Ауылдың ажары – қыз, әдебі – келін
ҚАЗАҚ БОЛАЙЫҚ-11
Ауылдың ажары – қыз, әдебі – келін. Соған орай атам қазақ:
«Қызым келіннен ғибрат алып өседі,
Ұлым елімнен ғибрат алып өседі», – деген.
Сонда қызға тағлым беретін ол қандай келін? Жауап айқын. Айқын болатыны, кезінде қазақтың барлық келіні сондай болатын. Әйтсе де: «Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады?» – дегенді де біз айтқанбыз.
Шынында да жаман қатын қайдан шығады? Мынандай бір қыжыртпа әңгіме бар:
Шал мен кемпірдің жаңа түскен келіні есік алдын сыпырмайды екен. Шал мен кемпір өзара келісіп екеуміз таласайық, сен: «Мен сыпырамын” де, мен: “Жоқ мен сыпырамын” дейін, мүмкін келін ұялғаннан: «Мен сыпырамын» дейтін шығар», – депті. Сөйтіп шал мен кемпір сыпырғыны алып таласа бастапты. Мұны көрген келіні: «Не болды, неге таласып жатырсыздар? Бұлайша таласа бермей бір күн сіз сыпырыңыз, бір күн енем сыпырсын”, – деген екен.
Сірә аталарымыз:
«Келін-келін, келін — бақ,
Келмей жатып, сөзін бақ», – дегенді осындай келіндерге қарата айтса керек.
Ал бақтық. «Баланы – жастан, келінді – бастан» тәрбиеге алдық. Бетінен қақпай, өз ойымызды «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда», – деп те жеткізіп көрдік. Әйтсе де аталарымыз:
«Жақсы енені
Жаман келін жер қылады.
Жақсы келін
Жаман енені ел қылады», – дегенді бекер айтпаған.
Тағы бір ескерер жәйт:
«Төркіні тентек келіннің
тілі ұзын
Төркіні момын келіннің
жібі ұзын».
Бұған керағар: «Келін жаман емес, келген жері жаман», – деген мәтелді де жоққа шығаруға болмайды.
Сондай-ақ Махмұд Қашқаридың: «Жасауы мол келіннің күйеуі жуас келеді», – деуі де өмір сабағы. Солай бола тұра аталарымыз айтпақшы:
«Келін кейін отырар болар,
Көтерілуге бейім отырар болар».
Алайда бүгінгі келіндерде ондай түсінік жоқ. Себебі, біз үлкендер аузымен айтылатын мынандай ұлттық тәрбиеден ажырап қалдық:
– Апа, неге осы қазақтың келіндері орамалсыз жүрмеуі керек?
– Е, жарығым! Əйел орамал тақпаса – арын ұмытады. Күйеуінің барын ұмытады! Шашы – тамаққа түседі, өзіне келген қонақтың назары түседі.
– Ал, сəлем салмаса ше?
– Сəлем салмаса – өзін сыйлайтын қайын ата, қайын ағадан айырылады, тегін батадан қайырылады!
– Келін міндетті түрде униформа (халат, ұзын көйлек, орамал) киіп, келін боп шауып жүруі керек пе?
– Қыз қалыптан əйел болуға көндіретін ол – сəлемі, жат жұрттың алдындағы əдебі! Қыз күнін қиып, қыдыруын тиған – қатын болады! Қатын болған адам – қазанға, отқа жақын болады. Құрсағын кеңітіп, бала тапқан – кең болады! Алпыс екі тамырын иіткен ана болады! Басқа салғаннан ой түйіп, тағдырына бас игенге құдай өзі пана болады! Үлкеннен көргенін бойына сіңіріп, өзі де сол əулетке сіңген келін – дана болады!
– Ой, қазір жастарды емес үлкендерді тəрбиелеу керек сияқты ғой!
– Бүркіт көзіне көрінгенді алмайды, көңілдегісін алады. Ақылды атаның баласы ерегіспей, тектілігіне салады. Көргеніңе көз жұм да, көңілдегіңді істе!
– Бəрін бір келін байғұсқа жүктейді қазақ!
– Е, балам! Жақсы келін ата-енесін бағады. Ата-анасы ұнатқанды – отағасы жылатпайды! Кемінде алты бала тапқанның не айтса да сөзінің құнары болады, қамықса – қарайтын “шырағы” болады. Аз бала тапқанның тыпыршып айтар “ұраны” болады. Көп баласы бардың – шөлдетпейтін бұлағы болады. Əйел – келін болмаса, керім болмайды. Ана болмаса, ене болмайды. Ене бола алмаса – əдепті келіні жəне болмайды!
– Бəрі əйелге байланысты емес қой. Ер азамат та жəрдем беруі қажет!
– Дұрыс! Азамат таппаса – ақшада береке болмайды! Дүние тапқанмен, баққаны көше болса – екі дүниеде сорлайды! Еркегі үйіне қонбайтын үйдің – қызы етегін жаппайды, еркіндік сақтайды. Қылық сақтап, қымсынбайды. Айналасын жинайын деп ұмсынбайды! Ұлы – ұсақтау, бəдік болады, қатындардың тірлігіне қанық болады! Əйелі ашынып жүреді, бір ысып, бір суып, басылып жүреді. Көршімен əңгімешіл боп, үйі бықсып, шашылып жүреді. Ондай əйелден – əдеп сақтар жар, салиқалы ана шықпайды.
Еркекті ерітетін де – əйел, жерітетін де – əйел! Беделін биік қып, абыройын кемітетін де – əйел! Əйел жұмсақ болмаса – ер далаға қашады. Далада жүріп көп былыққа араласады. Араласқан соң – тапа тал түсте сөз таппай сасады, əрнəрсені сылтау ғып, өтірік ғайбат шашады. Əйелі жақсының ағайыны айналасында жүреді. Ұрпағы ізетті болады.
Иә, ол үшін кім де болсын қазақ болуы керек. Сол кезде келін де әдептен озбайды. Ал «Әдепті келін – ауылдың көркі». Сондай-ақ: «Келіні жақсы үйдің — Керегесі алтын». Ондай келіндер Ғабиден Қожахметтің «Қазағымның ардақты келіндері» атты өлеңінде де көрініс береді. Ендеше біз де сөз соңын сол өлеңмен түйіндейік:
«Ақсақалға ұсынып төрін берді,
«Алғысына бөленіп көңілдері.
Жасы үлкенге жаңылмай сәлем салған Қазағымның ардақты келіндері.
Үлкен үйден іргесі бөлінбеді,
Бір сыйластық арада өрілгені.
Абысынмен ас-суы ажырамас –
Қазағымның ардақты келіндері.
Қосылған соң жүрекпен өмірлері,
Риясыз жарасар сенімдері.
Отағасын қашанда пір тұтатын –
Қазағымның ардақты келіндері.
Еркелетіп ат қойып егілгені,
Жүрегінен ықылас төгілгені.
Қайын сіңлі, қайнының қамын ойлар –
Қазағымның ардақты келіндері.
Бірлік артса береке еліңдегі,
Керегеңнің кеңінен керілгені.
Ұрпақ жібін жалғайтын ұлтқа лайық –
Қазағымның ардақты келіндері».
Құдияр Біләл