Екі естелік
ҮЛКЕН ТҰЛҒА, ШЫН ӘДЕБИЕТШI ЕДI…
Әсiлхан Оспанұлыны бұрыннан танимын. Түсiнiктi болуы үшiн әңгiмемдi басынан бастайын.
Мен Түркiстан ауданындағы Ащысай орта мектебiнде оқыдым. Жастайымнан ән мен күйге, жырға әуес болып өстiм. Өзiмше өлең де жаздым. Алғашқы «Жас кеншi» деген өлеңiмдi 1945 жылы «Оңтүстiк Қазақстан» газетiне жiбердiм. Басты. Кәдiмгiдей ақын боламын деп жүрген кезiм. Өлеңдерiмдi тағы жiбердiм. Сол жылы 5-6 өлеңiм шықты. Әсiлхан редакцияға жолданған өлеңдерге шолу жазатын. Сол мақалаларының iшiнде менiң атым жүредi. Менi мақтап, талантты жас ақын деп баға бередi. Мақтап қана қоймайды, менiң өлеңiмнен үзiндi келтiредi. Әлiшер Науайыға арнаған, бiрақ газет бетiне шықпаған өлеңiм бар едi, содан бiрнеше жол келтiргенi есiмде. Ол газет өкiнiшке орай өзiмде сақталмапты. Кейiн Шымкентке барғанда таныстық. Сонда Әсiлхан редакцияда әдебиет бөлiмiнде iстейтiн. Кейiн жазда менi газетке қызметке шақырды. Ол кезде Облыстық партия комитетi арқылы шақыратын. Соғыс бiткенмен де ызғары кете қоймаған, күн көру мүмкiндiгi қиын, жатақхана деген жоқ кез. Сонымен әнi-мiнi дегенше күз болып Алматыға оқуға кеттiм.
Оқуды бiтiрiп екi-үш жыл Мақтаарал жағында, Түркiстанда, Шорнақта мұғалiм болып iстедiм. 1953 жылы аспирантураға түстiм. Содан өлең тоқтады да, әдебиет тарихы мен теориясын оқып, ары қарай ғылыми жұмыспен айналысып кеттiм. Сол жылдары Әсiлханда аспирантурада оқыды. Мұхтар Әуезовтiң аспиранты екен. Қорғауы оңай болған жоқ. Уақыт өте тар едi. Тоталитарлық система ғой. Ол кезде әдебиет зерттеуде Социалистiк реализм ережелерiн ұстанып үстем тапты сынап, бiрыңғай қара бояу жағып, еңбекшi таптың мүддесiн қорғау мiндет едi. Дегенмен материалды екшеуде мақсаттылыққа үйрететiн өзiндiк жақсы жақтары да болатын.
Әсiлханның ғылыми жұмысы Қаратаудың ақындары Майлықожа, Құлыншақ, Мәделi, Нұралы, Ергөбек, Молда Мұса, Шәдi төре шығармаларын жинап зерттеуге бағышталған болатын. Ол кезде бұл ақындардың барлығы жабық тақырып. Себебi бiреуi қожа, бiреуi молда болса, ендi бiреуi төре. Мұхаң жарықтық кең ойлайтын адам ғой. Бiрақ басқа ғалымдар қабылдамады. 20-шы жылдардағы өлеңнiң ұмытылмаған кезi ғой.
Байларды, молданы,
Қойдай қу қамшымен!
Бұл өлеңдi 30-шы жылдардың пионерлерi де айтатын.
Содан Әсiлхан бiраз қиыншылық көрдi. Кездескенде халiн сұрап жүремiз, не болып жатыр деймiз. Қиын болып тұр деп жауап беретiн. Шынында да көп талқылаудан өттi. Жерлеспiз, iшiмiз, бүйрегiм бұрып көмектескiм кеп тұрады. Талқылауларға қатысып жүрдiм. Ол кезде бiрiккен ғылыми кеңес болатын. Тiлшiлер, әдебиетшiлер, өнершiлер әр тараптан болды. Олар қабылдамады. Жалпы өте қиын болды. «Ойбай, Майлықожа, Молда Мұса, Шәдi төре тап жауларымыз ғой!» деп тұра кеп қашады. Қашқандай болмаса да, тартынып қалады. Бiрталай еңбек еткен бұл да тартынып қалмады. Далаға тастасын ба еңбегiн?! Мен Әсiлханның мiнезiн бiлемiн, бiр сын айтылса соған жауап беруге тырысады қалайда. Кей жерiнде жауап бермеу керек, кейде ойланамыз деу керек. Сондай ғой, тәжiрибесi бар жiгiттер. Әсiлхан болса аяғына дейiн жауап берiп отырады. Сонымен бiз кеңес беремiз, сен бұл мiнезiңдi таста, қорғап ал. Еңбек өзiңдiкi, ешқайда қашпайды ғой. Мақұл дейдi. Талқылау кезiнде атып тұрады, ол дұрыс емес деп. Ойбай-ау, оларды жеңе аласың ба? Текетiрестi қой, талай еңбегiң босқа кетедi деймiн.
Ақыры қорғайтын күн де келдi. Қай жылы қорғағаны есiмде жоқ, Мұхтар Әуезов қайтыс болып кеткен шақ. Академик Iсмет Кеңесбаев Ғылыми кеңестiң басшысы, сол жүргiзедi. Бiрақ кеңесте көп адамдар бар. Өнер ғылымының докторы Ахмет Жұбанов, Қазақ педагогикалық институтында iстейтiн Мәлiк Ғабдуллин, Ғабит Мүсiрепов және бiраз адамдар қатысқаны есiмде. Осылардың iшiнде келе ғой деп тұрғаны аз едi. Сосын мен шарт қойдым. Мен қасыңда отырамын, жеңiңнен тартып қалсам қоя ғой. Уәде ме, әйтпесе менiң көмегiм жоқ. Уәде бердi, әрi уәдесінде тұрды. Қорғау басталып кеттi. Сол баяғы сұрақтар қойылады. Бұл немене, бұл панисламизмнiң қай жағында жүр деп небiр сұрақтар қойылды. Өздерiнiң исламнан хабары жоқ. Ислам туралы ұғым жоқ қой ол кезде, әбден жамандап тастаған. Содан қатты сөздер айтылған соң Әсiлхан қиналып кететiн болу керек, атып тұрады «мен түсiнiк берейiн» деп.
Мен қолынан тартам. «Ойбай, түсiнiк берiп оны бiр сағатта молда қыла алмайсың» деймiн сыбырлап. Содан отырады. Төрт-бес рет осылай тоқтады. Ондай жерде шатақ болып кетуi оп-оңай. Ой, бұл өзi ғылым жасамайды, ерегiсе бередi екен деп, келесi жылы қорғасын дей салады. Олардың несi кетедi, басы ауырып балтыры сыздап жатыр ма?! Кезекте диссертанттар көп…
Осылай қорғады ғылыми еңбегiн. Осыдан бiрнеше жыл бұрын оқыдым, сол кез туралы естелiгiнде мен туралы, қасымда отырып пайдасы тидi, жағдай ушығып кете жаздағандай қиын болып едi деп жазыпты.
Содан Әсiлхан Шымкентке қайтып кеттi. Педагогикалық институтта көп жылдар бойы ұстаздық еттi. Пединституттағы жiгiттер айтып жүрдi: «Әсiлханның мiнезi қисық-қыңыр, өзiндiк бiр пiкiрi бар» деп. Мен сонда оларға «ондай-бұндай дегенше, уәждерiң болса соларыңды айтыңдар» деп жауап беретiнмiн.
