған жиендерімен бірге келген, Момын жұртын мұсылманшылыққа тәрбиелеген ауыл қондырып, ол ауыл Сарғалдақ атанды деуге толық негіз бар. 1728 жылдары Қазбек би арғындардың көшін бастап шығысқа келгені жайлы деректерге қанықпыз. Сарғалдақ ауылыда осы кезбен қарайлас келген десе болады. Сарғалдақ ауылы тарихқа бай, табиғаты әсем, жері шұрайлы мекен деп жазады деректерде. Ауыл аудандағы (қәзіргі Абай ауданы) ең үлкен Шаған өзенінің Ащысу және Сарғалдақ өзендерінің бойында орналасқан. Ауылды солтүстігінен Шыңғыс , шығысынан Бұғылы, оңтүстігінен Машан , батысынан Көксеңгір тауларының ортасында орналасқан. Ауылмен өзен Сарғалдақ аталуының тарихын тым ертеден іздеген жөн сияқты. Себебі, Сарғалдақ Көкшетауға 1757 жылдар маңында Абылайханның ықпалымен көшкен. Абылайханға Сарғалдаққожаның қажеті зор болғаны белгілі. Себебі, Хазіреті Мұхаммед с.ғ.с ның аһли бәйіті, жүрегінде иман тұнған, адал, әділ, діни білімді, дипломат, әрі туған балдызы, сенімді серігі. Тағы бір дәлел келтірсем. Алдағы үлкен ел басқаратын саясатқа Сарғалдаққожаның өзіде, оның алғыр, тәрбиелі ұлдары да керек болатынын данышпан Абылай ойлаған атпаса да түсінікті. Әбілпейіздің ұлы Көгедай Керейлерге төре болып барғанда, шығысты мекендеп отырған төреге, қаншама алыс солтүстіктегі Сарғалдақтың ұлы Жәмшіні кеңесші, молда етіп жберілуінің астарында, алысты ойлаған үлкен саясат жатқанын сезген дұрыс. Бұл кез Абылайдың өмірінің соңы болуы мүмкін. Мүмкін, Абылай өмірден озса да әкесінің ақыл, кеңесін тыңдап, тәрбиесін көрген Уәли хан Сарғалдаққожамен ақылдасып шешкені түсінікті. Сарғалдаққожаның Жәмшіден басқада , үшінші әйелінің ұлдары ағасының артынан кеткені, Сарғалдаққожа осы балаларына хабарласқалы кетіп оралмағаны жайлы ауыз екі әңгіме бар. Арабша кейін криллшеге түсірген шежіреде бәйбішеден туған Жәмшінің және үшінші әйелден туған екі ұл Ерәлі,Серәлінің аты барда, ұрпақ өрбімей қалғаны жазылған.
XVIII ғасырда Сарғалдақ аталған ауыл 1930-33 жылдары «Қызыл-ту» және «Бестамақ» 1959 жылы шілде айында «Қызыл-ту» совхозы болып қайта құрылып 1998 ж. 02 шiлдеге дейін «Сарғалдақ» ауыл советі атанғаны деректе тұр. Бұдан кейін Семей облысы қысқартылғанда Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 1998 жылғы 02 шiлде күнгі шешімімен Абай ауданының Сарғалдақ селолық округi Тоқтамыс ауылдық округi, ауыл аты Тоқтамыс ауылы болып өзгертіледі. Тоқтамыс тобықтының жоңғар соғысына қатысқан белді батыры.
Сарғалдақ өзені. Жанындағы үлкен өзен Шаған. Интернеттен алған фотада Сарғалдақ өзеннің Шаған өзеніне құйған жері.
Бұрынғы Сарғалдақ ауылы. Қәзіргі Тоқтамыс ауылы болып өзгерген.
Жергілікті ел ағалары Сарғалдақ атауы жайлы не дейді?
