Ғақлиат

әл-Фарабидің ой-тұжырымдары жинақталған «Негізгі ой түйіндері» атты трактаты 2

  1. Көпшіліктің түрлі мезгілде іс-қимылдарының орташа күйі тамақ пен дәрі-дәрмектің орта мөлшері сияқты болуы жайында

Тамақ пен дәріні белгілі бір шекте қолдану адам өміріне, саулығы үшін қажет. Ал егер артық не кем болса, қалыпты күйі бұзылады. Сондай-ақ ол бір топ адам үшін белгілі бір уақыт аралығында орташа болса, ал кейбір топқа орташа күй бола ал­майды. Ал сол тамақ пен дәрілер қысқа немесе ұзақ уақытқа бір дене үшін орта мөлшер бола алса, өзге денеге олай бола алмайды. Өйткені әркімнің ағзасының қажеттілігі әртүрлі боп келеді. Осы сияқты мінез-құлық, іс-қимыл барлық адамға немесе бір бөлігіне көп уақытқа орташа жай бола алса, белгілі бір уақытта өзге бір топқа тиімсіз болады. Кейде ол іс-қимылдар белгілі бір уақытта бір жамағатқа орташа жай болады да, ал өзге бір жамағатқа орта­ша жай бола қоймайды. Кейде ол іс-қимылдар белгілі бір уақытта бір ұлысқа орташа жай болады да, сол іс-қимылдар мен мінез-құлықтар өзге бір ұлысқа орташа жай бола қоймайды.

  1. Дәрігер тамақ пен дәрінің орта шамасын белгілегендей басқарушы да қала тұрғындарының іс-қимыл, мінез-құлқының орта шамасын белгілеуі жайында

Барлық жағдайда дәрігер – тамақ пен дәрінің орта шамасын белгілейтін маман. Оның кәсіби құралы – дәрігерлік білімі. Патша, басқарушы да қоғам азаматтарының іс-қимыл, мінез-құлқының орта шамасын белгілейді. Бұл олардың кәсібі мемлекетті басқару мен саясатқа байланысты болуынан туындайды.

  1. Бұрынғы данагөйлердің тұжырымдауындағы «шаңырақ» пен «қаланың» мағынасы жайында

Ежелден данагөйлер қала мен шаңыраққа тек қоныс пен тыныштық мекені деп қарамаған. Олар үй мен қала тұрғындарының тіршілік ететін мекені деп түсінген. Өйткені үй мен қала жердің астында, әлде үстінде тұрғызылса да, ағаштан, балшықтан, жүннен, қылдан немесе басқа заттардан салынған болса да адамдар сонда тұрып, тіршілік еткен.

  1. Шаңырақтың үй иесінің іс-қимыл, мінез-құлқына әсері жайында

Кейбір шаңырақ үй иелерінде түрлі мінез-құлық тудырады. Мәселен, түз далада тері мен жүннен салынған үйлер олардың иесінің бойында сақтық пен қарақтылықты тудырады. Сақтықтың артуымен оларда батылдық пен бірбеткейлік мінез көрініс береді. Ал іргесі мықты, бекем сарай иелерінің мінезінде қорқыныш, үрей мен беймазалық, арсыздық сынды сипаттар пайда болады. Сол себепті қала басшысы тұрғындардың үйлерін бақылауы ке­рек. Алайда аталған мінездер үй иелерінің бойында өз-өзінен, табиғи түрде пайда бола салмайды. Бәлкім, оларға тіреу және қорған болу үшін пайда болған болар.

  1. «Шаңырақтың» мағынасы мен оның серіктестері жайында

Шаңырақ бөліктер мен серіктес қанаттардан тұрады. Солардың арқасында гүлденіп, өркендейді. Шаңырақтың серіктестері төртеу: ерлі-зайыпты, қожайын-нөкер, әке-бала, мал мен иесі. Сондай-ақ осы бөліктер мен серіктестердің басшысы олар­ды бір-біріне байланыстырып, тәуелді ету арқылы шаңырақтың барлық ісінде бір-бірімен ортақтасуға итермелейді. Оларды ортақ бір іске жұмылдыруда шаңырақты тұтастай гүлдендіріп, өркендетуді мақсат тұтады. Мұндағы басшы – шаңырақ иесі, сол шаңырақтағы қаланың әкімі іспеттес.