Айында-жылында Шымкентке барған кездерiмде кездесiп жүрдiк. Бiрақ, республикалық газеттерге шыққан мақалаларын оқып тұрдым. Сосын кейбiр шықпай жатқан мақалаларын «материал тоқтап қалды, жариялануына көмектес» деп хат жазатын. Мен газеттерге барып, «айналайындар-ау жергiлiктi автордың мақаласы жатып қалды ғой, бассаңдаршы» деп әлiм келгенше көмектесуге тырысатынмын. Менде талай хаттары жатыр. Риза болған кезде көлдей ғып хат жазатын едi. Баяғыда Майлы туралы мақала жазғанымда «кемеңгер ұлы ақын» деп өзiң ғана айттың деп риза болып үлкен бiр хат жазған. Ол да үйде жатыр.
Әсiлханның әдебиеттiң iздеушiсi, жанашыры, табанды қайраткер екенiн бiлетiнбiз. Мынадай қасиеттерi бар едi. Бiрiншiден – өзiнiң көзi жеткен шындықты айтқысы келетiн, айтатын, айтпай тұра алмайтын да. Оны мойындамаса екiншi рет мақала жазатын. Мiне бұл адамға керек, ғылым адамына керек қасиет. Мақсаттылығы бар едi. Мақсаттылығы дегенiмiз мынау, Майлықожаны шығарамын деген. Ақыры шығарды ғой. Тағы бiр қасиетi – қазақ көлемiндегi тақырыптарды алаламайтын, шын әдебиетшi осындай болуы керек.
Әсiлханның потенциалдық шеңберi өте кең болатын. Бұл жағынан алғанда менiңше Әсiлхан толық ақтарылған жоқ, оның өзiндiк себептерi жетерлiк. Әсiресе, замандастары жағынан Әсiлханды түсiну жетiспедi.
Он мың адам жұмылса да, iске асыра алмайтын жұмыстарды атқара алатын адамдар болады. Әсiлхан Оспанұлы сондай азамат едi. Менiмше Белинскийдiң «бұл дүниеге үлкен идеяны iске асыру үшiн келетiн тұлғалар болады, «для претворения идеи надо родиться»* деген сөзi, өмiрiнiң өзi нақты мақсатқа бағышталған Әсiлхан Оспанұлы турасында айтылған секiлдi.
Рахманқұл БЕРДIБАЕВ, профессор,
Қазақ Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесi.
КӨКЕМ – ӘСIЛХАН ОСПАНҰЛЫ
Бiз, Әсілхан Оспанұлының бел балалары, үйде әкемiздi ескiше «көке», шешемiздi «жеше» деп өскенбiз. Бұл баяғыда iнiлерi ағаларын «көкелеп», олардың алған қалыңдықтарын «жеңеше» дегеннен, сосын жас жұбайлардың өздерінен туған балғын балалар үлкендердiң аузынан үйреншікті атауды іліп алудан қалыптасқан байырғы қазақи дәстүр. Сол себепті бұдан ары мен әкемдi сол өзiме үйреншiктi «көке», ал анамды «жеше» деп жазуға көшемiн және мұнымды оқырман дұрыс түсiнер деген ойдамын. Тағы бiр ескерте кететiн жай, ол, осы жазғаным көкем туралы жеке өз естелiгiм болған соң әңгiмем сәл бiржақты баяндалуы мүмкін.
Әрине, көкем туралы айтарым жеткiлiктi және оның бәрiн тiзбектей берсем жеке бiр кiтап болып кетері сөзсiз. Бiрақ, мәселе естелiктiң көлемiнде емес, құндылығында. Сол себептi, көп нәрсенi шегеруіме тура келедi. Алла-тағала нәсiп қылса мұнда кіргізбеген жерлерін кейiн тағы бiрде толықтырып басып шығарармын. Ал ендi «бiсмiллә» деп баянымды бастайын.
Менің көкем 1924 жылдың көктемінде туылып 2005 жылдың маусым айында, 82-ге жасқа қарағанында дүниеден озды. Алайда, ресми құжаттарда 1927 жылы туылған деп көрсетілген. Оның себебі, 30-шы жылдардағы ашаршылықтың кесірінен тамаққа жарымаған, аш құрсақ боп өскен көптеген өзімен қатар балалар секілді бойы өспей қалып Ұлы Отан соғысына шақырылғанда, әскери дәрігерлер комиссиядан өткізерде оның қан майданға аттануға құлшынып тұрғанын көріп, «жасыңды өсіріп жазған бозбаласың ғой» деп, қайтарып жіберген екен. Содан Оспанқожа атамыз әскери комиссариат берген құжатқа сүйеніп көкеме 1927 жылы туғаны жөнінде жаңа куәлік алып беріпті.
Мектеп табалдырығын 11 жасында аттаған көкем сауатын ашқан соң, оқу-бiлiм қуып журналистік қызметпен айналысқан, бірақ онысын қанағат тұтпастан аспирантура түсіп ғылым жолына ауысқан және осы жолда қиындықты мол көрген адам болатын. Ғалым боламын деп Шымкенттегі бес-алты баласын қартайған ата-анасына тастап оқыған. Сонда атам мен апама сәл болса да жеңiл болсын деп, ең үлкен әпкем Шәбәу (Шаһарбану) мен ағам Нұралыны қасына мектеп-интернатқа орналастырып та алған. Бiрде жешемнiң аяғы тағы да ауырлап қалғанынан құлақдар болған бiр-екi жақын «жанашыры»: «Онсызда бес балаң бар, тағы бiреуiн қалай жеткiзесiң, одан да алдырып таста» деп қолқалапты. Себебі, сол жылдары Нариманов көшесінің бойындағы «Роща» аялдамасының жанында жаңадан үш қабатты перзентхана салынып, аборт деген мода пайда болған екен. Шынымен жандары ашыды ма, әлде аборттың қандай болатынын бiлгiлерi келдi ме, әйтеуiр бiр күнi әлгi екеуi қолтықтап алып жешемдi іштегі баланы алдыртуға жетелеп апарыпты. Сонда жешем жол-жөнекей ары ойланып, берi толғанып, қой, перзент тек менiкi емес, алдымен әкесiне бiрауыз айтайын деп райынан қайтып, әлгiлердiң небiр уәжiне көнбей керi бұрылыпты. Содан көкеме хат жазып кеңесiн, рұқсатын сұрапты. Сол хаттан хабардар болған көкем, көп ұзамай Шымкентке жетiп келіп: «Оразкүл, бала деген құдайдың берген сыйы ғой, алдырам дегенiң не сұмдық? Керек болса мен аспирантураны тастап, жұмысқа қайта кiрiп сендердi асыраймын» дептi. Сосын ақылдаса келе, онсызда алдыруға бата алмай, шырғалаңға түсiп жүрген қайран жешем баланы тууға бел байлап «не қиыншылық көрмедiк, тағы да сәл шыдап-бағалық, оқуыңнан қалма» деп көкемдi Алматыға қайта шығарып салыпты. Уақыт-сәтi келген соң жешем аман-есен босанып тағы бір ұл табады. Сол ұл – мен боламын.
Балдай тәттi балалық дәурен артта қалғаны неше заман, бiрақ сол шақтың тiл үйiрер тәттi дәмi әлi де тарқалған жоқ секілді. Мұның бiрден-бiр себебiн, көкемнің бірде-бір баласын сегiзге толмай мектепке бермегендігінен көремін бүгiндерi. «Балалық шақ бiр рет берiледi, ойнап қалсын, құмары қансын» деп ерте бермейді екен сонда біздерді. Шымкент қаласының қақ ортасында өскен біздің қорада не ойнап жатырсыңдар, үйдесiңдер ме, әлде түздесiңдер ме, ертелеп кеттiң бе, не түн қатып қайда жүрсiңдер деп ұрыспақ түгiлi, сұраған емес. Мүмкiн алдарында ағалары бар ғой деп уайымдамайтын да болар, әлде ол кезде заман тыныш пе едi, анығын бiлмедiм. Бiрақ, ойыннан кенде болмағанымыз рас. Қайта қанша тарығып, қысылып жүрсе де әрқайсымызға ойыншық әперуге тырысып бағатын. Әсiресе бірнеше рет өте қымбат тұратын, батарейкамен жүретiн немiстiң екi вагонды паравозын темiр жолымен қоса әпергенде, қорадағы балалардың бәрi қызғаныштан өле жаздағандар кездері есiмде.
Мен және менен кейiнгi екi iнiм, Серәлi мен Қанәлi, көкемнiң аванс немесе айлық алатын кезiн сағына күтетiнбiз, себебi сол күнi ол сүтiн тамыза балмұздақ көтерiп келетiн. Ондай уақыттары балмұздақ жеген бiз бақыттымыз ба, әлде мәре-сәре болған бiздi тамашалаған әкемiз бақыттырақ па, оны айыру қиынға түсетiн. Көкем өте балажан кiсi едi. Баланың жылағанын көтере алмаушы едi әсте. Бiреумiзге өмiрi қол көтерген адам емес. Жешеміз де ары барса кейітін де, теріс бұрала беретін. Біз үшін жазаның бұдан ауыры болмайтын.
Өз басым әлсiздеу, аурушыл болып өстiм. Қызылшасы болсын, дезинтереясы бар ма, одан қалса сарыаурудың екi түрiмен ауырғанмын. Менiң көп ауырғанымнан ба, әлде iнiлерiм тым жастау бала болғасын болар, көкем менi қасына алып жататын. Содан бауыр басып кетiп, онсыз ойнамақ түгiлi, ұйықтай алмайтын күйге түскенмiн. Оным аздай, подъезде шалбарының балағына жармасып, я костюмiнiң жеңiнен жабысып жұмысқа жiбермей, бажылдап жылайтынмын. Далада жүрiп, қашан келедi деп сағына-сарғая күтетiнмiн. Келте жең клеткi көк көйлегi қылаң бере ойынды тастап «көкелеп» тұра жүгiретiнмiн.
Келе-келе мектеп жасына да жетiп, оқуға бардым. Осы орайда айта кететiн бiр нәрсе, басқа бауырларымды қайдам, өз басымдағыны айтам, көкем не оқып жатырсың, ол сабақ па, әлде басқа кiтап па, одан қалса оқуым қалай деп мазалаған емес. Анда-санда ата-аналар жиналысына барғаны болмаса, мынау не баға деп-те шекесiн тырыстырмайтын. Есіне түсіп күнделік тексергенде нашар бағаларды көрсе болар-болмас кейiген сыңай танытып, басын шайқайтын да, бәрi баз қалпына қайта түсетiн. Бiлмеймiн, мүмкiн бұл дұрыс емес те шығар, бiрақ бұл бiздiң болашағымызды ойламағаннан деуден тiптен аулақпын. Себебi, оны кейiндері бiз шетiмiзден есейе келе, бүйрегiмiздiң неге бұратынына қарай қолынан келгенше жәрдемiн беріп отырғанынан оңай аңғаруға болады. Мысалы, менiң сурет салуға құштарлығымды байқап, 8 сыныптың басында көркемсурет мектебiне апарғаны бар. Бiз онда келсек бiрiншi тоқсан бiтіп, оқушы балалар бiраз пәндi игерiп, өз туындыларын дуалдарға іліп «просмотр» деген емтиханды тапсырып жатыр екен, тура соның үстіне түссек бола ма… Ол аз дегендей завуч кісі жазда емтихан тапсырмаса, конкурстан өтпесе, бiз қалай қабылдаймыз деп көкеме дес бермегенi. Сонда жүрексiнiп, кетуге асығып тұрған момын мінезді менi көкем жетектеп барып директорге кiрдi. Әңгiмелестi. Сосын барып аққұба келген, инабатты, жылуарлы Маргарита Павловнаның: «Уайымдамаңыз, балаңызды аламыз. Ағасы, үлкен балаңыз Бердалы бiзде жақсы оқыған. Сiздердiң жанұяларыңыздан жаман бала шықпайды-ғой, iлiнiп кетер. Дарынды болмаса, үйге қайтып аларсыз» деп, кабинетiнен шығарып салғаны әлi күнi жадымда. Ол директор әйел де бiр тамаша кiсi екен, бiрде мені арнайы шақыртып: «Папаңа айтып бар. Көп балалы екендiгi жөнiнде справка алып, сенен берiп жiберсiн. Сол қағазды әкелсең оқудың төлемақысы екi есе арзандайды» дедi. Айтпай-ақ қойса несi кетер едi? Жоқ, нағыз адамгершiлiгi мол азамат едi ол орыс апайымыз.
Содан суретшiлiкке жайлап икемделе бастадым. Көкем болса мектепке бергенiмен қоймай, алақандай, он адамның күнi қараған 180 сом айлығынан үзiп, үзiп емес-ау қопара жұлып 10-15 сом тұратын жуан-жуан өз заманында өнерi асқан суретшiлердiң кiтаптарын әперiп жүрдi. Ол дүниелердің қадiрiн бiлетiн мен жоқ, көзiнiң алдында бiр ақтарып көрiп, өтiрiк қана тамсанған боп, кейiннен жылдар бойы қолыма алмағанымды есiме алсам, бүгiндерi өзім ұяламын. Бiрақ, көкем де көптi көрген кiсi ғой, менiң санама жас көздерiм арқылы сол кiтаптардағы көріністер бiржолата сiңiп кететiнiн бiлiп әперген болуы керек. Қәзiр ондай кiтаптар сирек ұшырасады және олар бүгiн нағыз таптырмас басылымдар болып табылады. Кейбiрде, сол кiтаптарды соншама сомға сатып алғанда, айлығынан артылған санаулы ақшаны бәрiмiздiң тамақ-киiмiмiзге қалай жеткiзем деп күйбеңдеген қайран жешемдi не деп жұбатқан екен деп те ойланып, таң-тамаша қаламын.
Көкемнiң тағы бiр қасиетi кiмге болсын қол ұшын беруге әрдайым дайын тұратындығы болатын. Бiрде, көшеде, айтуынша ақшасын алдырып жолда қалып, ауылына жете алмай жүрген жасөспірім бiр қызға соңғы ақшасын берiп келгенi. Ол алдаған шығар десек, мекен-жайымызды жазып бердiм барғаннан соң аман-есен жеттiм деп хабар бередi деп бiздi жұбатқаны. Ақыры ол қыздан жауап болмады, бiрақ көкем талай уақыт сол қызды аяп, жеттi-жетпедi деп уайымдап, аузына алып жүрдi. Бала ғой, көңілі жайланған соң хабар берудi ұмытып кеткен болар дейтiн сол мезеттері.