Машан тауының түстік шығысындағы Көксеңгір тауынан басталатын өзенді «Сарғалдақ» өзені дейді. Ол «Қоңыр әулие» түбінде Шаған өзеніне құяды. «Өзеннің аты – осы араны қожа ма, төре ме Сарғалдақ деген кісі мекен еткен екен. Соған байланысты аталған» дегенді елге қадірлі көнекөз қария Әбіш Қарсамбекұлы еліне айтып кетсе керек. Оны Леймен деген ақын да қостаған дейді, деректе. Әбіш Қарсамбекұлы Тоқтамыс батырдың туы мен қару жарағын сақтаған төртінші ұрпағы екен. Дерек дәлелді болу үшін, Әбіш жайлы қысқаша.
Әбіш Қарсамбекұлы 1880-1968 жылдары өмір сүрген, ескіше оқыған діндар адам болыпты.1950-60 жылдары молдалық құрған. Ескі дастан, қиса жаттаған, ауыз әңгімелерді көп білетін, әрі шежіре жазған көкірегі ояу адам болыпты.
Іздеушісі жоқ Сарғалдақтың атындағы ауыл, сол мекенде өсіп, өнген ұрпағы іздеушісі бар Тоқтамыстың атына, облыстық мәслихаттың шешімімен ауыстырыла салған. Бұрынғы заманда жер,су аты халықтың айтқанымен кететін заман өзгеріп, жазбаша өзгерте салатын орыс отаршыларының өзім білемдігі, тәуелсіздік басталғанда жер су атын өзгерту оңтайланғаны соншалық, бірнеше адамның өз ыңғайына қарай, шешіп жаза салғаны өкінішті, әрине. Ал, қазағы аз солтүстікте орысшаланып кеткен атауларды қазақшалай алмай отырғанымызға аттай 33 жылдан асты.
Балқаш көлінің маңында Сарғалдақ аталған тау барын анықтадық. Бірақ, бұл тау Сарғалдақтың атында ма, әлде басқаның атында ма , оны зертеп жатырмыз.
Әулие Сарғалдаққожаның тұмары
Қазақтың ұлы ханы Абылайдың 300 жылдығын тойлау дайындығы кезінде ханның Шыңғыс деген ұлынан тараған Сансызбай Мұхитанов деген ағамызбен бірге жұмыс жасадық. Бірде Уәлиханның мөрі Көкшетауда бір апайда сақтаулы жайлы әңгіме қозғады. Қызығушылығым оянып, апайды іздеп барып, мөрді көрдік. Мөр Мағыфура Сәдуақасқызы Мәкенова (Мақы) апамызға әкесі Сәдуақастан қалған мұраның ең құндысы екен. Сәдуақас Мақыұлы 1969 жылы 82 жасында қайтыс болыпты. Мөрді әкесі «Мөр- шәриф» деп атағанын, мөр әкесіне қайдан қалай келгені жайлы Мағыфура апамыз бұрында айта алмаған. Қәзірде анық айта алмады. Бірақ, мөр деуге келетін емес. Қара түсті пластмасса сияқты затқа арабша ойып жазған сөздер екен. Шеңбер үшке бөлінген. Ортанғы кіші шеңберде «Аллаһ», келесі шеңберде Мұхаммед, Абубакир, Омар, Осман, Али, Фатима, Хасан, Хусейн сыртқы шеңберде сүресіндегі әулиелердің аты жазылған
Араб алфабитінде жазылған сөздерді оқыған діндарлар Уәлиханның аты жазылғаны жайлы ештеңе таппады. Пішіні, жазған жазулар мөрге ұқсамайды. Қағазға сиямен басқанда қағазға түспейді екен. Тек, қара балды қарындашты үйкеп жағып алып, ақ қағазға басқанда түседі екен. Интернеттен, кітаптарда мәлімет іздедім. Біршама мәліметте таптым. Мөр жайында 1985 жылы басылған С. Мұхтарұлының «Шоқан және өнер» деген кітабында біраз мәліметтер бар екен. Кітапта тұмарды Сәдуақас Мақыұлы «Мөр – шәриф» деп, атағаны айтылып, осыған сай сөздік тұрғыдан «Ұлы мөр» деп атапты. Бірақ, кітаптата мөр