Диуани Хикмет және бүгінгі аударма
Құл Қожа Ахмед Иасауийдің асыл мұрасы «Диуани хикмет» жайында талас тартыс толастар емес. Қазір менің қолымда «Хикметтің» 7 нұсқасы тұр:
- 1890 жылғы Қазан баспасы;
- Өзбек тілінде жарық көрген, түркістандық Расул Мұхаммад Әшірбайұлы аударған 1992 жылғы Ташкент баспасы;
- Расул Мұхаммад Әшірбайұлы аударған қазақша нұсқасы. Түркістан, Атамұра, 1992 жыл;
- Қуаншыбек қажы, Ғалия Қамбарбекова, Расул Исмаил Заде дайындаған. Тегеран, 2000 ж
- Сары Ағаштық Тұрсынәлі Айнабеков аударған 2001 жылғы нұсқасы, Шымкент баспасы;
- Есенбай Дүйсенбай дайындаған 1998 жылғы Алматы нұсқасы;
- Ибатов Ә.М, Жандарбек З., Нұрманов А.Ш. аударған Алматы нұсқасы.
Өзім әдебиетші емеспін, бірақ сол ауылға қарай көп жайыламыз. Осы нұсқаларды оқып шығып, көріп, әттең-ай деп қойып отыратын едім. Маман емес екенімді айттым, бірақ мен білетін дүние асыл нұсқаға, автордың айтайын деп тұрған ойын теріс мағынамен басқа арнаға бұрып жіберуге ешкімнің де қақысы жоқ. Әдейі тапсырыспен болса, оған амал жоқ. Жалаң сөзді қойып, іске кірісейік.
- Қазан баспасы, 1 хикмет:
Бисмиллаһ – деп баян айлай – хикмет айтып
Талапларға дур уа гаухар шаштым мна
Риазатны қаттығ тартып, қанлар уитуп
ман дафтари сани сузин аштим мна;
- Өзбекше:
Бисмиллох деп баен айлай хикмет айтып
Толибларға дурру гавхар сочтим мана
Риезатни каттиғ тортиб, қанлар ютиб
Ман дафтари соний сузин агтим мана;
- 1992 жылғы Түркістан нұсқасы:
Бисмиллаһ деп баяндайын хикмет айтып
Толиптерге дур мен гаухһар шаштым мәна
Ризаятты қатты тартып, қандар түтіп,
Мен «Дәптер сани» сөзін аштым міне.
- Есенбай Дүйсенбай нұсқасы, көркем аударма:
Баяндап хикмет айтып бисмилдамен
Дүр-гауһар шәкірттерге шаштым міне.
Еркіммен қан жұтып, шер құштым да, мен
«Екінші дәптер» сөзін аштым міне.
- 2000 жылғы Тегеран тұсқасы:
«Бисмиллә» деп баян еттім хикмет айтып
Шәкірттерге дүр мен гауһар шаштым міне
Жылды жалдап, қайғы шегіп, қандар жұтып
Мен «Дәптер сани» сөзін аштым, міне.
- 2000 жылғы Алматы, ҚР БҒМ Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының нұсқасы (бұдан былай Ибатов Нұсқасы):
«Бисмиллә» деп баяндайын хикмет айтып
Шәкірттерге дүр мен гауһар шаштым міне
Жанды жаралап, қайғы шегіп, қандар жұтып
Мен «Дафтари-и сани» сөзін аштым міне.
Міне, алғашқы үш нұсқа Қазан баспасы, өзбек нұсқасы мен М. Әшірбайұлы нұсқасы бір жөн, кейінгі қазақша аудардық деген үш нұсқа бір бөлек. Алғашқы үш нұсқада «баян айлай» «баяндайын» деп жолға енді кіріскенін білдірсе, кейінгі үш нұсқада Есенбай нұсқасы мен Тегеран нұсқасында баян еттім деп, жұмыстың біткенін, яғни, бастамай тұрып тауысқанынан хабар береді.
