Басқы бет / Сыр-сұхбат / Тағылым мен тағзым    

Тағылым мен тағзым    

(Жалғасы. Басы «Бельгерге хат…» мақаласында)

Формациялық даму үлгісі ғана емес, мінез-құлықтары да бір-біріне ұқсамайтын халықтардың арасын жақындата түскені үшін адам баласы ең алдымен әдебиетке қарыздар. Сөз өнері қиялымыз туғызған мына фәнидің жалған көрінісі екеніне қарамастан, ол бізге күрмеуі күрделі тіршіліктің тереңгі қабатында жасырынған құндылықтарды табуға көмектесіп  келеді. Нәсілдік, діни-ғұрыптық айырмашылығымызға, қай жерде, (мейлі ол сахараның шөлі ме, әлде, теңіздің көк майса жағалауы ма, немесе тіпті, шексіздігі сағымды да адастыратын кең байтақ дала ма) туып, пешенемізге қандай ұлттың өкілі болу тағдыры жазылғанына қарамастан әдебиет бәрімізді мұңайтатын, қуантатын,  табыстыратын, таң қалдыратын, біріктіретін, аяушылығымызды оятып, бауырмашылдық сезімімізді артқыза түсетін, ақылмен түсіндіріп бере алмайтын, біздің санамыздан да биік тұрған  – Құдайдың құпиясы.  Сөз сыйқыры бізге талай дүниенің сырын ашты,  мерейімізді үстем етіп, жанымызды жігерлендірген тіл құдіреті арқылы арманымыздың асқарында мұнартқан биік шыңдарды да бағындырып,  адам баласының ақымақтығы туғызған кедергілерді бұзып-жарып өттік. Құдайдың кенже баласындай болып фәнидің есігін ашқаннан бері адамдық бастаудың тұнығын лайлайтын әрекеттердің бәріне қарсы тұра алған бір ұлы күш  болса, ол – сөз өнері. Қиын-қыстау замандардың  аласапыран дауылына, тоталитарлық қоғамның тегереурінді қыспағына, халықтың  азаттығына кісен салып, қанын судай ағызған репрессиялардың озбырлығына қарамастан әдебиет барлық уақытта да бізге адамдық болмысымызды жоғалтып алмауды үйретіп келеді.

Келешегіміз тұманданып, ел тағдыры жыртысқа түсіп, бағыт-бағдарымыздан адасқан өліарада кез-келген ұлттың әдебиетінде адам болып қалудың тағылымын көрсетіп,  қалғып бара жатқан санасын оятып, рухын тірілтіп, үміт отын  жағып, келешекке жол бастайтын кемеңгерлері болады. Француздарда ол  – Гюго мен Бальзак, немістерде – Гете, орыстарда Пушкин мен Толстой, қазақтарда ол  кім десек  – Абай мен Әуезов.  Қазақ даласының кең байтақ сахарасында кенеттен пайда болып, даңқы әлемді шарлап кеткен бұл екі таңғажайып құбылыстың өнердегі жарығы өмірге келетін әлі талай ұрпақтың жүрегіне алтындай сәулесін ұйытатын болады….

Біздің бүгін әңгіме етіп отырған кейіпкерлеріміз Герағаң мен Мұхаңның ақылына сәулесін қондырып, азамат болып қалыптасуына да осы екі жақсының артына қалдырған мол мұрасының тигізген шарапатының  көл-көсір болғанын айтпай кетпеске амал кем.

Рухани байлықтан басқа ештеңеге қызықпаған Герольд Бельгердің әулие Абай жайлы толғанған эссесі мен Мұхтар Құл-Мұхаммедтің данышпан Әуезов жайында жазған еңбегі жоғарыдағыдай сөздерді айтуымызға түрткі болып, бізді осындай бір ойдың мекеніне қарай жетелей түсті.

Герағаңның ұшы-қиыры жоқ алып мұхиттай әдебиет кеңістігінен тапқан олжасы көп, бірақ, пір тұтып, әулие санап, бойтұмарындай қастерлеп өткен үш ұлы ардақтысы – Гете, Пушкин және Абай болды.

Қызық! Ұлтының мақтанышына айналған үш кемеңгердің тәнін топырақ жасырғаннан бері тұтас бір кезеңдердің дәурені артта қалып, ондаған ұрпақ алмасты, осы беймаза  мезгіл ішінде әлем картасында жаңа шекаралардың сызығы жүргізіліп, мемлекеттер жоғалып, алып империялардың күлі көкке ұшты, бірақ, қоғамдық, әлеуметтік, саяси дағдарыстардың дауылына қарамастан, біздің бойымыздағы Азаттыққа, Махаббатқа, Өмірге іңкәр құштарлықтың отындай лапылдаған  Гете – Пушкин – Абай рухының жалыны бұрынғыдан бетер лаулап, адамзат аспанының төрінде мәңгіліктің хабаршысындай жарқырап, жылдар өткен сайын жұлдызы жоғарылап барады.

Әлі күнге дейін немістер – Гетені, орыстар – Пушкинді, ал мына біз қазақтар Абайды оқып, ойлы жырларының сәулесіне шомылғанымызда адамдық табиғатымызды тапқандай көңіл-күйдің толқынын басымыздан кешеміз. Жұлдыздары биіктеп бара жатқан үш ұлы халықтың данышпаны уақыт өте келе сол үш елдің кемеңгеріне ғана емес, ұлттық рухына да айналып үлгерді. Ұлты неміс жазушысы Бельгердің дәл байқағанындай, әр түрлі тарихи-географиялық ортада, әр түрлі қоғамдық формация мен тарихи кездерде, тіл мен әдеби дәстүрі бір-бірінен мүлдем алшақ жағдайда өмір сүргендеріне қарамастан, бұл ұлы ақындардың тағдырларында, дүниетанымдарында, ізденістерінде, адамгершілік ынта-талабында, ұлттық мәдениетті дамытып, ұлттық сана-сезімді ояту бағытындағы ересен еңбектерінде үндес, сарындас әуендер көп.

Дәл бүгінгідей идеологиямыз әлсіреп, дініміз шатасып, діліміз адасып, тіліміз алашұбарланып бара жатқан шырғалаң заманда Абай біздің кемеңгеріміз, бағыт түзейтін темірқазығымыз ғана емес, ендігі жерде адам болып қалуымыздың кепілі мен жалғыз мүмкіндігіне де айналғандай.  Ислам шекпенін жамылып, миымызды айрандай ашытып жіберген діни  бағыттардың шылауына шырмалмай,  кемеңгер ойларының жұмбағына терең бойлағанымызда ғана біз шын мәнісіндегі ұлттық болмысымызды табамыз…

Парадокс! Ұлты неміс Герағаң әуелі Гете арқылы болмысын танып, содан кейін ғана барып Абайды ашуы тиіс еді. Бірақ, бәрі керісінше болды. Ең алдымен  ол «мыңмен жалғыз алысқан» Абай жұмбағына үңілді, кемеңгердің шығармашылық әлемінің сан қырлы табиғатын зерттей түсіп, бірте-бірте  Гетенің ақындық әлемінің шыңырауына бойлады. Бұрын-соңды аңғармаған жаңа ақынды ашты. Ұлы шайырдың бір өлеңін немісшеден оқып («Қараңғы түнде тау қалғып»), сосын, Лермонтовтың тәржімалауында орысшасы  және Абай аудармасындағы қазақшасымен танысқан Герағаңның шындықтың арқанынан аттап кете алмай «Гетеге – үш, Лермонтовқа – төрт, ал, Абайға – бес қояр едім» деп ағынан ақтарылуында үлкен гәп, терең сыр жатыр. Мүмкін қателесетін де шығармыз. Біздің ойымызша Абайдың тағылым алып, тағзым еткен ұстаздары Гете мен Пушкиндердей даңқының жер жарып, атағының айдай әлемге жайылып кете алмауының жалғыз ғана себебі – қазақ болып туғанында. Бұл Абайдың кемшілігі емес –  біздің осалдығымыз. Егер неміс немесе орыс топырағын еміп туғанда Абайдың ақындық даңқы Гете мен Лермонтовтардан әлдеқайда биік болары сөзсіз.  Герағаңның бір өлең арқылы үш ұлы ақынның шығармашылығына баға берген тұжырымы бізге осындай қорытынды жасап, ой түюге итермелей түсті.

Мәдениеті озық екі елдің ақындарынан  Абайдың артықшылығы ол Шығыстың да, Батыстың да даналығын ой сүзгісінен өткізіп, бойына сіңіріп, әлемдегі барлық халыққа ортақ идеяны ұсына білген – адамзаттың әулие ақыны. Бір қызығы «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген мағынадағы адамгершілік мұраттың алтын қазығындай идеяны мәдениеті озық елдің  өкілдері – неміс Гете, орыс Пушкин де емес, қазақ Абай айтты. Ендеше қазақ топырағында өсіп-өнген Герағаңның ұлы Абайды ерекше қадір тұтып, тіпті, Гетеден де артық сүюінде бір үлкен жұмбақ, басқа ұлттың рухына жанасып кеткен жанға ғана сыры мәлім құпия жатыр, біз білмейтін.

«Гетені оқысам Абайды танығандай боламын. Абайды оқысам Гетені танығандай боламын»,  дегенімен, үш елдің әдебиетін де тел емген еңбекқор  жазушының Абайды сүйген  махаббатының алабөтен болғаны екі ұлы ақынның сан қырлы творчествосын талдаған эссесінен тайға таңба басқандай аңғарылады. Тап осылай болуы заңдылық та, өйткені, Герағаң қазақ ақынының рухани мұрасымен тоғыз жасында танысты. Қазақ мектебіне оқуға түсіп, тіл сындыра бастаған неміс баласына Абайдың «Қыс» өлеңі қатты әсер етті. Сәбилік сезімін тебірентіп, балалық көңілін толқытты.

Ия, сол жылы Есілдің жағасындағы кішкене қазақ ауылы қарлы боранның астында қалған. Қыс та айтарлықтай қатал болды. Қазақ даласына жер аударылған неміс отбасы бұрынғы дәрігерлік бекеттің бір бөлмесін паналап отырған.

Саршұнақ аяз. Терезені жел тықылдатады. Шағын ғана қаңылтыр пештің іші гу-гу етеді. Жетілік шамның сығырайған жарығының астында отырған немістің бір баласы  әбден тозығы жетіп, сырты алба-жұлба болған оқулығын алып, өлең оқып жатыр.

Ақ киімді денелі, ақ сақалды,

Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.

Үсті-басы – ақ қырау, түсі суық,

Басқан жері сықырлап келіп қалды.

Бала Бельгер ақын өлеңін оқып, ойдың теңізіне шомғанда,  кішкентай қарындасын алдына салып әлдилеген анасы Гетенің «Даланың раушан гүлі» өлеңін оған күбірлеп, бейкүнә періштені жұбата түседі.  Қыстың қара суығында жанын жылытқандай болған Гете мен Абай бейнелері неміс баласының санасына қатар сіңіп, жүрегіне алтындай сәулесін ұйытты.   Қиялына қанат бітіріп, арман аспанының асқарына жетеледі.

Жазушының отыз жыл бұрынғы «Гете мен Абай» эссесін қайта шолып шыққанымда Бельгердің бүйрегінің Гетеге қарағанда Абайға көбірек бұрғанын байқадым. Тіпті, Гетені тілге тиек ету оған ұлы Абайдың данышпандығын, кемеңгерлігін, көрегендігін дәлелдеу үшін әңгімеге тамызық болғандай ма, немене?  Алайда, қазақтың бар жақсылығын көріп, жаны халықтың рухымен жанасып кеткен жазушының тағылым алған ұлы ұстазы Абайды әлем ойшылдарының бәрінен де жоғары қойып, данышпанның рухына өмір бойы тағзым еткен ғибратына таң қалудың қажеті бар ма? Жоқ. Ол өскен ауылда үлкен-кішілер тегіс Абай өлеңдерін, Абай әндерін жатқа айтты. Ауыл сахнасында «Абай» спектаклі қойылды. «Абай жолы» романын елдің бәрі таласып оқыды. Ендеше қаймағы бұзылмаған қазақы ортада тәрбиеленген Бельгердің адамзаттың бәрін де аймалап, құшағына сыйғызып жібере алатын поэзия пайғамбарын Гетеден де артық жақсы көрмеуі қалайша мүмкін болмақ.  Келіннің бетін кім ашса, сол оған ыстық болып көрінеді емес пе.  Адамгершіліктің әліппесін үйретіп, жанына ізгіліктің шуағын шашып, ақылына сәулесін қондырып, танымын тереңдеткен ұлы Абайды ол неге басқа ақындардың бәрінен артық сүймесін? Сондықтан да жазушы бәзбір білгіштердің «ау, жүз том еңбек жазған Гетені небәрі екі томдық мұра қалдырған Абаймен салыстыру артықтау емес пе» деген сауалына ызаланып, былай деп жауап берді:  «Артық емес!.. Рухани байлықтың құны еш уақытта көлеммен белгіленбейді. Өйткені, көркем әдебиетте, жалпы творчество атаулыда сан әрдайым сапаға ауыспайды. Мәселе, сөздің көптігінде емес – сыбағалы салмағында. Осы тұрғыдан қарасақ Абай сөз жоқ, өлеңнің қадыр-қасиетін терең түсінген алып ақын. Абай поэзиясы – шетсіз-шексіз жатқан сұлу әлем. Оның әр жолын оқып шыққанда, дүние сырына қанығып, ойға-ой, сезімге-сезім қосасыз. Кейбір кіп-кішкене миниатюраның өзі тұтас бір философиялық көркемдік жүйені аңғартып отырады.  Абай жайында жақсы кітап жазған Т.Әлімқұловтың («Жұмбақ жан») «Абайдың әр өлеңі кітапша болмаса да, дербес мақала жазуға тұрады» деуінде артықшылық жоқ. Шыны сол!». (Герольд Бельгер «Абай мен Гете»).

