ҰЛБИКЕ, ЖАНКЕЛ ЖӘНЕ КҮДЕРІ ҚОЖА
Барынша кең тараған, бұрыннан белгілі, алғаш орыстың әйгілі түркітанушы ғалымы, этнограф В.В. Радлов сонау 1870 жылы жариялаған, кейін белгілі ақын, этнограф әрі діндар Мәшһүр-Жүсір Көпейұлы үстінен түзетіп, қайтадан жариялаған Ұлбике, Жанкел мен Күдері айтысының шымкенттік қазақ ауыз әдебиетінің жанашыры Қысыраубек Амантаев ел аузынан жазып алған толық нұсқасы:
ҰЛБИКЕ, ЖАНКЕЛ ЖӘНЕ КҮДЕРІ ҚОЖА
(айтыстың Қысыраубек Амантаев жазып алған толық 2-нұсқасы)
Жанкел, Ұлбике, Күдері – үшеуі замандас, ХVІІІ ғасырда1 шыққан. Ұлбике Сыр бойында Көксарай, Көкөзек деген жерді жайлаған Мұсабай2 деген байдың қызы. Руы Ұлы жүз, Ошақты. Жанкел де сол маңды жайлаған, қыстап жүрген, руы – Қарақалпақ. Бұл өте кедей жігіт болған, бірақ өлеңге күшті екен. Кәзірде Жанкел көлі деген көл бар, Жанкел сонда балық аулап күн көрген кісі. Күдері Сыр бойынан, жарсуаттық қожа.
Көктем кезінде Жанкелдің де, Ұлбикенің де елдері қыстаудан жайлауға көшеді. Сонда Жанкелдің көш-жөнекей келіп, Ұлбикеге тиісіп айтқан өлеңі:
Көк қамыс құрақ-құрақ сайда болар,
Көп жылқы көк алалы байда болар.
Келіп ем Ұлбикеден сұрағалы
Кешуі Көкөзектің қайда болар?
Ұлбике:
Жүрмейсің, Жанкел кедей, аттай жарап,
Келеді әкең қақпас алдыңды орап.
Жылқың өтпей бара ма, жазған кедей,
Кешуін Көкөзектің менен сұрап?
Жанкел:
Бұлғаймын қамшым сабын қарағанға,
Көрінер айғыр сұлу жарағанда.
Шапқа түрткен байталдай шамданасың3,
Кешуін Көкөзектің сұрағанға.
Ұлбике:
Бұлғаймын ұршық сабын қарағанға,
Көрінер шашым сұлу тарағанда.
Қолыңда жетелеген қотыр тай жоқ,
Кешуді таң боп тұрмын сұрағанға.
Жанкел:
Адамның бәрі бірдей барабар ма?
Мақтаныпсың ақын деп санағанға4.
Алдағы желқайықты суға салғын,
Жұрт өтсе, Жанкел өтпей қала алар ма?
Ұлбике:
Жел қайықты көрсеттің шамаларға,
Бұл сөзің нұсқа болар балаларға5.
Желқайық жел аударып, ғарық боп кетіп6
Аузың толып қалмасын қара қанға!
Жанкел:
Мен жаяу, қыздар атты жаяуласам,
Артыңа қарамайсың аяуласам.
Аударып желқайықты жаным жоқ па,
Мініп ап ортасынан таяуласам.
Ұлбике:
Жоқшылық кәрілікпен жолдас екен,
Оған жолдас болғандар оңбас екен.
Айтысып бұ кедеймен кім тұрады,
Жүрмесек көшті тартып болмас екен.
Жанкел:
Жігітшілік жайыңа қоймас екен,
Сөзіңе жұрт, Ұлбике, тоймас екен.
Келіп ем Күдерімен мен сырласып7,
Ұлбике Күдерімен ойнас8 екен.
Ұлбике:
Салады қойшы қойын Алқа қаққа9,
Құдай сүйген мінеді алтын таққа.
Бір итті итаяқтан тойыпты деп,
Келіп пе ең итаяқтан жаламаққа?
Жанкел:
Құйрығы бозшолақтың бөденедей,
Өлгенді опат дейді кенегедей10.
Ұлбике, итаяқты дайындай бер,
Тіліңді шешендетіп сермелемей!
Осы кезде Жанкелдің көші кеп қалады. Көш тұрпаты11 өте кедей, нашар тұрмыс екенін елестетеді.
Ұлбике:
Көшіңді көрдім, Жанкел, мәздемдердей12,
Шайлаңыз тесік-тесік қазған көрдей.
Тарығар бала-шағаң сусын таппай,
Қондырған мәздеміңді, Жанкел кедей.
Жанкел:
Жігіттер, мал адамның тегі екен,
Ұрса – таяқ, сөйлесе – сөзі екен.
Аузыңмен құс тістесең дәнеме жоқ,
Барға – бал, жоққа қапа дүние екен.
Әлқисса, екі ауыл екі жерге қоныпты. Бірде Жанкел жер айдайын деп ала өгізін айдап келе жатса, Ұлбике тезек терген кісі боп иініне қап салып, оның жүретін жолында жүр екен. Екеуі жолығып, Жанкел:
– Е, Ұлбике! Сен Ұлбике болдың, мен Жанкел кедей болдым, бірақ заманаңда барабар шешен болдым. Айтысқан жерде бетіме кедейлікті салық қылдың. Осымен кетеміз бе? Болмаса мені де ескересің бе? Бұл жігітшілік кісінің басында қашағы тұрады? Өлетін жанға, өтетін дүниеге бір құмар басты болайық та, – дейді.
Ұлбике:
– Қап, Жанкел-ай, қоймадың ғой, бүгін кешке келші, күтіп алайын! – деп уәде береді.
Ұлбике ауылына келіп бозбалаларға айтады «Бүгін Жанкел менің қойныма келеді. Ұстап ап қуып сабап жіберіңдер!» деп.
Уәдесімен Жанкел сол күні түнде барады. Аңдып жүрген бозбалалар ұстап алып, қапаш-құпаш ұрып жүргенде ауылдың қариялары оянып, не болып жатқанын көріп «Қой, мұны ұрғанда не шығады? Одан да Ұлбикені оятыңдар, екеуі біраз айтыссын. Одан басқа қызығы бар ма?» деп екеуін айтыстырады.
Ұлбике:
Сен кімге, Жанкел кедей, жағып жүрсің,
Өрістен қой-малыңды бағып жүрсің.
Ордаңдап оқпақ құстай сүйкімсіз боп,
Қаңғырып қараңғыда неғып жүрсің?
Жанкел:
Ұлбике, қуанамын келгеніңе,13
Сен едің қалағаным, гүлдерім де.
Қолыңа қаршығадай қондырсаңшы,
Ордаңдап оқпақ құстай жүргенімде.
Ұлбике:
Жанкел-ау, ниетіңді арам қылма,
Қадірсіз қайың тең бе тораңғылға?
Ит талаған қасқырдай арсыз кедей,
Қаңғырып жүре берме қараңғыда.
Жанкел:
Қазаққа аты шыққан мәшһүріңмін,
Мен болдым саған ғашық жас күнімнен.
Көгенде сен бір жатқан балғын14 қозы,
Аңдыған қараңғыда қасқырыңмын.
Ұлбике:
Жанкел, сен, қасқыр болсаң қабысарсың,
Қоймастан қозы көрсең, жабысарсың.
Ел келсе, сендей қасқыр ебін таппай,
Далада тасбақа жеп қарысарсың.
Жанкел:
Жортамын көк бөрідей түн өткізбей,
Жақындат, көңілің болса тілеткізбей.
Құшақтап қу тіземді жата алмаймын,
Барасың құмарыма бір жеткізбей.
Ұлбике:
Қаңқылдап қара қарға жыл шықпаған,
Қу кедей, қай ісің бар қырсықпаған.
Жаныңда жасауылың бар ма, кедей,
Жаныңды жазы-қысы тыншытпаған.
Жанкел:
Ұры едім төмендегі жасауылға,
Шығайын деп кеп едім осы ауылға.
Жағамды жасауылдан бір босатсаң,
Жүрер ем ұмытпастан ден сауымда.
Ұлбике:
Сен15 Жанкел, қай ісіңмен теңгелгенсің?
Түрткен соң жасауылың, жөнелгенсің.
Жігіттік қай адамның басында жоқ,
Ұятсыз шылый өзің өлерменсің.
Жанкел:
Ойы жоқ оттап қайтар өлерменнің,
Түртпесе жасауылым келер ме едім?
«Ауылы жақын ас ішер» деген кәне?
Көзімнің бір көрмедің мөліргенін16.
Ұлбике:
Бар ма екен, Жанкел сендей, жазған адам,
Ақылы тек жатсайшы азған17 адам.
Қуалап кедей сорың келтірген ғой,
Қамшы жеп қараңғыда бозбаладан.
Жанкел:
Ұлбике, сізге керек бізде бар-ды,
Бізге керек жұмыстар сізде бар-ды,
Салт екен Адам-ата бабамыздан,
Қыз десе жігіт халқы іздеп алды.
Ұлбике:
Жасауылға жазықты болдың бәндә,
Түрткен соң жасауылың келгің келді.
Адамдыққа сыны жоқ, арсыз кедей,
Пайғамбар Адам-ата болғың келді.
Жанкел:
Хан да асық, қара да асық бір басыма,
Жөні жоқ қарамаймын ұрғашыға.
Бай болсаң, байтал майын бермес пе едің,18
Сөзіңнің пайдасы жоқ, мырзасынба!
Ұлбике:
Жанкел-ау іздегенің байтал ма еді?
Құмарың байтал мінсе тарқар ма еді?
Жуасырақ байталға жармаспасаң,
Біздің байтал тебеген, тарпаң еді.
Жанкел:
Ұлбике, іздегенім тарпаң еді,
Құмарым сонан өлсем тарқар еді.
Тарпаңның шоқтығына қолы жетсе,
Кеудесін Жанкел бейбақ артар еді.
Ұлбике:
Қу кедей, өлең айтсаң, қасқарасың,
Қамысты қара өлеңмен жастанасың.
Басқа елде сен секілді бойдақ жоқ па,
Арың жоқ, бір-ақ өзің масқарасың.
Жанкел:
Жарлымын, жалғыз құдай миятым-ды,
Қыздардан аямаймын құр атымды.
Мәнісін масқараның білмеймісің?
Өзіңнен тілегенім ұятың-ды.
Ұлбике:
Көшуге көшпенді ел боп қуатың жоқ,
Көлді көзің көреді, суатың жоқ.
Айға балап19 шабасың арыстандай,
Бетіңде арың да жоқ, ұятың жоқ.
Жанкел:
Ауылыңа Жанкел тағы бір барады,
Шыйқанын толықсыған бір жарады.
Айтқанын бұрыңғының білмеймісің,
Ұялған әр нәрседен құр қалады.
Ұлбике:
Сен де бір арсыз кедей ұялсаңшы,
Нәпсіңді алаңдамай тыя алсаңшы.
Қолың жетпес бұйымға20 аузыңды ашпай,
Тілесең ат алсаңшы, түйе алсаңшы.
Жанкел:
Ұлбике, ат алайын, түйе алайын,
Несіне кедейліктің ұялайын.
Үстіне ақ төсіңнің бір шығарсаң21,
Төрт түлік мал алғандай қуанайын.
Ұлбике:
Келеңдеп22 кедей деген есірер ме,
Басынан өткен істі кешірер ме?
Пайдаң болса, өзіңнің басыңа қыл,
Кедейдің әуесім жоқ кесіріне!
Жанкел:
Ұлбике, менің сізге әуесім көп,
Жанкелдің салбыраған мәуесі көп.
Шыйқаным жазы-қысы жатқызбайды,23
Жанкелдің Ұлбикеден дәмесі көп.
*Ұлбике:
Жанкел-ау, бір жүрмедің кәделі боп,
Қысы-жазы барасың дәмелі боп.
Қайда таза жерлерде мысық жүрер,
Ит мешітке кіре алмас, әдебі жоқ.
*Жанкел:
Базардағы желекті қылдан тоқыр,
Мінсеңіз алып қашар біздің соқыр.24
Соқырыма мешітті сыпыртқан,
Әкең келіп басына құран оқыр.
Әлқисса, екеуі осылай айтысып жатқанда Күдері қожа келіп қалады. Күдері бұрын Ұлбикемен айтысып, одан жеңіліп қалып, Арқа жаққа барып бес жыл жүріп қайтқан екен. Сол күні Күдері үйіне келіп аттан түсе «Жанкел қайда?» деп сұраса, «Жанкел бүгін Ұлбикемен айтысып жатыр!» дейді. Мұны есте сап, айтысты есіту үшін барып, тыңдап тұр екен. Сонда Күдеріні көріп Ұлбике айтты:
Жанкел-ау, ұста болдың Құрамаға,
Айтылды талай өлең сыбағаңа.25
Орныңнан тұрмаймысың, Жанкел кедей,
Артыңда қожа емес пе, құба бала?
Сонда бұлар амандасқан соң, Күдерінің Жанкелге айтқаны:
Қыздар бар қыздарда да қырғи теңі,
Өткен соң жігітшілік кім бүйтеді.
Берсеңіз тұрып орын, Жанкел аға,
Біз де айтысып көрейік Ұлбикені.
Жанкел:
Қыздар бар қыздарда да қырғи теңі,
Өткен соң жігітшілік кім бүйтеді?
Кішкене сабыр қылып отыр, тақсыр,
Берейін басыменен Ұлбикені.
Ұлбике:
Жанкел-ай, жағың айыр, тілің жалпақ,26
Бір сөзің әлгі айтқан кеттің шалқақ.
Берейін27 Ұлбикені басымен деп,
Ошақтыны билей ме Қарақалпақ?
Жанкел:
Тақсыр-ау, білмеп едім сізді бұрын,
Ұлбике салған екен көздің қырын.
Қарақалпақ серкесі, тақсыр қожам,
Сіз бер десең бермейін нағып орын?
Күдері:
Білмедің Жанкел менің келгенімді,
Келдім деп айтпап едім мен жөнімді.
Қожаны ақсүйек28 деп сыйласаңыз,
Иман тап, Жанкел аға, өлгеніңде.
Жанкел:
Қайрылмас29 тұлпар басы тасқа ұрынбай,
Нағып орын бермейін, тақсырым-ай.
Жанкелдің кінәсі өтсе, кешіре гөр,
Мұртыңды30 айтпағайсың пәс қылып-ай.
Орын алған соң Күдерінің Ұлбикеге айтқан сөзі:
Замана алдымызда қызыл түлкі,
Ғанибет тірілікте31 ойын-күлкі.
Төрт-бес жыл болып қалды32 көрмегелі,
Бармысың аман-есен, ау, Ұлбике?!
Ұлбике:
Қожаның арғы атасы барды Меке,
Баласы сұңқар құстың азды жеке.
Сағындым33, көрмегелі бес жыл болды,
Келдің бе аман-есен, ау, Қожеке?!
Күдері:
Ұлбике, Бақтиярдан сенің затың,
Жайылған алты алашқа34 Ұлбике атың.
Кітаптан35 айтқан сөзің мәнді болған,
Туар ма мұнан артық перизатың?!
Ұлбике:
Қаралы қарайғанға қарағым-ай,
Аспалы қылыш еді жарағың-ай.
Жабыға36 отыр едім мен қор болып,
Қазанат қайдан келдің, арабым-ай?
*Күдері:
Салдары, құшақ жайған сағынғанның,
Өсекке сөзі жалған танылғанның.
Сүйкенер көңлі тату сүйгеніне,
Осы дә айтқан сөзі қадырданның.
Ұлбике:
Сайраған баудың көркі бұлбұлым-ай,
Барады қапалықпен бұл күнім-ай.
Ағарып атқан таңдай қайдан келдің?
Қыраны қаршығаның – тұйғыным-ай.
Осы арада бір сөзді айтайын десе, Күдері насыбай атып, елтіп қалады да, шашалып, сөз мезгілін өткізіп жібереді.
Сонда Ұлбике шыдамай тағы айтты:
Шығады тоғай барған балтаны алып,
Не кетпес балта тисе жаңқаланып?
Көргенде ана жылы жас бала едің,
Келдің бе аман-есен Арқа барып?
Күдері:
Қайтады саудагерлер құман алып,
Тәшкенге қатынайды жылда барып,
Ұлбике, еш ойымнан кетпедің ғой,
Сонда да ақыл-есім мұнда қалып.
Ұлбике:
Алдайсың Ұлбикенің жүзін көріп,
Сарғайтты кеткен жолың ұзын болып,
Тақсыр-ау, Ұлбикені ұмыттың ғой,
Арқаның ақ мамықтай қызын көріп.
Күдері:
Мен нағып сен сөйлесең езілмейін37,
Арқада қыз жоқ екен өзіңдейін.
Әр елде беті тегіс толып жатыр,
Балқытар сөзі қайда сөзіңдейін38.
Ұлбике:
Арқадан тез келмедің барсаңыз да,
Есіңе Ұлбикені алсаңыз да.
Сылқымдық Сарыарқада бес жыл құрып,
Қожеке, қолың жетті қанша қызға?
Күдері:
Сылқымдық Сарыарқада қылып жүрдім,
Сол жерде қадіріңді біліп жүрдім.
Өлеңмен отыз қызға болдым таныс,
Ұйқысырап кетпесем, құры жүрдім39.
Ұлбике:
Сылқымдық Сарыарқада қылып жүрдің,
Сол жерде қадірімді біліп жүрдің.
«Халық айтса, қалпы40 айтпайд» деген сөз бар,
Басыңды неге өсекке іліндірдің?
Күдері:
Қылығын қыз баланың шырын білдім,
Қырғидай қарымасам41 іліндірдім,
Тағатыма жазбасам, жазғаным жоқ,
Дәтімнің қаттылығын жаңа білдім.
Ұлбике:
Әулие боп отырсың, тақсырым-ай,
Басыңнан күнәң кетті асқынып-ай.
Алаңдаған әдетің қайда кетті?
Әлімтаудың42 қарны ашқан қасқырындай.
Күдері:
Ұлбике, сен сенбейсің тақсырыңа-ай,43
Жалаңды құры отырсың жапсырып-ай.
Жанкелді аулың нағып ұстап отыр,
Сенің де әңгімең жүр асқынып-ай.
Ұлбике:
Қожеке, ыза болдым қылығыңа,
Сындырған әзіл сөздің сынығына.
Айтысқаны болмаса өлең сөзбен,
Бұ кедейің келмейді ұлығыма.44
Күдері:
Базарда пышақ тұрар қыныменен,
Сатып алсаң келеді пұлыменен.
Жел тұрса шөптің басы қимылдайды,
Жанкелден сен саумысың шыныменен?
Ұлбике:
Мақтаныш жігіт халқы жігітке етер,
Кетпей жайсыз мақтанған сібіт45 етер.
Ит мінез жігіт халқы болады екен,
Иттер де46 жемес астан үміт етер.
*Күдері:
Балықтың бауыздауы желбезекте,
Арқа кетіп айқастым мен кезекте.
«Көйлегіңді кеудеңе бір түрдім!» – деп,
Жанкел жүр бір …… деп Көкөзекте.
*Ұлбике:
Көйлек жоқ, дамбалы жоқ, шекпен кедей,
Қай уақта мақсатқа жеткен кедей?
Өз өзімен ұялып үйге кірмей,
Айрылып айранынан жүрген кедей.
*Күдері:
Көйлек жоқ, дамбалы жоқ, шекпен кедей,
Бір түріп етегіңді кеткен кедей.
Аулыңа шақырмасаң неге келед,
Қауынын ызадағы кетпендемей?
*Ұлбике:
Қожеке, жеңе алмайсың ондай жолдан,
Қожалық жалған сөйлеп берме қолдан.
Жанкелдің жаны шықсын, мақтанышы,
Жерім жоқ келсін деген – бәрі жалған.
*Күдері:
Ұлбике, алданасың жалған жарға,
Не дейсің ақыретте алған жарға?
Жеңе алмай жүрген қалып біз болмасақ,
Жанкелдің қолы жетті, амал бар ма?
Ұлбике:
Қожеке, көңлім тура алған жарға,
Ешкімге пұрсатым жоқ алданарға.
Өтірік сөз көп айтып көтеріп ап,
Қожа халқы өсекті қалжыңдар ма?
Күдері:
Ұлбике, көңілің бұрдың жалған жарға,
Ақыретте қиын дейді алданғанға,
Ауылың сұрап отыр бұл Жанкелді,
Танатын бұл дәлелден айлаң бар ма?47
Ұлбике:
Жанкел кеп жүруші еді қымыз ішіп,
Балдардан таяқ жеді еті қышып.
Әзіл сөз айтпайтындай болды маған,
Бүгін түн соры қайнап қолға түсіп.
Күдері:
Ауылдан шаңқай түсте аулаққа айдап,
Жаттыңдар Көкөзекте бір жай сайлап.
Жанкелдің өсегінен аман болсаң,
Байың неғып сабап үш күн байлап?
Ұлбике:
Құранда «құл-ағызу раббым пәлак»,
Өсекті жапсырады бір зан талақ.
Маңыма тұрмақ түгіл келгені48 жоқ,
Айтты екен өтірікті қандай қазақ?
Күдері:
Жанкелге өлең сөзден кеткен дарып,
Байлардай жүрмесе де малға жарып.
Бұл Жанкел уәде сөзбен қолға түскен,
Болмаса жын ұрды ма түнде барып?
Ұлбике:
Ұлбике жүрген жолдан адаса ма,
Біздерге жала сөздер жанаса ма?
Қоймайсың, Жанкелді әкеп жапсыруды,
Жан беріп түсесің бе арашаға?
*Күдері:
Ел жатыр есітпеген шетіңізде,
Тура айттым, ғайбат емес бетіңізге.
Бірің жатып шалқаңнаң, бірің сүріп,
Жан беріп қағындым ба ісіңізге?
Әлқисса, өлеңді естіп отырған шалдар: – Шала болса да Күдерінің сөзі шын боп кетуі мүмкін, «Сен төмен етек әйелсің!» – деп Ұлбикені тоқтатып, қожаның аяғына жығыпты.
Түсініктеме:
Жанкел, Ұлбике мен Күдері ақындардың арасында өткен бұл айтыстың 2-нұсқасының басты ерекшілігі – мұнда бұрындары белгісіз болып келген тоғыз шумақ бар және «әлқисса» деп бөлініп қара сөзбен оқиғаның қалай өрбігені баяндалып отырады. Осының арқасында К. Ахметова мен М. Төлепберген құрастырып 2002 жылы шығарған «Ұлбике» кітабында (Ұлбике. Құрастырғандар: К. Ахметова, М. Төлепберген. Алматы: «Өнер», 2002 – 148 б. 28-42 беттер. Жанкел және Күдері қожа. (1-нұсқасы) келтірілген 1-нұсқасындағы бұлыңғырлау, түсініксіз жерлерінің біраз қыр-сыры ашылған. Айтыстың бұл нұсқасын хаттап дәптерге түсірген шымкенттік Қысыраубек Амантаев. Тапсырған – әдебиетші ғалым Саттар Өмірзақов.
Ескерту:
Күдері мен Ұлбике есімдері алдында «жұлдызша», яғни * белгісі қойылған шумақтар 1-нұсқасында жоқтары.
1 ХVІІІ ғасырда – шындығында ақындар ХІХ ғасырда жасаған. Қарақалпақтың ақыны Жанкел жайлы мәлімет өте аз, тек Шардара жақта сүйегі жатыр деген дерек бар.
2 Мұсабай – бұл қате. Ұлбикенің әкесінің аты Жанкелді. Мұсабай болса ауылдың байы болуы керек. Оның есімі басқа айтыстарда да ауызға алынады.
3 Шапқа түрткен байталдай шамданасың – 1-нұсқасында «Шырағым, бұған неге шамданасың». Мұнда, яғни 2-нұсқасында, әлдеқайда көркем айтылған.
4 Мақтаныпсың ақын деп санағанға – айтыстың 1-нұсқасында «Ақын деп мақтаныпсың» деп келетін сөздер мұнда орындарымен ауысып кеткен екен. Осындай сөздердің орын алмасуы 2-нұсқасында көптеп кездеседі, сондықтан олардың барлығына тоқтап өтуді артық санадық.
5 балаларға – 1-нұсқада «тамаларға» делінеді. Жалпы «балаларға» деген көңілге көбірек қонады.
6 ғарық боп кетіп – 1-нұсқада «толқын қауып».
7 Келіп ем Күдерімен мен сырласып – 1-нұсқасында «Тарап жүр ел аузында бір әңгіме».
8 Ұлбике Күдерімен ойнас екен – 1-нұсқасында жұмсағырақ «сырлас» деп айтылады.
9 Алқа қаққа – 1-нұсқада «алқа-қаққа».
10 кенегедей – 1-нұсқада «кенегендей».
11 тұрпаты – 1-нұсқада «сыйқы».
12 мәздемдердей – 1-нұсқада «мәздемідей».
13 келгеніңе – 1-нұсқада «келгеніме».
14 балғын қозы – 1-нұсқада «бағлан қозы».
15 сен – 1-нұсқада «сал».
16 мөліргенін – 1-нұсқада «телміргенін».
17 азған адам – 1-нұсқада «ауған адам».
18 байтал майын бермес пе едің? – 1-нұсқада «майын бермейсің бе».
19 Айға балап шабасың арыстандай – 1-нұсқада «абалап арыстандай».
20 бұйымға – 1-нұсқада «бойыма».
21 Үстіне ақ төсіңнің бір шығарсаң – 1-нұсқасында сыпайырақ «Төсіңдегі қос алмаңнан бір сипатсаң».
22 келеңдеп – 1-нұсқада «елеңдеп».
23 Жанкелдің салбыраған мәуесі көп,
Шыйқаным жазы-қысы жатқызбайды – бұл екі жол да 1-нұсқасында сыпайы ғана «Сөз – шырын, ойым – бақша, мәуесі көп. Бұлбұлдай гүлсіз жерге қона алмайтын» деп берілген.
24 соқыр – мысықтың баласы.
25 сыбағаңа – 1-нұсқада «сыбағаға».
26 жағың айыр, тілің жалпақ – 1-нұсқасындағы «тілің айыр, басың жалпақ» дегеннен осы нұсқадағы сипат сөздер түпнұсқасына жақын келеді.
27 берейін – 1-нұсқада «беремін».
28 Қожаны ақсүйек деп сыйласаңыз – 1-нұсқасында «Құрметпен Күдеріні сыйласаңыз» деп оның тегі әспеттеліп айтылмайды.
29 қайрылмас – 1-нұсқада «қайта алмас».
30 мұртыңды – 1-нұсқада «мүридіңді». Ескілікте қазақша осылай мұрты деп айтылған.
31 тірілікте – 1-нұсқада «тіршілікте».
32 қалды – 1-нұсқада «кетті».
33 сағындым – 1-нұсқада «сағындық».
34 алты алашқа – 1-нұсқада «бар халыққа».
35 кітаптан – 1-нұсқада «кітаптай».
36 жабыға – 1-нұсқада «жабығып».
37 езілмейін – 1-нұсқада «езілмеймін».
38 сөзіңдейін – 1-нұсқада «өзіңдейін».
39 Ұйқысырап кетпесем, құры жүрдім – 1-нұсқасында «Кет десем, ұйқысырап құры жүрдім» деп берілген.
40 қалпы – 1-нұсқасында «қалт».
41 қарымасам – 1-нұсқада «қармағыма».
42 Әлімтаудың – 1-нұсқада «Қаратаудың».
43 тақсырыңа-ай – 1-нұсқада «қасқырыңа-ай».
44 ұлығыма – 1-нұсқада «жұлығыма».
45 сібіт – ???
46 иттер де – 1-нұсқада «иттерше».
47 бұл шумақ 1-нұсқасында түгелдей басқаша құралған.
48 келгені жоқ – 1-нұсқада «жолаған жоқ».
СІЛТЕМЕСІ:
Ұлбике, Жанкел және Күдері қожа (2-нұсқасы) – «Қазығұрт» ғылыми-зерттеу орталығың қолжазбалар қорында сақтаулы (Шымкент қаласы). Қысыраубек Амантаевтың дәптерінен. Тапсырған – шымкенттік әдебиетші ғалым Саттар Өмірзақов.