Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Көбеймейді батасыз

Шортанбай Қанайұлы

Жылқының құты айғыр-ды,

Ат тумайды атасыз.

Көсегесі көгеріп,

Көбеймейді батасыз.

Ғайбаттың жаман екенін,

Біле тұра айтасыз.

Күн шыққан соң білерсің,

Намаз қаза боларын,

Біле тұра жатасыз.

Алланын берген ақ дінін,

Шайтанға қайтып сатасыз?

Пендесінде көп шығар,

Тәңірінің өзі қатасыз.

Түйенің құты бура-ды,

Келесі қысыр қалмаса.

Күнә қайдан шығады,

Жаралып жан боп тумаса.

Ғаділ деп соны айтыңыз,

Турасын қисық бұрмаса.

Бұйрықсыздың бәрі – харам,

Шариғатқа сыймаса.

Жер таянбай тұра алмас,

Жетекшіден айырылса.

Тұрымтай торғай қуа алмас,

Қанаты сынып қайырылса.

 

***

Қасақана бітер мал,

Қайыры жоқ қабанға.

Айдасаң қиық жүрмейді,

Төрт түлігі аманға!

Сиырдың құты бұқасы,

Танасы қысыр қалмаса.

Адамзатта арман жоқ,

Жалғанда қары талмаса.

Әулие деп айтса болады,

Ғайыптың ісін болжаса.

Қойдың құты қошқарда,

Бойдағы бөлек жайылса.

Еліне шопан құт болар,

Ерлерге Қызыр дарыса.

Желбезектен оқ тисе,

Жер таянып тұра алмас,

Қанаты сынып қайырылса,

Тұрымтай шымшық қуа алмас.

Ертеңменен ел көшіп,

Түс болғанда қонады.

Әдет қылған намазға,

Күн шығармай тұрады.

Кенде болса өзің айт,

Шариғатқа сияды.

Ұйықтамай таңды атқызып,

Қысаппен тағам татқызып,

Сабыр қылған сабаздар,

Ләпсіні сөйтіп тияды.

Малдан кешіп шайхы боп,

Бір шыбындай жан үшін,

Көргендер қорқып жылайды.

Қияметтің жолы үшін,

Пейіш, дозақ жаратты,

Құдретті Құдай бар үшін.

Көрмей айтты демесең,

Күнәсі сонша осының.

Рудан шыққан жалғыздың,

Болмайды сыйы басының.

Қайырлы байдың ғарыпке,

Болмайды қарыз ісінің.

Айырылдың елің, малыңнан,

Табылмас жақын жаныңнан.

Балаңнан жақын білесің,

Жарып шыққан қарныңнан.

Қарындасың қас болса,

Қасиет кетер бойыңнан.

Жақыннан көрген жаман іс,

Өлгенше кетпес бойыңнан.

Ұзынға қысқа жетпейді,

Үлкенсіз нұсқа бітпейді.

Әдепті болса алғаның,

Алдыңнан кесіп өтпейді.

Қанды қалпақ кисе де,

Түбі бірге түртпейді.

Кіндігі басқа қарындас,

Мұңайғанда бұрылып,

Басыңды сыйпап өтпейді.

Алтын үйің бар болса,

Сізге мұнан жаман нәрсе жок,

Жанға түсіп жоқ болса.

Кеңес кетпес үйіннен,

Жаман болып, тоқ болсаң.

Тілінді – мекер, қолыңды,

Шолақ қылар әрнеге,

Ортадан жалғыз тақ болсаң.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button