Бір суреттің сыры

Қаңлы Сейіттердің аруақатрға арнап берген Асы

ЖОҒАРЫ ШЫРШЫҚ АУДАНЫ СЕКСЕНАТА АУЫЛЫ «ЖОРАБЕК АТА» ТОЙХАНАСЫНДА 2025 жылдың 17-ші мамыры күні болып өтті.

Жылына бір рет өтетін басқосуы дәм мен танысумен шектелмей, рудың тектілігін, яғни Пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.с. ұрпағына – Ахли байтке – тәндігін сақтауға, мешіт, медресе ұстап, өмірін діни қызметке арнаған бабалар жолын жалғастыруға, жастардың діни және зайырлы білім алуына, сондай-ақ ағайынның ынтымағы мен бір-біріне деген қамқорлығының артуына септігін тигізсе екен деген ниетпен бас қосып, барша өткендерге арнап ас берілді.

Қаңлы сейіттердің бас қосуы Батырқожадан тарқаған ұрпақтың жасы ұлығы – Сейіткәміл Жалалұлының Батасымен басталды.

Ас өткен ата-бабалар, ана-мамалар, барша бауырларға арналған Қатым Құранмен жалғасты. Шымкент медресесінің түлегі – Қожахан ешанның шөбересі,  Бахадыров Мейірбек Есімханұлы құранды қатым еткен болатын.

Батада Саид Ата – лақабы Гүлқожа бабамызға, оның ұлы  – Райымқожаға, Райымқожаұлы – Ибрахимқожаға, Ибрахимқожаұлы – Батырқожаға,сол Батырқожа бабамыздың алты ұлы – яғни осында отырған барша ағайынның  дүниеден өткен бабалары – Қасымқожа, Әздержанқожа, Асанқожа, Ұлықожа, Қарақожа, Бабақожа бабаларымызға, олардың жұпты халалдарына, сол ұлы бабаларымыздан өрбіп, дүниеден өткен барша бауырларымызға, Сексената мазаратында жатқан барша мүміндерге, сондай-ақ Төменгі Шыршықтан, Сарыағаштан, Шымкент пен Ташкенттен, Шыназдан келген бауырларымыздың өткен аруақтар аталып, бағышталды.

Құттықтау сөз бабаларға арналған Асытың қонақтары мен Ташкент облысының Бостандық, Жоғары Шыршық (Сексен Ата ауылы), Паркент және Төменгі Шыршық аудандарындағы белсенділеріміз – Ағзам тәте, Мадияр інімізге, ал Бостандықтан – Әбутәліп ағаларымызға, сондай-ақ, Са қожалардың белсендісі, Халықарлық сейіттер ұйымының Өзбекстандағы өкілі Нұриддин Есжановқа берілді.

Сексената ауылында тұратын қожа бауырлардың – Қылышты, Қорасан, Бақшайыш және басқа да рулардың –  өкілдері мен басшылары да өз тілектерін жеткізді.

Айта кетейік, Асқа сейіттердің – Ахли байттің – осы өңірдегі дерлік барлық аталықтарының өкілдері қатысып отыр: Қыдыр ата балалары және Қаңлы сейіттердің ең жақын туысы – Са қожалардың өкілдері қатысты.

Биыл Майлықожа Сұлтанқожаұлының 190 жылдығы аталып өтіп жатыр.

Астың аясында осы датаға арналған ұлы ақын бабамыздың өлеңдері мен термелерінің Фестивалі болып өтті.

Майлықожа – біздің рухани піріміз әрі туымыз, әулиеміз, исі қожаның мақтанышы, даналықтың қайнар көзі. Майлықожа – рулық деңгейден ұлттық деңгейге көтерілген көсеміміз.

Қазақ топырағында Майлықожадай Алланы дәріптеген, Оның сүйікті әрі соңғы пайғамбары,  екі әлемнің сардары – Мұхаммед с.а.с. поэзиялық тұрғыдан  сипаттай білген, дін мен имандылықты сол ұлы бабамыздай насихаттаған хакім, данышпан ақын жоқ. Алла мен ұлы Пайғамбарымыз с.а.с. соң, әділетті халифалар мен сахабалардан кейінгі ұлы тұлға саналатын – Ата-ана жайлы Майлықожадан артық  әлі ешкім айта алмады.

Майлықожа Сұлтанқожаұлының 190 жылдығына арнап ұйымдастырылған ұлы ақын бабамыздың өлеңдері мен термелерінің Фестиваліне ҚР Түркістан облысы Арыс қаласының Мәдениет Үйінің қызметкері, айтулы Қожатоғайлық термеші, өзіміздің Сейітқожаның Қыдыр Ата баласы, Кемел тобынан  – Сәдуақас Каукешов баурымыз келіп отыр. Алыстан ат терлетіп арнайы келіп отырған бауырымызға қол соғып қошемет көрсетейік.

Бірінші кезекті арқа еті – арша, борбай еті – борша болып, сонау Қожатоғайдан келген Сәдуақас бауырымызға берейік.

Сәдуақас бауырымыз Майлы ақынның үш термесін орындады.

Сондай-ақ термеші туысқанымыз – шежіреші, Майлы ақын мен Мәдәлі батырдың жинақтарын шығарған Сейітомар Саттаровтың тапсырмасына орай – автордың кітаптарын Қаңлы сейіттер қауымына сыйға тартты.

Фестивалде жас термешіміз – Бостандық ауданы “Қожа” ауылының тұрғыны – Балжан Аубакирова ұлы ақынның “Жақсы бір адам қартайса” деген термесін орындап берді. Тұсауы кесілген қызымыздың өмірде де, өнерде де бағы жансын деп тілейміз.

Жеңгейлер мен келіндеріміз де Майлықожа атасының өлеңдерін оқыды.

Көш жүре түзеледі, Иншалла алдағы уақытта Ұлы бабамыздың мол мұрасына деген қызығушылық арта түседі.

Алла адамдарды жаратқанда, ілім алу қабілетін қоса дарытқан екен. Сондай-ақ, Қасиетті Кітабымызда білімсіздерге қарағанда білімділердің дәрежесі жоғары екені көп айтылады.

Балаларымыздың білім алу мүмкіндіктері жайлы қысқаша мағлұмат беріп өтілді. Ұлы жазушымыз  Мұхтар Әуезов: «Адам мен адамды теңестіретін білім» деген. Тек білімді адам ғана бәсекеге қабілеттілік танытып, өмірден өз орнын ойып алады.

Мешіт, медресе ұстап, өмірін діни қызметке арнаған бабалар жолын жалғастыруға аса назар аударсақ.

Әрбір әулеттен бір баламыз медресе оқыса, ертең имам немесе мударрис болмаса да, әулеті мен ауылының имани ұйытқысы болар еді.

Әрине, баланы мәжбүрлей алмайсыз, бірақ жастайынан санасына сіңіріп барсақ, Алла бойына ықылас дарытса – қисыны келіп кетеді, Иншалла.

Мысалы Қазақстандағы медреселерге шәкірттер 9-11 сыныптардан кейін қабылданады.

Бұл медреселерде оқу процессі Имам Абу Ханифа мазхабы сәйкес жүргізіледі.

Балалар Медересенің өзінде  тұрады, 3-мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі.

Оқу мерзімі – 3 жыл. Бітірушілер медреселерде ұстаз, мешіттерде имам, Қажылық компанияларының қызметкерлері, сондай-ақ, дін саласының зерттеушілері болуы мүмкін.

Діни білімін кемелдендірген бала басқа – өзі қалаған мамандықты таңдап, сол жолмен кетуі де мүмкін. Ешқандай шектеу жоқ.

Мұндағы басты мақсат – медресені бітірген жастар айналасына, өз ортасына, қоғамға имандылық нұрын шашуға, қоғамның рухани дамуына өз үлесін қосуға қабылетті болуы.

Медресенің үздік шікірттері бүгінде араб елдерінің, Түркияның атақты университеттерінде дінтану мамандығы бойынша білім алып жатыр.

Балаларды жазғы сауаттылық лагерлеріне де жіберуге де болады. Аз уақыттың ішінде балалар хат танып, Құранға түсіп қалады.

“Жастайыңнан үйренсең – қартайғанша көнігесің, қартайғанда үйренсең – көніккенше көмілесің” дейді…

Астың ұйымдастырушылары мен қауымның белсенділері – Ағзам Мақсұтұлы, Пердеқожа Сейдінәсірұлы, Шарафиддин Бұрханұлы, Фахриддин Жиенқожаұлы, Шухрат Сүннатұлы, Есімхан Бахадырұлы, сондай-ақ Мадияр Жиенқожаұлына – Асқа қатысушылар өз ризашылығын білдіріп, ағайынның ынтымағы жолындағы еңбегіне табыс тіледі.

Басқосуда ағайынның ынтымағы мен бір-біріне деген қамқорлығының артуына қатысты ойлар да ортаға салынды.

Қаңлы сейіттердің төрағасы – Үсен Асқаров қауым мүшелеріне өзінің төмендегі жылдық Жолдауын жеткізді:

“Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен, бала-шағаны қалай асыраймын, қалай жеткіземін деп, арқа еті арша, борбай еті борша болып жүрген ағайынға «неге жиі бас қоспайсың» деудің, әрине, қисыны келмейді.

Бірақ тек бізге емес, барша жұртқа, бүкіл әлемге қатысты проблемалардың бірі – ағайынның, әулет пен ауылдың, достар мен замандастардың бір-бірінен алшақтап бара жатқаны. Бұл жағдайдың бірқатар себептері бар.

Бірінші себебі – әйелдер қауымы қонақ күтуді, ағайынды жәй тамаққа шақыруды қиындатып жіберді. Дастарқан жазу қыруар қаржы мен көп уақытты талап ететін  болды.

Ілгері – ағайынның ынтымақты кезінде – дастарқан тамақ, нан-шәймен жазыла беретін.

Тіпті Қарғызстан парламентінде – яғни мемлекеттік деңгейде де әйелдердің қонақ шақыруға құлықсыз екені туралы мәселе көтерілді.

Оның үстіне әйел мен бала-шаға ағайыннан оқшаулануға бейім.

Майлықожа бабамыз: «Қатын мен балаң жат қылар атаң менен анаңды, інің менен ағаңды» – деген екен. Ұлы ақынымыз: «Қатын мен балаға ие болыңдар» деп отыр. Бабамыздың: «Жақсы асыңды жат жесін!» деген сөзінде де терең өмірлік философия бар.

Басқа да – ер азаматтардың өзіне қатысты – себептер бар: күйбің тіршілік, тұрмыстың тауқыметі, кейде бір-бірімізді менсінбеу, елемеу немесе өзімізді өзгелерден төмен санау – тағы-тағылар.

Осылай, санда болғанмен, Санатта бола алмай жүреміз.

Біздер өзбектер сияқты шайханаға, ағылшындар сияқты – пабқа бармаймыз. Жиірек бас қосып тұрсақ деген ой ғой…

Тағы бір басты мәселе – әйелдер қауымының ер-азаматтар үстінен билік жүргізуі шектен шығып барады.

Барлық әйелдерге топырақ шашудан аулақпыз.

Күйеулерін «айтқаныма көндірем, жетегіме жүргізем» дейтін келіншектер көбейіп кетті.

Әсіресе жастарымыз келіндердің құптауына ынтызар, “не дейді екен” деп алаңдап тұрады.

Әйелдеріміз бас иелерін – тіріде пірім, өлгенде туым десе, ал ер азаматтар сол құрметке сай болса – Иншалла, бәрі де жақсы болады. Мінер атымыз бен ішер асымыз көп болады…

Бүгінгі күннің еркектерге қаратылған басты ұраны:

«Қатыннан емес, көбірек Құдайдан қорқыңыздар!» деген ұран болмақ!

Ал әйелдер қауымына: «Еркекті әйелден үстем еткен Алланың бұйрығына бағыныңыздар, күйеулеріңізді хандай сыйлап, қаншайымға айналыңыздар!» демекпіз.

Алладан баршлараңыз үшін тағы да тілерім:

– Алла баршамызға қожа болу – соның ішінде Ахли бәйт болу – Пайғамбарымыз Мухаммад с.а.с. тікелей ұрпағы болу – ұлы мәртебемен қоса үлкен жауапкерлік екенін сезінетін сана берсін!

Ұмытпайық: Ахли бәйттің дәрежесінің биіктігі соншалықты – оларға патшалар да садақа бере алмайды…

– Өз басымызға өзіміз би болуға, Алланың бізге берген ұлы дәрежесіне сай болуға жазсын!

– Алла біздерді мунафихтіктен, хасадтан (күншілдіктен), ғайбаттан сақтасын!

– Алла Өзі балаларымыз бен   бауырларымызды интеллектуалдық инвалидтіктен, пайым-парасатсыздықтан сақтасын!

– Баршамызға ұрпағымыздың саналы, иманды, білімді, пайым-парасатты болуына қызмет етуді жазсын!”.

Осы Жолдаумен басқосу аяқталды.

Қаңлы сейіттердің келесі Асын Ташкент облысының Паркент ауданы “Сәмсерек” ауылындағы бауырлар өткізетін болды.

Сіздерге тілеріміз – Алла сіздерге ынтымақ, ауызбіршілік, күш-қуат берсін! Жебеушілеріңіз бен демеушілеріңіз көп болсын!

Алла баршаңызға жар болсын!

Ахли байт бар болсын!Қожекеңдер қашанда –

Қайыспайтын нар болсын!

 

Үсен Асқаров.

19.05.2025ж.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button