Ақсақ Темірдің аманаты
Атақты «Зафарнаманың» (Жеңіснама) авторы Шараф ад-Дин Йазди (?-1454) Ақсақ Темірдің құрамында Қожа Ахмет Ясауидің де ғимараты бар арнайы қорға (вакуф-Ә.Д) арнап қолхат қалдырғанын айтады. Онда ол қорды «ешқандай жағдайда сатуға, жекеменшік секілді ұрпақтан ұрпаққа қалдыруға, қандай болмасын сылтаумен баз біреуге сый ретінде уақытша немесе түбегейлі беруге болмайтынын қатты ескерткен.
Қолхатта қорға тиесілі жерлер ауқымы белгіленіп, одан түскен табысты бөлу бөлу жайлы да дәл айтылған. Кіріс, табыстың бір бөлігін Ақсақ Темір Әзірет Сұлтанға, яғни Қожа Ахмет Ясауиге бейсенбі, дүйсенбі күндері Құран оқитын екі қарыға беруге бұйырса, ал кесененің іс жүргізушісі (Мутауалли – Ә.Д) етіп ұлы ақын ұрпақтарының бірі Мір Әлі Қожа шайқыны тағайындаған. Даңқты қолбасшы кесененің су тасушысы мен сыпырушысы, бағбан, шырақшыларының міндеттері туралы айтуды да естен шығармаған.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі әулиелі жер болғандықтан мұнда келетін, яки жол-жөнекей түстеніп аттанатын жолаушылар мен жергілікті пақырлар, кембағалдар, жетімдер мен мүсәпірлерге «халим-аба» (ботқа) атты ас әзірлеп, нан пісіріп отыруды Ақсақ Темір қолхатта қадала ескерткен. Оның бұл дүниесін белгілі шығыстанушы Әбубәкір Диваев (1855-1933) парсы тілінен орыс тіліне тәржімалап, әуелі 1898 жылы Түркістан өлкелік археологтар үйірмесінің жалпы мәжілісінде жұртшылыққа таныстырған. Соңыра осы ғасыр басында (1901) «Туркестанские ведомости» газетінде жариялаған екен.
Қолхаттың қалай табылғаны жайлы Ә. Диваев ешқандай мағлұмат бермеген. Тек қолхат түпнұсқасының бас жағында Ақсақ Темір мөрінің алтын жалатылған көшірмесі мен уақыт тезі әсерінен бе құжаттың үш жеріне ақау түсіп желімделгенін, дей тұрғанмен ол сөйлемнің қалпына келтірілгенін ескерткен. Ақау түсті дегенімен, ол жерлер шынында да қолхат нобайы мен мазмұнына қылау түсіре қоймаған. Десек те ол сөйлемді Әбубәкір Диваев секілді біз де астын сызып көрсете кеттік.
Текстегі Темір мен Қожа Ахмет Ясауиге арналған ұзын-сонар гиперболалар қазіргі оқушы ұғымына оңай тимесе керек. Дей тұрғанмен бұл құжаттың кезінің, өз заманының дүниесі болғандықтан, ортағасырлық араб, парсы сөз зергерлері көпшілігінің стиліне жақын жазуға тиіс болғандығын естен шығармауымыз керек.
Сонымен өн бойынан Ақсқа Темірдің Қожа Ахмет Ясауи қорына деген аса қамқорлығы мен мұндалап тұрған қолхат мәтініне үңілейік.
«Ұлағатты да қасиетті бір Алладан басқа құлшылық етуге лайық құдай жоқ. Мұхаммед оның елшісі, Пайғамбарымыздың өзі мен пәк әулеті, қостаушылары мен барлық ізбасарлары және хақ жолмен келе жатқандардың күллісін Алла жарылқай көрсін!
Бұл қасиетті һәм бата алған құттыхана – Жаратушы ұлы Алла тағаланың сүйіспеншілігі мен сыйына бөленген, әмірлердің ұлысы, барша халықтардың патша ағзамы Әмір Темір Көрегеннің бұйрығымен және ол бұзылмас Қор етіп тұрғызылды. Құдай оның иеліктерін мәңгі сақтасын, рахымшыл тәңірі оны халқының (есінде) мәңгі болуға жазсын!
Тәңірге мадақ, елшісіне батадан соң, Жарылқағыш, күллі халықтардың Панасы, шексіз ұлағатты, құлдардың бріне бірдей қамқор – ұлы Алла егер өз құлдарының біріне аса мейірімділік жасап, қайырымдылық қазынасының есігін ашса, таусылмас байлыққа кенелтсе, ондай байлықты құрту үшін көтерілер қолдың табылмайтыныны мәлім болсын.
Егер ол – ұлы Алла, өз қалаулысының мәртебесін көтерсе, онда оның байлығын құртпақ болған адамның өкшесі қалаулының етегіне де жете алмайды. Өйткені ұлы Жаратушы оған байлықты сыйлай отырып, өз қалулысын жоғары қойғандығын адамзатқа білдірді. Ал қалаулысы (Темір) қайырымдылық құралының көмегімен ұлы Алланың жер бетіне қажет жақсылығын себу үшін өзінің кең пейілі мен күш-қуатын сарқа жұмсады. Ұлы дәуір күндеріндегі одан арғы гүлдену мен молшылық – бақыттың шоқ жұлдыз иесі, керемет рахаттың бұлағы, жаннат шаттығына бөленген Тарағай әмірдің баласы Әмір Темір Көреген Баһадурдың берекесі мен денсаулығына байланысты.
Міне, осындай бақытты күндер ұлы Алланың өзінің таңдаулы құлдарына қайырымдылық қазынасының есігін ашар күндерімен тұспа-тұс келген соң – ұлы Жаратушының әділ жазасынан үміттеніп және қасиетті һәм тақуа зират исінің (Әзірет Сұлтанның) араша түсер дұғасын сұрай отырып, хақ жолындағы сұлтан, шындық пен ақтық сұлтаны, таңдаулы сопы басшысы, өз кезінің алдыңғы қатарлы әулиесі, өз кезінің аса нұр жауған әулиесі, өте берекелі сұлтан Қожа Ахмет Ясауи атына бағыштап бірнеше қордың ірге тасын қалады. Алла тағала оның зиратын өз нұрының сәулесімен жарық етсін.
Ол қорлар «Қожа тұмасы» бұлағынан басталған «Жалаңаш» деп аталатын бір арық су мен оның екі жағындағы жерлерден тұрады. Ол жерлердің аяқ жағы Ақжар жолы арқылы өтіп «Әзірет Құлхайыр атаға» барып тіреледі. (Тексте Кулил-Хайт – Ә.Д) Бұл Қорды Жаратқан ием қиямет қайым күні ізгі ниетпен қабыл алсын.
І. Осында айтылып, белгіленген, шекарасы айындалған жерлерден түскен кіріс тиісінше ғана бөлінуі ләзім, өйткені бұл жерлер һәм одан түскен табыс айқын да дәлелді, бекітілген қор. Оның түсімі «дайымы сарқылмайтын берекенің» нақ өзі. Өйткені бұл қор мәңгілік таусылмайтын, бұзуға болмайтын болып шариғат күшіне иек арта, ұлы Жаратушының рахымына бөленуге үміт етіп құрылды. Оны ешқандай жағдайда сатуға, жекеменшік секілді ұрпақтан ұрпаққа қалдыруға, қандай болмасын сылтаумен баз біреуге сый ретінде уақытша немесе түбегейлі беруге болмайды.
Бұл қор бастапқы қалпындағыдай тұтас сақталып, белгілі бір тармақтарға сай қимыл ету тиіс. Өзінің қасиетті де айқын шартымен ол қорды пайдаланатындардың бәрінің басын қосуға көмектеседі. «Қасиетті боп жаратылғаның» (Әзірет Сұлтанның) жаны жаннатта болуын сұрап, ұлы Алла атына дұға оқиды. Қор сөйтіп, осындағы тармақтарда көрсетілген мол шартқа негізделе құрылған. Жарық күн тауыслғанша, ол сол тармақтар бойынша әрекет етеді.
Шартқа сай меңгерушіні тағайындау мен босату осы қорды жасаған адамның еркі мен тілегіне байланысты, оны ешкім де оның еркінсіз бұза алмайды.
ІІ. Айтылған қор қанша табысқа ие болса да ол былайша бөлінуі тиіс: а) ұлы Алланың қасиетті Құранда баяндалған қасиетті нақылдарды жаттап, оны бейсенбі, дүйсенбі күндері дін ислам туының иесі, әулиелердің пәгі, бата алған әлеуетті Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауидің аса таза рухының рахат табуы үшін зиратының басында оқитын екі Қарыны риза ету үшін жұмсалсын. Оған патшалық еткендер патшасының (Алланың) кешірімшіл мейірімі жаусын! Қасиетті Құранның осы нақылдары өзінің нұрымен оның қараңғы зиратын жарық етсін! Құран оқушылар осында жақын жерленгендер рухының ләззат табуы үшін де дұға бағышталсын!
ІІІ.Дін тәртібін ұстаушы аса тақуа Мір Әлі Қожа шайқы Хасан шайқының баласы, ұлы Садыр шайқы ұрпақтарының бірі еді. Садыр шайқының «халуати шайх» (жертөле мешіт шайқысы – Ә.Д) деген лақап аты бар. Ол ұлы әзірет – Қожа Ахмет Ясауидің қасиетті де қош иісті зиратының мутауаллиі лауазымын лайықтылардың бірі болып иемденгені айқын болған соң оны мен (Темір) мутауалли етіп тағайындадым. Қатерлі қиямет қайым күні ол жауап бере алатындай боп жүктелген істі жүргізе білуі қажет. Егер құдіретіт Тәңірім қаласа артық-ауыс шығын мен талан-таражға жол бермейді. Мір Әлі Қожа шайқыдан соң оның орнына балалары мутауалли болуы қажет. Онан кейін де олардың қызметін еркек кіндік ұрпақтары ғасырлар бітіп, жарық күн таусылғанша жалғастыра беруі керек.
ІҮ. Бұл қасиетті зират жанында жергілікті жамағат ішінен су тасушы және сыпырушының міндетін атқаратын екі адам болуы тиіс. Олар бұл міндетті қолынан келгенінше мүлтіксіз, мінсіз атқарып, орындарында дайымы болып, өз істеріне қамқорлықпен қарауы қажет.
Ү. «Қожа тұмасы» маңындағы қорға қарайтын бақ ішінде бағбан ісін білетін екі бақшашы болсын. Бұл кісілер «әлдеқашан осында болып, бақшашылық қызметіне ұқыпты қарап, бау ішін гүлдендіруге міндетті. Олар өз уазипасын бағбандардың өсиет, нұсқауына сай атқарып, бақты күтімге алады. Олардың біліктерінің мығымдығы – бағбан ісін жетік білетін жұрт құптап, мақұлдайтындай дәрежеде болсын.
ҮІ. Садыр ад-Дин Қожа шайқының ұрпағы Хасан шайқының баласы аса тақуа Мір Әлі Қожа шайқы өзінің шынайы, ізгі ниеттіліге орай мутауалли болып тағайындалуына байланысты – аталған қорды жою пиғылындағы адамдардың арам ниетін асыруға жол бермеуі қажет. Қор қарауындағы жерге себілген астық түсімін көздің қарашығындай сақтап, оны қатаң түрде тиісінше ғана бөлу ләзім. Ал онай түсімдердің көлемі кемітіліп, залал етілмей мутауалли қолына табыс етілуі керек. Барлық табыстың түсуіне орай, айтылмыш мутауалли түсімді қордың мұқтажына қарай бөліп, аз да көп те емес, тек тиісті мөлшерде ғана жұмсауға міндетті.
ҮІІ. Әр аптаның дүйсенбі және жұма күндері екі батман (батман – ежелгі түркі сөзі. Өлшем аты, бір батман немесе батпан 180 келі мен 300 келінің аралығын қамтиды. –Ә.Д) бидай мен екі батман ет және соған лайық мөлшердегі тұз және қажетті отын жұмсалып, рухын ұлы Алла жарық еткір, әулиелердің айбынды сұлтаны – Әзірет Сұлтан ғимаратындағы қасиетті қалам шарифті жаттап алған Құран оқушы қарылар, зікір салушылар, яғни ұлы Жаратушының есімін паш етушілер, сондай-ақ жергілікті пақырлар, кембағалдар, жетімдер мен мүсәпірлер үшін «халим-аба» атты түскі ас әзірленсін. Бұдан басқа күн сайын күн көрісі қиын жоғарыда айтылған кембағалдар мен пақырларға арнап нан пісіру үшін ұнға айналдырған жүз батмандай шығын етілсін. Ол үшін жергілікті мөлшерде ұн, тұз, ноқат жұмсалсын.
Ас пен нан пісіру үшін жыл сайын жүзге жуық есекке жүк боларлық ағаш пен шөптен тұратын, бір жылға жететін отын шығын етілсін. Егер қор түсімін пайдаланудан соң қалдық қалса, онда ол бата алған қасиетті зиратты жөндеуге жұмсалуы тиіс. Бұл ғимарат осы жер арқылы өтетін жолаушылар тоқтап тыныстайтын, яғни айналып өтуге болмайтын көпір іспетті аялдама қызметін атқаруы ләзім. Ұлы жаратушы ғимараттың ірге тасын берік етсін!
О, ізгі ниетті адамдар! Егер жоғарыда айтылған мутауаллиден тараған еркек кіндіктілерідң күні бітіп, ұрығы үзілсе, онда сол кезде билік жүргізген әкім мен қазыға сенімді, таупықты, қор істерін дұрыс жүргізе алатын адамды таңдау міндеті жүктеледі.
Айталмыш мутауалли жаман құлықты болмасын. Ал әкімдер мен қазыларға ар-ұяты мен иманы талап еткеніндей қор мен мутауаллиге қатаң бақылау жасау міндеті жүктеледі.
Біз айтылған қорды мәңгілік сақта деп дұға оқып, ұлы Аллаға құлшылық етеміз. Қорды пайдалануға құқы барлардың үрім-бұтағы үзіліп, таусылса онда қор түсімі жер бетіндегілердің бәрін Жаратушы жаратқанға дейін діндар мұсылмандар қажетіне жұмсалуы тиіс. Өйткені ұлы Алла бұл дүниенің заузаттары һәм күллі нәрсенің бәрінен биік тұр. Ол – ұлы Тәңір, жердегі бүкіл адамзаттың панасы, әмірші қожасы, оған ризық беретін, жер бетінде жаратылғандардың тәрбиешісі.
ҮІІІ. Айтылған қорлардың ешнәрсеге айырбастауға болмайды, әрі олар әрдайым өз орнында болуы керек. Ешкімнің де ешқандай сылтаумен қорлардың айырбастауына жол берілмесін, ал үкімет орындары қорлардың бұрынғы қалпынша өзгеріссіз қалдыратын шешім шығарып, бекітуі тиіс.
Түркістанда тұратын жамағат пен оның айналасындағы қыстақ тұрғындары, мүсәпірлер мен күллі үлкен-кіші лауазмды қызметкерлер, бүкіл шайқылар мен шабандар (?) һәм бағынышты пенделер … біліп қойсын! Шынайы сапарға апарар жол мен шындық һәм әділдік сұлтаны, кәмел көңіл адамдардың жолбастаушысы, тамаша тақуа, кезінде алдыңғы қатарлы уәлілердің бірі болған әулиеде ізгілікті Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи атына бағышталған «халим-аба» пайдасы үшін Түркістанға тиесілі қанша арық болса да әрбір арықтың екі көш (Көш – бір маусымда пар өгіз жегіп өңдеуге болатын жер аумағы) жері суымен айтылмыш қор қарауынаберілетінін олар білсін және ол жайлы ескертілсін. Алла тағала оның зиратын өз нұрының сәулесімен жарық етсін! Ешкімні ңде қиямет қайым күні масқара болу қаупінен сақтанып қорға күш көрсетіп, қатыгездік жасамауы қажет.
Жоғарыда қорға әрбір арықтың екі көш жері бөлінгендігі жайлы айтылған болатын. Сол көш санатына кіретін Мір Қарасу арығы Алла жарылқағыр ұлы Әзірет Сағди Уаққас қорына тиесілі. Екі көш аумағындағы Сығанақ пен Шорнақ арықтары «Шорнақ ата» деп аталатын Дәуріш Әлі Сығанақи немересі Қажы Мәлік қорына тиесілі. Дәуріш Әлі Сығанақи Шайдай шайқы Сығанақидың ал ол Құйындық ата Сығанақи баласы.
Ақмінгіз – Қаратас, Қарабұлақ, Сазат (Сызат) бұлақ, Ақтөбе, Ұржардан бастау алатын Шорнақ және Сығанақ арықтары Мишпен бірге және Ақзілқиядан басталатын Көктас бұлағы Сығанақ бөлімшесіне тиесілі. Оның суын олар оған құқы болғандықтан да пайдалануда.
ІХ. Алланың қайырымы түскір ұлы Әзірет Дәруіш Әлі Сығанақидылайық көріп мешіттің хатибы, яғни шырақшысы етіп ұлылардың ұлысы Әзірет Қожа Ахмет Ясауидің өзі тағайындап еді. Алла оның рухын жарық етсін!
Одан кейін оның орнына хатиб болып ұрпақтары тағайындалып келді. Сондықтанда келешекте осы лауазымды атқару үшін оның тақуа ұрпақтарының бірі тағайындалуы қажет. Жоғарыда әрбір арықтың екі көш жері суымен Әзіреттің қасиетті зиратының қорына тиесілі екендігі айтылған болатын. Ол арықтар мыналар: Қияшық-Бохарық, Шатдарбаза, Ташанақ, Шаға және Қосқорған. Осы арықтан айтылмыш хатиб екі көш жерді суымен алып, ол жерге өзі бидай егуі немесе егістікке беруі, түскен табысты өз мұқтажына жұмсауы ләзім. Осы үшін хатиб өз намазында қорды жасаған адамның ғұмыры ұзақ болсын деп ұлы Алла тағалаға дұға бағыштауы қажет, өйткені намаз кезіндегі дұғаны ұлы Жаратушының қабыл алатын кезі де болады.
Жоғарыда айтылған мутауалли қордың оннан бір бөлігінің жартысын пайдалануы керек.
Осында айтылған шарт бойынша қорды айтылмыш шайқы Мір Әлі Қожа мұқият және мүлтіксіз басқарып, екі қарының күн көрісі үшін жыл сайын астық өнімінен 150 батман бидайлық азық-түлік һәм жоғарыда көрсетілген ретпен 120 батман бидайлық азық-түлік сушы, бағбан, сыпырушының әрқасысының күнкөрісі үшін бөлсін.
Қор кірісінің бәрін мутауалли қабылдуыа керек, сонан соң ол жоғарыда аталған адамдардың қажетін өтейді.
Астық дәнін безбендейтін батман өлшемі ең жоғары Түркістан батман өлшеміне тең болуы тиіс. І.Бұл тармақ тұжырымының мәнісі мынада: Оның (Әзірет Сұлтанның) туысқандары, олардың бала-шағасы, оның ізбасарлары, зорлық-зомбылық және қатыгездік жасайтын адамдар, қолында билігі барлар, жарлығы жүріп тұрған әкімдер мен оның қол астындағылар қорға күш көрсетіп, озбырлық жасамасын. Қор ісін жүргізу түгелдей мутауалли заңсыз еркінде екенін есінде ұстасын. Аталмыш мутауалли заңсыз басқарып отыр деп ойлану хақы оларда болмасын. Оған жол беруге болмайды.
Патшалық құрған күллі кісілер, әкімдер, зиялылар, жоғары мәртебелілер мен қарапайым халықтың қорға қайсыбір өзгеріс жасауға, немесе оны басқа нәрсеге айырбастауға батылы бармасын. Ондай қылыққа тиым салынатынын білсін олар. Егер кімде-кім осында белгіленген шарт пен қор хұқын бұзса, ол адам ұлы Алланың, періштелер мен күллі жұрттың қарғысына ұшырап, ондай адам Жаратушының мәңгілік азабына кесілсін!» (Жалованная Грамота данная Тимуром Туркестанской мечети Азрета-Ясави. Перевод из персидского.-Туркестанские ведомости.№39,7 (30) мая, 1901 года, 2-3 стр.)
Міне, Ақсақ Темірдің қолхаты осындай салихалы ой, парасатты пікір, байсалды ұсыныстарымен аяқталған. Осы ретте құжат соңында кейінірек өзге біреу жазған деген төрттаған да бар екенін айта кеткен жөн. Ол мынау:
Темір Көреген секілді патша болған жоқ,
Бұл дүниеге ол 735 (1334) жылы елді. 771 жылы (1368) жылы ол күллі әлемді жаулап алды. Ал 807 (1404) жылы ол бұл дүниеден аттанып кетті.
Әбсаттар ДЕРБІСӘЛІ, шығыстанушы