Басқы бет / Ғибадат / Түркістан — екі дүние есігі ғой

Түркістан — екі дүние есігі ғой

ТҮРКСОЙ ұйымына мүше мемлекеттердің Мәдениет министрлерінің 34-ші тұрақты кеңесінде Қазақстанның Түркістан қаласы 2017 жылы бүкіл түркі әлемінің мәдени астанасы деп шешім қабылданды. ТҮРКСОЙ ұйымының ең сәтті жобаларының бірі – 2012 жылдан бастап, түркі әлемінің мәдени астаналарын сайлау болып табылады.
Түркістан — екі дүние есігі ғой,
Түркістан— ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой.
Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып-өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кешкен.
Тұранның тарихы бар отты желдей,
Заулаған қалың өрттей аспанға өрлей.
Тұранның жері менен суы да жат,
Теңіздей терең, ауыр ой бергендей.
Тұранның егі-шексіз шөлі қандай,
Теңіздей кемері жоқ көлі қандай!
Тұранның дария аталған өзендер:
Тасыса, шөлді басқан селі қандай!
Тұранның таулары бар аспанға асқан,
Мәңгіге басын аппақ шаштар басқан.
Бауырында ерке бұлақ салады ойнақ,
Жаралып таудан аққан салқын жастан.
Шөлдер бар, жел де жүрмес,сап-сары құм,
Моладай ешбір үн жоқ мәңгі тып-тын.
Болмақ па жан-жануар шексіз шөлде,
Сар құмда салар ойнақпері мен жын.
Тұранның теңіз дерлік көлдері бар,
Шалқыған егі-шетсіз Теңіз, Арал.
Бір шетте қасиетті Ыстықкөлдің
Бауырында дүние көрген түрік көкжал.
Ертеде Оқыс, Яқсарт —Жейхун, Сейхун,
Түріктер бұл екеуін дария дейтін.
Киелі сол екі су жағасында
Табасың қасиетті бабаң бейітін.
Тұранның Тянь-Шаньдай тауы қалай,
Пар келмес Тянь-Шаньға таулар талай!
Еріксіз ер түрікті ойға аларсың
Көкке асқан Хантәңіріге қарай-қарай.
Балқашты бауырына алған Тарбағатай,
Жоталы, жер кіндігі – Памир, Алай.
Қазығұрт қасиеті тау болмаса,
Топанда Нұх кемесі тоқтар қалай?
Тұранның жері де жат,елі де жат,
Құйындай бастан кешкен күш де жат!
Тұранды түгелімен билеп тұрған
Ертеде ертегі хан Афрасияб.
Ежелден жер емес ол қарапайым,
Білесің, тарихты ашсаң Тұран жайын.
Тұранға қасиетті құмар болған
Ертеде Кей-Қысырау мен Зұлқарнайын.
Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе?
Түрікке адамзатта ел жеткенбе?
Кең ақыл, отты қайрат,жүйрік қиял,
Тұранның ерлеріне ер жеткенбе?!
Тумайды адамзатта Шыңғыстай ер,
Данышпан, тұңғиық ой,болат жігер.
Шыңғыстай арыстанның құр аты да
Адамның жүрегіне жігер берер.
Шыңғыстан Шағатай, Үкітай, Жошы, Төле
Атаға тартып туған бәрі бөрі.
Шыңғыстың қол бастаған екі көзі —
Жолбарыс Сұпытай мен көкжал Жебе.
Тұранның билері бар Тарағайдай,
Сол биден Темір туған от боп ойнай.
От шашып жер жүзіне Ақсақ Темір,
Жарқ етіп өте шыққан найзағайдай.
Тұранды мақтамаймын тіпті текке,
Онсыз-ақ Тұран таныс талай шетке.
Сырласқан үйде отырып аспан-көкпен
Білгіш аз жеткен жүйрік Ұлықбекке.
Асыл қан – қасиетті түрік қаны,
Сол қаннан — Ибн-Сина Әбуғали.
Молдығы білімнің сиқыр дерлік,
Дүниеге мұндай адам тудыма әлі?
Түріктің кім кеміткен музыкасын,
Фараби тоғыз ішекті домбырасын
Шерткенде тоқсан тоғыз түрлендіріп,
Жұбанып, кім тыймаған көздің жасын?!
Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,
Түріктен басқа от болып жан туып па?
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?
Арыстан елге Отан болған Тұран,
Тұранда қазағым да хандық құрған.
Қазақтың қасқа жолды Қасым ханы
Тұранның талай жерін билеп тұрған.
Әділ хан аз болады Назардайын,
Алашқа Есім ханның жолы дайын.
Тәукедей данышпан хан құрған екен
Басында Күлтөбенің Құрылтайын.
Бұл Тұран ежелден-ақ алаш жері,
Тұрансыз тарқамаған алаш шері.
Тұранның топырағында тыныштық тапқан
Алаштың арыстаны — Абылайері…
Тұраннан Сарыарқаны бөлекдеме,
Түркістан алты алашқа болған Кебе.
Тұранның топырағын құшып жатыр
Кешегі ердің ері көкжал Кене.
Шер батса — кім іздемес туған елін,
Тұлпар да көксемей ме туған жерін?
Арқанын ардагері – қалың алаш,
Тұран да, біле білсең, сенің жерің!
Қырағы Тянь-Шань мен Памир,Алай,
Күтеді көптен сені қарай-қарай.
Кене мен Абылайдың жолын қумай,
Жапанда жайылудың мәні қалай?!
Ертеде Оқыс, Яқсарт-Жейхун, Сейхун,
Түріктер бұл екеуін дария дейтін.
Киелі – сол екі су жағасына,
Болмаса, барсаңшы іздеп бабаң бейітін!

Мағжан ЖҰМАБАЕВ

Сондай-ақ, оқыңыз

Манап Өтебаев – жетімді жебеген жан

2018 жылы 14 көкек күні Оңтүстік Қазақстан өңірінің тумасы, белгілі қоғам қайраткері, марқұм Манап Өтебаевтың …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған