
Бiсмiлла деп бастайын
Бiр Алладан сөз басын,
Рақым етiп қорғай көр
Пендеңнiң көрiп көз жасын,
Тiрi пенде терiп жер
Шашылған нәсiп олжасын,
Өтiп жатыр не күндер
Қайсы бiрiн адам болжасын,
Атасы бақпай балаға,
Қызы бақпай анаға,
Қорғауда әркiм өз басын,
Алды-алдына тозды жұрт
Ақырын Құдай оңдасын,
Құлақ салып тыңдаңыз
Қызыл тiлiм сайрасын,
Отан қылған ел едiк
Кең сала екi Келестi,
Қоңыр қаздай мамырлап
Көңiл шiркiн тел өстi,
Кешегi өткен кең дәуiр
Айтқанмен қайтып келмес-тi,
Түс көргендей қиялдан
Боп барады көмескi,
Бай менен жарлы бiрдей боп
Бiреуге бiреу теңестi,
Еңбекшiден ұйым боп
Құрдық совет – кеңестi,
Жаңа тәртiп ашылды
Ескi заң болып өрескi,
Бай, құлақтар сап болып,
Батырақ кедей тап болып,
Тегiсшiлдiк дәуiрге
Көшкенiмiз емес пе?
Екi Келес жағалай
Жер едi қандай егiске
Жарастықты өмiрге-ай!
Бедеу атгар байланып
Қазығын шайнап кемiрдi-ай,
Есiгiнде байлардың
Езiлiп жүрген кедейдiң
Ендi жүгi жеңiлдi-ай,
Базарда жайнап тұрған мал
Айналды нарқы тегiнге-ай,
Бай-манаптар қаңғырып
Қарыздар болды кебiнге-ай,
Кедейдi адам деп пе едi
Тұрғанда түспей демiнде,
Аударылып кеттi алды
Қарадария теңiзге,
Социалды дәуiрге
Жеткедней болдық көңiлде,
Кiмнiң бай, кiмнiң кедейiн
Түрiнен ешкiм бiле алмас,
Бай-құлақты жой деген
Көбейiп кеттi ұрандас,
Езiлген кедей көп едi
Есiгiнде байлардың
Еркiнше дәуiр сүре алмай,
Басын тартты панаға
Бай жүзеге шыға алмай,
Иламенен кедейдiң
Кеңсесiне кiре алмай,
Ыңырсыған мал едi
Айнала адыр шымалдай,
Бiр малдың басын үшеу қып
Пайдасыз қолдан шығармай,
Ендi бәрiн бәс бердi
Ойнаған қарта құмардай,
Жүрушi едi кедейге
Заһар шашып жыландай,
Бай тәкаппар боп едi
Берiлген зауал бұғанда-ай,
Тегiсшiлдiк дәуiрге
Қолымыз жеткен заман-ай,
Жiбек киген қыз-қатын
Туған айдай жамалы-ай,
Қоңыр салқын тербелiп
Қыбладан соққан самал-ай,
Қонысынан қозғалмай
Қалған жоқ елдiң аманы-ай,
Есеңгiреп ел кеттi
Бiрiн-бiрi таба алмай,
Есiл-дертi ауқат боп
Абыройын жаба алмай,
Жаратқанның iсiнiң
Бола ма, сiрә, жаманы-ай,
Осы айтқанның бәрiн де
Өтiрiк емес көз көрдi,
Өткiншi дәуiр өкiнiштi
Басынан елдiң өткердi,
Бай-құлақты жой деген
Жоғарыдан сөз келдi,
Тәкаппар, менмен көп едi
Жазасын мiне тез бердi,
Қайырсыз малдың қастығы
Қарсы алдынан кез келдi,
Сұлулап айтқан үгiтке
Құлақ салып ел сендi,
Қалам-қағаз көбейiп
Етек-жеңi өлшендi,
Бай-құлақ бәрi айдалып,
Орташаны еңсердi.
Ортадан iшi теңселдi,
Қолтығына мес байлап
Үй басы болды белсендi,
Белсендi мен батырақ
Ортаңнан құрды кеңсендi,
Бас-басына жоспар сап
Орында дейдi өлсең де,
Атаны жаулап баласы
Апатты дауыл тұрар ма?
Жылда бiз жайлап ел шетiн
Желкелеп Құдай ұрар ма?
Қыршаңқы қаптап ел iшiн,
Қарық болдық қотыр шұбарға,
Бiреудi бiреу көре алмай
Араласты тұманға,
Жол-көшелер бәнт болды
Шұбырған халық-шымалға,
Құр айқайға басуда
Ұрынып жалаң ұранға,
Желөкпелер желпiлдер
Желiгiп қызыл жалауға,
Сандалма кесел болып жұрт
Мал басы түстi тонауға,
Қолы тимей кеттi ақыр
Жыртығын да жамауға,
Жаздай iстеп аш жүрiп
Қыс болса түстi қамауға,
Қабат сөйлеп қатындар
Белсендi болып өршiдi,
Қатын-бала ортада
Бiр қосты мал мен еншiңдi,
Тексергiн деген қай жерде
Ұят пенен ерсiңдi?
Қой дейтұғын кiсi жоқ
Шығарды оңшыл, солшылды,
Аппартүншiл бiреуi
Олардан гөрi жөншiл-дi,
Күнде шығын көбейiп
Бөлшiл-бөлшiл-бөлшiл-дi,
Береке берсiн колхозға
Бозторғайдай төлшiлдi,
Құлақ деп қамау бiр күнде
Қызметкерлер менен қойшынды,
Ақыл, естен айрылып
Бiреуге бiреу соқтықты,
Нормалап ауқат үнемдеп
Көре алмадық тоқтықты,
Үтiлсiриә жинатты
Ескi-құсқы, боқтықты,
Зәлөк, нәлөк көбейiп
Пiрәсенттеме көп шықты,
Аят-оят тiптi жоқ
Әкесiн бала жеп шықты,
Жанашыр жан қалмады
Жер астынан жiк шықты,
Бүгiн бiрiн тындырсақ
Даяр тұр бiрi ертеңге,
Жалт қарасақ төнiп тұр
Белсендiлер желкенде,
Сыймаса да, сыйса да
Сал көтіңді дi керсенге,
Қайдан тапсаң оннан тап
Қаратпаңыз ертеңге,
Берсең бүгiн төрт теңге
Төлерсiң ертең бес теңге,
Бүгiнгiнi айта бер
Ертеңгiнi еш көрме,
Белсендi айтса зәкөнiн
Бұл қалай деп тексерме,
Жайыңа қарап жүр дейдi
Көзiңнiң етi өскен бе,
Еркекпен ерқiң бiрдей деп
Қатынды салды кетпенге,
Қарауыл қойды жол тосқан
Ары-берi өткенге,
Заңның жолы осы ма
Бар ма әлде басқа ырғасы?
Нақұрыс, тентек еркек пен
Құтырып кеттi ұрғашы,
Үлкен, кiшi демейдi
Бәрi тегiс құрдасы,
Колхоз бастық, бiргәдiр
Белсендiлер пормасы,
Қатыннан ендi айтайын
Құлақ салып тыңдашы,
Әттең-ай кербез келiндер
Бұрынғы қайда тұлғасы?!
Барады ма екен бiр еркек
Орамалыңды бұлғашы,
Еркекпенен қойса жарысқа
Бәйге алар озып ұрғашы,
Шұқылап шөптi өлтiру
Ертелi-кешкi еңбегi,
Көзге түсер жұмыс жоқ,
Қуырмаш бидай, қара су
Ыстық тамақ көрмедi,
Қаны қашып теңселер
Қураған шөптей жердегi,
Қатынына сен шап деп
Қисайып жатар ерлерi,
Қатыны да тұр-тұрлап
Жата берме сен дейдi,
Ауқатыңды iстеп тап
Менiменен тең дейдi,
Бәле болдың басыма
Жүрмiсiң дейдi өлгелi,
Сөйтiп жүрiп мақтаны
Бiр күнi шығар тергелi,
Тергенменен жоспардың
Үштен бiрi өнбейдi,
Бай-құлақ кесiр қылды деп
Белсендiлер өңдейдi,
Белсеңдiлер жөнiнде
Тағы бiр болды тамаша,
Солардан басқа қалмапты
Өкiмет байқап қараса,
Мүжиiн дептi басыңды
Сендердiң Құдай қаласа,
Өздерiңдi танытқын
Дұшпанбысың, жаумысың,
Тамырыңды ұстайын
Аурумысың, саумысың?
Екi аяқты хайуандар
Iстеп жүрсiң кiм үшiн?
Сендер үшiн оқылық
Өкiметтiң қаулысын,
Бұл жолдастар бiр кезде
Бөрiк ал десе бас алды,
Момындар жылап жалынса
Одан сайын қасарды,
Бiтiрген кәне жұмысың
Үкiметке тура емес
Iстеп жүрген бұл iсiң,
Шетiңнен тегiс жебiрсiң
Елдiң жеген ырысын,
Жылпоссың дедi бояма
Әншейiн жүрген күн үшiн,
Сеңдерге сый деп, мiнеки
Он жылдан сот жасалды,
Бiреуi айғақ, екеуi
Есiтiп жатыр қасамды,
Қабатына алуда
Талай момын нашарды,
Асыра сiлтеу жасап сен
Жүрмекшiсiң қашанғы?
Кiмге қулық қылмақсың
Тауыпсың аңқау осалды,
Тұтқын болды көп момын
Кетпеннен басқа көрмеген,
Ала жаздай еңбекпен
Пешенесi терлеген,
Өлiп-өшiп жүрсе де
Нормасын тура бермеген,
Еңбекшiнiң қақын жеп
Кедергi қылған сен деген,
Белсендi соққан қия дау
Алдынан шықты көлденең.
Әзiргi нәсiп ардомнан
Тататұғын дәмi бар,
Еңiрегенде есеп жоқ
Есiркесе не қылар?
Бағып жатыр пенде ғып
Жазықсыз қанша халықты,
Киiмi кiрлеп, қор болып
Бекерге халық тарықты,
Көрсең денең суиды
Ашыққан мен арықты,
Ұнамас көңiл ауқатты
Өлшеммен берген қалыпты,
Iсiп кеткен адамдар
Кеселге түрлi шалдықты,
Жақсылық Алла жеткерiп
Көрсек дейдi жарықты,
Қаһарына пендесiн
Шынымен Құдай алыпты,
Тiрiдей-ақ көрсеттi
Жетi тозақ тамұқты,
Еңiреген ерлер үнемсiз
Бiр бұрда нанға зарықты,
Тұлымшағы сербиген
Жұлма шапан қатындар
Қолдарын жайып жылайды
Оларда қайбiр ақыл бар?
Қандай күнге қалдық деп
Таңдайлары тақылдар,
Жазалы болса қатынның
Қамалуға қақы бар,
Дарбазадан сығалап
Балаларын шақырар,
«Ана саған келдiм» деп,
«Жетiмсiреп өлдiм» деп,
Шешесiне жақындар,
Бiз есiркеп қайтемiз
Өкiмет өзi мақұлдар,
Әңгiме айтса даурығып
«Сөйлегiн, балам, бәсең» дер,
Жақсылық жетсе Құдайдан
«Шығамыз аман-есен» деп
Сендер үшiн тұтылдық,
Қарындарың ашар деп
Тiрi болсақ барармыз
Бола берме нашар деп
Құшақтайды баласын
Бiраз мауқын басам деп,
Бiледi екен бала да
Мiне «қызық» жана да,
Қатынды айдап дүжүр жүр
Бөгет болып арада,
Қалып қойды баласы
Жылап-сықтап далада,
Кетедi екен қуанып
«Жолықтым – деп – анама»,
Қамайды iшке анасын
Ажыратып тiрiдей
Бауырынан баласын,
Жылап-сықтап шығады
Аллаға айтып наласын,
Еңiреген көздiң жасына
Есiркеп бергей панасын,
Бағылып жатқан пенде көп
Бiлмеймiз ағын, қарасын,
Күнде бiр сөз шығады
Қайсысына нанасың?!
Көре алмаймыз Құдайдың
Жарық жапан даласын,
Бiр күн таппай қаласың,
Есiркеп Алла пендесiн
Бұл қысымға алмасын,
«Ер қолынан құс тоймас»
Пендеден пенде күнелтiп
Бола алмас қайыр сапары,
Басқаның бәрi бейбаян
Бiр Алла өзi опалы,
Бiз бiр мұңлық пендемiз
Көңiлi қайғы, қапалы,
Әр бейнеттiң – түбi рақат
Мүшкiлдiң болған ансаны,
Бiз көрмеген Құдая
Көп екен тiптi көрiмiң,
Арабаға басады
Адамның сүйреп өлiгiн,
Күнделiктi жатамыз
Өлiмнiң берiп телiмiн,
Аз ғана ауру бергей де
Құдайым ансан өлiмiн,
Қараңғылық басқа орнап
Төбеге аштық төнiп тұр,
Өлмеген соң жұмыр бас
Бәрiне де көнiп тұр,
Азалы ардом өтен боп
Ажалдылар өлiп тұр
Пешенеге пендесi
Жазылғанын көрiп тұр,
Егем өзi сақтағай
Көңлiмiз неге сенiп тұр,
Саламат тәндi сау қылып
Айналайын Құдая
Ел, ағайын, қауымға
Аман-есен жолықтыр!
(Майлықожа. Шығармалар. Жинап, зерттеп, жариялай жүріп құрастырған әдебиетші Ә. Оспанұлы. – Алматы, 2005. – 864 бет» кітабынан алынды).