еместігі, бетіндегі таңбалардың бедері сиямен басқанда қағаз бетіне түспейтіндігін жазыпты. Осы жайларды ескеріп С. Мұхтарұлы төмендегі жорамалын жазған. Жорамал бойынша: – Мақының шешесі Айғанымның әкесі Сарғалдақтың тегі – қожа. С. Мұқанов «Аққан жұлдыз» тарихи романында Сарғалдаққожаның Бұхарада отыз жыл оқып, он екі пәнді тәмәмдаған, ғұлама екені келтіріп, «Мөр – шәриф» жайлы қысқаша дерек келтіріпті. Онда, тұмарды Айғанымға, одан Мақыға қалай жеткені жайлы жазылған. Сарғалдаққожа Мекеге Қажылыққа барғанда Мединедегі Мұхаммед (с.ғ. с) пайғамбардың зиратының шырақшысы сыйлаған. Мөрді Сарғалдаққожа қызы Айғанымға сыйлаған. «Мөр – шәриф» құран секілді Айғанымға әкесінен аманатқа қалса, Мақы ұрпағына қалуынада жүйелі сыр барын жазыпты. Оны былай келтіреді. Мақы туғанда сап- сау болған. Мақы 5- 6 жас кезінде ауруға шалдығып ессіз қалады. Оны өлдіге санап, жерлейді. Бірақ, Мақының сүт анасы баласының тірі екенін айтып қоймаған соң, қайта қазып алса тірі болып шығады. Сонда, шошынғанан мылқау болып қалған деген, деректі С. Мұхтар ұлы келтіреді. Екінші деректе осыған ұқсас. Мақының туған елі Сырымбет халқынан алған деректі С. Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романына енгізіпті. Романда Мақының азан шақырып қойған есімі Әбу – Мұхаммет. Бес жасында сүзекпен ауырып, қайтыс болады. Мезгіл қыс. Мақыны кигіз үйге оң жаққа салады. Бірақ, Мақы шала өлгендіктен қайта тіріледі. Осы кезде суық тиіп құлағы, тілі байланып қалған. Мақының мүгедек болып қалғанын көрген Айғаным Меккеден Сарғалдақ әкелген медальонды бойтұмарға берді деп жазған. Айғанымның аса діндар болғанын кітапта атап өткен. Кітап кеңес заманында 1985 жылы жазылғандықтан бұдн артық нәрсе жазуға болмағанда шығар. Бұл деректі Макенов (Мақы) Ғабит Қалтайұлыда растады.
…Тұмар 2011 жылы Көкшетау қаласында тұратын сексен асқан апамыз Мағыфура Сәдуақасқызы Макенова (Мақы) қолында болды. Кеңес заманында әдетке сай Марыфуға апамызды Зоя деп атап келген. Көп жылдар партия және саяси салада қызмет еткен. Бауырларын жеткізем деп жүріп, тұрмыста құра алмаған. Төре екенін жасырып келген. Қызметіне өте адал, белсенді болғаны кей сөздерінен аңғарылып тұрды. Соның өзінде артық кем айтып қоямба деп, әр сөзін ойлана айтып отырды. Мөрдің әкесі қалдырғаны айтқаны болмаса, әкесіне қалай келгенін білмейді. Ешкімге көрсеткісі келмейді. Мөрді екінші рет Сәдуақастың Қалтай деген ұлының баласы Ғабит арқылы барып көрдім. Ғабит құқық қорғау саласында қызметте болған, көзі ашық азамат екен. Атасы Мақыға тартқан өте шебер . Үйіндегі қолдан жасаған ағаш мүсіндерін тамашалатты. Шебер болғанымен өнер саласынан алыстау болыпты. Бірақ, талант қойсынба бос уақытында біршама туынды жасаған.
Ғабитта тұмардың әкесіне қалай келгенін басып айта алмады. Тек атамыздан қалған мұра деуден аспады. Мөрді атасының көзінің қарашығындай сақтағанын, бірде мөрді жоғалтып, алып қайта тапқаны жайлы Ғабит еске алды.
Бірда сабақтан келсем атам балаша егіліп жылап отыр екен. Шошып кеттім. Не болғанын сұрасам. Бітті құрыдым, құрттым, жоғалттым деп боздайды. Жүгіріп анамнан сұрасам атаң ана, қойнына тығып жүретін затын жоғалтып алыпты. Соны іздеп таба алмай жылап отыр дегені. Тұмарды әдейі тіккен дорбаға салып, мойнына тағып, қойнынан тастамайтын. Бірақ бізге көрсеткен емес. Атама жүгіріп келіп қашан, қалай қайда барғанын сұрадым. Ол моншаға барғанын, сонда қалдырдым, біреу алып кетті. Енді табылмайды деп, егіліп жылайды. Менде атамды аяп, қосыла жыладым. Велесипедіме міне салып моншаға тартым. Моншаға көз жасыма көміліп, сора сорам шығып барсам керек. Моншадағы жуан орыс әйелі: «Чо Макенчик» деп, баж еттіде, «за каменами пришли» деп, дорбаны ұстатты. Ашып қарасап дөңгелек зат. Ортасында мен білмейтін жазу жазылған. Үйге қарай ызғыттым. Жүгіріп келіп атама мынау ма дегенде, отырған атам орнына аңырайып тұра алмай қалды. Қолына ұстатқанда ашып жіберіп тұмарды сүйіп жатқаны әлі көз алдымнан кетпейді. Қуанғанынан меніде құшақтап сүйе беріп еді – деп еске алады.
Біздің жорамалымыз бойынша бұл мөр емес, тұмар деп түйдік. Ал Макеновтардың (Мақы әулетінің) қолына қалай келгені жоғарғы деректерді негізге алғаннан басқа мәлімет жоқ.
Бұл тұмарды — «Шоқанның мөрі» деп, жансақ атап мұражайға қойғанын Көкшетаудағы Ш.Уәлиханов атындағы университеттің Шоқан мұражайында кезікті.
Тұмардың фотасы, сызбасы қойып: «Ш.Уәлихановтың мөрі. Оны Петербург көркем өнер академиясының түлегі, інісі Мақы жасаған», — деп жазыпты.
Шоқан музейіндегі мөрдің (тұмар) қара қарындашпен басып, қағаз бетіне түсірген кескіні. Сиямен, таңбаның маймен басса түспейді . Қарындашты тұмардың бетіне үйкеп, жағып алып, оны қағазға басса түседі. Мен де осылай түсіргем. Фоталары төменде.

Шоқан мұражайында тұрған тұмардың фота көрінісі.Астында түсінігі жазылған.
Тұмардың жазба беті.

Қарындаштың қара балын жағып түсірген тұмардың сызбасы.
Тұмар- қара түсті пластмасса сияқты зат. Бетіне араб әрпімен ойып жазған сөздер бар. Шеңбер үшке бөлінген. Ортаңғы кіші шеңберде «Аллаһ» келесі шеңберде Мұхаммед (Мұхаммед с.ғ.с), Әбубәкір, Омар, Осман, Али, Фатима, Хасан, Хусейн; сыртқы шеңберде құранның «Кеһф» сүресіндегі әулиелердің аты жазылған. Бұларды «Асхаб-ул-каһф» немесе Асхаби-каһф деп, атайды екен. Олардың есімдері: Ямлиха, Макселина, Мислина, Марнуш, Дабернуш, Шазенуш, Кафаш-татаюш және күшігі Кытмир. Басқа артық сөз жоқ. Араб әрпімен жазылған сөздерде ешқандай Уәлихан, Шоқан деген сөз болмады. Бұл жәдігерде Сарғалдақ әулиенің тегін адам болмағанның бір парасы ретінде тарих куәсі болып қалары сөзсіз.Тұмар сөз жоқ – Сарғалдаққожаға тиесілі. Бұл тұмар жайында «Аққан жұлдыз» романында бір екі рет кезігеді. Романды оқыған көз қарақты оқырманның есіне, осыдан соң есіне түсетінде болар. Сарғалдаққожа мемлекет, қоғам, дін қайраткері, Абылайханның сенімді серігі. Елі, ұлты, ислам діні үшін оңтүстіктен, шығысқа, шығыстан солтүстікке, яғни Есіл бойына қоныстап қалған қожа ұрпақтарының ең елеулісі , дін басы және ел басқарған мемлекет қайраткері.
Болыс болған Шомат қожа
Нұртазаға
Сен неге қарамайсың, жаман болыс,
Кеше де болған жоқ па ед ағаң болыс?
Үлкенге сәлем-тағзым қылмап па еді,
Шомат пен кешегі өткен Шопан болыс.
Астыңа сүннет атын мінгізермін,
Көкшеде басын қосса тамам болыс.
Иә, Ақан серінің осы Нұртазаға деген өлеңінде аты атылған Шомат болыс қожа тұқымынан. Шомат әрі қожа, әрі қажы екен. Қожа, қажы атына сай әділ, елге жайлы болған деседі, кей деректерде. Шомат біраз жыл болыс болып, болыстықтан кеткісі келсе керек. Сондай оймен жүргенде біреулер ренжітсе керек. Сонда, Шомат: «Қарауылдар өздерің сайладыңдар, өздерің болыстықтан алмасаңдар, өзім кетем» депті. Ел ағалары жиылып келіп, «райыңнан қайт, тағы бір мәрте болыс бол. Біз оған дейін болыс болатын кісімізді дайындап алайық» деп, райынан қайтарған дейді ел ауызындағы әңгімеде. Не деседе осал адам болмаған деп, білген жөн. Шомат Әжі қожаның ұрпағы дейді.Оны төмендегі күйеу баласы Ақан серінің өлеңінен білетін боласыздар.
Ақан серінің үйленуі
Әкесі Қорамса Ақан серіге Ноғай Қарауыл ішіндегі Бадырақтың Бекбасының Бәтима есімді қызын атастырады. Бәтиманың үлбіреген уыз пішіні, тал бойына жарасқан ақыл-парасаты, әнді сүйген нәзік сезімі, бал қылығы Ақан серіні үйіріп алады. Ақан сері Ақсу мен Қоскөлдің арасын жол қылып, күн демей, түн демей жосылып, ай қалқыған мақпал түнде бозторғай сілкінген боз таңға дейін Бәтимамен сырласады. Бірте-бірте Біржан сал секілді Ақан сері де бұл өңірді әнмен тербейді. Қайыншылап жүріп, Төрелер ауылында, Сұлушоқыда Қоңыр атты тоқ бәйгеге қосады. Қоңыр ат ешбір атты маңына да ілестірмейді. Бұл Ақан серінің Құлагердің алдында мінген сәйгүлігі. Бірақ, сәйгүлікке қызыққан Жүсіп төренің ішінде сөнбейтін қызғаныш оты тұтанады. Қысқасы осы қоңыр ат Жүсіп төренің кермесінде мерт болады…
Сол кездерде қыс түсе сүзек індеті жұртты қынадай қырып өтеді екен. Желегі желкілдеп, алдағы мамыр айында ұзатылайын деп отырған Бәтима кенет осы дерттен дүние салады. Үміті үзілген ақын мұң шерге батады.
«Уақыт – емші» екі жыл өткен соң Ақан сері Шомат қажының Бәтимасына (Фатима дегенде жазбалар кезігеді) көз салады. Қорамса Ұлыкөлді жайлап отырған Біржан салға:
– Шырағым Біржан, Ақаныңның жүзіне шырай кірді. Бір келіп кетсең, Ақаның жүзіңді көріп, лебізіңді естіп, одан сайын көтеріліп қалар еді, – деп сәлем жолдайды.
