Ғалымның хаты

Ақкөл-Жайылма өңірінің қожалары: тарихы мен қазіргі жағдайы

Қожалар дәстүрлі қазақ қоғамындағы аса құрметті әлеуметтік топтың бірі. Олар қазақ қоғамының негізгі генеологиялық құрылымына кірмейді және өздерінің шығу тегін Мұхаммед пайғамбардың төрт серігі Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әзірет Әліден бастайды. Қазақстан территориясында қожалар ерте ортағасырларда еніп, мұсылмандық дін уағыздаушылар, миссионерлер, ағартушылар ретінде әйгілі болған. Қазақстанға келмес бұрын қожалар ҮІІІ ғасырда Арабия жерінен Өзбекстанға келіп қоныстанады. Артынан Өзбекстаннан Бұхара қаласынан Ақкөл-Жайылмаға қожаларды Мұрат ишан бастап келеді. Қожалардың ұраны – «Қожахмет», таңбасы – араб алфавитінің бірінші әріпі – әліп (І). Қожалар ертеде төрелер сияқты қарапайым халықпен қыз алыспады, бірақта кейін келе жергілікті этнос өкілдерімен араласып жатты. Дегенмен жалпы қазақпен салыстырғанда қожалардың қоғамында жақын туыстық неке кең тараған. Қожаларға зекет жинау, ислам ережелерін орындауды бақылау, мұсылман дінін уағыздау т.б. функциялар берілді. Қожа этноәлеуметтік тобы Қазақстанның бүкіл территориясына жайылған. Қазақстанның ірі ауылдарында кем дегенде бір қожа отбасы өмір сүреді. Қазіргі кезде солтүстік өңірде қожалар қазақ руына араласып  субэтникалық топ белгісін жоғалтты.

 «Қожа» сөзінің этимологиясы. Бұл терминді терең талдайтын арнайы ғылыми зерттеу жұмысы болған жоқ. Оның есесіне ғылыми әдебиетте, көркем-көпшілік басылымдарда үйреншікті әдетпен қожа сөзін парсының /иран/ – ие, еге, мырза ұғымдарын білдіретін «хваджа» сөзімен байланыстыру жиі кездеседі. Бұл ресейлік ғылымның жетістігіне сүйенетін қазақ зиялы қауымның ортасында ХІХ ғасырдан бар түсінік /алғаш рет Ф.А.Брокгауз және И.А.Эфронның «Энциклопедиялық сөздігінде» орын алған / СПб., 1903. т. 37. с. 473/.

«Жүзге кірмейтін қазақ рулары» дейтін шежіреде /Жүсіпқожа, 1875 ж./ «қожа» сөзінің арабша мағынасы ағартушы дегенге келеді дейтін пікір бар /Ана тілі. №15 /сәуір/ 5-6 беттер/.

Көптеген ғалымдар «қожа» сөзі парсы тілінен алынған деген пікірде. Мысалы, Л.З.Рустемов өзінің еңбектерінде «қожа» сөзінің мағынасын келесідей түсіндірген: «…Тар мағынада Орта және Таяу Шығыс халықтары арасында феодалдық қоғам мүшелері, кең мағынада билеуші тап өкілдері. Әлеуметтік иерархияда қожалар сиадьерден кейін /Мұхаммед пайғамбардың ұрпақтары/ тұрады».

Қожалардың шығу тегі әр түрлі талқыланады: бір деректер бойынша, олар алғашқы төрт халифтің ұрпақтары /Әлінің әйелі Фатима пайғамбардың қызынан тарағандардан басқа/ болып келеді, басқа деректер бойынша, басып алушылық соғыстарда араб әскерлері жетекшілерінің ұрпақтары болып келеді.

«Қожа» сөзі «Ислам» энциклопедиялық сөздігінде келесі мағыналары көрсетілген:

Ортағасырлық Мысырда  қожалар – шет елден келген көпестер немесе бай көпес. Орта Азияның Саманидтер /ІХ-Х ғасырлар/ және Газневидтер /Х-ХІ ғасырлар/ мемлекеттерінде қожа – уәзір лауазымы. Осман империясында қожа деп уламды көрсеткен. Дәл осылай сұлтан тәрбиешісі, сарай кітапханасын сақтаушы және әтектер аталған. Қожа және джахан – Үндістан /ХҮІ-ХҮ ғасырларда/ сұлтанаттарында жоғары лауазымды тұлғалардың титулы. Көп санында хваджаган – Осман империясының /ХҮІ-ХХ ғасырларда/ шенеуніктер табының атауы. Казіргі кездегі Турцияда «қожа» деп дінмен айналысатын адамдарды айтқан және мұғалімдерді «қожа» дейді. Бірқатар қазіргі араб елдерінде хваджа /хуваджа/ деп мұсылман емес саудагерлерді және мұсылман еместерді атаудың әдепті түрі;

Орта Азияда ХХ ғасырдың басына дейін қожа деп төрт халифтердің ұрпақтарын айтқан /Пайғамбардың қызы Фатимадан тараған ұрпақтарынан басқа/;

Абдаль-Хаким аль Гиджувени негізін қалаған сопылық ходжаган туыстығының мүшесі / ХІХ ғасырға дейін/, кейін осы туыстықпен генетикалық байланысы бар бірнеше билеушілер әулеті;

Парсы Бұғазы аудандарында, Шығыс Иранда, Орта Азияның бірқатар облыстарында, Гиндукуште, Африканың шығыс жағалауында, Занзибарда өмір сүрген үнділік иема имет – низариттер қауымы;

Үндістанның исмаилиттер, сунниттер, шиит-имамиттерден тұратын халық тобы.

