Бейіс хазірет және Ақмола облысының указной молдалары ХХ ғ басы
Сәдірбекұлы Нұржан, тарихшы генеалог. Тарих ғыл. Магистрі, Алматы

Бұл мақалада 1850-1920 жж шамасында Арқада өмір сүрген діни қайраткер Бейіс хазірет Тәктенұлы туралы биографиялық мәліметтер және Ақмола облысында өмір сүрген указной молдалар туралы мәліметтер берілген.
This article provides biographical information about the religious figure Beis Khazret Taktenuly, who lived in Arka around 1850-1920, and information about the ukaznoy mullahs who lived in the Akmola region.
Кілт сөздер: Бейіс хазрет, указной молда.
Keywords: Hazrat Beis, Ukaznoy Mullah.
Бейіс хазірет Тәктенұлы 1850 жылы туылып шамамен 1920 жылдары қайтыс болған, Сарыарқа, Көкшетау, Ақмола, Атбасар, Баянауыл аймағына танымал болған имам, ұстаз, діни қайраткер. Арғын ішінде Қозған руынан. Ауызша жеткен шежіресі: Бейіс – Тәктен – Құлжабай – Толыбай – Сердалы – Қайыпберді – Түркібай – Есенқұл – Тоқтас – Бектас – Сырық – Әжігелді – Оразгелді – Бегендік – Мейрам сопы – Арғын. Ауызша әпсаналарға қарағанда Бейіс жастайынан әке-шешеден жетім қалған. Жанқозы қажының айтуымен бала Бейіс саудагерлерге еріп Ташкентке барған. Сол жерде біраз уақыт болып одан кейін Бұхара-и Шәрифке барады, медреседе оқиды. Бұхарада медресе тахсилатын тәмамдаған соң Мекке, Мәдинаға қажылыққа кетеді. Арабияда көп жылдар бойы өмір сүріп орта жастан асқан шағында елге оралады.
Бейіс хазіреттің өмірін жергілікті өлкетанушылар 1990 жылдардың басынан бастап зерттеп, баспасөзге материалдар жариялай бастады. Бейіс хазіреттің немересі Мария Ғазизқызы Бейісованың естеліктері жазып алынған. Өлкетанушы ауыл имамы Серік Бурашұлы, өлкетанушы Клара Әмірқызы, журналист ардагер Леонид Седельников, Атбасар музейінің бастығы болған Сәулет Балғазин, тарихшы, т.ғ.д., проф. Зиябек Қабылдинов, жазушы Тортай Садуақасұлы зерттеп, бірнеше мақалалар мен кітаптар жазған. Бейіс хазірет туралы ел арасында көптеген ауызша әңгімелер қалған. Бейіс хазірет атын Сарыарқаға белгілі еткен оның шәкірттері еді. Қажылық сапардан қайтқан соң Атбасарға өз еліне келіп Қаратүбекте көшпелі медресе-мектеп ашады. Медресе ашуға жергілікті бай кісі көмектеседі. Алдына мал салып береді және өз қызын береді. Яғни сол заманда ұстазға деген елдің құрметін осыншалық зор болған. Хазіреттен дәріс алдық деген кісілердің соңы 1980-1990 жылдарға дейін өмір сүрген. Шәкірттерін атап өтер болсаң ең бірінші өз баласы Ғазез, одан соң Құрманбай Жұмабайұлы, Қаппас, Зікірия Тәтебайұлдары, Сақан Құсайынұлы, Тұщыбай Жақыпұлы, Бейсембай Оразәлиұлы, Нұрғали, Мерғали Ысқақұлдары, Шәкір Жанғуанұлы, Төлепберген Аяғанұлы, Ғабдолла, Хайролла Шәкірұлдары, Қайнердин Кәкенұлы, Кәкен Демеуұлы, Мұхамеджан Айтжанұлы, Қажыкен Ахметжанұлы, Қапсамет Нұрқыұлы, Бадриддин Шоғалұлы, Қаппас Сыздықұлы, Мұқан молда, Көпен Пәшенбайұлы. Осылардың ішінде ең озық шыққан шәкірті көп жылдар бойынша органдарда Ішкі істер басқармасында қызмет етіп полковник шенінде отставкаға шыққан кейін зейнеткерлік жасында Қарағанды қаласының мешітінің имамы болған Зікірия Тәтебайұлы еді. Тағы бір шәкірті Сақан Құсайынов Талдықорған, Торғай облыстарында жоғары басшы, хатшылық қызметтерде болған. (1. Арқа ажары газеті, 30 июнь 2009 жылы, авторы Серік Бурашұлы).
Бейіс хазірет қайтыс болған соң мазарына ағаштан күмбез орнатылған екен. Ақсақалдардың аузынан жеткен әңгімеге қарағанда ол ағаштан тұрғызылған зияратын басқа бір ұлттың адамы қиратып, өртеп жіберіпті. Кейін ол адам жынданып кетіпті. Өзі барып милицияға тиісіп, содан сотталып кеткен көрінеді. Содан кейін күмбезсіз, төбесі ашық, сегіз қырлы зиярат салынады. (2. бұл деректер өлкетанушы Клара Әмірқызының мақаласынан). 1990 жылдары Моңғолиядан екі оралман отбасы көшіп келеді. Солар өздері келіп зиярат етеді. Қайдан білдіңдер дегенде, біздің ақсақалдар айтушы еді Арқада екі үлкен ілім иесі өткен, бірі Науан хазірет, бірі Бейіс хазірет. Сол Бейіс хазіреттің жай тапқан мекеніне келгенімізге қуаныштымыз – деп жылаған екен.
Бейіс хазіреттің есімін есте қалдыру мақсатында 1999 жылы Бейіс хазіреттің зияраты түзетіліп, жаңартылды. Күмбезді кесене салынды. 1999 жылы Мәуліт күнінде атаға арнап үлкен той жасалды. Сол жылы Ақмола облыстық мәслихатының 30 қаңтардағы шешімімен Митрофановка елдімекені Бейіс Хазірет ауылы атанды. 2017 жылы Бейіс хазіреттің өмірі мен қызметін халыққа таныстыру мақсатында Астанада үлкен ғылыми конференция ұйымдастырылып, ҚМДБ муфтият өкілдері мен Шоқан Уалиханов атындағы Тарих институтының директоры Зиябек Қабылдинов қатысқан. Осы конференцияда өлкетанушы Ш.Оразалының «Бейіс Хазірет» кітабы оқырманға таныстырылған (3. Бейіс Хазірет. Ш.Оразалы 2017, Алматы).
Алайда екі жыл өткен соң жоғарыда аты аталған автордың «Бейіс хазірет» кітабына ғылыми сараптама жасалды, кейбір фактілер компиляция жасалып, ойдан құрастырылғаны, ғылыми негізі жоқ көптеген мәліметтер қосылғаны мәлім болды. Мысалы Бейіс Тактенов Орынбор мұсылмандары діни назаратының мүшесі болды, Орынбор Хусайния медресесінде қызмет істеді, 1895 жылы Атбасар шаһарының, уезінің бас имамы болды, 1897 жылы Дукчи ишанмен хат алмасты, өз өмірбаянын «Тәрджума-и хали» деген қолжазбада жазып кетті деген сияқты көптеген фактілері мен құжаттары расталмады. Қолжазбалар оригиналы көрсетілмеген. Ғылыми дәлелдер мен архивтік құжаттарға ешбір сілтеме жасалмаған. Тарих ғылымы нақтылықты, туралықты талап етеді. Ең өкініштісі бұл кітапқа проф. З.Қабылдинов ғылыми редакторлық жасаған еді. Нәтижесінде осы айтылған себептерден қорытынды шығарып, 2019 жылдан бастап Бейіс хазіреттің биографиясын ғылыми түрде жан-жақты зерттеу қолға алынды. Бейіс хазіреттің ұрпағы, меценат Мадина Жаманбалина өзі осы іске мұрындық болды. Архив мәліметтерін тауып, ғылыми сараптама жасауды тарихшы-генеалог Нұржан Сәдірбекұлына тапсырды. Зерттеулер негізінен Қазақстан Республикасының Орталық Архивында жүргізілді. Ақмола облысының ішкі істер министрлігі, Ақмола облысының мешіттерінің метрикалық кітаптары, Ақмола облысының статистикалық басқармасы сияқты мыңдаған құжаттары бар ірі архив қорларын сүзіп шықтық. Зерттеулер барысында бізге мәлім болғанындай, Ресей патшалығы мал-жан санағына көп басымдық берген екен. Халық санақ мәліметтері құжатталып, кейін архивтерге өткізілген. Архивта сақталған 1917 жылы қараша айында өткізілген Ауыл шаруашылығы және халық санағы мәліметтері бар. Сол санақ кітаптарына қарағанда Атбасар уезінде 8 болыс ел болыпты. Сол санақ кітабында былай деп жазылған дерек ұшырасты: Атбасар уезі, Атбасар болысының №1 ауылында Бейіс Тактенов тұрғылықты тұрады, жасы 69 жаста, өзі сауатты (грамотный), ұлы 20 жаста, сауатты, екінші ұлы 6 жаста. Бірінші қатыны 40 жаста, екінші қатыны 23 жаста. Қызы 14 жаста. 1 соқа, 1 шөп шапқыш, 1 ат тырма, 2 арбасы бар. Малы жалпы саны: 124 бас, оның ішінде 30 жылқы, 20 сиыр, 70 ұсақ мал, 4 түйе. Егіншілік жері 10 десятина (шамамен 10 гектардан асады), оның 7 десятинасына бидай, 3 десятинасына сұлы егеді. Жері өзінікі, ешкімге арендаға жер бермейді, өзі де арендаға жер алмайды. Сонымен қатар осы ауылда Тойбазар Тактенов (75 жаста), Абдрахман Тактенов (66 жаста) деген туыстары тұрған. (4. ҚР Орталық Мемлекеттік Архивы, №393фонд. 1-тіз., 671-іс). Айта кетейік, Ш.Оразалының «Бейіс Хазірет» кітабында Бейіс Тактенов 1917 жылы бақилық болды деп жазылған. Ал бірақ, біз тапқан архив дерегінде 1917 жылы күз айының соңдарында, нақты атап айтқанда, қараша айында Бейіс Тактенов өлмеген, тірі болған. 69 жаста болған. Екі әйелімен, бала шағасымен бірге тыныш, рахат өмір сүріп жатқан. Сондықтан Хазіреттің өлімі қай жылы екені анық емес. Бірақ 1920 жылдардың басында қайтыс болуы мүмкін деп шамалаймыз. Себебі 1924 жылғы артель құру науқанында, 1927 жылдардағы халық санағында есімі кездеспейді.
Хош, сонымен ары қарай зерттегенде ҚР Орталық Мемлекеттік Архивының Ақмола шаһары, уезі, облысы мешіттерінің метрике кітаптары толық қаралды. Бейіс хазіреттің бұл мешіттерде қызмет қылмағаны анықталды. Әсіресе Атбасар шаһарының метрике кітаптары толық зерттелді. Атбасар шаһарының имам хатиб, муәдзин, муаллим, мудәристерінің аты-жөндері толық жазылған, түгел татар ұлтының азаматтары болған. Бірақ Бейіс Тәктенов мұнда жоқ. Тағы да Ш.Оразалының кітабындағы деректер расталмады. Біздің ойымызша Бейіс Хазірет 1894-1895 жылдары елге келген соң өзі көшпелі мектеп медресе ашқан. Ол жазда жайлауға, қыста қыстауға көшіп жүріп балаларды оқытқан. Өз ауылында ұстаз һәм имам болған. Жоғарыда ол кісіден ілім алған шәкірттердің тізімін көрсеттік. Шәкірттерінің ең ақырғысы 1980-1990 жылдарға дейін өмір сүрген кісілер болғандықтан шәкірттерінің естеліктері дәлелдеуді қажет етпейді. Естеліктерге қарағанда хазірет орта бойлы, мығым денелі, қартайған шағында сақал мұрты аппақ, үнемі ақ түсті сүннет киім киіп жүреді екен. Айдапсалұлы Қудурия қария 95 жасқа келіп қайтыс болған, сол кісі хазіретті 6 жасымда көргенмін деп айтып отырады екен.
Тағы бір деректе Бейіс хазіреттің тұлғасы толық ашыла түсті. 1906 жылғы Ресей мемлекеттік Дума сайлауына Атбасар өңірінен сайлауға кім түседі деген ой пайда болады. Татар зиялылары өз орталарыңнан дін мәселесі тұрғысынан өз пікірін айта алатын, өте сауатты адамды шығарыңдар деп ақыл айтқан. Атбасар уезінің 8 болыс елінен ығай мен сығай, небір шешендер, билер мен болыстар 200-ден астам сүт бетіндегі қаймағы жиналады. Сөйтіп өз орталарынан Бейіс Тәктенов пен Есемсейіт Сәркин деген байды выборный қылып сайлайды. Бейісті үлкен ілім иесі болғаны үшін, Есемсейітті болса хисапсыз малы бар бай болғаны үшін сайлаған екен. ҚР Орталық Мемлекеттік Архивында сақталған осы құжатта:
Беис Тактенов, избираем среди нас как самого умного, грамотного, честного, хорошо знающего законы Шариата – деп жазылып соңына 200 кісінің қолы қойылған, мөрлері басылған. Баллотировочный листта Беис Тактенов учился в духовном училище в Бухаре – деп жазылған. Бұл Ресей өкіметі тарапынан берілген қысқаша мінездеме Бейіс хазыреттің жергілікті халық алдында қаншама беделді болғанын көрсетіп береді. Көп малы болмаса да көп білімінің арқасында шексіз құрметке ие болған осындай азамат еді.
19.10.2024 жылы Бейіс хазіреттің туылғанына 175 жылдығын атап өту, еске алу мақсатымен Атбасар шаһарында ас берілді. Асты Мадина Жаманбалина, Төлеутай Борашев т.б. Қозған елінің азаматтар ұйымдастырды. Асқа Алматы, Астана, Павлодар және басқа аймақтардан келген қонақтар қатысты. Бейіс атаның өмірбаянына қатысты жаңадан шыққан деректер таныстырылып, бейнефильм көрсетілді, атаға арнап құран бағышталды.
Сарыарқа өңірінде ең танымал имамдар хазірет Бейіс Тактенов, хазірет Наурызбай Таласов болғанымен тек олар ғана емес еді. Ілімін осы кісілерден немесе басқа ауыл молдаларынен алған басқа да молда имамдар көп болған. Қазіргі кезде көптеген тарихшы емес кісілер жазушылар, журналистер указной молдалар түгел татар ұлтынан болған, елге жағымсыз әрекеттер жасаған, патша саясатын жүргізген т.б. деп баспасөзде сыңаржақты пікірлер таратып жүр. Бұл пікірлер негізсіз және дәлелсіз, түбі шірік пікірлер. Указной молдаларды ешкім тұппа-тура Орынбор, Қазаннан аяғын салбыратып алып келіп, қазаққа молда қылған жоқ. Және указной молдалар дінбұзар болыпты, жәдит болыпты деген пікірлер де толық өтірік. Жалпы қадим-жәдит деп бір-біріне қарама-қарсы антогонист ағымдар жасап алу, бір-бірімен қырылыстыру шығыстанушылардың шығарған теориясы. Қазақ молдалардың арасында мұндай конфронтация, жік шығару болған жоқ. Ол теорияларды архив құжаттарымен зерттеулер жасап шірітуге болады.
Қалың қазақ ортасында отырған татар, башқұрт молдалар бар, бірақ өте сирек кездеседі. Негізінен Арқа өңірінде молданы қазақтар өз арасынан шыққан, мектеп медресе көрген, шариғат білетін кісілерді сайлап алған. Бөтен ұлтты қоя беріңіз, тіпті басқа рудан шыққан қазақты өз еліне молда қылып сайлатпаған! Тек өз руынан шыққан молданы сайлаған. Указной молданы әуелі қазақ өз арасынан таңдап сайлайды, сосын өкімет указ шығарып бекітеді. Кез келген қазақты ұстап алып сен молда боласың осы елге деп бекіте алмайды. Халықтың өз таңдауына қалдырған. Енді осылар туралы баяндасақ. Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағатында Ақмола уезі бойынша молдаларды сайлау деп аталатын іс сақталған. (5. ҚР ОМА Об избрании мулл по Акмолинскому уезду 1912-1913 гг. 369 ф. оп1. Д.4192). Осы істе ауыл азаматтарының шешімімен сайланған және Ресей өкіметінің жарлығымен тағайындалып указной молдалық қызметіне бекітілген көптеген молдалардың аты-жөндері мен қысқаша өмірбаяндық деректері келтірілген. Мысалы:
– Айтжан Қосымов, 1912 жылы 50 жаста, Қызылтопырақ болысына молда болып тағайындалсын;
– Жармұхаммед Жасланов, Шарықты болысының указной молдасы, 7 маусымда 1912 жылы шешім шыққан, шешімді алдым деп Ж.Жасланов қол қойған, болыс басқарушысы Ахметжан Байбабин мөрін басқан. Жармұхаммед молда бұдан бұрын 6 жыл бойы Шерубай-Нұра болысында молдалық қызмет атқарған. Кейін Шерубай-Нұра болысы екіге бөлінген, Шерубай-Нұра және Шарықты болыстары болып. Жармұхаммед молда 1912 жылдың соңына қарай жасы қария болуы себебімен қызметтен босатылған. Бірақ өзі өкіметтің бұл шешімімен келіспеген, менің жасым небары 57 жаста, мені себепсіз молдалық қызметтен босатты, Әбдікәрім молда Шарықты болысындағы басшылардың бірі Ыбырайым Бастыбаевтың туысы болғандықтан соны қолдап отыр – деп арыздар жазған (6. 28 парақ жоқарыда аты аталмыш №4192 істе).
– Әбдікәрім Байбөрин, 27 июнь 1912 жылы Шарықты болысының сиязында 10 выборный кісінің қатысуымен молда сайланды. Бірақ Ж.Жаслановтың наразы болып арыз жазуы себепті, бұйрық шықпай, ырду дырду бітпей, ісі ұзаққа созылған. Өкімет тарапынан 19 желтоқсан 1912 жылы тағайындалған, оған өте жақсы мінездеме берілген. Шарықты болысының ақсақалдары, билері, болыс басқарушысы Байбөрин адал адам, жақсы кісі, тыныш өмір сүреді, барлығымыз танимыз деп қолдарын қойған, мөрлерін басқан (6. аталмыш құжат 19 парақта). Сонымен ақыры 1913 жылы 3 қаңтарда А.Байборин указной молда деген бұйрық шықты. Бұл даулы жағдайларға жерде әрине ру, партия аралық тартыс-жыртыс себепкер болған деп жорамалдаймыз.
– Сейпілғазы Атабаев сол 31 наурыз 1912 жылы Шерубай-Нұра болысына указной молда болып сайланған һәм тағайындалған (7. ат.құжат 3 парақ).
– Иманқожа Байтұрсынов, Бесоба болысында мешіттің молдасы болып жүрген, бірақ сол болыстың №3 ауылдың халқы оны қартайды деп орнына Кетебай Тоқтаровты қояды. №3,4,5 ауылдардың халқы қол қойған, мөрін басқан приговор сақталған. Иманқожа молда бұл шешімге келіспей бірнеше арыздар жазған (8. 17 парақ).
– Кетебай Тоқтаров, 11 қаңтар 1912 жылы ауыл тұрғындарының шешімімен бір ауыздан сайланған молда. 1 маусым 1912 жылы Бесоба болысының указной молдасы болып тағайындалған (9. ат. құжат 42 парақ).
– Сүлеймен Рыспаев, 1912 жылы Атбасар уезі, Керей болысының молдасы болып тағайындалды, одан бұрынғы жылдары молда болған Байжан Балмағамбетовтың 1909 жылы қайтыс болуы себебінен халық тарапынан жаңадан сайланған. Сүлеймен молдаға 25 мамыр 1913 жылы жақсы мінездеме берілген. Оның білім алған ұстаздары указной молдалар Абай Асанов пен Айтқожа Қалдыбаев деген кісілер болған екен (10. 46-49 парақ).
– Нұрлан Әбдуалиев, 35 жаста, 1912 жылы 28 шілдеде Атбасар уезі Алексеев болыстығына молда болып тағайындалды.
– Омар Құнанғарин, 1901 жылы би сайлауға түскен кезде 36 жаста болған, кейін 1912 жылы 11 қыркүйекте Мұзбел деген жерде Сарысу болысының молдасы болып тағайындалды, ол кезде 42 жаста деп көрсетілген (11. 369 фонд, №4192 іс, 58 парақ). Омардың жасы құжатта қалай көрсетілсе солай жаздық. Омардан кейін ол елге Сейдалы Утаев деген молда болған. (12. 369 фонд, №3841 іс).
– Садық Тілемісов, 1901 жылы Терісаққан болысының молдасы болып тағайындалды. Сайлаған Терісаққан болысының ауыл халқы (13. 369ф. №3740 іс, 82 парақ).
– Тілеубай Бабасов, 1905 жылы Шалқар болысының молдасы болып сайланды, 50 жаста. Шалғар болысында ұстазы Құлменді Жұмықовтан 3 жыл сауатын ашқан. Орысша оқу, жазу білмейді. 191 дауыстан 130 дауыс жинап Бабасов сайланған. Дауыс беруге қатысқан 130 кісінің толық тізімі бар. Тілеубай молдаға елге құрметті және адал азамат деген мінездеме берілген.
– Абрай Шашенбаев, 1905 жылы Анастасьевский болысының молдасы болып тағайындалды. Бірақ оны шариғаттан дым былмейтін сауатсыз деп Анастас болысының қазақтары Баялы Айтпасов пен Мұстапа Жұдырықов арыз жазған.
– Жармұхаммед Ғұбайдуллин, 1905 жылы Көң-Қорғалжын болысында Аршаты деген жерде сияз болып, молда сайланды. Дауыс беруге 18 выборной келген.
Дала Ережесі (Степное Положение) 64 бабы бойынша Выборный кісілердің 3/2 келіп қатысқан болса сайлау өткен болып есептеледі. Өкімет орыс тілін білетін молдаларға басымдық берсін деген. Бірақ барлық молдалар орысша жақсы білмеген.
Сонымен қатар атап өтейік әр ауылда мешіт салу, оны өкімет тарапынан заңды етіп бекіту оп-оңай шаруа болмаған. Ресей патша өкіметі мұсылмандардың өздігінен мешіт салмауын қатты бақылаған. Әр ауылда, әр болыстық жерде мешіт салу мәселесі бойынша рұхсат беретін жергілік Полиция органы. Әуелі мешіт салып кейін рұхсатын аламын деген байлар рұхсатты ала алмай өкіметке штраф төлеп, мешітті бұзғызуға мәжбүр болған. Болыстық указной молдаларды сайлаушы жергелікті халықтың өзі, ал оны тағайындаушы Уездной начальник. Уезд начальнигі өз кезегінде мұндай ходатайстволарды бекіту үшін Әскери губернаторға утверждениеге жібереді. Указной молдаларды сайлау, тағайындау, бекіту жүйесі осындай болған.
Қорыта айтқанда, Бейіс хазіреттің өмірбаянын ғылыми сараптау жалғасын таба бермек. Архивтегі мәліметтер толық емес. Сосын тек Орталық архивпен шектелдік. Басқа архивтерден де Бейіс хазірет туралы мәліметтер шығуы мүмкін. Указной молдаларды сайлауда ру аралық тартыстар басты рөл ойнағанын көрсеттік. Молданың жасы, шариғат заңдарын білуі, орыс тілін білуі екінші үшінші орындағы критерийлер болып саналады. Қазақы көшпелі болыстарда тек қазақ молдалар сайланған. Қадим жәдит тартыс, таласы болған жоқ. Орыс әкімшілігі негізінен жергілікті молдалардан тәлім алған молдаларды тағайындаған. Бұхара, Қоқан, Әндіжан сияқты Орта Азиядағы медреселерден білім алғандарды радикалдық көзқарасты таратушы деп қызметке алмаған. Әрине бұлай ойлауына Ферғанадағы Дукчи ишан көтерілісі теріс ісерін тигізген. Бейіс хазіреттің указной молда болып сайланбауы да сол себептен болуы мүмкін. Бейіс хазірет және Арқа өңіріндегі молдалардың өмірлерін зерттеу өзекті болып қала бермек, тақырып тыңғылықты зерттеуді қажет етеді. Бұл мақалада указной молдалардың аз ғана бір бөлігін қамтып өттік.
whatsapp +77084705713
kaz-genealogy.business.site