Біржан сал Керей еліне белгілі Данияр ұстаға Ақанға лайықтап жасатқан, ақ күміс жапқан қырғыз ерін ала келеді. Онысы Қоңыр атқа жараса кетеді. Бірнеше күн ән салып, осылай Ақанның құлазыған көңілін көтеріп, қайта сергітеді. Біржан сал ауылына қайтатын күні Ақан серіге тобылғы сабы алтынмен бунақталған сегіз өрім қамшысын береді. Ат төресі Ақсеркешінің кекілінде желкілдеген үкіні Қоңыр аттың кекіліне тағады. Қыран құс қондыратын қызыл аршадан жасаған балдағын да беріп кетеді.
Қабағы ашылып, көңілі көтерілген Ақан сері:
«Салқоңыр, тізгінің бос, жолың ашық,
Баратын жерім шалғай, жерім қашық.
Үстінен Айыртаудың қарайын бір,
Көзіме көріне ме сүйген ғашық?»
– деп атқа қайта қонады.
«Басыңда кәмшат бөркің жарқырағын,
Иығыңда алтын шолпың жалтырағын.
Сыпатың жұмақтағы хор қызындай,
Үніңнен айналайын қалтыраған» – деп Бәтимаға ән арнайды.
Қорамса Бәтиманы айттырып құда түседі. Шомат қош алады. Бірақ, мерзімді уақытта қызын ұзататын айтады. Кесімді уақыт болғанда Қорамса бастаған құдалар келеді. Осы кезде Шомат қожа күйеу баласын сынамаққа ақынсың ғой: -«Балам әу деп, жібер» депті.
Сонда Ақанның айтқаны:
-Атаңыз Əжі қожа келген кенттен
Үш жүздің баласы қолы жеткен.
Азырақ дəрежеңді көтерейін,
Нəсілің келе жатқан Қожа Ахметтен.
Қыз алған бізден бұрын Шəмші төре,
Əзілхан күйеу болып ол да өткен.
Бірі бай, бірі купец граждандар
Не керек байдың малы, арам тектен.
Олардай бай граждан болмасақ та,
Келеміз біз де қалмай қалың топтан.
Біз-дағы қазақ осал емес,
Сіздердей асыл текке қолы жеткен, – дегенде, «болды балам, жарайсың» деп, қойғызыпты.
Осылай Шомат қажының Бәтимасына үйленеді. Бәтима Ақан серінің қараңғы көңіліне сәуле шашып, мұңды жүзіне шырай береді. Қоңыр атпен Ақан сері айдарынан жел есіп бір бекзатқа айналады.Тұлпарын жиі-жиі таңасырып, қу құрсақ етіп ашықтырады. Ат моншасына бұлаулап, қамау терін алдырып, артық етінен арылтады.
Әбден бабына келген Қоңыр атты Көкшетаудағы Балуан Шолақтың: «Кешегі сентябрьдің базарында, сындырдым Карон палуан қабырғасын» деп айтатын Сентябрь жәрмеңкесінде бәйгеге қосады. Қоңыр ат бәйгеден жеке келеді.
Келесі жылы жазда Көкше жерінде Шұғыл Бәйгес деген әкесіне ас беріп, екі жүз аттың ішінен бәйгеде Қоңыр ат алдына қара салмайды. Бәйгесіне он жылқы, кілем жапқан ақбас атан, елу қой алады.
Көп ұзамай, Бәтимасы босанып, Ақан сері жиырма үш жасында перзентті болады. Аққошқар – Сайдалы асынан мол олжамен оралған Ақан серінің отбасында тағы бір перзент дүниеге келеді. Үміті мен Дәмелісінен кейін Бәтима ұл туады. Нәрестенің атын Ибраһим қояды. Оны кейін бәрі еркелетіп, «Ыбан» деп атап кетеді.Өкініштісі Ыбан тілсіз, мылқау болды.
Көп кешікпей Бәтима дүниеден өтеді. Ақан сері тағы да қайғы-мұңға батады.
Ақан сері жайлы қысқаша..
Қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, ақын Ақан сері Қорамсаұлы – Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Үлкен Қоскөл маңында 1843 жылы туып, сол ата мекенінде 1913 жылы Бұлақ басы, Құлагер құдығы деген жерде дүние салған.
