Жарық нұрдың сәулесі

Кедей қожа баба кім?

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): “Ата тегіңді, тусы-туғандарды жақсы танып біл. Өйткені өзара қарым-қатынас жасауың үшін қажет болады. Егер қарым-қатынасың үзілсе, жақын туғаныңнан да ешқашан пайда тимейді. Жырақ тұрғаныңмен бір-біріңмен тату қарым-қатынаста болса, алыстықтың зияны жоқ” деп аманаттап кеткен.

Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың 4 шадиярынан тараған ұрпақтарды қожалар деп атайды. Әзірет Әлінің Мұхаммед-ханафиясынан бастау алатын, Әбді Жәлел бабтың Ибрагим Сопысынан тараған ұрпақтарды Дуана қожалар деп атайды.

Құрметті бауырларым, бізге жеткен деректер бойынша Қажы Мәді Қожаның (Дуана қожа) төртінші баласы Пірзаданың әйелі Түмен бибіден Кедей Мәмбет, Уәлі дүниеге келген. Заманында Самарқанд Бұхарадағы билік құрып ықпалы жүріп тұрған Жалаңтөс Бахадүр көрегендігінің арқасында озық ойлы, үлгілі шәкірттерді, келешегі бар қожаларды үш жүздің ортасына жіберіп тұрған.

Кейіннен сол дәстүр жалғасын тауып Назар қожа мен Кедей қожаны кіші жүз Арал – Шалқар – Атырау өңіріне жіберу мақсаты, бала оқытып, ислам дінін уағыздап, ел ішінде медресе ашып, халықтың арабша сауатын ашу. Бұл  уақыт ХVIII ғасырдың басына тура келеді.

Енді осы жерде Кедей қожа кім? Басын ашып алайықшы.

Біріншіден, Кедей қожа, Бақпенбет қожа, Ер Қалмұхаммед қожаның (л.а. Жалаң аяқ Әздер қожа) төрт баласы болған және де басқа Қазы қожа әздер, Кедей қожа әздер, Шахмұхаммед қожа әздер және Сары қожа, Назар қожа деген балалары болыпты-мыс.

Қалмұхаммед қожа (л.а. Жалаң аяқ Әздер қожа) Абылай ханның замандасы, ақылшысы, жол көрсетуші пірі болған деп айтамыз. Абылай хан 1711 жылы дүниеге келген, сонда Жалаң аяқ әздер 10 жас бұрын дүниеге келсе де оның баласы емес өзі де Кедей қожадан кіші емес пе?

Әрбір бабамыздың өмір сүрген уақытын сол заманның тарихымен тарихта белгілі адамдардың өмірімен салыстырып қарауымыз керек. Ал енді Ешан, Ахун, Әздер, Қалпе, Ғабдул Манап, Қари, т.б. бұлар әрбір адамның біліміне, қабілетіне, қасиетіне берілетін діни атақ. Сондай атағы бар кісілердің жүрген жері не ұрпақтары еш жерде көрсетілмеген. Ер Қалмұхаммед Жалаң аяқ әздердің 4 баласының ұрпақтары көрсетілген. Қалған болыпты-мыс еш жерде жоқ. Оны қалай түсінуге болады? Бұл шындыққа жанаспайды ғой.

Гадай қожа Мұхаммед, әминнің Қыдыр қожадан кейінгі екінші баласы Сейт қожа дейді. Ол жас кезінде жоғалып кеткен кейіннен табылып, Бұхарадағы медресеге оқуға түсіп, оны бітірген соң, Назар қожа мен Маңғыстау, Атырау жаққа молдалыққа, ұстаздыққа кеткен дейді. Сонда Гадай қожа мен Кедей қожа деген екі атаумен бір адам Назар қожаға еріп сапар шеге ма? Бұл жерде Гадай қожа артық болып тұр гой. Оған дәлел Арыстан Жантөрин 1846 жылғы Мұхамедгали Таукин 1847 жылғы және И.В. Ерофееваның “Родослойные казахских ханов и кожа XVIII – XIX веков” кітабында Гадай қожа мен оның Айшуақ, Күншуақ, Айқожа деген балалары жоқ көрсетілмеген. Ал Кедей қожа мен оның балдары Өзбек қожа, Төлек қожа, Қожа Ахмет,Ақ қожа, Қара қожа түгел көрсетілген. Қыдыр қожа 1610 жылы туып, Ташкент шаһарының 17 жыл бас имамы болған адам дейді. 1680 жылы қайтыс болған. Сонда ағасынан 5-10 жас кіші болғанда , Гадай қожаның жасы 80-90 жастың шамасы емес пе? Ол жастағы адам керуенге еріп сондай қашықтыққа жете ала ма? Және үйленіп 5 балалы болуы мүмкін бе? Кедей қожа мен Сейт Назар қожа ол жаққа барғанда, Кедей қожаның мұрты жана тебіндеп келе жатқан жас жігіт еді, – дейді К. Демесінұлы. Назар қожа Кедей қожаны бұл да оқыған молда қожа інім деп таныстырған. (Демесінұлының 2007 жылғы шыққан “Қожалар” деген мақаласында толық көрсетілген.)

Тағы бір ескеретін жайт, Назар қожа мен Кедей қожаны керуенге ілестіріп Маңғыстау, Орал облыстарына жібереді. Бұл негізінде дұрыс емес. Адайлар Маңғыстау тубегейлі шамамен 1750 жылдан бер жағында толық қоныстанады. Оған дейін қазақтар мен түркмендер аралас жайлаған дейді. Тек  XIX ғасырдың басында 1801 жылы 11 наурыздағы орыс императоры Павел I-дің бұйрығымен Нұралы ханның ұлы Бөкей ханға Жайық пен Еділ өзендерін мәңгілікке берген. Содан бастап Бөкей ордасына кіші жүзбен адайларды шақырып осы арлыққа қоныстандырған. Солармен бірге Назар қожа мен Кедей қожаның ұрпақтары батысқа бірге қоныстанған (тарихи деректерде әрбір рудан үй саны көрсетілген.) Назар қожа Тобыш Әлмәмбеттің қызына үйленіп  одан Қожа Кәлен, Мұрын, Байтөлес деген 3 ұл және Жәния 1 қыз көреді (Жәния – Пір Бекет атаның анасы). Бұл кісілердің ұрпағын “қоңыр үйлі қожа” дейді екен. Кедей қожа Қосай ата ұрпақтарының қызына үйленеді. Ол анамыздан Өзбек қожа, Төлек қожа, Қожа Ахмет,Ақ қожа, Қара қожа дүниеге келген (бұл жерде кілең қожа деген атау бар, Сейт деген атау жоқ). Осы 5 баладан тараған ұрпақтар қазіргі Атырау Маңғыстау, Ресей, Түркменстан, Орал, Ақтөбе облыстарында өсіп-өніп жатыр. Солардың бірі Мәтен қожа Төлек атадан тараған ұрпақ. Ол кісіні Мәтен әулие дейді екен. Әулиелігі жөнінде аңыздар көп. Мәтен әулие Тасшағыл елді-мекенде 1743 жылы дүниеге келген деген дерек бар. Мәтен қожаның 5 баласы болған: Қалдар қожа, Ділдар қожа, Балта қожа, Жиен қожа, Қылыш қожа. Кенже баласы Қылыш қожа әкесінің жолын ұстап, емшілігін жалғастыра берген. Қылыш бабаның бейіті бұл күнде Орал облысының Қаратөбе деген жерінде жатыр. Баласы Жиен қожадан – Таған қожа, Қожжан қожа, Аман қожа, Жұмағали қожа одан Бисенбай тараған. Бұл бауырларымыз Жиен қожаның, Балта қожаның, Қылыш қожаның ұрпақтарымыз дейді екен.

Мәтен әулиенің кереметі молда болып, ел аралап жүреді екен. Бірде бір кісінің үйіне қонғанда, үй егесінің қызыл көйлегі жоқ болып шығады. Үй егесінің сенбегендігін Мәтен қожа тас ашады (құмалақ ашу). Тас ашса, ол қызыл көйлек біреудің ішінде көп кешікпей жарылып өледі депті. Кешке өрістен сол ауылдың сиырлары су ішуге келеді. Сиырлардың ішінде біреуі мөңіреп құлап, жарылып өледі.Айтқаны тура келіп, қызыл көйлек сол сиырдың ішінен шығады. Содан үй егесі Мәтен қожадан кешірім сұрап, оған үй салып беріп, үйлендірген дейді.

Мәтен қожа көзінің тірісінде Пәттен деген жерден мұнай көрінген. Ол жерді кейін “Май” деп атаған. Сол маймен халықты емдеген. Ел аузында Мәтен қожа жайлы, ол кісінің тегін емес екендігі жөнінде аңыз-әңгімелер көп. Соның бірі бұл өңірде мұнай қоры бар екендігін біліп, ағылшын зерттеушілері зерттей бастаған. Бірақ олардың зерттеу жұмыстарынан еш нәтиже шықпаған. Мұның себебі, шетелдік жат адамдардың бұл жердің мұнайын соруға әрекеттенген теріс көзқарасына Мәтен қожаның әруағы қарсы болған. Жұмыстары нәтижесіз болған соң, елдеріне қайтып кеткен. Ол кісінің әруағының қандай екенін осы әңгімелерден байқауға болады.Бүгінде Мәтен қожаның бейітін күтіп ұстау Тасшағыл селолық округ әкімшілігіне жүктелген.

Сонымен қатар, Кедей қожаның Өзбек қожасынан тараған Есмағамбет әулие оның шөбересі Әбіш  қожаның қараматтары өз алдына бір тарих.

Кедей қожа еліне қайтып кеткен деген сөз қалыптасқан. Ол да мүмкін. Біздегі Сыр бойындағы Кедей қожа ұрпақтары толық емес. Арада 1-2 ата кем (бір анадан туған Уәлі қожа ұрпақтарымен салыстырғанда). Кедей  қожаның Сыр бойындағы ұрпақтары Шаһқожадан басталады. Ол кісі өзімен бірге келген немересі не болмаса елге келгенде үйленіп содан туған бала болуы мүмкін.

Шәһі қожаның 5 баласы болған: Бек қожа, Бақ қожа, Құрбан қожа, Айт қожа, Қарт қожа. Бек қожаның 2 баласы: Рахматулла, Мәмбеттен тараған ұрпақтар Қызылорда облысының Сырдария ауданы Шіркейлі елді-мекенінде тұрады. Құрбан қожаның ұрпақтары Батыс жақта болуы керек, себебі сол жақтағы ағайындарға кетіп, қайтып оралмаған деп отырушы еді қариялар. Құрбан қожа сендердің елдерінде “киімімен келген” бала атаныпты ғой. Соның өзі нені білдіреді. Ол Шаһа қожаның баласы ғой. Сендермен туыстығы болмаса іздеп бармас еді. Айт қожадан еш жерден хабар шықпады. Қарт қожаның ұрпақтары сол СҚО Омбы облыстарында тұрып жатыр. Біразын шежіреге түсірдім.

Құрайыштар шежіресінде Кедей қожаны Сейт деп жазған. Неге Мұхаммед-Қанапия ұрпақтарын Сейт деп атағанын көпшілік білмейді. Құсайынның  баласы Зейн-Ул Әбиддинді жаудан аман алып қалу үшін (Құсайын ұрпақсыз кетеді деп) өзінің баласын өлімге қиған. Баласына сенің атың Зейн-Ул Әбиддин, Құсайынның баласымын деп сұраған адамға солай жауап бересің. Екеуі ұқсас болған жаулар оны ұстап алып кетіп, өлтіреді. Соны түсінген Зейн-Ул Әбиддин ағасына риза болып, сізден тараған ұрпақтарды Сейттер деп атасын деген аңыз бар. Хазіреті Әлидің екінші баласы Хүсейіннен қалған жалғыз бала Зейн-Ул Әбиддиннен тараған ұрпақтарды сейіттер дейді. Оларда Қылышты ата (Саид Бурханиддин) қожалар, Сабылт (Шах Бұзырық) қожалар болып бөлінеді. Ал Мұхаммед-Қанапиядан тараған ұрпақтар Бақсайыс қожа, Аққорғандық қожа, Дуана қожа (Қажы Мәді қожа), Нияз қожа, Қорасан қожа, Қарақандық қожалар деп таратады. Дуана қажы Мәді қожаның да ұрпақтары: Қожжан қожа, Қылыш қожа, Пірзада қожа, Бақпамбет қожа (Бақмұхаммед қожа), Кедей қожалар, Жалаң аяқ қожалар болып аталады. Кедей қожаның Назар қожаға еріп сонша алыс жаққа кетуінің  тағы бір себебі, жас кезінде Кедей қожа атаның ризашылығын алмай, ренжітуінде болар. Ол жөнінде “Дуана қожа” кітабының 471-бетінде толық жазылған. Осындай жағдай Қожжан қожа бабамыздың баласы Болат қожа бабамыздың да басынан өткен. Арқадағы орта жүз найманның Бабас руының игі жақсылары келіп сұрағанда Болат қожа барғысы келмей ыңғай білдіргенде, атасы барсаң да барасың, бармасаңда барасың, қолыңды жай батамды берейін “бақытың ашылсын, дәулетті бол, перзентті бол, ұрпақтарыңның бастары қосылмай, бірін-бірі сағынып жүретін жерде болсын”, – деп бата берен екен. Содан Болат баба қайтадан бата беріңіз деп тілек тілейді. Балам “ауыздан шыққан сөз атылған оқпен тең”, “ойға барасың, қырға барасың, қайтып келіп аяқ жағымда жатсың” деген екен. Сол кеткеннен Болат баба мол кетіп, елді көрмей қартайып, 90-нан асқан шамасында арқада қайтыс болады. Қайтқан уақыты шілде айы екен. 9 қабат киізге орап түйемен 10-15 күнде жүріп әкеліп, Қожжан қожа бабаның кесенесінде жерлейді. Болат бабаның бас жағы кесененің ішінде, аяқ жағы сыртында жатыр.

Назар қожа мен Кедей қожа бұдан 300 жылдың ар жағында Арал өңіріне барған. Ол уақытта Сейт деген жалпы атаумен танысқан болуы мүмкін. Әр руға бөлінуді соңғы 100 жылдың ар жақ бер жағында болған жағдай. Ол уақытты қазіргідей жіктелмеген, оларға да қоятын кінәміз жоқ, ел арасы қашық және кешегі  советтік дәуірдегі жағдай белгілі ғой.

Осы жоғарыдағы дәлелдерге сүйене отырып, Кедей қожа Дуана қожаның ұрпағы. Пірзада қожаның баласы екендігін мен  сеніммен айта аламын. Ал, басқа  жақтан дерек шығып жатса, оны да көрерсіңдер. Ақылдасып, бір шешімге келіп, бізге хабарласыңдар.

Құрметті бауырлар, біз – жақынбыз, ағайынбыз, аталас бауырмыз. Егде тартқан шағымды алыс-жақында жүрген баба ұрпақтарының басын қосып, тарихи шежіреде біріктіріп кету – үлкендік парызым.

Ал сіздер де ойласаңыздар, ақылдасыңыздар. Бір пәтуаға келіңдер. Дуана қожа екендіктерінді мойындағандарың дұрыс болады.

Ескерту: сендердің ескі шежіреден үзінді деп жазған өз заманында қазақ жеріне дін тарату ислам әлемін таныстыру,уағыздау мақсатында келген аталарымыз:1. Қожа Ахмет Яссауи 2. Саддан қожа 3. Ғабдыразақ шайхы 4.Яроф шайхы 5. Ғабдол-Манап (Кедей қожа) деп жазыпсыңдар.

Орта Азияға келгендердің қатарында Қожа Ахмет Яссауидің сегізінші бабалары Абдырахман баппен Абдрахим баптар. Қожа ахмет Яссауи 1103 жылы Сайрамда дүниеге келген. Қалған үш кісілерді мен таппадым.

Маңғыстауда 362   әулие бар деген елде аңыз бар. Оларды жіберген Қожа Ахмет Яссауидің шәкірттері солардың аттары болуы мүмкін. Ғабдол-Манап Кедей Қожаның лақап аты ғой. Олардың сендерге ешқандай қатысы жоқ, себебі Назар қожа мен Кедей қожа ол жаққа шамамен 1705 – 1710 жылдары барған.   Дуана қожа әулеті Пірзада аталығының шежіресін ұзақ жылдардан бері жинақтаушымын. Жасым 90-ға таянған. Көзімнің тірісінде нақтылап кету арманым.

 

       Шоқатаев Райымбек Нұғманұлы,  Қызылорда қаласы, 2021 жыл

                                                                  Тел: 8 777 456 99 66

Пайдаланылған дерек көзі:

  • А. Хамматұлы. Атырау газеті, 10 наурыз, 2014 жыл.
  • К. Демесінұлы. Ар газеті, 2007 жыл, №5
  • Бекет ата. Имандылық тағылым кітабы., Ақтөбе баспасы.

Қажы Мәддіхожаның (Дуана қожа) 4-ші баласы Пірзада қожадан тараған Жәлен әулетіне жататын Күйіндік баласы Әбиләдан: Әкімқожа шайхы, Оразалы үш ұл,үш қыз болған екен. Оразалы 1928 жылы Бұхарадағы “Көкілташ” медресесінде оқып жүріп елге оралмай қалыпты. 1955 -60 жылдары халық ақыны Қуаныш Баймағанбетов белгілі жырау Рахметтер кездестірген екен. Кейіннен 1971 жылы Күмісшаш апай іздеп келгенде сол кісіден білдім. Оразалы деген әкеміздің болғанын.Көрген кісілер ол кезде қайтыс болып кеткен. Сол Оразалы атамыздың ұрпақтарын жасы 90-қа келген Шайхы немересі Райымбек Нұғманұлы іздейді. Мекен жайым Қызылорда қаласы, Құдабаев 41 үй, тел: 8 777 456 99 66

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button