Бельгер шығармашылығының шыңдалуына ғана емес, азаматтық ұстанымының қалыптасуына да Абайдың рухани мұрасының зор ықпалы тиді.  Жазушы ұлы  ақын туындыларынан алған тағылымын жанымен қабылдап, жүрек қазынасына айналдырып, қазақтың санасына күндей жарқыраған Абай шуағының сәулесін түсіруге ұмтылды. Абай атамыз айтқан бес асыл іс «ТАЛАП – ЕҢБЕК – ТЕРЕҢ ОЙ- ҚАНАҒАТ – РАҚЫМ»-ды ойына қорытып, бойына сіңірген таланттың адамдық табиғатында иненің жасуындай да жалғандық пен жасандылық болған жоқ. Бельгердің өмірдегі бүкіл іс-әрекетінен Абай тағылымына деген адалдығы айдарланып тұратын.

Әдебиеттің босағасынан жаңа түскен келіндей болып аттағанда  жазушылықтағы ең алғашқы талабын қазақ қаламгерлерінің шығармаларын орыс тіліне аударудан бастаған Герағаң алдына биік мақсат қоя білді. Қазақ классиктерінің көлемі кере қарыс романдарын орыс тілінде сөйлету үшін күндіз күлкіні, түнде ұйқыны ұмытып  тынымсыз еңбек еткен жанкештілігі неге тұрады десеңізші.  Немістің ұлы ақыны Гете өзінің хатшысы болған Эккерманға бірде былай депті: «Мені жұрт жолы болғыштың өзі болды деп ойлайды. Әрине, менің тағдырға, өмірге өкпем жоқ. Бірақ мен өмір бойы ауыр бейнеттен арылмай келемін, тіпті осы жетпіс бес жыл ішінде бір ай да болса жан рақатын көрмеппін». Дәл осындай мағынадағы сөзді менің ойымша қазақ топырағында өсіп-өніп, сексеннен аса бергенде дүние салған  неміс Бельгерге де қаратып айтуға әбден болады. Сөз өнерінің дертіне шалдыққан ол өмір бойы талаптанып, еңбектеніп, жан рақатын көрмей ойдың шыңырауын қазды.  Жан әлеміне өлшем болатын рухани байлықты ол  Абайдан тапты. Герағаңның азды қанағат тұтатын адам екеніне сұхбат алу үшін үйіне барғанымда көз жеткізгенмін. Жұпыны ғана  пәтерінен кітаптан басқа байлық көзіме шалынбады. Ең ғажабы ол көз майын тауысып оқыған кітаптары жайында пікір білдіруге де уақыт табатын.  Қаламгер қауымды жұрттың сөзіне емес, шығармасына қарап бағалайтын. Сондықтан да өнер адамдары жайында Герағаңның мына көпшіліктің айтып жүргеніне мүлде ұқсамайтын өз ойы, өз пікірі бар болатын.

Ұлы Абайдың бес дұшпаны «ӨТІРІК-ӨСЕК-МАҚТАНШАҚ- ЕРІНШЕК – БЕКЕР МАЛ ШАШПАҚ»- ты жанына жолатпаған бір жазушы болса, ол дәл осы неміс Бельгер шығар. Ол еш уақытта да өтірік сөйлемейтін. Басқа түгіл, сол үшін жақын араласып кеткен замандастарына да  мінезі жақпай қалған кездері көп. Жалғандыққа жаны қас Герағаңның ат басындай алтын берсе де азаматтығына кір жұғып қалатын тірлікке бармайтынын, күнделігінде жазылып қалған мына бір естелігі дәлелдей түскендей.

 «Бүгін мені Болат Әбіловтың бір әрекеті  таң қалдырды: «Тарлан» сыйлығын табыс ететін  кешке шақырып, оны маған беруді ұйғарғандарын айтты.  Мен аң-таң қалдым: – Сендер маған «Тарланды» берген жоқсыңдар ма? – дедім. – «Қосқан үлесі үшін» аталымын.

  • Онда тұрған не бар! – деді Бөкең жұлып алғандай. – Енді ең басты сыйлығын береміз. Екі мәрте Совет Одағының Батырлары бола береді емес пе?. («Тарланның» басты сыйлығына ол жылдары Алматының қақ ортасынан үш бөлмелі пәтер сатып алуға болатын. А.К).

– Жоқ, Бөке – дедім мен үзілді-кесілді қарсылық білдіріп.  – Бұлай істеуге болмайды! Түрлі алып-қашпа әңгімелер туады. Сыйлық өзінің мән-мағынасын жоғалтады.

Бірақ біз шешімді  қабылдап қойдық, қой.

Шешімдеріңді өзгертуге тура келеді. Мен сендердің шақырған кештеріңе бара да алмаймын. Таяуда ғана инфракт алғанмын.

Қалай, келе алмайсыз?

Солай.

Жарты сағатқа болса да келіп кетіңіз.

Бара алмаймын.

Онда жұбайыңыз келсін.

Жоқ, жандарым. Әйелім де бармайды. Егер «Тарлан» сыйлығын берсеңдер, мен одан бас тартуға мәжбүр боламын.

Сіздің айтқаныңыздан қайтпайтын адам екеніңізді жақсы білеміз. Дегенмен..

Жо, жоқ. Енді бұл туралы ауыз ашпа.

Болаттың бар өнерін салып көндіруге тырысқанына қарамастан мен бір сыйлықты бір адамға екі мәрте беруге болмайтына оның көзін жеткіздім.

-Пәлеге қаласыңдар.

-Онда кімді ұсынасыз?

– Айталық Иран-Ғайыпқа, Темірханға беруге болады. Тынымбай да бұл сыйлықты алуға әбден лайық». (Герольд Бельгер «Тень дней минувших», («Өткен күндер елесі») 550 –ші бет).

Мен Герағаңның жұрттың сөзіне қосылып өсек соққан кезін көрген жоқпын. Не ойласа да ішіне жасырып қалмай, баспасөз бетінде кім туралы болса да пікірін ашық айтатын.

Мен Герағаңның орынсыз мақтанғанын да байқаған емеспін.  Үлкен істерді үнсіз ғана тындырып тастап, түк бітірмеген адамдай жымиып жүретін. Жұрттың бәрі ауыздарының суы құрып, әдебиеттегі толайым табыстарымен мақтанып жатқанда, талай тірлікті жасап қойса да салмақты да, сабырлы қалпынан танбайтын еді, ол.

Герағаңа үнемі бір-ақ нәрсе жетпей жататын. Ол – Уақыт. Алтыннан да қымбат уақыттарын қадірлей алмаған қазақтарды көргенде қатты қапаланатын. Кейде ойлаймын, бір минутын да бос жібермей, шығармашылық шеберханасында күндіз-түні тыным таппай еңбек еткен Герағаң мына момақан жердің астында қалай ғана тыныш жатыр екен?….Қалай, ә?

