1.
Осы уақытқа дейін «Диуаны хикмет» кітабын жеткілікті дәрежеде зерттей алмағандығымыз, бұл мәселеге жеткілікті мән бермегендігіміздің куәсі болғандығымызды еріксіз мойындаймын. Өйткені Ғулам Мухаммед ибн Муфти Рахимулла Қурайши Әсәди әл-Һашими әл-Лаһуридің қаламына тән «Хазина әл-Асфиа» кітабы Қожа Ахмед Йасауи рахметтікті 562 һижра жылы дүние салды деп көрсетеді екен. «Хазина әл-Асфиа» кітабының 1-том, 531-532-беттерінде осылай деген деп сілтеме жасалған. Осы сілтемелерді кім көрді, оқи алды ма, онда өзге де деректер болуы мүмкін ғой? Онда тек бабаның қайтыс болуына қатысты «түгел әһлі ахбардың дерегі бойынша және олардың бір ауызды қаулысы» деп көрсеткен. Бұл тарихшылардың ортақ тұжырымы, осындай деректерді жинастырып жүрген кісілердің айтуы деп қорытады.
Мухаммед Қожа Парса рахметтіктің «Фасл әл-Хитаб» кітабында да бабаның ілім қуу жолы мен оның Юсуф Һамаданиге шәкірт болғандығы туралы айтылған дейді. Одан басқа «Нафахат әл-үнс» секілді бірқатар еңбектердің қарасы да байқалады, бірақ бұл кітаптарды шұқшия зерттеп қарауға уақыт қажет. Мен «Қадирия» тариқатына тән жазба түрдегі шежірені табуым мүлде кездейсоқ жағдайда болғанының өзі-ақ көп нәрсені аңғартса керек. Сондықтан бұл жолда іздену жұмыстары үздіксіз жалғаса беруі тиіс, мүмкін әлі де көп жаңалықтардың беті ашылар. Біздің қолымызға көп еңбектер түскен жоқ, барының өзін жарық жалғанда барлығына шүкір, дәтке қуат дейміз. Бүгін болмаған күнде де ертең, күні ертең-ақ оны зерттейтін, сөйлететін оқымыстылар шығар.
Әли ибн Хусайн Сопы рахметтіктің «Рашахат ‘айн әл-Хаятымен» танысу біздің сопылық туралы білігіміз тым үстүрт екендігіне көз жеткізді, өйткені оларға түсінікті, біздің өреміз жетпейтін жағдайлар көп кездесті. «Диуаны хикмет» кітабы бірқыдыру еңбектер мен тілдерді, тіпті кейбір атамаларды аудармай оңайлықпен бойсұнбайды. Кейбір атамалар біздің тілімізге қаншалық сәтті аударылады, бұл жағы да екіұдай нәрсе. Олай болса, түгел түркі дүниесі үшін ортақ мұра – Диуаны хикметтің оқылуы мен аударылуы және осы маңайда жасалатын ірілі-уақты зерттеулер ин шаа Аллаһ әлі де жазылады, ол тоқталмайды.
Бабаның хикметтері түгел түркі дүниесіне ортақ мұра екендігіне ешкім таласпайды. Бабадан бірнеше ғасыр соң өткен Әлішер Науаи рахметтіктің «Хамсасын» қазіргі заманғы өзбектер сөздіксіз немесе арнайы түсініктемесіз түсінбейді. Хикметтің тілдік һәм рухани мән-мазмұнына баға берген түріктің ақиық ақыны Яхия Кемал Қожа Ахмед Йасауи бабамыз туралы былай депті:
«Тереңірек зерттеп көрсеңіздер, біздің ұлттығымыздың негізін содан табасыз!» [1.8].
«Ұлт» деп аталатын ақиқаттың негізгі екі тұғырының бірі тіл, екіншісі сол тілдің негізгі тасушысы – мәдениет. Мәдениет саласында адам мен қоғам
2
үшін ең пәрменді құрал – дін. Қожа Ахмед Йасауи рахметтік түркі мұсылмандығы үшін орасан қызмет атқарған тарихи тұлға. «Қостамайды ғалымдар сіздің айтқан түркіні» деп баба өзі айтқандай, сонау Орта ғасырда жұртқа жақса-жақпаса түркі тілінде сөйлеген данышпан да. Сол себепті ол кісіні Шығыстың ұлы ақындарының бірі Әлішер Науаи рахметтік «Ислам әлемінің шайхул-машайыхы» деп атап, ұлы мутасаууыф һәм кереметі зор уәли (әулие) деп түсінген [2.4].
ЮНЕСКО ұйымы 1993 жылды «Йасауи жылы» деп жариялауы бабаға деген құрметтің де, ол кісінің халықаралық деңгейдегі беделінің асқақтығын да әйгілейтін өлшеуіші болса керек. Баба мұрасымен сегіз ғасыр түркі әлемі бірге жасасып келеді, ал «Диуаны Хикметке» деген қызығушылық үдей түсуде [2.4]. Орта Азияда өз заманының атақты әулиесі болып саналатын Деуанайы Мәшраб рахметтік Қожа Ахмед Йасауидің хикметтерін оқып көріп «төбем көкке жетті» дегендігі де нақыл етіледі. Уфада шығатын «Шуро» журналы (көпшіліктен өте жоғары баға алған діни-танымдық басылым есептелетін және патшалы Ресейге қарасты түгел мұсылман иеліктеріне тарайтын журнал) 1915 жыл 24-саны, 744-бетте Ахмад Сардар мырзаның «Хазреті Қожа Ахмед Йасауи» атты мақаласын басқан. Автор Хикмет кітабының түркі тілінің мәртебесін көтеру барысында атқарған қызметін жоғары бағалап, былай деп жазады:
«Түркстанда түрк мемлекеті парсы тілін пайдаланып, бай түркі тілі парсыларға жеңілген уақыттарда, бүкіл кітаптар, тұтас-тұтас шығармалар парсыша жазылған замандарда, ол өз Диуанын саф түркі тілінде жазды. Ол уақытта түркі тілі жеңілген, әр орынға парсы тілі келіп отырған. Бүкіл болмысымен түркі болған кісілер парсы тілінде сөйлеп, парсыша жазар еді. Патшалардың сарайлары парсыша сөйлейтін шайырлармен тола, сол тілде керемет жырлар, қасидалар айтқан кісілер ғана сыйлық алатын.
Қожа Ахмед Йасауи болса, түркіше түсінді, түркіше сөйледі, парсыша өлеңдер, парсыша жазылған шығармалар оған әсер етпеді. Өзінің түркілігін, өзі үшін туған тіл болған түркі тілін алға шығарып, өзінен соңғы жазушылар үшін өрнек болды. Он бесінші ғасырдың бірінші жартысында жазылған «Бахтиарнама», «Тәзкиратул-әулие» секілді еңбектерге Баба Диуанының әсері болғандығына дау жоқ. Бұған оның шәкірті шайх Сүлеймен Бақырғани өзінің «Бақырған», «Мәриам ана», «Хаким ата» атты еңбектерін сол ұстазының алқасында, сол үйреткен түркі тілінде жазды» [2.6].
Бабаның хикметтері бір кезде халқымыздың бірлік рәмзі болып қызмет етті. Жуырда ғана әупіріммен дербес ел болып, ежелгі жау қарақытайларды қуып ұйысып отырған елге рухани тірек ауадай қажет еді. Қазақ даласы үшін осындай құнды дүниелік Қожа Ахмед Йасауидің «Диуаны хикмет» кітабы болғандығын қазіргі оқырмандар тұрмақ зиялы қауымдар да біле бермейді. Мысалы, Иран билеушісі Исмаил шах 1510 жылы Батыс Түркстанның күнгей жағын басып алып, әләуи мазһабын (діни ағымдардың бірі) тықпалағанда, дені ханафи бағытын ұстанатын түркілер Қожа Ахмед Йасауидің күллиясын (Қожа Ахмед Йасауи кесенесінің маңындағы жами мешіті, текесі (сопылар
3
жеке отыратын бұрышы) мен кітапханасы және тағы басқа рәміздері сақталған орынды) осы мазһабтың тірегі ретінде көріп, оның рухани тұжырымдарын басшылыққа алып қорғанысына тасаланды, соны ықтады, өздеріне тірек тұтты [3.162].
Қожа Ахмед Йасауи рохматуллооһи ‘аләйһ туралы сөз қозғайтын болсақ, сопылықты айтпай кете алмай, бір орында бір нәрсесін жоғатқан жан секілді айналақтай береміз. Әсілі «сопылық» деген не? Сопылық өте ескі, көне рухани бауырластық. Оның шыққан жері мен уақыты нақтыланбаған. Сопылар мұндай зерттеулерге бас қатырмайды, олар өз тұжырымдарының қай бір жерлерден шыққандығы және оны әу баста жетекшілік жасаған пірінің болғандығын айтады. Сопылықты тек ислами деп қате тұжырым жасалады, ал шындығында ол барлық дінде кездеседі.
Беделді сопы жазбагерлерінен бірі Әли әл-Хужуири Пайғамбарымыз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм мына сөзді айтты деп нақыл етеді:
«Кім сопылардың дауыстарын естіп, «әмин» демесе, ол Алла Тағала құзырында парықсыз деп жазылады» [4.4].
Пайғамбарымыз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләмнің заманында «әһлі сыпа» деп аталатын сахабалардың үлкен тобы бар еді. Олардың «әһлі сыпа» деп аталуының себебі: олар мешітте жататын, баспаналары жоқ, үйсіз-күйсіз, күнделікті бұйырған ас-азықтарын өз әрекеттерімен тауып, барымен қанағат етіп жүре беретін. Олардың жатын орны мешіт жанында арнайы жасалған сыпа еді. Сол себепті оларды осылай атайды, яғни «сыпада отыратындар» немесе сыпалықтар. Жалпы саны төрт жүз кісідей еді. Олардың Мәдинеде үйлері де, туысқандары да болмады. Міне, осы жамағат Исламдағы әуелгі сопылар. Өзгелер секілді малға, саудасына, не болмаса өзге тіршілігіне айналысатын дәнеңелері жоқ-ты. Отын жинап, соны ауыстырып тағамға айналдырып, шөлі мен аштықтарын басып, түндерде тек ғибадатпен айналысатын. Пайғамбарымыз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм олардың көңілдерін аулап, жылы сөздерін айтып, осы жүрістері үшін Хақ Иенің құзырында қаншама ұлы сауаптар күтіп тұрғандығымен қуантатын, сүйіншілейтін. Солар туралы Хақ Тағала төмендегі аятты ендірген болатын.
«Ан‘ам» сүресі: 52-аятында былай дейді:
«Раббілерін ертелі-кеш дұға етіп, Оның разылығын іздеп жүргендерді қума».
Әбу Һурайра родиаллооһу ‘анһу айтады:
«Әһлі сыпалық сахабалардан жетпісін көрдім, жалғыз қабат киіммен намаз оқиды. Кейбіріне киімі қысқалық қылып тізесіне жетпейді, руку‘ қылса тізесін ұстайды. Әуреті ашылып қалуынан қорқады».
Кейін осы жамағаттың ішінен бір күңкіл әңгіме көтерілді: «Біздің ішіміз құрма жеумен-ақ күйіп кететін болды-ау!». Бұл Пайғамбарымыздың құлағына да жетті. Содан Расуліміз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм мінберге шығып жамағатқа қарап: «Бір қауымдарға не болды? Біздің құрсағымызды құрма өртеді, дейді екен. Бұл құрма осы Мәдиненің күнделікті тамағы екенін білмейсіңдер ме? Олар (ансориларды айтып отыр) бізді сонымен
4
жұбатты, олар бізді жұбатқан нәрсемен біз де сіздерді жұбатқан болып жатқанымыз ғой. Мухаммедтің шыбын жаны уысында тұрған Заттың атымен ант етейін! Пайғамбардың үйінен екі айдан бері ошақтың нан пісірген түтіні көтерілген жоқ. Екі қарадан: қара су мен кепкен құрмадан өзге дәнеңе жоқ», – деді [5.84-85].
Абдулла ибн Аббас родиаллооһу ‘анһу айтады: Расулуллаһ соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм бір күні әһлі сыпаны көріп бөгелді. Олардың аштықтан қиналғандарын, жоқшылықтарын, сонда да көңілдері игі екендігін байқады. Соң: «Ей, сыпа иелері, қуана беріңдер! Кім сіздерден қазіргі осы көріп тұрған жоқшылық хәлінен айнымай қалса, Қиямет күні солар менің достарым болады», – деді [5.85].
Мұндағы бірінші хадисте олардың тұрмыс жағдайы айтылса, екіншісінде оларды Расуліміз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм «әһлі сыпа» деп атап отыр. «Сопылық» атын сахабалар арасында да, олардан кейінгі шақтарда да айтылғанын білмейміз. Ол кезде абид, заһид, шайх пен фақиһ секілді сөздер болғанынан хабардармыз. Пайғамбарымыз ‘аләйһис-солату уәс-сәләмнің сахабаларынан ешкімнің аты немесе лақабы «сопы» болған жоқ, десе, біз оларға былай жауап береміз: «Алланың Расулімен сұхбатының және «сахаба» атымен аталудың белгілі дәрежеде бір ерекшелігі бар. Сахабаларға сахабалықтан артық аттың өзі де лайық болмас еді. Бұл Расуліміз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм тарапынан болған үлкен құрмет, соны білдіретін атақ. Сахабалар исі абидтердің (құдайға құлдық етушілердің), заһидтер (тақуалық қылушылардың), мүтәуәккилдер (Аллаһ Тағалаға тәуекел етуші бәнделер), фуқара (пақырлар), риза мен сабыр әһлі мен кішіпейіл бәнделердің мақамдары (дәрежесі). Олар жеткен түрлі атақ пен артықшылық Пайғамбарымыз ‘аләйһис-солату уәс-сәләмнің сұхбатын көргендіктері үшін болып отыр», дейміз.
Сопылар барынша қарапайым тұрмыс кешетін. Ол Пайғамбарымыз солауатуллооһи ‘аләйһидің хадисінде көрініс тапқан. Мысалы, Муғауия ибн Әбу Суфиан родиаллооһу ‘анһума арқылы келген риуаятта Пайғамбарымыз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм былай дейді:
«Кім алдында адамдардың сап таптып тұруын ұнататын болса, ол тамуқтан орнын ала берсін!».
Яғни, өзі келгенде өзгелер оған қошемет көрсетіп, орындарынан тұруын қалайтын, соны жаны сүйетін болса, сондай кісілер тамуқтан орын алмақ.
Имам Тирмизи мен Имам Әбу Дауд рохматуллооһи ‘аләйһималардың риуаяттары [6.18].
Суфиан Сәури рохматуллооһи ‘аләйһ таби‘индердің көрнектісі, көп сахабалардан тағлым алған көргені мен түйгендері мол әзіз жан. Нақылдарда ол кісі былай депті: Әбу Һашим сопы болмаса, мен көз көрсінге істелетін амалдардың не екендігін үйрене алмас едім.
Яғни, сопылардың амалдарында шынайылық, табиғилық бар, жасанды ешнәрсе жоқ деген сөз.
5
Мухаммед ибн Исхақ ибн Йасар рохматуллооһи ‘аләйһ және өзгелерден жеткен риуаяттарда Мекке мен сол маңның нақылдарын жинастырған бір кітапта былай дейді:
«Исламнан бұрынғы бір кезде Мекке боп-бос болып, Алланың үйі –Кә‘баны зиарат ететін кісі қалмапты. Меккеге ұзақ бір елден «суфи» тайпасынан немесе «суф» – жүн киген біреу келіп, бәйтулланы тауап етіп, мемлекетіне кері қайтып жатыр екен». Яғни, «сопы, суфи» атауымен осы риуаят дұрыс болса, ол кезде бұл сөз жақсы кісілерге, жақсы мәртебелі жандарға ишара етіп айтылған болады [7.23; 5.85].
Хасан Басри рохматуллооһи ‘аләйһ айтады (бұл кісі Пайғамбарымыздың әйелдерінің емшегін емген. Өйткені оның анасы күң еді. Анасы бір шаруаға жұмсалғанда жылаған балаға жаңылмасам Умму Сәләмә родиаллооһу ‘анһа, не Маймуна родиаллооһу ‘анһа ма, бірі емшек емізеді екен. Міне, сол себепті бұл кісіге Пайғамбарымыздың үйінің құты дарыған деген нақыл бар. 200-дей сахабаны көрген, Мәдиненің азат еткен мәуләсі): «Мен бәдрилерден (Мекке құрайшыларымен болған атақты Бәдір шайқасының қатынасшыларынан) 70 кісіге кездестім, киімдері жүн болатын еді».
