Керекудегі қауышу
Бұрындары Павлодар облысы, Екібастұздан аса қашық емес Ақкөл-Жайылма деген елді мекен жайында, сол жердегі Исабек ишан туралы көп білмесем де интернетте жарияланған мақалалармен таныс едім. Алайда қасиетті бабалардың мекені болған жерге табаным тиіп, осы өңірдегі ақкөңіл ағаларыммен тез арада қауышамын деп ойламаппын. Осыдан бір жыл бұрын Тобылда табысқан туысқандардың ортасында болған едім. Бұл кездесу де қазығына қайта байланған Ертіс өңірінің қожаларының көптен күткен тойы екенін естігенде шын қуандым. Өйткені, түрлі себептермен бір атаның балаларының арасы үзіліп, уақыт өте келе, олардың ұрпақтарының қайта табысқанын айтып жеткізуден артық еш нәрсе жоқ. Өздерінің қадірлі елдің баласы екенін енді біліп, жаңа әлемді ашқандай сезімде жүрген ағайындарға қарап көңілің толады екен. Ал орта жастан асқанда «қожа» атанған, осы істің басында жүрген азаматтың өмір жолымен танысып, дос-жараны мен ағайын туғанына қамқорын көріп көп нәрсені көкірекке түйдік. Осындай асыл туған азаматтардың саналы ғұмырын шырайландырған игілікті істеріне жүректегі сәуленің жарығы жетелесе керек. Өзге атаның баласы саналып, қараның бірі болып жүрсе де, болмысындағы ізгі сәуле оның шоқтығын биік еткен екен. Бабаларынан үзілмей жеткен жолынан жалғасырған, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген Ұстаз, Білім беру саласының құрметті қызметкері атанып, профессор Амангелді Апушев ағамен таныс-біліс болғанда осы ой келіп еді.
Ал Ертіс өңірі қожасының басы атанып, ақжарқын көңілімен баурап алып, құрақ ұшып тұратын Совет қажы ағамыз туралы сөз бөлек. Қажы ағамыздың «Бұлтқа мініп ұшатын» қожалармыз деген сөзі жиі есіме түседі. Меніңше, ағайынға деген ақ пейілі, аяқ-қолы жерге тигізбей, шынымен де бұлтты жүгендеп ұшып жүргендей әсер қалдыратын ағамыздың асыл жаратылысына тәнті болмағандар кемде-кем шығар.
Қасиетті аталардан қалған қара шаңырағын береке мен бірлікке толтырып отырған Жандарбекұлы Қанат ағам мен Елемес жеңгем, туысқаным келді деп қуанып жүрген Жандарбекұлы Сағидолла ағамыз, қожа атасының ықыласы ауған Абызбай ағамызға, аты мен атағы дардай ағаларының ортасында жасы кіші інісі болып құрмет көрсетсе де, өз орны төбедей Бекболат ағамыз, ізімізді өкшелеп қалған ізетті інілеріміз – Олжас, Ринат, …, аяғының ұшымен қызмет етіп жүгіріп жүрген барша ағайын-туыстардың қонақ күту мәнері мен әдебіне дән риза болдық.
Бұл бір керемет бас қосу болды. Шежіре тарқатып, әулиелердің аңызын тыңдап, сырлы сұхбатты әр кеште қимай тарасып, ертесіне шұрқырай көрісіп, өнегелі сөзді ойға түйген, жақсылықты жүрекке түйген, өнегесімен өреміз өскен күндер бәрінен де артық болды…
Сонымен, басынан бастайын. Шежіреші-жазушы Сейіт Омар Саттарұлы, қызылордалық Райымбек Нұғыманұлы, Жұмабай Омарұлы, Әли аға мен Мейрамбек бәріміз Астанада жиналып, түс шамасында Керекуді бетке алып шықтық. Жолай Ерейментауда аяқ суытып, Екібастұзға қаласының кірер қақпасындағы белгіге жетіп, естелікке суретке түстік. Бұл жерде жас күйеу мен қалыңдықтың той алдында серуендейтін жері екен.Топталып қалған үш-төрт жұпты қызықтап сәл кідіріп, қайтадан мәшинеге міндік. Әр елдің салты басқа деген, егер мына жастардың арасында қазақы дәстүрді білетін естияры шықса, «жасы үлкен ағасыңдар, баталарыңызды беріңіз» деп ақсақалдардан бата алар ма еді. Оңтүстіктен келе жатқан ақсақалдардың аузының дуасы бар, батасы қабыл болатыны қожалар екені анық. Бірақ орысқолдылау жер ғой. Бір-бірімізге қайырылып қарамастан, қаланың орталығына жетіп бір-ақ тоқтадық. Еңселі қонақүй ғимаратының алдында Амангелді ағамыз бен Раушан жеңгеміз күтіп тұр екен. Қастарында елпілдеп Бекболат ағамыз жүр. Амандасып болған соң, аулада сәл кідірдік. Сөйтсек, Совет қажы ағамызды күтіп тұрған екенбіз. Бір кезде джип шыр айналып келіп, қасымызға тоқтады. Көлігінің рөлін ұршықша иіріп отырған ақсақалға көзіміз ауды. Алып денесіне қарамай, ширақ қимылдайтын «а», десе көмейінен жүрегі көрінетін ағамыз машинадан лып етіп түсті де қонақтарымен құшақ айқастырып амандасты. Сонан соң, біздерді бастап үйіне алып барды. Келген бетте, шарбаққа өрмелеп жайқалып өскен жүзімді көрсетіп, Сейіт Омар ағаға «көрдіңіз бе, сіздің жердегідей жүзім отырғыздым» деді. Бақшасы көкпен көмкерілген аулада көп кідірмей үйдің төріне оздық. Гүлжиян апамыз қарсы алды. Ертістегі жеңгелеріміз жайында Сейіт Омар ағамыз «қожаларға шын берілген осы қос келін» деп, Гүлжиян апа мен Раушан апамызға ілтипат білдірген еді. Олардың бізге ықыласы әрбір ісінен де сөзінен де көрініп тұрды. Ал ағалардың қожамыз деп маңдайы жарқырап, ізіне ерген бауырға қамқор болып, жұртшылық алдында абыройы артқаны жанында жүрген жылы жүзді жеңгелеріміздің тілектестігінен де болса керек. Ағаларымыздың үйлеріндегі бибілерінің түскен топырағына адалдығы осындайда көрінеді.
Есен-саулықтан соң, тәлімді әңгіме дастархан басында өрбіді. Совет қажы:«Жасымыз сексенге қарай кетті» деп әңгімесін бастады. Осы өңірдегі саусақпен санарлықтай аз қожаның қатары көбейіп, шыққан тегін зерттеп, ата тарихына құрметпен қарайтын жастардың бар екеніне қуанып жатырмыз. Еліміз егемендігін алып, қазақтар өздерін-өзі енді танып жатқанда, сол елдің арасында жүрген аз қожалар да түп қазығына үңіле бастады. Дәм бұйырып Сейіт-Омармен біраз жерлерде болдым. Таң қаларлығы, оңтүстіктің қай ауылына барсаңыз да алдымен «қай қожасың» деп сұрайды. Сіздің ата-бабаларыңыздың шежіресін, арғыда өткен әулиелердің аңызын өзіңізге жатқа айтып беретіндерге таң қалдым. Тек өзінің ғана емес өзге де қожалардың да тегіне деген ерекше қызығушылықты немен түсіндіруге болатынын білмеймін. Меніңше, осындай айырықша ілімнің арқасында, бір-біріне құрметінің арқасында халықтың ерекше жадында шежіресіне, шыққан тегіне деген ерекше құрмет бар, соның арқасында іргесі сөгілмей өзгелердің құрметіне ие болып келеді. Аз топтың қараға сіңбей, өз жолынан жаңылмай өсіп-өркендеп келе жатқанын осылайша түсіндіруге болатын шығар. Біздің елдегі аз қожалар кезінде «қожамын» деп айта алмағанның ұрпақтары. Олардың аталары оңтүстіктен Арқаға келіп, қалың қарасына пір болды. Оның соңы кезінде қуғынға түсті. Нәубеттен ыққандар қожамын деп айта алмады. Айтса, қуылатыны, жабылатыны, атылатыны белгілі. Бүгінде қатарымыз көбейіп, Амангелді бауырымды іздеп тапқанымызға қуаныштымын. Ағайынның қуанышына ортақтасып келген қадамдарыңызға гүл бітсін!» деп, біздің де көңілімізді көтеріп, батасын берді. Сөйлесе келе, Совет ағамыздан көптеген жайттарды естіп білдік. Елуінші жылдары Совет қажы ағамыздың орда бұзар жас жігіт шағында Ақкөл-Жайылмада тұратын Исбаек ишанның шөбересі Жандарбек қожаның батасын алыпты. Сол кездесуде «Осы сізге қалай туысқан боламын?» деп жас жігіт сұрағын қойыпты. Сонда Жандарбек қожа: «Айта бер, сіздің әлі жасырып отырған ойыңыз бар. Соны бүгіп отырсыз» дейді. «Басты ойыңызды айтпай отырсыз. Қожаға қосылмаймын, Ертістің қожасымын депсіз, өзің қышқыл ішіп, темекі тартады екенсің. Оның бәрі уақытша нәрсе оның бәрі тоқтайды.Алла Тағала саған қасиет те, дәулет те береді. Мен саған айтатын, тыңда. Кезінде қожа атанасың, әзірге қыпшақтың ішінде өтеп болып жүре бер. Кезі келеді, сені қожалар өзі іздеп келеді. Сол кезде сен қожа боласың, өзге қожалар өзіңді іздеп табады. Ислам дінінің орталығын осында әкеп қоятын сен боласың, іргеде жатқан әруақтардың басын қарайтатын да сен боласың. Үш жыл ауырасың, құдай сақтап аман қаласың, содан кейін өзіңе-өзің келіп сауығасың, алдың жақсы болады» деген екен. Көріпкел қарияның айтқан сөзі дәл келіпті. Ертісті жайлаған қожалардың ағасы атанып, ізгілікті істің басында жүргені соның дәлелі болса, ізінен ерген екі ұлының қолдауымен Ақкөл-Жайылмада мешіт салдырып, оның отын-суын мойнына алып, ислам шырағын жарқыратып отырған ғибратты өнегесі өз алдына. Айналасында жүрген қожалардың негізін табуға ат салысып, соның ортасында жүр. Бүгінгі басқосуға себеп болған Амангелді ағамыздың әулетінің қуанышы еді. Одан да сырттап қалмай, «Амангелдінің атасы – Әпөш – бұл өңірде сыйлы азаматтардың бірі болды. Өнегелі өмір кешкен оның баласы Қайырбек көп жылдар ұстаздық етті» деп жөнін айтып, ағалық танытты.