Бұл оқиғадан әлде қайда бұрын мынадай бір оқиға орын алғаны бар. Бір қартайған малшы көкемді іздеп келіп қойшы баласының колхоздың малын ертерек қайырып өз үйіне келгенінде әйелі біреумен төсек тартып жатқанының үстінен шығып қалып, бұл жайдан намысы қозып, мылтықпен арсыз жарының ойнасын сол жерде атып тастап, содан соң сотталып, өзі де ату жазасына кесілгенін баяндап, журналист ретінде араша түсуіне жылап-сықтап жалынады. Көкеме келуінің себебін, оған бір кісі «сізге жәрдем бере алса, тек осы жігіт қана бере алады» деп айтып, содан сандалып іздеп келген екен. Сонда көкем советтің салмақты 10 сомынан артық ақшаға Қазақ ССР-інің бас прокурорының атына бір құлаш жеделхат – телеграмма жолдапты. Көп ұзамай ең ауыр қылмыс жасаған – адам өлтірген қойшының қылмыс ісі қайта қаралып, оны 15 жыл бас бостандығынан айырып, жаны аман қалыпты. Мен көкемнен неліктен мұндай ұзақ жеделхат жібердіңіз деп сұрағанымда, ол «бір құлаш телеграмма көзге бірден ерекше көрініп прокурор хатшысының назарын баурап, сол себепті оны суырмаға сала қоймас деп жібердім» деп жауап берген-ді. Сол ойы рас келді. Ал «әлгі іздеп келген кісі жұмсаған 10 сомыңызды қайтарып берді ме?» деп сұрағанымда, көкем маған таңырқай қарап «ол адам бас қайғысымен құса боп жүргенінде, одан ақша сұрағаным нағыз иттік болар еді, балам» деп жауап қатқан-ды.
Тағы бiр жылы Ұлы Отан соғысы барысында Иран елінде тұтқын болып қалып қойған бiр сексеннен асқан кәрияның, өзінің есінде көмескіленіп қалған естеліктері жазылған іздеу салған хатын сонда қыдырып барған шымкенттік бір келіншек көкеме әкеліп беріп «Әсеке, мына кісінің руы қожа екен, мүмкін танып қаларсыз» деп тапсырғаны бар. Көкем не ол байғұсты, не туыстарын білмейтінін айтып, сонда да «үмітсіз – шайтан» деп облыстық газетке іздеу хатты жариялап, ақыры арманда жүрген отандасымызды Ленгiр жақта тұратын туған-туыстарымен қауыштырып, өзiнiң де мәре-сәре қуанышқа бөленгені есімде. Мен сонда бұл ирандық боп кеткен қандасымыздың жасы 84-те болса, тек өзінен жасы үлкен ағасы мен жеңгесінің есімдері ғана есінде қалған болса, олары да қазіргі күні әлде-қайда ұлғайып кеткен Ленгір қаласының ішіне еніп жоқ боп кеткен кішкене бір ауылда тұрған болса, басқа бір ағайындары қайдан табылар деп өте күмәнді болғаным әлі есімде. Алайда сансыз газеттің бірінде басылған жарты алақандай-ақ кішкене хаттың арқасында туған елін аңсаған кәрияның ағасының ұлы табылып, ол біздің үйге арнайы іздеп келіп көкеме бар білген алғыстарын айтып, өле-өлегенше қарыздар екенін айтып қуаныштан жылап кетсе бола ма! Кетерінде шетелге бара алатын төлқұжатын дайындап жатқанын, жуырда екі-үш ағайын болып Иранға аттанбақ болып жатқандарын айтып менің көкемнің көңілін көл-көсір етіп тасытқаны-ай сол жолы… Айта берсең көкемнің ондай, жол-жөнекей iстеген жақсылықтарын айтып тауыса алмайсың. Осыған орай көкемнiң жиi-жиi қайталап отыратын бiр мәтелiн келтiргiм келiп тұрғаны. Көкем, реті келгенде: «Турамыштай болса да – туысың болсын» деп айтып отыратын.
Көкемнің және бiр айта кететiн ерекше қасиетi – ол ешкiмдi жамандыққа қимайтын. Күйiп пiсетiн, өкпелейтiн, одан қалса қатты ашынатын, бiрақ ақыр-соңы ол адам абайсызда, ойламастан айтты, я болмаса құдайдан басқаның бәрiнiң басында бар пендешiлiгi ұстап қалды ғой деп аяп, мүсiркейтiн де, қоя салатын. Көкем өте кешiрiмшiл жан едi. 1987 жылы Мәскеудегі Компартияның Орталық Комитеті бүкіл халқымызға «казахский национализм» деп қара күйе жаққанында бүкiл бiр институттiң қазағы жапалақтай жалтақтағанда, бiр өзi қасқайып тұрып бұл миға симайтын озбырлық, қате қаулы деп жалғыз өзінің шарқ ұруы және сол уақытта өзі секілді «жылы» орнынан тік тұрып, өзіне дем салар, арқа сүйер бірде-бір азаматтың табылмағанына қатты қапаланған болатын. Жоқ болмады емес, бар болды, бірақ намыстары борланып шетінен ішiнен тынып, сырт көзге көрсетпей оны қолдағандары әсіресе жанына батты… Ақыры белгісіз бір жоғары лауазымды партия қызметкерінің «доцент Оспанұлын коммунистік партия қатарынан шығарып, жұмыстан айдау керек» деген институт ректоры Омаровқа тізесін батыра жасаған өтінішінен кейін, көкем зейнетке шығып кетуге мәжбүр болған-ды. Бiрақ, кейiндері сол қысылтаяң шақта тым-тырыс қалған қызметтестері жайлы «оларды да түсiну керек, бала-шағалары бар ғой» деп біздің алдымызда барынша қорғаштап отыратын еді.
Кейбiр кiсiлер көкемдi ашушаң, қатал мiнездi, шап ете қалатын, ол аз десеңiз «ұлтшыл» едi деп, тіпті оларын ашық та айтып жүретін. Бiрақ, соның бәрi де елім деп намыстанып, жиған-тергенін, оқып-бiлгенiн, жазып-түйгенін қалайша бүкiл қазақ халқының мүддесiне жаратамын дегеннен туды десем, ол кiсiнi бiлгендердiң көпшiлiгi мұнымды мақұл көреді деп ойлаймын. Әншейiн ата-анасынан қожа болып туғанының өзiн кемсіткен, Майлықожа ақынды өзi сияқты қожа болған соң ғана зерттеп жүр деген алып-қашпа әңгімелерді қайта-қайта естіген сайын, қашанғы құр жымиып отыра берсiн? Ал сонда қоңыраттың саңғылы Құлыншақты, жетiмдер руынан шыққан Молда Мұсаны, немесе Ергөбек, Нұралы сынды «таза қазақ» ақындарды мейлiнше толық жинап елге мұра еткенi осы жәми-қазақтан басқа дүниеде кiмге керек?! Соны қатар жасаған қаламдас ғалымдар неліктен түсiнгісі келмегенін мен әлі күнге шейін түсіне алмаймын. Тіпті, «Әй, қаладағы көшелердiң бәрiне қожалардың атын берген кiсiнiң баласысың ба?» дегендi де естiгенiм бар… Онысы Мәделiқожа мен Майлықожаның есiмдерiн екi көшеге бергiзгенiн меңзегенi едi ол өзiн ақынмын деп санаған ағамыз. Ал сол кезде, анау қаланың қақ ортасындағы Рубейнштейн көшесiне Ахмет Байтұрсынұлының есiмiн берейiк дегенде «орыс жұртының өкілдері бұдан секем алып, арты дауға айналады» деп ономастика комитетінің кейбір мүшелері жүрексінген соң, көкем студенттердi ұйымдастырып, оларға сол көшедегi үйлердiң қораларын аралатып сонда тұратындардан «Рубенштейн кiм екенiн бiлесiз бе? Жоқ? Ал мына кiсi қазақтың ұлы әдебиетшiсi, елiмiздің қамын жеп «халық жауы» атанып жазықсыз жапа шеккен кемеңгер» деп түсiндiрiп үгіт жүргізіп, қазақтың көшесiне таза қазақтың атын бергiзгенде әлгi «қазақпын» дейтiн жайсаң жандар қайда жүрдi екен? Солар сияқты «таза, табиғи» қазақтардан әбден ығыры шыққан көкем кейiнгi кездерi «осы қазақ-қазақ дей, шашым ағарды» дегендi жиi айтып жүрді. Сол, елдiң намысы үшiн талай мәрте жанкештi болған көкемнiң жолын өмiр бойы кес-кестей бергендердiң бүгiн қайсысының атын атағанда «ұлтшыл» дей аламыз? Шындап келгенде олар «ұлтшыл» түгiлi ұлтжанды деуге жарамайды емес пе? Күнi кеше ғана «Ұлы партияның өлмес-өшпес ұлы iстерiн» малайдан бетер атқарғандардың есiмiмен көше-көшенi атап балаша мәз болған, рушылдықтың иткөйлегiн қамқа тон көрген бүгiнгi «тектiмін» деп тоқмейілсіген қазақ қандастарынан ертең ұлтжандық ой, iс-қимыл шығады дегенге өз басым ешқашан сенбейдi.
