Бір суреттің сыры

Сейіт Рухолла Хомейни

Имам Хомейнидің (р.а) жылдық еске алуына орай

Алланың атымен

Сейіт Рухолла Хомейни – Иранның факихі, және мүжтәһиді болған, ол 1961 жылдан бастап шаһ режиміне қарсы Иран халқының Ислам революциясын жетекшілік етіп, күресті шындап қолға алды. Аятолла Хомейнидің тұтқындалуы, жер аударылуы және Пехлеви режиміне қарсы әрекеттері 1977-1978 жылдары халық наразылығының шарықтауына себеп болды, бұл Иран Ислам революциясының жеңісімен аяқталды. Имам Хомейни революция жеңіске жеткен соң да елді басқаруды жалғастырды. Ол 1989 жылы жүрек ауруынан 81 жасында дүниеден өтті.

Білімі

Әкесі Аға Сейіт Мұстафа Мусави хандар мен үкімет қызметкерлерінің сыншысы болған. Имам Хомейни бес айлық кезінде әкесі шейіт болды. Имам өмірінің бесінші айынан бастап жетімдік азабын тартып, оны анасы мен әпкесі тәрбиеледі.

Сейіт Рухолла Хомейни ислам ғылымдарын Хомейн қаласында оқыған соң, білімін жалғастыру үшін Аракқа, одан кейін Құм қаласына көшіп, 27 жасында философиялық ғылымдарды оқыта бастады. Пехлеви режимінің зұлымдық әрекеттері күшейген сайын, ол да бұл режимді сынға алып, кейін Иран мұсылмандарына ағартушылық арқылы күресті бастады.

Өмір сүру салты

Имам Хомейни (р.а) тек саясаткер емес, сонымен қатар өмір бойы әрі одан кейін де барлық адамзат үшін лайықты үлгі бола білген жан. Аятолла Хаменеи айтқандай, Имам Хомейни – тек Иран халқының ғана емес, басқа да көптеген халықтардың жүректеріне үміт сыйлаған, сөзімен және ісімен олар үшін өнеге болған адам.

Имам Хомейни исламдық өмір сүру салтын жүзеге асыруға ерекше мән беріп, жеке өмір мен саяси өмір арасындағы мінез-құлық үйлесімділігіне жоғары баға беретін. Мысалы, оның өмірінде ерекше рөл атқарған бір қасиеті – тақуалық. Ол күнәлардан, тіпті ең ұсақ күнәлардан да аулақ болуға тырысатын. Оның көз алдында ешкім ғайбат айтпайтын, орынсыз сөз сөйлемейтін. Ол жеке өмірде ғана емес, қоғамдық және саяси істерде де әділеттілік пен тақуалықты ұстанған. Тіпті жауларына да әділетсіздік жасамау үшін әділ бағалау жасайтын.

Имам Хомейнидің барлық іс-әрекеттері мен өмірлік салты жеке және қоғамдық өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған еді. Яғни, ол адам баласының бұл дүниелік және ақыреттік бақытына жеке әрі қоғамдық міндеттерін орындау арқылы жететінін сеніммен айтатын және бұл сенімін сөздерімен ғана емес, ісімен де дәлелдейтін.

Имам Хомейнидің өмір сүру салты тек саяси немесе қоғамдық салада ғана емес, жеке өмірінде де тағылымға толы болды. Қиындықтарға қарамастан, ол отбасысы мен, әсіресе, жұбайына деген сүйіспеншілік пен құрметке толы өмір сүрді, бұл баршаға үлгі боларлықтай еді.

Саяси өмір салты

Имам Хомейнидің (р.а) саяси өмір салты да оның басқа қырлары секілді діни негізге сүйенді. Сондықтан да ол өзінен бұрынғы көшбасшылардан ерекше болды. Егер оның дін мен саясатты ажыратпау ұстанымын негіз ретінде алсақ, оның бағытын тереңірек түсінуге болады. Оның Аллаға деген иманы оған революцияға дейінгі күрес кезеңінде де, одан кейін елді басқару кезеңінде де теңдесі жоқ сабыр мен сенімділік сыйлады.

Имамның саяси қызметі

Аятолла Хомейни 1964 жылы «Капитуляция» туралы заң жобасына қарсы қатал ұстаным білдіріп, бұл үшін шаһ үкіметі оны Түркияға, кейінірек Нәжәп қаласына жер аударды. Имамның жер аударылуы Ислам революциясының қозғалысын тоқтатқан жоқ. Ол шетелде жүрген кезінде де халықты Пехлеви режимінің зұлымдығы мен опасыздығы туралы хабардар етіп отырды.

1977-1978 жылдары халық наразылығы шарықтау шегіне жетіп, ақыры 1979 жылдың 11 ақпанында Иран Ислам революциясы жеңіске жетті.

Революция жеңісінен кейін Имам Хомейни халықты Иран Ислам Республикасы жүйесіне дауыс беруге шақырып, 98 пайыз халықтың дауысымен бұл жүйені құрды. Революциядан кейін де елді басқару ісін жалғастырып, «Мұжахидин-е Халқ» ұйымының бүліктері, үздіксіз террористік шабуылдар мен Ирактың соғыс ашуына байланысты мәселелерді парасаттылықпен шешіп отырды және халықтың саяси санасын арттырды.

Имам Хомейни 1979 жылы жүрек дертіне шалдығып, дәрігерлердің кеңесімен Құм қаласынан Теһранға көшті. Ол өмірінің соңына дейін, 1989 жылы 81 жасында қайтыс болғанға дейін Тегеранда өмір сүрді.

Имам Хомейнидің (р.а) өмірінің әр сәті Аллаға сеніммен өрілді. Оның мектебі досқа да, дұшпанға да үлгі болды. Жылдар өткен соң да оның өмір салты әлемдік көшбасшылар үшін саяси іс-қимылда да, діндар отбасылардың исламдық өмір сүру салтында да өлшем бола алады.

Али Акбар Талеби Матин,   Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button