Нева жағалауындағы күмбезді мешіт
Өткен жылы Санкт-Петербургке барудың сәті түскен еді. Әуежайдан түсе сала автобусқа, одан метроға ауысып мініп, қаланың қақ ортасына жетіп, жер астынан шыға келгенімізде, көгілдір күмбезді мешіттің дәл іргесінде тұрғанымызды көрдік. Ескі қаланың тарихын жете білмегенімнен де болар, Нева жағалауында көне мешітті кездестіремін деп ойламаппын.
Сұрастыра келсем, бұл мешіттің ғасырдан астам тарихы бар екен. Петр қаласының іргесі қаланған күннен бастап қоныстанғандардың арасында Астрахан, башқұрттар мен қазанның татарлары болған екен. Петрдің кезінде Петропавл қамалынан батысына қарай, кіші Неваның маңында – «татарская слобода» болыпты. Уақыт өте келе мұсылмандар қатары арта бастайды. 1878 жылы Санкт-Петербург губерниясында 4 мың мұсылман болғандығы туралы дерек қалыпты. Олардың рухани қажеттіліктерін өтейтін приходтар ашылады. Үш приходтың әскери приходы ІІ Екатерина патшалық құрған кезінде ашылады. Ал азаматтық приходында ахун Шакир Юнусов, 2-ші сінде Атаулла Баязитов, ал әскери приходына ахун Хамадулла Хамитов молдалық еткен екен.
Жылдар өте келе, 1909 жылы қоңын күзге дейін тереңдігі үш метрлік котлаван қазылып, мешіттің іргетасы қаланады. Келесі жылы Бұхар әмірінің қатысуымен мешіттің алғашқы кірпіші қаланады. 1913 жылы Романовтар әулетінің 300 жылдығы аталып өтіп, 22 ақпанда алғашқы жамағат намазға жиналады. Дегенмен, мешіт құрылысы 1920 жылға дейін жалғасады.
Ал, 1940 жылы Ленгорисполком мешітті жауып тастайды. Жамағат жылдар бойы арызданып жүріп, 1956 жылы мешіттің қайта ашылуына қол жеткізеді. Сол кезде Индонезия президенті доктор Сукарно мен Үндістанның премьер-министрі Джавахарлал Неру мешіттің мұсылмандарға қайтарылуын өтініп, Ленинград қаласының басшылығына қолқа салған екен. 1968 жылы мешіт тарихи ескерткіштер ретінде қорғауға алынады. Содан бері бірнеше рет жөндеуден өтіп, күмбездің үстіндегі алтынмен қапталған Айды орнатып, бірқатар безендіру жұмыстары қатар атқарылады. 2015 жылдан бастап, мешіттік барлық жөндеу жұмыстары шегіне жетіп, он мыңдаған мұсылмандардың қасиетті орнына айналып отыр.
Санкт-Петербургтегі күмбезді мешіт, Еуропадағы ең үлкен әрі өте әсем, ғаламшардың ең солтүстігінде орналасқан жалғыз мешіт болып саналады. Қас бетінің ұзындығы 45 метрге жетеді, ені 32 метрді алып жатыр, күмбездің биіктігі 39 метр, 48 метрлік мұнаралары көкке шаншылып, жұма сайын азан айтылып, жамағатын жинап тұр. Үш қабатты ғимаратта 6500 адам еркін отырып, намаз оқи алады.
Айгүл УАЙСОВА