***

Жастайынан қоғамдық өмірге белсене араласып, жұртқа ерте танылған Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтқан сөздерінен ғана емес, жасаған істерінен де мен Абай мен Әуезовке деген ерекше құрмет пен махаббатты байқап жүретінмін. Алқалы жиындарда сөз алғанда қос кемеңгердің данышпан ойларына жүгініп, тағылымы мол ғибратын темірқазық етіп ұстанатын ол еліміз тәуелсіздік ала-салысымен ең алдымен «Абай» энциклопедиясын шығарып, қазаққа тарту етті. Сөз өнеріміздің  бағыт-бағдарын айқындап берген екі ғұламаның есімдерін ардақтау үшін жасап жүрген харекетіне қарап, кейде ішімнен «осының сыры тереңде жатыр-ау» деп ойлайтынмын. 2016 жылғы «Жұлдыз» журналының №10 санында жарық көрген Мұхтар Құл-Мұхаммедтің әкесі жайында толғанған тамаша эссесін оқып шыққанымда, ішкі бір түйсікпен сезген ойымның мені алдамағанына көзім жетті. «Бәсе!  Тектіден туған тұлпардың шабысы осылай болуы керек еді, ғой» деген ойға беріліп,  қараптан-қарап тебіреніп кеттім.

Тақырыпқа тұздық ретінде ғана он перзент тәрбиелеп, тұтас әулет өрбіткен әкесі Абрар Әкетайұлының өмір жолы мысалға алынған әдеби эсседе  қазақ даласына мүбәрак дініміздің қалай келіп, қалай тамырын тереңге жіберген жағдайы тарихи оқиғалармен  шендестіре отырып баяндалады. Эссе жанрында жазылғанымен, монографиялық зерттеудің жүгін көтеріп тұрған еңбектің артықшылығы сол – онда, түбі араб болса да, жергілікті халық арасына балдай батып, судай сіңіп кеткен қожалар әулетінің Алаштың байтақ жеріне қалай келіп, орнын тапқаны туралы шындықтар бір ізге түсірілген. Мыңдаған мақалаларды ыждаһаттылықпен шолып шығып, тақырыптың  түбін түсіріп зерттеген эсседе дау-дамай туғызып жүрген талай мәселелерге ғылыми деректерге негізделген толыққанды жауап беріліпті.

Бесінші әулетке дейінгі бабалары Шығыс Қазақстан өңірінде өсіп-өнген Мұхаңның арғы аталары қасиетті Түркістан жерінен шыққан қожалар болып табылады. Қыр елінің соңғы рет бас көтерген батыры Кенесары ханның тұсында ұлы жазушы Әуезовтың бабаларымен бірге оның да аталары Семей облысының жеріне қарай қоныс аударады.  Оларды бұл жаққа атақты Ақтайлақ би шақырса керек. Өзі де исламды терең білетін, мейілінше діндар адам қарға тамырлы қазақтарды құдай жолына салып, халқына құран хадистерін үйретпек ниетте болыпты.  Осылайша дін біліміне өте жетік болған арғы бабасы Мірхалид пен Әуезов әулетінің аталары Саяқып деген кісілер отыз отбасы ағайын-туыстарын бастап ұзақ жолға шығады да, қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз ауданының жеріне келіп тоқтайды.

Осы арадан олардың жолы ажырап, Саяқып отағасы Бердіқожа атты баласымен бірге солтүстік-батыс жақтағы Шыңғыс тауларына қарай беттейді. Бұл өңірге ол кезде Абайдың әкесі аға сұлтан Құнанбай билік жүргізіп тұрды.  Ал, Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ата-бабалары оңтүстік-шығыс жақта Абай дүниеге келген жерден 400-500 шақырымдай қашық жерді мекендейді.

Көлемді эсседегі суреткерлік шеберлікпен баяндалған оқиғалармен таныса келіп қазақтың екі ұлы ғұламасына деген ұлы махабатты Абрар Әкетайұлының сәбилік кезден баласының бойына сіңіріп, санасына ұялатып кеткеніне көзім жетті.  Бастауыш сыныпты бітірмей жатып-ақ ол әкесінің қолқалауымен «Абай жолының» төрт кітабын оқып тауысады. Ол аз болғандай Мақаншының мақпал кештерінде оны әкесіне дауыстап оқып беруді әдетке айналдырады.   Кітаптың қызығына түсіп, жылдамдата оқуға кіріскенде әкесі оны кілт  тоқтатып, «кез келген кітапты асықпай, аптықпай бабына келтіре оқысаң өзің де ләззат аласың, тыңдаған адам да рахатқа батады, есіңе де жақсы сақтайсың», – деп әр шығарманың мазмұнына терең бойлауға баулиды. Ертеңінде «Анау жері қалай болды өзі?» деп қайыра  сұрап, қаншалықты түсінгенін тексеріп отырады. Міне, осылайша Абай есімі сәбилік күнінен Мұхтардың жүрегіне ұялап, өлеңдері ана сүтімен бірге бойына рухани азып болып дарыды.