Ислам тарихи туралы шежіре деректерінде қожалардың арғы атасы Аюби Яминнен басталады. Пайғамбардың туысы Әлінің баласы Хұсайыннан өрбіген қожаларды – «Саид қожалар» деп атайды. Олардың аз ғана тобы Мекке, Мединаны, ал бір тобы Орта Азия мен Қазақстанды мекендеген.

Орта Азия халықтарының ішінде тәжіктер, өзбектер және түрікмендер арасында бараланған топты қожалар мен сейіттер құрып, жергілікті жерлерде оларды жалпы атпен «қожалар» деп атайды.

Бізге қажетті, әрине, қазақ қожаларына қатысты ғылыми анықтамалар. Қалыпты түсінікте, қарапайым тілде «қожа» қазақтың рухани өмірінің салмақты салаларына жауап беретін әлеуметтік топ атауы есебінде қолданылады. Кей қожалар өздерін пайғамбардың мұрагерлері, ізбасарлары, сақабалары деп те атайды. Қожа әулеттері дін сферасына, қоғамдық әдет-ғұрыптардың бірталай салаларына, неке және от басылық дәстүрлеріне бірсыпыра айналысады. Әлеуметтік жағынан бұл топты «асыл сүйек» деп атап кеткен.

Дегенмен қожа сөзінің тек парсы арабта ғана емес, өзгеде көрші елдерде кездесетінін себеп қыла отырып біз оның көне ұғым екенін сеземіз. Мысалы орыс тілінде «хозяин» сөзінің түп нұсқасы «хваджа» қожамен тікелей байланысты емес пе?! Қазақ тіліндегі «қожа» – иелік, меншіктеу, «қожалық ету» – билеу т.б. мағынадағы сөз қолданыстардың парсы мен славян тіліндегі хваджа мен хозяннен айырмашылығы қанша? Ең алдымен қазақ тілінде бұл сөз етістік түрінде кездеседі, ендеше ол осы ұғымның көнелігін білдіретін айғақтың бірі емес пе?!

Сонымен қожа сөзі Еуразия аймағында ертеден айтылып келе жатқан көне ұғым деп шештік.

Атау тұлғада бұл сөз ҮІІІ-Х ғасырлардан бастап қазақ жеріне қоныс аударып, ислам дінін уағыздай бастаған араб сахабаларына қатысты қолданыла бастады. Тәңіршілдік түсініктердің жуан ортасында өмір сүріп, Еуразия көшпелілерінің тарихи дүниетанымына ие болып отырған түркі қауымдары семит өкілдерінен жеңіліс тапқан бұл дәуір көптеген өзгерістерге әкелді. Бұл күрес мыңдаған жылдар бойы кейде жалындап, кейде бықсып жүріп жатқан еді. Еуразия топтары мен Семиттер арасындағы бақталастық осы жүзжылдықтарда семит-арабтардың пайдасына шешілді. Осы жеңістің белгісіндей болып Орталық Азияда ислам өкілдерін «қожа» атау қалыптаса бастады.

Қожалардың шығу тегі. Қазақ ішіндегі қожалар өз шығу тегін Мұхаммед пайғамбармен тікелей байланыстырғанды дұрыс көреді. Ол енді бір жағынан түсінікті де, себебі көшпелі қоғамда дін істеріне жетекшілік жасау үшін ел мойындайтын салмақты тек керек. Екінші жағынан қазақ қоғамының өзі де қожа тұқымының тапсырылған қызметті дұрыс орындауы үшін мүдделі. Тіршіліктің рухани сферасына үстемдік жасап, елдің рухани құндылықтарына бағыт-бағдар беру үшін қожа тобының әлеуметтік артықшылықтары болуы керек.

Осы талап орайынан шығу үшін қазақ ішіндегі төрелер өз шығу тегін әлемді дүр сілкіндірген Шыңғыс ханға, ал қожа тобы – тұтас бір діннің негізін салып кеткен Мұхаммед пайғамбарға сабақтастырады. Бұл субэтникалық этноәлеуметтік топтардың қалыптасуының, өмір сүруінің, қызмет атқаруының негізгі шарты. Тіпті қоғамға қажетті қас ниеттерімен ұнаған, бірақ шығу тегі күмәнді адамдардың өзіне осы қоғамның идеологиясын жасайтын адамдар /жыраулар/ қасиетті генеалогияны жасап береді, немесе жасалуына жәрдем жасайды.

Г.Загряжсий, Ш.Ибрагимов сияқты ХІХ ғасырдың екінші жартысында Түркістан өлкесінде қызмет жасаған белгілі зерттеушілер қожалардың Мұхаммед пайғамбардың алғашқы серіктерінен тарағанын /исхабтар/ және өздерін Мұхаммед пайғамбардың тұқымымыз деп атайтынын жазады. Қазақтың әдет-ғұрып заңдары туралы тамаша зерттеу жұмысын жүргізген Н.И.Гродеков «қожалар мен сейіттер ақ сүйек тобына кіреді, мұндағы қожалар – Мұқамедтің серіктерінің ұрпақтары, ал сейіттер қазақтар арасында көп емес, олар Хусейіннің баласы Зейнульабудиннен өрбіген ұрпақ, олар қожаларға қарағанда беделді» дейді.

Расында да қожа тобының генеалогиясы Мұхаммед пайғамбардың мұрагерлері төрт шадиярға бастайды: Әбу Бәкір Садық /632-634/, Омар /634-644/, Осман /644-656/, Әзіреті Әлі /656-661/ бар. Қазақтар арасында қожалар Шәмши Ахмед және Шайхы Бұзырық деген екі үлкен салаға бөлінеді. Шайхы Бұзырықтан: Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб, ал Шәмши Ахмедтен: Қорасан қожа, Қырық Садақ, Диуана қожа, Бақсайыс, Ақ қожа, Жүсіп қожа, Сейіт қожа, Қылышты қожа тарайды. Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңында төрелер мен қожалар бір топқа жатқызылып, оларға «қара» халықтан гөрі жеті есе артық құн белгіленген. Қожалар ислам дінін таратушы әрі уағыздаушы болумен бірге, халықтың арабша сауатын ашуға қатысты.

Әбу Бәкір Садықтан тарағандар Қылауыз /Жақып ата/, Қасым қожа, Мәулана Шәмшідін /Шәмші Бүзрік/, Арыстанбаб, Ұзын Ата, Бұлқас Ата, Шайқантауыр /Шәмші Бұзірік/, Сұнақ Ата, Жүсіп Ата, Мамыт Ата, Құмсахаба /Құмсаба/, Өмір Ата, Бұйра баба,  Дала бибі; Омардан – Қырық Садақ; Әзірет Әліден тарағна ұрпақтар – Қорасан, Ысқақ бап, Әбдірайым бап,  Диуана, Сейіт, Қарахандық, Бақсайыс, Құрбан қожа, Қожа Ахмет Яссауи, Құлтай қожа, Сәдір Ата, Қойлақы Ата.

Жақып /Қылауыз/ Ата Әбу Бәкір Садықтың жиырма бірінші ұрпағы. Ол өз дәуірінің /ХІІ ғасырда өмір сүрген/ білімді, ғұлама адамы, әрі әулие болғаны туралы жергілікті халық аузында осы уақытқа дейін сақталған, аңызға айналған қызметі, кереметі айтылады. Жақып Ата Қожа Ахмет Яссауидің замандасы болған. Жақып Атаның «Қылауыз» аталу себебі: дариядан бөлініп шығып, 4-5 шақырым жерде қайта құйған суды Сырдария бойы елі «Қылы» деп атайды және ол дариядан суат салған, ол осы күнге дейін «Талсуат» деп аталады. Екіншіден, адам жұту дәрежесіне  жеткен қарақұртты дұға оқып қайтарған. Осы қасиетіне байланысты Қожа Ахмет Яссауи: «сенің атың Қылауыз болсын» деп батасын берген екен. Араб тілінде – «қылауыз» – «ел басқарушы» деген ұғымды білдіреді. Оның ұрпақтары Алматы, Қызылорда, Шымкент, Жетісай, Жаңақорған, Қожакент, Өзгент, Ташкент қаласы, орта Шыршық, төменгі Шыршық, Шыназ аудандарында «қылауыз қожалар» деген атпен өмір сүреді.

Мәулана Шәмшідә /Шәмші Бүзрік/ /1145-1540/ Әбу Бәкірдің ұрпағы болған. Сырдария бойындағы Өзгент қаласында қоныстанған. Ол ата-бабасынан жалғасы келе жатқан қасиетті ислам жолын уағыздау, оны халық арасына таратуды міндет салған. Мәулана Шәмшідіннен тараған ұрпақтар /немесе Шәмші қожалар/ қазіргі кезде Қызылорда қаласы мен Тереңөзек және Жаңақорған аудандарында, Алматы, Шымкент қалаларында бар.

Әл-Әмин баб /ХҮ ғасырдың екінші жатысы – ХҮІ ғасырдың 20-жылдары/ Әзірет Омардың жиырма жетінші ұрпағы. Халық оны Қасым ханның белсенді батырларының бірі ретінде танып, лақаб атын «Қырық Садақ» деп атап, оның ұрпақтары «қырық садақ қожалар» деп аталады.

Шах Бүзірік /ХҮ-ХҮІ ғасырларда өмір сүрген/ Әзірет Әлі мен Бибі Фатиманың жиырма үшінші ұрпағы. Саид шаһ Бүзірік көне Өзгент шаһарында дүниеге келген. Оның лақаб аты «Сабұлт» – Бұлттар падишасы». Халық оны бұлтты бағындырған әулие, бұлттарды бір жерден екінші жерге айдап, керек кезінде жаңбыр жауғызады деп сенген. Оның ұрпақтары «Сабұлт қожалар» Қызылорда қаласында, Жаңақорған, Сырдария аудандарында, оңтүстік Қазақстан облысындағы Бөген, Шаян және Шымкент, Түркістан қалаларында, Өзбекстанның, Қарақалпақ, Хорезм, Самарқандта тұрады.

Мұхаммед Әнапиядан тараған ұрпақтың бірі – Диуана қожа атанған Мәдіқожа, Мәдіқожадан Қожжан, Қылыш, Пірзада, Бақмұхаммед атты төрт ұлы болған. Ал одан тараған ұрпақтары Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан аймағында және Ташкент облысының Орта және Төменгі Шыршық өңірінде мекендейді.

Әбдіжалел баб Әзірет Әлінің жетінші ұрпағы. Әбдіжалел баб Иемен шаһарында патшалық құрған кезінде Иран еліне аттанып, Хорасан қақпасын бұзып, басып алғандықтан Әбдіжалел Хорасани атанған. Ал одан өрбіген ұрпақтар Қызылорда облысының Жаңақорған, Түгіскен және Қожакент шаруашылық аумағында, Ташкенттің Орта Шыршық ауданының «Қожа керсен» ауылында, Сексен Ата өңірінде мекендейді.

Саидтер – қожалар ішіндегі аға буын болып саналады. Бұл топ қожа тайпасын құрастушылар. Саидтерден Мұхаммед пайғамбарымыздың үзеңгілес серігі Омар шыққан. Саид руынан сонымен бірге Шайхы Бұзырықтың ұлы Гимарат Әзиз араб әскерімен бірге Түркістанға келген. Түріктерде ислам дінін кіргізбек болған олардың әрекеттерінен ештеңе шықпаған соң күштеп еңгізбек те болады. Бірақ одан да көп нәтиже шыға қоймады. Сонан соң мешіт медреселер ашып, ислам дінін уағыздай бастайды. Жергілікті адамдарды арабша оқытып, ислам дінін қабылдаушыларды көбейтуге көңіл аударады. Гимарат Әзиздің ұрпақтары Баба Туклас пен Ысқақ баб қазіргі қазақ халқының арасында өмір сүрген адамдар.

Ал Ысқақ баб өте білідар адам болған. Оның кезінде қазіргі Баба Ата қаласы үлкен ғылым ордасына айналды. Ысқақтың мешіт сағанасы Баба Ата қаласында әлі сақтаулы тұр.

Қорасан тобы – Мұхаммед пайғамбар әулеті саналады. Мұхаммед құрайыш тайпасынан шыққаны мәлім. Пайғамбарымыздың немере ағасы Әбутәліп те сол құрайыш тайпасынан шыққан. Әбутәліптің ұлы Әлі Аббасты қазақтар Әзірет Әлі дейді. Ол пайғамбарымыздың үлкен қызы Фатиманың күйеуі болған.

Жүсіп қожа руының атауы Фарабтық /Отырар/ түрік Жүсіп ибн Ысқақ дамуланың есімімен тығыз байланысты. Ол кісі Шам қаласында /Дамаск/ оқып, білім алған. Медреседе негізінен химиятану пәнінен сабақ берген. Сондай-ақ алхимиялық ілімнен, әдебиетті, тарихты зерттеумен айналысқан. Жергілікті халық соғдылар /сарттар/ мен түріктер оны Жүсіп қожа деп атап кеткен. Жүсіптің өзі жергілікті түрік-оғыз тайпасынан шықса да, оның ұрпақтары келе-келе қожа атанып кетті. ХҮІІ ғасырдың басында жаңадан топтасқан қожа тайпасының құрамына енді. Жүсіп қожа руына Ұлан қожа, Қасым қожа, Құлтай қожа, Қарақан қожа, Көдей қожа топтары кіреді.

Түрікпен қожа руының аты адам атынан шыққан. Шыққан тегі түріктің қыпшақ-оғыз тайпрасының Түркеш /Түрікпен/ руынан шыққан Әбілмұрат Түрікпени сопы Бағдатта оқып келіп, Сығанақтағы үлкен мешітте ишандық /имандық/ қызмет атқарды. Ол сондай-ақ жергілікті қыпшақ-оғыздарда сунниттік-суфизмді уағыздаумен айналысқан. Оның ұрпақтары бертін келе Саид тобымен /Сейіт қожа/ араласып кеткендіктен оны жергілікті халық Түрікпен қожалар деп атай бастайды. Түрікпен қожа руы Саид руымен бірігіп ХҮІ ғасырдың соңында жаңа топтасқан Қожа тайпасының құрамына енді.

Тарихи деректердің көпшілігінде басымдылық Әзіреті Әлі тұқымына беріледі. Хадисте /Абу Хурайра мен Абу Хузари деректері/ Мұхаммедтің өзі «әр пайғамбардың ұрпағы өз қанынан тарағандар. Менің ұрпағым Әлиден тарағандар» деген екен-мыс. Олардың ішінде пайғамбарымыздың қызы Фатимадан туған әл-Хасен мен әл-Хусейннің ұрпақтары бір бөлек және Ханафия деген әйелінен туғаны бір бөлек деп есептеледі. Діни деректерге қарағанда әл-Хасанның ұрпақтары – шариф /ақсүйек, зиялы/, әл-Хусейннің ұрпақтары – сайид /көсем, мырза, әкім/, ал Мұхаммед Ханафия ұрпақтары – қожа /қожайын, мырза/ аталады. Ескі шежірелер қожа тобының ортасында жіктеу мағынасында қолданылатын ұғымдардың шығу тегін осылайша түсіндіреді.

Орталық Азия түркілері пір тұтатын Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың өзі де осы Ханафия ұрпағы екенін ескере кеткеніміз жөн. Тарихи шежірелердің бірінде «Үрім-Қайсар патшасымен /Византия/ болған соғыстардың бірінде Әзіреті Әліге қарсы бір жас жігіт шығыпты. Жекпе-жекте Әлидің зулфыхары жігіттің басындағы дулығасын ұшырып жібіріпті-мыс. Сол кезде бірнеше өрім бұрымы толқып арқасына түсіпті де, оның қыз екенін Әли де аңғарып қалады. Екеуі пайғамбар алдына барған уақытта қызды Үрым-Қайсар патшасының қызы екендігі, атының Ханафия екендігі т.б. белгілі болады. Осыдан кейін Мұхаммед пайғамбар екеуін қосыпты, қыз христиан дінінен бас тартып мұсылман болыпты делінеді. Әлиге шығар алдында қыз пайғамбарымызға бірнеше шарт қойса керек: «біріншіден, өкіл қыз етіп аласыз, екіншіден Фатиманың өзінің ықыласы  болсын, үшіншіден менен тараған ұрпақта Бибі Фатимадан тараған ұрпақпен бірдей сайид әулеті атансын» деп. Осы шартқа байланысты Ханафиядан туған балалар да сайид атанады-мыс. Олардың ішіндегі ең атақтысы Әли мен Ханафияның алғаш үлкен ұлы Мухаммед-Ханафия дейді аңыздар. Жоғарыда баяндалған оқиға қазақ арасында кеңінен тараған Әзіреті Әлі қиссаларында өлең тілімен баяндалған.

