Сыр-сұхбат

«…Қызыл тілім кемедей қалқушы еді…»

«Көкірегім дариядай шалқушы еді,

Қызыл тілім кемедей қалқушы еді.

Сөйлесем мың кісінің ортасында

Тыңдаған қорғасындай балқушы еді»

Мәделіқожа Жүсіпқожаұлы

Тәуелсіздік – сан ғасырдан бері халқымыздың асқақ арманы, мәңгілік мұраты болды. Қаншама батыр бабаларымыз елінің еркіндігі жолында күресіп өтті. Биылғы жылы халқымыздың осындай тұлғаларының бірі, бар ғұмырын елінің бостандығы мен еркіндігі жолындағы күреске арнаған әрі ақын, әрі батыр – Мәделіқожа Жүсіпқожаұлының туғанына 200 жыл толып отыр.

Мәделіқожа Жүсіпқожаұлы 1816 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласына қарасты, Қожатоғай ауылдық округінің «Қос құдық» деген жерінде дүниеге келген. Әкесі – Жүсіпқожа Жиенқожаұлы Қоқан хандығына қарсы күресіп өткен, елге белгілі батыр болған адам. Біз мұны Майлықожаның: «Ер Жүсіп айқаста атпен ұрған топқа, сауыты тоқтау берген он бір оққа» деген өлең жолдарынан да аңғарамыз. Мәделіқожаның өмір сүрген дәуірінің өзі қазақ халқының қос бүйірден қысым көріп, бір жағы, патшалық Ресейдің, екінші жағынан, Қоқан хандығының қыспағында қалған өте ауыр кезең болатын. Ақын өз дәуірінің перзенті, заманының жаршысы. Тағдыр-талайы халқының басына бұлт үйірілген тұсқа тура келген Мәделіқожаның бар ғұмыры елінің еркіндігі үшін күреспен өтеді. Халқының басына түскен қиындықты да ақындық жүрегімен ерте аңғарып, батырлық мінезімен ашық айтады. ХІХ ғасырдағы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, жаңадан енгізілген болыстық сайлаудағы әділетсіздіктер, ел ішіндегі шонжарлар мен билердің ақиқаттың ауылынан алыс қонып, бар билікті өз тума-тумаласының ыңғайына бұра тартуы ақынның сол кезеңдегі «Түркістан уалаяты» газетінде (1878 жылы) басылған «Бір жан жоқ болыстыққа талас емес» деген өлеңінде шебер суреттеледі:

…Бастан бұлт кетпейді күн жайланып,

Сақау озды, шешеннен тіл байланып.

Тұлпардан есек озып, бәйге алып тұр

Бұл күнде заман кеткен теріс айналып.

 

Бұрыннан өткен істі қуғаны жоқ,

Болмас іске белдерін буғаны жоқ.

Ақылға Апылатон болса-дағы,

Бұл күнде болыс болмас туғаны жоқ.

 

Жылдар өтіп барады, замандар да,

Бұлбұлмын деп сайрайды жаман қарға.

Тұлпардан есек озып, бәйге алып тұр,

Әттең-ай, амал бар ма, амал бар ма?!..

Ал «Ақ патша» деген өлеңінде ХІХ ғасырдағы қазақ халқының басындағы жағдайды шынайы бейнелеп, патша отаршылдығының қитұрқы саясатын, әділетсіздік пен арсыздықты былай әшкерелейді:

Ақ патша әділмін деп сендіріп тұр,

Аузынан шыққан сөзін ем қылып тұр.

Ой мен қыр, жер мен суға ие болып,

Әр жерден қазық қағып, белгі ұрып тұр.

 

Қарыстап қара жерді бөлдіріп тұр,

Көнбегенді күшпенен көндіріп тұр.

Қарсыласқан түсер деп тас қамалға,

Төбеңнен зеңбірегін төндіріп тұр…

Мәделіқожаның батырлығы мен ақындығының халық жадында қалатын тұсы – 1858 жылдар шамасында Оңтүстік өлкедегі Қоқан хандығына қарсы көтерілістер кезіндегі «Мырзаби өлімі» оқиғасы. Қоқанның қысымы мен қорлығына шыдамаған Мұсабек, Мәделіқожа, Рысқұлбек, Тәнен, Байбақ секілді сол елдегі белгілі батырлар бас біріктіріп, Мырзабиді өлтіреді. Осы оқиға Мәделі ақынның «Мырзаби деген бек шықты» деген өлеңінде былай суреттеледі:

Қарағашты Тәшкеннен

Мырзаби деген бек шықты,

Екі иінін жеп шықты,

«Қатын менен қызыңнан

Зекет бергін» деп шықты.

…Қанадан асып кеткен соң,

Зұлымдығы өткен соң,

Ел намысын қорғайтын

Қазақтан да ұл шықты…

Ақбұлақтың басында,

Қарабастау қасында

Үш елдің ері бас қосып

Үкімін айтқан халқы ұнап,

Қоқанның бейбас бектері

Жәбек бидің үйінде

Қымызға тойып балқып ап,

Қазы менен қарта жеп

Отырған шақта шалқып-ақ

«Асқанға тосқан осы!» деп

Бектердің басын кескенбіз

Шариғаттың шарты ұнап.

Мырзабидің өлімінен хабардар болған Құдиярхан халықты жазаламақ болады. Осыны естіген Мәделі ақын хан сарайына барып, Құдиярханның қаһарынан қаймықпай, ел ішінде «Мәделіқожаның Қоқан ханына айтқаны» деп тарап кеткен әйгілі жырын төкпелете жөнеледі:

…Айт десең айтып берейін,

Ақ шындықты сөйлеуден

Тіл менен жағым талмағай!

Жазықсыз елді жазғырма,

Айыптың тұр алдыңда

Мырзабиді өлтірген

Басын кесіп алмадай.

Кешсең – кеш, кессең – міне бас,

Шариғат жолын сара дер

Даңғыл жатқан сарнап-ай

Жарлы менен байға да-ай,

Қара менен ханға да-ай!

Елге белгілі ақынды өлтірсе, халықты өзіне қарсы қойып алатынын сезген Құдиярхан ақынға ешқандай жаза қолданбай, босатып жібереді де, артынан қудалауға түседі. Оның үстіне сол кезеңде Мәделіқожаның «сүдір» деген де атағы болған. «Сүдір» деген атақ ел ішінде шариғат үкімдерін орындаушы жоғары лауазым болып саналған. Ханның қаһарынан құтылғанмен, қудалауынан құтылмаған ақын біршама уақыт Бұхар әмірлігін сағалап, елден жырақ кетеді. Бұхар әмірлігінен де пана таппай, елге қайтып оралғанда туған жерге деген сағынышы мен жоғарыдағы Мырзаби өлімі оқиғасы қатар өрілген өлеңі туады:

Тұрмысың аман-есен, Ордабасы,

Не көрмес тіршілікте бастың жасы,

Алдынан қыз-қатынды шұбыртқан соң

Қоқанның қырғын тапты бозбаласы.

 

Арыстың суы ағады жарыменен,

Байлар қозы тасиды нарыменен,

Өлтіріп Мырзабиді, өтін алып

Қолымның ет асадым қаныменен!

Мәделіқожа – бүкіл өмірін өзінің жырларында өлеңмен өрнектеп кеткен ақын. Қай өлеңін алып қарасаңыз да, ақынның өз өмірі, заман шындығы қатар өріліп жатады. Мәделіқожа Жүсіпқожаұлының терме-толғаулары, арнау-дастандары, айтыстары өз алдына бір төбе.

Мәделі ақын жетпістен асып қартайып, қос інісі қатар өліп қайғырып, төсек тартып жатып қалғанда әрі жиені, әрі шәкірті Майлықожа ақынның көңіл сұрай келіп айтқан «Мәделі батыр ағамыз» атты ұзақ толғауында батырдың бейнесі сол заманның шындығымен шынайы суреттеледі:

Арыстан тұлға білегің,

Қайтпаған жаудан жүрегің,

Қасыңнан нөкер топтанып,

Қалмаған арттан әр елің…

Түркістанда Қоқанмен

Бір күн, бір түн сүрістің,

Ертегі қатар ерлігі –

Ондағы өткен жұмыстың…

Хан-қараға қарсы боп

Қасарса мойын имеген,

Жетпіс пен кесел екеулеп

Көңілің ғаріп жүдеген,

Дұшпанға қорған дуалым

Кетесің-ау дүниеден!..

Мәделі ақынның замандасы болып жанында жүрген Майлықожа ақынның бұл толғауынан Мәделіқожа Жүсіпқожаұлының бүкіл өмір жолын, болмыс-бітімін, ақындық жаратылысы мен батырлық мінезін анық аңғарамыз.

Мәделіқожа шығармашылығын кезінде Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезовтер жоғары бағалаған. Ахмет Байтұрсынов өзінің «Әдебиет танытқыш» еңбегінде Мәделі ақынның өлеңдерінен мысал келтіреді. Қазақ әдебиетін зерттеуші ғалымдар Ханғали Сүйіншәлиев, Рахманқұл Бердібаевтар ақын шығармашылығын жан-жақты зерттеп, ғылыми айналымға енгізіп кетті. Осы тұста ақын шығармаларын тірнектеп жинап, зерттеп-зерделеп халыққа жеткізген әдебиетші-ғалым Әсілхан Оспанұлының, ел ішіндегі халық қазынасын жинаушы ақын, жазушылар Тұрсынәлі Айнабековтің, Әдіһам Шілтерхановтың, Сейіт-Омар Саттаровтың еңбектерін атап өту ләзім.

2000 жылдар бедерінде Сейіт-Омар ағамыз Түркістан қаласында тұрып жатқан әдебиетші-ғалым Рахманқұл Бердібайға ертіп апарған кезде, атақты ғалымның өз аузынан «Әттең, ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің ішінде Мәделіқожа ақынның шығармашылығы лайықты бағасын ала алмай, қалың бұқараға жетпей, обал болып тұр» деген өкінішін естіген едік. Содан бері қаншама жылдар өтсе де, осы олқылықтың орны толмай келеді. Мәделіқожа ақынның өмір жолы мен шығармашылығы тек жоғары оқу орындарының арнайы курстарында ғана болмаса, басқа жерде ауызға алынбайды. ХІХ ғасырдағы ақындармен таныстыратын мектеп бағдарламасына енбей қалған. Атақты Майлықожа ақынның өзіне ұстаз болған, алдаспан ақындығымен қатар жаужүрек батыр болған тарихи тұлғаның бүкіл шығармашылығы жас жеткіншектерді отансүйгіштікке, батырлыққа, ақындыққа тәрбиелеуде таптырмас құрал болатын Мәделіқожа Жүсіпқожаұлының мектеп оқулығына енбей қалуы – үлкен ағаттық деп санаймыз. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың атақты «Әдебиет танытқыш» кітабына енген ақынның шығармалары Білім және ғылым министрлігі дайындайтын мектеп оқулығына не себептен енбей келе жатқаны түсініксіз?!

Бар ғұмырын халқының азаттығы жолындағы күреске арнап, елінің мұңын жырлап, жоғын жоқтап өткен әрі ақын, әрі батыр Мәделіқожа Жүсіпқожаұлындай тарихи тұлғаның 200 жылдығы құрметіне тек Шымкент қаласында айтыс пен ғылыми конференция өткізілгенінен хабарымыз бар. Осы күнге дейін сол Шымкент қаласында бір көшеге аты беріліп, ескерткіш қойылған. Осы тұста «Мәделіқожа тек Оңтүстік өңірінің ғана емес, бүкіл қазаққа ортақ ақын емес пе еді?» деген сұрақ туады.

Сөз соңында, ақынның елеусіз, ескерусіз өтіп бара жатқан 200 жылдығы кезінде шығармалары мектеп оқулығына енгізілсе, батыр баба рухының алдында ұрпақ парызы өтелген болар еді демекпіз.

Серік-Ибраһим ОРЫНБЕК,

журналист

Астана

«Егемен Қазақстан» газеті. 8 қараша 2016 жыл

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button