Өкпемізді қақтыру керек сияқты…
Бас ауырса тәуіптерді
Алып келіп бақтырарсың.
Жын-бәлекет қашты деп
Өкпеменен қақтырарсың.
Жақсыдан тұмар алып
Мойныңа тақтырарсың,
Тура құрық салған болса
Дертке шипа табылар ма?
Шортанбай жырларын оқи отырып, өкпенің де емдік қасиеті болған екен-ау деген ойға кеттім. Бүгінде мұндай ем жасайтындар жоқ шығар, түймедей дәріге табынып отырған кезіміз ғой. Десе де, арасында өкпемізді қақтырып тұрғанның зияны жоқ-ау. Мен өзіміздің «өкпеміз» туралы айтып отырмын.Жақында карантиннен аман шыққан апамыз телефон шалды. Сөз арасында «бір туысым қалайсыз деп хабарласпады» деп мұңын шақты. «Қап-ай, халін білуге тиістінің бірі мен едім ғой» деп, ішім қылп ете қалды. Апамыздың жақындарынан қолдау күтетінін естен шығарып, өз басымызбен болып кетіппіз. Сол кезді ойласам, ауа жетпегендей өзімнің де өкпем қысылады. Бір жақынымызды жер қойнына беріп, енді бірі бір жұтым ауаға зар болып жатқан кезі. Сондай қимасымыздың сырылдаған үнімен зорға айтқан «риза болыңдар» деген жазбасы келгенде шошып кеттік. Дереу ағайын-туғанмен хабарласып, жағдайға араластық. «Не болды?» «Тірлік болған соң деп» ақталып жатамыз, бір туысымен арасында ала мысық жүріп өткенін білетінбіз. Болмас деп сол ағайынымен сөйлестім, «осылай да осылай». Дауға қиса да, ажалға қиятын ба еді, дереу ол да хабарласып, бәріміз жабылып іздеп жүрген керек дәрісін де өзі тауып берді. Бұл әрекет аурудан қалжыраған туысымның да көңіліне үміт беріп, «өкпем кетті, енді жазылатын шығар» деген жазбасы келді. Шүкір, қазір бәрі жақсы.
Жақында тағы бір құрбым телефон шалды. «Басқаны кешірсем де оны кешірмейтін шығармын» деп ит жылында біреуге кеткен өкпесін айтты. Үндемей тыңдап отырмын. Қандай ауыр. Иә, өкпеден ауыр нәрсе жоқ екен. Қойнымызға тығып алып, көздің қарашығындай сақтап жүрміз. Лақтырып тастау ойда жоқ. Есесіне қайта-қайта үрлеп, санадан кетіп бара жатқан қалпына жан бітіріп қоямыз.
Әрине, әркімнің өз өкпесі өзіне. Алайда алдымызда күз келеді, тағы да кесел айналып соғып, әлсіз жеріміз өкпеден соға ма деген қорқыныш та жоқ емес. Құдай шипасын бермеймін десе, өткен маусымда шиеттей қырылғандардан жанымыз артық емес. Ендігі жерде бұл тірлікте жинап алған «өкпемізді» өтерімізде алып кетпейік. Өкпеміз жеңілдесе, кім біледі, өкпенің дерті де айналып өтер.
Дәл үстінен түсіргендей жазған екенсіз!
Шындығында да, қазіргі психология ілімінде де өкпешіл болу, өкпені қара қазандай қылып, арқалап жүру алдымен адамның өзіне зиян екенін түсіндіріп жүр. Сондықтан әрнәрсеге өкпелеуді қойып, түсіністікке қол жеткізу керек.