Сыр-сұхбат

Әулет туралы әңгіме

Қалқаман. Ол Айымғазы шаңырағының ең кенжесі. Алла таңдайына жырдың балын тамызып, киелі сөздің көш керуенінде кейде су төгілмес жорғадай тайпалтып, кейде сырға толы зерлі жырдан жиған жүгін аудырмай, кейде жасындай жарқылдап, халықтың көзайымына айналған Қалқаман өлеңдерін оқыған жан әулет сырына қанығады.

…«Ауылдағы үй! Бақ, ырысым,

Бақытым да – өзіңде еді»…

Арқат тауының етігіне қонған шағын ауыл да Арқат деп аталады. Осы ауылдың тұсында Абайдың досы Ерболдың аты болдырған екен, Шоқан Уәлиханов та кезінде осы жерге тоқтаған екен деген әңгімелермен қатар Абайдың өзі мен оның ақын шәкірттерінің өлеңдеріне бұл өңірдің адамдары қашаннан сусындап өскен. Тегін сұрасаңыз, әкесі Айымғазы Мұхтар Әуезовпен немере туыс болып келеді, атасы Бердіқожамен Айтқожа бірге туысады. Айтқожаның Сары аталып кетуі жеңгелеріне байланысты. Өңінің сарылығына қарап, жеңгелерінің «Сары» деп ат қоюы оның өміріне серік болып, ақырында  аттергеудің аяғы тұтастай әулеттің тегіне айналған.

Осындағы Айымғазы шаңырағында кейде жыл сайын, кейде жыл аралатып шарана іңгәләп, дүниеге мен келдім деп шағын үйдің ішін шаттыққа толтыратын. Тобықтының Олжай атасынан тараған Оралғайша Хамзақызы текті әулетке – Айтқожаның  шаңырағына келін болып түсуі әулеттің бағы болып шықты.

…«Кілең ұлдар қатар-қатар,

 Кілем үсті жатушы едік»…

Оралғайша келін қалай және жыл сайын шекесі торсықтай ұлдарды дүниеге әкеледі. 11 құрсақ көтерсе соның 3-уі ғана қыз. Тұңғыш қызы мен үлкен ұлынан соң туған Ерболы ән десе ішкен асын жерге қоятын болды. Оған сірә анасының ән құмарлығы, үй шаруасында жүріп те, ауылдың ойын-тойында ән салатыны да әсер етсе керек. Домбырасын қолынан тастамай, ауылда, ауданда концерт болса ән шырқап, елдің қошаметіне бөленіп жатқаны.

«Тірек болдың туғаннан бос іргеме,

Өзің барда тоқтасын көшім неге?»

Ербол. ҚР Мəдениет ісінің үздігі, ұлттық өнер университетінің доценті алдынан өнерлі шәкірттер өрген Ербол Сарин осы әулет баласының үлкені. «Алдыңғы арба қалай жүрсе соңғы арба солай жүреді» дейтін мақалды тірілтуші– Ербол. Өзінен кейінгілердің тегіс оқып, адам болуына үлесін қосқан Ербол. Жәнібек ағасы Кәрменовтің тәлімін алып, сол кездегі Целиноградқа (кішкентай Қалқаманның сол кездегі ойынша Ленинградқа)  консерваторияны аяқтап жолдамамен келген ол филармонияда әртіс болды. Арқа ән мектебінің  жауһарларын жарқыратып, Әсетше әуелетіп, Жәнібекше бипаздап, Иманжүсіпше найзағайдай шаншылды. Ол кездегі Целиноградта дәстүрлі ән мектебінің қадіріне аздаған шоғыр ғана жеткен, көпшілік бетін өзгеше әндерге бұрған заманда Ербол айтқан әндер аз қазақтың намысын қамшылайтын.

«Мың тоғыз жүз тоқсан төрт. Маусым айы,

 Ақмолаға ауылдан келдің ертіп»

Қалқаманның бұл айтып отырғаны әпкесі Гүлмира ғой. Ия, ия, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Гүлмира Сарина. Қалқаманды ауылдан алып келіп, қала өміріне үйреткен, анасы Оралғайша қайтқанда иығына басын сүйеп, құшақтап тұрып жылағанында көзінің жасын сүрткен, сүйеу болған әпкесі. Шіркін, әнді айтса Гүлмира айтсыншы дейтін нағыз әнші, құдай өнер дарытқан осы әулеттегі тағы бір аяулы жан. Композитор Илия Жақановша айтсақ: «…Әрбір салар әнін үкідей үлпілдетіп, мәпелеп, ойлы жүрекпен ұсынатын» әнші.

Гүлмираның сахнадағы киім киісі, әнді таңдап, талғап айтуы, сөзіне мән бере,  өзі де жүрегінен өткізіп, тыңдаушысының да жүрегіне жеткізе білетіні көпшілікті өзіне тәнті етеді.

«Тұла бойдан текті аңқытып, – Болармысың мұнша қырсық, Әкеңе айтам! – деп қорқытып, Жүреді Анам жұмсақ ұрсып».

Осы мақаланы жазу барысында Сариндер әулетінің бір қуанышында берекелі отбасының өрен-жаранын тегіс көрудің сәті түсті. «Мылтықтың басылуына, құланның қасынуы» дегендей әулет тегіс Астанада бас қосып Ербол, Бауыржан, Дариға, Ерлан, Роллан, Гүлмира, Ерол, Нұрбол, Қалқаманды, осы шаңырақпен қадірлес-сыйлас жандарды көрдім.

Ұшқан ұялары туралы асқан жылылықпен еске алушы бір үйдің балалары бүгінде түгел ержеткен, ата-әже атанған. Үшінші буынның өзінің қызы бойжетіп, қыздары ержетіп қалған.

–11-12 баланы асырау оңай ма, әкеміз үнемі жұмыста, ал анамыздың басты жұмысы бала бағу, үй күту, тамақ пісіру, әкеміздің жәйін ойлау болатын. Әкең келеді, әкеңе айтамын деген сөздерімен-ақ бізге үлкен тәрбиесін  бар мейірін төкті. Қазір өзіміз де ата-анамыз, қалада тұрамыз, ыдысты, кірді мәшина жуады, әрі тасып, бері тасып төгіп жатқан не су, не отын жоқ, тап таза бәрі даяр үйде 3 бала бақсақ есіміз шығады. Ал біздер бірімізден соң біріміз туып жаттық емес пе, үлкеніміз мектеп бітірмей жатып, ең кішкентай Қалқаман туды. Біріміздің киімімізді біріміз киіп, Қалқаманның өлеңінде:

«Ойын қуған өңкей бала,

Оянушы ек түске қарай.

Жалаң аяқ жаз өтеді,

(Есейдік-ау біздер ептеп.)

Жаңа киім қажет еді,

– Не киеміз? Күзде – мектеп.

Ақ көйлекті (ағамдікі),

Кетседағы сарғыш тартып,

Киім қылып маған бүтін,

Беруші еді сәл қысқартып», деп жазылғандай  кішіміз үлкеннің киімін кидік. Оның бір жақсы жері оқуға, әскерге кеткен ағаңның киімін кигенде рахат, бұйымда ағаңның  иісінің табы қалады, иіскеп, сағынышыңды басасың, кейде анаңа барып: –Апа, мында ағамның иісі бар, иіскеші,– деп алып барасың ғой. Анаң қосылып иіскеп, ағаңның бір жақсы қасиетін айтып, сенің де солай болуың керектігін айтады.

Ал әкеге деген сезім ол бір бөлекше, ауызбен айтқаннан гөрі жүрекпен түйсіну қажет. Әкенің дауыс көтермек түгіл түйілген қабағын көру керемет жаза, Қанша жақсы көрсең, соншалықты айбынынан именесің. Сөйте тұра ауыл-аймаққа қандай мейірлі. Алдына ақылдасуға келген ағайынға еш алалығы жоқ, кең айдын, ақылдың дариясы. Өзінен үлкен ағаларының өзі Айымғазы не дейді деп отырар еді, дейді.

«… Саған жету қиын болса қаншалық, Сақтап тұру қиынырақ одан да! Алла берген азаттықтың әр сәті–Аманат қой. Маған. Саған, Оған да!…»

–Тәуелсіздіктің біздің шаңыраққа бергені көп дейді Сариндер. Ербол ағамыз бастап, бүгінгі Астанаға Целиноград боп тұрған кезде келген едік Ол тəуелсіздік алған жылдармен тұспа-тұс еді. Тəуелсіздік алған жылы Гүлмира алғаш қызметке орналасып, үлкен сахнамен қауышты. Астананың алғаш бой көтергенін өз көзімізбен көрдік. Қолмен ғимарат тұрғызбасақ та, Астананың əр көшінде əн салып, жыр оқып, өнерлерімен сəулет тұрғызды. Тəуелсіздік біздің отбасымызға, оның ішінде өнерде жүрген бауырларымызға берді. Біріміз жеке шаңырақ көтерсек, біріміз осы тəуелсіз мемлекеттің қамқорлығының арқасында үйлі болдық, пəтер алдық. Ербол – ҚР Мəдениет ісінің үздігі, Гүлмира – «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері», Қалқаман – ҚР жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Тұңғыш Президент қоры сыйлығының иегері атанды. Тəуелсіздік əулетіміздің бүгінгі ұрпағының еркін өсуіне, қалаған білімін алып, өз жолын табуына жол ашты,– дейді.

Ал соңғы уақытта Гүлмирамен шығармашылық одақ құрып жүрген ақын қыз Жұлдызай Ысқақ: «Мен осы отбасының ауызбірлігіне, үлкенді сыйлар үлгісіне қызыға қараймын. Бір ғана мысал айтайын. Өткенде «Дара жол» бағдарламасына Гүлмираны шақырды. Сонда Гүлмира мен Қалқаман: «Егер хабар Ербол ағамыздан басталмаса, біздің баратын ретіміз жоқ», деп бас тартты. Бұл әулет көпке үлгі, өнеге дейді шырайлана жымиып. Жұлдызай дұрыс айтады.

«…Бес парыз бұйрық болып жетсе Алладан,

Мүміндер сан сауаптан кеш қалмаған.

Сондықтан құлшылық қып аз ғұмырда,

Сәт сайын бір Алланы еске ал, балам…»

Өнер–таңдап қонатын бақ. Екінің бірі зергер, әнші, күйші, суретші, композитор, ақын ия жазушы болса кім білген, әйтеуір Жаратқан ие қалаулы пенделеріне ғана ерекше енші бұйыртыпты. Сол құдайдан келген еншілеріне адалдықтарын таныта жүріп пенденің Алла алдындағы парызын ұмытпаған қос бауыр–Гүлмира мен Қалақаман бірі әнін, бірі сөзін шығарып халыққа керемет ән сыйлаған.

«Құлдың да құлдан несі артық?

Нәпсісін түгел тыйса артық.

Зікір ғып Хақты ішінен,

Иманын кәміл жыйса артық.

Разы боп қылған ісінен,

Раббыңның өзі сүйсе артық.

Жәннаттан бір жай күтіп ең,

Кірерсің сонда күй шалқып.

Анаңның аппақ сүтінен,

Жұмақтың жұпар иісі аңқып», қалай бей-жай тыңдай аласың? Пенделік мұраттың ең биігі– иманның кәмілдігі десек Сары әулетінің үлкен-кішісі осы бір мұратқа ұмтылуды өздерінің ең бір асыл парызы санайтындай. Бұл Хақтың жолына, бабаның жолыына, атаның жолына адалдық емес деп айтыңызшы?!

Туыстармен бірге

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

журналист

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button