Шортанбайдың өлер алдында қатын-бала, ел-жұртына арыздасып айтқаны
Шортанбай ақынның 200 жылдығына
Мінеді ғаділ патша алтын таққа,
Иман бермей қалмайды көңілі аққа.
Шортанбай өзі тірі заманында
Сапар шегіп барып қайтты Семей жаққа.
Құдайдың, ойлап тұрсам, қаһары қатты,
Тірлікте пенденің жаны тәтті.
Бір күні кеш болып кетіп ел таба алмай,
Далаға мейман болып қонып жатты.
Жатқанда екі кісі түсіме енді,
Қасыма түсі суық кісі келді.
Кісінің сипатынан қорыққаннан:
«Жаһанда мен көрмеген кімсің?-дедім.
«Өлгенде имансыз құл жолда қалған,
Мен – Ғазрайыл, пенденің жанын алған.
Шүкір қыл иман айтып, Шортанбайым,
Құдайдан жетті бұйрық, келді саған».
Екенін періштелер көңілім білді,
Демалғызбай кеудеме келіп мінді.
Қолында күрсізі бар, түсі суық,
Жаныма бір шыбындай қысым қылды.
Келтірдім сонда тұрып сұбұхан Алла,
Мен білдім жүрмесімді бұл жаһанда.
Көнбеске, Құдайыма шарам бар ма?
«Беруге бір күн рұқсат аял бар ма?»
Түсіме періштелер кіре берді,
Үстімнен сол сөзбенен түрегелді,
«Ажалың ертең кешке болады»,-деп,
Бір күнге аял беріп жүре берді.
Өзімді келтірейін сөз басына,
Қатты қиын ісім бар өз басымда.
Ұйықтап жатқан жерімнен оятып ап,
Тағы да бір сөз айттым жолдасыма.
Амал жоқ, енді жүрдік, күн-түн қатып,
Жәкеме кетейін деп арыз айтып,
Жәкеме қатын-бала тапсырайын,
Келген бе өлген адам тірі қайтып?
Өлімгне жақын болды мені ңбасым,
Бір Алла ақыретте жарылқасын!
Жалғанна ақыретке көшпек болдым,
Кеше гөр, үш жолдасым, жолдас қақын.
Таң ата жанғұттыға енді келдім,
Сөйлес деп, тыста тұрып хабар бердім.
Келген соң ажал жақын амал бар ма,
Белгілі жүйрігі едім тамам елдің.
Семейден төрт ат алдым бес жүз теңге,
Тоймайды екі көзім бұл жалғанға.
Көрмедім қатын-балам өз үйімде,
Мен көштім бұ дүниеден боп арманда.
Үйімнен жәкем шықты түске таман,
Айтыстым сәлемнен соң есен-аман,
Алладан ажал жақын келді білемі,
Келмеді сөйлесуге енді шамам.
«Жаралған Жәкем едің асыл зат қып,
Өзгеден бір кісі едің ақылы артық.
Алладан ажал жақын, келді білем,
Кетейін енді сізге ғарыздасып».
Сонда менің сөйлерге есім кетті,
Бір жерге Жәкем барып шатыр тікті.
Жалған шіркін, шынымен қалдың ба деп,
Қарадым көзім салып төңірекке.
Жанға қысым таяды, жалғыз жанға,
Тоймадың екі көзім бұл жалғанға.
Көрмедім қатын-балам, өз үйімді,
Мен көштім бұл дүниеден енді арманда.
Мені көрген дүниеден ғапыл қалма,
Бір тиын қазақ байдан қарыз алма.
Әркімнен қалады екен дүние шіркін,
Өтіңіз тәубе қылып аз жалғанда.
Әммә отырған халайықтар айтты: «Бұл жауабыңыз баршасы өлім мысалы болды. Біздерге бір насихат айтыңыз»,-деді. Сонда айтқаны:
Адамның жалған дүниесі,
Дүние – жолдас қимасы.
Дүниені жолдас демеңдер,
Көп болар оның күнәсі.
Өлгеніңше тою жоқ,
Түңілмей ырза болу жоқ,
Жалғанның арты жақын деп,
Жегенін қазақ қою жоқ.
Сәлем айтып кетейін
Ағайын мен туғанға,
Бала менен қатынға.