Ақанның Арғын ішіндегі Қарауылдағы арғы аталарының бесінші тармағындағы Құдайқұл ақын, әнші болса керек. Өз әкесі Қорамса елге белгілі бай әрі ұтымды саудагер, адамшылығы жағынан да қадірменді мінезімен жақсы атанған кісі болыпты.
Ақанның шын аты “Ақжігіт”, кейін ата-ананың еркелеткен атымен елге әйгілі Ақан атанады. Айша деген апасы, Мұхамбет, Рамазан, Айберген атты інілері болған. Ақан 13 жасқа дейін үй тәрбиесінде болып, ауыл молласынан сабақ алыпты. Одан кейін Уәли Ахун деген кісінің Қызылжардағы медресесінде үш жыл оқып білімін арттырыпты.
16-17 жасында әнші, ақын, домбырашы аты шығып, кешегі шәкірт жігіт серілікке бой тастайды. Ақанның өнерін таныған Қорамса ақсақал қолынан келген ақылын айтып, қаражатын аямай: “Сері болсаң мырза бол, бәйге, жүлде секілді табыстарыңды алған жерде таратып, таза бол”, – деп әкелік ақылына көндірген.
Ақан әні кең даланы күңірентіп, Сексен көлді толқытып, Есіл-Көкше аймағына кең тарай бастағанда Қоңыр аттан айрылған Ақан Құлагерді кездестіріп, мал да болса, адамдай достасып кетеді. Құлагерді Көбей-Қарауыл Шөкетай жылқысынан шыққан, аузымен құс тістеген жүйрік болады. Құлагердің туған жері Қамысақты өзенінің кең даласындағы «Қамал шоғы» деген ат жалындай ақ қайыңдар түбі дейді.
Алғаш атастырғаны Бәтима сұлу тойға жақындағанда өліп кетті. Алып қашып үйленген жары Тінәлі қажының қызы Ұрқия үш айдан кейін шешек шығып дүниеден озды. Өзі ұнатқан Шомат қожаның қызы Бәтима (Фатима) он жыл отасқанда екі қыз, бір ұл көрді. Фатима да ерте кетті, үлкен қызы да солай көп тұрмады, жалғыз ұлы Ибраһим (Ыбан) мылқау болып туды. Ақтоқтымен болған хикаясында бір дастандық дүние бар. Ақан ғашықтарының бәріне өлең шығарып, тамаша әндер арнап кетті. Ақан сері өз кезінде Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иманжүсіп, Құлтума сияқты ақын-әншілермен бастас болып, халықтың мәдени-рухани өміріне айырықша ықпал еткен.
Ақан сері жайлы жазғандар, зерттегендер көп. С.Жүнісов екі томдық «Ақан сері» роман жазды. Бірақ Кәкімбек Салықовтың айтуынша Ақанның ең ірі, тұңғыш зерттеушісі Мағжан Жұмабаев дейді. Осы жазбағада М.Жұмабаев тың жазбалары пайдаланылды.
Түйін: Жоғарыда жазба Ақан серіні дәріптеу емес. Ақан онсызда дүйім қазаққа танылған. Солтүстік өңірдеде қожа ұрпақтары өмір сүріп, абыройға ие болғанын паш ету. Осы Шомат қожаның ұрпақтарын іздестірдік өкініштісі таппадық. Ал Ақан серінің мылқау баласы Ыбаннан екі қыз болған дейді. Бірақ олардың кейінгі ұрпақтары белгісіз. Сұрастырдық, бірақ нақтап іздегенде ешкім болмады. Сарыарқаны дүбірлетіп, әнге бөлек ғашық жырын жырлаған Ақан серіде қожаның күйеу баласы. Әрі сері болсада, қайын жұртына жайлы, жағымды болған дейді, жергілікті жұрт.
АЙҚОЖА ИШАН ТЕМІРҰЛЫНЫҢ 250 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «АЙҚОЖА ИШАН ЖӘНЕ СЫР БОЙЫНДАҒЫ ТАСАВВУФ ИЕЛЕРІНІҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРІ МЕН ҚИЛЫ ТАҒДЫРЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫНЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫНАН







