Бір суреттің сыры

Тазымен түлкі алудың құпиясы

Ауданбай қажы Ахметжанұлы

Тәтем (әкем) кейінгі жылдарға дейін аң аулады. Қызмет істеп жүрген кездері әлді, бәйгі алмаса да айтарлықтай бәйгі болмаса да, әлді ат мінетін. Аң аулайтын уақыт қар бір жауғаннан кейін басталады. Оған себеп, жаз күндері, аң жүні тықыр, қылшықтары жетілмеген, түбі бекімеген, түсіп, маңайын қыл-қыбырға айналдырады. Ал қар жауып, аң қарға аунағаннан кейін олардың түктерінің түбі бекіп, түсуі қойса, жүнінің қылшығы ұзарып, түрленіп, ұйпалақтанған түбітінен тазарып, пайдалануға жарамды болады. Аң алатын, бір арлан (еркек), бір қаншық (ұрғашы) тазы асырайтын. Аңға шығатын уақытқа екі-үш ай қалғанда тазыларды арнайы тамақтандырып, аса семіртпей де, жүдеу де қылмай баптайды. Иттің аты ит, жаз айларында неше түрлі жегендіктен иттің ішінде неше түрлі қалдықтар жиналады. Бұны «қоя» дейді.  Аңға шығар мезгіл таянғанда қоясын түсіру үшін итке май жұтқызады. Қазақта «иттің ішіне сары май жақпайды» мақалы осыдан шыққан болар. Май жұтқан иттің ішіне жаз бойы жиналған қылшық қыбыр-қоясы  сыртқа шығады. Егер иттің іші тазармаса, ол ит аң алмақ түгілі өз басын алып жүруі екіталай. Қар алғашқы жауғанда аңға салатын иттер құйрығымен ойнап тұруы керек. Былайша айтқанда, ит өз құйрығын айналып тістеп ойнайды. Бұл иттің бабында екендігін білгізетін бірден бір белгі. Сонсоң ит өте сақ, қандай бір дыбысқа болсын елеңдеп, қашқан, жүгірген жәндіктің соңынан қуып, қунақы келеді. Бірақ, аң алып жақсы үйретілгендері, елігіп қуғанымен алдындағысына қастандық жасап тиіспейді, ұстаған аңының терісін де жыртып бүлдірмейді. Үйде, тайдай «Ұшар» атты еркек, «Құмай» атты қаншық тазылар болды. Менің он бес жас шамасындағы кезімде, Ұшардың арқасына екі қолымды қойып аяғымды жерден көтергенде, ол ешбір ауырламастан бүлкілдеп желіп жүре беретін. Сол ит, жазды күні ауылдың ұсақ малын қуалап, бірлі-жарымын жаралайтын мінез шығарды. Бұны көргеннен кейін Тәтем итті тіреуге қойға қосақтап байлап қамшымен біраз сабады. Содан кейін әлгі ит қойға шаппақ түгіл отардың маңайына жүруін қойды. Ұрғашы тазының арлан түлкіге шамасы келмейді, жан беру оңай ма. Ал арлан тазы аңқау келеді.Түлкі артынан жетіп қалған тазыны сезген кезде құйрығын бір жаққа бұрып, арлан тазы құйрықтың бұрылған жағына қарай жүгіргенде ол екінші жаққа қашады. Тазы түлкінің бұрылып қашқан жағына қарай бұрылып, соңына түсіп қуғанша түлкі біраз жер ұзап, аз да болса солығын басып тыңайып қалады. Ал қаншық тазы арланға қарағанда әккі, түлкінің құйрығының бұрылған жағына бағдар ұстамай, түлкінің өзінің бұрылған жағын бағдарлап соңынан қалмай қуып, түлкіге аз да болса дем алып, ес жинауға мүмкіндік бермейді. Міне, осыны ескеріп аңшылар бір арлан бір қаншық тазы асырайды. Түлкіні қазақ «алпыс айлалы» қу деп суреттейді. Түлкінің әдеті мен іс амалын аңғарып, ой түйген  олар бұл сөздің дұрыстығын толық қуаттайды. Олай дейтінім, Тәтем түлкі туғаннан кейін үш күннен кейін қашатын жолын біледі дейтін. Міне, осындай айлалы аңды ұстау үшін иттің де дайындығы болуы керек. Түлкіні ит жеткеннен кейін артынан, не белінен ұстаса, түлкі қайрылып, иттің бетінен қауып, бетін жаралап босанып кететін кездері кездеседі. Бұндай жағдайдан кейін итте де жан бар, түлкіні қоя беріп, қаңсылап кейін қашады. Осыдан кейін әлгі тазының қайтып түлкіге жолауы қиын. Бұндайды болдырмас үшін, аңшылар итті күшік кездерінен бастап ұстаған аңды тамағынан, болмағанда желкесінен ұстауға машықтандырады. Тәтем: «Аң аулау қызықты да, пайдалы да, қауіпті де» деп отыратын. Олай дейтіні, аңшының аң аулағанда бар ынтасы аңға ауып күнделікті күйкі тірліктен алыстап, сағат, минут сайын кездесетін жүйкеңді жұқартатын пендешіліктен құтылып, жүйкең жөнге келеді, екінші, таң алдында ғана жауған қардан кейін, саф алтындай тазарған ауамен кеудені кере дем алудың денсаулық үшін пайдасы тіпті жоғары. Бұларға қоса, аң аулаған адам ойға алған ісін тындыруға кажетті табандылыққа, мақсатқа жетуге деген құштарлыққа, далада он бес-жиырма сағат бойы, ас ішпей, суыққа шыдап, шыдамдылыққа, төзімділікке әдеттенеді. Енді қызығына келсек, иен далада шөп маясының ішінен ине іздегендей бірлі-жарым қар жауып, тоқтағаннан кейін жортқан аңның ізін қасыңдағы серігің – тазыларыңмен бірге іздеп тауып, оны аңның жатқан жеріне дейін ізден ауытқымай, адаспай тауып бару бір ғанибет болса, қашқан аңға қосылған тазылардың жүгірісімен, аңды тауға-тасқа жібермей, жазыққа қайыру да бір сүйсінерлік жәйт. Аңның жақында жортқан жаңа ізін анықтауға, аң аулауға машықтанған, қабілетті тазылардың еңбегі үлкен. Өйткені, олар әрлі-берлі жүгіріп, жер шолып, кездескен ізді иіскеп, аңның исі арқылы сол ізге түсіп, аңның беталған жағына иесін бастап жорта жөнеледі. Әлдеқалай, із басқа ізбен қиылысып, адамды алғастыратындай болса, екі ізді кезек иіскеп, кейінгі жаңа жортқан аңның ізін жаңылыспай айырып, солай қарай бастайтында ит. Аңшылықтың ең қызық та қиын кезі, тазылардың түлкіні шалып «әні алады», «міне алады» деген сәт. Оның қызығы тазының түлкіге жетер-жетпес кезі болса, қиыны   жолдың жағдайына, қауіп-қатерге көңіл аудармай, астыңдағы атты қамшылап, аңның соңынан қуған кез. Алды-артыңды бағдарламай, ешнәрсеге көңіл бөлмей, атпен шауып келе жатып, ат аяғын шұқырға тығып алып, не көлденең кездескен қатты затқа сүрініп, құлауы әбден мүмкін. Алла сақтасын, ондай жағдайға тап болсаң үйге аман-есен оралуың екіұшты. Өйткені, не атың мерт болуы, немесе өзің жарақаттануың мүмкін. Аң аулауға қолайлы кез – қар қалыңдамаған, таң алдында жауған қар бұрқамай, түнде жортқан аңнан ізінен басқа, із жоқ  қарды қазақ «қан сонар» дейді. Ұлпа қардың үстінде тайға таңба басқандай анық түскен, түлкінің ізі, аңшыны тобылғы ши сықылды желден пана өсімдіктің түбінде дем алған аңды көрсететін компас. Осы із арқылы аңшылар аңды ұшы қиырсыз шексіз даладан іздеп тауып ұстайды.

Ел арасында аңшылар жөнінде мынандай әңгіме бар. Бір аңшы жігіттің әкесі қайтыс болып, ертең жерлейміз деген күні әйдік «қансонар» болыпты. Аңшы әкесінің жерлеуіне қарамай, таң ала кеулімнен аңға жиналып жатқанын көрген жақын-жуығы, «әкеңді жерлейін деп жатқанда қайда барасың» дегендерге: «Атам өлсе қойылар, атан өлсе сойылар. Күнде мұндай қансонар қайдан табылар» деп аңға кетіпті деген. Әрине, дәл осындай жағдай бола қоймаған да шығар, бірақ бұл сөздің арғы жағында аңшылықтың да өте қызғылықты машық екендігін аңғартып тұрғаны сөзсіз. Аңды көп аулап, кәнігі болған аңшылар бір күн бұрын-ақ, ертең қансонар боларын шамалап дайындалады. Ертеңіне таң атпастан, оразасын ашар-ашпастан қалтасына бес-алты малта салып тазыларын ертіп аңға шығады. Малта алудағы себеп, майы толық алынбаған сүттің құрттын сорпаға езгеннен кейін езілмей қалған қалдығы малтаның ащы дәмі жұмсарып, сорғанда ауызда тәтті де, ащы да емес жағымды дәм сезіледі де, шөлдетпейді, оны шайнап, жеп қоймай баппен сорғандықтан жалғыз адамға ермек, астығы өз алдына. Таң қараңғысынан шығудағы мақсат, жортқан түлкі осы маңға жатады-ау деген тұсқа жеткенде дала із көрінетіндей жарық болады. Егер аңға кеш шықса, түлкінің ізіне басқа ірі аңдар түсіп, аңды үркітіп жіберуі, әйтпесе, таң атып күн шыққан соң, ол оянып, жатқан жерінен жортып кетсе, аңшы ертеден қара кешке дейін аңның ізіне босқа түсіп, оның бойын көрмей кешке бос қайтады. Аңнан аңшы түннің бір уағында сақал-мұрты сауыт-сауыт мұз болып оралады. Саптама етік киген аяғының башайлары домбығып, үсініп ісініп кетеді, оны келесі күні инемен шабақтап қанатқанда қара қошқыл қан шығып, ісінген аяқ өз қалпына келеді.

Аң аулайтын мезгілде келген қонақтарға, Тәтем түлкінің қай таудың қай жағынан қашқанын, оған тазылардың қалай кезіккенін, түлкіні қуып жүріп атының сүрінгенін, не жығылғанын, иттердің түлкіні қалай қуғанын тәтпіштеп айтып бір ләззәт алатын. Иттің аң алғандағы көңіл-күйін, былайша айтқанда, артынан иесі келгенше алған аңын тамағынан қысып, тік көтеріп сілкіп-сілкіп жерге ұрып, алдыңғы екі аяғымен басып жатқанын, түлкіні босатып алғаннан кейін адамның қасына келіп, еркелеп олай-бұлай секіріп, дүр-дүр сілкініп, масаттанған көңіл-күй кешкендей жағдайға түсетінін айтып, сөзбен суреттейтін.

Түлкіні иен даладан іздеп тауып, итіңнің ұстағаны бір ғанибет болса, жоны қызыл бауыры ақшулан арқаның «қызыл алтай» түлкісін қанжығаңа байлаудың өзі аңшының жанын жәй таптырып, көңілін марқайтатын ерекше кез. Әлдеқалай иттер, көрінген аңды тау жақын болып, тасқа жіберіп ұстай алмаса, иесіне тура қарай алмай, анандай жерде жатып көзінің астымен қарап, жолай алмайтынын, қашан шақырып басынан сыйпағанша қашқақтап жүретінін тілге тиек қылып айтатын. Түлкінің табаны тазының табанына қарағанда қалың және жүндес болғандықтан, таудың тастақ жерімен жүгіргенде жараланбайды. Ал тазының жұқа жүнсіз табаны жараланып, жүгіре алмай, түлкіден айрылады. Осыған орай, кейде жанды заттың бәрінде де әртүрлі деңгейде жағдайды саралайтын түйсігі болғаны ғой деген ой түйіп, өзіміз ертегі деп айтатын әңгімелердің негізінде шындық бар екеніне сенесің.

Бірде Тәтем Атаммен бірге аңға шығыпты. Атам әргі-бергіден келе жатқан аталы сөзді көп біледі және елмен бірге ат үстінде жүргенде әдет бойынша әркім білген әңгімесін айтып жол қысқарту, жолаушының әдеті. Жол жүрушілердің бір-біріне «жол қысқарсын, әңгіме айтыңыз» дейтін айнымас әдеттері. Осы әдетке орай, Атам аңда жүріп те әңгіме айта бастапты. Біраз жүргеннен кейін Тәтем «Әуке, аң аулағанда қатты сөйлеп, әңгіме айтпайды. Далада шыбынның ызыңы естілерліктей тыныштық, «үп» деген жел жоқ, осындай жағдайда дыбыс алыстан естіледі. Оның үстіне аңның дыбыс есту, иіс сезу, көру қабілеті, адамның осы қабілеттерінен анақұрлы жақсы жетілген. Біздің сөйлеген сөзімізді қазір дем алып жатқан аң естіп, бізге орнын сыйпатып қашып кетеді» дейді.

Тәтемнің олай дейтіні, аң түні бойы тамақ іздеп жортуылда болады. Таң алдында шаршаған ол кездескен қараған, тобылғы сияқты панасы бар өсімдіктің арасына кіріп тынығады. Міне, осы тынығып жатқан кезінде үстінен басу үшін аңға таң қараңғысынан шығады. Егер әлдебір себеппен ізіне түсіп келе жатқан аң, жатқан орнынан қозғалып кетсе, жуық мезгілде ол дем алмайды. Кейде осындай жағдайдан кейін аңшының бос қайтатын кездері де болады. Тәтем осындай болмасын дегендіктен дауыстап сөйлемейік дегені ғой. Осы кезді атам, кейін есіне алғанда, «Ахметжан даланың аңын шошытасың деп, мені айдалада сөйлетпей қойды ғой» деп күліп отыратын.

Аңға, мейлінше аз адам бірігіп, болмаса жалғыз-жалғыз шығады. Көп болып шыққан жағдайда екі топ құрып, біреуі тауды, сайлы, қарағанды, тобылғылы жерлерде тынығып, жасырынып жатқан аңдарды қиқулап, шулап, дабырлап, негізгі аңшылар жүрген жаққа қарай үркітеді. Бұлар – аң қағушылар. Даңғазадан үрікен аңға, тасалау жерде бойтасалап, итімен, не бүркітпен тосып тұрғандар төтесінен қосылады. Әрине, бұндай аңшылық екінің бірінің қолынан келе бермейді. Көпшілігінде аңшы жалғыз, ұзаса екеу болып шығады.

Осы күні екінің бірі – аңшы. Аңды ізіне түсіп жолықтырып, адаммен тазы бірге қуып еңбекпен ұстаса, осы күнгі аңшылар із, аңның дем алатын орындарын жобалап болса да болжап іздемей, әлді, жумақты жерге бөгелмейтін машинамен жер жүзін шарлап, аңның бойын көріп, жобалаған жерге келгенде шақырымдаған жерден ұшырып түсіретін мылтықпен атып алады. Аңды бұлай аулау дәл із кесіп, аңның жатады-ау деген жерін біліп, тауып, ит түлкіге жетер жетпес шалып, тауға тасқа қарай қашқанын итінің жазыққа қайырып алу сәттерін көріп, бар ынтасы аңда болған адамның, итінің аң ұстағанын көргендегідей аңшыдай ләззәт ала алмайтыны даусыз. Екіншіден, қазіргі аңшылар түлкіні қанжығаға қалай байлайтынын да білмейді. Баспасөз бетінде жарияланған аңшылық жөніндегі мақалаларда түлкіні мойнынан қанжығаға байлап суретке түсіреді. Аңды ердің артқы қасының астынан жіберіп, қамшылар жақтағы қанжығамен алдынғы аяғын мойнына, мінер жақтағы қанжығамен бөксесін артқы аяғына қосып байлайды. Бұндай жағдайда түлкі салақтап аттың аяғына, бауырына соғылмайды. Ал мойнынан бір жақтың қанжығасына ғана байланған аңның салмағы ердің артын аттың біржақ қабырғасына қарай тартып қисайтып, ат арқасын жауыр қылса, аңның артқы аяғы, құйрығы аттың бауырын, шабын соғып, аттың жүруіне кедергі болады. Алған аң, үлкен арлан түлкі не қасқыр болса, ат жатаған маңғұл тұқымдас болса аңның құйрығы мен аяғы жерге сүйретіледі. Егер ат үркек, қытықшыл, ұшқалақ болса бауырын соққан аңның денесінен шошып тулауы да мүмкін. Аңды ердің артқы қасының астынан келтіріп, алдыңғы аяқпен басты қосып бір жақ қанжығамен, артқы аяғын құйрығымен қоса екінші жақтағы қанжығамен байлағы себеп, аңның салмағы аттың екі жағына тең түсіп аттың жүрісіне кедергі келтірмеуі.

Сол жылы Тәтем аңға шыға алмады, екі ит өз беттерімен аң аулап дала кезуді әдетке айналдырыпты. Жаз шыға аң алып әдеттенген арлан итін босқа қаңғып кетпесін деген ниетпен жездеміз Тәжитке шылбырына байлап беріп жіберді. Бірақ, Тәжекең үйінде ит көп тұрақтамай үйге келді. Басқаға бергенмен тұрақтамайтын болған соң үйде жүрген иттер қыс түсе өз бетімен аң аулау әдетін қайта бастап, таң сәріден дала кезіп кетіп жүргенде бір күні арлан ит үсті басы жара-жара қан, даладан үйге жалғыз оралыпты. Содан былай аңға шығуды қойып, үйдің маңайында жүруді әдетке айналдырған, бұрын адам түгілі малға қастық жасамайтын тазы үйге келе жатқан ауылдасымыз, Тышқанның әйелі Үндеместі үстіндегі тонынан тістеп жерге алып ұрып жығып, алдыңғы аяқтарымен басып тұрған жерінен Тәтем шығып айырып алыпты. Үндеместі жығып, басып тұрғанымен, тістеп, талап еш зиан келтірмепті. Осы жағдайдан кейін қанша қимағанымен енді мен аң аулап жарытпаспын, әрі серігін қаншық итті Құмайды далада қасқырлар жеп, өзін талағаннан кейін, әрі аң ауламай ашулы ит біреуді жазым қылса өкініші кетпес деп итті байлап аттырып тастады. Бір айта кететін жәйт, бір күзде он – он бес түлкі алады, оны сойып, терісіне бірер күн ащы айран жағып, айранды кебекпен сорғытып, уқалап жұмсартып, сойғанда теріге жабысқан еттен тазартып иін қандырады. Міне, сонша түлкіден біздің үйде бір ғана түлкі ішік болды. Ол жылдары халық тұтынатын тауарлардың аздығы ма, әлде түлкі тымақтың жылылығына қызыға ма, қолынан келгендердің бәрі түлкі тымақ киеді. Тек қана елуінші жылдардың орта кезінен былай, қолы жеткендер қаракүл елтірісінен тымақ киюді салтқа айналдырды. Түлкі, не қаракүл елтірісі қолына түспегендер, жас қозының елтірісінен тымақ тіктіріп киетін. Түлкінің терісі көруге әйбәт болғанымен жүні тез қырқылып киген кісінің үсті жүн-жүн болып жүреді. Бірақ әйелдер жағы түлкінің терісінің әдемілігіне мә, әлде жылылығына қызыға ма, түлкінің терісінен тігілген ішікті жоғары бағалайды. Түлкінің ең бағалы терісі төрт пұшпағы. Біріншіден, пұшпақтың түгі де, терісі де өте мықты. Он-он бес жыл киіс береді, екіншіден, жеңіл де жылы. Бәрінен бағалысы – ортасы екі елідей қап-қара, ал екі шеті ұзына бойына ашық қызыл түсті түкпен көмкерілген әдемілігі. Таңдап тіктірген адам түлкінің жүзге тарта пұшпағынан бір ішік тіктіріп киеді. Менде жаңа пұшпақ ішік болды. Ал осынша еңбекпен аулап, терісін илеп, бейнеттенген түлкінің терілерін, ағайын-туыс, жақын-жуық, жекжатқа тымақ тіктіріп ки деп «Алла ырза болсын, рахмет» үшін таратып беретін. Қалай болғанда да, қазақтың қандайда болмасын қиын кезеңнен, майысса да сынбай, бірлі-жарым өлім-жітім болса да, қырылмай аман қалуы, бір-біріне қайырымдылығы мен ұйымшылдығы болар.

Ауданбай  қажы АХМЕТЖАНҰЛЫ

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button