Бата – сөздің анасы
Қызылордалық Сағат қарияның батасы
«Бисимилла рахман рахым.
Күллі дүниені жаратқан жалғыз Алла сақтасын, әр қатерден сақтасын. Саушылық болып жан жағың, аман болсын отбасың! Ұзақ болып өмірің, басыңнан бағың таймасын. Перзенттерің көп болып, несібесін көп беріп, жеткерсін Алла жалғасын! Осы айтылған дұғаны періштелер әумин деп, әулие Пірлер қолдасын, қол жайған көптің тілегін қабыл етіп, Құдайым талабыңды әрдайым жақсылыққа жолдасын!
Мәдинеде Мұхаммад, Түркістанда Қожа Ахмет, Отырарда отыз баб, Самарқанда сансыз баб, Түркістанда түмен баб, Әулие ата Арыстанбаб, Жеті ғайып, жеті баб, қол жайып ақтан тілеген тілегіңді қабыл ет. Ғайып Ерен Қызыл Шілтен, Қызыр Нияз пірадар, төрт мұғарап періште рахым етіп әр істі, осы айтылған дұғаларды қабыл алсын. Өздеріңнің аруақты ата-бабаларың қолдасын! Ұлы жүзге Пір болған Ер Сейітбек бабаның аруағы, Орта жүзге Пір болған Мағзаман әулиенің, кіші жүзге Пір болған әзірет Сұлтан Ысырайл пірлердің аруағы қолдасын! Құдай қабыл етсін, барлық жақсы тілектеріңе жеткерсін, жолың болсын, талабыңды құдай оңғарсын! Әумин!
Бұл Қызылорда қаласының тұрғыны 2005 жылы 88 жастағы Сағат қарияның батасы еді. Көкілташ медресесіне оқуға түскенде оқуын толық аяқтай алмай, заман өзгеріп елге жеткен екен. Біздің шежіре жинап жүрген жағдайымызды біліп: «Шежіре жинап, тарихты тұнып қалған топырақтың арасынан іздегендерің сауапты іс. Күнәсі да бар. Себебі жылдар емес, ғасырлар өтіп мәңгілік қойнауына кеткен деректерді тізбелеп жинап, түгендеу оңай емес. Біреу асыра айтам деп қосып жазады. Біреу білмей қалып кем жазады. Таразы басына түскенде, армен салмақтап, анық жазыңдар» деп еді. Көпті көріп, көңілге түйіп өзі айтқандай «қарауылға жақындаған» қазыналы қарт көп сөзге келмей, батасын беріп шығарып салып еді.
Айгүл УАЙСОВА