Майлықожа

Майлықожа мен Қосым ешан

Майлықожаны Шаяндағы Қосым ешан өлең айтуын тоқтатқызып, тиым салу үшін үйіне шақырып алыпты да: «Сен ақсүйек екенсің, қожа екенсің, өлең айту күнә болады, бұл әдетті таста!» депті.
Майлықожа: «Мен мейманмын, мейманды риза ету ме, жоқ қапа ету ме?» – депті. Қосым ешан: «Әлбетте, ризалық жақсы. Қонақ риза болса, Құдай риза болады» – депті.
Майлықожа: «Ендеше, мен 5-6 ауыз өлең айтайын, өйтпесем, ішім жарылып өлемін!» – депті. Ешан сонда да рұқсат етпепті.
Майлы: «Өлең айтпасам, үйіңізге қонбаймын» – деп, тамағын ішпей кетуге айналыпты. Ешан өлеңге рұсат етіп: «5-6 ауыздан артық айтпа!» деп, екі құлағына мақта тығып, сыртынан қос қолдап басып отырыпты. сонда Майлықожа:

«Бисмилла» дедім, я, Алла!
Екі әріп «кәп» пен «нұн» болды.
«Кәп» пенен «нұн» қосылса,
Оқымаққа «кун» болды.
«Кун» деген сөз – бол демек,
Алладан араб тіл болды.
Бір дана гауһар жаратты,
Назар қып Тәңірім қарапты.
Гауһар еріп – су болды.
Суға желді кіргізді,
Шайқап көбік тұрғызды.
Көбіктен жерді жаратты,
Түтіні аспан бу болды.
Он сегіз мың әлем халық,
Алты күнде бұл болды.
Әуел – ақыр ән-Хазірет
Екі әлемге ту болды.
Ідірістен басқа бейішке,
Тірідей барған кім болды.
Иса мен Ілияс, Қызыр бар,
Бұрыннан тірі жүрген-ді.
Онан басқа барша халық
Жер қойнына кіргенді.
Әзіреті Адам өткен соң,
Бірнеше жылға жеткен соң,
Рахмет дария тасты да,
Жаһанды нұры басты да,
Ибраһим, Халел асылынан,
Құрайыш, араб нәсілінен,
Мекке шәріп жайында,
Рабул әуал айында,
Дүйсенбінің күнінде,
Әсина (Амина) деген зайыптан
Шарапатты жаһанға,
Мұхаммед атты ұл келді.
Тау-тастары жапырылып,
Барлығы тағзым қылды енді.
Айуан тамдар жапырылып,
Ағаштар басын иді енді.
Айуан тамдар бүгіліп,
Сол күні көктем жыл келді.
Бұл сөзімнің мәнісін,
Түсінген пенде білді енді.
Жер мен көк бәрі сәжде қып,
Кәлима айтып, дінге енді.
Аршы – ағладан Жәбірейіл
Исрайыл мен Мекайыл,
Әзіреті Әзірейіл
Қызметкер қадым сол болды.
Бір Құдайға өлмек жоқ,
Басқаға өлмек шын болды.
Періште мен жын-шайтан,
Өлімге диюлар мұң болды.

Әлқисса, осы араға келгенде Ешан құлағындағы мақтасын алып, шын көңілмен ықыласын аударып тыңдапты. Майлықожа шариғат сөздерін тоғытып айта беріпті. Кербаланың шөлінде Хұсейіннің өлген жерін айтқанда, Қосым ешан өкіріп жылап жіберіпті.
Ақырында: «Шырағым, сенікі өлең емес екен, ілімі ләдін дарып кеткен екен. Мұнда сауаптан басқа жоқ, күнә болмайды, – деп-інілер мен балаларына тапсырған екен, ағайын ақынды аулақтау жерге апарып бір күн тыңдап алдына он шақты қой, екі өгіз, жетегіне бір жылқы беріп Қожатоғайға дейін ауыл жастары апарып берген екен дейді Абдуад бидің небересі Ергеш ақсақал.
Ал Ладуни ілім дегеніміз не Ладунни, батини ілімі — ғайып ілімі, сырлардың мәніне жету мағынасында қолданылады. Сопылар барлық ғылым атаулының Аллаһ тарапынан берілетіндігіне сенеді. Басқа дін, шариғат, хал ғылымдары періште, елші арқылы беріледі.
Ал Ладунни ілімі, ешқандай білім алмастан, тікелей Хақиқаттан адамға берілген Ладунни ілімін Құдайлық таным немесе мағрифат деп те атайды.
Бұл – рухани шабыт кезінде тікелей Тәңірден берілетін таным (илһам). Басқаша айтқанда «илм-и ладуни» илаһи сый, құт. Бұл ілімнің мектебі – тақуалық. Ладунни ілімін сыртқы сезім мүшелері мен себептер немесе құралдар арқылы емес, «мағынауи хәл» арқылы үйренуге болады.
Жалпы түсінік осылай – демек Майлықожа Қосым ешанды бұрыннан жақсы таныған, Қосым ешан мүриті болып саналатын Майлықожаны әләулай, жеңілтек, күманды жолынан шығару үшін ақыл кеңес беруге шақырды. Бірақ Майлықожаның айтып жүрген өлеңдері басқаша, Ислам дүниесінен алыс кетпеген болғаны үшін ақынға Халық үшін керек дүниеге рұхсат берді.
Бұл жерде мен ақталайын, болмаса бір желеу іздеп отырғаным жоқ. Ата-бабамыздан сөз қалған, тәлім, тәрбие Ислам құнылықтары қалған. Аталған жолға арналған дүниелерді біріндеп теріп жазып отырмын. Жоғарыда айтып кеткендей, мен Хал іліміндегі ғана адаммын. Өз жағдайыма байланысты мына кітаптағы Ұлықтарды тек тарих бетінде халыққа жария болғандарын беріп отырмын. Ал 800-жүз жыл, сегіз ғасыр бұрын өткен бабалар тарихында қарама қайшылық, кей жерлерде ауытқуда кездеседі.
Бірақ бір нәрсе анық Ұлы бабалардың тарихтың тар кезеңінде де Алла жолына, Ислам жолына өз адалдығын сақтап, екі жүзділікке бармағанында асыл мұрат жатыр. Сол себепті Бабалар тарихына түсіністік пен қарауларыңызды өтінемін.

СЕЙТОМАР САТТАРОВТЫҢ «САИД АТА» КІТАБЫНАН, 23.06.2025 ж.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button