Алғашқы үш нұсқада бірдей «риазатни» «риязатты» қатты тартып, қандар жұтып» деп, негізгі хикметті жазудағы мақсат, исламдық тариқат жолындағы мақам, басқыштардың біреуін, шыдамдылық, төзім, шүкірдің жетілген, солихтың ғана амалында кездесетін орындауда қандар жұтып, яғни өзіне тән қанша қиын болса да Алла разылығы үшін қабылдаған амалды айтып отыр.
Соңғы үшеуінде, яғни Есенбай, Тегеран, Ибатов нұсқасында бұл жай жоқ. Есенбай мен Тегеран нұсқасындағы жанды жалдап қайғы шегіп, қандар жұтып деген жолдар ештеңе де айтып тұрған жоқ.
Алғашқы үш нұсқада бірдей «талиптерге» деп ислам ғылымын үйренуге, меңгеруге ұмтылған саналы азамат жайын айтса, соңғы үш нұсқада бірдей «шәкірттерге» деп, жаңадан молда алдын көрген жеткіншек дәрежесіндегі жастарды меңзейді. Яғни, шәкірт ислмдық шариғатты оқитын, үйренетін жастар болса, толиб-тариқат жолына түскен Ризаятқа дайын азамат.
Көрініп тұрғанындай, алғашқы шумақты соңғы үш нұсқада ұқсастық өте мол. Тек, соңғы Ибатов нұсқасында жанды жаралап және «Дафтари-и сани» деген сөздер шығыс әдебиетінен сәлде болса хабары бар жанның қолынан шыққанын көрсетіп тұр. Екінші шумақ:
- Қазан нұсқасы:
Сүзни айдим һәрким булса дидар талаб
Жанны жанға пайуанд қылип ракни аулап
Ғарып, итим, фақирларни кунклин аулап
Кункли бутун халаикдин қагтим мәна;
- Өзбек нұсқасы:
Сузни айдим харким булса диидор талаб
Жонни жонга пайванд қилиб, ранги улаб
Ғариб, етим, фақирларни кунглин сийлаб
Кунгли бутун халайқдин қагтим міно;
- Түркістан нұсқасы:
Сөзді айттым әркім болса дидар талап
Жанды жанға ұластырып, рәккі аулап
Ғарып, жетім, пақырлардың көңлін қосып
Көңлі бүтім халайықтан қаштым міне;
- Есенбай нұсқасы:
Сөзді айттым кімдерге де етсе талап
Ашық сөйлеп, жақын жанды жалға балап
Ғарым, пақыр, жетімдердің басын сипап
Діні қатты халайықтан қаштым міне;
- Көркем аударма:
Жаратса ықылас қойып ақылға кім
Жалғанда тұтар соны жақын жаным
Жедім де жетім, жесір, пақыр қамын
Жетесіз кердеңдерден қаштым міне;
- Тегеран нұсқасы:
Сөзді айттым кімдерге де етсе талап
Ашық сөйлеп, жақын жанды жанға балап
Ғарып, пақыр, жетімдердің басын сыйлап
Діні қатты халайықтан қаштым міне.
Міне, алғашқы үш нұсқа бір келкі, азғана айырмашылық «Қазан» баспасында «ракни а, а, аулап» деп әліптің үстіне мәт белгісін қойып а-ны созған. Өзбек нұсқасында «рагни улап» дейді. Түркістан нұсқасы «рәкті аулап» депті. Қазан нұсқасы «кунклин аулап», өзбек нұсқасы «кунглин сиилап», Түркістан нұсқасы «көңлін қосып» депті.
Қазан нұсқасында «жанни нарға пайуанд килип» дейді, өзбек нұсқасы «жонни жонга пайванд қилип», Түркістан нұсқасы «жанды жанға ұластырып» депті. Осы жерде бір айта кететін мәселе «пайвонд қылып» деген сөз. Жеміс ағаштары көп жылдық болғандықтан дәнін сеуіп, шыққан көшетін әркім қалаған сортқа улай алады. Алманы алманың жақсы сортына, өрікті өрікке ұламаса шыққан көшет жабайы болып, өнімі нашар, көп жағдайда жеуге келмейді. Қазақша улау деген сөзді ескі түрік тілінде, қазіргі өзбек тілінде «пайвонд» дейді. Бұл жерде ұлы ғұлама өз сөзін түсінетін жанды, адамды өз біліміне улап, жақсы өнім беретін дәрежеге жеткізіп, Рак-ты, яғни адамды негіз «кемел бенделік» жолға салып «дидар талап» ететін, яғни Алланың дидарына лайық етіп тәрбиеледім демекші.
Ал, біздің қолымыздағы Есенбай нұсқасында «етсе талап», Тегеран нұсқасы да «етсе талап» десе, Ибатов нұсқасы «дидар талап» деп мақсатқа жақындағанымен үшеуі де «ашық сөйлеп жақын жанға балап» деген сөз ешқандай бір ой айтып тұрған жоқ, анықтаушы, жол басшы сөз қайсы, ой қайсы анық емес.Ал, мақсат дидар талап ететін толиб тәрбиелеп шығару.
Айта кететін бір жайт «пақыр» бейшара емес. Хан тағында отырып та «фақырлық» қырқасын кигендер аз болған жоқ. Пақыр демек, әжеті бітпеген, дидар көрмегенше зар еңіреп тынбайтын, алтын-күмісті топырақ құрлы көрмейтін жан. Ол сізге маңдайынан сипатпайды.
Ал осы хикметтегі 12 төрт таған, шумақты аударғанын көргенде жағамды ұстадым.
Қазан нұсқасы:
Иманча чанкал уруб килди ғамнак
Пир муғон хазр бул шашти тарнақ
Шайтан лағин қачип китти бипак
Бихам Аллаһ нур иман ачтим мна;
Өзбек нұсқасы:
Имонимга чангал уруб, қилди ғамнок
Пири муғон хазир бұл, деп сачти тарек
Шайтан лағин меннен қачип бепок
Бихамдиллох, нури иман огтим мано;
Есенбай нұсқасы:
Иманыма қол ұрып қайғы салдым
Пір мұған әзір бол деп апиын алды
Шайтандығым бар күнәсімен кете барды
«Биһамдилла» – нұрлы иман аштым міне;
Көркем аударма:
Жебеб бір кезінде сол шырылдаған
Жетті ғой жеті кәміл пірім маған
Қалпында қалды ібіліс бұрылмаған
Нұр иман биғамдиллах аштым міне;
Тегеран нұсқасы:
Иманыма қол ұрып қайғы салды
Пір мұған әзір бол деп, апиын шашты
Шайтан қарғыс мүндан қашып кете барды
«Бихамдилла» нұрлы имам аштым міне;
Ибатов нұсқасы:
Иманыма тырнақ сап қайғы қылды
Тәрік шашты пір мұған әзір бол деп
Шайтан лағнет менен қашып тұрды
Иман нұрын – «биһамдиллах» айттым міне.
Айнабеков нұсқасы:
Иманыма шеңгел ұрын салды қасірет
Кәміл пірім дайындал деп, тұрды жебеп
Шайтан ләһин қашты менен қара ниет
Шүкір етіп нұр иманыма аштым міне.
Алғашқы екі нұсқасыда иманға шеңгел салғанын айтады, ал тырнақтың екі мағынасы бар екені біздің аудармашыларымызға белгісіз болған. Апинның бір атауы тарнак екені рас, бірақ сол көкнәрінің өсімдігінен дайындайтын, апиынның зәрін қайтаратын дәрі бар, оның өзінің атауы тарнак. Бұл жерде Есенбай да, Тегеран нұсқасы да пір мұған маған апиын берді, маған қарап шашты деп, кешегі дін апиын көз қарасын айтып отырғандай әсер қалдырады. Ал Ибатов нұсқасында «иманына тырнақ салды деп, әсіл нұсқаға сәл жақындағанымен, тәрік шашты дегені дүние мүлік апиынына, мәнсәп, білім мастығына ұрынып қалмасын деп «тырнак шашты» демекші секілді. Ал Есенбай шайтандығым менің қашты деп, Шайтанды жекелендіріп алған. Бірақ, асыл нұсқадағы би пак» деген сөзге мән бермеген, яғни шайтан өзі, бе пәк «таза, пәк» болмаған соң, пір мұғаның етегінен ұстаған менен қашты демекші. Біз мұны аңламадық.
