Ардақты ағайын, бүгін тұлпардың тұяғы, жақсының өзі – Мұрат Мұхтарұлы Әуезовті соңғы сапарға шығарып салдық. Мұрат аға 80 жасқа толғанда “Атамұра “ баспасынан “Қазақ рухы”,
”Өртеңде өнген гүл” және “Мұрат” атты кітаптарын жарыққа шығарып, батасын алған едім. Мұрат ағаның анасына арналған “Өртеңде өнген гүл” кітабының алғы сөзін Мұхтар ағамыз жазып,тұсаукесер рәсімін Ұлттық кітапханада өткізген едік.
Тұсаукесерге Мұрат аға, Төрегелді аға, Олжас ағамыз, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов ағаларымыз бастаған зиялы қауым өкілдері,сондай-ақ Сүлеев, Жансүгіровтер әулетінің ұрпақтары қатысып, жоғары деңгейде өтіп еді. Әсіресе, Мұрат аға сол күндері достарын, туыстарын көріп бір жасап қалған еді.
Ал “Қазақ рухы” кітабының тұсаукесерін Мұрат ағаның ұсынысымен Абай облысының орталығы Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы пед.колледжде өткіздік. Бұл кітаптың да алғы сөзін Мұхтар ағамыз жазды.
Сол кездерде Мұрат аға мені өзіне арнайы шақырып, “Рақымғали бауырым, былтыр елде болып қайттым,
соңғы кезде денсаулығым сыр беріп жүр, қазір ел жаққа бара алмайтын сияқтымын. Мына кітаптың тұсаукесерін Семей қаласында өткізсеңдер өте дұрыс болар еді, өздерің барып қайтарсыңдар” деп Зифа-Алуа апайымыз бастаған бір топ адамның тізімін көрсетті, ішіне мені де қосыпты.
“Менің мына сәлемімді елдің алдында өзіңнің оқуыңды сұраймын”- деп, соңына қолын қойған үш бет қағазды маған ұсынды.
Біз ағаның аманатын бұлжытпай орындадық. Абай облысының басшылығы мен игі жақсылары бізді өте жақсы қарсы алды.
Тағы бір күні Мұрат аға хабарласып немересі Аланның туған күніне шетелге бара жатқанын айтып, қандай сыйлық жасауға болады деп сұрады. Мен бірден домбыра сыйлауды ұсындым және кішкентай балаларға арналған арнайы футлярымен домбыралар бар екенін, оны өзім әкеп беретінімді айттым.
Осылайша Жолаушы ағамыздың арнайы балаларға лайықтап жасаған домбырасын қорабымен ағамыздың қолына табыстадым. Ағамыз домбыраны ұстап тұрып, “ал енді, Рақымғали бауырым, осыны алғашқы боп өзің тартып, бір ауыз “әу” десеңші демесі бар ма. Сол- ақ екен, ағамыздың көмекшісі Ернат телефонның камерасын маған бұрып түсіргелі жатқанын байқадым да, дереу домбыраны қолыма алып, суырып салып екі-үш шумақ құрап жібердім. Ағамыз қол шапалақтап, балаша қуанып еді.
Артынан ағамызбен қоңыр түс түралы, домбыра туралы ұзақ әңгімелестік.
Кеше кешке Алматы қаласының әкімшілігі ұйымдастырған “Жалын” мейрамханасында ағамыздың қонақ асы беріліп, бүгін Мұхтар Әуезов атындағы театрда ,қасиетті Құрбан айт күні қоштасып, ақтық сапарына шығарып салдық. Мұрат Мұхтарұлына әкесі ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлының қасынан жер бұйырыпты. Жаныңыз жәннатта болсын, ардақты аға.
Соңғы кезде еліміздің игі жақсылары, зиялыларымыз,азайып бара жатқандай көрінеді…
Кеше ғана академик Төрегелді Шарманұлы өмірден өтсе, бүгін Мұрат Мұхтарұлымен қоштастық.
Ұлтымыздың мақтанышына айналған ат төбеліндей ардақты ағаларымыз аман болса екен!