  1. Қала мен шаңырақтың адам тәні мен оның бөлшектеріне ұқсастығы жайында

Қала мен шаңырақтың әрбірін салыстырғанда, адамның тәніне ұқсайды. Адамның тәні түрлі бөлшектер мен жеке бөліктерден тұрады. Олардың кейбірі төменде, кейбірі жоғарыда, бір-бірінің жанында айрықша байланыста реттеліп тұрады. Олардың әрбірі басқа бірінде қимыл тудырады. Олардың тұтастай бірігіп жасаған қимылдары бір мақсатқа қол жеткізеді. Сондай-ақ қала мен шаңырақтың әрбірі алуан бөлшектер мен бөліктерден пай­да болған, оның кейбірі төмендеу, кейбірі жоғарылау, бір-бірінің жанында ерекше кейіпте, өз орындарында орналасқан. Олардың әрбірі өзге біріне ерекше міндетті тудырады. Сондықтан олардың ынтымақтаса жасаған іс-амалдарынан қала негізгі мақсатына қол жеткізіп, шаңырақ реттеліп отырады. Ал шаңырақ қаланың бір бөлігі болғандықтан сонда бой көтерген. Бірақ әр шаңырақтың мақсаты әрқалай. Алайда алуан мақсаттары кемеліне жеткен­де қала мүддесінің айқындалып, гүлденуіне әріптес болып, іс-қимыл жасау басталады. Бұл әріптестік адам тәнінің бөлшектері: бас, жүрек, қарын, арқа, қол, аяқ бір-бірімен үйлесімді болғаны секілді шаңырақ пен қала да өзара байланысып тұрады. Адам тәнінің әрбір үлкен бөліктері басқаларынан өзгеше іс-қимыл жа­сайды. Ал олардың әрбір бөлшегі өздерінің түрлі әрекеттерімен тәннің сол үлкен бөліктерінің мақсатына жетелейтін қимылының жетілуіне көмектеседі. Сосын тәннің үлкен бөліктері түрлі мақсаттарын жетілдіргенде олардың іс-қимылынан тұтастай дененің мақсатына жететін әріптестік пайда болады. Демек, шаңырақтың бөліктерінің жайы шаңыраққа, ал шаңырақтардың жайы қалаға осылай қабысады. Осыдан қаланың барлық бөлігі бір-бірімен әріптестік құрып, бірі-бірінің ісін реттеуде дененің бөлшектеріндей пайдалы әрекет етеді.

  1. Әкімнің қала жүйесін реттеуі мен дәрігердің науқас ағзасын ретке келтірудегі ұқсастығы жайында

Дәрігер науқас тәнінің бір бөлшегін, яғни дененің барлық бөлшегіне қатысты болып тұрған сол ауру бөлігін емдейді. Ол сауықса, тұтастай дене мен оған тәуелді барлық бөлшегіне пайда­сы тиеді. Дәл солай әкім қаланың бір шағын бөлігі болсын, мейлі бір ауқымды аймағы болсын оны барлық жамандықтан арылтуға кіріскенде оның ем шарасы бүкіл қалаға, әрбір бөліктеріне да­рып, пайдасы тисе бек жақсы. Ол үшін қала мен оның аумағын зерттеп-зерделеп, шаһардың бір бөлігіне пайда келтірем деп қалаға тұтастай немесе өзге жеріне зиян келтіруден сақтануы керек. Сондықтан егжей-тегжейлі тексеріп, тұрғындардың ор­нын, шенін, қалаға пайда әкеле алатын мүмкіндіктерін мұқият қарастырып, дұрыс пайдаланғаны абзал.

Дәрігер де науқастың ауырған тұсын емдеу кезінде басқа жеріне көңіл бөлмей, өзге бөлшектеріне зиян беретінін зерттемей, ағзаның бір-біріне тәуелді екеніне мән бермеген жағдайда емнің пайдасы болмайды. Өйткені сырқат жері дұрыс емделмей, өз қызметін толық атқармағандықтан, тәуелді бөлшектер де сылбыр қозғалып, дененің тұтас қимылының белсенді болуына кесірін тигізеді. Қаланың жағдайы да осылайша тәннің бір бөлшегіндей бұзылса, сол бүлінген тұс өзге көрші бөлшектерге жұғып кетпеуі үшін тәннен алынып тасталады. Сол сияқты қаланың бір бөлігі бүлінген жағдайда оның кесірі өзге аумақтарға тимес үшін оны шаһардан алыстатып, қаланың өзге бөліктерін аман алып қалу керек.

  1. Адам іс-әрекеті мен мінез-құлқын дұрыс тамақтанудағы сияқты қалыпты күйде

ұстай білуі жайында 

Адам іс-қимылы мен мінез-құлқын орташа қалыпта ұстай алатынын мойындау керек. Сондай-ақ әр адам дұрыс тамақтанып, өзінің орта шамасын сақтай біледі, оның бұл ісі дәрігерге тән бол­са, оны орындай алады. Іс-қимылын, мінез-құлқын бірқалыпты сақтай білген адам мемлекеттік істердің бір бөлігін де басқара алады. Бірақ өз денесінің бір бөлігін қалыпты түрде сақтай білген

кісі басқа жерлеріне зияны не пайдасы бар екенін білмесе, өзінің дәрігерлік кәсібінен мақрұм екенін көрсетеді. Дәл осындай жағдай мемлекетті басқару ісінде де орын алуы ықтимал. Өйткені өзінің ісі мен мінезін бақылап, оның басқа бөліктерге зияны мен пай­дасын нақтылай алмаса, мемлекетті басқаруға қауқары жетпейді. Сол үшін әр істі орындамас бұрын мұқият зерттеуі қажет. Сөйтіп әр істің пайдасы мен зиянын жан-жақты білген абзал.

  1. «Қала» сөзінің түрлі мағынасы жайында

Қала кейде лайықты, кейде арман қала болмақ. Лайықты қаланың барлық бөлігі адам өмірін сақтандыру және тіршілігін қамтамасыз етуде бір-біріне жәрдемдесіп, өзара байланыста бо­лады. Ал арман қаланың тұрғындары адам болмысының ең биік құндылықтармен үйлесімді өмір сүруіне және соларды сақтап қалуға бір-біріне көмектеседі.

Кейбір адамдар дүниеуи ләззатты өмірдің құнды нәрселері деп ойлайды. Енді біреулер әл-ауқатты болу, байлық пен тоқшылық һәм тыныштықты арман қала тұрғындарының мақсаты деп біледі. Келесі біреулер ауқатты болу мен дүниеуи ләззат екеуі бірге өмірдің ең құнды нәрселері деп ойлайды. Бірақ Сократ, Пла­тон, Аристотель «адамзаттың екі түрлі өмірі бар» дейді. Олардың бірі өмірде тамақ, су, тағы сол секілді нәрселер арқылы тіршілікті реттеп, баянды ете алады. Өйткені ондай адамдар дүниеуи бол­мысын баянды етуге ғана мұқтаж. Бұл дүниеуи сұраныс адамның рухани болмысынан тыс. Екіншісі – адамның рухани болмысы, ол өз болмысынан тыс өзге болмысқа мұқтаж емес. Онда адамның рухы оның бақытты өмір сүруіне жеткілікті. Бұл – адамның екінші өмірі. Сенім бойынша адам екі түрлі кемелдікке ие. Олар: біріншісі – алғашқы кемелдік; екіншісі – соңғы кемелдік. Дүниеуи өмірде соңғы кемелдіктің болуы мүмкін емес. Ол үшін де соңғы өмірден бұрын алғашқы кемелдіктің пайда болуы шарт. Бәлкім, сонда ғана соңғы кемелдік те мүмкін болады.

Алғашқы кемелдікте адам өз бойындағы барлық артықшылықты жұмсап, жүзеге асыруы керек. Адамның табиғатында қайырымды бұлақ бола тұра ол жақсы істерге бастама бола алма­са, оның кемелдік ұғымы толыққанды болмайды. Мәселен, адам

бойында белгілі қабілеті болып, оны қанағат тұтса, әрі қарай жетілдіруге ынта көрсетпесе, кемелдікке қол жеткізе алмайды. Мысалы, біреуде жазушылық тәрізді табиғи қабілет бар болып, бірақ оны жүзеге асырмаса, алғашқы кемелдік пайда болмайды. Соңғы кемелдік тумайды, яғни бақытқа кенелмейді. Бұл – барлық кәсіпке қатысты заңдылық.

Бойдағы табиғи қабілет іске аспаса, адам бақытқа жете алмай­ды. Ал соңғы кемелдік (абсолюттік кемелдік) әртүрлі ережеден ада. Соңғы кемелдік соңғы бақыт іспеттес. Ол – өздігінен биік мақсат. Оның үстіне соңғы бақыттың сұранысы өзге нәрсеге қол жеткізу емес. Өйткені барлық жанның қалауы – соңғы бақытқа жету. Ал адамның бақытқа жетуі іс-әрекетінің пайдалы болуына байла­нысты. Кез келген нәрсе адамды соңғы бақытқа жетуге кедергі келтірсе, ол жамандық боп танылады. Сократ, Платон, Аристотель айтқандай, арман қаланың тұрғындары бір-біріне көмектесіп, бірлесіп қол жеткізе алады. Сол себепті арман қаланың тұрғындары барлық артықшылыққа ие болуы тиіс. Ал барлық артықшылығы болған күнде де тұрғындардың ынтымақтаса әрекет етіп, бір-біріне жәрдемдесуі керек болады. Өйтпеген жағдайда бірде-бір артықшылықтың пайдасы мен қажеті болмай қалады. Оның себебі артықшылық жүзеге аспаса, «әділеттік» жай сөз болып қалады.

  1. Адам бақытқа жету жолында іс-қимыл, мінез-құлқының артықшылықтарын

қалай пайдалануы жайында 

Адам іс-қимылы мен мінез-құлқында асыра сілтеу не жетіспеушілік болса, қалыпты орташа күйге жеткізу қажет, содан кейінгі мәселе соған сәйкес бақытқа жетуге пайдалана алуын­да болмақ. Әр адам өзінің орташа қалыпты жағдайын жасап алған соң бақытқа жетуді мақсат етуі тиіс. Сол үшін жағдай мен мүмкіндікті зерттеп, әрі қарай қандай іс-қимыл жасап, оны қалай жүзеге асыру керектігін ойлауы қажет. Және оның пайдасы мен барлық қала тұрғындарын бақытқа кенелтетін жолдары қалай бо­ларын бағамдауы тиіс. Мәселен, бір дәрігер науқасты айықтыру үшін тамақ пен дәрі-дәрмектің орташа қалыпты пайдалануын зерттеп, анықтаған соң емдеу ісіне кірісіп, нәтижесін күтеді.

  1. «Шынайы патшаның» мағынасы, оның мақсаты және қаланы реттеуі жайында

Шынайы патшаның саясатпен айналасуында қаланың жүйесін реттеп, өзін және қала тұрғындарын шынайы бақытқа қауыштыру саясаткерліктің нәтижесі ретінде патшалық кәсіптің шапағаты болмақ. Арман қаланы жүйелеуші өзі қала тұрғындарын бақытқа бөлейтін кісі болғандықтан, барлық тұрғыннан бақыттырақ болуға тиіс.

  1. Қалалардың мақсат-мүддесі жайында

Базбір саясаткердің пайымдауынша, патшалық пен қалаларды басқарудағы мақсат – ұлылық, ерлік, жомарттық, үстемдік, бұйыру, бағындыру, тыйым салу, ұлықтау, жұрттың мадақтауы. Олар «игілікті» өзге бір нәрсеге қол жеткізу үшін емес, өздерінің табиғаты үшін қалайды. Олардың қала жұмыстарын басқарудағы жалғыз мақсаты – игілікке қол жеткізу. Сондықтан қала тұрғындарының әдет-ғұрпы мен өмір салтын сол мақсатта қалыптастырады. Содан олардың кейбірі сол игілікке жетеді. Осылайша іс-қимылдарын қайырымдылыққа бағыттап, қала тұрғындарына игілік жасап, оларды жақсылыққа бөлейді. Сөйтіп, осы игі істерін тұрғындарға сый етіп қалдырып, олар үшін ба­янды қылады. Сол себепті олар жомарт және саясаткерлерден биіктеу тұрады. Ендігі бір топтың ойынша, игілікке қол жеткізу үшін әуелі ауқатты болу шарт. Сондықтан қала тұрғындарының арасында ең бай, ауқаттысы болуға ұмтылады. Ол теңдесі жоқ байлыққа қол жеткізіп, игілік жасауды көздейді. Тағы бір топтың көзқарасы бойынша, игілікті іске тектілік жеткілікті. Енді біреулер «қала тұрғындарына үстемдік құрып, оларды қорқыту арқылы игілік жасалады» дейді. Кейбір саяси билеушілер қаланың басқару істерін реттеп, шаралар қабылдаған соң негізгі мақсат өмірді байлықпен өткізіп, ләззатын көру деп ойлайды. Сол себепті қала тұрғындарын аталған мақсатқа жеткізуге тырысады. Сөйтіп, қала әкімі тұрғындардың өмір салтын олардың ауқатты болып ғұмыр кешуіне бейімдейді, кімде-кім сол жолды ұстанса, ойлаған байлыққа қол жеткізе алады. Әрине, әуелі байып, сосын мадақталып, игілік иесі болғысы келетін кісі мен жомарттықты

негізге алып, патша болу арқылы дүние-байлыққа қол жеткізуді мақсат еткен кісі арасында айырма бар болғанмен, олардікі бос әурешілік және сұрқия басшылар аталады.

Кейбір топ «әкім қаланы жүйелеудегі мақсатында үш бірдей: жомарттық, байлық, ләззат алуды өзінің өмірлік ұстанымы деп қабылдап, өз ойын диктаторлық қатаң режимде жүзеге асырады» деп ойлайды. Ондай басшы қала тұрғындарын өзінің мақсатына жету жолында құрал ретінде пайдаланады. Сондықтан бұрынғы данагөйлердің пікірі бойынша, олардың бірде-бірі патша атауына лайық емес.

  1. «Патша» сөзінің мағынасы және теріс көзқарастар жайында

Патшаның міндеті – мемлекетті басқару. Ол кез келген уақытта қаланың әкімі болса, міндетін орындауға қауқары бар, оның атақты-атақсыз патша болуы, басқару құралдарының бо­луы-болмауы, адамдардың бір бөлігі оны мойындау-мойын­дамауына қарамайды. Бұл жағдай дәрігерлік кәсіпке де сай келеді. Дәрігердің өз кәсібінде атақты-атақсыз болуы, құрал-жабдықтарының бар-жоқтығы, бір топ адамның мойындау-мойындамауы, науқастары өзінің нұсқауын орындау-орындамауына қарамастан, кәсібінде кемшілік болса да дәрігер саналады. Сондықтан патша – өзінің міндеті бойынша патша. Оның сол міндетті орындауда қарым-қабілеті бар. Сондықтан ол бір топқа үстемдік құрып, басқа бір топты басқара алмаса да, мадақталып-датталса да, қуатты не әлсіз болып көрінсе де патша!

Енді бір топ «патша атауы оған басқарушылық қабілеті болғаны үшін берілмейді» дейді. Патша деген атауға лайық болу үшін қала тұрғындары оның жарлығын мойындап, халық тарапынан сый-құрметке ие болуы керектігін айтады. Келесі біреулер аталған ерекшеліктермен қоса ауқатты болу қажет деседі. Тағы біреулер олардан басқа үстемдік құру, қорлау, қорқыту, өз дегенін жаса­ту қабілеттеріне ие болуын алға тартады. Аталған ерекшеліктің барлығы билік құрудың шарттары емес. Ондай ерекшеліктердің айтылу себебі патшалық міндет олардың бәрімен ұштасып келеді. Сондықтан билік себептері сондай болмақ деп ойлайды.

  1. Теориялық ақыл мен практикалық ақылдың екі шегі жайында

Теориялық ақыл мен практикалық ақылдың әрқайсысының айрықша артықшылығы бар. Теориялық ақылдың шындықты тану, білім алу және данагөйлік артықшылыққа ие болуы, практикалық ақылдың артықшылығы – шындықты жүзеге асырумен бірге жақсы ойлардың практикалық мәртебесін айқындау болады.

  1. Теориялық ақыл және оның қабаттары жайында

Теориялық ақылдың табиғи қуатына адамзат білімі тәуелді болғандықтан, жалпы қажетті негіздерден хабардар болып, оған қол жеткізеді. Мәселен, «барлық нәрсе – үлкендеу нәрсенің бөлшегі», «бірнеше сан мен басқа бірнеше сан тең болса, барлығы да тең» сияқты мысалдар – біздің білімнің бастауы, барлық теориялық болмыстардың пайда болуында адамның жасампаздығының әсері жоқ. Бұл «ақылдың» өнімділік қабілеті үдерісте тұрғандықтан адамның миында оның бастапқы алғышарттары пайда болмаған. Ал қажетті алғышарттардың пайда болуымен ақыл белсенділік сатысына өтеді. Сондықтан белгісіз қалған жайттар қабілетті қуатқа айналғанда белсенді болған бұл қуаттың түсінгендері қате болуы мүмкін емес. Өйткені теориялық білім тәжірибедегі біліммен сәйкес келеді.

 

Бұл еңбек мемлекетті басқару негіздері, отбасының дәстүрлі жүйесі, көркем мінезге ие болу, қала тұрғындарының бақытқа бет алуы жөніндегі әл-Фарабидің ой-тұжырымдары жинақталған «Негізгі ой түйіндері» атты трактаты қарастырылған. Шығыстанушы-ғалым Ислам Жеменей Отырар ойшылының бұл еңбегін Асан Мәлікшаһидің парсы тіліндегі тәржімасын негізге алып, араб тіліндегі түпнұсқасымен салыстыра отырып қазақ тіліне аударған.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button