Жағалап отырып 23 хикметке келдік.
Қазан нұсқасы:
Ун сегз минк ғаламға саруар булған Мухаммад
Утуз учминк асхабға раһбар булған Мухаммад
Иаланкач, ачликқа қанағатлик Мухаммад
Ғасы, жафи умматқа шапағатлик Мухаммад;
Өзбек нұсқасы:
Ун сәккиз миң оламга сарвар булған Мухаммад
Утуз уч миң асхобга рахбар булған Мухаммад
Елонғачу, очликка қоноғатлик Мухаммад
Осий, жофий умматға шофоатлиғ Мухаммад;
Есенбай нұсқсы:
Он сегіз мың ғаламға даңқы шыққан Мұхаммад
Отыз үш мың сахабаға басшы болған Мұхаммад
Жалаңаштар мен аштарға қанағат болған Мұхаммад
Кемтарлық көрген үмбетке шапағат болған Мұхаммад;
Көркем аударма:
Он сегіз мың ғаламға сардар болған Мұхаммед
Отыз үш мың сахабаға арман болған Мұхаммед
Аш-жалаңаш ғарыптердің қанағаты Мұхаммед
Жарылқаған кемдік көрсе жамағаты Мұхаммед;
Тегеран нұсқасы:
Он сегіз мың ғаламға даңқы шыққан Мұхаммед
Отыз үш мың сахабаға басшы болған Мұхаммед
Жаңаштар мен аштарға қанағат болған Мұхаммед
Кемтарлық көрген үмбетке шапағат берген Мұхаммед;
Ибатов нұсқасы:
Он сегіз мың бұл ғаламға сардар болған Мұхаммед
Отыз үш мың сахабатқа арман болған Мұхаммед
Аш-жалаңаш ғаріптердің қанағаты Мұхаммед
Жарылқаған кемдік көрсе жамағаты Мұхаммед.
Көріп тұрғанымыздай, алғашқы екі нұсқаға, яғни Қазан нұсқасы мен өзбек нұсқасына біздің үш аудармашымыз да оқ бойы жақындай алмаған. Бұл жердегі кілтипан Бертельс айтқандай «софылықтың өзін білмей тұрып, сопылық поэзияны білу мүлде мүмкін емес». Себебі, Қазан нұсқасы «саруар», өзбек нұсқасы «сарвар» болған Мухаммед десе, Есенбай нұсқасын «даңқы шыққан Мұхаммед» Тегеран нұсқасы еш қатесіз қайталайды. Тек Мұхаммед деп д-ны т-ға айырбастайды. Ибатов нұсқасы «сардар» болған деп, басқа төбеге шығып кетеді. Екінші жол Есенбай мен Тегеран нұсқасында бірдей алынса, Ибатов нұсқасында «отыз үш мың сахабатқа арман болған» дей салады. Үшінші, төртінші жол аударма ретінде тіпті сын көтермейді. Асыл нұсқа деп алынған қазақ баспасында – жалаңаш, аштыққа қанағатлы Мухаммад деп айдан ашық етіп, сол ұлы заттың өзін – яғни Мұхаммад (с.ә.у) ды айтып отырса, біздің аудармашылар – Есенбай «жалаңаштар мен аштарға қанағат болған» дейді. Тегеран нұсқасы осыны қатесіз қайталайды. Ибатов нұсқасы «аш-жалаңаш ғаріптердің қанағаты» дейді. Яғни, біздің оқымыстылар ұлы шайырдың ойын түсінбеген. Себебі, ұлы шайыр Алланың соңғы Расулы осы дәрежеге аш-жалаңаш болса да қанағаттығынан ажырамай жетті демекші еді. Ал, төртінші жолдағы Асы-жафи деген сөздің теріс жағын, яғни кемтарлық, қорлық көрген үммәт деп түсінген. Олай емес, «асы» деген асылық, менмендің, тәкәпбарлық. «Жафи» дегенде өзін қоршаған ортаға жәбір берген, бірақ тәубе еткен соң пайғамбардың шапағатына лайық болған үммәт. Өзі тәубе етіп Аллаға қарап қадам қоймаса Алла да оның расулы да оған қайдан шапағат етсін.