«Арғындықтан қашқан жоқпын,
арғындардың тізімінен шығып қалдым»
Одан кейінгі әңгіменің кезегін Амангелді Апушев ағамыз алды. «Шет жағасын естіп жатырсыздар, осы жиынға себеп болған нәрсе осыдан он жыл бұрын басталған еді. Сол кезде Алматыда облыстың онкүндігі өтті. Облыс басшылары исі павлодарлық деген жігіттерді жинап, кездесу өткізді. Кеш барысында «Кереку өңірінің шежіресі» қолымызға тиді. «Арғындықтан қашқан жоқпын, арғындардың тізімінен шығып қалдым» дейтінім содан басталады. Жігіттер жалма-жан кітапты парақтап, өздерін іздеп жатыр. Арғынның бесіктегі балаларына дейін жазылған тізімде біз түгіл, аталарымыздың аты аталмапты. Себебін сұрадым. «Арғынның шежіресі толық шықты, Ақтілестің бәсентинімін десеңіз, оның қай буынына жатасыздар, өздеріңіз анықтаңыздар» дегендей жауап алдық. Бұл дегеніміз өз тегіңізді табыңыздар дегені еді. Ақырын ағайын-туғандардан сұрастырып, аталарымызды түгендей бастадым. Сөйтіп жүргенде Жұмабай Ахметов деген жақын ағам қайтыс болды. Тірісінде қазасының жабдығын жасауды бізге тапсырып кеткен екен. Оны атқардық. Үлкен-кішісінің басы қашан қосылады деп, артынша балаларын жинап көңіл шайын бердім. Сонда қызы Әлия:«Әкем басы болып, үлкендер қайтпасқа кетіп жатыр. Бізді біреулері анау дейді, енді бірі мынау дейді. Барған жеріме елдің айтып жүргеніне сайып, «сартпын» десем ондай ру жоғын алға тартады. Папам қайтыс болған соң енді ешкімнен ықпас, досқа күлкі етпей, соны бір жағына шығармайсыз ба?» деді жыламсырап тұрып. Қарындасымның сөзі жаныма батса да ештеңе дей алмай төмен қарадым. Ажал жетсе амал бар ма, өте бір қарулы кісі еді, Әділбек ағамыз да кенеттен қайтыс болды. Сол кезде 58 жастамын, алдымда ағаларым бар деп арқаны кеңге салып жүрер жайым жоқ. Сол күндері Әпөш атам түсіме жиі кіре берді. Бауырында өскен соң әке дейтінмін, «әкем шақырып жатыр ма» деген күдігім сейілмей, туған жерге келдім. Екі-үш жылдай елге жол түспеген, сөйтсем атамыздың басы күтусіз қалыпты. Зиратты жөндеп, құран оқытып, ас бердім. Сол жолы Әділбек ағамнан алған, өзім толықтырған «Әмет халифа» деп басталатын жеті атаға дейінгі шежірені ағайындарға таратып бердім. Содан кейін атам да түсіме кіріп мазалағанын қойды.
Әйтсе де, елде әңгіме жата ма, «арғынның шежіресіне кірмей қалыпты» деген сөз лезде тарап кетіпті. Дос бар, дұшпан бар, біреуден біреу естіп жатады «тектері жоқ» деген сөз маған да жете бастады. «Нағашыларың қозған ғой, солай жазылыңдар, не әйелің найман ғой, найман болыңдар деген «ақылшылар» намысыма тие бастады. Сөйтіп жүргенде, Батырбек деген танысым келіп: «осы сіз, біздерге, қожаларға ұқсайсыз, еліңіз кім?» деп сұрады. Барлық жайды жайып салдым. «Жеті атамнан әрі қарай қарай дамыта алмаймын, не басқа руға қосыла алмай, не істерімді білмей жүрмін» деп, шынымды айттым. Ақкөңіл бауырым:«Онда сізді бір адаммен таныстырайын, қожа болсаңыз тегіңізді тауып береді» деген соң шежіреші Сейіт Омар Саттарұлымен кездестірді. Күндердің күнінде Рахаң хабарласып: «айналайын бауырым, сендер Жанқожадан тараған екенсіздер, мен Байқожадан тараған ұрпақпын» деген сөзін естігенде менің төбемнен көкке жеткенін сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Осы тұста Қызылорда облысынан келген Райымбек Нұғыманұлы аталас ағайынды қалай тапқанын еске алды. Ол кісінің айтуынша, Амангелдінің бабасы болып келетін Жанқожа бабаның лақап аты «Әбдіәмет қалпе» болған. Ал алдында сөз болған Әділбек ағаның қолжазбасы бойынша Әмет халифа деп аталып, шежірешілерді біраз жаңылыстырған. Тарихтан белгілі тек төрт халифа болған, алайда қазақтың баласын «халифа» аталуының өзі де тегін жердің тұяғы емесетігінің белгісі. Сонымен, сұрастыра келе барлық салмақ Райымбек ағаға түседі. «Сейіт Омардан хабар келгеннен бастап көп ойландым. Ертеректе аталарымнан естіген әңгімелерді еске түсіріп ілмек табуға тырыстым. Алланың өзі қалап тұрса, қақпақылап алып келіп, бір ізге түсіреді екен. Бұдан артық не дейін, Мәді-Диуана қожа ұрпағы Пірзада әулетінің шежірешісі ретінде айтарым, Уәлі қожа баба әулеті – Байқожа, Данабайқожа, Жанқожа «Әбдіәмет қалпе», Әздер қожа, Жаңабай қожа, Меңлі қожа, Төлеген қожа болып келеді. Бұл әулетте тек үш қалпе болған Әбдіәмет, Абдіғаппар, Сейдәлі қалпелер. Бір күні таң азанынан тұрып, аулаға шығып асықпай ойланып отырып көптен бері ойымнан шықпай жүрген жайттың ұштығына жеткендей болдым. Алланың құдіреті шығар, бар мәліметті саралай келе, арнасына қосылмай тұрған «Әмет халифаға» тіреліп, осы қате жазылып кетуі мүмкін-ау деген ой келді. Өйткені, бұл бабамыздан дерек жоқ, күні кешеге дейін Қытай асып кетті деген ізі бар еді. Мүмкін, шекара аспай, Ертіс бойында қалып қойған шығар. Сөйтіп, Жанқожа бабамыздың ұрпақтарының рет-ретімен басқа аталардың ұрпақтарымен салыстыра тарқата келе, орны ойсырап тұрған жұмбақтың шешімін тапқандай болдым» деді Райымбек аға.
Құдайдың құдіреті күшті ғой, шежіре жинақталып, кітап етіп басып шығару үшін баспаханаға беріп қойған кезде тағы бір қуанышты хабар шығады. Жұрт «Қараша» деп атап кеткен, Сарсенбектің аталарының аузынан жазып алған шежірені Амангелді ағаның әкесінің үлкен ағасының баласы жазып алыпты. Сарғайған қойын дәптерде жазылған «Әбдіәмет қалпе» деген жазуды көріп бәрі таң қалады. Бұйрығы солай болған шығар, тасада жатқан мәлімет барлық істің бітерінде табылады. Кім білсін, ажырап қалған ағайындарды өздері іздеп тапсын дегені де болар, бәлкім, егер көңілде күдік қалса, ол да сейілсін деген болар, бір жапырақ қағаздағы бір ауыз сөз, Райымбек ағаның да ойын растап, Амангелді ағамыздың ізденісін ұлықтап, келісіп бастаған істің дұрыстығын растап, бастаған қадамның сәттілігін білдіргендей…
Мұндайда, құдайдың қазынасы кең деген даналық тілге оралады.
«Исекемдей ишан жоқ бұл Арқада»
Ислам дінін таратушылардың бірі, философ, ағартушы және Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтың ұстазы болған. Ақкөл-Жайылмада медресе ашып, мешіт тұрғызған Мұрат қожаның ұлы Исабек ишан 1792 жылы Баянауыл баурайында дүниеге келген, 1810-шы жылдары Бұхара медресесінде діни білім алған. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ертіс, Есіл, Сілеті мен Ақкөл-Жайылма қазақтары Исабек ишанның бастамасымен Меккеге қажылық сапарға шығады. Ишан 1871 жылы қайтыс болады. Екібастұз қаласы мен Ақтоғай аудандарының аумағында жатқан 100-ден сәл асатын түтіні бар ауылдың орналасқан жерін жергілікті жұрт әулиелі Ақкөл-Жайылма, Шідерті даласы деп атайды екен. Жергілікті халық «атам зираты» деп атап кеткен қорымда жатқан Исабек ишан мен Жандарбек қожаның басын қайта көтеріп, күмбезі келіскен кесенелер тұрғызыпты. Ауылға кірген бетте байқадық, еңселі мектебі де мешітіде бар, балалар алаңы шағын бағы тіпті, мұражайы мен асханасы да бар 100-ден сәл асатын түтіні бар ауылдың тұрмысы тоқ көрінді.
Бұл елдің қонақ күту мәдениеті қалыптасқанын бірден аңғаруға болады. Ағайындық жолымен шын ықыласын білдірген сабырлы, байсалды мінезі баурап алады. Біз деп кеуде қақпайтын, бабаның тұяғымыз деп астамсымайтын, жасының да кәрісінің де кішіпейілдігі көрініп тұрды. Риясыз көңілімен қасиетті аталарына қызмет етіп жүргендей сезілді. Осыншама ізгілік пен кішілік сирек кездесетін қасиет. Жандарбек атамыздың қара шаңырағында болып, мол дастарханынан дәм татып болғаннан соң мұражайға бет алдық. Әулиелі жердің берекесі бар. Оның киесін сақтап отырған ауыл азаматтарына риза болдық. Біз келеді деп күтіп отырған жұрт, жылы қарсы алып, өңірдің тарихымен таныстырды, Исабек ишанға арналған тұтас бөлмедегі мәліметтермен танысып, жәдігерлерді тамашаладық. «Арқаға келіп әншімін деме», Сыр елінің жырауы да бетке ұстар әншісі де Мейрамбектің осылай айтатынындай бар екен, Естайдың әнін салған қос жігіттің өнеріне риза болдық. Аз ғана уақыттың ішінде көп мәліметпен таныстырып, елдің салтанатын да көрсетіп, орталық бақты да аралап көрдік. Жергілікті әкімшіліктің руханиятқа көңіл бөліп, ауылдастардың мәдени келбетінің биік болуына мән бергені ұнады. Жұма намазына жиналған халық көп болған жоқ. Мүмкін шаруаның қарбалас кезеңдегі көрініс шығар, бірақ шағын ауылда мешіттің есігінің ашық болғаны қуантты. Жамағаты жиылар, ал жұма намазы астаналық мешіттерде оқылып жүрген намаздан бір мысқал да кем болған жоқ. Жұма намазынан кейін ауыл шетіндегі қорымға барар жолда, Исабек ишанның ұрпағы Жандарбек атаның үлкен ұлы Қанат қажымен сөйлесудің сәті түсті. «Әкеміз дүниеден өткеннен кейін үйге бір әйел келді. Бірден есіме түспесе де өзін таныстырғаннан кейін барып оның мезі еткен көп «тексерушілердің» бірі екенін ұқтым. Кезінде жергілікті атқару орындарының депутат болып дүрілдеп тұрған шағында әкемізді тергеуге алып, табысын тексеріп, атқарып жүрген ісін сынаса керек. Ол да өкіметтің айтуымен келді ғой. Алайда оның өмірде жолы болмапты. Отбасының берекесі кетіп, өзі науқасқа шалдығып, әбден қиналған соң ба, әлде артында қалған «істері» қинады ма, қайта айналып соққаны екен. Бұл, мен білетін жалғыз оқиға шығар. Есімде қалғаны, әкемнің батасын алып, өсіп-өніп, өмірден жолы болғандар еді. Әкем өмірінде кісіге өкпелеп көрген жан емес. Тіпті, «ашуланбаңдар, біреудің қорасындағы тышқақ лағы өлсе де қожа қарғады деп бізден көреді» деп біздерді басып отырушы еді. Ел іші ғой, тоқсаныншы жылдарға дейін тексеріс толастамады. Әкем тапқан табысының бір бөлігін мешітке өткізіп, зейнетақысын түгелдей «Бейбітшілік қорына» аударып отырды. Одан қалды алдына келген адамға батасын беріп, тәбәрік беретін. Өмірінде дүниеге қызығып, ақшаның бетіне қарамады, бізге де сондай болыңдар деуші еді. Бірде менің екі бірдей әріптестерім салем бере келіп, әкемнің тәбәрігін алды. Бірі – молдау, екіншісі одан кемдеу алса керек. Содан аз ақша алғаннын қайта шақырып алып, «сен өкпелеп жүрсің ғой» деп, тағы да теңге ұстатыпты. Әскерге шақырылған жігіттер әкемнің батасын алуға келеді. Біреуіне үш-төрт айда қайтып келерсің деген екен. Сол айтқаны болды, денсаулығы жарамай қайтып келгені де болды. Ондай жайттар көп қой. Бірде елімізге танымал бір азамат әкемнің алдына келді, ұйқысы қашып қиналып жүрсе керек. Әкем: «Әй, қарағым, ит-құс десе де оның киесі бар, қасқырға аңға шыққанды қойсаңшы, деп кеңес берді. Сол азаматқа ақшатырдың астына барасың деген сөзі де тура келді, көп ұзамай, абыройы еселеніп, екі шақырым бойынша Парламент мәжілісіне депутат болып сайланды. Әкеммен ақылдаса келгендер көп болатын. Қызмет бабы, өз шаруамызбен айналып, олардың бірін білсек, бірін білмейміз. Кейіндері мені көрген жерде әкемді еске алып, алғыстарын айтып жататындар да бар. Әкеміз балалардың «урра» деп жүгіргенін қаламай:«Алла деп жүгіріңдер!Мен соғыста тек Алла деп жүгірдім» дейтін. Ұлы отан соғысына қатысып қанды қырғыннан аман келуіне де жаратқанның септігі болған. Бес жыл соғыста өзімен бірге алып жүрген Құран қазір үйде сақтаулы тұр.
«Атам зираттың» ақ күмбездері көрінгенде Қанат аға әңгімесін тәмамады. Байқағанымыз бізден де басқа зиярат етіп келгендер бар екен. Бір топ ағайындар қорымның алдына келіп, зиратта жерленгендерге құран бағыштады. Бетімізді сипап, қасиетті аталардың мәңгілік орына тұрғызылған сәулетті сағанасын тамашаладық. Қарлығаштың шырылы қорым басындағы тыныштықты бұзып, өлі мен тірінің арасын жалғастырып тұрғандай әсер қалдырады. Сирек кездесетін құстың топталып ұшқанын көргенім осы. Жарық бағанасының сымына қаз-қатар тізілген алақанат айырқұйрықтылардың қарасы мүлдем көп екен. Жандарбек атаның кесенесіне төбесіне көз жүгіртсем, қарасам қос қарлығаш күмбездің ұшар биігінде қонақтапты. Ақшаңқан күмбезден құстың саңғырығы бірден көзге түсер еді, қызығы, құс саңғыған жер көрмедім, тап-таза. Жандарбек ата тірісінде «атам зиратқа» таза кісі бару керек дейді екен.Ондағысы пейілі таза адам баруы керек дегені, Тәннің кірлігі бір пендешілікке сияды, ал көңіл кірлігі ештеңеге сыймайтынын айтыпты.
Қарашаның басында пәниден бақиға өткенде соңғы сапарға шығарып салушылардың қарасы көп болыпты. Оның көптігі соншама әрқайсысы бір-бір уыс қана топырақ салғанда, соңғыларына топырақ артылмапты. Үйден мәйітті алып шыққанда ауылдың бар жылқысы жиналып, жолдың екі қапталында қаралы топпен бірге жүріп отырыпты. Қасиетті қарттың жамбасын жерге тигізіп, жер қойына бергенге дейін жылқылар зиратты айналшықтап жүріп, сосын барып бетімен кеткен екен.
Қария дүниеден өтерінде артында қалған балалары сүйекке кім түсетінін білмек болғанда қария «өздері келеді» дейді. Барлық жарағын дайындап, мәңгілік жатар орнын да салдырып кеткен қария дүниеден өтеді. Қаралы хабар демде тарап, халық көп жиналыпты. Азалы сәттерде келіні Елемес жергілікті ислам ордаларының бес имамының қатар келгенін аңғарып, отағасымен ақылдасады. Қанат аға имамдарға өтініш айтқанда, «Біз осы рәсімді атқаруға дайындалып келдік. Сіздердің рұқсатыңызды күтіп отыр едік» депті. Атаның айтқанындай «өздері келген» бес имам соңғы рәсімді орындайды.
«Дініміз үзіліп, үзіліп барып көтеріледі»
Жандарбек қария дүниеден өтер алдында, ата дініміз жайында осылай деп айтқан екен. Ал дін исламның дәуірлеп тұрған заманы – Жандарбек атаның бабасы Исабек ишан тұсында болса керек. Исабек ишан дүниеден өткенде артынан жоқтаған Мәшһүр Жүсіп Көпеевтың жыры сол дәуірдегі ишанның қызметін атқарған міндетін абыройы мен ілімін, биік парсаты мен мінезін сипаттайды. Осы жыр арқылы Ертіс бойын жайлаған, атақты ишан пір болған барлық рулардың атауын білеміз және олардың да ауыр қазадан қабырғасы қайысып отырғанын айтады. Атадан балаға ұласып, қожа баласының Алла алдындағы басты міндетін қалай атқарғанын жыр-жоқтауды оқып отырып түсінгендей боласың. Ал Исабек ишанның ұрпақтары қожа екенін жасырмай, атын жоғалтпай өткен осы өңірдегі аз әулеттің бір екен. Түп негізі Диуана, Мәді Қожадан, Қызылорда облысында кесенесі бар Қожжан қожадан бастау алады. Қожжан қожаның бір баласы Қожа Кәлленнен тараған ұрпақ. Ол туралы Сейіт Омар ақсақал былай деп түсіндіреді. «Осында бір келгенімде Сапаш деген ақсақал келді. Шәй үстінде Жандарбек атам айтып еді деп күрделі мәселені бастады. «Аққу – шын аты Әуез ишан, қазір айтпай-ақ қойыңдар, кейін өзі шығар, әкесінің аты Кәлен» деген мәліметті айтып кеткен екен. Аққу атанған себебі «шынымен қожа болсаң анау ұшып бара жатқан аққуды жерге түсірші дегендерге, Әуез ишан дуа оқып, аққуды жерге қондырады. Содан Аққу ишан атаныпты».
Қасиет қонған киелі әулеттің шарапатын көргендер бабалардың кесенесін жаңғырып, тарихын зерделеп, өлкедегі діни-ағартушылық жұмыстардың дамуына ден қойыпты. Соның бірі Амангелді Апушевтің досы Абызбай Адамов аға. Аталмыш ас қарсаңында қожалардың жиыны жайы тез тарап кетсе керек. Өмір бойы арғын болып, енді бір күнде қожа атанған әулеттің жаңалығы бұрын-соңды болмаған тосын жайт. Көбі бұл оқиғадан жақсылық көрсе, екінші бірі пенделікке басып «қазақтан бөлініп, өздерінің қожа екенін көрсетіп жатыр» дейтіні анық. Сондайларға жауап ретінде Абызбай аға: «Қожаның қолтығының астында, шапанының шалғайын жамылып, сілекейінің сілемін ішіп өскен біз қожаға қызмет етпегенде кім етеді, қожалар жиналған жерге біз бармағанда кім барады» деп, елді игілікке жұмылдырады. Кезінде арасында бір қожасы жоқ, арғынның жеті азаматы ақылдасып, әрқайсысы миллионнан қаражат қосып зират басында тауаб етіп келушілерге арнайы жай салып, мешіт тұрғызыпты. Одан кейін жеті жігіт бабалардың басына ақшаңқан кесене тұрғызып, өлі-тіріні риза қылады. Жеті жігіттің басында жүрген Абызбай ағамен тілдескенімізде басынан өткен мына жайтты айтып еді. Алдыңғы балалары шетіней берген соң, бойына біткен шаранаға ғұмыр тілеп, ежелгі дәстүрмен бойынша ата-анасы бабаның басына түнейді. Ал Ишанның немересі Сұлтанқожа дүниеге келген баланың атын Абыз қойыпты. Тілеп алған бала жеті жасқа толғанда анасы батасын алайық деп Жандарбек қожаға келеді. Абызбай ержетіп, ел басқару ісіне ерте араласады. Жақсыдан шарапат дегендей, кісілік пен кеңдік те ағаның бір бойында табылып жатыр. Соның бір мысалы, кезінде қызмет бабымен қысымға түседі. «Жәкеме барсам, үйде жоқ екен. Көп күткем жоқ, артынша: «Сенің келгеніңді біліп, шәйға қарамай кетіп қалдым» деп атасы келеді. Кісі аяғы саябыр екен, бәйбішесіне шай қойғызды, екеуі асықпай әңгімелеседі. «Қорықпа, алдыңа өзі келеді» деп қиналып келген көңілін аулап шығарып салады. Расында көп ұзамай, бұрынғы жүйе ыдырап, жаңа құрылым құрылғанда, әлгі кісі жұмыс сұрап ағаның алдына келеді. «Таспен атқанды аспен ат» деген жақсы адамның ашуы торғын орамал кепкенше емес пе, Абызбай аға өткен іске кек сақтамай кісілік көрсетіп, әлгінің жұмысқа орналасуына көмектеседі. Ол сол қызметте жүріп зейнетке шығады. Міне, жақсыдан шарапат деген. Ел бастаған азаматтың алды кең болып, жан-жақты қалыптасуына қасиетті адаммен сұхбаттас болуының ықпалы болса керек. Жалпы, пенденің тілегін қабыл етіп, перзент көрмегендерге бала «сыйлап» дүниеге келер баланың атына дейін қойып беру қожаларда жиі кездеседі. Атын өздері қойып, өміріндегі өзгерістердің куәсі болып жүрген соң да, қайсы бір қуаныштарда атаның алдына өтіп, ақ батасын алу Абызбай ағаның отбасында дәстүрге айналған. Тойын жасап үлкен қызын ұзатқаннан соң атасына сәлем бере келгенде, атасы жадырай күліп қарсы алып, «жақсы келдің, жақсы келдің, бір ұл бала келе жатыр» деп алдын ала сүйіншілеген екен. Абызбайға қарап, бұл жолы қайын жұрты немересінің атын саған қойғызбас. Бала үйге келгенде Хәкім деп атаңдар дейді. Нағашылары Хәкім атап кеткен сәбидің ізінен қарындасы ерді. Ол кезде де атасы «бір қыз келе жатыр, атын Қарлығаш қойыңдар, қанатымен су сепкен құстай бұл бала сондай бауырмал болады» деп батасын береді. Ол кезде сәбиге қазақы ат қоюға көбі құмар болмайтын. Соған қарамастан Қарлығаш атанған немересі бүгінде бойжетті, студент. Балаларының басы ауырып, ыстығы көтерілсе де дәрігерге жүгірмес бұрын, алдымен атасына келеді. «Атамыздың алдында кейде құран жабық болса, көбіне кітаптың беті ашық жатады. Жәкем құранын оқып, аузына бір жұтым су алып, аузына су алып, үшкіріп жібергенде барған адам бар сырқатынан жазылып қалатын. Құдайдың құдіреті осы шығар» дейді Абызбай аға.
Керекуде өткен күндердің күнделігін жазып отырғанда бір көргеннен көңілде қалатын жандардың көптігіне таң қалдым. Әрқайсымен тілдесіп, олардың қандай адам екенін біліп жазғым-ақ келеді. Өкінішке орай, ақ қағаз бәрін көтере бермейді. Сонда да жақсы адам туралы бір ауыз сөз жазып қойғым тағы бар.
Қанат ағамыздың үйіндегі Елемес жеңгеміз қазақтың келін деген ұғымға саятын бар қасиеті бір бойында табылған жан екен. Келін болып түскеннен ешқашан атасының жүзіне тура қарамапты, тілге келмепті. Ол кісі де келінінің атын атамай, «тәтесі» дейді екен. Қайнысы үйленіп үйлі-баранды болғанда оның балаларына «тәтешіл болыңдар, қарындарың ашпайды» дейді екен. Анасы жанында жүргенде баласы қайдан аш болады деп ойлайтын. Сөйтсе, Елемес балалардың шешесінің дүниеден ерте өтетінін білмесе де атасы білген екен. Өзінің балаларымен қатар қайнысының да үш сәбиін өсіп-жетілдірді. Жетім көрсең жебей жүр деген, осыдан төрт-бес жыл бұрын біздің ағайындардың бір баласы Алматыдағы Нұр-Мүбарак университетінде оқыды. Сол бала Павлодарда досым бар деп жүретін. Ол дос Қанат аға мен Елеместің ұлдары Дәурен екенін Ақкөл-Жайылмада білдім. Осылайша қазір Алматыда ұстаздық етіп жүрген, бірнеше рет қалалық, республикалық қарилар жарысында жүлделі болған Қуаныш Тоқсанбайұлына қамқор болып, оқуын жалғастыруға ақшалай жәрдемін берген жандармен танысып, оларды, отбасында болып, туыстығымызды жаңғыртудың сәті түсті. Бұл да жаратқанның жақсылығы емес пе?!
Қазығына қайта байланған күн
Ақкөл ауылын артқа тастап, сол күннің кешінде Павлодарға келіп, Амангелді ағаның кіші інісің үйінде болып, қонақасын жедік. Үлкен әулеттің қара шаңырағының иесі өнерлі, музыка саласының мамандары екен.
Ертесіне Мәшһүр Жүсіп Көпеев атындағы қалалық мешітте болып, содан кейін теплоходқа мініп, Ертістің бойымен серуендедік. Онда Керекуден қосылған жаңа ағайындармен танысып-білісіп, табиғат аясындағы тамаша демалыс болды. Сөздің ретінде айта кетейін, Бейсембай есімді омбылық жігіт Павлодарға бір шаруамен келген беті екен. Ертіс бойының қожаларына тән нәрсе бұлар да үш атасынан әрі қарай білмейді екен. Бірақ әкеснің «Оңтүстік Қазақстан облысындағы бір оқу орнының ректоры біздің туысымыз» деген сөзі есінде қалыпты. Сонымен сұрастыра келе, Бейсембайдың арғы аталарын анықтап берудің сәті түсті. Сондағы жас жігіттің қатты толқып, көзіне жас алғанын көрсеңіз. Аяқ астынан туысқандарын тауып, оңтүстікте өсіп-өнген бір елі барына қуанды. «Белгісіз тылсым тыным бермей, осында алып келіп еді. Содан Амангелді аға ас беріп жатыр дегенді естіп сұранып келіп едім. Жәй келмеппін ғой» деп толқыды. бауырлардың бір-бірімен табысуына себеп болған үлкен ас Керекуде өтті. Диуана-Пірзаданың бір ұрпағы Жанқожа-«Әбдіәмет қалпенің» өсіп-өнген ұрпақтарының кездесуі облсытағы үлкен оқиға десем артық айтпағаным болар. Жиын алдында Амангелді аға әулеттің шежіресін таныстырып, әулеттен шыққан азаматтарға тоқталып, олардың еліне сіңірген еңбектеріне тоқталды. Жасы үлкен ағалар мен апалармен қатар жастар да келіпті. Бармасаң, келмесең жат боласың деп бекер айтпаған. Амангелді Апушев өзі өскен ортаның ақсақалдарын шақырып алдынан өтіп, тегі табылған хабарды жария еткені еді. Асты басқарып, ағаның бір жағында жүрген досы Абызбайдың үлкен қызметі де білініп тұрды. Асқа Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ұрпағы да қатысты. Кездесу алдында сексенен асқан тағы бір ақсақалмен тілдесіп едім. «Естіген кезде қуанып қалдым. Заманның тар кезінде табысқандар кең жер келіседі. Бұл әулетті «сарттар» деп білуші едік, ал дүниеден өткендерін «ақтілес»деп қоятынбыз. Есімде тек бір адамды ғана «сарт» деп жерледік. Енді міне, сарт атын ұмытып, бар қазақтың салтымен «қожеке» дейтін боламыз. Бұл да өз дәстүріміз. Кезінде ешкімнің ата-тегін түптеп сұраған емеспіз, заман түзеліп егемендігімізді алып енді ғой, кімнің кім екенін біліп жатқанымыз. Бастысы, қазақ қоғамында ерекше орны болған ислам дінін таратқандардың бір баласының басында өткен кемдік қалпына келіп, тарихи әділдік орнады. Ал азамат үшін өз тегін біліп жүргеннің не екенін білесіздер» деді.
Керекудегі ерекше күндер осылайша өте шықты. Мәні мен мағынасы ерек басқосудың өзіндік тағылымы болды. Адам баласының кіммін, қайдан келдім, қайда барамын деген ұлы сұрақтарының негізі болатын өзін өзі тануы, елінің, жерінің шыққан тегінің тарихын зерделеудің бір үлгісі болды. Қожа, қара демей, бұл басқосу бәрімізді жақындастырғандай болды. Кезінде қожа баласына ұлы нәубетте қалқан болған орта жүздің ірі руларының тарихына қанықсам, бір әулеттің мысалынан Ертіс бойына ислам дінін алып келгендер жайындағы деректерді қанығып жатқандар да болды. Елін, жерін тастап, ислам діні үшін бір туған ағайыннан ажырап, Арқа асқан бабаларымыздың еңбегі адал екен ғой деп ойладым. Басқаша болса бүгінгі ұрпағы осылай жақсы күндерде шұқырап кездесер ме еді?! Осында жиналған дардың бірі болмаса бірі Арқадағы ізгілік жолын таңдап, бабалар жолын жалғастыруға ден қояры анық. Халыққа қызмет, иманның қорғаны болуы қожа баласынан артық сұралатыны да сондықтан.
Көпшілік Амангелді ағаның тегін тауып, бүкіл әулетті қазығына қайта байлаған еңбегіне рахмет айтып, құрметін білдірді. Өз басына атағы да, мадағы да жеткілікті ғалым «бұл ізденіс болашақ ұрпақ үшін, өз тегін біліп жүрсін деген ниеттен шыққанын. Қиын-қыстау кезеңде бабаларының басына қалқан болған арғындардан ажырау ойында жоқ» екенін қайталап айтты.
Айгүл УАЙСОВА