Біздің заманымыздың ҮІІІ ғасырында қазақ жерінде ислам дінін тарата келген араб жауынгерлерінің басшысы осы Мухаммед Ханафия мен оның серіктері Мүслим ибн Құтайбы, Құсам ибн Аббас, Үккаша ибн Михсон т.б. еді. Арабтың осынау атақты қолбасшылары туралы тарихи әдебиетте деректер аз емес. Сонымен қатар осы аталған тұлғалар қазақтың Қаратау-Түркістан өлкесіндегі бірнеше жер-су атауларында әлі күнге дейін өмір сүреді /Үккәшә ата құндығы т.б./

Қазақ аңыздары Имам Мұхаммед-Ханафияның да өзінің ақылдастары сияқты Қаратау қойнауына жерленгенін баяндайды. Олардың өліміне себепші болған исламды қабылдағысы келмеген отқа табынушы мық және тарса қауымдары. Аңыздар Мұхаммед-Ханафияның жерленген жерін біресе Созақпен, біресе Түркістанмен /Ахмет Яссауи кесенесінің маңы/ байланыстырады. Қалай болғанда да қазақ қожаларының түп атасы, Ахмет Яссауидің арғы бабасы Имам Мұхаммед-Ханафия араб жерінде туғанымен  өзіміздің Қаратау баурайында қайтыс болғанда ұқсайды.

Хәзірет Мұхаммед-Ханафияның алғаны Оспан /Осман/ шариярдың қызы Бибі Шамсия екен дейді. Одан  алты ұл тауыпты – Әбу-Хашим, Абдаллах, Жағыпар, Шахмансұр, Абд әл Фаттах, Әбд әл-Маннан. Орта Азия мен қазақ жеріне кең етек жайған қожалардың көпшілігі өз генеологиясының бастауын осы Әбд әл-Фаттахтан алады. Ескі қиссаларда Имам Мұхаммед-Ханафияның жолын одан әрі жалғастырып қазақ жерін мекендеген отқа табынушыларды мұсылмандыққа бағындырған шөбересі Ысқақ баб еді делінеді. Оның өмір сүрген заманы қарахан әулетімен қатар келеді. Міне осы кезде Орта Азия жеріне келген арабтар мен түркілердің тығыз араластыққа түскенін деректерден көреміз.

 Қожалардың Арқаға келуі 

Қазақстанға келмес бұрын қожалар ҮІІІ ғасырда Арабия жерінен келіп Өзбекстанның Бұқара қаласына  қоныстанады. Қожалардың Бұқара қаласынан Орталық Қазақстандағы Ақкөл-Жайылма өңіріне келуін Қажыбек Алғамбарұлы былай жазған: «Әкем Алғамбар қожадан естігенім руымыз – Имам раббани, бергі бабамыз Саид қожа әулетінен: Аққу ишан – Бағдаи ишан – Назар ишан – Мұрат ишан болып тарайды. Арқа еліне келген бабамыз  – Мұрат ишан. Мұрат ишанның Арқаға келгені туралы мынадай әңгіме бар: ХҮІІІ ғасырдың аяғында Бұхар-Шариф шаһарында діни медресені үздік тәмәмдаған Мұрат ишанды медрасе басшысы хазрет шақырып алып: «Сен дарынды шәкіртсің, сенің ырызығың Арқада, сонда барып елге ислам дінін уағызды»,- деп батасын берген екен. Міне, сол ХҮІІІ ғасырдың аяғында Мұрат ишан 20-21 жас шамасында Арқа еліне келген».

Ел арасында жүрген қожалар шежіресінде Назар ишаннан екі бала Мұрат ишан және Досым қожа тараған. Қожалар ұрпағы Қайрат Қажыбекұлы мен Ғабдылкәкім Ғаппарұлының айтуынша, Досым қожа Мұрат ишанмен бірге  Бұхара қаласынан келген шәкірт бала. Олар бір медреседе оқып, бірге келгеннен кейін, ағайынды көрінген. Досым қожа Ақкөл-Жайылманың қожалар тарихында бір-бір айтылмайды, Кәкім аға оны Бұхарадан келісімен Ерейментау өңіріне кетіп, сол жақта қожалар ұрпағын таратқанын болжайды.

Мұрат ишан да қасиеті бар адам болған екен. Оның қасиеті туралы келесі аңыз бар: «Арқа еліне келе жатып, Мұрат ишан ел тонаушыларға кез болған. Жас жігіттің үстіндегі киімі мен астындағы мінген атына қызыққан қарақшылар арам оймен мұны да тонамақшы болады, сол уақытта қалың тұман түсіп, қарақшыларды адастырып жіберген». Арқа еліне келген Мұрат ишан, ел аралап, Баянауыл елін мекендеген қанжығалы руына, Тоқсанбай деген байдың ауылында орныққан. Осыдан «Тоқсанбайдың тоғызыншы ұлынан тараған қожалар» деген сөз қалған. Тоқсанбайдың сегіз ұлы болса керек. Мұрат ишанды өзінің тоғызыншы ұлындай көріп,  артынан үйлендірген. Кейбір шежірені білмейтін қожалар өздерін қанжығалының ішінен тараған қожамыз деп санайды. Мұрат ишан Тоқсанбайдың тоғызыншы ұлы болса да, жеке қожа тегінен шыққан ұмытпағанымыз жөн. Мұрат ишан осы елден Малдыбайқызы Марғанға үйленіп, Исабек, Мұхаммеднияз деген екі ұл көрсе, кейінгі әйелінен Сүлеймен мен Смайыл атты ұлдар дүниеге келеді. Мұрат ишан шапағатты, ел арасында абыройы зор ишан болған. Халыққа ислам дінін тарату, уағыздау жолында үлкен еңбек еткен. Дүниеден өтетін уақытын сезген ишан ата балаларын /Исабек, Мұхаммеднияз/ шақырып алып: «Мені еліме жеткізіңдер», – деп өсиет айтқан. Сөйтіп балалары Мұрат ишанды керуенмен Бұхар Шарифке апарған. Барғаннан соң шамамен бір айдан кейін Мұрат ишан қайтыс болып, балалары әке өсиетін орындап, Тентек /Тебеген/ ишан зиратына жерлеп, қырқын өткізген соң, елге көш бетін қайта бұрған.

