Адал дінің – иманың

Бисмилла, калам алалы,
Жад етіп Жаппар дананы.
Нұсқаларда әр сөзде –
Алланың намы жоғары.
Сол себепті алдына
«Бисмилла» деп салады,
Бисмилламен айтқан сөз
Орнына барады.
«Бейбисмилла» деген сөз –
Шайтанның депті амалы.
Иманмен кетсін дүние
Бенделі момын баласы.
Алал дінің – Иман-дүр,
Арамның нәпсі ханасы.
Момынның арын іздеген
Дұғадан жоқта шайырды,
Наданның зейіні жете алмас
Даналар білер пайымды.
Әуелгі сауап – бес парыз,
Екінші сауап – қайыр-ды.
Шариғат жолы нәзік-дүр,
Арамға қылма майылды.
Маңдайын сипап жетімнің
Шәкуә қылма сайылды.
Мәһшарда алал-арамды
Жәннат пен тозақ айырды.
Ақиқаты осылай
Кітаптарда зайыр-ды.
Мәнісіне әр сөздің
Құранда аят дайын-ды.
Қасас қылма жақсылар,
Бейзәрурат адамды.
Ақырында әр нәрсе –
Өз нәсіліне тарайды.
Топырақтан пайда ғып
Әзіреті Адамды
Уәзінмен білдірді
Жәбірейілге Алла хабарды.
«Алғын, – деді, – жауапқа
От, су, топырақ, шамалды».
Пәс жауап берді топырақ,
Өзгесі етті бәленді.
Менмендігі жоғынан
Топырақты қалады.
Бұл тәртіпке пәлі емес
Адам сафи жанабы.
Осылай екен әуелі
Нұсқасы екен адамның
Әр мыжазда болмағы.
Мүсәпір хал кейбірі,
Бағзысы жоғары,
Баз бірісі бір сөзді,
Базының жоқ-дүр қарары.
От, топырақ, шамалдан
Мыжазы соған ұқсайды.
Артық болса шарары.
Себеппен сонда тоқталар
Нені жазса әзалда
Құдіреттің қаламы.
Сираттан әбден өткенше,
Пайым қылып болмайды.
Жақсы менен жаманды
Әр түрлі мақұлық жаратып,
Құраннан берген хабарды.
Комментарий
Майлықожаның шығармалары – Құран мен хадис ілімі.
Менің Рахымберді ешан, Қожахан ешан деген бабаларыма, басқа да ешандарға білімді Алла Өз мархаматымен дарытқан еді.
Ол бабаларымыз: «Майлы ақын – бөлеміз» дейтін. Тән бөлесі ме, рухани, жан бөлесі ме – оны мен баса айта алмаймын.
Айтпақшы Қожахан атамыз да, ағасы – Рахымберді ешан да, олардың әкесі – Иматқожа да – суырып салма ақындар болған.
Қожахан бабамыз Майлықожаның көптеген өлеңдерін жатқа айтатын. Әсіресе Майлы ақынның «Мәделі батыр ағамыз» деген арнауын айтқанда бәріміз жылайтынбыз.
Ол бабаларымыздың білімінен – тақуалығы басым болатын, қазіргі медресе, шетелдің діни оқу орындарын көрген имамдарымызда тақуалығынан – білімі басым. Бабаларымыз – демі күшті, сөзі салмақты, жүздері нұрлы, дүниеге емес, дін мен ғибадатқа ден қойған адамдар еді…
Әкемізден есіткен бір әңгіме жадымызда таңбаланып қалған. Ташкенттің ғұламалары Майлықожа ақынның ислам діні мен тарихы жайлы жырлары туралы естіп, ақынды ауылына іздеп барыпты. Ақынның үйін, шаруасымен жүрген өзінің күйін көріп, көңілдері толмай, «бізге қысқалау етіп өлеңдеріңізден айтыңыз, күн қысқа, жолымыз алыс» депті.
Майлы атамыз жырларын жердің жаратылысынан бастапты. Мүмкін, ақынның сонда айтқаны мына қатарлар болса керек:
Бір дана гауһар жаратты,
Назар қып Тәңірім қарапты.
Гауһар еріп – су болды.
Суға желді кіргізді,
Шайқап көбік тұрғызды.
Көбіктен жерді жаратты,
Түтіні аспан бу болды.
Он сегіз мың әлем халық,
Алты күнде бұл болды.
Әуел – ақыр ән-Хазірет
Екі әлемге ту болды…
Атамыз Ташкенттен келген домла-ғұламаларға қараса, бәрі егіліп жылап отырған екен.
Домлалар: «Сіз қайда тәлім алғансыз, қай кітаптарды оқығансыз, бұл өлеңдеріңізді қалай жаздыңыз» деп сұрай бастапты.
Майлы атамыз: «Түнде түсімде көремін, күндіз сол көргенімді жазамын» депті…
Сондықтан мен атамызды «Майлықожа – Әулие ақын» деймін. Алла бабамыздың жатқан жерін жаннаты етсін!
