Сыр-сұхбат

Көке

ҚАЗЫБАЙ ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ профессоры

Қазақта ата-анаңның қадірін балалы болғанда, ағайынның қадірін жаралы болғанда білесін деген ұлағатты сөз бар. Оның растығын, ақиқат екенін, жоғарыда айтылған жәйттер өз басыңа келгенде түсінесіз, түйсінесіз, ойланасыз, кейбір жіберген қателіктеріңе өкінесіз.

Менің әкем, Жүнісұлы (Ержан) Құдайберген 86 жасында, анам Айбарша Құлманқызы 83 жасында өткен ғасырдың 70 жылдары дүниеден озды. Мен олардың мүмкін қазіргілер сенбес 17 кенже перзентімін. Жасым 70-ті еңсеріп,  80-нің сеңгіріне таянғанда, өткенімді зерделеп, ой елегімнен өткізсем, жұмыс басты пенде ретінде кейбір жіберген «Әттегенайларым» еске түседі. Соларды ұл-қыздарым, немере мен шөберелерім, жалпы жастар қайталамаса деймін. Менің «Көке» деп аталатын мақалам біразына ой  салар деген үмітімде жоқ емес. Ақ сүтімен асырап, ақ кенжем деп аялаған анам-Айбарша туралы тебіреністеріммен, толғаныстарымдыда ұсынбақ ойым бар.

 КӨКЕ

       Мен әкем Құдайбергенді көке деуші едім. Оның өткен өмірі мен тыныс-тіршілігі, адами қасиеттері мен қарақылды қақ жарған турашылдығы мен шыншылдығы, діни сауаттылығы, Кеңестік мектеп көрмесе де білімпаздығы, ақындығы жетпістің жетегінен өтіп бара жатқан мені бей-жайқалдырмады. Бір жағынан көкемнен бір мысқал кем туғанмын ба деген дүдәмал ойлар да мазалап, балаларым мен немерелерім аталарын – менің көкемнің қандай екенін білсе, мен туралы (яғни олардың көкелері) да кейін дұрыс бағаларын берер, біздерге ұқсап-бағуға ұмтылар деген ой жетегіндемін.

Кім әкесін жек көреді. Бірде-бірін қалдырмай, көкемнің жоғарыда аталған қасиеттерін әлім келгенше алдарыңызға жайып салып, өмір шындығымен тұздықтап дәлелдеп бермекпін. Бұл тек менің ұрпақтарым үшін ғана емес, жалпы келешегіміз – жастар үшін де тәрбиелік маңызы болар, ұрпақтар сабақтастығына септігін тигізер.

Көкем ақын Күдері Қожа Көшек- ұлының бесінші ұрпағы (Күдері – Қүлет – Дүрман – Нұртаза – Жүніс – Құдайберген). Ақындықты кәсіп етпегенмен, қолына қалам алса, қағаз бетіне жыр жауһарлары төгіле бере- тін. Көкем 1976 жылы 86 жасында анам Айбаршадан екі жыл бұрын көз жұмды.

Өткен ғасырдың 50 жылдарындағы ұжымшарларды ірілендіру кезіне дейін біз бұрынгы Тереңөзек ауданы, Қызыл жалау елді мекенінде тұрғанбыз. Ол кездегі көкемнің елге жасаған қызметтерін мен біле бермеймін. Естігенім көкемді Қызылту ұжым- шарына бастық етіп жібергені. Ол кезде Кавказдан шешендерді жер аударып жатқан болатын. Тағдырдың ауыр жүгін арқалаған осы халыққа да көкем қолынан келгенше жақсылығын аямаған сыңайлы.

Педагогикалық институтта қызмет етіп жүрген кезім. Бір күні үйге егделеу жасына қарамай екі беті нарттай, басында үлкен папаха, аяғында қонышты киіз етік киген ұзын бойлы шешен көкемді іздеп келді. Орыс тілін жетік білмейтін ол өзін Ибрагим деп таныстырды. Аң- таң боп тұрған көкемді құшақтап жылады келіп. Сырт киімін шешіп отырғаннан кейін мән-жайды сұрадық. Қазақстанға жер аударған біраз шешендер «Қызылту» ұжымшарына орналастырылыпты. Аш-жалаңаш, ауру меңдеген шешендердің біразы ажал құшыпты. Сол кезде есіме түсті. Ауылдың шетінде «шешендер моласы» деген жер болатын. Балалықпен оған онша мән бермейтінбіз. Сондай қиын кезде аштыққа шыдамаған шешендер біреудің сиырын сойып алады. Оған ызаланған қазақтар жиналып, шешендерді сабамақ болғанда көкем оларды ақылға шақырып, мән-жайды түсіндіріп, елді тарататын. «Бұл ұжымшар бастығы – Құдайберген екенін білдік»,- дейді Ибрагим.

Шай үстінде Ибрагим көкемді үш жыл бойы іздегенін, оның жақсылығын өмірбойы ұмытпайтынын егіле баяндады. Ибрагим аға арқылы кезінде ауылдағы мектепте бірге оқыған Аббас Магамадов есімді досымды таптым. Волгоградтағы Сталинград медицина институтын бітіріп, Грозныйға жақын жерде Гикало деген қалада түрады. Хат жазып, осы уақытқа дейін хабарласып тұрамыз. Ишкерияның телевидениесінде «Денсаулық» хабарын жүргізеді екен.

Ұжымшарлар ірілендірілгеннен кейін көкем қойма меңгерушісі- болып тағайындалды. Үйіміздің бір бөлмесі қойма ретінде пайдаланылып, қап-қап ұн мен ақталған күріш жиналды. Біреулер мүмкін сенбес, сол кезде біз жүгеріден пісірілген нан жеп отырдық. Себебі көкем ұжымшардың ұны мен күрішіне жолатпайтын. Ауылдан жырақта тұратын қой бағатын Рахия апам анда-санда бидай ұнынан нан пісіріп беріп жіберетін.

Көкемнің адалдығын жасы тоқсаннан асқан Тәнеш Оразов аға тамаша айтып отырады. 3-4 жылдан кейін Жаңабай Азаматов елге басшы болып келіп, көкемді мұраптыққа ауыстырып, қойма меңгерушілігіне Байжанов Сұлтан ағаны тағайындады. Ол кезде ес біліп қалған кезім. Сұлтан аға үйге келіп: «Қүдеке, кілттерді берсеңіз болды, қоймадағы дүниелерді өзім қабылдап аламын» дегенін естідім. 5-6 күннен кейін Сұлтан аға үйге келіп, көкеме ризашылығын білдіріп,  10 кг  күріш, 20 келі бидай ұнын әкеліп берді. Сұлтан аға өмірден өткенше көкеммен ағалы-інілі болып кетті.

Көкемнің өлең жазатынын да айттым. Бізге жетіп, баспа бетіне жарық көргені – Қазақстанның 25 жылдығында облыс ақындары айтысында оқыған өлеңі. Айтысты Нартай Бекежанов, Асқар Тоқмағанбетовтер ұйымдастырып, жүргізген. Айтыс қорытындысы бойынша ақын Үркімбаев пен көкемнің өлеңі жоғары бағаланыпты. Көкемнің бір әдеті шабыт келгенде бұрқыратып жазып тастағанмен, жатқа айтпайтын.

-«1939 жылы Жолдыбай ұлым әскери комиссариатқа барып, Армияға жарап келісімен ауырып, бір айдан соң қайтыс болды. Дәл сол кезде үйдегі қасқа бием құлынын тастады. Қораға кірсем, биенің екі көзінен жас парлап тұр екен. Баламның қайғысынан мұңға батқан жүрегім елжіреп, қағаз бетіне зар-мұңға толы өлең жолдарын тоғыттым. Бірақ есімде қалғаны: – Сен құлыннан, мен Жолтаннан айырылдым деген өлең жолдары есімде’,

-деп отыратын көкем. Қалтай (Қалиолла) Мұхамеджановтың әкесі Мұхамеджаннан (Қарамолда) 4-5 жас кіші болған көкем оның «Заман-ай» деген өлеңінің мәтінін толық білгенмен, аяғына дейін айтпайтын. Себебі осы өлеңімен «Халық жауы» атанып, атылып кеткен ағасы заңды ақгалмаған кез екенін есейе келе білдік.

Өткен ғасырдың 30-жылдары көкем екі рет Кеңес Үкіметіне қарсы үгіт жүргізді деген сылтаумен жарты жылдай қаланың түрмесінде отырған. Түрменің бастығы И.Шәріпжанов көкемнің досы болғандықтан, аты абақты болғанмен, еш қиналған жоқпын деп отыратын. Сол кезде түрмеге Тұрмағанбет Ізтілеуов жабылған. Оны қаланың шетіндегі бақшада жұмыс істейтін сотталған әйелдерге бригадирлікке қойған.

-Бір күні Түрекеңді уақытынан бұрын камераға қамап жатқанда не болып қалды деп шуластық. Камераның құлпын ашып жатқанда басқа камералардан шуласып жатқан біздерге Түрекең ойланбастан:

 

Қатындар қашты абаздан таң алдында,

Қашқанмен қашырған тең заң алдында.

Алдымда әйелдерден айрылған соң,

Қайтадан абақтыға қамалдым да! – деп суырып салып еді деп еске алатын көкем.

Көкемнің тағы бір ерекшелігі өмір бойы кітапты серік етіп кетті. Қалтай аға Мәскеуде оқып жүріп (ГИТИС), елге келгенде үйге міндетті түрде қонып, түнімен Батыс классиктерінің шығармаларын әңгімелеп беретін. Көп жыл жаңа базарға жақын Фурманов көшесінде тұрдық. Базарға кіре берістегі кітап киоскісінен жаңа түскен кітаптарды оқуға алып, газетпен қаптап, кірлетпей, Хадиша атты сатушысына оқып болған соң қайта өткізетін. Шынымды айтсам, мен көкем  оқыған кітаптардың оннан бірін де  оқыған жоқпын. Ол тек қазақ классиктері ғана емес, сол кезде қазақшаға  аударылған орыс, Батыс классиктерінің шығармаларын оқып шыққан-ды.

Көкемнің айтпауға болмайтын  тағы бір қыры қазақ азаматына тән көкпар, құс қайыру, тазы жүгірту, ат  жарату, аңшылық сияқты өнерлерді де жетік меңгеруі. Қазіргі «Қоғалыкөл»  ауылында Хан деген ағамен көкем  тазы жүгірту өнері арқылы ағалы-інілі  болып кетті. Біздің үйде Сұңқар,  Құмай атты тазылар болды. Олар үйге кіре берістегі көрпешенің үстіне  жататын. Түнде көкем өзі жатқан көрпені аяғымен көтеріп қалғанда, екі  тазы да көрпе ішіне жарыса кіретін.  Тазылары көбіне түлкі алатын. Айына  бір-екі рет түлкінің етін шала пісіріп  тазыларына жегізіп, асқазандарын  тазалап отыратын. Түлкінің өте қу аң екенін таңдана, тамсана айтатын. Тазы қуғанда түлкі қалың тоғай жағына ығыса қашатынын, қатты екпінмен  келе жатып кілт бұрылған тазыны  алдайтын. Есебін тауып, ініне кіріп  кететінін айтьп отыратын. Інгетығылған түлкіні індетіп келдім дегенде,  біздің сұрағымызға түлкі інінің әр  тарапты болатынын, сондықтан оның  шығар аузын тауып түтіндетіп, інді  түтінмен толтырып, тас жауып тастайтынын, тұншыққан түлкі іннің  аузына келіп өлетінін айтатын. Ертеңіне күрек-кетпенін алып, іннің аузын төмен қарай қағып, өлген түлкіні алып  келетін. Оның терісін тұтастайсылып  алып, илеп, иі қанған түлкінің терісін  өңдеп, қылшығын сыртқа қаратып іліп қоятын. Тымақ, құлақшын, күпі, байпақ жасауға кеңінен қолданылатын.

Көкем бізді адалдыққа, турашылдыққа, шыншылдыққа тәрбиеледі. Өтірікке жаны қас еді. Менімен  немере ағам  Хамит Әбенов Мәскеудің жоғары милиция мектебін бітіргеннен кейін Ақтөбе қаласында ОБХС-та (отдел борьбы против хищения социальной собственности) бірнеше жыл қызметте болып, Қызылорда  қаласының осы бөліміне бастық болып келді. Жаңа базардағы үйде бірнеше ай бірге тұрдық. Кейін Гоголь  көшесінен екі бөлмелі үй алып, сонда көшті. Жеңгем Майра Дунаева (кейін Абенова) қалалық әйелдер консультациясының меңгерушісі. Жаңа  пәтерге «Белорусь» жиһазын алғанын естіген көкем Хамит ағаны төтенше  жағдай болғандай шақырып алды.

-Көке, жайшылықпа? (Олағайда  көке дейтін) деп абдырап жетіп келген  Хамит ағаны тергеуге алсын. Алдымен өзінің, сосын Майра келіннің айлығын сұрап білгеннен кейін жаңа жиһаздың бағасын сұрады. Біраз үнсіздіктен кейін қатулы қабағы жадырай  бастады.

– Екеуіңнің айлықтарыңның мөлшері мына алған жиһаздарыңа  келеді екен. Рахаттарыңа тұтыныңдар, бірақ дүние қумаңдар-деп батасын берді. Хамит ағамның қызметтегі  адалдығын онымен қызметтес азаматтар осы күнге дейін тамсана айтады. Бұл да көкемнің тәрбиесінің ықпалы  болса керек.

Иә, көкем жайлы әңгімем көп. Жүністен туған ағайынды Ыдырыс, Құдайберген, Әбендердің ауызбіршілігін, адалдығын, білімдарлығын ел біледі. Ыдырыс әкем молда, діни сауатты, Абайдың қара сөздерін жатқа айтатын, ақындықтан да құр алақан еместі. Ыдырыс молда, Қүдекең айтыпты деген уытты, тапқыр сөздері ел аузында көптеп кездеседі.

Уақыт толқыны біздерді де біраз жерге алып келді. Күдеріден тараған ұрпақтар да өсіп келеді. Нарқасқалар өмірден өткенмен, олар жайлы ел аузындағы әңгімелерді медет тұтамыз. Ұрпақтарымыздың естеріне салып, болмасада ұқсап бағуға тәрбиелейміз. Бұл басқаларғада өнеге болар деген үмітіміз де бар.

 

//Сыр ардагері.-2015.-1 қаңтар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button