Мұрат ишанның ұлы Исабек ишанның өзі қасиетті, шарапатты адам болған. Кезінде Мәшһүр Жүсіп, Тәтентай хазрет, Бекбау әулие тағы басқалармен сыйлас болған, ел арасында қасиетімен абройы жоғары, әулие көріпкел, терең білімді ғалым болыпты. Исабек ишанның шарапаты жөнінде мыныдай аңыз бар: «Исабек ишан інісі Мұхаммеднияз екеуі әкесі Мұрат ишанды жерлеп, Бұхар – Шарифтен керуенмен келе жатып қарақшыларға  кезігеді. Ишан аты-жөнін айтқан соң қарақшылардың басшысы: «Қасиетті болсаң аспандағы ұшып бара жатқан қаздарды жерге қондырды »,- дейді. Сонда Исабек ишан екі рәкәғат намаз оқып, дұға жасағанда қаздар жанына келіп қонған. Қасиетіне бас иген қарақшылар ишан атадан кешірім сұраған. Исабек ишан мұсылман еліне, қазақ жеріне шырақ жағып, имандылықтың, сауаттылықтың жарығын таратуға келген жанкешті адамдардың ұрпағы.  Міне, осы қасиеті мен қамқорлығы қатар тараған тұлға туралы деректердің аздығы, халық санасына там-тұмдап жетуінің салдарынан ол кемеңгер адам туралы әңгімелер көбінесе аңыздық кейіпке ие болған. «Халық айтса қалыс айтпайды» деген сөз де талай ғасырлар белесін өрлеп келген өрелі сөздердің қатарында болса керек. Бірінің естігенін екіншісіне ауызша жеткізіп отырғандықтан да өткен дәуірлердегі халықтың бетке ұстары, қорғанышы, ақылшысы, сүйенері болған зерек туған тұлғалардың есімі бүгінге дейін келді. Сондай әңгімелердің бірталайы Исабек ишан жайында.

Исабек Ақкөл-Жайылма аймағында жүргенде әкесі Мұрат ишан қатты науқастанып, «мені туған мекенім Бұхар-Шарипке алып барып жерлеңдер»,- дейді. Жер шалғай, жол алыс. Арба түгілі салт атпен жүргеннің өзінде алты айшылық қашықтық. Елін, туған өлкесін көрмегелі де көп болған Исабек ишан әкесінің өсиетін талай қиындықты басынан кешіп, арып-ашып сапар шеккеніне қарамастан әкесінің қатты сырқаттанып жатқан кезінде арманын орындауға асықты. Алла тағаланың білдіргені сол жолы әкесімен туған жерінде бақұлдасуға үлгеріп қалды. Бірге алып барған інісі – Мұхамеднияз екеуі Мұрат ишанды арулап, жер қойнына тапсырды.

«Ертеде Ишан атамыз Әулие көлдің жағасына қоныстанған екен. Сулы жер – нулы жер. Қасиетті атамыз таңдаған жер малға да, жанға да шұрайлы, құнарлы болып, аз уақыттың ішінде көл жағасына көп халық қоныстанған. Көпшіліктің арасы ала-құла болады ғой. «Бір биеден ала да, құла да туады» дегендейін елге жұмақтай өңір тауып берген атамызды да алакөздеп, сырттай жауласушылар табылады. Исабек ишан қазақ жері Ресей империясына бағынышты кезде өмір сүрген. Ақкөл өңіріндегі лауазымы бар біраз адамға қожо ұрпақтары ұнамай қалады. Мұндай кезде олар бетке айтып, ақ-қараны ағайын арасында шешсе жақсы ғой. Жақтырмаушылар жиналып орысша хат танитын тілмаш тауып Омбы генерал-губернаторына  Исабек ишанның үстінен арыз жазады. Көп ұзамай тергеуге, жауап алуға шақыру да келеді. Жанашыр ағайын: «Бармаңыз. Орыс түсінігі басқа, үкімі басқа. Жазым етіп жүрер» деп қол-қолайды. Арыз жазып жүргендер де осал емес. «Туыс бар болсаң көре алмайды, жоқ болсаң бере алмайды» деген қисық біткен бұтадай қыңырлау мәтел бар. Міне, осы сөз де тегін айтылмаған. Болмағанда Исабек ишанның төңірегінділер қадыр-қасиеті бөлек адамды білмейді деуге бола ма. Біле тұрып қысастық жасауға ұмтылады. Көп ұзамай керзі етігін гүрпілдетіп, мылтығын көлденең ұстап, солдаттар келеді. Ауыл халқы солдаттардың Иман атаны тұтқындауға келгенін естіп, жылап жібереді.

-Жыламаңдар. «Алла жөнін берсе, орыс тонын берер» дейді сапарға аттанып бара жатып. Атаның сөзіне иланғанмен жұртшылық, орыс айдауына кеткендердің қайтпайтынын да ойлап қапаланады.

Солдаттар әкелісімен Ишан атаны түрмеге қамайды. Түрменің іші қараңғы, сыз. Ишан өзгеден бұрын мұсылмандық парызын өтеуді ойлап, намаз оқитын орын іздейді. Құбылаға маңдайын берер тұсты тауып алу қиын деп отыра берсе, намаздың уақыты өтіп, қаза болар түрі бар. Ишан әулие отыра қалып дұға оқиды. Осы кезде есіктің құлпы тарс етіп ашылып кетеді. Исабек ишан есіктен шығып, құбылаға қараған тұсқа шапанын жайып, намазын оқиды. Осылай төрт күнде, намазын қаза етпейді. Төрт күнде төрт құлып бұзылады. Біреу аз деп екеуін салса, екеуі ашылып қалады. Түрме басшылары аң-таң. Түрме басшысы айналасындағыны аңдай білетін, көзі ашық көңілі ояу адам екен. «Мынау ақсақал тегін емес. Бойында бір қасиет бар-ау» деген ойға келсе керек. Осы ойын түптегенше бір күні түрме бастығының әйеліне Алла тағала аян беріпті. «Сенің күйеуің түрмеге қазақ даласынан менің бір елшімді алып келеді. Ол тегін адам емес. Бойында қасиеті мол. Соны босатса үлкен жақсылыққа жетер» дейді. Әйел жүкті, ай-күнін күтіп жүрген екен. Әйелінің айтқанын естіп, Исабек ишанды түрмеден босатады. Күнәсіз қамағаны үшін кешірім сұрайды. Осы кезде бір солдат айқайлап келе жатады. «Әйеліңіз босанды. Ұл туды» дейді түрме басшысына. Ол қуанғанынан көзіне жас алады. Алдында кілең қыз бала болып, ұлға қолы жетпей жүрген екен. Құдайдан сұрап жүргені аспаннан түскендей болғанын қазақ даласынан келген қасиетті адамның әсері екенін ұғады. Ұғады да Ишан атамызды құдайды күтіп, оқалы киім, қалың тон кигізіп жібереді.

Содан жолға шыққан атамыз үлкен өзенге кездеседі. Құрметтеп шығарып салушалар:

-Қасиетіңізді байқайық. Судың бетінен жүріп өтіңіз, -дейді. Ишан атамыз аспай-саспай шапанын жайып жіберіп, қайықша жүзе жөнеледі. Жағаға шыққаннан кейін шапанын сілкіп-сілкіп жіберіп, киім алады да орман жолына түсіп, жүре береді.

Осылай жеті күннен кейін ишан ата ауылға аман – есен қайтып келген екен.  Осылай әулиеге Алла жөнін беріп, орыс тонын берген, – дейді Жандарбек ата,- деп ойын бітірді Қабыш ата.

Исабек ишан туралы ел ішінде осындай сан алуан әңгімелер жүргенімен, ол туралы тереңірек сыр шертіп, тереңірек толғаған замандасы, пікірлесі, пір тұтқан Мәшһүр-Жүсіп Көпеев. Есімі барша елге әйгілі, ғұлама ойлары ұрпақтан ұрпаққа тараған Мәшһүр Жүсіптің білікті ұрпақтарының бірі Л.Н.Гумилев  атындағы Евразия университетінің аспиранты Ертай Қуандықұлы Жүсіпов облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің 2000 жылдың 26 желтоқсанында Мәшһүр-Жүсіптің «Исабек ишан өлеңі туралы» деген мақаласын жариялады. Міне, осындай зерттеулерде ғасырдан ғасырға өткен сайын есімдері жарқырай түсетін адамдар туралы айшықты айтылған.

Исабек ишанның ата-тегіне қатысты деректердің біразы Мәшһүр-Жүсіптің «Исабек ишан» жоқтауында орын алған. Шығарманың бас жағында: «Өзі – ишан жұрт бастаған, заты – қожа, Сейітзада – нәсілі сондай таза», – деп берілсе, енді бір тұсында мынадай мәліметтер бар:

Атасы Мұрат қожа әулие өткен,

Бұтақтай бірден-бірге келіп жеткен.

Арғы тегін сұраса – Назар ишан,

Тазарып шыққан гауһар асыл тектен.

 

Туғаннан шариғаттың жолын қуған,

Хақ жолдан талмай, белін бекем буған.

Табылмас дүррі гауһарым-ай,

Сағадат қандай жақсы күнде туған?!

 

Пір болып кереметлі шыққан жастан,

Данышпан, ақылды еді жұрттан асқан.

Қанша білмес наданды жөнге салып,

Шешманның толып жатқан көзін ашқан.

Мәшһүр-Жүсіп туындысында Исабек ишанның қой жылы, 79 жасында көз жұмғаны айтылса, Исабек шөпшегі Ахметолланың /1957 жылы туған/ жанұялық мұрағаттағы мәліметінде де: «Исабек 79 жасында қайтыс болған, онда Мәшһүр атамыз 13-14-терде екен,- деген дерек бар. Сонымен бірге Мәшһүр-Жүсіп өлеңіндегі: «Тақсырдың мыңнан бірін айта алмаймын. Ағалар айыптама ғақылым азы» – деген жолдар да шығарма авторының онша ересек еместігін байқата алады. Енді осы деректерді жүйелесек, Исабек ишанның 1871 қой жылы, яғни Мәшһүр-Жүсіптің 13 жасында қайтыс болғаны анықталады. Осы ретпен есептеп, Исабек ишан 1792 жылы туған деп түйеміз.

