Әжелеріміздің айтуынша, Ишан әкесіне шекпен тоқу дәстүрі болған. Сол кездегі ишандар ақ тайлақтың жүнінен иіріліп, тоқылған шекпен киген екен. Сұрастыра келгенімізде өз заманында аталарымыз киген үш бірдей шекпеннің Айқожа ұрпақтарының қолында сақталғанын біліп қуандық.
Дерек берушілер «шекпен» деп тек түйе жүнінен тоқылатын жеңіл әрі жұқа сырт киім тігетін матаны жасау үшін, алдымен тайлақтың жүнін жуып-тазалап, «қылшықтап» яғни қылшығынан ажыратып алып, ұршықпен иіріп, ширатып барып, арнаулы өрмекке салып, кездеме етіп тоқып, дайын болған матадан шапан үлгісінде пішеді екен. Оған мақпалдан немесе басқа қалың матадан қайырма немесе тік жаға салады екен. Біздің қолымыздағы шекпендердің жаға салмай, астарлап, басқа матамен әдіптеп қайырған.
Шекпеннен (түйе жүн) су да, жел де өтпейді. Су тигенде түйе жүні ширығып, тығыздала түседі. Сондай-ақ ол матадай емес өте берік əрі жеңіл, тез тозбайды, ұзақ киіледі. Ботаның немесе тайлақтың жүнінен тоқылған шекпен өте əдемі болады. Оны «шидем шекпен», кей өңірде «боз шекпен» дейді екен.
Осы әулеттің өкілі Ұлғаным: «Әкемнің түйе жүнінен тоқылған шекпені болды. Қыста қыдырғанда, қонаққа, тойға барғанда соны тастамай киетін. Сақтап жүріп, күтіп киетін. Қоңыр күздің қара суығы болатын. Бір күні көкем көрші ауылға атын ерттеп, шекпенін киіп кетті. Үйден шыққаны сол, жаңбыр нөсерлетіп, құйды кеп. Толастаған жоқ. Біз уайымдадық көкемнің үстінен су өтіп кетті-ау деп. Баратын жері едәуір ұзақ болатын. Қонақта болып, кешке көкем қайтып келгенде де жауын шелектеп құйып тұрды. Көкемнің шекпенінен су өтпеген. Көкемнің сонда айтқаны: «Түйе шекпен мылтықтың оғынан да қорғайды» деген халқымыздың салмақты сөзі бар дегені. Кереметі сол, су өткізбей ұйысып ширай беретінін айтты. Ең бағалы, құрметті киім саналатыны анық еді. Өкінішке орай қазір түйе жүн шекпенді ешкімнен көрмейсің. Мал жүнін өңдеп, иіріп жатқан адам жоқ» деп еске алды.
Мына дерек берушінің сөзіне қарағанда шекпеннің қолмен тоқитын да түрі болған. «Көкем Төменарық ауылына барып тапсырыс беріп жүріп өлшетіп тіктіріп киіп келген. Атын да қазір ұмытып қалдым. Түйе жүнді тоқып алып өлшеп тігетін апа бар. Әрине, түйе жүн шекпеннің жұмысы көп болған соң, қымбатқа түсті деп отыратын көкем. Ол кісілер бұл күнде жоқ қой. Иірген түйе жүнді шекпеннің екі шалғайын (алдын) өлшеп алып тоқиды. Кардиган тоқығандай тоқиды ғой. Өте жіңішке етіп иіріп, тығыз етіп тоқиды. Алдындағы екі жақтауын бөлек тоқып алып, оны да түйенің иірілген жібімен жапсарлап қосады. Қазір жүн иіретін адам жоқ қой».
Алайда біздің қолымызға жеткені, тайлақ жүнінен иіріп, өрмекке тоқып, пішіліп, тігілген шекпен. Ата-бабаларымыздан қалған киімдерді қарап отырсақ, әрқайсысы бір-бір қолөнер туындысы екеніне көзіміз жетті. Өкінішке қарай осы киімдерді тігетін де, терілерден өңдеп тігетін де ешкім қалмады. Ұлттық сәнмен пішілген, күнделікті тұрмысқа киюге қолайлы қазақы шекпен-шапандардың бүгінде қадірі кетіп, иыққа ілуге де жарамай қалған жайы бар.