Әбу Һурайра родиаллооһу ‘анһу мен Фудола ибн Абид рохматуллооһи ‘аләйһ айтады: «Аштықтан жерге жығылып жатар еді, оларды көрген дала арабтары жынды ма деп ойлайтын. Олар киген киімі жүн еді. Кейбіреулері терлегенде қойдың исі аңқып тұратын» [5.83].
Руайм рохматуллооһи ‘аләйһ айтады: «Тасаууф үш қасиетке негізделеді: Жоқтыққа байлану, үнемі мұқтаж болу; сыйлау мен құрбан етуге нақты көз жеткізу; көлденең болмау, таңдаудан қашу» [5.79].
Әбу Хафс рохматуллооһи ‘аләйһ айтады: «Тасаууфтың бәрі әдеп, барлық уақыттың әдебі бар, әр жағдайға әдеп бар, кез келген мақомның әдебі бар. Кім сол әр уақыттағы әдеп нормаларына берік болса, нағыз ерлердің дәрежесіне жетеді. Кім әдепті зая етсе, ол құдайға жақындау ойға келетін кезде ұзақ болып тұрады, қабылдану үміті жанып тұрған жерде қабылданбайды» [5.79-80].
Жүнәйд рохматуллооһи ‘аләйһ айтады: «Сопы жер секілді, оның үстіне барлық жағымсыздар, жарамсыз нәрселер тасталады, бірақ одан тек жақсы нәрсе өнеді» [5.81].
Негізінде Имам әс-Суһрауарди рохматуллооһи ‘аләйһ сопылық тұжырымына қатысты қаулылар мыңнан астам десе, Ибн Әжиба рохматуллооһи ‘аләйһ Шайх Зуруқ рохматуллооһи ‘аләйһиден былай дегенін нақыл етеді: «Тасаууф сөзі (сопылық) шектелді, суреті берілді және екі мыңға жететін жолмен түсіндірілді» дейді [8.28-35].
Бір сопы былай деп жазған:
«Әлемде бау-бақшалар мен жүзімдіктер пайда болмай тұрып біздің жанымыз мәңгілік шарабымен елтіп қалған» [4.50-51].
Профессор Е. Дж. Браун поясняет: «Даже настоящий суфии во многом отличались друг от друга, т.к. их система была сугубо индивидуальной и мало расположенной к пропаганде. Полностью развитый ариф (познавший
6
или адеп) преодолевал многие ступени и проходил долгий курс обучения под руководством различных пиров и муршидов (духовных наставников), прежде чем обретал познание (ирфан), с точки зрения которого каждая существущая религия является более или менее верным отражением великой и лежащей в основе всего Истины, с которой он в конечном итоге вступил в контакт. Он не считал ни возможным, ни желательным передавать свое понимание этой Истины никому, если не считать тех немногих, кто, благодаря такой же подготовке, был способен к ее восприятию» (Е. Дж. Браун. «Литературная история Персии». 1909, стр. 424 [4.51].
Дәруіш қай заманда болса да белгілі бір сопылық тобының мүшесі болу арқылы танылатын. Оны Батыс елдері «орден» деп атайды, біздер «тариқат» дейміз. Сопылық үздіксіз дамып отыратын тағлым, сол себепті қай сопылық ұйымы болсын белгілі бір түрге ене алмайды [4.318]. Подполковник Вильберфорс Кларк дәруіштік жолға кірді, өзі шейх Шаһабуддин Сухрауарди рохматуллооһи ‘аләйһ тобына кіріп сопы болды. Сопылықтың сырлары туралы көп материалдар жинады, кітаптарын ағылшыншаға аударды. Са‘ди Шеразидің «Бостанын», Низамидің «Искандарнамасын» һәм Хафиздің көп ғазалдарын аударып Еуропаға танытты. Ағылшындар дәруіштерді делбе, өте фанат, қанішер деп ұғатын. Кларк ағылшындар үшін үлкен жаңалық ашып берді, дәруіштердің терминдері түсінікті болу үшін ол көп тер төкті. Кларк Исламның монахтық өмірді қолдамайтынын, кейінгі кезде пайда болып, «дәруіш» аталып кеткен адамдардың бір-бірлерімен достық қатынастар үшін анттасқандарын, олар өздерін «сопы» деп атайтынын жеткізді.
Меккеде бір-бірімен келісім жасасқан 45 кісі, Мәдинеде де осынша адам мұсылмандық сопылық негізін құрады. Бұл кісілердің іс-әрекеттері түрліше болды. Исламның ең бірінші және төртінші халифалары Хазреті Әбу Бәкір мен Хазреті Әли осындай ерекше топ құрды. Оның мүшелері жаттығулар жасап жатты. Осы жолмен қазақтар «Ойсыл-Қара» деп атайтын Уайс әл-Қарани да жүріп (651 жыл), бірінші рет сопылық тобын құрған еді [4.293].
Кларктың жазуына қарағанда, сопылық жолын үйренуші (бұл жерде оны біз оқушы деп түсінеміз) 15 түрлі «Жүріс-тұрыс қағидасын» бұлжытпай іске асыруы, осы талаптарға адал болуы тиіс [4.297].
Бабаның жерасты мекені «хилуетіне» түсуін кейбіреулер «алпыс үшке толған соң пайғамбар жасына жеттім, ендігі өмір сүруім күнә» деп жер асты хилуетіне түскен деп пайымдаулар жасауымен байланыстырған болса керек. «Хилуетті» – жер асты мұнажатханасы деп аударған [9.4], алайда бұл дұрыс емес. Дұрысы «хилует» араб тілінде «хала» – бос болу, босап қалу деген мағынадағы етістік. Оның қимыл-сын есімі «хилует». Яғни, оңашалану, оқшау отыру. Ал сопыға осындай орын таптырмайды.
«Диуаны Хикмет» «көңіл көзі» деген сөз қолданады. Мысалы:
Көңіл көзі ярытмайын тағат қылса,
Даргаһига мақбул емес, білдім міне, – яғни, көңіл көзі өзінің жарығын түсірмей орындалған ғибадат қабыл болмайды [10.50].
7
Тариқат иелері қалың елді қалай ұйыта алды, олар жұртшылықты қалай соңдарынан ертті? Әншейін бір пір «мен сендерге пірмін» десе ере берді ме? Соңғыларға қалай жалғасты деген сұрақ көкейімізде ашық қалатыны сөзсіз. Міне, осы сұрақтарға жауап іздегенімізде Сайрам мұрағатынан әкелінген № 27а санды еңбек көмекке келді. Жақсы сақталған. 96-бетте «Әш-Шажара әл-Қодириа», жазушы Юсуфқожа ишан әл-Қадыр мархұм ұстазы һәм шайхы Мухаммад Садық әл-Бухари әл-Қадири рохматуллооһи ‘аләйһ. Ол сәйід Әбді-Қадыр Мухиддин әл-Хасани әл-Хусайни рахметтіктің жайнамазына ие болған адам, Бағдад шаһарында жерленген деп көрсетеді. Кітаптың мүәллифі – авторы Сәйід Юсуфқожа әл-Әләуи әш-Шаши ибн Мухаммедқожа. Мухаммед Әбдірахим муфти ханафи Қарабулақи 97-бет.
Өте қызық деректер берілген. 98-бетте муршид (муридке ұстаз) болуға, муридтер қабылдай беруге рұқсат еткендігін қызыл сиямен жазған. Сопылық, тариқат ұстаздары қалай халифалықты алған, өздерінен соңғыларға тапсырғандарын жазады. Өте құнды дерек. 99-бетте кім кімнен халифалықты алғандарын жазады. Бұл халифалар тізбегінің ең жоғарғы алқасы «Ғаусул-Ағзам» лақабымен белгілі Әбділ-Қадыр әл-Жиланиге тоқтаған [11].
Кейде пір өз орнына бірнеше муридін халифа етіп сайлап кетуі мүмкін. Мысалы, Қожа Алауддин Аттар рахметтік өлерінен алдын өзінің сүйкімді муридтерінен төрт кісіге қалпелік аманатын табыстап, үгіт-насихатпен айналысуына рұқсат берді: бірі, Қожа Диқан Қалати рохматуллооһи ‘аләйһ. Бұл кісі уәлидің бірінші қалпесі еді. Ұстазы өз орнын бұл кісіге аманаттады. Екіншісі, Қожа Зәки Худабади рахметтік. Бұл кісі ұстазының өсиеті бойынша Диқаннан соң орынды басты… [12.46].
Дәруіштердің жиындары көбінесе ұстазсыз өте береді. Бұл олар үшін бөгет, олар тек ұстазбен кездесуге өздерін әзірлеуге қабілетті. Олардың әр мүшесі өзінде адалдық, төзімділік пен ойлауға қабілеттіліктерін ұштайды, шыңдайды. Олар іштей де, сырттай да жағынан бірдей жақындасу үшін олар өзара бірге ас-су ішіп, бірге тамақтану керек. Дәруіштер өзара бір-бірімен ынтымақтастықпен тіл табысу және бір-бірлерімен қатынаста теңдікті сақтау үшін үнемі күресте болады. Бұл қоғамда ешқандай жетекшілік, жоғарғы топ дегендер болмайды. Көсемдік деген жоқ. Дәруіш жер бетін кезіп жүре береді. Кезбеліктің өзін де арнаулы бағдарламасымен іске асырады, оны «кезбеліктің 12 бағдарламасы» деп атайды. «Хирқа» аталатын арнаулы дәруіш киімі (шекпен) өте жоғары деңгейдегі белгі болып саналады [4.298-299].
Түркстан Шарқ институтының профессоры А.З.Шмидт мырзаның құрметіне 1923 жылы «Алискандариа» атты орысша жинақ басылады. Сол жинақта Йасауидің «Диуаны хикметінің» кіріспесіндегі «Пақырнама» деген жазбасын орыс шығыстанушысы А.Гаррицкий орыс тіліне аударған. Аудармашы сопылық тағлымында «пақырлықтың» басты орында тұратынын баса айтқан. Сондай-ақ, аудармашы Қожа Ахмед Йасауидің «Хикметінде» кездесіп отыратын тіл мен сөз саптау әдісіне айрықша тоқталады: ол игілік, харамнан сақтану, пірге бағыныштылықты үндеумен, «…бұлардың бәрі де халыққа түсінікті, қарапайым тілде айтылған һәм олардың өздерінің тұрмыс-
8
тіршіліктерінен алынған мысалдармен бекіткен. Олай болмағанда, Ахмед Йасауи туралы естеліктер осыншалық ұзақ сақталмаған, Әмір Темір көтерген зәулім сағанасына осыншалық зияратшылар осы күнге дейін сап құрып тұрмаған және жергілікті тұрғындар арасында оның өлеңмен айтылған «Хикметтерінің» даңқы осыншалықты жайылмаған болар еді», дейді [2.6-7].
«Рухани келісім орталығының» төрағасы, «Отырар» университетінің доценті, дінтанушы ғалым Абдулла қажы Жолдасұлы.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Намық Кемал Зейбек. «Қожа Ахмет Йасауи жолы және таңдамалы хикметтер».
2. Байбота Досқараев. «Яссауи кім еді?» А.Қодири атындағы Ташкент мемлекеттік баспасы. 1994 жыл. 78 бет.
3. Evliyalar ansiklopedisi, 1-gld, Turkiye gazetesi, Istanbul, 1992 s.
4. Идрис Шах. «Суфизм». «Клышников, Комаров и Ко», Москва, 1994 г.
. . أبو حامد محمد بن محمد الغزالي . إحياء علوم الدين ، الجزء الخامس ، الدار 5
المصرية اللبنانية .
6 . محمد بن عبد الله الخطيب التبريزي . مشكاة المصابيح ، الجزء الثالث ، الطبعة
الأولى، دار الفكر ، بيروت . 1991 م . 558 ص .
7. Prof. De. H. Kamil Yilmaz. Islam tasavvufu. Altinoluk, Istanbul, 1996 s.
8 . صادق سليم صادق . المصادر العامة للتلقي عند الصوفية ، الطبعة الأولى ،
مكتبة الرشد ، الرياض ، 1994 م . 744 ص .
9. Расулмұхаммед қажы Әшірбайұлы Әбдішүкіров. «Қожа Ахмет Йасауи. Диуани хикмет». І бөлім. «Мұра» баспасы, Түркстан, 1993 жыл.
10. Хикмет кітабы.
11. . يوسف خواجه ايشان القادر . ألشجرة القادرية . 5 صحفات .
12. Әли ибн Хусайн Сопы: «Рашахат ‘айн әл-Хаят».
Хазинидің «Жауаһир-ул Абрар мин Амуаж-ил Бихар» атты еңбегі
«Сираж ул-Қулуб»