Болат Омарәлиев
Болат Шамаұлы Омарәлиев 1948 жылы 15 қарашада Қызылорда облысы Сырдария ауданы «Октябрь» (қазіргі – «Қоғалыкөл») ауылындағы «Ызакөл» деген жерде туған. Белгілі фотошебер. КСРО және Қазақстан Журналистер одақтарының мүшесі.
Болат Омарәлиев еңбек жолын 1966 жылы Алматы қаласында арнайы курс бітіріп келгесін фотограф болып жұмыс істеуден бастады. 1967 жылы Сырдария аудандық «Сырдария» газетінің редакциясына фототілші болып қабылданды. 1969 жылы облыстық «Ленин жолы» (қазіргі – «Сыр бойы») газетіне өз кәсібі бойынша ауысты. Содан бастап аталмыш басылымда 45 жыл үзіліссіз фототілші болып еңбек етіп, 2014 жылы зейнетке шықты.
Ол осы жылдарда республика танымал фототілші атанды, көптеген конкурстарда жүлделі орындардан көрінді. Атап айтқанда, 1979 жылы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі – «Егемен Қазақстан») газетінің фотоконкурсында бірінші бәйгені жеңіп алса, бұдан кейінгі жылдары «Казахстанская правда», «Қазақ әдебиеті» үнпарақтарының фотоконкурстарында лауреат атанды. «Ауыл» партиясы 2019 жылы көктемде өткізген «Ауыл нақыштары» атты конкурста бірінші орынға ие болды.
Одақтық «Советское фото» журналы 1982 жылы №9 санында Болат Омарәлиевтің фотоларын жариялады. 1984 жылы 3 қыркүйекте Одақтық «Известия» газеті өзінің арнаулы тілшісі Эдуард Полянскийдің «Түн қысқа, ақша бұлттар ұйықтап жатыр… («Ночь коротка, спят облака…») деген көлемді мақаласын қызылордалық фототілшінің суреттерімен безендіріп берді. Бұдан бөлек, еңбектері «Қазақ фотошежірешілері» атты альбомға енді, республикада шыққан 20-ға жуық тарихи кітаптан орын алды. Сол сияқты Алматы, Мәскеу қалаларында үш рет, Польша мен Украинада бір реттен фотокөрмелері ұйымдастырылды. 2017 жылы Астанада өткен ЭКСПО көрмесі барысында фотосуреттері Ұлттық мұражайға қойылды.
1989 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық фотосуретшілер съезіне Қазақстан атынан делегат болып қатысты.
Қазақстан фотожурналистикасын дамытуға көп жыл сіңірген еңбегі үшін «Фотоөнер қайраткері» медалімен марапатталды.
«Қазақстанның құрметті журналисі» (2019).
2021 жылы Тілеген Бекарыстановтың оның нақты өмір деректері бойынша жазылған «Қоғалыкөлдің» Құлагері» атты кітабы жарық көрді.
Көптен бері өлең жазумен де айналасып келеді.
Жұбайы Шағырқызы Кәрима екеуі 1 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсірді.