Икрам ишан назымдары немесе мешіттің күмбезінен өрілген өлең
![](https://kozhalar.kz/wp-content/uploads/422651163_122187322982008839_91756028730690455_n-1.jpg)
«Оңтүстік Қазақстан» газеті,
26 қараша 2015 жыл
№191, 4 бет.
Икрам ишанның алты әйелі болған. Солардың төртеуінен перзент көрген. Бірінші әйелі Мариядан – Әлиакбар, Әлиасқар; екінші әйелі Айсақайдан – Әбдімәлік, Маһмуд (Мамыт); үшінші әйелі Қадишадан (Қатша) – Әбибулла; төртінші әйелі Кенжеден – Убайдулла есімді балалары болған. Бұл Жапаров Әбділхай (Әтен) Шәмшідінұлынан алынған дерек. Егер қателессек Икрам ишанның ұрпақтарынан кешірім сұраймыз.
Икрам ишанның әкесі Қасым да, шешесі Несібелі бибі де ата-тегіне тартып, өз заманының көзі ашық адамдары болыпты. Икрам ишанға да ата-анасының осы қасиеті дарыған. Белгілі жазушы, әдебиетші, саттартанушы Әдіһам Шілтерханов музейге Шәдітөре Жаһангерұлының «Өсиетнамасының» қолжазба көшірмесін тапсырғанда мынадай анықтама жазылған парақшаны қоса беріпті: «Шәдітөре Өсиетнамасы. Жазып алған Икрам ишан. Балтакөлде имам болған. Сейіт қожа. Өзі шайыр, өзі ғалым адам болған. Ахатов Әбдусадық көшірген. Икрам ишанның қолжазбасы Ерназардың баласында, Шәуілдір с\зы.». Қожалар әулетінен шыққан Әдіһам ағамызға біздің қосып, аларымыз жоқ. Жапаров Әбділһай Шәмшідінұлының бізге берген жазба дерегіне қарағанда, Қасым ишан 1898жылы, баласы Икрам ишан 1941 жылы қайтыс болған.
Отырар ауданындағы Балтакөлге қарасты Ақкөл ауылының тұрғыны, еңбек ардагері, кезінде атасы Тобағабыл Икрам ишанның пірадары болған. Азаматұлы Рәмәт қарияның Икрам ата мешітінің кірпішін қаласқан әкесі Азаматтың өз аузынан естіген дерегіне қарағанда, мешіттің бұрынғы орыны Сырдарияның жағасына таман, көпірден жоғары, дарияның сол жағында бір шақырымдай жерде болған. Тасқын судан мешіт құлайтын болған соң, Икрам ишан елді ұйымдастырып 1924-26 жылдары қазіргі орнына қайта салдыртқан. Мешіттің қабырғасы көтерілгенде Икрам ишан “қызыл белсенділердің” қатаң қудалауына ұшырайды да құрылысты аяқтауды баласы Әлиасқарға тапсырып, өзі Ташкент жағына кетеді. Көп ұзамай қайтыс болып, Төле бидің қасына жерленген. Икрам ишан кетерінде елмен қимай қоштасып: «Мешіттің күмбезін көре алмай кеттім-ау» – деп армандап кеткен екен…
Икрам ишанның ұлы Әлиасқардың академик, ғалым Рахманқұл Бердібайға азан шақырып ат қойғаны туралы бір дерек «Ұлы Пайғамбар және ұрпақтары» деген кітапта (2007ж.) былай айтылады. Икрам Ата мешітінің жанындағы Ақкөл медресесі Қазан төңкерісінен кейін жабылып, кеңестік оқу жүйесі бойынша “Ақкөл” бастауыш мектебі болып ашылған. Кейін “Тоғай” бастауыш мектебі аталған. Медресе түлектерінің бірі Рәмәттің туысқан ағасы Ерубайұлы Дәуренбек өте білімді кісі. Жалпы, медресені бітіргендердің қай-қайсысы болса да сауатты болыпты. Медреседе Айтжан дамулла сабақ берген. Бұл кісі атақты Әбубәкір қарының әкесі. Икрам ишанның отбасында бір кепе кітабы қалған. Рәмәт қарияның айтуынша, бұл рухани құндылықтардың бір парасы «Қызылдың қырғыны» кезінде ХХ ғасырдың отызыншы жылдары қазіргі Ақкөл (бұрынғы «Балтакөл» совхозының №2 фермасы. А.Ж.) ауылының шығыс жағындағы ескі арықтың ішіне ақ киізге оралып, бірнеше сандыққа салынып, көмілген. Қалғанын ұрпақтары қасиеттеп таратып алып кеткен. Сол ұрпақтарының бірі, Икрам Ата мешітінің қазіргі шырақшысы Тәжіқожаұлы Оразқожа мен әйелі Жанайдарқызы Тәжіқожа келіні Роза екеуі аталарынан қалған сол кітаптарды ұзақ жыл сақтап, Руханият Әбу Нәсір әл-Фараби мұражайына тапсырды.
Дінтанушы ғұлама Абдулла Жолдас айтқан бір деректе Ташкент-Самарқанд автокөлік жолының бір бұрылысында «Қазақ ишанның моласы» деген қорым бары және жергілікті өзбектердің арасында мынадай аңыз бары айтылады. Өзбектер Икрам ишанды «Қазақ ишан» (Қозоқ эшон) дейді екен. Ол жерленген ескі мазаратты «Қазақ ишанның моласы» деп атаған. Ташкент-Самарқанд автокөлік жолының құрылысы жүргізілгенде ескі мазараттың бір шеті жол астында қалу қаупі төнеді. Сонда сол маңдағы елдің қариялары жол құрылысы бастығына мұнда қасиетті Икрам ата деген қазақ ишанның жерленгендігін ескі қорымды бұзуға болмайтынын, жолды қиыстау салуын өтінеді. Оған жол құрылысы бастығы көнбегенімен, жол құрылыс техникалары сынып, бұзылып, ақыры жолды мазараттан бұрыстау салуға тура келеді. Бұл туралы кей деректер жоғарыда аталған «Ұлы Пайғамбар және ұрпақтары» деген кітапта да (2007) айтылады.
Икрам ишанның аты көбіне мерзімді баспасөзде жарияланған зерттеу мақалаларда, ғылыми әдебиеттерде ол салдырған мешітке байланысты айтылады. Икрам Ата мешіті туралы мерзімді баспасөзде алғаш рет толымды ғылыми дерек берген археолог ғалым Мұхтар Қожа Отырар аудандық «Отырар алқабы» газетінің 1991 жылғы 31 қаңтарындағы санында жариялады. Онда мешіттің архитектуралық құрылысына ғылыми негізде талдау жасай келіп, мешіт қашан салынған, Икрам Ата кім деген сұрақтарға жауап іздеп, Қазақ Совет энциклопедиясынан таба алмағанын, ең нақты дәлелді пікірлерді №4 «Балтакөл» мектеп-интернаты жанынан (Қазіргі Отырар ауданының Шәуілдір қыстағындағы Ө.Жәнібеков атындағы лицей-интернат) тарихи-өлкетану музейін ашқан белгілі тарихшы, өлкетанушы Адасқан Алтаевтың музейге жазған хатында кездестіргенін айта келіп, мақаласында хаттың мына мәтінін келтірген: «1910 жылы Балтакөлдің халқы Ақтас (Жаңақорған ауданы) деген жерден Қасым ишанды көшіріп әкеледі. Сауат ашу әрі дінді жүргізу үшін дарияның жағасынан мешіт тұрғызады. 1914 жылы қайтыс болған Қасым ишанның баласы – Икрам ишанның жігіт кезінде ыза судан мешіт құлайды. 1924-1925 жылдарға дейін жөнді мешіт болмайды. Қазіргі мешітке елден қаражатты Көтен, Божбан, Жетімдер, Қаңлы, тағы басқа рулардан жинайды. Ташкенттен ұста әкеліп, 1926 жылы Икрам ишан жаңадан мешіт салдырады. Алдыңғы кішкене күмбезді Маңқытайдан – Ерғара, Байназар, Үндемес, Жетімдерден – Манияр, Аманжол, Бурабай салдырған».
Ғалым мақаласында 1990 жылдың көктемінде Икрам Атаға арнайы барғанын, талай жыл қойма болған ескерткіштің күтімсіз қалғаны жөнінде жергілікті Балтакөл селолық кеңесіне хат жазғанымен, жауапсыз қалғанын ашынып айтқан. Осы мақаладан соң құзырлы орындар назар аударып, ескерткіш мемлекеттік қорыққа алынды. Айналасы қайта шарбақталып, жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарды ұйымдастыруда Икрам ишанның ұрпағы Мұзапбаров Ташкенбай қария көп еңбек сіңірді. Ал Асқат Сәдібеков «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1998 жылғы 9 мамырдағы санында басылған. «Еленбей жүрген ескі кесене» деген мақаласында Икрам ишанның 1850-1920 жылдары өмір сүргенін, әкесі Қасым ишанның 1770 жылы дүниеге келгенін айта келіп, мешіт туралы мынадай дерек келтіреді: «Мақұлбек деген қарияның айтуынша, кесененің іргетасы 1920 жылы қаланып, 1924 жылы біткен. Кесенені Икрамның ұлы Асқар қары салдырған көрінеді. Іргетасын Бұхара ұстасы Әбдірайым деген кісі қалапты. Ал, ауылдағы алып күштің иелері атанған Қоқанбай және Қожаберген деген аталарымыз салмақты қызыл кірпішті 12 метрлік биіктікке жеткізіп беріп тұрған».
Ғылыми әдебиетте «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы бірігіп шығарған «Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштері шежіресінің» 1994 жылы қазақ және орыс тілдерінде шыққан 1-томында Г.М.Камалова мен Б.Т.Тұяқбаеваның «Икрам мешіті» деген мақаласы берілген. Онда мешіттің XIX ғасырда салынғаны, жанында медресе жайының жартылай қирандысы сақталғаны, қышының өлшемі 27х13х6,5 см. екені айтылып, мешіт құрылысына сипаттама берілген.Ал, 2007 жылы басылған «Оңтүстік Қазақстан облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағындағы» археолог-ғалым Мұхтар Қожаның «Икрам ата мешіті» атты мақаласында ишанға қатысты аса құнды ғылыми деректер айтылады. Мәселен, М.Қожа Икрам ата мешітінің XIX ғасырда емес, XX ғасырдың басында 1926 жылы салынғанын, Сыр бойына мәшһүр Икрам ишан балаларды оқытатын үй мен жаңа мешіт салу мақсатында жергілікті халықтан қаражат жинап мешіт салдырғанын айтады. Икрам ата мешітінің суреті тарихшы-этнограф ғалым Өзбекәлі Жәнібековтың «Ежелгі Отырар-Древний Отырар» деген кітабында (1997) «Балтакөл. Жұмамешіт. ХХ ғ.басы» деп берілген.
Біз жоғарыда Икрам Ата (ишан) және оның мешіті туралы біршама сөз еттік. Ал ел ішінде «Икрам ишанның назымы» деген атпен қалған тағлым өлеңдеріне тоқталайық.
Икрам ишан назымдарын ақынның ұрпақтарынан, термеші-жыршылардан, дастаншыл дарындардан, құйма құлақ шежіре қарттардан жазып алып, көзінің қарашығындай сақтап, музейге тапсырған соғыс, еңбек ардагері, фольклор жинаушы, дінтанушы Жалтыров Асан. Ол кісі Мырзабек Байжанұлының шығармашылығын ғана емес, Айтбай, Айдарша, Жұмаділлә, Шәді, т.б. сөз зергерлерінің, Икрам ишан, Әубәкір қары, Бурабай әжі секілді ілім дарыған кісілердің сөзін жинаған ел фольклоршысы. Ал, хисса – дастандары өз алдына бір бөлек дүние.
Икрам ишан назымдарының біршамасын жинап, араб әрпінен аударып, музейге аманаттаған тағы бір кісінің бірі жоғарыда айтқан байылдырлық (Кентау) Жапаров Әбділһай (Әтен) Шәмшідінұлы. Әбділһайдың өзі де, әкесі Шәмшідін де ақындығы бар кісілер. Бұл өлеңдерді Шәмшідіннің Шәкірхан деген баласы «Шұбар атты мәлім Сейіт қожалардың (Қасым ишаннан бері) шежіресі» деген кітабында жариялаған. Сонау XVI ғасырда қабырғасы қаланып, бүкіл Таяу, Орта Шығыс және Орта Азия елдері үшін қасиетті оқу орны болған Бұхарадағы әйгілі «Мир-Араб», Көкелташ медреселерінің түлектері, назымшыл дарын Тұрмағамбет Ізтілеуов, дастаншыл дарын Нұралы Нысанбайұлы, дінтанушы ақын Шәдітөре Жаһангерұлы, Сарыкөл медресесін ашқан ұстаз Оспан әжі Бегалыұлы, 1913-1917 жылдардағы Қаратау, Қазығұрт атырабы мен Сыр бойын жайлаған аштықтың эпопеясын жазып кеткен Ергөбек Құттыбайұлы, Мырзабек (қызыл жырау) Байжанұлы секілді т.б. руханиятымыздың көрнекті өкілдерімен замандас, рухани пікірлес, тағдырлас болған, солардың қатарында медреселік білім алған, медреседе Ясауидың сопылық тарихаты мен «Диуани хикметін» оқыған Икрам ишан Қасымұлы да өз заманының өзекті ойларын жырлаған ойшыл ақын болды.
Икрам ишан өзінің назымдарында Исламның гуманизмге негізделген дін екенін айқындап, ақыл-нақыл сөздерімен замандастарының тәрбиесін, мінез-құлқын түзету арқылы келер ұрпақтың тектілік қасиетін қалыптастыруды мақсат етті. Бұл жолда мына дүниенің баянсыздығын, бақи дүние қамын қарастыруды үндейді.
Икрам ишан исі мұсылманды төрт нәрсеге асық болуға, төрт нәрседен қашық болуға шақырады. Ал, кезінде ұлы Абай исі қазақты бес нәрседен қашық болуға, бес нәрсеге асық болуға шақырып еді. Икрам ишан Абайдың бес асыл ісіне (талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым) төртеуін (бес уақыт намаз, садақа, құран, тасбих) қосып, тоғыз етеді де, бес дұшпанына (өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ) тағы төртеуін (жалған сөз, қиянат, күншілдік, дуамат) қосып, оны да тоғызға жеткізеді. Жалпы, Абай мен Икрам ишан айтқан ұғымдар жақсылық пен жамандықтын парқын айыратын эталон болса керек. Бұдан біз Абай мен Икрам ишан танымының сабақтастығын аңғарамыз.
Икрам Ишан Қасымұлы оқығанын, көңілге тоқығанын қасиетті ислам дінін өркендетуге жұмсады. Мешіт пен мектеп салдырды. Шығармаларында ислам дінінің адамзатты рухани асыл құндылықтарына шақыратынын уағыздайды.
Абдулла Жұмашев, Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби мұражайының директоры, әдебиетші этнограф.
Алмас Жұмашев, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің бөлім меңгерушісі, тарихшы.