Сыр-сұхбат

Жүсіпбек Шайхисламұлы – қазақтың бірінші баспагері

Жүсіпбекқожа Шайхисламұлының өмірі мен қызметі туралы

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазба және текстология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Тоқтар Әлібекпен халқымыздың мәдени мұрасы сол мұраны жеткізушілердің бірегейі Жүсiпбек Шайхисламұлының  өмірі мен шығармашылығы  турады әңгімелесудің сәті түсті. «Жалпы, кеңес кезеңіне дейінгі кітаптардың тарихына шолу жасағанда, жинақтардың саны жағынан да, қайта бастыруда да, таралымының мөлшері тұрғысында да Жүсіпбектен асқан кітап бастырушыны анықтай алмаймыз. Сондықтан ұлты қазақ кітап бастырушыларының бастауларында Ж.Шайхисламұлы тұрады деуге толық негіз бар» деді зерттеуші-ғалым Тоқтар Әлібек. Баспагер-Ақын шығармашылығына құрылған сұқбатымыз кезінде қуғындалып, қытай асып кеткен біртуар тұлғаның насихатына өз үлесін қосады деп ойлаймыз.

 – Қазақтың  «Қыз Жібегі» мен білетін екі адаммен тығыз байланысы. Бірі – ел аузында жүрген  жырды  қағазға түсіріп, жеті рет баспадан қайталап бастырып, кең насихаттаған Жүсiпбек Шайхисламұлы  болса, екіншісі әдемі жырды көркем фильм етіп,  қазақтың мерейін асырған Сұлтан Қожықов. Бұл эпостың өміршеңдігі неде?

 – «Қыз Жібек» жырының өміршеңдігі – оның ұлттық  сипатына байланысты деп ойлаймын. Егер бүгінгі күнге жеткен «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қозы Көрпеш – баян сұлу», «Едіге» т.б. эпостық мұралар кейбір түркі халықтарына ортақ болғадықтан, әр елде олардың түрлі  версиялары сақталып қалғаны мәлім. Ал     «Қыз Жібек» жыры – қазақтың төл туындысы және классикалық эпосының озық үлгілерінің бірі. Себебі онда жастардың адал махаббаты, адамгершілігі мен ар-намысы, халқымыздың бүкіл ұлттық болмысы, көшпелі өмір салты, тұрмыс-тіршілігі, тарихы, мәдениеті, табиғат сұлулығы жан-жақты баяндалады. Әсіресе, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, көш салтанаты, қыздардың келбеті көркем суреттеледі. Халық әдебиетінің бата, түс жору, қоштасу, айтыс, естірту, жұбату, жоқтау, сыңсу т.б. түрлері жыр мазмұнын айшықтап, оқиғалардың қызықтылығын еселей түседі.   Бұлардың бәрі ХХ ғасырдың отызыншы жылдарына дейін көшпелі тіршілік кешіп, дала мәдениетін, шұрайлы тілін  сақтап келген халыққа етене жақын, ұлттық руханиятының ажырамас бөлшегі болды. Сондықтан жыр ел арасында ауыздан ауызға тарады, тынымсыз қозғалыста жүріп өзгерістерге ұшырап, түрлі нұсқалары туындады. Кейін қазақ жеріндегі қоғамдық өзгерістерге байланысты саяси кедергілерге ұшырады, кейбір нұсқалары кеңестік идеологияның ықпалымен жырлануға тура келді.  Жыр алғаш ХІХ ғасырдың аяғында, кеңестік кезеңде орыс тіліне аударылғаны болмаса, әлемнің өзге тілдеріне тәржімалана қоймады. Оның негізгі жарияланымдары төл тілімізде басылым көрді және мейлінше отандық ғалымдардың тарапынан зерттелді. Сол себепті бұл бірегей туынды әлемдік деңгейде танылмады.

Рас, «Қыз Жібек» жырының Жүсіпбек Шайхисламұлы нұсқасы ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың тоғысында, одан кейін де бірнеше мәрте басылым көріп, халықтың зор ықыласына бөленді. Бірақ бұл асыл мұраның шығу тарихын, таралуын, жариялануын тек оның есімімен ғана байланыстыруға болмайды. Еліміздің белгілі фольклортанушыларының, әсіресе академик С.Қасқабасовтың тұжырымдарына қарағанда, шығарма ілкі аңыз-әңгімелердің, оқиғалардың, жыр үзінділерінің негізінде  ХҮІ-ХҮІІІ ғасырлардың аралығында туындап, толығып, эпикалық мұра ретінде қалыптасқан. Оны жырдағы  дәстүрлі эпоста, ертегілерде кездесетін көне мотивтерден, кейінгі заманда туындаған жаңа сарындардан байқауға болады.    Жыр дер кезінде хатқа түспегендіктен, көптеген нұсқалары, версиялары ұмытылып, халық жадынан шығып қалды. Тек ХІХ аяғынан бастап қана қағазға түсіріліп, кейінгі ұрпаққа 15-тен астам нұсқалары ғана жетті. Солардың арасында сақталу сапасымен де, толықтылығымен де, көркемдік деңгейімен де ерекшеленітені – Жүсіпбек нұсқасы. Онда ақынның өзіндік жыршылық қолтаңбасы, эпостық шығармаларды жетік білуі, баспаға дайындаудағы іс-тәжірибесі айқын аңғарылады.

Жырдың Қазақстан ауқымынан шығып, шетел жұртшылығына танылуына  Ғ.Мүсірепов сценарийінің негізінде 1970 жылы Сұлтан Қожықов түсірген «Қыз Жібек» көркем фильмі  себеп болғандығы баршаға белгілі.  Менің ойымша, әлем көрермендері «қазақ» деген ұлттың барлығын, оның ұлан-ғайыр жерінің, көз сүрінен көркем табиғатының, терең тарихының, дәстүрлі мәдениетінің, қалыптасқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының көріністерін алғаш рет осы фильмнен көріп, танып-біліп, таңырқаған сияқты. Фильмнің оқиғалар желісіне қарап, онда жырдың алғашқы бөлігінің мазмұны қамтылғанын көреміз. Оған сол тұстағы идеологияның салдары тиіп, екінші бөлімдегі Сансызбайдың «әмеңгерлік» жолдағы оқиғасы әдейі алынбағаны айқын аңғарылады. Келешекте осы кемшіліктер түзетілер деген ойдамыз.

Енді Жүсіпбектің Қыз Жібегі туралы таратып айтып беріңізші. Әсіресе, өзіңізге қатты ұнайтын тұсын суреттеп берсеңіз. Бұл басқа  нұсқалардан шоқтығын  бөлек қылатын ақынның  өз қолтаңбасы  ма?

 – Фольклортанушылардың зерттеулеріне қарағанда, Жүсіпбек жырды Ақшәмшіде тұрған бір жыраудан  жазып алып, өзінше жырлап, ел арасына таратқанын, кейін баспаға дайындағанын М.О.Әуезовпен кездесуінде өз аузымен айтқан. Шынында, ұлы жазушы 1926 жылы «Қилы заман», «Қараш-Қараш оқиғасы» шығармаларын жазу мақсатында Албан еліне  барғаны мәлім. Сол жолы болашақ туындыларына материалдар жинаудан сырт өңірдегі халық шығармашылығына да мән беріп, зерттеулер жүргізгендігін оның «Казахское народное творчество и его поэтическая среда» еңбегінен аңғаруға болады. Ал Жүсіпбекпен жүзбе-жүз кездескендігі жазушының аталған зерттеудегі мына сөздері айғақты дәлел болады: . «В молодые годы посетил многие районы казакской степи. Наконец последние 20 лет провел среди китайских казаков рода Қызай и только недавно вернулся в Россию и поселился среди албан. … Разносторонний в своей прошлой деятельности, он не желает ограничиваться и в беседе с нами однообразным кругом тем о поэтическом творчестве».

Жүсіпбектің өмір жолы мен шығармашылығына мән берсек, жиырмадан асқан жігіттік шағынан бастап халық шығармашылығына ден қойып, қазақ даласының көп жерлерін аралаған. Көптеген әдеби мұраларды жазып алып, өзінің білгендерін ел ішіне таратып отырған. Кейін оларды қайта өңдеп, жаңғыртып, мүмкіндігінше жариялауға қол жеткізген. ХІХ ғасырдың сексенінші жылдарының басында сондай сапарлардың бірінде белгісіз жыраудан «Қыз Жібек» жырының бір нұсқасын хатқа түсіріп, өзінше жырлап, халық арасында айтып жүрген. Осы тұста, яғни 1887 жылы Ресейдің әскери қызметкері Е.А.Александров Марабай жыраудан туындының бір нұсқасын жазып алып, М.Ағыманов деген оқыған қазақ азамытына қара сөзбен мазмұнын аудартады. Тағы бір нұсқасын белгісіз шығарушы (Валиулла Тухфатуллин деген болжам бар) 1894 жылы Қазан жеке кітап күйінде жарыққа шығарады. Осы кітап қолына түскен болуы керек, Жүсіпбек 1900 жылғы өз басылымының кіріспесінде былайша ренішін білдіреді:

«Басында менен жайылды

Қисса болып бұл Жібек.

Басы-соңына қарасам,

Бәрі шала сөзінің,

Еңіреп жылап жүр жүдеп.

Басында менен шыққанда

Тыңдаған адам жылаған,

Сүйейін мұны бір демеп.

Қиссасын қайта түзейін,

Әруақтарың жар болса,

Сіздер де мені жүр жебеп».

Сөйтіп, өзі айтқандай түзетіп, кейбір қара сөздерді өлең жолына түсіріп, кейбір оқиғаларға өзгерістер енгізіп, өзінің нұсқасын ХХ ғасырдың алғашқы жылы Қазанның «Университет» баспасында бастырды. Кейін бұл кітап 1903, 1905, 1909, 1910, 1911 жылдары аталған қаланың түрлі баспаларында қайта басылып отырды. Бірақ 1909 жылғы басылым «жетінші», 1910 жылғы «сегізінші», 1911 жылғы «тоғызыншы» басылым деп шығуына қарағанда, бірнеше басылым халыққа таралмаған, болмаса шығаруға рұқсат етілмеген деген болжам жасауға болады. Кеңестік кезеңде 1923, 1957, 1967, 1985 жылдары, ел тәуелсіздігінен кейін 2009 жылы «Бабалар сөзі» жүз томдық сериясында жыр нұсқаларының қатарында, Қытай елінде «Жүсіп-Зылиха», «»Үш үзік» жеке жинақтары басылым көрді. Қазір еліміздің сирек қорларында «Қыз Жібек» жырының Х.Досмағамбетұлы, Ш.Қалмағамбетов (2 нұсқа), Қ.Иманов, Х.Өтеғалиева, М.Төлепқалиев, Қ.Мырзағалиев, Е.Ахметов, Ә.Дәнекеров, Р.Мәзқожаев, Қ.Баймағамбетов т.б. жеткізген нұсқалар сақталған. Бұлардың дені сол Жүсіпбек нұсқасының негізінде жырланған және сюжеттік мазмұндарында айтарлықтай ерекшеліктер байқалмайды.

Ал Жүсіпбектің нұсқасының жоғарыда айтылған Марабай, белгісіз (1894) нұсқалардан қандай айырмашылығы бар?  деген сауалға байланысты бірер сөз. Ең алдымен, «Мен сөйлейін жарандар» деп басталатын 70 жол жырдың кіріспесі өзге нұсқаларда кездеспейді. Алғашқы Қазанда басылған мәтіннің «Әлқисасынан»  бастап Төлегеннің Жібек күймесіне жақындауы, оның өлімін естіртуі, Жібектің Хореннен ат сұратуы оқиғаларын баяндайтын қара сөздер Жүсіпбекте өлеңмен жырланады. Нұсқада көптеген өлең жолдары толықтырылып, діни ұғымдарды, атауларды молынан кіріктірліген. Керісінше, Кеңес кезеңінде жырланған, жазып алынған нұсқаларда дінге байланысты сөздер, тіркестер алынып тасталған, болмаса басқа ұғымдармен алмастырылған. Жүсіпбек нұсқасында Сансызбай Жібекті еліне алып келгеннен кейінгі оқиғалар, қалыңдықтың түсін жору арқылы шаппақ болып келе жатқан қалматың жорығын алдынала болжап, қарсы шығып тас-талқан етіп жеңуі, одан Жағалбайлы еліне қайта барып, Жібекті жасауымен алып келуі, тойдың сипаты жан-жақты баяндалып, жыр толық аяқталады. Ал өзге жыр нұсқаларында бұл оқиғалар қысқа қайырылады.

Жүсіпбек  нұсқасының тілі көркем әрі қарапайым, ой орамдары нақышты, сөз қолданысы – кестелі,  композициялық құрылымы айшықты, оқиғалары қызықты болып келеді. Мәселен, табиғаттың, қыздың сұлулығын дәл Жүсіпбектей суреттеген жыр нұсқасы кездеспейді. Қазақ  көшінің сән-салтанаты, онда ұсталатын салт-дәстүр, оны ажарлай түскен қыз-келіншектердің көрік-келбеті ешбір эпостық туындыда дәл осындай бейнеленген емес.

…Көш алдына қараса,

Бір қыз кетіп барады.

Жанасалай сұлудың

Қасына жетіп келеді,

Төлеген мырза көреді.

 

Көш алдында сұлудың

Он қыз нөкер қасында,

Өзі он бес жасында,

Ақ маңдайы жалтылдап,

Танадай көзі жарқылдап,

Алтын шашбау шашында.

Қырық нарға жүк арттырған,

Қымқап зерлі кілемді

Жүк үстіне жаптырған.

Қазинелі қырық нарға

Жібектен арқан тарттырған.

Әсемдіктің бәрін де

Бұ жаһаннан арттырған.

Дүрия бешпент белсеніп,

Бұ дүниені кең салып,

Алтындай қамшы қолға алып,

Әб жыландай толғанып,

Бұралып кетіп барады,

Жын соққандай теңселіп, –

деген сияқты жолдар көштің әр бөлігінің сән-салтанатын, оның көркін еселей түсетін қыздардың жанды суретін оқырманның көз алдына елестетеді. Бұл – Жүсіпбектің алдындағы көптеген жыршылардан ерекшелейтін өзіндік «мені», айқындап тұратын айырықша жаңалығы.

Бұдан бөлек «Мұңльқ-Зарлық», «Алпамыс батыр»», «Кенехан hәм Наурызбай» т.б. дастандар мен «Бiржан мен Сара» айтысы да Жүсіпбектің  отыздан астам кітаптарының қатарында тұр деген ақпарат бар. Қазақ еліндегі баспа ісінің басында осы кісі тұрды деуге болады ма? Бұл кезеңде қазақтың қандай шығармалары баспа көріп елге тарап жатты?

 – Иә. Ж.Шайхисламұлы ХІХ ғасырдың 70 жылдарынан бастап Қазан, Уфа, Ташкен баспаханаларында қазақ фольклоры мен ауыз әдебиеті үлгілерін, Шығыс сюжетіндегі қисса-дастандарды бастырып шығаруды қолға алған алғашқы қазақ зиялыларының бірі болды. Қазақ кітаптарының тарихына көз жіберсек, «Қыз Жібек» (1900, 1903,1905, 1909, 1910,1911) алты рет, «Айман–Шолпан» (1891,1901, 1910, 1913, 1916) бес мәрте, өзге де «Алпамыс батыр», «Кенесары–Наурызбай», «Наурызбай–Ханшайым» секілді қазақтың төл жыр-дастандары мен «Біржан мен Сара», өзінің Уәзипа қызбен айтысы  әлденеше қайта бастырылып отырғанын көреміз.

Сондай-ақ «Жүсіп–Зылиха», «Мұңлық–Зарлық», «Қисса Зейне Зайуб», «Қисса Гүлшаһра», «Хикаят Сәлімжан», «Қасым–Жомарт» т.б.  шығыстық желіге құрылған дастандардың жарыққа шығуына мұрындық болған да – осы Жүсіпбек. Мұнан өзге «Пайғамбардың миғражға барғаны», «Мұхаммед Расул Алланың дәрул пәниден дәрул бақиға рихлат еткен мәселесі», «Қисса ғазіреті Оспан Разы Алла Анһудың қонаққа шақырғаны», «Қисса ғазіреті Әлидің Сараң байды жолға салғаны», «Кербаланың шөлі», «Қисса Зарқұм», «Дәриға қыз», «Қисса-и Гүлжәмилә қыздың хикаясы», «Қисса Бәрсиса» т.б. ондаған діни дастандарды жырлап, халқының рухани игілігіне айналдырды. Бұл туралы М.О.Әуезов: «Из бесспорно ему принадлежащих произведений мы знаем целую серию религиозно-героических поэм, изданных в Казани и во множестве экземпляров, распространенных в свое время в степи»,– дей келіп, олардың түпкі идеясы ислам дінінің негіздерін насихаттайтынын атап өтеді. Дегенмен, Кеңес өкіметі атеистік идеологияының бет пердесін терең ұғынған ғалым сөз аяғын былайша қортындылайды: “…этот материал, бесспорно требует  оценки и анализа как с точки зрения распространения его на казахской почве, так и со стороны достоинств и недостатков. Но последние вопросы не входят в круг поставленных нами задач, поэтому воздерживаясь от каких бы то ни было суждений на этот счет приведем только факты, которые  по свидетельству самого Жусупбека способствовали ему заняться именно этими, не другими темами. Жусупбек – первый казахский поэт, при жизни издававший в виде отдельных сборников или брошюр все свои произведения» (Жоғарыда көрсетілген басылым – Т.Ә.).

Шындығында, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қазақ халық әдебиетіне қызығушылық танытып, ел арасынан жинап, баспаға дайындап, оларды жарыққа шығаруға қолқабыс еткен қазақ-татар зиялылары аз болмады. Олардың арасынан К.Шахмарданұлы, А.Сабалұлы, М.Тыныштықұлы, М.Жұмашұлы, М.Сабыржанұлы, А.Үлімжіұлы,  Ш.Шаһхәкімұлы, Б.Бижігітұлы, Р.Айтқожин, И.Қонайұлы, Ә. Жүсіпұлы т.б. ақын-жыршылардың кітап бастыру ісіндегі  алғашқы еңбектерін атап өткен жөн. Кітаптанушы Ж.Шалғынбайдың зерттеулерінде 1807-1917 жылдар аралығында әдеби мұраларды қамтыған 774 жинақ  (тиражы – шамамен 2 млн. 300 мың), оның 578 кітабы фольклорлық шығармаларға арналған.

Ж.Шайхисламұлын қазақтың алғашқы кітап бастырушысы деу қисынсыздау болар. Себебі «Қисса-и Сейфулмүлік»  1807 жылы Қазан гимназиясының баспаханасынан тұңғыш басылым көргенде Жүсіпбек дүниеге келмеген де еді. Бұдан кейінгі жылдары «Ығлан-наме» (1831), «Қисса-и Сейфулмүлік» (2-басылымы. 1840), «Сүлеймен Бақырғани» (1846, 1848), «Хикаят Хаким ата» (1846),   «Бабыр-нәме» (1857), «Ер Тарғын» (1862, 1871, 1876) сияқты әдеби, фольклорлық мұралар алғашқылардың қатарында татар зиялыларының, Н.И.Ильминскийдің көмегімен баспа жүзін көрген. Ал қазақ кітаптарының тарихынан Жүсіпбек құрастырған «Қисса-и Зарқұм» дастанының 1877 жылдың 30 маусымында Қазан университетінің баспаханасынан Тобан Құрса аулының тұрғыны Шамсуддин Хұсейнұғлының қаражатымен жарияланым көргенін көруге болады. Ол алғашқы кітабын 20 жасында жарыққа шығарған болса, онда шығыс сюжеттерін назиралық жолмен жырлау, халық мұраларын жинау, баспаға дайындау жұмыстарымен тым жастау кезінен бастап айналысқаны байқалады. Жалпы, кеңес кезеңіне дейінгі кітаптардың тарихына шолу жасағанда, жинақтардың саны жағынан да, қайта бастыруда да, таралымының мөлшері тұрғысында да Жүсіпбектен асқан кітап бастырушыны анықтай алмаймыз. Сондықтан ұлты қазақ кітап бастырушыларының бастауларында Ж.Шайхисламұлы тұрады деуге толық негіз бар. Ал «Қисса-и Сейфулмүлік»  дастаны мен 1900 жылы Тройцкде басылған Мұхамеджан Сералинның «Топжарған» жинағының арасында 165 қазақ кітабы жарық көрген. Олардың арасында «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Біржан мен Сараны айтысы» сияқты ұлттық руханияттың інжу-маржандары бар.

 Жарық көрген кітаптардың Жүсіпбек қолынан шыққанын дәлелдейтін  айырықша белгісі, қолтаңбасы  бар ма?

 – Біріншіден, ол кездерде «автор», құрастырушы», «жауапты шығарушы», «жауапты редактор» т.б. ұғымдар, тиісінше оларға қатысты қызметтер болмаған. Әр кітаптың титулдық беттерінде шығарманың атауы, тілі, баспасы, баспаханасы, жылы, беті, таралымы, қаржыландырушысы (демеушісі), жазушысы көрсетіліп отырған. Ал «жазушы» деген ұғымның «жинаушы», «жазып алушы», «өңдеуші», «жырлаушы», «баспаға дайындаушы», «басылуын үйлестіруші» т.б. мәндері болса керек. Себебі әр шығарма баспаға жеткенше осы үдерістен өтуге тиісті. Сондықтан жазушыны – автор деп санамаған жөн.

Екіншіден, жинаушының, жыршының, құрастырушының қолтаңбасы шығарманың кіріспесі мен аяқтамасында айқын аңғарылады. Дәл осындай үрдіс Жүсібек бастырған кітаптардың көбінде орын алған. Мәселен, «Қыз Жібектің» кіріспесінде: «Басында менен жайылды, Қисса болып бұл Жібек» десе, «Айман-Шолпанның» аяқтамасында:

Нұсқаны әр жақсыдан алған едім,

Білген сөзім қағазға салған едім.

Пайғамбардың әулеті, нәсілім – қожа,

Шаһиттерден жұрағат қалған едім, –

деп, бұл жырды әркімнен естіп, өзі бір жүйеге келтіріп қағазға түсіргенінен, нәсілінің қожа екендігінен хабардар етеді. Бұл – біз жоғарыда келтірген пікіріміздің айғақты дәлелі.

  • ХІХ ғасырда діни дастандардың осыншама көп таралуының себебі неде екен? Осы эпостарға қысқаша талдау жасап берсеңіз.

 Баршаға мәлім, ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде Қазақстанда Ислам дінінің насихаты кең өрістеді. Оған, біріншіден, христиан миссионерлерінің қазақтарды шоқындыруға бағытталған әрекеттері себеп болды. Соған жауап ретінде Қазақстанға Ислам әдебиеті үсті-үстіне жеткізілді, татар һәм ортаазиялық молдалар да өз ықпалын күшейтпекке барын салды. Әсіресе қисса, дастандарды мұсылман тақырыбына ойыстыруға көп күш жұмсады. Соның салдарынан Ресей империясының қазақтар арасында Ислам дінін терең насихаттау арқылы отаршылдықты бекемдеуге тырысқан амал-әдістері толық іске аспай қалды. Енді олар миссионерлік жолмен бұратана халықты шоқындырып, христиан дініне бойұсындыру арқылы ділінен, тілінен, салт-дәстүрінен ажыратып, тұтас ұлт ретінде тарих сахнасынан ығыстыру мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізе бастады. Бұл ретте, ең алдымен, мемлекет тарапынан мол қаржы бөлініп, христиан дінін дәріптейтін әдебиеттер қазақ тіліне аударылды және олар көбіне кирилл әліпбиінде басылым көріп отырды. Қазақ даласында миссионерлік саясаты іске асырушы мамандар дайындау үшін таңдаулы шығыстанушылар, шоқынды түрік халықтарының өкілдері жұмылдырылды. Осы бағытта орыс-түзем мектептері, мұғалімдер семинариясы көптеп ашылып, жергілікті халық ғасырлар бойы пайдаланып келген араб жазуы кирилл әліпбиіне ауыстырыла бастады. Аралас мектептерге арналған оқулықтар, сөздіктер, тілашарлар мен хрестоматиялар миссионерлік бағытта жазылды және мақсатты түрде оқытылды. Мұсылман елдерімен, әсіресе бауырлас татар зиялыларымен рухани байланыс үзіліп, Қазақстандағы Дін басқару жүйесі әкімшілік құрылымдары арқылы басқарылды. Қажы сапарлары, мешіт, медресе ашу, жергілікті имамдарды тағайындау мәселелері отаршылдар тарапынан шешілді.

Алайда Ресей империясы діттеген мақсатына тағы да жете алмады. Оның бірнеше себептері бар еді. Біріншіден, көшпелі өмір салтын ұстанған қазақтар мал жайылымына байланысты бір қоныста тұрақтамай, маусымдық жағдайда көшіп-қонып жүргендіктен, миссионерлерге олардың басын қосып, үгіт-насихат жүргізуге толық мүмкіндіктер болмады. Екіншіден, татар зиялылары, әсіресе дінбасылар бауырлас халықты шоқындыруға зор қарсылық білдіріп, түрлі әрекеттерге барды. Олар Шығыс мұсылман елдерінен шыққан діни әдебиеттердің қазақтар арасына таралуына, сондай-ақ Қазаннан шыққан кітаптардың да дер кезінде жетіп отыруына  көп күш жұмсады. Бұл басылымдар жергілікті халықтың рухани азығына айналып, зор сұранысқа ие болды. Үшіншіден,  ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде шығыс тілдеріне жетік, орысша сауатты, жеке мүддесінен ұлт мүддесін биік санаған Ш.Шайхисламұлы, Т.Сейдалин, С.Жантөрин, М.Бабажанов, Б.Дауылбаев, Ш.Шахмарданұлы, А.Сабалов, М.Тыныштықұлы, Ш.Құдайбердіұлы сияқты қазақ зиялыларының бір буыны қоғамдық іс-шараларға белсене араласа бастады. Олар татар оқығандарымен шығармашылық ынтымақтатықта  діни шығармаларды қазақ тіліне аударып, көптеген аңыздарды, хикаяттар мен әңгімелерді жыр үлгісіне түсірді. Сөйтіп, ауыздан-ауызға тараған діни қисса, дастандар сайын далада Сарыарқаның сары желіндей есіп, әр қазақтың жүрегіне нұр болып құйылды. Ислам дінінің қадір-қасиетін, Хақтың тура жолын осы әдеби жәдігерлерден біліп ұқты.

Жүсіпбек сияқты дарынды ақын-жыршылар  Исламның тарау жолдарын, оған ықпал етуші Мұхаммед пайғамбардың өмірі мен қызметін, оның серіктерінің, ұрпақтарының, сахабаларының ерлік істерін дәріптейтін аңыз, әңгімелердің негізінде ондаған жырлар тудырып, Қазан, Уфа қалаларында бастырды. Қызықты оқиғаларға толы, тілі шұрайлы және таза қазақ тілінде жарияланған бұл шығармалар сол тұста өте жоғары сұранысқа ие болды. Сондықтан да олар бірнеше мәрте қайта басылып отырған. Ол тираждар да сұранысты қанағаттандыра алмай, көбіне оқыған азаматтар, ауыл молдалары қолмен көшіріп, ел ішіне таратса, ақын-жыршылар оқыған, естіген дастандарды өзінше жырлап, жаңа нұсқаларын дүниеге келтіріп отырды.

Ақын өмір туралы айтқанда  қазақ жерінде туып, Іледе қалған туралы  мәлімет анық. Енді оның өткен өмірі туралы айтып берсеңіз. Қаратаудан асып, Жетісуға баруының себебі неде? Ел мұрасын жинақтаумен басқа немен айналысты? Бала оқытып, ауру қарап, шешекке қарсы ем жасаған деседі.  Қазан төңкерісі тұсында  Ілеге ауа көшуінің себебі неде?

  Жүсіпбек Шайхисламұлы қазіргі Жамбыл  облысының Сарысу ауданының аумағында дүниеге келген. Бұл тұжырымға ақынның 1896 жылы М.Чиркова мұрагерлерінің баспаханасында басылым көрген «Қисса-и Айман-Шолпан» жырының аяқтамасындағы:

«Арқада Сарысуда туған жерім,

Сартау құмда, Сары үйсін тұрған жерім.

Шәһарлы орта деседі дуанымыз,

Семирешин ескі облыс жүрген жерім»,

деген өлең жолдары айғақты дәлел болады.

Кейінгі жылдардағы зерттеулерде ақынның туған жері мен ғұмырнамалық даталарына  байланысты керағар тұжырымдар айтылып келеді. Бұл орайда Жүсіпбек туралы соңғы жылдары зерттеу жүргізген профессор С.Дәуітұлы мәліметтеріне жүгінсек, ол 1854 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданы, Қожатоғай аулында туып,  1936 жылы Шыңжаң өлкесі, Іле облысы, Аттың тауы деп аталатын жерде қайтыс болған. Сондай-ақ Н.Катанов пен М.Ғұмарова зерттеулерінде, «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы»  мен «Қазақ совет энцклопедиясында»  ғұмырнамасына байланысты 1857-1936 жылдар аралығы көрсетіліп, Жетісуда туғаны айтылса, «Қазақ ақындарының антологиясында»   С.Дәуітұлы даталары  қайталанған.

Енді Шыңжаң өлкесінде басылған «Үш жүзік» жинағындағы деректерге сүйенсек: «Ол Әулие ата маңында туған. Кейін қазіргі Іле қазақ автономиялы облысының Текес ауданына қоныс аударып келіп, сонда мекендеген. Марқұмның мүрдесі қазіргі Іле Қазақ облысына қарасты Текес ауданы, Шиліөзек аулының оңтүстік жағындағы жатағандау төбенің басында тұр. Зираттың басына …тас қойылып, оған араб әрпімен “Қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, бастырып таратушы, насихаттаушы әйгілі ақын Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы [1857-1937]», – деген жазу ойылған (Шайхисламұлы Жүсіпбек. Үш үзік. Үрімжі: Шыңжаң халық баспасы, 1993).

Бұл мәліметке қарағанда, ақын аруағын сыйлап, құлпы тас қойған ұрпақтарының, туған туыстары мен ауылдастарының шындықтан ауытқи қоймағаны анық. Сондықтан ендігі жерде әдебиет тарихын зерттеушілерге соңғы дерекке тоқталған орынды сияқты.

Жүсіпбек алғашында ауыл молдасынан сауаттанып, кейін Әулиеата медресесінде білімін толықтырады. Осы білім ошағында араб, парсы тілдерін меңгеріп, шағатай жазуына машықтанады. Оқудан кейін дін қызметіне қызықпай, ақындық, серілік жолға түсіп, қазақтың сайын даласын шарлауға бел буады. Сыр сүлейлері, Сарыарқа мен Жетісудың әйгілі ақын-жыршыларымен жүздесіп, халықтың рухани мұраларын жиыстырумен шұғылданады. Шығыстың классикалық әдебиетін оқып  үйреніп, Фердауси, Хафиз, Низами, Жәми, Физули, Науаи жырларымен жете танысады.

Ж.Шайхисламұлы Жетісуға есейген, жігіт шағында қоныс аударады. Бұл деректі «Қыз Жібек» жырының алғашқы басылымында ақынның өзі келтіріп өтеді:

«Үйсінге алғаш келгенде,

Жиырма үш жасымда.

Сол кездердің уақытында,

Бар еді қайғы басымда».

Соңғы жолдардың мәнісіне қарағанда, Жүсіпбек ата жұртынан жеке басының себептермен кеткенін аңғаруға болады. Кей  зерттеуге сүйенсек, ақынның туған анасы Дулат қызы болғандықтан, нағашыларын пана тұтып келеді, өзі де осы жерде үйлі-баранды болады. Осы тұжырымды ақын Шөкей қызбен айтысында да қуаттайды:

«Шайхислам әкем аты, мен – Жүсіпбек,

Осы елді іздеп келдім нағашым деп.

Әулеті Пайғамбардың  нәсілім – қожа,

Жүруші ем жаман қызды баса көктеп.

Болмаса Бақтыбаймен қақтығысында: «Бұл елді санаушы едім нағашым деп, Жолы үлкен Ұлы жүздің баласы деп», – деп нақтылай түседі.

Жүсіпбек 1880 жылы шамасында Албан еліне, қазіргі Алматы облысы, Кеген ауданындағы Ақсай деген жерге көшіп келіп, тұрақтап қалады. Албан, бұғы (қырғыз) елдерінде бала оқытып, кітап бастырумен шұғылданады. ХХ ғасырдың  басындағы ұлт-азаттық көтерілістің кезінде шекара асуға мәжбүр  болады. Кейін қайтып оралып, сүйікті ісімен шұғылдануды жалғастырады. Дегенмен, отызыншы жылдардағы қожа, молдаларға қарсы саясат Жүсіпбекті Қытай жеріне қайта кетуге мәжбүр етеді. Жат өлкеде де сол кездегі рухани-әлеуметтік дағдарыстың құрбаны болған босқын елдің жанынан табылды. Ауған жұртты жайлаған жеті жұттың бірі – жұқпалы дертке қарсы ем егеді (Біз 1998 жылы «Тарих және ұлттар татулығы жылына» орай Ұлттық Ғылым академиясы тарапынан ұйымдастырылған фольклорлық-этнографиялық экспедиция барысында Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған бекетінің тұрғыны 77 жастағы Бәукей Әубәкірұлының білегінен шешекке қарсы Жүсіпбек қожа еккен емнің орнын көріп, таңданбасқа шарамыз қалмаған еді – Т.Ә.).

Шет жерде жүрген қазақтардың ақынға деген құрметін «Үш жүзік» кітабындағы Жүсіпбектің жүзін көрген Қожаназар қарттың естелігінен айқын аңғаруға болады: «1937 жылы болса керек, қожа Текестің (Ілеге қосылатын өзен – Т.Ә.) арғы жағасын жайлайтын алжан (Албаннан тарайтын тармақ – Т.Ә.) деген елді аралап жүріп Кетпентау деген жерде қайтыс болды. Қожа қайтыс болған соң, сол елдің белді адамдары: «Қожа тұқымы бәрімізге ортақ, сүйегін бермейміз, өзіміз арулап қоямыз» деп хабар айтыпты. Сонан біздің елдегі Бораншай, Көпеш, Қасен деген адамдар араға жүріп әрең дегенде оларды иландырып, осы төбеге жерлеген еді».

zhusipbek-qozha

 

Осыдан біраз бұрын қазақ әлеуметтік желілерде аты белгілі адамдар қазақ эпосынан үзінді оқып, халықтың рухын бір көтеріп еді. Бұл дастандардың әр жолындағы қазақтың  биік рухымен бүгінгі ұпағының ұштасуымен түсіндіреміз. Алайда осындай серпіліс, эпостарды оқуға құлшыныс саябырсып қалған жоқ па? Оның отын кім маздатып отыруы тиіс деп ойлайсыз?

 Иә, есімде. Жаңылмасам, 2018 жылы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен алғаш рет «Тұлпар мініп, ту алған» деп аталған байқау ұймыдастырылып, қала мектептері оқушыларының арасында «Алпамыс батыр» жырын жақа айтқызу іс-шаралары жүргізілді. Ақпарат көздерінде, әсіресе телеарналар мен әлеуметтік желілерде жиі-жиі насихатталып, бүкіл республика шеңберінде жырдың үзінділерін жатқа айту үрдісі қолға алынған еді. Оқушы да, қарапайым еңбеккер де, зиялы қауым өкілдері мен шенеуніктер де іліп әкетіп, халық арасында шынайы рухани жаңғырудың әсері сезіле бастаған болатын. Мен де әділ қазылардың құрамында Алматы қаласының 8 ауданының мектептерін аралап, қалалық байқауға нағыз үміткерлерді іріктеуге үлесімді қостым. Жеңімпаздар мен олардың ұстаздарының сияпаты да қомақты болды. Кейін бұл байқау республикалық деңгейге көтеріліп, 2019 жылы «Қобыланды батыр» жыры тақырып болып бекітілгенін естідім. Қазылыққа шақырды, бірақ жұмысбастылықтан қатыса алмадым. Бірақ ақпарат көздеріндегі насихат жұмыстары саябырсып, тіпті, биылғы жылы айтылмайтын да болды.

Басталмай жатып өшіп қалған бұл байқауға мемлекеттік тұрғыда қолдау жасалып, қайта жандандырып, дәстүрлі үрдіске айналдыру керек деп ойлаймын. Ұлттық эпосқа тек қазақ оқушылары ғана емес, еліміздегі өзге этностардың өкілдерінің ерекше қызығушылығы бар екендігін мен өз көзіммен көрдім. Кейбір оқушылар 4000 жолдық жырды толық болмаса да жартылай жаттап, қазақтың ұлттық киімінде, домбыраға сүйеніп айтқанда жүрегім ерекше сезімде болды. Білген адамға ұлттық дәстүрді, отансүйгіштікті насихаттаудың  басты тетігі осы үрдісті жалғастыру, қалыптастыру, дамыту деп есептеймін.

Ақынның Шөкей қызбен айтысы, жұмбақ айтысының классикалық үлгісі деуге болады ма?Бақтыбай Жолбарысыұлымен айтысының толық нұсқасы табылмады ма?

– Орайы келгенде оның айтыскер ақындығы жөнінде бірер сөз айта кеткен артық емес сияқты. Жүсіпбек ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, бастырумен қатар өлең, жырды жазып та, суырып салып та айтатын  дарынды ақын болғандығы белгілі. Оның тек Уәзипа (Шөкей) қызбен, Жалайыр Бақтыбай ақынмен өткен айтыстары ғана сақталып қалған. «Жүсіпбек қожа мен Шөкей қыздың айтысқаны» ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында бірнеше рет жеке кітап болып басылып, кеңес кезеңінде «Айтыс» жинақтарына енгізілді.

Шөкей қыз – Алматының шығысындағы Шілік (Шелек – Т.Ә.) өңіріндегі қаңлы руының қызы. Ол туралы басқа мәліметтер сақталмаған. Айтысты ер азаматтан бұрын бастағанына қарағанда, оқиға қыз елінде өткендігін болжауға болады. Жүсіпбектің айтуынша, «Қыздың шын аты Уәзипа екен. Сүйегі кішкене, шүйкедей болған соң «Шөкей» қойыпты. Өзі молда (оқыған) екен». Айтыс зілсіз әзіл-қалжың, қақтығыс түрінде басталғанмен, бара-бара мазмұны тереңдеп жұмбақ айтысқа ұштасып кетеді. Екі ақынның да сауаттылығы дін тарихы, қоршаған орта мен табиғат құбылыстарының сырын ашып жауаптасуында анық байқалады.

Бұл жыр сайысын жұмбақ айтыстың классикалық үлгісі демесек те, ХІХ ғасырдағы озық шығармалардың қатарына қосуға әбден болады. Себебі ХҮІІІ ғасырдағы Қабан жырау мен Таутан қыздың, кейінгі Қыз Болық пен Елентайдың, Ақдама мен Асанның, Әсет пен Рысжанның т.б. ондаған айтыстарда осы дәстүр үзілмей келгені белгілі. Жүсіпбек пен Шөкей қыз айтыстың басты ерекшелігі – қыз бен жігіт арасындағы табиғи жарасымдылық, білім жарыстырып, ой толықтыру әрі тыңдарман көпшілікке дін жолын насихаттау сияқты имандылық сипаттарында деуге негіз бар.

Ақынның тағы бір айтысы атақты Б.Жолбарысұлымен өткен. Бірақ оның қысқа ғана үзіндісі жеткендіктен, терең талдаулар жүргізуге мүмкіндік аз. Сөз саптауларына қарағанда, екі ақын бұрын кездеспеген сияқты. Бірақ Жетісу ақындары болғандықтан, бір-бірінің шығармашылығы туралы сырттай білгені анық. Жүсіпбектің халық әдебиеті мұраларын жиыстырып, кітап шығарып жүргенінен хабардар қарт ақын өзінің сауатсыздығына өкініш білдіреді. Бақтыбайдың: «Мен-дағы қуанамын көргеніме, Бұл жаққа дәм айдап келгеніңе»,дегеніне қарағанда,  Жүсіпбекті Қаратал бойындағы Жалайыр елінде кездестіргені байқалады. Айтыс соңында жас жағынан да, ақындық жолда да аға буын өкілі есептелетін адуынды Бақтыбай Жүсіпбекке батасын береді. Айтыс ХІХ ғасырдың соңына таман өткендігін шамалауға болады.

Ақынның жырларынан басқа қысқа өлеңдері, көңіл айту, жоқтау тағысын тағы тұрмыс тірлікке қатысты шығарылған жырлары бар.  Сонымен бірге ақынның артында қалған мысал өлеңдерінің мазмұнына, көркемдік деңгейіне тоқталып өтсеңіз.

 – Дұрыс айтасыз. Еліміздің сирек қорларында, жекелеген адамдардың қолында ақынның аздаған жоқтау, дауыс, көңіл айту өлеңдері сақталған. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Жүсіпбек де Жетісуда өткен көптеген танымал адамдарға жоқтау жазған. Солардың ішінен толық сақталып қалғаны «Жүсіпбектің Ықсан ақынға айтқан көңілі» аталады. Әдеби мұраларды жинаушы Е.Құлсариевтің айтуынша: «1901 жылы Ұлы жүз, Дулат ішінде шымыр, одан тараған күнту деген елде Назар деген бай болыпты. Назардың Ықсан деген баласы 23 жасында өлген екен. Соған халыққа аты машһүр Шайхисламұлы Жүсіпбек қожаның айтқан көңілі болса керек  (Орталық      ғылыми кітапхананың сирек қоры. 256-бума.). Жоқтаудың «Ықсан ақынға…» деп аталуынан ол елге танымал ақын, жұртына аяулы жан  болғанын аңғаруға болады. Жүсіпбектің алыстан ат арытып келіп, арнайы көңіл айтуы да – соның дәлелі.

– …Не қыласың, мінеки,

Тағдырдың келді кезіне.

Жаратқан алды иесі

Керек болып өзіне.

Қанбай қалды құлағың

Сөйлеп бір кеткен сөзіне, –

деп, ауыр қайғыдан қабырғасы қайысқан Назар байға аталы сөздермен басу айтып, ұзақ жыр жолдарын аяқтайды.

Жалпы, Жетісу өңірінде жоқтау ХХ ғасырдың өзінде  кеңінен таралған және Қытай қазақтарында бүгін де өзің маңызын жоғалта қойған жоқ. Бұл жөнінде ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарының өзінде терең ұғынған М.Әуезов: «Джетысуйские «жоқтау» оригинальны тем, что они, относясь всегда к группе малых форм, раньше были характерны, в числе всех прочих свойств, еще и типичным малым размером, причем посвящены были исключительно оплакиванию умершего”, деп жазады (Жоғарыда көрсетілген басылым. – Т.Ә.).

Ж.Шайхисламұлының бізге жеткен бір топ өлеңдерінің мазмұны ғибрат, өнегеге толы. Атап айтқанда, марқұм ақын Қ.Толыбаев жеткізген «Адамзат дүние қуып қартаяды», «Біреумен уағда етсең, серттен қайтпа», «Көңілдің айтпай кірі ашыла ма»…», «Отырмын бір орында құр мұңайып», «Жетпіс бес» т.б. өлеңдері мен толғаулары оқырмандарды адалдыққа, адамгершілікке, имандылыққа үндейді. «Өнерпаз қара жерге салар қайық» аталған өлеңінде :

Қанеки, дүние жиып айдағандар,

Сары қазы, сары май шайнағандар.

Салқын үй, сапырулы қымыз күнде

Жинап ап жасау-жабдық жинағандар?

 

Әнеки, бәрін дүние жалмады ғой,

Адамы бұрынғының қалмады ғой.

Ескі көз, ата-ананың бәрі кетті,

Ғибрат бұдан жастар алмады ғой.

 

Ешкімге жолдас болмас, дүние шолақ,

Әркімнен соққан желдей өтер әлі-ақ.

Кетпестей дүниені жия берме,

Тағат қыл, бекер босқа жүрмей саяқ, –

деп, байлығына мас болған  көрсоқыр, пасық адамдарға қарап қатты торығады. Осы сарындас  «Тіршілік», «Жақабай, өзің жақсы молда екенсің», «Өмір–ғұмыр», «Дүние маған жолдас деп», «Еліне шопан құт болар», «Ойнайды қонысында бұғы-бұлан» сияқты біршама шығармалары ғылыми қорларда сақталған.

Жүсіпбек бір қатар жыр, туындыларын тәрбиелік мәні зор мысал жанрында жазған. Олардың қатарында «Бөрібасар» дастаны мен «Көк бұзау», «Сұрмерген» секілді өлеңдерін атаған жөн. Бұл туындыларында ақын хайуанаттар бейнесі арқылы адамдарды  кішіпейілдікке, ел ішін береке-бірлік пен ынтымаққа шақырады. Мәселен, «Көк бұзау» өлеңінде жас бұзау үлкейген сайын маңындағы сиырларды менсінбей жылқыға қосылып кетеді. Өгіз дәрежесіне жеткенде жылқыға тиген қасқырды көрсе жер тарпып өкіріп, жолатпайтын болады. Әбден ызаланған қасқырлар бір күні бәрі жабылып көк өгізді бас салады. Өгіздің қатты өкіруінен жылқы үркіп кетіп, жалғыз өзі көп қасқырдың талауында қалады. Оның жан дауысын естіген тоғайдағы сиырлар келіп, ажалдан арашалап қалады. Сонда көк өгізге бір сиыр былай депті:

– Шырағым, ер жеттің де өгіз болдың,

Мас болып қайратыңа семіз болдың.

Бірі жоқ жолдасыңның қасыңызда,

Енді ойлашы, біздердің неміз болдың?

 

Көк өгіз мұны естіп тәубе еткен,

Екенін қата қылған сонда білген.

Өз табынынан жақсылық көргеннен соң,

Мұнан былай сиырмен бірге жүрген.

Ақын өмірде өз орнын таппай жүрген жандарды өгіз бейнесі арқылы кейіптеп, «У ішсең – руыңмен» деген халық мәтелін еске салады.  Осы аз ғана өлеңдермен танысқан оқырман Жүсіпбектің мысал жанрын жазудағы өзіндік қолтаңбасын байқамауы мүмкін емес. Сондықтан Жүсіпбектің мысал өлеңдері ХХ ғасырдың бас кезінде мысал тақырыбында қалам тартқан А.Байтұрсынов, С.Дөнентаев, С.Көбеев т.б. қаламгерлер сапында зерттелуге тиісті деп ойлаймыз.

Қазан баспасымен тығыз жұмыс істеп жүріп, баспа бетін көрмей қалған еңбектері  мұрағаттарда қалуы мүмкін ғой. Оның қолжазбаларын іздеушілер бар ма? Жалпы бұл жұмыспен кімдер және  әдебиеттің қандай  саласы айналысуы тиіс деп ойлайсыз? Әлде бұл мұра өз міндетін атқарып болды, енді егемен елімізде оған аса қажеттілік жоқ па?

 – Орынды сауал. Жүсіпбек дәстүрлі ауыз әдебиетінің өкілі болғанымен, төл туындыларының көбін жазып шығарғандығын жоғарыда келтірген өлең толғауларынан айқын аңғарылады. Оқыған, бірнеше тілді меңгерген адамның жеке кітапханасы мен қолжазба мұрасының болмауы мүмкін емес. Болса, отызыншы жылдары кеңестік идеологияның, немесе Қытайдағы «Мәдени төңкерістің салдарынан тәркіленді ме, жоқ, Шыңжаңдағы ұрпақтарының қолында ма? Ол жағы әзірше беймәлім. Ал Қазан төңкерісіне дейінгі жыр-мұраларының 30-ға жуығы басылым көрді. Дегенмен, сол кезеңдегі цензураның елегінен өтпей, түрлі баспаларда жатып қалған шығармалары да болған шығар деп ойлаймыз. Себебі баспаларға түскен қолжазбалардың басылуы түркітанушы-цензорлардың  қатал жазба сараптамаларының негізінде Сакт-Петербургте бекітілген. Рұқсат берілмегендері алынып тасталған. Осы сияқты мұраларды  іздестіру жұмыстары кейінгі жылдары қолға алына бастады. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары  қазақ кітаптары басылған Қазан, Уфа, Сакт-Петербург, Ташкент т.б. қалаларға ғылми іс-сапарлармен барып, зерттеулер жүргізу үстінде. Қазір де грантық жобалар жасалып, кешенді түрде, ұлттық құндылықтар ретінде іздестірудің жоспары жасалып жатыр. Бұл ретте Жүсіпбектің мұрасы да назардан сырт қалмайтыны анық.

Бір кездері әлеуметтік желілерде қазақ  ауыз әдебиетін жазба әдебиетімен ұштастырып артында мол мұра қалған Жүсіпбек  Шайхисламұлы  атына  кір түсіретін әңгімелер айтылды. Бұны да қозғап өтелік. Оның себебі?

 – Әрине, қысқаша тоқталып кетуге болады. Кеңестік кезеңде  Ж.Шайхисламұлы өмірі мен шығармашылығы біржақты зертеліп, еңбектерін насихаттау жұмыстары жүргізілмей келді. Оның да өзіндік себептері аз емес. Біріншіден, ол қожа тұқымы болғандықтан «дін – апиын» принципін ұстанған Кеңес идеологиясы Иcлам іліміне жетік азаматтармен ымырасыз күрес жүргізді. Екіншіден, Жүсіпбек отызыншы жылдардағы жасанды науқанның зардабынан Қытайға ауып, өмірінің соңғы жылдарын жат өлкеде өткізді. Сонда  дүние салып, сүйегі де, ұрпақтары да шет жерде қалғандықтан, туған жерде сақталған мұраларын іздеуші болмады. 60-70 жылдардағы кеңес-қытай елдерінің арасындағы саяси салқындық та  өз әсерін тигізбей қалмады. Ақынның туған халқына істеген қыруар еңбегі түгіл, есімі де ескерілмеді. Айтыла қалғанның өзінде қазақ кітаптарының тарихын, немесе жыр, дастандарды зерттеу барысында кітап бастырушы, немесе жыршы ретінде ғана назарға алынды. Ол жырлаған діни дастандар туралы сөз қозғаудың мүмкіндігі болмады. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бергі жарияланған кей зерттеулерде, тіпті кейінгі кездерде баспасөз беттерінде Жүсіпбеккке «ұры» деген айдар тағылып, шығармашылығына қатысты жат пікірлер көрініс беріп жүргені өкінішті.

Меніңше, ол кездері фольклорлық мұраларды жеткізушілер шығарушы (туындыгер, автор) мен жыршыны бір ұғым деп түсінген. Оған көптеген дәлелді айғақтар келтіруге болады. Мәселен, «Қыз Жібектің» 1894 жылығы басылымын жариялаған, белгісіз жырлаушы: «…Мұны мен өзім ноғай болсам да, достым Ахметкерімге арнап қазақша жаздым», – десе, 1900 жылғы басылымды шығарушы Жүсіпбек: “Мен – қожа Жүсіпбек,  басында «Қыз Жібек» хикаясын жұртқа өзім шығарып жайып едім. Оны басқа адамдар сөзін бұзып қойған екен, көріп қайтадан түзетіп жаздым, оқығандарға міліл келмесін деп”, – дейді, ал белгілі ақын, жыршы, халық әдебиеті үлгілерін жинаушы Е.Ахметовтің нұсқасында: «Кім жазды бұл қиссаны деп ойласаң, Ахметтің Ержаны деген адам», – деген жолдар кездеседі.

Біздің әдебиеттануға текстология ғылымы кенжелеп келіп, әлі де қалыптаса алмағандықтан, мәтінтану жұмыстары жүйелі жүргізілмеді. Әсіресе, бұл ауыз әдебиетінде ерекше орын алып, көптеген ақын-жыраулардың шығармалары ешбір зерттеусіз басылым көріп келеді. Сондықтан  кейінгі жылдары дау туып, баспасөз беттерінде бірін бірі ғайбаттауға дейін барып жүрген, ғылыми дәлелсіз материалдар жарияланып жүр. Бүкіл ғұмырын халық руханиятына арнап, сол тұстағы қазақ қоғамының әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан Жүсіпбектің баспа жүзін көрген мұраларының түпнұсқасын оқымай-ақ теріс пікірлер пілдіріп жүрген қаламгерлерге дау айтудың өзі артық сияқты. Ғылыми негізсіз жазылған дүниелерге бола бет жыртысу әдептілікке жатпайтыны анық. Жоқтан бар жасағанша, ондаған жылдар шаң басып әдеби қорларда жатқан бар дүниелерімізді жарыққа шығарып, келешек ұрпақтардың игілігіне жаратудың қамын ойлау керек сияқты.

Осыншама артында мол мұра қалдырып, бір өзі қазақтың асыл мұрасын сақтап қалған, оны насихаттап елдің көзін ашқан, халықтың діни қамалын бекіткен  Жүсіпбек есімі ескерусіз қалуға лайық деп ойлайсыз ба?

 – Жалғыз Жүсіпбек қана емес, ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген ондаған ақын жыраулардың шығармалары әлі де жария болмағандықтан, зерттеу нысанына алынбай, сирек қорлардың сөресінде жатып қалды. Қазір біздің ғалымдар шама-шарқынша осынау мол мұраны игерудің  жолдарын іздестіру үстінде. Бұл бір күнде, жылда атқарыла қоятын шаруа емес. Ол ретімен, өзінің кезегімен істеле береді деп есептейміз. Ал Ж.Шайхисламұлы әдеби мұраларына келер болсақ, соңғы ширек ғасырдың шеңберінде жырларының дені қайта басылым көрді. Шығармашылығына қатысты Қазақстанда да, Қытай қазақтарының арасында да ірілі-ұсақты зерттеулер, дипломдық жұмыстар жазылды. Халық мұрасын жинаушы, жариялаушы, шежіреші Сейіт-Омар Саттарұлы ақсақал Қытайға арнайы барып, ақынның 1000 беттен астам қолжазба шығармаларын елге алып келді. Сондықтан Жүсіпбектің еңбегін жан-жақты игеруге, іргелі    түрде зерттеудің кезегі енді келді друге болады.

Бұл ретте ең алдымен, оның қазақ кітап бастырушыларының көшбасшысы ретіндегі ұшан-теңіз еңбегін, яғни баспагерлік қызметін арнайы зерттеген жөн. Біздің білуімізше, Орталық ғылыми кітапханада төңкеріске дейін ол шығарған кітаптар және олардың қайта басылымдары жақсы күйде сақталған. Сондай-ақ Жүсіпбектің баспадан шыққпай қалған материалдары, баспагерлігіне, жеке басына байланысты көптеген деректерді Қазан кітапханаларынан, татарлардың библиограф ғалымдарының зерттеулерінен іздестіру керек. Себебі ол ХІХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін татар баспагерлерімен шығармашылық бірлікте болды.

Екіншіден, Жүсіпбектің халық әдебиетін жинаушы, жүйелеуші – фольклоршы, ақындық, жыршылық, аудармашылық қырларын жеке-жеке қарастырған орынды. Іргелі зерттеулер жүргізуге оның жарық көрген төл шығармалары мен жырлаған фольклорлық үлгілер жеткілікті. Оған еліміздегі, Татарстан мен Қытайдағы әдеби қорларда сақталған мұраларын біріктірсе, нұр үстіне нұр болар еді. Ақынның араб, парсы тілдеріндегі шығармаларды аударып, жырға айналдырудағы аудармашылық қабілеті бір төбе. Әсіресе, оның шығармашылығы туралы жазылатын ғылыми еңбектерде текстологиялық зерттеулерге зор мән берілсе, жоғарыда айтылған халық мұрасына жасалған «жиендік» мәселесі өзінен өзі шешілері анық.

Үшіншіден, Ж.Шайхисламұлының Ислам ілімін насихаттаушы, емшілік қасиеттері де жеке зерттеуді қажет етеді. Мәселен, ол жарыққа шығарған дастандар, батырлық, тарихи жырлар «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының «Бабалар сөзі» жүз томдық сериясы бойынша басылым көріп, текстологиялық зерттеулер жүргізілді. «Қазыналы Оңтүстік» кітапханасының негізінде С.Саттарұлының жинақтауымен Жүсібектің мұрасының он томдығы (2012-2013), өзіңіз сұхбаттасып отырған пақырдың құрастыруымен  үш томдық «Алтын жамбы» (2015) жинағы жарық көрді. Сондықтан ақынның өмірі мен қызметі, шығармашылығын жоғарыда айтылғандай бірнеше салада зеріттеліп,  қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі орнын шынайы, ғылыми негізде анықтау бүгінгі ұрпақтың борышы болып қала беретінін  еске салғымыз келеді.

 

Ұқсас мақалалар

Бір пікір

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button