***
Ұлы бабамыздың сөзінің әрбір қатары – ұзақ насихаттың арқауы. Өтінішіміз – осы трактатты соңына дейін оқыңыздар. Майлы ақынның бұл өлеңі – тәрбиенің қайнар көзі, даналықтың суалмас бұлағы. Біздерге Майлықожадай ақынды сыйлаған Аллаға шексіз шүкір мен хамду саналар болсын!
Ұлы бабамыздың даналық тұңғиығына хош келдіңізер, бауырлар!
АҒАЙЫН БОЛСАҢ – ТАТУ БОЛ!
Жарандар, кеңес жазайын,
Үшбу дақты қағазға.
«Ақымаққа – таяқ» деген сөз,
Ақылға нұсқа сабақта.
Мұсылман болсаң шариғат,
Ораза, иман, намазға.
Ағайын болсаң тату бол –
Әуес болма аразға.
Ғани болсаң мақтан ба,
Көзіңді сал малы азға.
Рызғы берер бір Құдай,
Жарлы болсаң және азба.
Бай болсаң болар дәулетің,
Жарамды басшы көп болсаң,
Көпке басшы сұлтаның.
Ізгілік етсең сөйлеме,
Ысырап болар қылғаның.
Жасыңда өнер білмесең –
Өскенде өнер білмейсің.
Бәйтеректей майыспай,
Қоңырайып тұрғаның.
Досыңа жаман сөйлеме,
Досыңа жаман сөйлесең,
Өзіңді өзің ұрғаның.
Шақырмаса қонақ қып,
Қыдырып жүрме есікке.
Қыдырған нәсіп болмайды,
Тәңірің берген несіпке.
Қонақ келсе сыртыңнан
Жүгіріп шық, кешікпе.
Қырықтың бірі – Қыдыр-ды,
Дуасы тиер несіпке.
Алладан дұрыс сұрасаң –
Арам қоспа кәсіпке.
Дұшпанды жеңсең достық қыл,
Жеңген сайын өшікпе.
Өне бойы қарыштан,
Табандама кешікпе.
«Қашқан жауға – қатын ер»,
Өне бойы қорқытып,
Тығамын деме тесікке.
Өз көзіңмен көрмесең,
Біреудің айтқан сөздерін,
Шын екен деп есітпе.
Бұл заманда бір бөлек,
Көрмегенге нанбаған.
Өз көзімен көрмесе,
Сөзге ермейді ол адам.
Оңлы адамның белгісі,
Балта ұрмайды қашауға.
Білімсізді үйрету,
Салғандай құрық асауға.
Асылын іздер нәсілмен,
Басыңды әуел қосарда.
Екі достың арасын
Айырады оңбаған.
Аулына болмас ақсақал –
Өз туғанын қорлаған.
Достық, қастық қолынан
Екеуі де келмейді,
Үйретіп біреу зорлаған.
Би кеңесі келіспес,
Білім алмай ордадан.
Балаң әріп білмейді,
Сабақ алмай молдадан.
Жауға тастар жолдасын,
Өзінің басын қорғаған.
Жақсы жолдас сол болар,
Шашпай сырды жинаған.
Жаман жолдас сол болар,
Орынсыз жерде қинаған.
Көршінің қоғам болғаны,
Ауылдың малын жинаған.
Баланың асыл болғаны,
Ата-анасын сыйлаған.
Ер ынсапсыз болғаны,
Жастағы жеңіл мінезді,
Қартайғанда тыймаған.
Қайырсыз дәулет сол болар,
Ішпей жемей жинаған.
Борышты тағам ас болмас,
Болмас бала құры сан.
Болатын бала жас болмас,
Болса құлақ дұрыстан.
Құм жиылып тас болмас,
Ұры-қары қосылып,
Ұйытқыдай ел болмас.
Қарғадай тойса, жиылып,
Шыққан жері дөң болмас.
Патшаны ғайбат қылғандар,
Басына залал келтірер.
Қарияны қор тұтқан –
Жасқа залал тидірер.
Әулиені қор тұтқан –
Ақыретін күйдірер.
Үлкенге өрлік ойласаң,
Кедейдің киімін кидірер.
Атқа сеніп бос қойсаң,
Ер тоқымыңды үйдірер.
Қатынға сеніп бос қойсаң,
Атаңа нәлет тидірер.
Жаман қатын ерінің
Айыбын елге білдірер.
Ағайыннан қашырып,
Халқынан жырақ жүрдірер.
Бейәдеп өссе ұл-қызың,
Дәулетіңді бүлдірер.
Алтыннан әдеп ілгері,
Жақсыдан алсаң гүл білер.
Жақсыны жақсы десеңіз,
Жан иманы семірер.
Қарғыс алған жігіттің,
Жарым жасы кемілер.
Сезікті түлкі секірер,
Алыстан болжап бекінер.
Қара малда қасиет көп,
Өлгенін көрсе өкірер.
Ақымақтың күні арманда,
Әр істе қате білінер.
Азаматтың белгісі,
Алысты жақын келтірер.
Жүгірген аң, ұшқан құс,
Бір тамаққа жем тілер.
Ауадан жауын көп жауса,
Айдынды көлдер көлкілдер.