Ұлы шайых Алланың расулы өз қара басының әрекетімен қанағат етуге көндірді. Қанағат арқылы халайықтың қарнын тойғызды.
Өзінің көркем мінезімен асылық еткен менмен тәкәпбар үммәтпен жафи қоршаған ортаға жапа берген үммәтты жақсы жолға бет бұрғызып Аллының рахметін лайық етті демекші.
Қазан нұсқасы:
Астанаға башим куииб зари қилсам
Халққа куруб ким зкр айтса иари бирсам
Зикрин айтиб ол сухбатда дурлар тирсам
Жан уа дилда хай зкрин айтиң дуслар;
Өзбек нұсқасы:
Астанаға бошим куйиб зори қилсам
Халққа куруб ким зикр айтса ери берсам
Зикрин айтиб ұл сұхбатдин дурлар терсам
Жону дилда хай зикрин айтинг дустлар
Есенбай нұсқасы: жолма жол аударма, 33 хикмет, 3-ші шумақ:
Аруақтарға басым қойып, зор илесем
Сопылармен зікір айтуға жарай берсем
Зікір айтып сол сұхбатта дүрлер терсем
Жан мен ділде хақ зікірін айтқын достар.
Есенбай нұсқасы, көркем аударма:
Бір аунап түскенше кіл аруақ қашан
Қосылып сопыларға зар қақсасам
Дүр теріп сол сұхбаттан бармақтасам
Қан жүрек хақ зікірін айтқын достар.
Тегеран нұсқасы:
Аруақтарға басым қойып зор илесем
Сопылармен зікір айтуға жарай берсем
Зікір айтып сол сұхбатта дүрлер терсем
Жан мен ділде хақ зікірін айтың достар.
Ибатов нұсқасы:
Бір аунап түскенше кіл аруақ қашан
Қосылып сопыларға зор қақсасам
Дүр етіп сол сұхбатта бармақтасам
Қан жүрек хақ зікірін айтың достар.
Алғашқы екі нұсқадағы астана, табалдырық, есіктің көзі, хай деп аттап өту керек. Ал біздің аудармашылар өз алдына түйе айдап кетті.
Зікір айтып отырған халайыққа қалқа, пана болсам деген ұғымды «сопылармен зіркір айтуға жарай берсем» дейді. Есенбай жолма жол аудармада өзі дәл қарсы бетіне қойып қойған хай сөзін неге хақ деп алғанын өзі ғана білетін болар. Себебі, Иассауиа зікіріне «хаий» деп ішті бір босатып, одан әрі Алла жадын айтатын зікір бар. Бәлкім, «хаий» деп несіне әуре боламыз, хақ десек түсінікті болады десе керек.
Осы хикметтің бесінші шумағы, Қазан нұсқасы мен өзбек нұсқасы:
Мункир накир «Ман раббук» диб савал қилғай
Қол илмидан бір нұқтасы кор қилмағай
Во хасрато, амалсизлар нечук қылғай
Жону дилди хай зикирини айтинг дустлар
Есенбай нұсқасы, жолма-жол аударма:
Мәңкүр-нәңкүр: «Раббың кім» деп сұраққа алғай
Қанша зарласаң да айтқаныңнан пайда болмас
Е-сорлылар, сонда халің нешік болғай
Жан мен ділді хақ зікірін айтып достар.
Көркем аударма:
Қорлығы мәңкүр-нүңкүр сыйың болар
«Раббың кім?» деп шаққанда миыңды олар
Е-сорлы сонда халің қиын болар
Қан жүрек хақ зікір айтың достар.
Тегеран нұсқасы:
Мәңкүр-нәңкүр «Раббың кім» деп сұраққа алғай
Қанша зорласан да айтқаныңнан пайда болмас
Е-сорлылар, сонда халің нешік болғай
Жан мен ділде хақ зікірін айтқын достар.
Ибатов нұсқасы:
Қорлығы мәңкүр-нүңкүр сыйың болар
«Раббың кім?» деп шаққанда миыңды олар
Е-сорлы, сонда халің қиын болар
Қан жүрек зікір айтқын достар.
Бұл шумақтағы екінші жолда «қол илимидан бир нұқтасы қол қылмағай» дегенде, ұлы шайыр дүниеге ауынып істеген ешқандай амалың жәрдем етпейді, қол ілімі дегенде өмір сүру заңдылықтарын айтып отыр. Себебі, осы күні «Мен ешкімнің ақысын жеген жоқпын, неге намаз оқуым керек», – дейтін тоғышарлар табылады. Міне, күнделікті күйбең тірлік, қора-қора мал, қап-қап ақша ешкімге жәрдем бермейді. «Во хасрато» міне қасірет, сол күні амалы жоқтар не істей алады. Сол себептен жан діліңізбен хай зікірін айтыңыз демекші.
Осы хикмет барысында Есенбайдың айтып жүргенінде шындық бар. Тегеран нұсқасында осы хикмет толық берілген. Бұл жердегі бір қызық мәселе Есенбайдың еңбегін Тегеран нұсқасы да, Ибатов нұсқасы да еркін пайдаланғаны анық. Жоқ, осы екі нұсқадан алып Есенбай пайдаланды ма? Бұлай бола қоюы нейғабыл, себебі, Ибатов нұсқасы Түркістанның 1500 жылдығына үрдіс дайындалған секілді. Ал, Есенбай 1998 жылы баспадан өз еңбегін шығарған.
55 хикмет, өзбек нұсқасы:
Қол илимини уқубон, хол илимига етибон
Йуқлуқ ичра бобитон борлиқлардан олиңлар, – деген екі жол Қазан нұсқасында да осылай қоспасыз берілген. Сөзбе сөз аударма, Есенбай нұсқасында 47 хикмет:
Сөз өнерін меңгеріп, өмір іліміне жетіңдер
Жоқшылықпен күнелткен, бар байлықты алыңдар, – дейді.
Көркем аударма:
Сөз өнерін таныңдар, өмір нама қаныңдар
Жоқшылықпен күнелткен бар байлықты алыңдар, – десе, Тегеран нұсқасы:
Сөз өнерін меңгеріп, өмір іліміне жетіңдер
Жоқшылықпен күнелткен бар байлықты алыңдар.
Ибатов нұсқасы:
Сөз өнерін таныңдар, Өмір нама қаныңдар
Жоқшылықпен күнелткен бар байлықты алыңдар.
Бұл жерде біздің аудармашылар сопылық ілімі тасаввувтан мүлде хабарсыз, яғни қол ілімі мен хол ілімінің не екенін білмейді.
Бұл жерде ұлы шайыр қал ілімін, шариғатты толық біліп меңгерсең, яғни қал-ахуал заңдылығын игеріп, дүние былығынан пәктену керек екенін міне осы кезде ілгері ұмтылған жанға хол ілімі Илохий ілім жолы ашылады, ислам іліміндегі «өлмей тұрып өлу» – қағидасы амалға асады. «Жоқтық ішіне бату»дегеніміз осы, яғни өзің мына дүниеде бар бол, бірақ ләпсі тілегің, көңіл қалауың бес күндік барлыққа емес, мәңгілік барлыққа, Илохий рахметке ұласып, Алла дидарына дауға қылатын дәрежеге жетіңдер дейді.
Есенбай нұсқасы, 9 хикмет, сөзбе сөз аударма:
Пірмұған ықылас етті, шарап іштім
Шәбілге ұқсап зікір айтып, жаннан кештім, – десе, көркем аударма:
Пір берген шарапқа елтіп қара бастым
Шәблідей жан дертімен жағаластым,- дейді.
Міне, осы жерде мен де зерттеуді тоқтаттым. Себебі, бұдан ары қарай мына кітапты оқуда мән қалмады. Ақын өзі аударып отырған жәдігердің түпкі мақсатын білмейді. Яғни, мына асыл дүние халыққа игілік болсын деп емес, аудару үшін ғана аударып отыр. Ал, халайық бір кездері мемлекеттік бақылау цензура ақын-жазушыларға қол байлау болды деп жүрді. Бақылаудан босағандағы шыққан төбеміз осы болса, бұл масқаралықтың басталуы. Сегіз ғасыр не бір аламан тасыр, ғаламаттардан аман өткен асыл жәдігер ел егемендік алды деген заманда осынша қорлыққа ұшырайтын болса, яғн «Түркістан мүлкінің шайх ұл-мошайхы» деп Алишер Навоии дәріптеген Құл Қожа Ахмед Иассауий Пір Мұғаннан шарап ішіп, қара басты деп айтты деп отырсақ, ары қарай сөз айтуға болмас.
Сонымен, соңғы сөз жоғарыдағы ойымызды жинақтасақ, біз сөз еткен аудармашылар Құл Қожа Ахмед Иассауий шығармасын аударуға еш дайындықсыз келген. Оны тәптіштеп тексерген ешкім болмаған. Аудармаға қол тиуімен Құдай жарылқады деп ала жүгіріп, баспаға тапсырып, кітап етіп шығарып, осы күні өздері соның буына мас болып отыр.
Бұл әрине ғылым саласының үлкен кемістігі. Бұл мәселені қолға алуға тиесілі әр деңгейдегі әдебиет-мәдениет ұйымдары, ғылыми зерттеу институты, жоғары оқу орындарындағы осы салада қызмет етіп жүрген азаматтар осы мәселені, яғни Құл Қожа Ахмет Иассауий мұрасын зерттеуді қолға алмаса, тағы бір-екі аудармашыдан кейін осы бағытта кете берсе, халайық Құл Қожа Ахметтен шынымен ат-тонын ала қашатын болады.
Біз есті білетін кезде ел арасында «азған халық алдымен пірін жейді, сонан соң бірін бірі жейді» дейтін мақал бар еді. Осы тұрғыдан иісі түркі халқының пірі, машайыхы атанып, әлемге жайылған Құл Қожа Ахмед мұрасын қастерлеп, қадір қасиетін халыққа жеткізіп, тыныш тіршіліктің насихаты ету қарыз да парыз болып тұр.
Есенбай Дүйсенбай қаншалықты дәл түсіп, әділ аударма жасай алмаса да, көз майын тауысып жазған еңбегінің қолды болғаны рас. Сондықтан, Ибатов марқұмның атынан Шығыстану институты Есенбайдан кешірім сұрауы керек. Ал, аударманың мәні Есенбайдың ар-намысына қалсын.
Есенбай нұсқасынан: 15, 17, 18, 19, 20, 22, 23, 24, 27, 29, 30, 31, 32, 33, 34, 35, 36, 37, 38, 39, 40, 41, 48, 50-ші хикметтердің Ибатов нұсқасында 13, 15, 16, 17, 23, 27, 25, 28, 30, 31, 32, 36, 37, 38, 39, 40, 42, 43, 44, 45, 46, 47 48-ші хикметтері барымтаға ұшыраған.
Сонымен қатар, Тегеран нұсқасы оңып тұрған жоқ. Есенбай нұсқасының жолма жол аудармасының егізінің сыңары. Қажеттілік болмаған соң, қадалып сұрыптауға зауқым соқпады.
Сейіт-омар САТТАРҰЛЫ