Мырзахмет Егембердиев
Мырзахмет Қозыметұлын иісі қазақтың білмейтіні кемде-кем шығар. Жастайынан тынымсыз еңбекпен ысылған, спорт пен өнерді сүйіп өскен азамат мектепті бітірген соң, Өскемен жол құрылыс институтын (инженер механик), Қарағанды мемлекеттік университетін (заңгер), Алматыдағы халық шаруашылығы институтын (экономист) оқып бітірді. Кейін осы мамандықтары бойынша елге қызмет етті. Алайда, бойындағы өнер мен спортқа деген сүйіспеншілігі оның өмірін ақыры өзге арнаға бұрды. Ол театр өнерін дамытуға білек сыбана кірісті.
1999 жылы Шымкентте ашылған «Шымкент шоу» әзіл-сықақ театрын ақын Әбдіхалық Әбдірәйімовтың қарауынан алып, 2-3 жылда халықтың сүйікті театрына айналдырды. «Шымкент шоу» театрында Күлпаш образымен елге танылған Берік Тұрсынбековтың, өзге актерлер – Дәурен Жұмаділовтың, Нұрболат Есенбековтың, Қарлығаш Ахметованың тағы басқа өнерпаздардың өнерлерін шыңдауына ұйтқы болды.
2007 жылдың желтоқсан айында «Кентау шоу» әзіл-сықақ театрын ашты. Бұл театрдың өзге театрлардан ерекшелігі – скетч, ән, биден өзге цирк өнерінің түрлі жанрлары (фокус, иога т,б) бағдарламаға кірістірілген еді. «Кентау шоу» театры Ресейге гастролдік сапармен барып, Астрахань облысында, Саратов, Волгоград, Омбы қалаларында өнер көрсеткен, өзіндік өнер әлемі қалыптасқан ұжым болды.
Ал, 2008 жылы «Күлкістан», 2015 жылы «Шапалақ» театрларын ашты. Төрт театрды да талантты өнерпаздар тоғысқан танымал өнер ортасына айналдырды. Театрлар бүгінде өзін-өзі қаржыландырады. Директордың да, продюсердің де қызметін бірге атқаратын Мырзахмет ағаның осы театрларға сіңірген еңбегі өлшеусіз. «Өнерді сүйсең, менше сүй», дейтін ағамыз «Күлпаштың хикаялары» атты 30 сериялы телесериалды түсіруге қаржылай көмектесті. Сериал теледидардан көрсетілді. Бүгінде «Шапалақ» театрын Нұрғали Нұржанғалиұлы, «Күлкістан» театрын Мағауия Қозыбағаров, «Шымкент шоуды» Берік Тұрсынбеков басқарады. «Кентау шоу» театры жұмысын тоқтатты.
Соңғы 21 жылда спортты дамытуға да мол еңбек сіңірді. Қазақстанда жыл сайын өз атынан спорттық турнирлерді ұйымдастырып келеді. Алматыдағы № 14 мектепке спорт секциясын ашып берді. Спортта жұлдызы жанған жастар – Нұрахмет Малдыбай, Ерлік Аппаз, Бекзат Әлмахан, Тоқан Әділет, Сабыржан Махметов, Исатай Көбековтер Мырзахмет ағаның қамқорлығын көрген азаматтар.
Бүгінгі таңда Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары бойынша халықаралық азаматтық құқық қорғау комитетінің аға инспекторы қызметін атқарады, полковник. Қазақстан кәсіпкерлер және базарлар қауымдастығының вице-президенті.