Жорға дүние тоқтамас,
Жол тартқанда селкілдер.
Ер тоятын сұрасаң,
Аллаға өтініш етіңдер.
Пейіш барсаң арам жоқ,
Бармасаң да, барсаң да,
Сол талапқа жетіңдер.
Өмірің бір күн өтілер,
Арманың менен кетілер.
Азамат болып көркейер
Артыңда қалған жетімдер.
Қара жердің астына
Қарайған бенде бекінер.
Таудан тарлан ақырар,
Тас мұрынға ұялап,
Қарға-құзғын шақырар.
Қаршыға, тұйғын көрінсе,
Қарға, құзғын бақырар.
Бей дәулеттің торына,
Қарақұс түсіп жапырар.
Жаңаланар халқың бар,
«Елу жылда – ел жаңа,
Жүз жылда – қазан» деген бар.
Қыстасаң үзір құмда бар,
Көктесең ыза жымда бар.
Шаруаның белгісі,
Көшіп-қонса қоңданар.
Қария кімде – құт сонда,
Айтқан сөзін тыңдаңдар.
Қасиеті бар жақсының,
Қадамын үрмет сыйлаңдар.
Өтірікшіде өкініш көп,
Сөз таптым деп жылмаңдар,
Оныменен кімді алдар.
Талабына тез жетер,
Алланы тақия қылғандар.
Аллаға мақұл болады,
Дүниеде кәсіп қылғандар.
Сұраусыз кірер пейішке,
Шариғат жолын қуғандар.
Бейшариғат бендеге,
Жаһаннам деген зындан бар.
Ұятты ойлап іс қылғын,
Ұятты құлда иман бар.
Бұл дүние бейопа,
Құдайдан басқа өледі,
Өлмеймін деме бек-хандар.
Өлмесе қайда ойлаңдар,
Атамыз Адам пайғамбар?!
Комментарий
Ұлы бабамыздың бұл өлеңі – ағайын арасындағы қатынастардың діни, рухани, гуманитарлық, әлеуметтік тұрғыдағы философиялық трактаты, ағайын арасындағы қатынастың жалпыға бірдей Конституциясы.
Бауырларымыз Майлықожа атамыздың осы ағайынның татулығы туралы Трактатын өз шежіресімен қатар қабырғасына іліп қойса ғой, шіркін!
Өкініштісі – өлең сөз былай тұрсын, жай қара сөзді түсінетін, ал түсінсе – соны жөн деп білетін ағайынның саны азайып барады.
Бұдан 30-40 жыл бұрынғы ағайындық қатынастың ауылы бүгінде алыстап кетті. «Соғыстан аяғынан айырылып келген көршіміздің қыста – қарын күреп, жазда – отын, шөбін дайындап беретінбіз» – деп айтып отыратын әкем марқұм.
«Ағайын болсаң тату бол –
Әуес болма аразға.
Ғани болсаң мақтан ба –
Көзіңді сал малы азға.
Рызғы берер бір Құдай –
Жарлы болсаң және азба» – дейді.
Ақын атамыз: «Босқа араздаспа, бай бауырың бөліссе – риза бол, бөліспесе – Алланың берген ризығына қанағат ет» – деп отыр.
Ұлы бабамыздың мына тұжырымына құлақ асыңыз:
«Ізгілік етсең сөйлеме –
Ысырап болар қылғаның» – деп отыр.
Азамат деген нағашы атамның Әуез деген ауқатты ағасы болған. Ол кісі жүзге жақындап дүниеден өтті. Соғыс кезінде отыз үй қожанының салығын – Әуез ата, ал Қара қаңлының Тоғанай руының бір бөлігінің салығын – Қабылбек бай төлейді екен.
Біздер жақта Шыршық деген өзен, сол өзенннің атымен аталатын бір қала, үш аудан бар. Олар – Жоғары, Орта және Төменгі Шыршық деп аталады.
Сол өзеннің оң жағалауындағы Шыршық қаласына ауылдың адамдары базарға, басқа шаруаларымен барып, поромнан кеш қалып, сол жағалаудағы ауылдың тұсына келіп, «Әуез баба, Әуез баба» деп айқайлайды екен. Әуез ата ұлы – Айдарды тұрғызып, «адамдарды өзеннен бірі өткіз» дейді екен.
Әлігі нағашымыз ерттеулі тұратын сары биені мініп, Шыршықтың арғы жағасындағы адамдарды биесіне мінгестіріп, ағысы қатты өзенді жалдатып, бергі жағаға алып өтеді екен. Жайына жайғасып, төсегі енді жылығанда, әкесі: «Тұр балам, адамдар айқайлап жатыр» дейді екен. Сонда әлігі Айдар нағашымыз: «Мен сорлы жылы төсектің не екенін білмей, өліп кететін шығармын» дейді екен.
Ал қазір көлігі бос, бағыты бір болса да, оң-солына қарамай өтіп кете беретіндер көбейді, кейде өзіміз де әңгіменің ырқы бұзылмасын деп, байқамағансып кете береміз…
Үсен Асқаров