Көкем бiздiң, балаларының, кiшкентай ғана қуанышына ортақтасып, титтей нәрсеге қол жеткiзсек мақтап, арқадан қағатын, сүрiнсең жебейтiн. Жебегенде құр әншейiн аяғанын бiлдiргенi емес, рухтандырып, қайраттандыруға тырысатын. Бiрде, мен 8 класты бiтiрiп бес емтиханды қатарынан тапсырып жүргенiмде, мынадай бiр оқиға болғаны бар. Соңғы екi-үш жылда физика, математика, химия сияқты пәндер миға қонбай-ақ қойып, әйтеуiр садақа iспеттес «3»-тердi iлiп алып, қайтсем мектептен кетсем деп жүрген кезiм болатын. Тiпті мені тік тұрғызып қойып бүкiл класқа дауыстап «кетем» деп уәде бергiзген физика пәнінің мұғалимасы Саргелова апаймен пәтуаға келген күндерiм-ай, бүгiн есiме алсам күлкiм келедi.
Сонымен тиiстi күнi алгебрадан емтихан тапсыруға барайын. Кiре алмай соңына таман iлбиiп апайдың алдына келдiм. Қолыма iлiнген билет, тура менен бұрын Гүлсая деген (екеумiз бiр партада отыратынымызды қайтесiн!) жақсы оқитын қызға тиiп, ол «5» алып шыққанды. Мен боса да «2» алдым. Мүмкiн үшке де iлiнер ме едiм, бiрақ бiраз балалар сияқты мүләйiмсiп, жылтыңдап: «Апайшы, апай! Оқыдым, бiрақ тiлiмнiң ұшында тұрғанды айтамай тұрғаным» деп сызыла сөйлеп, өтiрiктi сықпыртамадым. Оның орнына «апай, алтыншы кластан бастап қанша тырысып бақсам да, физика-алгебра дегендерiң миыма қонбай қойғаны» деп ағымнан жарылайын кеп…
Ақыры сүмiрейiп Тургенев көшесiнiң бойындағы үйге қайтуға тура келдi. Оспанқожа атам салған «қылкөпiрден» зорға аттап, үйге беттедiм. Жешем «қаралы» хабарды естiп асан-қайғыланды. Алдымдағы екi ағам сүрiнгенiм аздай, «Бәрекелдi, қас қарайғанша доп теп, ауқаттан қалып асық ойна» деп жығылған менiң желкемнен нұқып, дуалы ауыздарымен жерге жығып әбден сүйрелесiн-ай кеп… Сөз сүйектен өтедi дегендi сол жолы көрдiм, жiлiкмайыма шейiн барды. Әсiресе жешемдi жылатқаныма қайғырдым. Тура артымдағы екi кiшкентай бауырым болмаса жерге де кiрiп кетер едiм, солар анау екеуiне сездiрмей, демегендерi ғана жер бетiнде қалдырды. Ақыры ала сиырды жетектеп, үш-төрт жыл бетiн ашпаған оқулықты бiр күнде меңгеруге кiрiстiм. Қайдағы, екi көзiм кiтапта болғанымен, есiл-дертiм көкемнiң көзiне қалай қараймында. Мiне кеш те келiп, келер уақыты болды-ау дегенде, сиырды жайлап көпiрге таман жая бастадым. Ондағы ойым әлгi «екiнi ерттеген ерлiгiмдi» жұрттан бұрын өз аузыммен жеткiзу. Бiр кезде көшенiң басынан көкемнiң сұлбасы көрiндi-ау деймiн. Әбиiр боп «сүйiншiлейтiн» шабармандардың бiрi маңымда болмай, көкем көпiрден өте бере алдынан қиғаштай шығып ауылдың бұралқы қаншығындай, етек-белiне дегендей, орала кеттiм. Көкем, жарықтық, бетiмнен шөп еткiзiп: «Айтпақшы, емтихан не болды?» деп жөнiмдi сұрады. Мен, амалсыз жер шұқып, «екi алдым» деп әзер үн қаттым. Сол кезде ол: «Жә, не болды соншама қайғы жұтып? Нәйетi мектепте алсаң алыпсың да, мен университетте оқып жүрiп «2» алғанмын! Мiне қара, маған түкте болғаны жоқ. Қазiр өзiм институтта студенттерге «2» қойып жүрмiн. Апайың қайтадан тапсыратын күнiн белгiледi ме? Ертең бе? Онда бар да, жақсылап дайындал, шырағым» деп арқамнан сипап, үйге беттей бергенi…
Мұндай сөздерден соң мен қалай шабыттандым десеңiзшi, сол кеште-ақ алты билеттi жаттап алдым. Келесi күнi сол алдыма жалыға жайылған үстiңгi алты билеттiң бiрiн алып, жаттағанымды тақылдап айтып бердiм. Апай: «Көрдiң бе Оспанов, миыма қонбайды дейсiң. Кеше өстiп айтып бергенiңде «бес» демей-ақ қояйын, кем дегенде төрт алатын едiң» деп мәз боп қалды. Сосын оның бағаны қойып болғанын күттiм де, «үшiмнiң» сиясы кебер-кеппес: «Апай, осы кешегi күнi талай бала бiлетiн едiм деп өтiрiк айтып едi, оларға үш қойып бердiңiз. Ал мен шынымды айтып едiм…» дей берiп едiм, апайымның әп-сәтте түрi бұзылып кетiп: «Түй, осы бiр шыншыл Оспановтардан құтылмай-ақ қойдық ғой!» деп шыға келгенi…
Шыншыл демекшi, бұл жерде мен бiрiншi рет өз отбасымызға қатысты айтылған осы бiр сөздi естiгенiм едi. Кейiн маған шышшылдықтың жақсы мен жаман жерiн көкемнiң өмiр бойы басына түскен талай ауырпалықтарынан сан рет сабақ алу да бұйырды. Әсiресе, 1986 жылғы желтоқсаннан кейiн бiраз нәрсенi шындап ұғындым. Сол жолы көкеме өмiр-бойы сүйенiш-тiрегi болған жешемде шағылып, үрейлене «сен жасарыңды жасадың, мына балаларыңның жолын кеспесейшi» деп уайым-қайғыға батқанын ешқашан ұмытпаймын.
Көкем бейнелеу өнерiн терең түсiнбесе де, ұнатқан нәрсесiн жиып сақтап, келгенiмде алдыма тартып отыратын. Осы да сурет бопты ма десем, көкiрегiң көтерiлiп кетпедi ме деп күлетiн. Мен уәжiмдi айтқан соң, көбiнше құптап қоя салатын. Бiрақ, әсте-әсте республикалық байқауларда жеңiп, жеке көрмемдi өткiзген соң, онша-мұнша тiрлiктерiмдi қозғай бастасам болды, осы сен мақтаншақтау болып барасын деп жақтырмаған кейіп танытатын. Және соңғы жылдары мұнысы жиiлей бастаған-ды. Болмашы сөз – ананы үйiттiм, мынаны бүйiттiм десем болды, еститiнiм осы болды. Мен, баласы болған соң қуансын десем, осылай өзiнше менi тежеп, сабама түсiргiсi келгенiн түсiнсем де, кейде көңiлiме де тиiп қалатын. Кейін түсіндім, расында да бір жағынан мен тәкаппар болып кетпесін, екіншіден мұнысы тіл-көзден сақтағысы келгендігі екен.
Көкем ғылымнан басқаға онша жоқ адам едi. Үйдiң күнделiктi тiрлiгiне араласқанын, құда-жекжаттық ара қатынастарымен айналысқанын саусақ санап айтуға болады. Жиын-тойларға көбiне амалы жоқтан, барғысы келмей тұрғанын жасырмастан, тiптi мүмкiншiлiгi болса басқаларды жiберiп құтылуды жөн көретiн. Бiрақ, қазақтың «тойдан қалсаң қал, өлiмнен қалма» деген қағиданы берiк ұстанатын. Балға алып шеге қаққанын да көрген емеспiн. Ұсталық, шеберлiкке тiптен бейiмi жоқ болатын. Ерте көктемде бiраз жер аударысқаны, әлде балтамен самаурынға кiшкене ағаш жарғаны болмаса, я жазда немерелерiне өрiк сүйегiн шағуға қолына зат алмаса, әншейiнде құрал-сайман ұстағанын көрмейтiнмiн. Ойлап қарасам көкем өмiр бойы, өзiнiң кiтап-қағаздарынан ажырамауды барынша көксеген сияқты. Қайда отырса да қиқым-сиқымды терiп отыратын. Ондағысын түсiп қалған нанның уағы болуы мүмкiн, обал ғой дейтiн. Жалпы, бүгiндерi ұмытылып бара жатқан «обал» деген мағынаны, құтты Оспанқожа атам сияқты қатты ұстанатын.
Тамақ пiсiруден дегеннен тiптi бейхабар болатын. Бiрде, мен көркемсурет училищесін бiтiрер жылы, үйдегiлер атамнан қалған үйде, ал бiз екеумiз орталықта бiраз уақыт жалғыз тұрғанымыз бар-ды. Кешкiсiн келсем үйдiң iшi бiртүрлi сасып кеткен, асхананың есiгiн ашып жiберсiм түтiнге тола. Газплитаның үстiнде қарайып кеткен темір ожау ішінде бiрнәрсе бықсып жатыр. Үңiлiп қарасам әбден күйiп, қарайып, үгiле бастаған екi-үш жұмыртқа екен. Тез отын өшiрiп, төргi бөлмеге кiрсем көкем жайбарақат кiтап қарап, бiрнеме жазып отыр. Жаңағыны айтсам «Қарным ашып кетiп, жұмыртқа қайнатып жейiн деп едiм» деп жымиды. Күйiктiң иiсiн сезбегенiнiң сыры – иiс атаулыны еш сезбейтiн. Жаратылысынан солай туған болатын. Күлдiм де, басқа тамақ дайындауға кiрiсiп кеттiм. Тағы бiр жолы менiң жешеме жәрдем берiп асханадан шықпайтынымды байқап, шақырды да «қазан-ошаққа үйiр болма, ол қатындардың тiрлiгi» дедi. Сол сөзді айтқан күннен көп ұзамай үйде ешкiм болмай қалып, маған тамақ пiсiр деп тапсырды. Сонда мен, өзiмше тоңқылдаған боп әлгі сөзiн алдына тартсам, күлiмсiреп «неткен кекшiл едiң» деп орнынан тұрып асханаға беттесiн кеп, зорға дегенде алдына қайта түсіп алдым-ау.
Әр әке өз балаларына үмiтiн артады емес пе? Ол үмiттер де әртүрлi, әрқилы болып келедi. Көкем басында менен жақсы мүсiншi шығар деп кәмiл сендi. Тiптi мен Тәшкентге оқуға түсiге аттанғанымда мүсiн факультетiне құжат тапсырады деп ойлады. Бiрақ, мен онда оқитын жiгiттердiң лай кешiп, үстеріне цемен қатып кiр-қожалақ жүргендерiнен iш тартып, кiтап көркемдеушiлердiң қатарына қосылуды жөн санадым. Алдында, оқуға ақшалай пара берместен қалың өзбектен озып түсетiнiме сенбеген ол, кейiн студенттер қатарына iлiнiп кеткен соң, өзiң бiлерсiң деген болды. Алайда сол жолы көңiлiне кiбiрткі түсiргенiмдi сездiм. Уақыт оза Алматыда жеке көрмемдi өткiзiп, ол «Хабар», «Қазақстан» телеарналарынан көрсетiлдi. Әсiресе, «Хабар»-да болған «Бетпе-бет» айдарымен берiлетiн тiкелей эфирдегi сұхбатым әке-шешемдi балаша қуантты. Бұл өз алдына үлкен табыс болса да, мұным бұдан бұрынғы жетiстiктерiмнiң өзiндiк жалғасы ғана едi. Ал ендi ауыз толтырып, шындап келгенiмде, көкемнiң таудай артқан үмiтiн ақтауымның ретi «Абылай» атты кинороманымды жазып бiтiрiп, «Атамұра» баспасында бастырып, елiмiздiң ордасы Астанада тұсаукесер рәсiмiн өткiзгенiмде келдi десем артық болмас. Әу баста, осындай күрделi шығармаға ауыз салмақшымын дегенiмде, «Несi бар, жазған жалғыз «Таңатар» пьесаң Алматыда жүлделi болып, жинаққа енсе, бұл асудан да асарсың, нар тәуекел деп бастай бер» деп құптағаны есiмде. Сол кезде мен «Көке! Менi қинап тұрған бiр мәселе бар – ол қай тiлде жазу? Қазақша жазсам (менiң Абылай хан туралы жазуымның басты себептерiнiң бiрi ол «Көшпендiлер» фильмiн түсiруге кiрiскелi тұрған адамдардың «Абылай туралы халық аузындағы екi-үш аңыздан басқа түк жоқ, амалсыздан бәрiн ойдан шығаруға тура келдi» деген сандырақтары болатын) онда «Қазақфильм» студиясындағы шалақазақтарға ешнәрсе дәлелдей алмаймын, оның үстiне демеушiсiн табуым да қиын соғады. Ал орысша жазсам, бiрiншiден сiздi қапа қыламын ба деп уайымдаймын» дегенiмде, ол ойланбастан «Орысша жаза бер, жақсы дүние болса қазақшаға өзiм-ақ аударып берермiн. Оның үстiне бүгiндерi орысша оқымайтын қазақ жоқтың қасы, қайта тiлiнен ажырап қалғандардың намысын бiр оятарсың» деп ақ батасын бердi. Айтқанындай кiтаптiң бiрiншi бөлiмi жазылып болмай, аударылып та болды, бiрақ сұм ажал күтпеген жерден асыл ағам Нұралыны жалмаған соң, бар назарын соның жарыққа шықпаған мұрасына салуды жөн көрдi. Кей-кейде ойлаймын, сол сарғайған жазуларды саралап оқып отырғанында, қайта-қайта көзiне со бойы жұлдызы құдай берген дарынына сай жарқырап жанбай, ерте сөнген үлкен ұлының бейнесi елестей берiп, сай-сүйегiн сырқырата, өзiнiң әз жүрегiн тоздырып тынды ма екен деп…
Бiрде, мен кiтабымның екiншi бөлiмiн, сұлтанның көксеген хандыққа қол жеткiзгенiмен бiтiргенiмде, «Абылайды өлтiрiп қайтесiң, үшiншi бөлiмiн жазбай-ақ қоймайсың ба?» деп уәжiн айтты. Ондағысы, ханы өлсе, елiнiң тауы шағылады деп уайым жегенiнен туындаған едi. Бiрақ, сосын «соңғы он жылда билiкке жеткеннiң талайын көрдiк қой, Гамсахурдияң бар, Елшiбейiң бар дегендей, бiрақ сол билiктi өз халқының мүддесiне жарата алғандары болды ма? Жоқтың қасы. Ал Абылайың болса қазаққа аңсаған заманы, қой үстiне бозторғай жұмыртқалатқан ханы бола алды, ары жаза бер» деп қолдады. Ақыры кiтабым жазылып бiттi. Оны, компьютерден шыққан қолжазбасын оқыған қазақтың бiр-екi тiлден бiршама ажырап қалса да, намысын қолдан бергiсi келмейтiн азаматтары оқып шығып, танысалық деп шақырып, баспахананың бүкiл шығынын көтердi. Қазақтың тағы бiр намысшыл келiншегi Астанада күтiп алып, «Окан-Континенталь» қонақ үйiнiң ғимаратында тұсаукесер рәсiмiн өткiзуге атсалысты. Оны «Хабар», «Қазақстан», «Астана» телеарналары түсiрiп, елге жария еттi. Мұны көздерiмен көрген көкем мен жешемнiң қуанышында шек болмады. Ал ендi өзiм туралы осыншама сөздi неге тiзбектегенiмнiң сырына тоқталайын. Ол сол жолы, үйге жеткен соң, қайран көкемнiң тағы бiр таңғаларлық ұстамдылығына тәнтi болғаным һақында едi.
Менiң кiтабымның тұсаукесер рәсiмiн белгiлi жазушы, әрi қоғам қайраткерi, ол кезде сенатор Шерхан Мұртаза ағамыз ашқанды және сол кiсiнiң (демеушiлерiмнiң бiрiнiң туған тағасы болған соң, Шер-ағаң кинороманды алдын ала оқып шығып, өзi ниет бiлдiрiптi) келетiнiн мен көкеме елордаға кетпес бұрын хабарлаған жайым бар болатын. Кейiн үйге қайтып келгенiмде, көкем бұрын өзiнiң Шерхан Мұртаза екеуiнiң арасында болған бiр келеңсiз оқиғаны баяндап бердi. Олары жас кездерiнде орын алыпты. Көкем алпысыншы жылдары Алматыда аспирантурада оқып жүрiп аудармашы ретiнде танылып, құқы бар болған соң Қазақстан жазушылар одағына мүшелiкке арыз берген екен. Кезегi келiп сол мәселе бойынша оны, сол кездегi жауапты хатшының орынбасары болған Шер-ағаң шақырады. Соның, қабылдауында отырғанында ол көкеме мынадай уәж айтады: «Әсеке, сiз ендi жақсы журналистсiз ғой. Ал ендi ортақол жазушы болып одақта болудың не керегi бар?» деп. Сонда көкем «Бәлкiм, сенiкi де дұрыс шығар» деп арызын қайта алып, кете берудi жөн көрiптi. Сол жолы көкемнiң жанына қатты батқаны, бiрiншiден, басқа тiлден аударған кiтаптары басылып жарыққа шыққан соң мүшелiкке ие болуға заңды бола тұра қабылданбауы, ал екiншiден, неге осы қазақтың қазақ десе кеудесiнiң қуыстығы, тарлығы дайын тұратындығы. Ол заманда, Кеңес тұсында, ондай салиқалы одақтың мүшесi болсаң еңбектерiңнiң алға басуына ықпалы тиетiн және басқа да жеңiлдiктерге, мысалы пәтердi тезiрек алуға дегендей, қолың тезiрек жететiн едi. Оның үстiне үйде қартайған кемпiр-шалы, шиттей бала-шағасы бар, соларды асырауына да жәрдемi аз болмас едi. Тiптi, аударуға жаңа кiтаптар алуыңа да септiгi тиер едi…
Жоқ, көкем сол жолы мұңын шаққанында Шерхан Мұртазаны тiптен де сөккен жоқ. Ол кiсi бiрбеткей, қайсар, елдiң қамын жеген азаматтың бiрi ғой дедi. Бiрақ, сол Жазушылар одағында небiр «жазушысымақ» ептілердің жүргенiнен бейхабар емес едi, тек күшiнiң жеткенiне, қорғансызға қырғидай шүйiлгенi қатты батты сонда деген уәжін алдыма тартты. Оның үстiне сүйiктi ұстазы Мұхтар Әуезов бақилық болып, Ғабит Мүсiрепов кандидаттықты қорғатпай жүрген тұсында, тұп-тура «жау жағадан, бөрi етектен» дегендей басына күн туып тұрған кезiнде осындай жайсыз жағдайға ұшырағаны әсiресе ауыр тидi көкеме. Қойшы соның бәрiн қозғай бермей-ақ қояйыншы. Алайда сол жолы мен көкемнен: «Ал ендi осыны неге Астанаға кетпей тұрып бiрауыз айтпадыңыз?» десем, «Байқамай, ойнап айтамын деп, болмашы нәрсеге бола көңiлiне тиiп кетесiң бе» деп ойладым деді. Не болса да «Кiсiнiң ақысы кiсiде кетпейдi» деген сөз рас екен-ау деп мен де үндемей қалдым. Ақыры, «Мiне, бұл да бiр құдайдың құдiретi шығар. Кезiнде менiң жолымды кес-кестеген кiсiң, ендi баламның жолын ашып, мойнындағы қарызын қайтарғаны емес пе?» деп бұл жөнiнде басқа әңгiменi доғарып тастағаны да жадымда.
Көкем бiр жолы, өз басыма не есiмi, не жасы, не сипаты белгiсiз бiр орыс әйелi туралы айтып берген кiшкене ғана әңгiме айтып бергені бар. Ұмытпасам, ол қарапайым орыс әйелi қорғасын зауытының кiтапханасының меңгерушісі болатын. Сол апай көкемнiң бала кезiнде кiтапханаға бiр-екi апта келмей қойса, ауырып қалды ма екен деп, жаяу-жалпылап үйге iздеп келедi екен. Үйге келген соң байыппен Оспанқожа атам, өзімен сөйлесіп, өзінің күтетінін, кітапхананың қай уақытта ашылып, қашан жабылатынын айтып қайтып кетеді екен. Сосын көкем кiтапханашы апайдан ұялғанынан жерге кiрiп кете жаздап, келесi күнi ойынды қоя тұрып қайта кiтап отауына бет алатын ұқсайды.
Сонда мен, көкемнiң тегiн адам еместiгiн бiлiп «ол орыс әйелi сiздi басқа балалардан зерек деп ерекше бөлiп, соншама жақсы көретiн бе едi?» деп сұрасам, «жоқ, жалпы балалардың бәрiне бiрдей қарайтын, оқыған кiтабың туралы әңгiме қозғайтын, түсiнiксiз тұстарын талдап беруге тырысатын сондай бiр абзал жан едi, әттең есiмi есiмде қалмапты» деп жылы жауап қатқан-ды…
Бiр сөзiнде көкем өзiн Мұқамеджан Қаратаевтың бiржолата Алматыға көшіп кел, пәтер беремiз деп шақырғанын, сонд әке-шешесін қимай, бәрінен де сендер, балаларым орысша оқып орыс боп кетесіңдер ма деп қорықтым деп айтқаны бар. Себебі ол кездері Алматыда бір-ақ қазақ орта мектебі бар болатын.
Бала кезiмде, бiрде екi iнiммен ойнап отырып ойда жоқта мен олардан: «Көкем өлсе сендер несiн алар едiңдер?» деп сұрасам бола ма. Бiреуi телевизорды, екiншiсi тағы бiр затын аламын дедi. Сонда мен екеуiне жоғарыдан қарап тұрып «Мен болса кiтаптарын аламын!» деп iнiлерiмдi өзiмше отырғызып кеткен болдым. Оларда, бала ғой, мен де соларды аламын, мен де сөйтемiн деп жарыса жөнелген-дi… Содан кеш болып, көкем жұмыстан келiп демалып жатқанында жанына барып бағанағы өткiрлiгiмдi айтып, мақтанайын кеп. Көкем үндемей жешеме қарады да, маған бұрылып, жымиды да қойды. Мен болсам қандай ағаттық iстегенiмдi сонда ғана түсiнiп, ұяттан жерге кiрiп кете жаздадым…
Ойлап қарасам, көкем жарықтық, есте қаларлықтай ауырмаған да екен. Жөтелiп отырғанын, я тымауратып жатып қалғанын көргенiм өте сирек болатын. Мұнысы жедеткіш терезені ашса, есікті жауып қоятын әдітінен, салқындыққа өте сезімтал болғанынан шығар деп ойлаймын. Ал жалпылай айтсам, көкемді есіме алғанымда көз алдыма ескi үйіміздiң төргі бөлмесінде немесе өз кабинетiнде шұқшиып тесiле газет, кiтап оқып, я бiрдеме жазып отырғаны бірден елестей кетеді.
2005 жылдың көктемінде «Мен айтқым келетін нәрсемнің бәрін айтып, жазып кеттім, әкем де осы жасында кеткен еді, менде енді кетемін» деп бірнеше мәрте айтқаны есімде. Еш жері ерекше сыздап, әлде бір мүшесі асқынып кетіп, не басқаша бір кеселге шалдыққаны жоқ, тек «ішкен асым қорытылмайды» дегенді айтып, олай болмаса да тамаққа тәбеті бармай қойды. Ағам Бердалы алып келген таныс орыс дәрігер «әкелерiң бұдан бiрер жыл бұрын қатты қайғыға түсiп, микроинсульт алған. Сол соққыны тiк жүрiп көтерген. Ендi жасы келе миында тәбетке жауап беретiн нерв шоғырлары тозып, я аш болғанын, немесе тоқ жүргенiн сездiрмейдi. Ал тамақтанбаған соң күннен күнге азып, әл-қуатынан ажырай бастаған. Дәрi-дәрмек берiп, қанына түрлi-түрлi система құйдырғанмен өзi тұрам, жазылам деп тырмыспаса, тек бекер қинайсыңдар» деген соң амалымыз таусылып, бiр жарутышымыздың өзiне тапсырдық. Бұл айтқанының жаны бар еді, себебі бұдан екі жыл балдын ағам Нұралыдан кенеттен айрылып қалған болатынбыз.
Кетерiнде көкем маған ешқашан ұмытылпас екi сөзiн айтып кеттi. Бiрiншiсi, жаңағы Алматыдан асыға келгенiмде, ендi Майлықожадан соң Мәделiқожаны да осындай көздiң нұрын алатындай шығарамын деп көңiлiн аулағанымда, маған әкелiк мейiрiмге тола көздерімен қарап «ендi мұншама кiтапты Алматыдан тасып, жан-жаққа таратамын деп әбден титығын шығатын болды ғой» деп аяп, уайымға түскенi. Осы орайда көкемнiң бiрде «әкем Оспанқожа, бейшара, төсек тартып жатқанында терезеден күн түсiп, соны қалқаламақ ниетпен үстелдiң шетiне перде түтуге шыққанымда, менi құлап қалмасын деп уайымдап, әлсiз қолын зорғадәрмен созып, тiрсегiмнен ұстағаны бар-ды» дегенi есiме түсiп кетiп, әке шiркiннiң, балаға деген мейiрiмiнiң шексiздiгiне таңқалып, ендi со күйдi өз басыммен шеккенiме қайран қалғаным болса, екiншi бiр айтқаны, өтерiнен бiр күн бұрын, жаңа қоныста құран оқылып құдайы тамақ берiлiп жатқанда, қасында жалғыз отырғанымда бетiме ұзақ тесiле қарап жатып: «Қолыңа алмадың ғой» деп бiр түрлi мұңлы үн қатқаны. Мен бұған: «Өзiңiз ғой қан қысымым бар деп, көнбей қойған» деп жауап қатқан болдым. Көкем мұныма зорға езуiн тартып, жымиған сыңай танытты. Сол кезде оның жүзiнен «осыны айтпай-ақ қоюым керек едi» дегендей, осы сөздi айтқанына өзi де өкiнгендей болып көрiндi маған. Осы соңғы, сөйлегенiн әлi ажыратуға жарап тұрғанында айтқаны, менiң әлi күнге шейiн жаныма қатты батады.
Оның себебi, бүгiн мұны мойындаймын, көкемнiң талай еңбектерiн шығаруға бәрiн жиыстырып қойып, күнi-түнi айналысуым керек едi деп. Өз өнерiмдi уақытша шегерiп қойсам да, кiтаптарын шетiнен тергiзiп, әдемiлеп көркемдеп, демеушiсiн жалынып-жалбарынып жүрiп болса да табуым керек едi деп. Көкем марқұм да, үзiлерiнде осы баламның қолында болғанымда, күнiге қолжазбаларым көз алдымызда боп, солар жөнiнде жиi-жиi әңгiме-дүкен құрып кеңесiп тұрған болсақ, еңбектерiмнiң бiразы өзiм барымда жарыққа шығып үлгiрер ме едi деп ойлаған болуы керек. Қанша дегенмен өзiмнiң диплом алған мамандығым кiтап көркемдеушi болып тұрса, оның үстiне талай жылдар бойы баспа өндiрiсiнде қызмет iстесем, ендi сол жазғандарын мен қолға алмағанда қай баласы қолға алады деп.
Бiрақ мен бiрталай жыл бойы өз өнерiмдi өрге сүйреумен боп, жолымды ашамын ба деп небiр бәйгелерге қатысып, жеке көрме жасап, кiтап жазып бiрталай әуре-сарсаңға түсiп, ақыры сол бақ сыналатын қиын жолда ауызға алатындай бiраз жетiстiктерге қолымды зорға жеткізiп, сөзiме құлақ асатын, ойымдағыны қостап «мынауың бiр керемет, шынында да елге керек дүние екен ғой» дейтiн көзi ашық, iсмер азаматтармен ендi-ендi сыйлас, дәм-тұздас бола бастаған шағымда ғана уақыт құрғырды оздырып алғанымды бiрақ бiлдiм…
Ерәлi Әсiлханұлы
Tamasha!