Хомейни және Ұлы ислам төңкерісі
Иранның ұлы жетекшісі Имам Хомейнидің (р.а) дүниеден өткен күніне орай Иран Ислам Республикасының ҚР Елшілігінің мәдени өкілдігінде "Имам Хомейнидің (р.а) тұлғалық ерекшеліктері және сопылық жолын талдау" ғылыми-зерттеу вебинарына даярланған баяндама
Өмірінің соңына қарай немістің ұлы жазушысы, ойшылы, қайраткері Гете:
Солтүстік, Батыс, Оңтүстік қирандының үстінде
Тақтар талқандалып, патшалықтар құлады.
Шығысқа, алысқа сапар кешкін,
Ән мен жыр, тәтті шарап өлкесіне
Патриархалдың самалымен сусындап,
Сол бір жаңа әлемде өмір кешкін! деп жазып, Батысқа Шығысты мойындатып Диванын жинағын шығарған еді.
«Север, Запад, Юг в развале,
Пали троны, царства пали.
На Восток отправься дальний
Воздух пить патриархальный,
В край вина, любви и песни, –
К новой жизни там воскресни». Орысша аудармасы
Гете «Еуропа қол жеткізген барлық жетістіктерге қарамастан біздің барша заңдарымыз Ислам мәдениеті бойынша толық емес әрі кемшін. Біз, еуропалық халықтар, отбасылық мүмкіндіктерімізге қарамастан, Мұхаммедтің с.ғ.с. соңғы сатысына жеткен баспалдағының алғашқы сатысында тұрмыз. Бұл жарыста оны ешкім жеңе алмайтынына ешқандай күмән жоқ» деп ислам құндылықтары алдында тізе бүгіп, мойындағаны еді. Иранның ұлы ақындары Фирдауиси, Саади, Хафиз өлеңдерін тамсана оқып, ислам нұры туралы жинағы жазушының мәңгі өлмес мұрасының қос шыңы болса «Батыс-Шығыс диваны» соның бірі.
Гетені біздер Абай арқылы таныдық, Абаймен бірге шығыстың есігін аштық. Ал дүниежүзілік саяси аренада ежелгі парсы еліндегі өзгерістер бізге жете қойған жоқ. Каспий теңізін жағалап отырған көрші мемлекет болса да шектеулердің шеңберінде оқшаулануы бар, одан қалды орыстың отаршыл империясының екпіні бар, көп жайттарға саяси баға бере алмауымыз, ертеден келе жатқан Қазақстанды ислам өркениетінен қағылуы да болуы мүмкін. Имам Хомейнидің бұрынғы Кеңес Одағына өзіндік көзқарасы болды. Кеңес халқын «адасқандар мен қателескендер» деп айтты.
Хомейни ислам коммунизм мен марксизм-ленинизмді және кеңестік режимнің идеологиясы болып табылатын «деспоттық» негізін қабылдай алмайды деді. Имам «барлық бостандықтан айырылған және басқа заманауи диктаторлық режимдер кезінде болғаннан да зор қысымды бастан кешірген» коммунистік идеологиядан кеңес халқының өзі ең көп зардап шегеді деп есептеді. Осыған байланысты Хомейни «Кеңес Одағының езілген халқына» әлемнің басқа «жаншылып, езілген» халықтары сияқты азаттықты Исламнан іздеуді ұсынды.
Кейіннен кеңестің соңғы хатшысы М.Горбачевқа хат жазып, құдайсыз қоғамның үлкен қауіп екенін көз жеткізгісі келіп тырысты. Ал атеистік қоғамның ақыры не болғаны көбіңізге белгілі.
Ислам қағидаттарына негізделген елдің кемелді қоғам құра алатынына көз жеткізген, әлемде исламдық үкімет идеясын жүзеге асырған Имам Хомейни тұлғасы біздер үшін әлі көмескі. Көп жылдар атеизм санамызды уланған, соңғы отыз жылда да дәстүрлі дінімізді өз тұғырына қондыра алмаған біздер әлі де ислам құндылықтарын мүдделі күштердің жанама жапсырылған әсерінен ақ-қарасын тани алмай жүрміз.
Имам Хомейниді ең алдымен қоғам дамуының капиталистік және коммунистік жолын теріске шығарып, өз жолын ислам тұжырымын ұсынған тұлға ретінде танылып, және осы идеяны жүзеге асырды. Яғни діни ұстаным мен идеяларын демократия негізімен ұштастыра келе ұлттық мүддесін барынша қорғай отырып, эволюциялық жолмен қайта дамуға қабілеттігін көрсетті. Осылайша, Иран Ислам Республикасы шығыстың да, батыстың да жолын ұстанбай, өзі жолын таңдап, негізін қалады.
Әрине, Имам Хомейни мен Ұлы Иран төңкерісі әлем тарихының ұлық оқиғасы ретінде өз орны бар. Бұл тәжірибені қоғам дамуында негізге алуға болады ма немесе жоққа шығару керек пе, не тағы басқа пікірлер ағынына әркімнің қақысы бар. Әркімнің, әр ұлттың өз таңдауы өзінде болары анық. Бір анығы, қазіргі қоғамдағы әрбір ісі мен сөзіне желеу етіп жүрген америкалық, еуропалық «демократия» үрдісі шарықтау шегіне жетіп, құрдыммен аралық шекарасы көрінбей кетті.
Нәтижесінде адамзаттың адами қалпын сақтап тұратын құндылықтар кері шегініп бара жатқанына куә болып отырмыз. Дінге, дәстүрге руханиятқа, исламға негізделген қазақы құндылығымыз да жаңа қоғамның жалауына айнала алмай отырғанын күнделікті сезініп жүрміз.
Қазіргі адамзат болашағына алаңдайтын әрбір азамат үшін таңдау уақыты келгенін түсініп, оң өзгерістерге талпынатын уақытты жетті деп ойлаймын.