Сыр-сұхбат

Менің қасиетті сапарым

«Алла алдыңа келе жатырмын»

  Осыдан бес жыл бұрын болған қажылық сапарым туралы жазу ойымда жүрсе де қағазға түсіру қиынға соқты. Оған себеп, бұл сапардың құпиялығын, өз басыңнан өтпей сенбейтін кереметтігі мен жүректің түбіндегі  сырыңды сөзбен өргенде көңілдегідей шықпайтынынан тартынғаным еді. Сондықтанда әсерлерімді бес жыл жүрегімде сақтадым, еске түскен сайын сол күндер көз алдымда елесетеп, қуатымен күшейіп, өзімді Қағбаны айналып жүргендей сезінуші едім. Бұл қасиетті сапардың құдіреттілігі де сол болар.

Дегенмен, ұлық сапардың кісіге аша бермейтін құпиясын іркіп қалып, көпшілікке тартымды-ау деген тұстарын қағазға түсіріп, өздеріңізбен бөліспекке тырыстым. Қасиетті жерге алғаш қадам басатындар үшін қажеті болса, сауабынан болсын.

Мұсылманның бес парызының бірі қажылық сапарына аяқ астынан жиналдым деуге болмас. Жылдап жоспарлап, ойымнан кетпей жүрген деуге де келмес. Иманың бекем болып, ораза-намазыңды жібермей жүрген күндердің күнінде осы сапардың қалай сәті түскенін білмей де қаласыз.    Қажылыққа баруды ниет еткендерге әдетте, бастап апарушы компанияның қызметкерлері бір айдың көлемінде дайындық сабақтарын өткізіп, Меккеге барған кездегі әрекеттерімізді түсіндіреді. Сол есте қалса, қажылығыңыз қатесіз болады.

Содан ұлық сапардың уақыты жеткенде Шымкентке жүріп кеттім. Қалаға түскен күннің түнінде Саудияға баратын ұшаққа отырдық. Шымқаланың  әуежайында ер-азаматтар ақ байланып, ихрам халіне кіріп, аз-маз күткеннен кейін ұшаққа жайланып отырдық. Жолдың жартысында Араб Әмірліктерінде келесі ұшаққа ауысып отырдық. Оның жарты жолынан асқаннан соң басқарушымыз «миқаттан» өткенімізді хабарлап, «Тәлбия» айтатын кез келді деп хабарлады. Әйелдерге оны дауыстап айтуға рұқсат жоқ. Ал ер-азаматтар бір дауыспен: «Ләббайка аллаһумма ләббәйк. Ләббәйкә лә шәрикә ләкә ләббәйк. Иннәл-хәмда, уәнниьмәтә, ләкә уәл-мулк. Лә шәрикә ләк» деп айтқанда бір сәтте салонның іші азан-қазан шу болды да кетті. Сол сәтте ғана өзімнің қажылық сапарға келе жатқанным, «Ләббайканың» «Міне, мен Сенің алдыңдамын!» деген әр сөзінің мағынасы санама жетіп, дәл қазір жаратушының алдына баратындай, қол-аяғым дірілдеп қорқып та кеттім. Бейнебір Жаратқанның жүзін көретіндеймін. Қобалжыған көңілімізді  қуаныш басып, бірнеше секундттардан кейін алдымнан өзі шығып қарсы алатындай толқыдым. Осылайша аптыққан сезімнің құшағында отырғанымызда ұшақ Жидда қаласының әуежайына келіп тоқтағанын айтты. Түсе салысымен қажылар мінген автобус орнынан бірден қозғалмай аздап кідіріп қалды. Аспаннан от үрлеп тұрғандай ыстық ауа өкпемізді қысып барады. Ғимаратқа жетпей кідіруіміздің себебін сұрамадым. Әне-міне деп елеңдеп тұрғанда үлкендеріміздің алды орындарында қалғи бастапты. Байқағаным бір жастау жігіт Құранға үңіліп оқып отыр. Дауыстап. Зейініміз соған ауып тұрғанда көлік ақырып қозғалып, бір ғимараттың алдына тоқтады. Көліктің есігі ашылып, топырлап түсіп үлкен залға кірдік. Салқын жәйда біздерден басқа ешкім жоқ. Бұл жерде қажылар дәретін алып, асықпай намазын оқып алды. Көзімізге алғаш ұшыраған Саудия мемлекетінің екі арабы асықпай қажыларды аралап құжатын тексеріп рұқсат қағаздарын басып беріп жатты. Сосын жүгімізді алып, сыртқа беттедік.

Жидданың әуежайын  біраз айналшықтадық. Жолбастаушыларымыз асықпай шәйланып, демала беруімізге болатынын айтты. Жолаушыларды тасып үлгермей жатқан көліктің кезегі бізге келісімен Меккеге аттанады екенбіз. Менің таңқалғаным қажылар осындай демалысқа дайын екен. Дереу, ашық алаңда сәкі орнатып сайланып қойылған орындарға жайғасып, тоқшәйнектерін қосып, сөмкелеріндегі азығын шығарып шәйдің қамына кірісті. Жалпы төртеуара бір шәйнек алғанның зияны жоқ екен. Оны қажылықта Мина тауында палатада жатқанымызда да қажеттігін байқадық. Бұл әрине, егер қажылар бір жердің тұрғындары болып, таныс-біліс болса ғана. 150-ген тарта қажылардың дені оңтүстіктегі Қарабұлақ аулылының өзбектері болып шықты. Сонымен көлік те келіп, шабадандарымызды тиеп, Меккені бетке алдық. Бұл кезде ымырт үйіріліп қалған кез еді. Қанша уақыт өткенін байқамадым, жолсоқты болып ұйықтап келдім. Көлік жүргізуші қаланы білмейтін болып шықты ма, Мекеге келгенімен біз қонатын қонақүйді таппай біраз айналды. Бір жүрген жерімізді үш мәрте айнала бастағанда, жолаушылар мазасызданып, қарсы алушылар тағы біреулермен телефон арқылы сөйлесе бастады. Ақыры не керек, діттеген жерімізге жеттік.  Келе сала қажыларға жататын бөлмелерінің кілтін беріп орналастырды.

Айта кететіні, тәуліктің қай уағында келмесін, Мекеге табаны тиісімен жүктерін қоя сала Қағбаға сәлем беру тәртібі бар. Оған көбіміздің мұршамыз келген жоқ. Мен де ұйқығабас қойдым.

Қажылық сапар шегуді ниет еткендерге тағы бір кеңесім бар. Егер бұрындары барып келген таныстарыңыздың айтқанын ескерген жөн. Жалпы қажылық оңай сапар емес. Қайнап тұрған күн де қажыларды діңкелетеді. Ғибадаттарды орындаудың өзі  күшке түседі, сол себепті  қажылық алдында  тым құрыса жаяу жүріп үйреніп, мүмкіндігінше денсаулықты түзеткен жөн. Мен де қажылыққа барып келген інімнің кеңесін алып, сол таңдаған компаниямен келдім. Бағасы да қымбат емес, үш мезгілі асын пісіретін өздерімен бірге келген аспазы мен екі дәрігері тағы бар.

Содан ертесіне ұйқымыз қанып оянып, таң намасын жанымыздағы мешітте оқып,  шәйланып, сыртқа шықтым. Жол бастаушымыз айтқандай, ақсақалдарымыз бен әжелеріміз көп болған себепті, олар күндіз тынығып болған соң түнінде ғана Қағбаға баратынымызды айтты.

Күні бойы қамалып отыру қиянат болар деп, қасымдағы қарияларымды қалдырып, есік алдына шықтым. Қарасам, кеше өзіммен бірге ұшақта қатар жайғасқан апай да есік алдында тұр екен. Жанында тағы бір азамат бар. Жөн сұрап едім, алдымен Айша анамыздың мешітіне барып екі бас намаз оқып, ниет етіп, сосын Қағбаға баратынын айтты. Мен де қосыла кеттім. Біз тоқтаған жерден алдымен Харам мешітінің қасынан жүретін көлікке мініп,  Айша мешітіне жеттік. Мұнда да иін тірескен халық, Мешітті айналып жүргенімде, сапырылысқан адамдардың арасынан бірге келген серіктерімнен ажырап қалдым. Әрлі-берлі іздеп едім, көзіме түспеді. Бір жақсысы, екі мешіттің арасында толассыз көлік қатынайды. Бір топ оңтүстік шығыс Азияның адамдары-ау деп ойладым, арасында әйелдері көптеу екен, солар мінген көлікке менде отырдым. Харам мешітіне келе жатқанымды білемін, олар да жол бойы «Ләббайканы» айтып келеді. Олар түскен жерден менде түсіп, ізіне ердім. Мешіттің  алаңына жеткенде  олар да  көпшіліктің арасына сіңіп жоқ болды.  Мен де айналамды бағдарлап үлкен есіккке ендім. Тағы бір ескертетін жәйт, мүмкіндігі болса осы Баб деп аталатын есіктен кірген сүннет. Есіктен енген шақта кең мешіттің екі қапталында бағаналар көзге түседі, олардың түбінде Құран кітаптары жиналып, ашық қалтамен орап қойыпты, арасында су құйылған ақ бөшкелер де көрінеді. Айналама алақтамай, жанарымды көтермей іштей күбірлеп «ләббәйканы» қайталап келемін. Бір мезетте мешіттің қою көлеңкесі сырылып, күн сәулесі жарқ ете қалды да, ашық алаңдағы Қағба көрінді…

Қағбаны қашан көрсеңде,  Жаратушының құдіретінен пана сұрап келгенің есіңнен бір сәтке шықпай,  Алланың ұлықтығын жүрегіңмен сезініп, тіліңмен қайталай түсесің. Өзіңнің мына төрт құбыласы түгел құдіреттің қасында шаңның тозаңындай  да  салмағың жоқ сорлы екеніңді ұғасың. Осы құдіретті көрсеткен Алланың мейіріміне шексіз разылығың көз жасыңмен бірге ытқып шығады. Дауысым дірілдеп есіме түскен дұғамды сыбырлап айтып, қара тастың тұсынан, екі алақанымызды қарата «биссимиллаһ, Аллаһу әкбар» деп, оны маңдайымызға тиігізіп, салем тәуабын бастадым. Жұрттар жаңылыспасын деген болар, жасыл шам жағып, тәуабтың басталатын жерін өздері де көрсетіп қойыпты.

Айналып жүрген адамдардан асып Қағбаның дәл іргесіне жақындау оңай емес. Өз ойыммен болып, нөпірдің арасында теңселіп келе жатырмын. Көптің арасынан мойын созып, көкті ойып орын алған Қағбаға қараймын. Жақындаған сайын биіктеп белгісіз бір күш өзіне тартып тұрғандай. Байқағаным осы жерде аспан жерге жақын сияқты. Түнде қарасаңызда көктен жұлдыздар төгіліп, жерге жақындап қалғандай  көрінеді. Тауаптың шарты бойынша да, өзіміздің де қасиетті затты алақанымызбен сипап тәу ететініміз бар емес пе? Менде қолыммен ұстап, зиярат еткім келді. Алайда айналасын толтырып тұрған өзімдей адамдардың арасынан Қағбаның іргесіне жету арман болып қалды. Мойынды созып қарасаң да іргесіне көз жетпейді, тәуап еткендердің ортасына түскенде алдыңда біреудің желкесі,  екі жағыңда екі иық қысып, мысық табандап ақырын адымдайды. Бірақ, Қағбаны қолыммен бір ұстамасам қасына жеткенім бекер сияқты.

Құдіретті қарасаңызшы, келе жатқан қатарымның адамдары бір мезетте бірдей іркіліп қалды ма, адамдар арасы ашылып, екіге жарылды. Ойланбастан Қағбаға қарай ентелеп, іргесіне қолымды тигіздім. Бұрындары қазіргі есігінің қарсы қабырғасында да есік болған екен, қазір ізі көрінеді. Сол жерді алақаныммен сипап өттім. Екі қадам басқаннан кейін  алдымда Йемен бұрышы көрінді. Қажылардың алақаныынң табы тигеннен болар бұрышы жылтырап тұр. Тауаптың шарты бойынша бұл бұрышқа да маңдай тигізген абзал. Білмейтін жұртқа түсіндіре кетейін, Қағбаны айнала періштелер «амин», «амин» деп отырады дейді. Енді бір хадисте жаратушы осы бұрышқа 70 періштені қойған десе, енді бірінде Жебрейіл періштенің өзі  пенденің дұғасын қабыл етіп, «әмин» деп айтып отырады екен. Осындай сыйлықтан құр қалам ба, жылыстап бұрышқа жақын қалдым, байқаймын бір адам екі қолымен маңдайын тіреп жабысып тұр. Мен дәл қасына жақындап, кідірдім.  Бұрыш босамай тұр. Ұзақ тұрсам, арқамнан келе жатқан адамдардың легінің екпіні әп-сәтте шетке қарай иіріп әкетуі мүмкін. Құдіреті күшті құдай ойымды біліп қойғандай. Бір сәтте ақсары келген еңгезердей бір азамат бұрышқа жабысып тұрғанды иығынан ысырып жіберіп маған  қарады. Алла… Дұғамды қабыл ете гөр…. Осыдан кейінгі айылатын дұғаны іштей күбірлеп келе жатқанымда қағбаның қара тасы тұрған жерге тірелдім. Тірелдім дейтін себебім бар айналаңнан адам қысып тұрғанда тек теңселіп жүре берсең болғаны екі иығыңды да қысып тұрған адамдармен бірге сол кеңісітікте айналып  жүре бересің. Қағбаның қара тасы тұрған бүйірінде бір пенде бетімен қара тас тұрған қуысты басып, жабысып тұр екен. Толқыған көңілімді басып, жарқыраған күміс жақтауынан сипап, адамдардың ағымына  ілесе бердім. Жарқыраған алтын есікке көз тастап, бір демімді алғанда алдымнан Мақам Ибраһим деп аталатын пайғамбардың ізі түскен шағын шыны күмбезге тірелдім. Алақыныммен  тәу етіп, ішіне үңіліп, суланған көзіммен өбіп өттім. Бұл жолы Хижир дуалының ішіне ешкімді кіргізбей тұр екен. Дуалдың сыртынан сипап дұға етіп тәуабымды жалғастыра бердім.

Қағбаны айналып келемін,  күн бесінге жақындап қыздырып барады. Таңнан бері су ішпеген басым қатты шөлдедім.  Иығыма асулы сөмкемде бір бөтелке су барын білемін. Бірақ, Қағбаның жанында бөтелкемен су ішу мен үшін ауыр күнәдай көрінді. Не болсада шыдайын деп, кеберсіген ернімді жыбырлатып дұғамды айтып келе жатырмын. Сол адамның бейнесі әлі көз алдымнан кетпейді, оң жақ тұсымнан орта бойлы жіңішке келген қара түсті қажы жымиып келіп су ұсынды. Мұндай сыйлыққа таң қалып, су құйылған жұқа стаканды қолыма алдым. Қағбаның түбінде ішкен зәм-зәм бал татымай ма, шөліп қанып, әрі қарай тәуабымды жалғастырдым. Алланың мейірім есіктерін ашқанына осылайша куә болдым. Міне, мен сенің алдыңдамын… Екі дүниенің нығметін бере гөр деп күбірледім…

Түнде бірге келген қажылар жиналып, Харам мешітін бетке алдық. Жақындай бере қарт әйелдерді ортаға алып, оны айнала жасамыстарына тапсырып,  оладың сыртын  қарттарымыз бен жас жігіттермен қоршап  төрт бұрышты топ болып, Қағбаны айналып, Сафа – Мәруа арасында сая жасап, таң намазымызды қасиетті мешітте оқып, ұлық сапарымыздың алғашқы амалдарын бастадық.

Айгүл УАЙСОВА

Басы. жалғасы :

Менің қасиетті сапарым

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button