Бір суреттің сыры

Мүсірәлі сопы әзіздің әулетінен шыққан Жарылқасынқожа атты ақын болған

 

 

Бұл жерде Жарылқасынқожаның Бақсайыс екені, Керейтке қатысы бар екені тегіс айтылады. Яғни Керейттің ішінде туылып, өскен бұған ешкімнің дауы жоқ.

 

Осы бабамыз Қоңыраттан шыққан Айым Торы қызбен айтысқан. Айтыс кітап болып Қазаннан шыққан. Бұл жерде Ақын бабамыз өзінің Мүсірәлінің баласы Сүгірәліден тарайтынын, ал Мүсірәлі Хазреті Әли-ұрпағы Бақшайыштан тарайтынынын ашып айтады.

Айқын қыз бен Жарылқасынқожаның айтысқаны.

Әуелі сөз бастадым Бисмилладан,

Өлмей қалмас анадан туған адам.

Жігіттер жаман жанға жақын болма,

Жолдас болмас өзіңе де болсаң жаман.

 

Дүниеден жақсы да өтті, жаман да өтті,

Керуендей бұрынғылар өтіп кетті.

Тәубе қылып жігіттер Құданы ойла,

Бұрынғы өтіп біздерге кезек жетті.

 

Шақырған тойханаға қыздар келді,

Есіткелі бірнеше мырза келді.

Әркімнен айтар сөзге артық екен,

Келді де тоқталмай-ақ сөйлей берді.

Жамағат құлақ салып тыңласыңыз,

Мінеки сол жердегі айтқан сөзі:

Қыздың айтқаны:

Қожеке, есенбісіз сәлем бердік,

Мүбарак дидарыңды жаңа көрдік.

Жүзіңде рахматың бар жан екенсің,

Жоқ шығар көңліңізде тәкәббірлік.

Өзің біл сөйлескенде не деріңді,

Әзір алып кел қолыңды көріселік.

Қожаның жауабы:

Жарқыным сәлем берсең саламат бол,

Жетеді мұратына өлмеген құл.

Сіз сәлем берсеңіз біз әлік алдық,

Сүннаты пайғамбардың қазулы жол.

Көріссең көрісем деп айтқан сөзің,

Әрқашан шариғатқа теріс емес жол.

Таралған тоты құстай бала екенсің,

Жәнеде екі бетің алқызыл гүл.

Порымың қатарыңнан артық екен,

Және-де қасың қара, шашың сүмбіл.

Ат біліп, жүз танымақ бір ғанибет,

Абзал дүр сөйлеспекке, атың білдір.

Қыздың жауабы:

Бексары атам аты, Айқан атым,

Сүйгеннен Айымторы дейді халқым.

Қырық бойдақ , Бағлан жақтан биыл келдім,

Білмейді бұл жақтағы бізді халқым.

Бекмұрат бірге туған жалғыз ағам,

Осылайша айтайын сөздің салтын.

Осындай түсіндіріп тамам еттім,

Шұбалтып не қылайын сөздің артын.

Көңілімді қалдырар деп ойламаймын,

Секілді сөзің жібек, жүзің алтын.

Адамзат айтса білер, ашса көрер,

Білмейді бұл жақтағы Сізді халқым,

Қожеке, өзің айтып білдірмесең,

Қожаның кім біледі қазақ сартын.

Қожаның жауабы:

Ойлап ем бір бала екен деп жүзің жарқын,

Тілің кілт, кеудең сандық, ақылың алтын.

Ақылың көпте болса, шашың ұзын,

Жібердің келістіріп сөздің артын.

Қыз Торы бұл сөзің-ау не дегенің,

Қожаның білмеймін деп қазақ сартын.

Күлтөбе деген жерде пірлік қылған,

Бәріне атам сопы бұл халқыңның.

Айым Торы дәмең сенің сондай ма еді,

Дініме тіл тигізіп не деп айттың.

Ғазизің сондай жақсы біле алмаймын,

Еліңде шын білетін жоқ па қартың?

Қыздың жауабы;

Қожеке сөзің шірін, жүзің алтын,

Тартты ма малал келіп көңлің салқын.

Айтты деп мұндай сөзді көңліңе алма,

Айтып ем әшейін ақ сөздің салтын.

Қылатын елді таныс қоңсы еді,

Сұрамай нағып білсін Сізді халқым.

Баян қыл тақсыр маған өз затыңды,

Бабаңның кір келетін жері бар ма,

Атаңның айтсаң маған қойған атын.

Қожаның жауабы;

Айт десеңіз айтайын атымды мен,

Қылайын Сізге баян затымды мен.

Тамыр тау әр артығы асыл тасты,

Көтерсең айла менен батымды сен.

Ер турып әйел басың сөз айтасың,

Болмаспын өтірікші батыр десем.

Атымды өз еркіңмен біле алмассың,

Қыз Айқан өзім айтып білдірмесем.

Өтіпті бізден бұрын Хазрет Әлі,

Ужмақтан шыққан оның зұлпықары,

Арғы атамды сұрасаң Сүгірәлі,

Бергі атам одан тұған Ібірәлі.

Бабам хан, Бабам төре, жан атам Шырбан, (Сырман)

Пір тұтып қол тапсырған жұрттың бәрі.

Ойламай түрлі кеңес табылғанын,

Білмесең осылайша қожа әулеті.

Сұрасаң өзім атым Жарылқасын,

Жел сөздің қайдан білдің табылмасын.

Атам мен өз атымды баян қылып,

Келтірдім осылайша сөздің басын.

Қыздың жауабы:

Қожеке нағыз әулет пір екенсіз,

Артықша сөйлер сөзге дүр екенсіз.

Қожеке нағыз әулет пірде болсаң,

Жел сөзбен жеңіл тартып жүр екенсіз.

Қожаға нағыз өлең бұйрық емес,

Қоймасаң ата жолын кір етесіз.

Қожаның жауабы;

Өнерді Тәңірім берген, Айқын, маған,

Ер едім айтар сөзден тоқтамаған,

Тілеуқор нағыз пірдің баласымын,

Бармаспын жамандыққа келсе шамам.

Орынсыз жаман сөзді айта алмаймын,

Ұятты Тәңрім берген, Айқан, маған.

Бұл өлең күна болса неге айтасың,

Есіттім сенде екенсің Құран, кәләм.

Бұл өлең күна емес, сауап та емес,

Айтады күн ғой деп білмес надан.

Жығылған сүрінгенге күлед деген,

Келдіме соның кері, Айқан, саған.

Қыздың жауабы:

Атыңды жаңа білдім Жарылқасын,

Көреді әркім тәуір ықыласын,

Басыңда бақыт құсың бар шағыңда,

Кем емес патшадан да қара басың.

Есітіп көрген жерден абайларсың,

Айқанның айтқан сөзін дәрежесін.

Жігітке мақтап айтқан жарамайды,

Айтамын мақтамай-ақ сөз расын.

Қоймасаң жігіттік пен өлеңіңді,

Халқыңның қайтарасың ықыласын.

Қожаның жауабы:

Жарқыным, бұл сөзіме құлақ салшы,

Қалмайды ердің жерде қара басы.

Ерді әйел кемітті деген рас-ты,

Қыз Айқан, солай ма еді сөздің басы.

Айтамын насихат мен өлеңімді,

Жұртымның неге қайтсын ықыласы.

Қыздың жауабы:

Түйе мал жүк көтермес мешеуінде,

Сөзімді қалдырмаңыз кешеуілге.

Жүзінде бұл дүниенің тірі жүрміз,

Өлерін пенде білмес неше күнде.

Сұрайын Сізден, тақсыр, білмек үшін,

Жасыңыз жиырманың нешеуінде?

Қожаның жауабы;

Түйе мал жүк көтермес мешеуінде,

Сөзіңді қалдырмайын кешеуілге.

Жүзінде бұл дүниенің тірі жүрміз,

Өлерін пенде білмес неше күнде.

Қай жылы туылғанымды білмей жүрмін,

Жасымыз ата-ананың есебінде.

Білмесек те жапсарлап айтар едік,

Көңіліңіз разы болар нешеуіне.

Кәдімгі қырық жартысы жиырманың,

Қыз Айқын, Аллоһу ағлам үшеуінде.

Қыздың жауабы: 

Қожеке, дидарыңды жаңа көрдік,

Алдында мырзалардың аттай желдік.

Дүние пәни деген сөз кітапта бар,

Бұл үш күндік дүниеде дәурен сүрдік.

Білмей айтып ұялып қалмайық деп,

Сол себептен жасыңызды бізде сүрдік.

Бізге Сіз екі жылдық аға екенсіз,

Ағаға қарсы болмай жаңа білдік.

Қожаның сауалы;

Дәм айдап Сіз келдіңіз сонша жерден,

Дұшпаны көп жақсы емес қалыне ерген.

Тарқамас сөзден құмар Айым торы,

Сонымен бір сөйлесем арман-бермен.

Адамзат айтса білер, ашса көрер,

Бұл жаққа Сіз келдіңіз не түр менен.

Қыздың жауабы:

Білмейді Хақ әмірін надан кісі,

Сөз айтпақ тыңламаққа көңіл құсы.

Бір елдің Айым торы ақыны едім,

Өксітіп не қыласың мен байғұсты.

Жауына ат та қашып ұстатпайды,

Егесі қылған болса жақпас істі.

Жұлдыздар аспандағы жерге түсер,

Құдіретті Құдайымның сондай күші.

Дәм айдап сонша жерден келіп жүрміз,

Ежелден бұл оқиға Хақтың ісі.

Қожаның жауабы:

Жарқыным, ерге сіңбес, ердің малы,

Алланың екі болмас бұйырғаны.

Тәккәбірлік көңліңе келіп қалып,

Еліңнен көшіп шықтың көп түйелі.

Намруд пен Шаддат малғұн патша болған,

Оларға Құдай берген әм зауалды.

Олардай жұртты ұстаған патша емессің,

Есіңе неге алмадың осыларды.

Жастықпен мұнша жерге қалдың келіп,

Арадағы дұшпанның тіліне еріп.

Тағдырда табдір жоқ қой деген сөз бар,

Кісі жоқ еріп шыққан саған серік.

Ағайынды ұмытып жүрмегейсің,

Сөзге жауап берсең де аттай желіп.

Қыздың айтқаны:

Әуелі сыйынамыз құдыретке,

Сыйынсақ медет берер қатты дертке.

Сыр ашпай сүйенісіп отыр едік,

Сендағы бір сөз айттың шауып бетке.

Ғалам бір, кітап ортақ дегендейін,

Көңіліңіз тұрмады ма құдыретке.

Қожаның айтқаны:

Біздағы сүйенеміз құдыретке,

Сүйенсек медет берер қатты дертке.

Сыр ашпай сүйенісіп отыр едік,

Сендағы бір сөз айттың шауып бетке.

Ғалам бір, кітап ортақ деп айтқан соң,

Аяғы сол себептен сен боп кетті.

Көңілін күйеуіңнің неге ауырттың,

Қыз Торы көңілің тұрса құдыретке.

Қыздың айтқаны:

Сол ма екен басымдағы жалғыз мінім,

Сіз айттың біз білмеген сөздің шынын.

Бекмұрат бірге туған жалғыз көкем,

Отырма екен көрмей Сізден бұрын.

Келмей-ақ сүйеу сөзге тамырландың,

Жоқ-па екен айтып көрген оны бұрын.

Көп жөңкіп осы сөзден дауам тапсын,

Шөпжелке жаман-жәутік қызды бұрын.

Әйелше өсек ашпақ сөз айтасың,

Қожеке солайма еді сенің сұрың.

Ризасыз мақсат харам деген қайда,

Жоқпа едің оқып көрген оны бұрын.

Қожаның айтқаны:

Жарқыным, жүзің көркем, сұлу сыртың,

Қияды көргенді адам неғып ұлтын.

Мен білгенді еш адам білмес дейсің,

Осылайша Айым торы пиғыл қылдың.

Ризасыз мақсат харам деген болса,

Қалды ма ризаланып қайын жұртың.

Қыздың айтқаны:

Қалдырма қожа бізді қасыретке,

Кетеді ішім толып қайғы дертке.

Біз жүрміз сөзімізге жетелік деп,

Бірінші жер өбісіп айтқан сертке.

Өзінің өз қылғаны келді алдына,

Дүниенің өші қалмас ақыретке.

Қожаның айтқаны:

Жарқыным, ерге сіңбес ердің малы,

Тәккәбір момын болса шықсын жаны.

Нахақтан құр жалаға қалдырсаңыз,

Қайтесің бір жаратқан патша ғана.

Нахақтан Сізге келіп ол ұрынса,

Мойнына мейлі болсын өз обалы.

Қыздың айтқаны:

Болыпты Сізге дайын барлық сырым,

Сіз айттың біз білмеген сөздің жайын.

Шығардың қырауланған түрлі қаяу,

Сіз айттың, біз сұрадық сауал түрін.

Сұраймын Сізден тақсыр білмек үшін,

Құдайым не жаратты жаннан бұрын?

 Қожаның айтқаны:

Жарқыным, сөз сұрадың қиын қатты,

Жел сөзбен көтерейік көңіл шатты.

Сұрасаң сұлу Айқан, біз айтайық,

Әуелі Хақ тағала Тау жаратты.

Қызыл көл, тау ішінде бақ жаратты,

Жаббар егем өздері рахым етіп,

Хақ тағала ол тауға назар етті.

Тау еріп, қорғасындай балқыған соң,

Маужырап көбіктері аспанға атты.

Құдайым сол көбіктен жер жаратты,

Ерімей түбіндегі қалған тастан,

Байт ал-масуд атты бір нұр жаратты.

Құдайдан өзге жанның бәрі де жоқ,

Бір үлкен түсі жасыл құс жаратты.

Кеңдігі бұл дүниедей он мың шахар,

Баршасын құдретімен Хақ жаратты.

Толтырып сол шаһардың бәрін дәнге,

Хақ тағала ол құсқа әмір етті.

Сол дән ата өскен соң өлесің деп,

Әр күні сол дәннің нұрын жұтты.

Ақырында сол дана таусылыпты,

Біреуі сол дананың қалған екен,

Оныда 60-жыл сақтап тағы жұтты.

Сол дананы жұтқан соң жанын алды.

Сол құстың денесінен адам шықты,

Хақ өзі құдретімен жаратыпты.

Алғараз баршалары имансыз боп,

Онан соң Хақ тағала Һалак етті.

Мұнан бұрын бұл дүниенің жаралғанын,

Сұрасаң Жарылқасын тамам етті.

Қыздың сауалы:

Қожеке, көтерейік көңіл шатты,

Жаратқан жадыма алып Жаббар Хақты.

Жел сөзді Тәңірім берген сөйлесін деп,

Жаратқан миасар қып тіл мен жақты.

Тірілікті өтейік базар етіп,

Болса да өзге жалған өлім Хақты.

Дүниеге нәзіл болған жанның бәрін,

Бір күні жұмырады топыраққа.

Сұраймын Сізден тақсыр білмек үшін,

Тәңірім бұрын жаратты қай әріпті.

Қожаның жауабы:

Ойлайды ақылды адам сабырлықты,

Ойлайды жаман адам жәбірлікті.

Сұрасаң сұлу Айқан, біз айтайық,

Тәңірім бұрын жаратты нұн мен капты.

Тәңірім бұрын жаратқан соң нұн мен капты,

Жаратты каптан жерді, нұннан көкті.

Каптан жерді, нуннан көкті жаратқан соң,

Он сегіз мың әлемді тамам етті.

Қыздың сауалы;

Мұхаммад қылған екен дінін жарый,

Дозаққа қарсы қойған кітаптары.

Қожеке құлақ салып тыңласаңыз,

Алдыңда әзір болсын сөздің бәрі.

Бір ақ қой, бір қара қой кезек оттап,

Тынбайды бір сағатқа ауыздары.

Қара қой отқа шықса халық ауырып,

Қалмайды отырған жан еш мәнзілі.

Ал ақ қой кезекпенен отқа шықса,

Болады шат-шадыман жанның бәрі.

Қожеке, сол екі қой не деген қой,

Баян қыл біз сұрадық тақсыр оны.

Қожаның жауабы:

Тілеймін әуел тілек құдайымнан,

Пайда жоқ ер жігітке уайымнан.

Болсада саған қиын бізге ансан,

Жарқыным сөз сұрадың оңайынан.

Бірі күн екеуінің біреуі түн,

Деп айттың мұны сауал қалайынан.

Түн болса халық ұйқыдан тұра алмайды,

Жорыдық бұл сөзіңді солайынан.

Халық жадырап күн болса сырын айтар,

Мен сенің тоқталмаймын мұндайыңнан.

Сөз сұра мұнан гөрі қиынырақ,

Жел сөзде озып жүрмін талайынан.

Қыздың сауалы:

Кімнен өтпей қалады дүние жалған,

Пасық антқа, мұсылман дінге нанған.

Армансыз бір сұрайын сауалымды,

Білімің артық болса жұмла жаннан.

Құдайға құл болған соң, расулға үммбет,

Біледі пайғамбарды дін мұсылман.

Жауап бер бұл сұраққа ақылың кемел,

Неше жыл Әбу Бәкір патша болған?

Қожаның жауабы:

Қыз торы қырлы сөзге келдің жаңа,

Тіліме медет бергін Хақ тағала.

Дүниеден қаза жетіп солар да өтті,

Алланың әміріне бар ма шара?!

Айтайын білгенімше хикаят қып,

Сұрасаң білмек үшін Айқан бала.

Хазреті Хақ пайғамбар өткеннен соң,

Меке мен патша болған Мадинаға,

Сұрасаң сұлу Айқан біз айтайық,

Екі жыл алты ай патша болды Әбу Бакр разы Анһа.

Қыздың сауалы:

Қожеке, бізге айтасың ақылыңды-ай,

Кім білер кімнің жаман, мақұлын-ай.

Әркімдер бұл сөзіме тоқтаушы еді,

Отырмын тоқтата алмай япырым-ай.

Ежелден жан жоқ еді жолдас болған,

Қалыспай бір тоқтаудың қарқынында-ай.

Бір елдің Айым торы тұлпары едім,

Озушы ем айбатым мен ақырып-ай.

Қалушы ем құйын соққан үйдей болып,

Екпінді қоңыр судың салқынындай.

Сұраған сауалыма жауап бердің,

Әркімнен жаңа білдім артығыңды-ай.

Өткен соң сол әзіздер бұл дүниеден,

Қайсысы таққа мініп патша болды.

Қожаның жауабы:

Бұл сөзді сөйлей, сөйлей болдық асы,

Кемшілік көрмеген соң адам басы.

Құдайым өзі беріп, өзі алады,

Болмайды құдіретіне кім разы.

Өткен соң сол әзіздер бұл дүниеден,

Алты айлық патша болған Хасан әзіз.

Қыздың сауалы:

Біледі сөз мәнісін Сіздей ерлер,

Сөзге сөз қайырады кемеңгерлер.

Алланың ақ дидарын көре алмайды,

Бұл жалғанда мен-мендік тәккәбірлер.

Жауап бер бұл сөзіме ақлың кемел,

Мысалын бұл дүниенің неге меңзер?

Қожаның жауабы:

Алтын деп ұстағанын тасқа меңзер,

Жақын деп дос тұтқанын қасқа меңзер.

Інжу-маржан жақұт деп ұстағанын,

Өтпесе бір бұрышты тасқа меңзер.

Мың-мыңдап малың болса еш пайда жоқ,

Тоқпын деп жүргендерді ашқа меңзер.

Дүниеден өтпестен жан еш қалмайды,

Шоқы деп анық көрген тұсқа меңзер.

Қыздың сауалы:

Көп дейді тарихта нәзік жерлер,

Тамамдап ұстар оны қандай ерлер?

Пасық пен өлгенінше дос болмаған,

Ол Сыддық, Омар, Осман, Әли шерлер.

Жауап бер бұл сөзіме ақлың кәміл,

Пейілі адамзаттың неге меңзер?

Қожаның жауабы:

Қыз торы сұрайсың-ау білмеген соң,

Лұқман мың жасаған өлмеген соң.

Ердің пейлін солай деп айтып болмас,

Көзің мен қиянатын көрмеген соң.

Жеңгеннен соң қожаның көңілі бітті.

Қожекең атын мініп, шапан киді,

Бір үлкен базар қылды ұзақ түнді.

Он бесінші қаңтарда тамам болды.

Көзіме түскен жерден жазып алдым,

Мұны енді бастыруға ойыма алдым.

Ары-бері қатесін түзеп алып,

Заказды пошталионға айтып салдым.

 

Шығарма: Ақмола облысының Көкшетау уезінің Махдум Шаһмардан Молла Нұр Мұхаммад Ұлы Шаһи Ахмед Бекеев.

Кітап «Айқан қыз бен Жарылқасынқожаның айтысы» деген атпен 1913-жылы Қазан қаласында «Домбровский» баспаханасында басылған.

Дайындаған Сейітомар Саттарұлы

Ұқсас мақалалар

Бір пікір

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button