1961 жылы Мұхтар Әуезовтің басшылығымен, Ә.Жиреншиннің құрастыруымен Абайдың қалың бір томдығы жарық көрді. Ұлы ақынның рухани мұрасының кітап болып басылып шығуы қазақтың рухани-мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды. Қырдағы ел ішінде қызға жасау әзірлегенде ішіне Абай өлеңдерінің кітабын салу дәстүрге айналғаны бұл кітаптың қаншалықты құнды болғанын айғақтай түскендей. Айтпақшы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кіші қызына қымбат сыйлық ретінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының мұқабасы күміспен күптелген қос томдығын тарту етіп, ел ішінде бұрыннан бар жақсы дәстүрді ұлттың санасында қайта жаңғыртқан болатын.

Абрар Әкетайұлының ең қымбат мүлкіндей қастерлеп ұстаған кітабы Абайдың бір томдығы болды. Үнемі жастығының астында жататын кітапты сан мәрте қайыра, тамсана оқып: «Жарықтық Абайдан бар сұрағына жауап табасың. Осыншама данышпандық бір адамға қалай ғана бітті екен!», – деп тамсанып отырды. М.Әуезовтің «Абай жолы» жөнінде: «Абай туралы жазғанда Мұхаңның қаламын данышпанның аруағы жетелеп отырған ғой. Әйтпесе мұндай ғажайып кітап дүниеге келер ме еді», – деген сөзін белінен туған перзенті сәби күнінен құлағына құйып өсіп, есейе келе  өзінің де Абай мен Әуезов мұрасын тануға деген ынтызарлығы арта түсті.  Орта мектепті бітіріп, Алматыға оқуға аттанғанда, асылзада әкесі баласына өзінің тері сіңіп, қолының табы қалған Абайдың бір томдығын ұстатып: «Қысылсаң да, қиналсаң да, өссең де, өркендесең де бар сұрақты осы кітаптан табасың», – деген өсиетін айтады. Әкесінің аманат етіп айтқан өсиетін ол өмір бойы ұмытпай, Абай жырларына жүрегін жылытып, кемеңгердің асыл сөздерін бойтұмарындай қастерлеп  келеді.

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

жалғасын «Әуезов және Абай жолы» мақаласынан оқи аласыздар

Сондай-ақ, оқыңыз

Намыссыздық – дауасыз дерт

Белгілі қаламгер Кәмел Жүністегінің биыл жарық көрген «Көгілдір күмбез» кітабындағы хикаяттары мен әңгімелерінен басқа азаматтық …

4 Пікір

  1. Қайсар

    Тәуелсіздік жылдарында Абай мен Әуезовті Мұхтар Құл-Мұхаммедтей насихаттаған адам санаулы ғана. Ұлттың ұлы тұлғаларын осылай ұлықтауымыз керек. Жақсының істегенін көпке үлгі ретінде айтып жүргеніміз абзал.

  2. Гүлзат

    Жақында Мұхтар ағай біздің университетке келіп, дәріс оқыды. Сол кезде әр сөзін Абайдан бастап, данышпанның өлеңдерін мысалға келтіріп отырды. Абайды жай біліп қана қоймай, тұла-бойымен сезініп, санасына сіңірген адам қазаққа қызмет етпей қоймайды. Мұхтар ағайдың ел үшін жасап жатқан игі істері соның жарқын бір көрінісі

  3. Әбдіғани

    Мақала сөзсіз жақсы жазылған екен. Ұғынықты, артық тұсы жоқ, жұп-жұмыр. Оқып отырып халқымыздың асылдарын насихаттауға еңбек сіңірген азаматтарды қалай дәріптесек те жарасады ғой деген ой түйдім. Жарайсыз, Амангелді бауырым. Мұхтар мырза сізге Жаратқан бір өзі жар болсын.

  4. ақын Мирас

    Қайран Гер-аға! Текті едіңіз ғой. Сол тектілігіңізден талайдан құр қалдыңыз. Бүгінде «Тарлан» тұрмақ одан да зор сыйлықтарды екі емес, бірнеше мәрте алса да арланбайтындар бар. Мақала талайды еске түсіретіндей тұнық жазылған екен.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған