«Әулие» атты тағыңда, алып та тынды-ау тағылық
Аппақ ишанды бәйбішесі Бибігүлдің жоқтауы
1933 ЖЫЛДЫҢ ЖАЗ АЙЫНДА ЖОҒАРҒЫ ШЫРШЫҚ АУДАНЫ СЕКСЕН АТА ДЕГЕН АУЫЛДА БІР ҮЙДЕ ТОП АДАМНЫҢ ОРТАСЫНДА ОТЫРҒАН АППАҚ ИШАННЫҢ БӘЙБІШЕСІ БИБІГҮЛГЕ ЕРІНІҢ ҚАРАЛЫ ХАБАРЫН ҚАНАЙ ЖЫРАУДЫҢ ЕСТІРТУІ
Ассалам-әлейкум, ағайын,
Жан-жағыма қарайын,
Бабадан қалған жол – мұра
Қартыңның қолын алайын,
Үлкен-кішің, бәріңе
Иіліп сәлем салайын.
Заманың мынау тарылған
Айырған дүние, барыңнан,
Жаңа өспірім жауқазын
Күнәдан пәк балаңнан,
Құдай қосқан қосағың
Алдыңдағы жарыңнан,
Қарақшының қолында
Ұстара жүзі қанданған,
Хақиқатқа оқ атқан
Жендетін жәбір жонданған.
Өткерген нелер ауырды
Бауырына тартқан бауырда,
Аманбысың, ағайын!
Кең далада, төріңнен,
Шаян деген жеріңнен
Самал соқса ырғалып,
Көктем сайын тұр алып
Таласқандай көгіңмен,
Жолаушыға алыстан
Құбылнамадай көрінген
Бір бәйтерек өсіпті.
Жетім менен жесірге
Пана болған бәйтерек,
Ер-жұртына сүйеніш
Дана болған бәйтерек,
Тарыққанға қол берген
Дара болған бәйтерек,
Адасқанға қол сілтер
Қара болған бәйтерек,
Жол іздеген адамға
Сала болған бәйтерек,
Ақылдан ада болғанға
Дана болған бәйтерек.
Кең далама сән болып
Шырай берген бәйтерек,
Үлкен-кіші алыстан
Сұрай келген бәйтерек,
Мінәжат қып алдына
Құлай берген бәйтерек,
Бар шапағат иесі
Құдай берген бәйтерек.
Бір замандар болғанда,
Дүбірге дүние толғанда,
Кедей, байға бөлініп
Екі жайға қонғанда,
Алыспаспен алысып,
Қарыспаспен қарысып,
Шабыспаспен шабысып,
Ақиқатты арамдап
Ей, қап-қара болған қара түн!
Әлемге жайған қанатын,
Қанатың сірә қайрылмай,
Тұяғың тұқыл майрылмай,
Жойылар ма екен қара атың?
Бар ма екен мына жалғанда
Құдырет сені алатын?
Қанатыңмен жауып таңдарды
Алып ең билер, хандарды,
Тұзақтап нелер асылды,
Бұғалықтадың небір жандарды.
Алаяқтар табысып,
Қол бастар ері қансырап
Жатқанда елі сансырап,
Алладан пәрмен келіпті –
Жапырақтары төгіле,
Қабырғасы сөгіле,
Балтаның жүзі жанқалап,
Қарақшының көзі қанталап,
Қақ айрылған бәйтерек
Ортан белден бөліне, – дей бергенде жыраудың үнырғағын беріле тыңдап отырған Бибігүл шыдай алмай:
– Арманда кеткен асылым-ай, дүниеден қайтқан екенсің-ау! – деп аңырап қоя беріпті…
Ей, қап-қара болған қара түн!
Қарғысына елдің қалатын,
Ишандай заңғар алыпты
Жөнің жоқты алатын,
Аш көзденсең пендеге
Баратын мен ғой, баратын,
Жақсылардың есігін
Жөнің жоқты қағатын,
Ағайын, туыс, бауырлар,
Артыңда қалды ауылдар,
Аңырап жоқтап қалатын.
Ей, қап-қара болған қара түн!
Суық ед қандай қара атың,
Айырып бауыр, баладан,
Ата менен анадан
Қандайсың қара жабатын.
Менде бір құдай пендесі
Аламын десе алатын,
Жақсылардың жаны бөлекті
Жұлдызы көкте жанатын,
Есімін елі ұмытпай
Шырақтай күн-түн жанатын.
Ей, қара түн сені жамылып,
Айтар сөз, ойдан жаңылып,
Асылымды жоқтаймын,
Зарлаймын, қалай тоқтаймын.
Қара ағашқа таңылып
Жетпіске келген шағыңда,
«Әулие» атты тағыңда
Алып та тынды-ау тағылық,
Әкені іздер ұл қайда,
Қорғаныш болар мұндайда?
Ағайын, туыс, бауырлар
Әулиені жоқтар күн қайда?
Үкіметтен келген асылық,
Тарыдай кеттік шашылып,
Нұрлы шақ бізге тумай ма?
Пайғамбарымыздың ұрпағы
Адамнан қалған құлдай ма?!
Құдыреті күшті жаратқан
Жақсылыққа бетті бұрғай да,
Көзжасым сонда құрғай ма?
Батыс пенен шығысты,
Теріскей мен түстікке,
Бет бұрсам байтақ ғаламға
Бәйтерегімді табам ба?
Айтыңдаршы адамдар –
Қанайға мына нанам ба?
Қанайға мына нанам ба?!.. деген екен.
жеткізген шежіреші Сейіт-Омар Саттарұлы.
Лаура-Ләйлахан Айтқожақызы, «Аппақ Ишан Ата»атты кітабынан алынды