
Майлықожа ақынның шығармаларын жинап, зерттеп, жариялай жүріп құрастырған әдебиетші Әсілхан Оспанұлының
КОММЕНТАРИЙІ
Күнгей қазақтарының арасынан шыққан алғашқы кеңес ақындарының бiрi 1895-1935 жылдар арасында жасаған Исабек – Майлықожа ақынның кенже баласы.
Көзi ашық, көңiлi сара, зерделi жан өзi басы-қасында жүрiп, көзi көрген талай келеңсiздiкке жаны күйiп, оларды өткiр шенеп-мiнеген өлең, жырлар шығарды. Сонысына бола жауапқа тартылып, кезiнде Қазақ АССР-iнiң Орталық Атқару Комитетiнiң төрағасы қызметiн атқарған Елтай Ерназарұлына өлеңмен өтiнiш жазып жүрiп, басын әрең арашалап алады.
Артынша Алматы барған сапарында Сәкен Сейфуллиннiң үйiнде болып «Сәкенге» деген белгiлi арнау өлеңiн суырып салып жырлады. Бұл өлең кейiнгi жылдары С. Сейфуллиннiң туғанына 70 жыл толған мерейтойында «Қызыл сұңқар» деген жалпы тақырыппен шығарылған өлкелiк (қазiргi облыстық) «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң арнаулы санында жарияланды, ақынның немере iнiсi – термешi-жыршы Айтқожа Мамытбековтiң орындауында «Терме сазы» күйтабағына түсiрiлiп, халық арасына кең тарады.
Бұнда ақынның басын бiрталай шырғалаңға салған сол өлең-жырларының бiразы оқушы назарына ұсынылып отыр. Олар – «Қойшының ойы», «Қалың мал», «Сайлау», «Үй басы болды белсендi» секiлдi әшкерелеушiлiк күш-қуаты мол шығармалары.
Бұлардың бәрi дерлiк, Сейiтбек Шалбай баласы айтып жаздырған «Сайлау» толғауынан басқасы, 1961 жылы жазғы шiлденiң 29 күнi Исекеңнiң кiшi баласы, бабасы Майлықожаның екi мың жолға жуық ең бiр көркем де мазмұнды еңбектерiн жатқа айтып жаздырған Әбуше (Әбдiмүтәлiп) Исабекұлының аузынан жазылып алынды. Әкесi секiлдi өте қысқа ғұмыр кешкен Әбуше де бүкiл өмiрiн термешiлiкпен, жыршылықпен өткiзген тамаша дарын иесi едi.
ҚОЙШЫНЫҢ ОЙЫ
Суғарып көлден қойын Шойынқара,
Түрiне қарағаңда ол ойын бала,
Iшiп ап қойыртпағын қой шетiнде.
Ойлаған Шойынқара ойын қара:
– Астымда бiр әдемi атым болса,
Жетерлiк өз басыма затым болса,
Алыстан аңсап, шаршап келгенiмде,
Бұраң бел, құралай көз қатын болса.
Ақ орда сегiз қанат үйiм болса,
Сауынға жетi-сегiз сиыр болса,
Iлулi саба-саба қымыз болса,
Әркiммен қатынасым тығыз болса.
Ауылдың бар билiгi менде болып,
Бөлiнсе ортамыздан шығын болса.
Ойласам бұл iстердiң баяны жоқ,
Өкiнiшi аума-төкпе, даяры жоқ,
Басыңнан бақ-дәулетiң кеткен күнi.
Қаласың Шыңғысбайдай шамалы боп.
Бiр адам Шыңғысбайдан өтпейтiн ед,
Еш адам ақыл салмай кетпейтiн ед,
Iргелi мал мен бақтың арқасында,
Жарлылар бiз сияқты беттейтiн бе ед?
Шыңғысбай мал барында – би де болды,
Дәуiрлеп – би түсетiн үй де болды,
Бiр күнi мал мен бағы тайып кетiп,
Миықша атқа мiнер күйге келдi.
Болыпты қазынадан тұқым қарыз,
Үстiнен бiр күндерi түстi арыз,
Қамалып абақтыда жатыр, кеше,
Көзiнiң етi өскендей едi нағыз.
Тоқталып бұл ойымнан қайттым керi,
Бұл iстi ойламайды ердiң ерi,
Тығылып абақтыда жатыр әзiр,
Сол едi табылыпты жатар жерi.
Мен өзiм Шымырбайдай молда болсам.
Айтуға шариғатты жорға болсам,
Қосақтап бай малынан зекет алып
Кедейге анау-мынау зорға барсам.
Отырсам кiтап ашып көзiм сүзiп,
Құранды зуылдатсам үзiп-үзiп,
Маңлайы жар қабақтай не-не мырза,
Зекетке мал айдатса ондап тiзiп
Алдырса ат жiберiп өлiгiне,
Мен мiнiп барып тұрсам көлiгiне,
Қиғаштап ақ сәлденi орап алып,
Сыртымнан жұрт таң қалса көрiгiме
Құрметтi боп отырсам би мен байға,
Шақырса түсте қымыз, кешке шайға,
Отыз күн оразада ұшыр жинап,
Қарық болып бибiм жатса сарымайға.
Бұл қалай әлде маған жағар ма едi,
Болмаса шаян болып шағар ма едi.
Япырау, қисық молда бүйтiптi деп,
Маған да жұрт өсектi тағар ма едi?
Өлгендердiң түсiрсем шiлиясын,
Ат-тонға алып тұрсам пiдиясын,
Төрде отырып қасқайып құрметтi боп –
Байлардың майлы тамақ жесем асын.
Байқасам қадiрi жоқ ескiлiктi,
Ақ сәлде қиғаштаған ескiрiптi,
Азанмен қиқақтайды қисық молда,
Дауысы әзер шығып кешкiлiктi.
Мен онда болар едiм әлде қандай,
Намыстың керегi жоқ маған ондай
Басыңда бақ-дәулетiң кетпей тұрса,
Болар ем айтуымша онда сондай.
Мен өзiм Қордабайдай ұры болсам,
Қанiшер бас кесердiң бiрi болсам,
Қасыма бес-он жiгiттi ертiп алып,
Болмайтын ерегiске iрi болсам.
Жылқыдан сойып алсам бiрiн таңдап,
Аттанса бес-он жiгiт үйден андап,
Судырап сұлу сөзбен жылмаңдатып
Жiберсем шаруаларды алдап-алдап.
Не қалды ұнайтұғын ендi маған,
Ойласам бұл iстердiң бәрi жалған,
Осындай жастық шағым өтпей тұрып,
Бiр iске оқу оқып болсам маман.
Құлназар «комсомолға кiр» деп кеттi,
«Менiмен бiрге оқуға жүр!» деп кеттi,
«Миуадай бөртiп тұрған көктемдегi
Маусымын жастық шақтың бiл!» деп кеттi.
Кешегi Құлназардай мектеп кiрiп,
Бiр жүрсем қатарыммен ойнап-күлiп,
Не қызық дүниеде осы емес пе.
Оқысаң қатарыңмен бiрге жүрiп?!
Тастадым, басқа iстiң бәрi құрысын,
Бай малын ендi бақсам Құдай ұрсын,
Кiрейiн барайын да комсомолға,
Жуандар сонда менi бiр-ақ бiлсiн!
1920 жыл.
ҚАЛЫҢ МАЛ
Қыздан мал бiздiң қазақ көп алады,
«Қалың мал – кәде малым» деп алады,
Бесiкте қызы жылап жатқан кезде-ақ
Үстiнен мал көтерiп жеп алады.
Қыздарды шалға апарып некелейдi,
Көнбесе жұдырықпен шекелейдi,
Бейшара әйел халықта не ерiк бар,
Әркiм-ақ мал қатарлы жетелейдi.
Қазақта бiр әдет бар жүрген терiс,
Натуры қыз перзентiн малға берiс,
Қыз байғұс күйеуiне наразы болса,
Кетпей ме жылай-жылай, қандай ол iс?
Егерде сүйгенiмен кетсе қашып
Жанжал боп көбеймей ме ұрыс-керiс?
Қазақтың бұл әдетi жаман шықты,
Сатылмай қайсы қызы аман шықты?
Жылаған қыз-қатынның көз жасына
Үриәт бостаншылық заман шықты.
Шариғат та қалайды ықтиярын,
Бұл iстiң жаратпаймыз тiптi бәрiн,
Бiр iске әдет деген аунап қазақ
Ойлаймыз – иманының жұтты бәрiн.
Мың тоғыз жүз жиырма бiрiншi жыл,
Айында февральдiң басталды бұл,
Күн туды кедей менен батыраққа,
Оянып көтер басты, күң менен құл!
Қыз өссе малға балап сататұғын,
Жасынан көңiлiн пәс қып басатұғын,
Артынан адам өлер дау болады –
Бiрлi-жарым қыз шықса қашатұғын,
Ботадай боздап не қыз шалға тиiп
Көрмеген неше елден асатұғын.
Қыздары бара алмайды сүйгенiне,
Ата-анасы қарамас күйгенiне,
Он екiге жеткен соң балиғат деп
Шығармай отырады үйлерiнде,
Қыз оқыса бұзылып кетедi деп
Тыйым салар бiлiмдi үйренуге.
Жақтырмас қыздың теңiн қалағанын,
Қалыңға алса болды санап малын,
Келiншек боп түскен соң жылға шейiн
Бетiне бүркеп жүрер орамалын.
Жиырма мың – отыз мың деп сауда қылар,
Айтыспен неше дүркiн қауға қылар,
Жылатып қызын малға ұстап берсе
Әкесi үйде отырып тәубе қылар.
Той қылса және болар айтыс деген,
О дағы зорға болар тартыспенен,
Аяғы сол айтыстың сабас болар
Сөз шығып бейпәтуа тәлпiштерден.
Ол тойда үлкен желiк көкпар деген,
Жиылып оған қанша топтар келген,
Бiр жемтiкке таласып төбелесiп
Әкесiн бiр-бiрiнiң боқтар деген,
Шетiнен қамшы ұстаған көтере тентек
Уәжға кiсiсi жоқ тоқтар деген.
Барлығы көкпар құмар жалшылардың
Созады көкпар десе аршындарын,
Жаңағы айтыстағы төбелесте
Ойнататын осылар қамшыларын.
Iсi жоқ байға қызмет еткенiмен,
Көкпардың дәуренiнiң өткенiмен,
Төңкерiс ұрияттың бұл заманы,
Байды шап қару қылып кетпенiмен.
1921 жыл.
САЙЛАУ
Сайлау деген бiр әдет –
Жайылды тегiс құрғақ сөз,
Күнi-түнi шапқылап
Қалуға жүр азапта,
Айтқан сөзi өтiрiк
Бiтiргенi мазақта.
Сайлау жөнiн баян қып
Өкiметтен келгендер,
«Сайлануға ақы» деп
Союз қосшы дегендер,
Осы сөздi есiтiп
Бадамдағы кедейлер
Сайлау хабар шыққаннан
Құлақтары елеңдер,
Делегатты бағудан
Салбырап жүзi төмендер,
Мейманға жайлы болмай ма
Дәулетi жақсы терең жер?
Кедейлердiң тыраңдап
Ерегiсер талайы-ақ,
Таппаған соң шаршайды
Қалғандай емес мал өсiп,
Айтқан сөзi терiс кетпес
Алдына тартса жолаяқ,
Тiрлiктiң дүние зейнетi
Төбесiнен қарғып жүр
Атқа мiнер алаяқ,
Халық әдетi сайлауға
Расқот, шығын көп керек,
Арасында бiрталай
Өтiрiк сөз, еп керек,
Ол iс қолдан келмесе
Сөзден мақұл шеттемек.
Кедейлерге жол болсын,
Сайлауға қалай беттемек?
«Қане – деп – кедей заманы?»
Сорлылар кеттi өкпелеп,
Ысмайыл ұзын деушi едi
Шабатын кiсi намысқа,
Қусирақпен қосылып
Налогты құртқан Арыста,
Адам жиып шапқылап
Шымкентке әдей барыста!
Қосбай мырза Бадамнан
Таласа түстi алысқа,
Екi көшiк алыста,
Алғи менен тоқболат
Тыным тауып қалыста,
Қосбай мырза сайланды
Торғауыттың нәсiлi,
Сүйегiнде сыпайылық,
Сөзiнде көп тәсiлi,
Үш атадан берi қарай
Үзiлмей бектiк нәсiлi.
«Бәллi» деп халық тарқасты
Тапқан деп ердi нәсiлдi,
Сыр жаққа болыс жүрмекшi
Зәру боп шығын шашуы,
Елге болыс шықпақшы
Қасында жiгiт-желеңi,
Халық, елдi аралап
Шығындай қалды дегенi,
Қасында көп бекерi
Тегiн ауқат жегенi,
Хан атасы Жорабек
Сөзге ұста шөгелi,
Халықтың сырын бiледi
Неше түрлi өнерi,
Болыспен бiрге жүруге
Лайықты Мақамбет —
Бұла боп өскен денелi,
Ең жаманы Шынтай боп
Жем тiлеп жеуге шеберi,
Жандардан Байжан iлiктi
Олжадан болып дәмелi,
Шыққандардың бәрi де
Бiр-бiр iске егелi,
Ең үлкенi iшiнде
Батагөйi Досымбек
Мәслихат қылған Бадамда
Бiр жақсы жүрiс болсын деп,
Батырхан мен Тұрлыбек
Үйге бұрын тосын боп,
«Ел танисың жiгiттер
Бәрiң де бiрге қосыл» – деп,
Саяхат қылып далада
Көңiлдерiн өсiрмек,
«Бiр-бiр ат мiнiп қайтармыз
Қылмаса Құдай кесiр» деп,
Құлашын жайып жан-жаққа
Аяқтарын көсiлмек,
Қосбайы да қосылды,
Сасықбай шықты қосын деп,
Сырдағы елге жақсы боп
Шашылар деп бұл шығын,
Тегiс бәрi амалдар
Көтерiсiп тұмсығын,
Амалы зор өңкей дәу
Бұлардың бiлсiн кiм сырын,
Таппайсыз сөздiң бiр шынын,
Тобақабыл тышқан көз
Қор ауылға iлестi,
Қожадан кептi Орынбек
Секретәрi Мейiрбек
Ертiп шықты Мысығын,
Бадамнан ерлер шығысты
Жиырма сегiз саны боп,
Қарық болғандай олжаға
Кигендерi iшiк-тон
Қайырмалы мол жаға,
Ретпенен жүредi
Ел шетiнен әуелi
Гулеп келiп түсiптi
Дарбазадағы қожаға,
Алғи – қожа пайдалы
Амалдарға ел болып
Шығын берген жерi жоқ
Басқа жұрт қатар тең болып,
Амалдармен сөйлессе
Бұлтқа қолы жеткендей
Қолтығы кетер шелденiп,
Әбдiнәсiр қожаның
Қақ ортасы шылқа май,
Екi басы бор кемiк,
Мейманға қызмет қылмақты
Көңiлдерi жөн көрiп,
Табанынан тiк тұрып
Қызметi жөнделiп,
Саясатпен болыстың
Сөздерi болып жайғасты,
Нөкерi көп қасында
Үлкен болыс айбатты,
«Пәлен-пәлен шығын!» – деп
Жорабектi сайратты,
«Сiз бiлiңiз, қожа!» – деп
Әбдiнәсiрдi қайратты,
«Қош келiпсiз мейман» – деп
Қарауылы iшiнде
Үш тоқтыны айдатты,
Қожалардан болыстар
Күн шуақ болып келiстi,
«Бәрекелдi, рахмет!» – деп
Көп ырзалық етiстi,
Алғидың басқа тобына
Осы хабар жетiстi,
«Осындайдан берсiн!» деп
Мұстахкам болып бекiстi,
Жиырма сегiз нан талап
Елге болды тарамақ,
Берген жердi жақсылап,
Бермеген жердi қаралап,
Елдiң iшiн аралап
Пiрәбiрке қылып жүр
Қой мен түйе, сиырын,
Жаурағаны тон сұрап
Бүтiндеп алды киiмiн,
Халықтың аса терiс көрмей
Олжаға тәуiр тиiмiн,
Он шақтыдан бөлiнiп
Қонуға түге сыйлымын,
Жабыла шауып билiк қып,
Шатақсымақ бiр iстiң
Сәл ғана тапса қиымын,
Айнытып астан нәубетiн
Байларға бiр-бiр түнеумен,
Керегiн сұрап сипаңдап
Сөйлессе егер бiреумен,
Өтiрiктi шындай қып
Бiрi сойып, бiрi iреумен,
Өткiр пышақ қолында
Артық жерiн мiнеумен,
Сұрауменен болып жүр
Тоқым, терлiк, ат дорба,
Жағымды болды бұл жұмыс
Жұмысқа жалқау гәп қорға,
Бiреуi алса шығын деп,
Бiреуi сұрап қайырын,
Шығын қанша екенiн
Бiле алмадық дайынын,
«Мына шығын пәлен» деп,
«Ана шығын түген» деп
Ажыратып өздi-өзi
Қылғансиды айырым,
Сипат қылсаң ерлердiң
Түрi осылай жайының:
Жала қылған жерi жоқ
Асырып айтты айыбын,
Шөгiрлiге өтiстi
Шағырдың мiнiп қайығын,
Бозтымақ деген руда
Қонбақшы болды үйiне
Қолдас деген байының,
Отыз адам топтаған
«Бұл қалай?» – деп ол ауыл
Сасып қалды қорыққаннан,
Аттан түсе бередi
Жұмысы жоқ тоқтаумен,
«Қондырмаймын жоғал» деп
Ашулы олар боп қалған,
Алдынан бәрi шығады
Сойыл, келтек, шоқпармен,
Ит қосып қуып жiбердi
Айқай салып боқтаумен,
Қолдастың қылған бұл iсi
Болыстарға кек болды,
Ысмайылдың сөзiмен
Оларды Қолдас жек көрдi,
Ауылымен шуылдап
Ызасын жаман өткердi,
Онан шығып болыстар
Итаяқ байдың аулына
Кешке жете кеп қонды,
Қолдас бай адам жiберiп
Ысмайылға хабар жеткiздi,
Ысмайылы сүйiндi
Есiтiп мынау хабарды,
Айқай салып жинады
Жiгiттен тәуiр жарарды,
Қырықтан аса адам боп
Жиналған адам саналды,
Тамаша қып тағы да
Жан-жағынан жамалды,
Халық жиылып келген соң
Ысмайылдың айтқан кеңесi:
« Осы күнi меңдiк деп
Шымкенттiң өкiметiнiң егесi,
Қандай тентек iс қылсам
Болғай деп жәрдем бересi,
Болысты әзiр сайлаймын
Ендiгi сөздiң жөнi осы,
Қарсылық қылса көнбестен
Жарылады төбесi!»
Сары кiсi сыдиған
Iшiгi бар қасқырдан
Ысмайылдың сөзiне
Адам жоқ онда бас ұрған,
Сайланғаңдар сайланып
Жылқы мiндi қашқырдан,
Ысмайыл айтқан сөзiм сөз
Жұрттың бәрiн мас қылған,
Оспадарсыз iс қылып
Қылығы болды асқынған,
Болысты iздеп шығыпты
Дұшпан болды қас қылған,
Ысмайыл iзiмен қуалап
Келiп едi арқадан,
Көргеннен соң бұларды,
Итаяқ байдың аулына
Қашып түстi қайтадан,
Ысмайыл келдi дүркiреп,
Болыстар қорықты тiркiреп,
Бiр-бiр тұрып жығылды
Қолымен жердi жүз тiреп,
Ажыратып алады
Арашалап кiм тiреп?
Қашар жердi таппайды
Әр жердi қылып бiр түртпек,
Келеге түскен бурадай
Ысмайыл айдап жөнелдi
Алдына салып дүркiреп,
Түйе болса Ысмайыл
Көлге шомар лөкiр деп,
Реңi сары сұп-суық
Түрегеп сиген кәпiр деп,
Айдалада болысты
Жазғырып жүр әкiм деп,
Өз көңiлiне бұл iсi
«Мәскеудегi» съезден
Қарар боп келсен зәкүн» деп,
Ұрмақка көңiлi бейiмдеп,
Тiрiдей-ақ жейiн деп
Алдына қуып түсiрдi
Қалғаны болса кейiндеп,
«Алғи ек басқа ұран деп,
Ажыратып таста бұдан деп!»
Жатып тұрып жалынды
Кенже менен Мейiрбек,
Жалынып жылай берген соң
Бұларға жауап берiптi,
Сасықбай мен Алғайды
Ажыратып бөлiптi,
Құтылып қашан шыққанша
Алты байғұс өлiптi,
Шөгiрлiктiң iшiнен
Болысты айдап жөндiктi,
«Жабыл-жабыл, саба» деп
Тұс-тұсынан керiптi,
Қосбай болыс құнтиып,
Ысмайыл келе аударды
Желкесiнен бiр түйiп,
Дәу Махамбет ыңқылдап
Таяқ жеп жүр күмпiлдеп,
Жаяу қашып Шынтай жүр
Тоқ буаз боп тоңқайып,
Байжанды сабап аударды
Жығылды көзi жыртиып,
«Және ұр» деп Ысқақ тұр
Күлiмсiреп жылтиып…
(Майлықожа. Шығармалар. Жинап, зерттеп, жариялай жүріп құрастырған әдебиетші Ә. Оспанұлы. – Алматы, 2005. – 864 бет» кітабынан алынды).