Мұрат ишанның ұрпақтары Исабек ишан, Жандарбек қожа және т.б. елге қасиетімен танылған, құрметті адамдар.

Жандарбек ата

Жандарбек қожа – Исабек ишан хазіреттің шөбересі. Исабек ишан бойындағы қасиет Жандарбек қожаға көп дарыған. Жандарбек қожа есімі де Ертіс-Баянауыл өңіріне мәшһүр еді. Жандарбек ата да өзінің ата-бабалары секілді қасиеттілігіне қарамастан Ақкөл-Жайылманы жайлаған қарапайым адамдармен бірге қарапайым өмір сүрген. Кеңес кезінде қолда барды қасиеттеудің өзі оңайға соқпады ғой. Әсіресе, Алланың барлығын, пайғамбардың хақтығын бәрі бірдей ұрсаң қамшы өтпейтін қайыстай қара шекпен киген мұжыққа ұқсағысы келмесе де қарсы дау айта алмады.

1934 жылы Жандарбек Қожахметұлы Ақкөл кеңшарынан Жамбыл облысындағы Қаракемер ауылына қара жұмысқа жіберілген. Бұл кезең дін тағлымына уағыздаушылар үшін ғана емес, жалпы зиялы қауымның басына үлкен қатер төндірген, зұлмат уақыт еді. Соғыс жоқ елге жау қаптап, бетке ұстар азаматтарға кінәсіз айып тағылып, итжеткенге айдалып жатты. Міне, осы бір кезеңде бас сауғалап, «аш құлақтан тиыш құлақ» деп құраннан ауылын аулақ салғандар болса, қожа ұрпағы өзінің тірлігін ғана күттемей, ел арасында жасырын болса да мұсылман ғадетін, мұсылман дәстүрін сақтап, Алла жолынан аздырмауға күш салды. Солардың бірі – Жандарбек қожа.

Халық басына зобалаң әкелген аштық нәубеті, 1937-38 жылы елдің бетке ұстар азаматтарын қуғын-сүргінге ұшыратқан репрессия тынышталып, еңбек адамы енді еңсесін көтереміз-ау дегенде Ұлы Отан соғысы басталды. Міне, осы бір тарихи кезеңнен Жандарбек Қожахметұлы  да тысқары қалған жоқ. 219 атқыштар полкінің қатарында майданға қатысып, ел қорғады.

Ел қорғап, жеңістің жемісін жеген Жандарбек қожа – техниканы меңгеріп комбайыншы-тракторшы болды. Міне, осылай ел қатарлы тірлікте жүріп, бойындағы Алла берген қасиетін жоғалтқан жоқ. Ауыл тұрғындарының соғыстан кейін бейбіт қалыптасып, ақ жолын ашық уағыздауға күш салды. Ақиқаты мен аңызы, желпінді әңгімесі қатар жүретін халықпыз ғой. Жандарбек қожаның қасиеті туралы аңыз бен ақиқат қатар өрбіді.

Жалпы, Ертіс өңіріне мұсылмандық ғадеттер кештеу енгені жөнінде пікірлерге құлақ қоюға болады. Бұл, әрине, ислам діні өткен ғасырларда бұл өңірге мүлде тарамады деген сөз емес. Ондай күпірлікті тарих та, ғылым да, ілім де көтермес. Исламды уағыздаушылар Ертіс бойын, Омбы өлкесін, Сарыарқа бөктерін жағалап келді десек, оңтүстікте Қожахмет Яссауиға дейін дін жолын аралап келген өкілдер көп болған.

Отарарда отыз Бап,

Сайрамда сансыз Бап,

Түркістанда Түмен Бап,

Ең үлкені Арыстан Бап,

Арыстан Баптан тіле,

Түркістанға түне- деген сөз бар еліміздің оңтүстігінде. Баптар Азия елінде ислам дінін таратушылар. Солардың үлкені Арыстан Баптың кесенесі Қожахмет Яссауидің ғимаратынан елу шақырымдай жерде. Ол – Қожахмет Яссауидің ұстазы. Ол туралы, оның ұстазыдығы туралы діни деректер өз кесенесінің ішінде жазылған. Ертеден бері жоғалмай бүгінге жеткен кұнды мұралар. Жандарбек қожаның да ата тегі осындай байтақ елге ислам шуағын құюға келгендер.

Атаның бүгінгі ұрпақтары

 

Ж.О.Артықбаев, Е.Н.Дауенов

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті,

Павлодар қаласы

 

Әдебиеттер мен деректер:

  1. Артықбаев Ж.О. Ақкөл-Жайылма өңірінің тарихы. Павлодар қаласы, «Сарыарқа Самалы» газеті, 2005 жыл.
  2. Артықбаев Ж.О. «Қожа» сөзінің этимологиясы туралы. Жандарбек қожаның 100 жылдығына арналған конференцияның материалдар жинағы.
  3. Жұмабек Қамзин. Әулие ата шапағаты. Павлодар: «Дом печати», 2003 жыл.
  4. Еркін Мундуинов. Ғасыр. Мешіт. Жандарбек қожа. Павлодар: «Дом печати», 2006 жыл.
  5. Ибадуллаева З.Ө. Қазақ халқының құрамындағы қожалар. Тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. Алматы: 2001.
  6. Қажыбек Алғамбарұлы. Қожалар және олардың дінге сіңірген еңбектері. Екібастұз: «Отарқа» газеті, №23, 2001 жыл.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button