Насихат шашып кетейін
Азғана сөзді артыма.
Не ғаріптік десеңіз,
Бүгін менің басымда:
Жетім болып ұл қалды,
Жесір қатын тұл қалды.
Ал көшіріп қасыңа
Арқаның дәмі – жегенім,
Қазақтың сөзі дегенім.
Жүйрік болса мінсем деп,
Сұлу болса сүйсем деп,
Күннен-күнге сәндендім.
Арқадан қылдым жайлауды,
Әркімнен алдым байлауды.
Қиямет күні болғнада
Қандай жерде мекенім,
Мен ғаріптің сайлаулы?
Әммә алдына шай қойды, шайдың жарымын іше алмай, шыныаяқты жерге қойды да, мына сөзді айтты:
Қалықтаған сұңқар ем,
Қанатым сынды ұша алмай,
Қиядан қуға түсе алмай.
Нәпсім, қарар таптың ба,
Дүниеге тоймайтын,
Бір шыны шәй іше алмай,
Жалғаннан дәмім таусылды,
Жарылқа, Құдай, артымды!
Хаққа тәубе қыла алмай,
Мекке жүзін көре алмай,
Қу нәпсімді тия алмай,
Кәмірһе қылдым жасымды!
Екі сөздің басына
Келтірейін өзімді,
Тыңдаңыз, жұртым, сөзімді.
Тыя алмадым жырымды,
Көре алмадым елімді,
Қиямет күн кез қылғай
Құдай менің пірімді.
Билер пара жемеңдер,
Жалғанды жолдас демеңдер,
Ақырет қамын іздеңдер,
Жанға бетті кезбеңдер.
Кісі хақын алмаңдар,
Аузыңа харам салмаңдар,
Дүние жиып өткен жоқ
Бізден бұрынғы пайғамбар.
Сөзін айтып үлкендер:
Құдайдан қапы кетпеңдер.
Әлің келсе Мекке бар,
Артық дәулет біткендер!
Старшын, болыс болам деп,
Ысырап қылып малды төкпеңдер!
Таянып енді өлімге,
Алты табан көріңе,
Сатып алған күнәнің
Кешуі болмас күнінде,
Ұл, атаны сыйлаңдар.
Ендігі туған балалар,
Атаңның сөзін бұзбаңдар!
Сәлем айттым бәріңе,
Қызмет етіп жүріңдер
Басы бүтін кәріңе.
Ұяларсың Құдайдан,
Өлгеннен соң қоймайды
Тірідегі халіңе.
Үлкендер саған айтайын:
Мал басына бармаңдар,
Ақырет қамын қармаңдар,
Дүниенің боғы үшін,
Сірә, тәптә азбаңдар!
Тентек болма балаға,
Безер болма келінге.
Қадірің кетер еліңе,
Қарауыл қой сөзіңе.
Қанша нәрсе ереді
Өлгеннен соң өзіңе.
Қарай алмай жүрерсің
Таңда махшар күнніде
Бір Құдайдың жүзіне.
Атаның тілоін ұлы алмас,
Ананың тілін қызы алмас,
Айта беріп қайтейін,
Өлінің тілін тірі алмас.
Жақыннан шыққан жақсыны
Ағайын жұрты көре алмас.
Заманақыр белгісі –
Бірге туған бауыырың
Тату да болып жүре алмас.
Дұғай сәлем айтайын
Тәшкен менен Бұхарға,
Мұсылманның баласы
Қор болмасын дұшпанға.
Ақырет күні дозақ жоқ
Бір Құдайдан қорыққанға.
Қызмет етпей мен өттім
Ата бірлән анама.
Қарнақтағы сәлем айт
Үш қайтара бабама.
***
Бабама қол бермедім,
Мекке жүзін көрмедім,
Қайғылы болып барамын
Жалғанда жеген парама.
Және сәлем айтайын
Бауырлас туған ініміе.
Дүние деген осы ғой,
Жалғыз маған ерді ме?
Не деп жауап береміз
Қияметтің күнінде?
Жұрт тамаша болушы еді
Жалғыз ауыз сөзіме,
Дүние ыстық көрінді
Құрғыр менің көзіме.
Жалғанға тіпті тоймадым,
Өлмейін деп ойладым,
Дүниенің боғы осы деп
Өлгенімше шайнадым.
Тәубе қылмай жасымда,
Қанша пәле болады
Қиямет күн басымда?
Қасықтап жиған көп малым
Қалды менің артымда.
Өлім деген қиын ба?
Жұртты жеген Шортанбай
Төрт қарыс бөз бұйырмай,
Қалды менің артымда.
***
Дұғай сәлем айтайын
Бесатаның ұлына!
Дүние, малы ермеді
Өлген ердің соңына.
Жалған жақсы көрінді
Мен байғұстың сорыма.
Опасы жоқ сұм дүние
Оттан ыстық болар ма,
Қалды ма көрдің астында?
Қарындас ермес қасыңа,
Тіріде көрген ағайын,
Дұға қылып жүріңдер
Өлгеннен соң басыма.
***
Дұғай сәлем айтайын
Карсон менен Кернейге!
Бай менен жарлы-кедейге.
Қазақтан алған қарызым
Көлденең тұрды көмейге.
Ақын, шешен көсем деп
Айласпаңдар мендейге!
Дұғай сәлем айтайын
Тобықтыда Құнанбай!
Кімнің тағы қалады
Өлгеннен соң суалмай?
Осы дәулет барында
Талап қылсын Меккені
Ақыреттен құр қалмай
Азғана қорған болып өт
Ағайын мен туғанға.
Жалғанда жиған нәрсенің
Пайдасы жоқ қу жанға.
Дұғай сәлем айтайын
Көппай менен Нұрланға!
Харамды мал демесін,
Зәбір болар иманға.
Қазақтан пара алмасын,
Ұмытпай жүрсін Алласын.
Құдайдан қапы қалмасын
Өлгенді менен барласын.
Дұғай сәлем айтыңыз
Шорман ұлы Мұсаға!
Дәулетінің барында –
Қорқынышты жер алдында,
Тәубесіз өтіп кетпесін
Бес күндік жалған қызыққа
Дұғай сәлем айтайын
Қуандықта Қоңырға!
Қуанбасын көңілге,
Мал деген хайуан доңызға.
Тура келген ажалға
Дәулет ара болар ма?
Ақыретте көз салсын
Баратұғын орынға.
Білсін Алла жарлығын,
Алдында өлім барлығын,
Құдай досты Мұхаммет,
Оның да алған жалғызын.
Көргенімше күн қанша,
Мұхаммет өтті, Мұстафа
Дүниеге тоймаған,
Өлгенінше шайнаған,
Енді де болдым бек қапа.
Дұғай сәлем айтыңыз
Қатын менен балаға
Тапсырдым енді жалғызды
Расул Алла құдаға.
Дүниенің боғы үшін
Мендей болып қаңғырып
Көп шықпасын далаға.
Қастық қылмасын жақынға,
Қайырлы болсын халқына,
Не ғаріптік десе де
Енді түсті басыма,
Жетім қалды-ау жасында!
Дұғай сәлем айтайын
Жесір қалған қатынға,
Тоқтасын сөз бен ақылға.
Ие болсын артына,
Қайғының ісін салмасын
Жалғызының басына
Қалмасын көздің жасына.
Ах, дариға, жалған-ай,
Жалғанның енді қалғаны-ай,
Шортанбайды алғаны-ай,
Қайғыны басқа салғаны-ай,
Не шара бар, құдайдың
Әзелде жазған пәрмені-ай!
Тағы да сәлем айтайын
Қалың жатқан Сарымға,
Бай менен жарлы көп жедім,
Құдайдың берген бағында.
Өлімнің жақын екенін
Біле алмап едім алдымда.
Шүкір де қылмай қайтейін,
Ажал келсе тұрмайды
Патшалар да тағында.
Тәубе деп қылмай қапы еттім,
Өлерімнің шағында.
Құдайдың ісі бұзық па,
Әуелде менің ғұмырым
Құдіреттің жазған сызықта.
Ұл атадан айрылған,
Әркім де біздей қайғырған.
Қалған дүниеде пайда жоқ,
Жарылқа, Құдай алдымнан!
Әмме отырған халайық: «Ендігі заманның адамдары қандай болар, біздерге бір жауап айтыңыз»,— дейді. Сонда айтқаны:
Бір насихат айтайын,
Тыңда мұны, балалар!
Есіткендер ұмытпа,
Қайсыңда сенің сана бар?
Жақсың аттан жығылса,
Жаманың тұрып табалар.
Ендігі сорлы бейшара
Қорыққанға барып паналар.
Қария қалды ақылдан,
Қастық шықты жақыннан.
Ендігі күнің кем болған,
Тәубе қылмай қапы өттің
Әуелгі бұрын жасыңнан.
Бай кедейді көрмейді,
Кедей байға ермейді,
Қызметін бір күн қылмаса
Майлы сорпа бермейді —
Әне байдың қайыры!
Бұрынғы өткен адамның
Міне, келді тайыры.
Жалғанда қылған ісінің
Алдыңнан шығар ғайыбы.
Байды құдай атқаны —
Жабағы, жүнін сатқаны.
Кедейің қайтып күн көрер
Жаз жатақта жатқаны.
Жаздай арық қазады,
Күздей пішен шабады.
Оны-мұны жиғанын
Шығын деп тілмаш алады.
Жалғыз сиыры бар болса,
Соғымына сояды.
Қағаздатып бұзауын
Ноғайына қояды.
Кедейге салып шығынды
Негізі байдың тояды.
Қылымсыған қатыны
Қызыл көйлек киеді,
Өзінің байын менсінбей,
Көрінгенді сүйеді.
Осы мінез болған соң,
Дозаққа пенде күйеді.
Ендігі байға мал бітсе,
Елубасы, онбасы.
Шайдан басқа асы жоқ.
Жақыннан басқа қасы жоқ,
Ендігінің мырзасы,
***
Шортекең үш күн сұрап мұрсат алды,
Үйіне Жақсы Жәкең кешке барды.
Бой түзеп, сусын ішіп болғаннан соң
Жәкеңе жайды айтып, сұрақ салды:
-Жауыр тауды қыстаған,
Нұрадан әлі шықпаған,
Қарағанды өзекте
Мұратқа барып ықтаған
Асан Бұғы досым еді,
Көңілімді жықпаған.
Ат жібертіп алдыртшы,
Жан тұрғанда шықпаған.
Әлқисса, Жәкең сонда ат жіберіп, түнделете жеткен Асан Бұғы ертемен сәлем бере кірген.
Әммә отырған халайықтар айтты: «мына Асан қожаға ғарыз айтыңыз»,-деді. Енді айтқаны:
Сөз айтайын Асанға,
Дүниеге мақтанба!
Япырмау, неге мақтандың,
Дәулетің судай тасқанға?
Дүниеқордың маясы
Жақын дейді шайтанға.
Жетпіске келді бұл жасың
Дүние болды жолдасың,
Әндіжандық сарт едің,
Қай жеріңнен қожасың?
Қаратауда туылдың
Пәленше деген мырзасың,
Сарыарқаға келген соң
Төрт аяқты жорғасың.
Жәдігөй жауғыш атанып
Осынша жиған мүліктен
Не көреді қу басың?
Талабың бар жалғанда
Әліде болса аспаққа,
Дүниенің боғы үшін
Күнде түсіп аптапқа.
Мен раббың деп сұрағанда,
Ұяларсың лахатта, – дегенде, Асан Бұғы: «Шортеке, ажал Алладан, енді сөздің жөнін айт»,-деген. Сонда Шортекең:
Ойнап түбің сарт дедім,
Мені атадың қызылбас.
Екеуміз өстіп қаржассақ,
Екеумізді пір тұтқан
Ел қалайша бұзылмас.
Жәдігөй жауғыш болмаңыз,
Ақырет қамын ойлаңыз.
Жасың жетті жетпіске,
Иман бер деп сұраңыз.
Бұл айтқаным – ақылым,
Аталас туған жақыным,
Қиямет күн кез болса,
Пайдасы болмас қапыңның, – дегенде, іркілмей-ақ Асан Бұғы:
Қызыл сөзді Шортанбай,
Шындықты өстіп айтсаңшы,
Сүйекті қорлап дақ салмай,- деген соң екеуі құшақтасып көрісіпті, Шортекең соңғы өсиеті Асан Бұғы да жазып отырған.
Ағартты құдай басыңды —
Өлшеп берген жасыңды.
Уай, уай, менің басым-ай,
Келе көр, Жәке, қасыма-ай.
Амалым нешік құдайға
Жүгірмек болған жасым-ай!
Қолыңнан сусын бере алмай.
Өлгенін әке көре алмай,
Дұғай сәлем айтыңыз
Жетім бір қалған жас ұлға-ай!
Көргенімше күн қайда-ай!
Бұл сөзімді айтыңыз
Менен қалған балаға.
Бұ дүниенің боғы үшін
Қаңғырмасын далаға.
Тіріде көзім тоймайды
Тәңірінің бергені – қараға.
Жалған деген осы ғой,
Маған да еріп бара ма?
Білсін бір сүннет, парызды,
Қазақтан алдым қарызды.
Өлеріме таянып,
Жұртыма айттым арызды.
Үш қайтара сәлем де
Ағайын менен туғанға
Дүние шіркін ермеді,
Бейнетпен жиған қу жанға.
Енді есен бол, елдерім!
Құсымды салған көлдерім!
Замандас, құрбы, теңдерім!
Ғибрат менен алыңдар
Өлгенімді көргенің
Өлім үшін жаратты
Әуелінде адамды,
Қалайша деп білмейміз,
Мына дүние жалғанды
Үш түрлі қылып шығардым.
Артта қалған заманға
Қияметқайым таянды.
Қайырсыздың көп малы
Жылан мен шаян-ды.
Өлместің көбі қараңғы,
Көп мылтықты көп кәпір,
Малыңды етпес баянды.
Аштан өліп отбасың,
Өрт шалар деп саяңды.
Бір күнгідей болмайды,
Мың күн тірі жүргенім
Мынау менің өлгенім,
Қасықтап жиған дүниеден
Кәне, пайда көргенім?
Өлуі болмай қалмайды
Туғаннан соң пенденің.
Жалғандағы тауық ек,
Жем жеудің ебін тауып ек.
Қартаудан Арқаға
Сарысуды жағалап,
Дін ислам жолы үшін,
Адалдан берер дәмі үшін
Бабаларым ауып еді.
Бозбалаға сауық ем,
Сауығым кетіп, күл сөнді,
Жұрттан асқан көсемді,
Алмай ма құдай шешенді?
Өлеріне келгенде
Жан мұндар енді сескенді.
Ескендір өткен дүниеден
Жиырма тоғыз жасында,
Перзент қалмай артында
Шариғатқа сыймайды
Екі тілек тілеген,
Ғаріп пенде басына,
Ғаріп пен нашар сүйенген,
Он сегіз мың ғаламға
Патша болған Сүлеймен,
Олар да өткен дүниеден.
Ойлап тұрсам жалғаннан
Бұрынғылар не көрген?!
Мұхаммед өткен Мұстафа,
Кім болмаған биқапа.
Өлімнің ісі кез келді.
Алпысқа енген бұл шақта.
Қай пенделер ұжмақта,
Қай пенделер тозақта.
Бү дүниеден пайда жоқ,
Өлгеніңше дін сақта.
Келсе балам басыма,
Хатым қалсын артыма.
Жетімтікке көндірді
Жұдырықтай жасында.
Кімдер өлмей тұрады.
Бұ дүниенің жүзінде.
Мұхаммед те көніпті
Жетімдікке жасында.
Жалғызыма сәлем де,
Алладан бұйрық жеткен соң,
Асқар тауы құлады,
Ағар бұлақ суалды.
Жетім-жесір сүйетін
Ағайын-туған жоғалды.
Ей, пенделер, мүһминдер,
Мен не деген есермін
Дүниеден қашпаған,
Қорқыныш қылып Құдайдан
Қарызды ойлап саспаған.
Дүниеде көп мүлікті
Ибраһим әдһәм тастаған.
Тіріде қорықпай осындай
Күнә іздедім шошынбай
Кеудемді дерт қамады,
Амалда кетіп барады.
Есендікте бол, Жәке,
Қияметтік досым-ай!
Және сізге тапсырдым
Бала менен қатынды.
Жалғанда досым, сіз едің,
Аяй көрме ақылды!
Қояр ма екен Құдайым,
Қиямет күні қасыма-ай,
Жүгірмек болған жасым-ай!
Әр жұмада жүре көр
Дұға қылып басыма-ай!
Өлгенде менің жалғызым
Жылап келер қасыма-ай!
Сөйлесетін күн қайда
Өлгенде көрдің астында,
Тоба қылып қояйын
Құдайға сөзім ғасима.
Таяндың енді өлерге,
Күн қанша дүр көрерге.
Дұғай сәлем елдерге
Елдегі жақсы билерге.
Жақсыдан дұға жетер ме,
Өлді деп бізді білген жұрт
Дұғада қылсын ерлерге.
Жасымнан қылдым мастықты
Жаныма қылдым қастықты.
Жан жарға таянды,
Қоя көр, Жәке, жастықты.
Алпыс үштен асырмай
Өлім бір келіп асықты,
Аралап келіп түсуші ем,
Алтай менен Қарпықты.
Ыңғайы жаман аурудың,
Жаманнан көңілім қорықты.
Артта қалған жалғызға.
***
Бір қасірет жолықты.
Мен өттім арманда,
Көре алмадым артымда
Ағайын мен туғанды.
Жантәсілімге таянды,
Айта көр, Жәке, иманды?!
Бір тәңірге аян-ды,
Он екі құйрық, қырық шалғы
Қияда сұңқар таранды.
Достығыңды қастық дер,
Ойламай ескі заманды.
Пірлерден кетіп керемет,
Патшадан кетіп әділет,
Заманақыр таянды.
Таянбай енді неғып тұр.
Алайын деп қай күні
Аманат малдай бағып тұр.
Бір пәндеге ұл бермей,
Біреуін малға зар қып тұр.
Жөнсіз оқтай қаңғып тұр.
Жан шіркін-ақ берік екен,
Үзіліп кетпей не ғып тұр?!
***
Құдайға мақұл ісің жоқ:
Біреудікін іздедің.
Өзіңдікін көздедің
Күшің жеткен адамды
Мұнша неге тіздедің?
Ұрлық пенен зорлықтан
Үмітіңді үзбедің.
Алмаған неме қоймадың,
Еш нәрсеге тоймадың.
Аузы қарыс алаштың
Айтқанына болмадың.
Болмағанның белгісі:
Бұлғақтап едің асаудай
Бойына жанды теңгермей
Басыңа бір тас тиіп тұр.
Не қылайын дүниені,
Би қалмады шүйделі.
Шұнақ бидің тұсында
Ағаш атты тізгіндеп,
Шананы міндік күймелі.
Ақылыңды алып тұр.
Саумалы бар биелі,
Көш-қоныңды билейді,
Қомыда сыйған түйелі.
Біз айтқандай не қалды
Қай ғақыл бар жүйелі?
Әзелде жазған іс болса
Несіне мұның күйеді.
***
Күйіп бір күймей немене,
Құр қызады делебе.
Сақтасын жалғыз қайғыдан,
Көппенен көрген — селебе.
Халқы менен баланы
Бір алған соң аузына
«Алмайды» деген немене!?
Ұзын аққан Сарысу,
Аға бер жайылып құйыла,
Айдамай тұрып солдатқа,
Зар қылмай тұрып жалды атқа,
Жүйрік пенен жорғаңды
Өзің бір мініп жебеле.
Жалаңаш болып жауға шап,
Ажалдан бұрын өлер ме?
Ноқталы басқа бір елім,
Өлмей де адам жүре ме?
Қатын-бала қамы үшін
Қарсы шапта, мылтық құш
Құр жабыр қап жүдеме.
Аламын деп талпынды,
Жауданда зорлық көрілген
Өлтіріп ерлер алқынды.
Мың-мың жылқы айдаған,
Сары қазы шайнаған,
Қымызын судай сапырған,
Оны ішкен соң мас болып
Аюдайын ақырған.
Бабалар ұран шақырған
Қимасақ та алдырдық,
Адыра қалған Арқаны.
***
Арқаның жазы бейіш-ті,
Жылқының еті жеміс-ті.
Жағаласқан дұшпаннан
Көрерсің, қазақ, кейісті.
Құранда жазған тіл бар ма,
Кұннен күнге тарылтып,
Жүр-жүрлеп алар жүрісті,
Заманақыр кезінде
Ұл сыйламас атасын.
Арам сідік болған соң,
Атасы бермес батасын.
Қазы, болыс қойыпты
Некесіз туған шатасын.
Өзі қылған өкінбес,
Күнінде содан тартарсың,
Абақтыға жатарсың.
Қыз сыйламас енесін,
Арттым деп егесіп.
Салыстырар денесін
Пысықсыған немесі.
Көзіңід іойып барады,
Күнде тесіп төбесін.
Ақсақалдан әл кетті,
Болмаса Тәңірім демесін.
Азаматар, әлеумет,
Мұның да несін сөгесі?!
Жас сыйламас ағасын
Алып жыртты-ау жағасын!
Бір-біріне көпсініп,
Қуат қылар баласын.
Шыдай алмай ызаға,
Кәпірден іздер панасын.
«Қой» деп айтса тіл алмас,
Ақсақалдан ұялмас,
Жүгірісер қалаға.
Қалтасы толып жалаға,
Қандырып иін кәпірдің
Алып шығар далаға.
Дұшпаның кім деп сұралса,
Алып келер ауылына –
Өзінің туған бауырына.
Келген соң кімді аясын,
Жығып салар дүреге,
Қызыққан соң параға.
Көшіп кетер жерің жоқ,
Жау айбынар елің жоқ.
Сөйтіп қалмай неғылдың,
Біздің қазақ бәлеге.
Қапа болып тұрарсың,
Түсерсің күнде санаға.
Еділді алып, елді алды,
Енді алмаған нең қалды?
Қораны санап малды алды,
Қазаққа қамқор ханды алды.
Кетейін десең жерің тар,
кетпейін десең кәпір бар.
Сандалғанның белгісі –
Беркет кетті ісіңнен.
Ұлдан қызық көрмессің,
Қорлықпен өскен жасынан.
Ұлым, қызым деп кеттің,
айырылдың құда досыңнан.
Тілеуіңді енді бермейді,
Көзіңнің жасы имейді.
азаматтар, жігіттер,
Айғыр айтып сойсаң да,
Әуелгі заман келмейді.
***
Заманақыр кезінде
Қожасы жоқ құл азар,
Қонысы жоқ бай азар.
Азғанының белгісі –
Байдың тілін жарлы алмас,
Ханның тілін қара алмас,
Өлінің тілін тірі алмас,
Өздері ғақыл біле алмас.
Екі үлкен егесіп,
Қошқардай басын теңесіп,
Сол жерде заман оңалмас.
Оңалар заман дер едім, –
Жауға алдырдың әуел бас.
Іс асқынды болмастан,
Мейір, шапқат кем болып,
Шын сөз кетті сырластан,
Ойын кетті құрдастан,
Жастар үміт үзіпті
Жұрт тосынған жолдастан.
Заманақыр кезінде
Қойында қатын жатпады,
Ұрса тілін татпады.
Күнәсі асқан бұл пенде
Құдайдан әсте қорықпады.
Шешесіне болысып
Ұлы шоқпар саптады.
Алжыған кәрі қақпас деп,
Келіні тұстан боқтады.
Қатыным қолы тоңар деп,
Қар жауғанда үй жақтың.
Балам адам болсын деп,
Ұйқыдан безіп мал бақтың.
Асыраймын деп баланы,
Желіп бір торып аулақты,
Балаң халал болмаса,
Азаматтар, жігіттер,
Пайдасы жоқ шырақтың.
Харам туған баланың
Бетінде жанған оты бар,
Белгісі бар дозақтың.
***
Зар заманның сөзі осы,
Тыңдасын мұны құлағың.
Абылай ханның тұсында
Сотқар еді бұл орыс,
Арбасын артып оң қылған,
Отын сатып пұл қылған,
Есіл менен Нұраның
Екі жағын жол қылған.
Ертістің басы қара дөң,
Еңкейе біткен қара адыр.
Арқа деген құба жон,
Аядай біткен көл екен.
Артың кердең естірген
Арқаның тарлау шөбі екен,
Жігітті кердең өсірген
Ат пенен малдың демі екен.
Ұрлық қылып мал жидың,
Өтірік сөйлеп жан жидың,
Ойлап тұрсам, жігіттер,
Не қылса Құдай еп екен!