
Ишанның бақытын ашсын бір құдайым,
Үдеген дін жолына барған сайын.
Алтайда аң секілді орғып жүрген,
Айтайын бұл керейдің біраз жайын.
Бар екен Алтай тауда он екі абақ,
Бар құдай берген екен артықша бақ.
Адамы аң мінезді бәрі жаһил,
Бұрын да білмейді екен үлгі сабақ.
Алтайға келіп кірді керей жазған,
Көріпті талай мехнат қолы аздан.
Бұл ортада дін Ислам естен шығып,
Ел болыпты ақ жолынан азып-тозған.
Білмейді ораза, намаз, зекет, қажды,
Faдылсыз тура би жоқ жолдан азды.
Әлі келген әлсізге зорлық қылып,
Теңгеретін жан жоқ екен мұң мен назды.
Парыз бенен уәжіпті білмейді екен,
Намаз білген кісіні міндейді екен.
Баласының тасағын бір аударып,
«Сүннетті мұсылман боп жүр» дейді екен.
Бісмілләні айтады бөгде сөз деп,
Осындай бұрынғыда әңгіме көп.
Қорасының сыртынан сызып қойып,
Жүреді бауыздаусыз өлгенін жеп.
Асады қаннан қимай майға қосып,
Келген молла кетіпті бәрі шошып.
Шошымайтын қылығы бар ма екен,
Ішкеннен соң бауыздау қанын қосып.
Қоймайды жайсыз тамақ, ескі заңды,
Көргендер шариғатты өліп қалды.
Сонан соң бір асылды құдай беріп,
Бар құдай керей еліне тәупих салды.
Шаһардан сонда келді жалғыз бала,
Өзі жалғыз пақырға құдай пана.
Қараңғы сәулесі жоқ, надан елге,
Тәупих бермек үшін хақ тағала.
Мұңын айтып піріне қылады зар,
Пірінде құдай берген көп қуат бар.
Мүсіркеп сонда пірі берді жауап,
«Өзіңе болсын дедi Тәңірім жар!».
«Тапсырдым бір құдайға сені балам,
Қазаққа саттым сені бар ма шараң?!»
Беріпті қол көтеріп кәміл дұға,
«Оңғарсын әр ісіңді хақ тағалам!»
Керейді орын қылды қайтып келіп,
Ықыласты пірден алды құдай серік.
Надан керей тапты дін тобыменен,
Шариғат әмірін ұғып дінге кіріп.
Әуелі керей қойды қан жегенді,
Білдіріп шариғатқа нан дегенді.
Білген соң жақсы-жаман тергеу бар деп,
Ұқтырды қиямет күн бар дегенді.
Үйретті ораза-зекет, салауат сом,
Діні үшін мерт болды талай ер қом.
Құдайым надан елге тәупих беріп,
Жібіді қатқан мұздай пейіл де тоң.
Мекеге одан кейін қылды тәуәп,
Құдай-ау, дiн тілеуін қылма ғарап.
Халыққа жолбасшы боп ой ойлайды,
Қалмасын жазған елім бекер қарап.
Білгізді халал-харам баршаларын,
Парыз бен уәжіптің басын санап.
Керей сеніп соңына ере берді,
Ишанның әміріне көне берді.
Қалың елі болған соң бәрі надан,
Атаң сабақ ұқтырды бисмилладан.
Ғазез молла көп шығып содан кейін,
Керейден шықты талай ғазез адам.
Керейге Қазірет атаң болды қазы,
Көгедайдан тараған баласы Ажы.
Қасымхан, одан кейін гүн Жеңісхан,
Таралар осылайша төре, қажы.
Жуанған ғаділдікті бек ойлайды,
Молқыдан әуелі сол болған қажы.
Мәми би, әділ боп тұр қажы Бөке,
Қуанбай, қарақаста қажы Теке.
Қопабай, Алмас, Фазыл, қажы Алғадай,
Талап қып баршалары барды Мекке.
Зәкария, Өміртай, Қайпақ, Оспан,
Мамырбектi ұлыққа кәпір қосқан.
Қобда, Бәйтiк ұлығы Жәңгір Амбы,
Жамекең болар, болса болды бостан.
Бітімші, тағы бірі – Сүкiрбайды,
Түзу ұлық ойлайды бір құдайды.
Құдай-ау, тәупих бер бейғам елге,
Ел болған шашылып талай жерге.
Керейдің тиянағы Хазірет атаң,
Мәдіқар қылғыл Алла пақыр ерге.
Жасаған биылғы жыл 93 жас,
Ел болды бірқыдыру бір жалғыз бас.
Бір мың үш жүз жазылды жиырма бір,
Тарих хижрат деп білгін мұны айнымас.
Керейге жиырмада келген екен,
Көгедайдан бергіні көрген екен.
Жетпіс үш жыл керейге тағылым беріп,
Түзу жолға көндіріп жеңген екен.
Қиуасыздан бір затты кезіктіріп,
Керейге тәңірім бақыт берген екен.
Қырық үште пірге барып дақыл болған,
Әуелі пірден нұр тарап бұған қонған,
Қырық бес жыл істеуі пір қызметін,
Қырық алты жыл биыл да кәмел толған.
Бұл сөзде мақтағам жоқ орнын айттым,
Түзелген керей елдің формын айттым.
Көптен бері жұтаған қайран сөзім,
Азырақ кеңес сөйлеп, көңіл байыттым.
Азырақ ғибадат сөз жаздым салтын,
Хат жазуға қалам алып Ақыт атын.
Молқыда Машан керей-арғы затым,
Шәкубай немересі Бардам мырза.
Молдасы боп тұрғанда жазған хатым.
1909 ж.





