Құлпытас орнатуға байланысты аңыздардың тарихи негізі: Торғай жеріндегі Түркістандық стильдегі көктастар
Нурманова А.Ш., т.ғ.к. Р.Б. Сүлейменов атындағы шығыстану институты, бас ғылыми қызметкер, Алматы, Қазақстан.

Нурманова А.Ш., т.ғ.к. Р.Б. Сүлейменов атындағы шығыстану институты, бас ғылыми қызметкер, Алматы, Қазақстан. https://doi.org/0000-0002-2470-6484. E-mail: aitzhan.nurmanova@gmail.com
Түйіндеме
Мақалада Қазақстанның Торғай өңірінде анықталған «көктас» деп аталатын мемориалдық сәулет ескерткіштерінің өзіндік ерекшеліктері мен көпжылдық далалық зерттеулер барысында жинақталған сұхбаттық материалдардағы («Самарқаннан көктас әкеп орнатқан», «Түркістаннан ұста алдыртқан», «Тасын Қазанда жаздырыпты») аңыздық сюжеттердің шынайы тарихи негізі бар екендігі эпиграфикалық талдаулар нәтижесінде дәлелденеді. Зерттеудің деректік негізін Түркістан аймағында (2004–2024 жж.) және Торғай өңірінде (2014–2016 жж.) жүргізілген ғылыми-экспедициялық жұмыстардың материалдары құрайды. Саралау барысында Торғайдың Көкалат ауылы жанындағы «Шәкір там» қорымынан табылған ескерткіштердің безендірілу канондары, жазу мәнері мен морфологиялық пішіні Оңтүстік Қазақстандағы Түркістан мен Арыстан баб кесенелері маңындағы көктастармен толық сәйкес келетіні айқындалды. Алынған нәтижелер дәстүрлі қазақ қоғамындағы маусымдық көші-қон жағдайында шалғай аймақтар мен ірі діни-мәдени орталықтар арасында тығыз интеграцияның болғанын, сондай-ақ тас қашау өнері мен эпитафиялық дәстүрлердің өңірлік ерекшеліктері мен ұқсастықтары зерделенді.
Алғыс. Мақала ҚР ҒЖБМ «Зияткерлік тарихты зерттеудегі мәдени ескерткіштердің маңызы (Ақмола өңірі қорымдарындағы эпиграфика материалдары негізінде)» (ЖТН: AP26198545) гранттық жобасы аясында әзірленді.
Кілтті сөздер: Түркістан стилі, Торғай өңірі, құлпытас, көктас, эпиграфика, эпитафия, мемориалдық мәдениет.
Историческая основа преданий об установке кулпытасов: коктасы в туркестанском стиле на территории Торгая
Нурманова А.Ш. Институт востоковедения имени Р.Б. Сулейменова Комитета науки МНВО РК (г. Алматы, Казахстан), кандидат исторических наук, главный научный сотрудник https://doi.org/0000-0002-2470-6484. E-mail: aitzhan.nurmanova@gmail.com
Аннотация
В статье на основе эпиграфического анализа доказываются уникальные особенности мемориальных архитектурных памятников, называемых «коктасами», обнаруженных в Тургайской области Казахстана, и историческая основа легендарных сюжетов в материалах интервью, собранных в ходе длительных полевых исследований («Коктас привезен из Самарканда», «Плотник привезен из Туркестана», «На камне высечена надпись в Казани»). База данных исследования состоит из материалов научных экспедиций, проведенных в Туркестанской области (2004–2024 гг.) и Тургайской области (2014–2016 гг.). В ходе анализа было выявлено, что каноны декора, стиль письма и морфологическая форма памятников, найденных на кладбище «Шакыр Там» близ села Кокалат в Тургае, полностью соответствуют коктасам вблизи Туркестанского и Арыстанского Бабских мавзолеев в Южном Казахстане. Полученные результаты свидетельствуют о том, что в условиях сезонной миграции в традиционном казахском обществе наблюдалась тесная интеграция между отдаленными регионами и крупными религиозно-культурными центрами, а также региональные особенности и сходства в камнерезном искусстве и эпитафических традициях.
Благодарности. Статья подготовлена в рамках грантового проекта Министерства культуры Республики Казахстан «Значение памятников культуры в изучении интеллектуальной истории (на материале эпиграфических материалов некрополей Акмолинской области)» (ИРН: AP26198545).
Ключевые слова: туркестанский стиль, Торгайская область, кулпытас, коктас, эпиграфика, эпитафия, мемориальная культура.
The Historical Basis of Oral Narratives on the Erection of Qulpytas: Turkistan-Style Koktas in the Torgay Region
Aitzhan Nurmanova R.B. Suleimenov Institute of Oriental Studies of the Committee of Science of the Ministry of Science and Higher Education of the Republic of Kazakhstan (Almaty, Kazakhstan) Candidate of Historical Sciences, Chief Researcher https://doi.org/0000-0002-2470-6484.
E-mail: aitzhan.nurmanova@gmail.com
Abstract
This article examines the typological and artistic features of the memorial architectural monuments known as kök-tas (blue stone) identified in the Torgay region of Kazakhstan. Through an epigraphic analysis of the inscriptions, the study demonstrates that the oral narratives gathered during extensive fieldwork—such as accounts of «transporting and erecting a kök-tas from Samarkand,» «commissioning a master craftsman from Turkistan,» or «having the stone inscribed in Kazan»—possess a genuine historical foundation. The research is based on primary source materials gathered during scientific expeditions conducted in the Turkistan region (2004–2014) and the Torgay region (2014–2016). Comparative analysis reveals that the decorative canons, palaeographic inscription styles, and morphological forms of the monuments at the Shakir Tam necropolis (located near the village of Kokalat in Torgay) correspond precisely with the kök-tas gravestones situated in the vicinity of the Khoja Ahmed Yasawi and Arystan-Bab mausoleums in Southern Kazakhstan. The findings demonstrate a deep cultural and religious integration between remote peripheral areas and major metropolitan centers within the framework of seasonal migration routes in traditional Kazakh society. Furthermore, the paper provides an analysis of the regional specificities and overarching commonalities inherent in the local stone-carving arts and epitaphic traditions.
Acknowledgments. The article was carried out within the framework of the project of program-targeted financing of the Ministry of Science and Higher Education of the Republic of Kazakhstan on the topic «The Importance of Cultural Monuments in the Study of Intellectual History (Based on the Materials of the Aqmola Region Necropolises Epigraphy)» (IRN: AP26198545)
Keywords: Turkistan style, Torgay region, qulpytas (upright tombstone), koktas (flat tombstone), epigraphy, epitaph, memorial culture.
Кіріспе.
Жиырма жылдан астам уақыт бойы жүргізіліп келе жатқан далалық экспедициялық жұмыстар барысында белгілі бір тарихи тұлғалардың мемориалдық ескерткіштеріне қатысты ақпарат берушілерден «Самарқаннан көктас әкеп орнатқан», «Түркістаннан ұста алдыртқан», «Тасын Қазанда жаздырыпты» деген мазмұндағы мәліметтер жиі тіркелді. Бастапқы кезеңде бұл деректердің нақты тарихи-құжаттық негізі мен жазбаша растауларының тапшылығына байланысты, олар тек ауызша аңыз-әңгімелер ретінде қабылданып келді. Дегенмен, соңғы онжылдықта Торғай өңіріндегі жергілікті өлкетанушылардың сұранысымен жүргізілген эпиграфикалық зерттеулер нәтижесінде бұл аңыздық мотивтердің шынайы тарихи негізі бар екендігі анықталды.
Осы уақытқа дейінгі зерттеулеріміз Қазақстанның Батыс, Орталық және Солтүстік аймақтарында негізінен жоғарғы бөлігі доғал пішінді болып келетін, вертикальды (тік) орнатылатын құлпытастардың кең тарағандығын көрсетті. Ал, Торғай өңірінде дәстүрлі стелалардан бөлек, қабір үстіне горизонталды (сұлата) жатқызылатын, өлшемдері ықшам, эпитафиялық мәтіні қысқа (тек марқұмның аты-жөні мен кейде қайтыс болған жылы көрсетілген) көктастар кешені анықталды. Жергілікті аңыз-әңгімелерде олар «Самарқаннан жеткізілген» деп сипатталады. «Түркістаннан ұста алдырып, Самарқаннан көктас, Қазаннан құлпытас әкелдіру» секілді ауызша тарихтағы фразеологизмдер тек көркемдік гипербола емес, сонымен бірге дәстүрлі қазақ қоғамының ішкі әлеуметтік стратификациясын, тұлғаның жоғары мәртебесін және көршілес өркениет орталықтарымен арадағы тығыз мәдени-экономикалық интеграцияны айғақтайтын маңызды этнографиялық дереккөз қызметін атқарады. Бұл жәдігерлердің морфологиялық пішіні, декорлық безендірілуі мен эпитафиялық каллиграфиясы тұрғысынан Оңтүстік Қазақстандағы (Түркістан, Арыстан-Баб) мемориалдық ескерткіш үлгілерімен толық сәйкес келуі бұл тақырыпты зерделеудің өзектілігін арттыра түседі. Аңыз бен тарихи шындықтың материалдық ескерткіштердегі трансформациясын зерттеу — аймақтық мәдениеттің жалпыұлттық тарих кеңістігіндегі орнын айқындау үшін стратегиялық маңызға ие.
Материалдары мен әдістері. Зерттеудің деректік базасын құрастыруда Түркістан өңіріндегі Қожа Ахмет Йасауи және Арыстан-Баб кесенелері жанындағы қорымдар құлпытастары мен көктастардың бұған дейін жарық көрген эпиграфикалық мәліметтері негізге алынды [Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, 2013; Ақылбек, 2000]. Сонымен бірге далалық зерттеу жұмыстары аясында Түркістан және Торғай аймақтарына ұйымдастырылған ғылыми экспедициялар барысында авторлар тарапынан жинақталған жаңа материалдар (фотофиксация, сипаттамалар) қолданылды. Нақтыланған материалдарды зерделеу мен саралау процесінде дәстүрлі эпиграфикалық зерттеу әдістері (мәтіндерді оқу, транскрипциялау және аудару), сондай-ақ өңірлік эпиграфикалық ескерткіштердің құрылымдық-композициялық өзгешеліктерін айқындау мақсатында салыстырмалы-тарихи және компаративті талдау әдістері кешенді түрде пайдаланылды.
Нәтижесі. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесі дәстүрлі қазақ қоғамындағы көшпелі тұрмыс жағдайында далалық аймақтар мен ірі діни-мәдени орталықтар арасында тығыз интеграциялық байланыстардың болғанын айғақтайды. Кеңістіктің шалғайлығына қарамастан, білім, мәдениет және қолөнер туындыларының өзара алмасуы тұрақты сипатта жүрген. Нақтырақ айтқанда, бір өңірге тән тас қашау өнері, декорлық безендіру канондары мен эпитафия жазу дәстүрлерінің басқа аймақтарға да трансформациялануы өңіраралық мәдени диалогтың үздіксіздігін және олардың өзара терең ықпалдастықта дамығанын толық дәлелдейді.
Талқылау
Зерттеу тарихнамасы. Түркістан өңірінің эпиграфикалық ескерткіштерін зерттеудің бір ғасырдан астам уақытты қамтитын бай тарихнамалық дәстүрі қалыптасқан. П.И. Лерх, Н.А. Маев, П.И. Пашино, К.К. Абаза, Ә.Ә. Диваев, Н.С. Лыкошин, Н.И. Веселовский, С.Г. Маллицкий, В.В. Бартольд, А.И. Добромыслов және М.Е. Массон сияқты көрнекті ғалымдар өз еңбектерінде аталған кешеннің монументалды-қабырғалық эпиграфикалық жазбаларын зерттеуге ерекше назар аударған. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы Шайбани әулеті өкілдерінің құлпытастарындағы эпиграфикалық деректер Б.М. Бабаджанов пен Ә.Қ. Мүминовтың авторлығымен жарық көрген Шайбанилар қабіртастары атты іргелі зерттеу еңбегіне негіз болып, ғылыми айналымға енгізілген [Schaibanidische Grabinschriften, 1997].
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейіне қарасты Арыстан баб кешені маңындағы мемориалдық ескерткіштерді аталған мекеменің қызметкері С. Ақылбек зерттеп, ғылыми айналымға енгізген. Бұл басылымда Арыстан баб кесенесі маңындағы қорым аумағында тіркелген 94 құлпытастың эпиграфикалық мәтіндері белгілі шығыстанушы ғалымдар Б.М. Бабаджанов пен Ә.Қ. Мүминовтың оқуы және аударуы негізінде жарияланған [Ақылбек, 2000]. Институтымыздың жобасы бойынша жүргізілген экспедициялық жұмыстар негізінде Арыстан-Баб қорымының бірнеше тасы қайта оқылып, мақала жарияланған [Dyussenov, B., Mederova D.E., Margulan, A., 2024].
Түркістан аймағындағы мемориалдық ескерткіштердің басым бөлігі өзге өңірлердегі құлпытастар архитектоникасынан айтарлықтай өзгешеленеді. Мұндағы ескерткіштер тік тұрғызылмайды, керісінше, жергілікті халық арасында «көктас» деп аталатын жіңішке, сопақша пішінді тастар мола үстіне көлденеңінен (сұлата) жатқызылады. Нысандардың бұндай құрылымдық өзгешелігінің себептерін анықтау мақсатында жүргізілген далалық зерттеулер барысында жергілікті респонденттер аталған аумақта тас кен орындарының жоқтығын алға тартты. Олардың мәліметінше, шикізаттың қашықтан тасымалдануы ескерткіштердің осындай ықшам әрі тасуға ыңғайлы пішінде дайындалуына тікелей әсер еткен.
Ескерткіштердің шығу төркінін саралау барысында аймақта мемориалдық пластика өндірісінің бірнеше ірі локальді орталықтары мен тас қашаушылық мектептерінің болғандығы анықталды. Зерттеуші С. Ақылбектің мәліметтері бойынша, мұндай мамандандырылған шеберханалар Қожа Ахмет Ясауи мазарының маңында, Нұрата аумағында және Қазығұрт таулы аймақтарында жұмыс істеген; жекелеген жағдайларда тапсырыстар Самарқан қолөнер орталығынан да жеткізіліп отырған [Ақылбек, 2000, 7-б.].
Отандық және халықаралық тарихнамада Ә.Қ. Мүминовтың жетекшілігімен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның маңындағы мемориалдық кешен эпиграфикасының жаңа ғылыми аудармасы орындалып, монументалды еңбек үш тілде бірнеше рет жарық көрді. Аталған зерттеуде тек кесене қабырғаларындағы монументалды жазулар ғана емес, сонымен қатар бұған дейін беймәлім болып келген немесе толық оқылмаған өнер туындыларының эпиграфикалық мәтіндері де кешенді түрде қамтылған. Олардың қатарында Мемлекеттік Эрмитаж (Ресей) және Франция музейлерінің қорларында сақталған мешіт шырағдандары, құмғандар, ыдыстар мен басқа да тұрмыстық-ғұрыптық бұйымдардағы жазулардың толық аудармасы берілген [Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, 2013].
Түркістан аймағының эпиграфикалық ескерткіштері іргелі зерттеліп, ауқымды тарихнамалық базасы қалыптасқаны белгілі. Ал Торғай өңірінің эпиграфикалық мұрасы осы уақытқа дейін кешенді зерттеу нысанына алынбаған, ғылым үшін тың тақырыптардың бірі болып табылады. Жекелеген құлпытастардың эпитафиялық мәтіндері автордың бұған дейінгі мақалаларында [Нұрманова, 2015] немесе ғылыми-көпшілік басылымдарда ішінара аударылып жарық көргенімен, олар жүйелі түрде талдау назарынан тыс қалып келді. Осы тұрғыдан алғанда, мақалада алғаш рет көтеріліп отырған «Түркістандық стильдегі Торғай көктастары» мәселесі отандық тарихнама мен археологияда бұрын-соңды арнайы зерттеу нысанына айналмаған өзекті бағыт ретінде айқындалады.
Дәстүрлі қазақ фольклоры мен тарихи дастандардың мазмұнында ел қорғаған айтулы тұлғаларға арнап ас беру және мемориалдық сәулет нысандарын (мазар) тұрғызу мотивтері кеңінен көрініс тапқан. Мұндай сюжеттерде кездесетін «Түркістаннан ұста алдырып», «Самарқаннан көктас» пен «Қазаннан құлпытас әкелдіру» секілді тұрақты сөз тіркестері марқұмның жоғары әлеуметтік мәртебесі мен әулетінің материалдық-экономикалық әлеуетін айқындаушы индикатор қызметін атқарады. Аталған ауызша деректер тек көркемдік-бейнелеу тәсілі ғана емес, сонымен бірге қазақ халқының мемориалдық сәулет өнерінің деңгейін және ірі өңірлік өркениет орталықтарымен арадағы транзиттік мәдени байланыстарын айғақтайтын маңызды этнографиялық қайнар көз болып табылады.
Тарихи деректерге сүйенсек, Торғай өңірін мекендеген Арғын, Қыпшақ тайпалары Торғай, Ырғыз, Тобыл және Есіл өзендерінің бойын жазғы жайлау ретінде пайдаланса, қыс мезгілінде оңтүстік аймақтарға — Сырдария мен Шу өзендерінің аңғарларына, Арал маңына, Қызылқұм мен Қарақұм өңірлеріне қарай қоныс аударған [Обзор, 1881, Тургайская область, 1891: 34 б.]. Осындай маусымдық көші-қон үрдісі немесе Түркістан орталығына жасалған арнайы сапарлар барысында бақуатты ұрпақтары дүниеден өткен туыстарына Түркістан қолөнершілерінен көктас дайындатып, жеткізіп отырған деп тұжырымдауға толық негіз бар. Сонымен қатар, әлеуметтік мәртебесі жоғары тұлғалар мен баһадүрлер көзі тірісінде өздерін Түркістанның киелі топырағына жерлеуді өсиет еткен.
Алайда, аймақтар арасындағы бұл табиғи байланыстар патшалық әкімшіліктің реформаларынан кейін трансформацияға ұшырады. Нақтырақ айтқанда, «Временное положение об управлении в областях Уральской, Тургайской, Акмолинской и Семипалатинской» (1868), «Положение об управлении Туркестанским краем» (1886) және «Положение об управлении Акмолинской, Семипалатинской, Семиреченской, Уральской и Тургайской областями» (1891) атты ережелерге сәйкес, қазақ жерлері әкімшілік тұрғыдан бөлінді. Солтүстік және орталық аймақтар орталығы Омбы қаласы болған Дала генерал-губернаторлығына, ал оңтүстік өңірлер орталығы Ташкент қаласы болған Түркістан генерал-губернаторлығының құрамына енгізілді. Осы жасанды әкімшілік-территориялық шекаралардың орнауына байланысты дәстүрлі маусымдық көші-қон үрдісі біртіндеп шектеліп, өңіраралық мәдени-рухани және қолөнершілік байланыстардың алшақтауына алып келді.
Торғай өңірі, Көкалат ауылының маңындағы «Шәкір там» қорымында мола үстіне жатқызылатын көктастар тіркелді. Жергілікті халық арасындағы ауызекі мәліметтерде бұл ескерткіштер «Самарқаннан алдырылған» деп сипатталып, бұл факт марқұмның ел ішіндегі жоғары беделі мен оның ұрпақтарының экономикалық әлеуетін айқындайтын индикатор ретінде көрсетіледі. Дегенмен, бұл жәдігерлердің формалық-типологиялық сипаты, көркемдік безендірілуі және палеоографиялық-эпитафиялық ерекшеліктері Түркістан өңірі мен Арыстан баб қорымындағы көктастармен толық сәйкестік көрсетеді. Бұл жағдай аталған ескерткіштердің Түркістан қолөнер орталығынан жеткізілгендігі туралы тұжырымды нақтылай түседі.
Торғай өңірі, Көкалат ауылы маңындағы «Шәкір там» қорымы ескерткіштерінің архитектуралық және пластикалық сипатына талдау жасау барысында мынадай деректер анықталды: Төңкеріліп қалуының нәтижесінде бедерлі элементтері мен эпитафиялық жазулары бүлінбей сақталған көктастың ұзындығы шамамен 90 см-ді құрайды. Сопақша бітімді бұл жәдігердің екі шетіне күн/жұлдыз бейнесіндегі астралдық белгілер, ал бас жағына қыпшақтардың «қос әліп» таңбасы бедерленген. Құлпытастағы эпитафия арнайы жиектеме (рамка) ішіне көлденең, кәсіби емес (әуесқой) қолтаңбамен мәтінделген.
قپݘاق قرا صارة سكر باى اوغلى تاباى اشم ايكم باى …
۵۲ ياشندا وفات ۱۸۷۸ نݘى جلده
Қыпшақ Қарасарт Сүгір бай ұғлы, Табай Әшім Егімбай … 52 жасында офат 1878-нші жылы
Бұл жердегі есімдер дерегі ел арасында ұрпақтары жалғастырып отырған белгілі шежіреге[1] толық сәйкес келеді: Қыпшақ – Əлпейіс – Түйішке – Шаншар – Қожамберді – Молдақара – Досым – Мəмбет – Жиенəлі – Ыстыбай – Көшекәлі – Қозыбақ – Сүгірбай – Қарасарт, оның балалары Табай, Әшім, Егімбай. Көктаста: Сүгірбай – Қарасарт, одан тараған Табай, Әшім, Егімбай балаларының аты жазылған. Аталған сәйкестік, өз кезегінде, халықтық ауызекі дәстүр аясында трансформацияланып, бізге жеткен шежірелік ақпараттардың верификациялану деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Бұл жағдай ауызша тарих (oral history) мәліметтерінің тасқа қашалған жазба деректер сияқты объективті әрі шынайы дереккөздік әлеуетке ие екендігін айқын дәлелдейді.
Аталған қорымнан табылған келесі бір көктас өзінің морфологиялық және пластикалық сипаты тұрғысынан жоғарыда сипатталған ескерткішке толығымен ұқсас. Алайда, бұл нысанның басты айырмашылығы — эпитафиялық мәтіннің тік бағытта жазылуында. Эпитафиялық деректерге сүйенсек, бұл құлпытас жоғарыда аталған көктас иесі — Сүгірбайұлы Қарасарттың анасына арнап қойылған.
1862 –нші жылда Қыпшақ руының Ыстыбай Жетім тайпасының Жанбала Қоңырбайқызы Сүгірбай хатуны … ат …
۱۸۶۲نچی یلده
قبچاق روی نک
ایستی بای
جتم طایفه سننک
جانبلا قونکر
بای قزی
سوکر بای
حاتونی
…ات
Бір әулет мүшелеріне арналған бұл ескерткіштер Түркістан орталығынан арнайы тапсырыспен алдырылғанын айғақтайды. Бұл факт, өз кезегінде, аталған әулеттің сол кезеңдегі жоғары әлеуметтік-экономикалық мәртебесі мен материалдық мүмкіндіктерін көрсетеді.
Қорымнан табылған келесі бір құлпытас пластикалық бітімі жағынан алдыңғы жәдігерлерге ұқсас болғанымен, өзіндік декорлық өзгешеліктерге ие. Нақтырақ айтқанда, оның эпитафиялық мәтіні картушсыз (арнайы жиектемесіз) бедерленген, ал астралдық жұлдыз символы тек нысанның бас жағына ғана ойып түсірілген. Ескерткіштің каллиграфиясы кәсіби деңгейде орындалған, көктас 1784 жылы жасалынған.
۱۷۸۴ سنة کته بای … … جانکیلدی اوغلی
1784 жылы Кетебай … … Жанкелді ұғлы
Зерттеу нысаны болып табылатын бұл құлпытастардың типологиялық және сәулеттік-пластикалық ерекшеліктері Ахмет Йасауи, Арыстан баб қорымдарының мемориалдық пластикасымен толық үйлеседі. Аталған сәйкестік белгілері аталмыш қорымдар көктас материалдарымен салыстыру барысында нақтылана түседі. Мысалға С. Ақылбектің монографиялық зерттеуіндегі құлпытас.
Далалық зерттеу жұмыстары (экспедиция) барысында «Арыстан-Баб» қорымы аумағынан тұтастығы бұзылған, сынған көктас үлгісі:
Қарастырылып отырған жәдігерлердің «Шәкір там» қорымындағы көктастармен құрылымдық және көркемдік ұқсастығы жоғары. Ескерткіштердің бұл екі тобы бір ғана қолөнер шеберінің (тас қашаушының) туындысы болуы мүмкін деген болжам жасауға негіз бар. Мұндай типологиялық жақындық нысандардың жиектеріндегі астралдық (күн/ай) белгілерден, картуш пішінінің біртектілігінен және эпитафиялық мәтіндердің өзіндік каллиграфиялық (кәсіби емес) қолтаңбасынан айқын байқалады.
Тарихи деректерге сүйенсек, Ұлытаудың Торғай өңірімен шекаралас Сарлық аймағында билік жүргізген, Кенесары хан әскерінің белді сарбаздарының бірі — Бабыр баһадүр [Салғарин, 1989] (Бабыр би) өзі дүниеден өткен соң, денесін Түркістан қаласына жерлеуді өсиет еткен. Қазіргі уақытта Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің «Ақсарай» бөлмесінде сақталған Бабыр бидің көктасы осы тарихи оқиғаның материалдық айғағы болып табылады:
بغان على بابور بهادور بن بوكانجى باى بيك باى يرتمير ١٢٨
Бағаналы Бабыр Баһадүр ибн Бөкенші ибн Бектемір 1281/1864/5
Жоғарыда қарастырылған мәліметтер бұл құлпытастардың белгілі бір стильдік ортақтыққа ғана тән емес, тіпті бір автордың (тас қашаушы шебердің) немесе біртұтас тас қашау мектебінің туындылары екендігін негіздейді. Ескерткіштердің құрылымдық бітімі, өлшемдік параметрлері, көркемдік безендірілуі, соның ішінде екі бүйіріндегі астралдық (күн мен жұлдыз) символикасы, картуш пішіндері және палеоографиялық-каллиграфиялық ерекшеліктері өзара жоғары деңгейдегі сәйкестікті көрсетеді. Мұндай типологиялық жақындық халық арасындағы «көктастар Түркістан немесе Самарқаннан арнайы алдырылған» деген тарихи деректердің (аңыздардың) шынайылығын айғақтайды. Сонымен қатар, бұл құбылыс аталған аймақтар арасындағы тығыз мәдени-экономикалық және рухани байланыстардың тікелей дәлелі болып табылады.
Қорытынды
Жүргізілген зерттеу нәтижелері дәстүрлі қазақ қоғамындағы көшпелі өмір салтының ірі діни-мәдени орталықтармен коммуникациялық байланыстары тұрақты болғанын негіздейді. Кеңістік шалғайлығына қарамастан, материалдық және рухани мәдениет құндылықтары, атап айтқанда, тас қашау өнері, көркемдік канондар мен эпитафиялық мектептер өңіраралық деңгейде белсенді түрде алмасып отырған. Бұл құбылыс далалық аймақтардағы мәдени біртектіліктің даму динамикасын дәлелдейді. Осы тұрғыдан алғанда, мола үстіне қойылатын собық бітімді көктастардың тіркелуі — ауызша халық шығармашылығындағы әлеуметтік стратификацияны бейнелейтін эпикалық сюжеттердің шынайы тарихи-археологиялық негізде қалыптасқанын айқындайды.
Қарастырылып отырған мемориалдық ескерткіштер қазақ қоғамында марқұмның рухына ас беру, мазар тұрғызу және құлпытас немесе көктас орнату жосындарының мәдени тұрғыдан терең орныққандығын айғақтайды. Халықтың ауызекі шежіресі мен эпикалық дәстүрінде кеңінен таралған «Түркістаннан ұста, Самарқаннан көктас алдыру» деген тұрақты сөз тіркестері шалғайдағы киелі орталықтардан жәдігер жеткізудің әлеуметтік-символикалық мәнін ашады. Бұл құбылыс, өз кезегінде, тұлғаның немесе әулеттің билік, байлық және жоғары қоғамдық мәртебесінің басты көрсеткіші ретінде бағаланады. Сонымен қатар, аталған деректер ауызша тарих ақпараттары мен материалдық мәдениет ескерткіштерінің арасындағы үздіксіз сабақтастық пен өзара үйлесімділікті толық дәлелдейді.
Әдебиеттер тізімі:
- Ақылбек С. Ш. Арыстанбаб мазаратындагы құлпытастар. Эпиграфические памятники кладбища Арыстанбаб. Шымкент: Үш Арыс, 2000. 40-6.
- Dyussenov, B., Mederova D.E., Margulan, A. 2024. Written Monuments of the Post-Golden Horde Period: Arabic Script Epigraphy at the Arystan-Bab Mausoleum. Kazakhstan Archeology, 3 (25), 244–261. DOI: 10.52967/akz2024.3.25.244.261
- Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Мавзолей Ходжа Ахмада Ясави. Mausoleum of Khoja Ahmed Yasawi / Құрастырушылар Ә. Қ. Муминов, М. Б. Қожа, С. Моллақанағатұлы, М. Ж. Садықбеков, Ж. М. Нұрбеков. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде. Издание четвертое, переработанное и дополненное. Алматы; «Эффект» ЖШС, 2013. 208 б.
- Нурманова А.Ш. ІІ тарау. Эпиграфикалық дереккөздер. / Қазақстан тарихы жөніндегі артефактілердің, жазбаша, ауызша эпиграфиялық дереккөздердің жиынтық каталогі. Алматы: Дайк-Пресс, 2015. – 536 б. – 139-196 бб.
- Обзор Тургайской области за 1880 год. Оренбург, 1881. С. 7-9.
- Салғарин Қ. Көмбе. Алматы: Жалын, 1989. 448 б.
- Schaibanidische Grabinschriften. Herausgegeben von Baxtiyor Babadjanov, Ashirbek. Muminov, Jurgen Paul. – Wiesbaden, 1997. – S. 190+30.
- Тургайская область. Естестенные и производительные силы области, хозяйственная деятельность ея населения и народной образование. (Статистические очерки). Оренбург, 1891
References
- Aqylbek, S. Sh. (2000). Arystanbab mazaratyndagy qulpytastar. Epigraficheskie pamyatniki kladbishcha Arystanbab [Tombstones of the Arystanbab Cemetery. Epigraphic Monuments of the Arystanbab Cemetery]. Shymkent: Ush Arys.
- Babadjanov, B., Muminov, A., & Paul, J. (Eds.). (1997). Schaibanidische Grabinschriften [Shaybanid Grave Inscriptions]. Wiesbaden.
- Dyussenov, B., Mederova, D. E., & Margulan, A. (2024). Written Monuments of the Post-Golden Horde Period: Arabic Script Epigraphy at the Arystan-Bab Mausoleum. Kazakhstan Archeology, 3(25), 244–261. doi.org
- Muminov, A. K., Kozha, M. B., Mollakanagatuly, S., Sadykbekov, M. Z., & Nurbekov, Zh. M. (Eds.). (2013). Qozha Akhmet Yasaui kesenesi. Mavzoley Khodzha Akhmada Yasavi. Mausoleum of Khoja Ahmed Yasawi [Mausoleum of Khoja Ahmed Yasawi] (4th ed., rev. & suppl.). Almaty: Effekt LLP.
- Nurmanova, A. Sh. (2015). II tarau. Epigrafikalyq derekkozder [Chapter II. Epigraphic Sources]. In Qazaqstan tarikhy joningegi Artyefaktilerdin, jazbasha, auyzsha epigrafikalyq derekkozderdin jiyntyq katalogi [Consolidated Catalogue of Artifacts, Written and Oral Epigraphic Sources on the History of Kazakhstan] (pp. 139–196). Almaty: Dayk-Press.
- Obzor Turgayskoy oblasti za 1880 god [Overview of the Turgay Region for 1880]. (1881). Orenburg.
- Turgayskaya oblast. Estestvennye i proizvoditelnye sily oblasti, khozyaystvennaya deyatelnost eya naseleniya i narodnoe obrazovanie (Statisticheskie ocherki) [Turgay Region. Natural and Productive Forces of the Region, Economic Activity of Its Population, and Public Education (Statistical Essays)]. (1891). Orenburg.
- Salgarin, Q. (1989). Kombe [The Treasure]. Almaty: Zhalyn.
[1] Абылай Мадуановтың ФБ парақшасынан алынған мәлімет.










