Сыр-сұхбат

Ұлық сапар әсерлері

Қажылық – ислам дінінің негізгі діңгегі, бес парыздың бірі. Қасиетті Құран кәрімнің «Әли Ғимран» с. 97-а. «Шамасы жеткен адамдарға Аллаһтың разылығы үшін Қағбаны қажылық ету парыз», ал  «Бақара» с.  158-а.  «Қажылықты және умраны Аллаһ үшін толық орындаңдар» делінген.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)  «Кім жаман сөз сөйлемей және жаман іс-қылық жасамай Аллаһ жолында қажылық етсе, анасынан жаңа туған баладай күнәдан арылып қайтады» деген. Аллаһтың жаратқан заттарының ішінде адамзат ең абзалы бола тұра, олардың ішінде күнәдан пәктері жоқтың қасы. Себебі, бірі нәпсісін тыя алмай, немесе аяғын шалыс басып күнәһар болса, енді бірде лағынет шәйтанның азғыруына алданып күнә жапсырып алады.

Сондықтан да, Аллаһты бір деп танып, Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаны (с.ғ.с.) оның елшісі екендігіне иман келтірген, куәлік берген әрбір мумин мұсылманның өмірінде қажылық парызын өтеу – асыл армандарының бірі және бірегейі. Біздің де «қажылық парызымызды өтесек-ау» деген асыл арман сыртқа шығарылып айтылмағанымен жүректің түкпірінде жасырын жататын ой еді.

Балаларым 2006 жылдың аяқ кезінде «Әке, жасыңыз 70-ке келіп қалды, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүрдіңіз, «әй кәпір» атанған жоқсыз, балаларыңыздың барлығын оқыттыңыз, барлығының Аллаһқа шүкіршілік, мамандығы, жұмысы бар, 70 жылдық мерейтойыңызды ағайын-туысты, жора-жолдастарыңызды шақырып атап өтейік, соған дайындалайық», – деп қолқа салды. Оларға «шырақтарым, мені елге бес-алты сағат мақтату үшін той жасап ысырап жасағанша, реті келсе қажылық парызымды орындағаным дұрыс қой» – дегеніме, «бұныңыз дұрыс екен, Аллаһ қаласа көмектесеміз, қажылық парызыңызды өтеңіз» – деп балаларым да, жұбайым да келісе кетті.

Кейін балалар «Сізбен бірге анамыз да парызын өтесін, бірге барыңыздар» – дегенде, «екеумізді бірдей жіберу қиындау болар» дегенімізге, «Аллаһ бір жөнін берер, Аллаһ қаласа бірге барып қайтыңыздар» деп өзімізге қолқа салды. Дегенмен, екі адамға бірдей қажылыққа аттанып кетуге жинап қойған қаражатың дайын болмаған соң қиындау екен, 2007 жылы қажылыққа жүре алмай қалдық. «Аллаһ нәсіп етсе, келер жылы да қажылық уақыты келеді ғой» деп, көңілімізді тоқ санап, Аллаһқа «қажылық парызымызды өтеуді нәсіп ете көр» деп тілек тілеп, 2008 жылдың қажылық уақытын тостық. 2008 жылы Аллаһ нәсіп етіп, Алматыдағы «Рамина тур» туристік компаниясымен келісіп, қажылық парызымызды атқаруға 25 қарашада Алматыдан Иранның әуе компаниясының ұшағымен жұбайымыз екеуіміз сапарға аттандық.

Компанияның басшысы Дәулет Басқожаев негізгі мамандығы жоғары білімді дәрігер, иман жүзді, елгезек, ораза намазын қаза жібермейтін инабатты адам екен. Осы компания арқылы қажылыққа барған жамағатқа «Ал-Азһар» университетінің түлегі Рахымжан Әкімбеков қажылықты атқарудың барлық қыр-сырын түсіндіріп, күнде бір мезгіл діни уағыз айтып, қажылықта атқаратын парыздары, уәжіптері мен сүннеттерінің мән-мағынасын айтып түсіндіруден жалықпай, қызмет атқарды.

Айта кететін бір жағдай, Алматыда 2 жетілік қажылық парызды атқару кезінде қажылардың міндеттері мен тәртіптерін түсіндіретін уағыз ұйымдастырылды. Астана қаласының С. Ғылмани атындағы мешітінің жанында ислам дінінің негіздерін, оның парыздарын, оларды атқару амалдарын үйрететін, араб әліппесін оқытатын, Құран кәрімді оқуды үйрететін сауат ашу курсы тұрақты жұмыс істейді. Осы курсқа қатысушылырға және қажылық парызын өтеуге ниет еткен басқа да жамағатқа жыл сайын қажылық уақыты басталудан бір-бір жарым ай бұрын қажылық жөнінде дәріс өткізу әдетке айналған. Осы атқарылған іс-шаралардың арқасында қажылық парызын өтеуге барған жамағат, қажылықтың бірсыдырғы парыздары мен уәжіптерін, сүннеттерін және оны атқару кезінде орындалатын игілікті амалдарымен біршама таныс болады. Сондықтан қажылардың көпшілігі парызын өтеуде айтарлықтай сауатсыздық танытпады.

Алматыдан 25 қараша күні Мәдина қаласына тіке ұшып, жолда ұшаққа жанармай толықтыру үшін Иран мемлекетінің қаласына бір тоқтап, 7 сағатта ұшып жеттік.

Мәдина қаласы – үш жағынан таумен қоршалған шағын қала. Қала өте таза, бос қаңғырып жүрген ит-құс жоқ, халқының негізгі кәсібі – сауда. Қажылық уақытында болғандықтан, қажылық парызын өтеуге көп қажылар жиналса да көшеде де, көпшілік орындарында да, мешіттердің көптігінен бе, намаз уақытында мешіттерде де ығы-жығы сыйыспаушылық, тәртіпсіздік немесе айғай-шу, абыржушылық байқалмайды. Тұрғандарының да, тәртіп сақшыларының да қалыптан тыс қиналып көше тәртібін бақылағандығы, машиналардың жүрісін қадағалап, реттеп жатқандары көзге ілінбейді. Бір таңқаларлығы – қаптаған автокөлік өте сирек орналасқан бағдаршамның аздығына қарамастан біріне-бірі жол беріп, ешқандай жол апатын болдырмайды. Егер жеңіл-желпі бірін бірі жанап, сызып кетсе оған көңіл аударып жатқан олар жоқ.

Мәдина қаласы мұсылмандардың үш есе аз жасақпен мүшіріктердің қалың қолын жеңген Ухуд тауының қойнауында орналасқан. Жалпы, Сауд Арабиясының жері тастақ, құнарсыз, ылғал аз түсетін аймақ, тауларының негізі тас. Қаланың маңында ағып жатқан үлкен өзендер жоқ, соған қарамастан біз ішуге, жуынуға, басқа да пайдалануға қажетті судан тапшылық сезінбедік. Кісі көп жиналатын, қажылықтың негізгі парызы, уәжіп амалдары орындалатын Мина, Арафа, Мүздәлифа сияқты далада орналасқан жерлердің өзінде, адам барып пайдаланатын орындарда үздіксіз су ағып, үстіңнен жаңбырлап су себетін орындардан ыстық, суық су үздіксіз ағып тұр. Қала тұрғындарының күнделікті тұрмыста пайдаланатын суын су таситын көліктер жағалап жүріп құйып беретінге ұқсайды. Суды жеткілікті етіп құйып алу үшін әрбір үйдің төбесінде сыйымдылығы 2-3 тонналық ыдыстар орналастырылған. Жаңбырдың аздығы ма, үйлердің төбесі шатырсыз.

Мәдина қаласында компания қажылық парызын өтеу үшін апарған адамдарына Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мешітінен жаяу адамға 5 минуттік жерде орналасқан қонақ үйден орын алған екен. Қонақүй жоғарғы санатты, өте таза екен. Бір сүйсінетіні – қонақүйде электр қуаты мен суды үнемдеуге өте көп көңіл бөлінген. Бөлмелердің құлпы карточка арқылы ашылады, осы карточканы қабырғада орналасқан қалташыққа салсаң ғана бөлменің шамы тұрақты жанып тұрады, егер карточка орнында болмаса шам қосқышты қалай қоссаң да автоматты түрде бірлі-жарым секундтен кейін қайта сөніп қалады. Яғни, бөлмеде кілт карточкасы жоқ адам электр жарығын пайдалана алмайды. Далада күннің ыстығына байланысты әйнектер күн сәулесі бөлмеге түспейтіндей сыртынан қымталып, ішінен қалың перденің тұтылғандығынан күндіз-түні электр жарығы пайдалану – мұнда қалыпты жағдай. Сол сияқты, бөлмеңіздегі суды да кнопка арқылы пайдаланасыз, біздегідей құбырдың суағар шүмегін ашып, суды сарылдатып қойып жуынбайсыз.

Тағы бір байқағаным, қонақ үйдің дәлізінде тек қана кезекшілер отырғанда әр жерде жарықты аз жұмсайтын шамдар жанып, дәліз тым қара көлеңке емес, аса жарық та емес, адамға бір мамыражай тыныштық сезім ұялататын жарық мөлшерінде тұрады. Дәлізге сырттан адам келсе немесе бөлмелерінен шықса дәліздің шамдары көбейіп жарық молаяды. Адам аяғы басылса, тағы да жарықтың негізгі бөлігі сөніп, күңгірт қана жарық қалады, мұның бәрі адамның қатысуынсыз автоматты түрде атқарылады. Су мен электр қуаты мәселесі Қазақстанда да шешуі күрделі мәселелер болса да, дәл мұндай үнемшілділік шараларын біздің елде еш жерде өз басым көргенім жоқ.

Мәдина қаласында 5 тәулік болдық. Алғашқы үш тәулікте екі мезгіл –  таңертең, кешке тамақтандық. Бірақ Аллаһтың берген қуаты, зәм-зәм суының қасиеті болар, бірде-бір рет жұбайымыз екеуміздің қарнымыз ашып, қосымша тамақ алып жегеніміз жоқ. Мәдина қаласында қажылардың көп баратын жері де, күнделікті бес уақыт парыз, нәпіл намаздарын оқитын орны да – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешіті.

Аравияда қырық жеті жыл тұрған, сондағы бір мешіттің имамы, шариғатқа аса жетік, Мәдина діни университетін бітірген фикһ ғұлама Мұқтар атты алпыс жеті жастағы бауырымыздың айтуы бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  жатқан бұл мешітті «Құрани Харам Мәдина Мінәуара масжиті» деп те атайды. Шынында да мешіт ерекше есеппен салынса керек.

Мешіттің орнының жалпы көлемі 56 га. Алыстан-ақ көзге көрінетін әсем көріністің ең бастамасының биіктігі 63 метрлік 12 биік мұнара. Әрбір он метрлік өзгерістер бір-біріне орынды үйлескен. Ұшар басына алтындаған ай орналасқан. Мешіттің 25 күмбезінің ішінде Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) күмбезі ерекше көзге түседі. Мешіттің айналасына көлемі 1х1м3 ақ мәрмәр плита тастар төселген, күннің 61 градус ыстығы ақ мәрмәрдан өтпей, табаныңа салқын сезіліп тұрады. Мешіттің айналасына жарық беретін 12 метрлік 276 діңгек, әр діңгектің басында алтыннан жасалған қалпақшасы бар. Мешіттің айналасында 67 есігі бар оның 23-нен адам кіріп шығады. 67 есік арасында он-оннан орналасқан терезелер саны 670. Бұлардан бөлек есік үстінде орналасқан 60 терезе бар. Жалпы терезелер саны 730. Мешіт ішінде ұзын-ұзын төселген біркелкі қызыл гранит тастарды есептемегенде 77 639 ақ мәрмәр плита, айналасындағы алаңға 323 621 ақ мәрмәр плита төселген. Ішінде жалпы саны 6350, биіктігі 9 метрлік, жуандығына құшақ жетпейтін ақ мәрмәр діңгектер бар. Әрбір тіреудің түбінде алтын жалатқан кітап сөрелері бар. Олардың үстіне үлкенді-кішілі жап-жаңа Құран кітаптар орналасқан. Екінші жағына 100 литрлік үш-төрт ыдыста зәм-зәм суы тұрады, әр ыдыстың түбінде 50 стакан тұр.

Аллаһ – біреу, ай – біреу, күн – біреу. Бисмиллаһи Рахманир Рахим сөзінде (араб әрпімен) – 19 әріп бар. Құранда аттары аталған Пайғамбарлар саны 25. Дүниедегі дін тірегі (Мекке, Мәдина, Иерусалим). Шаһиарлар саны – 4 (Әбубәкір, Омар, Оспан, Әли). Құран біреу, Мешіттің өзі. Осының барлығы – 56. Мешіттің аумағының 56 га болуы осыған байланысты болса керек.

Мұнараның 12 болуы – Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мәдинада 12 жыл тұрғанын бейнелесе, биіктігінің 63 болуы Пайғамбар (с.ғ.с) жасын білдіреді.

25 күмбез Құранда аттары аталған пайғамбарлар санына сәйкес келеді. Мешіт сыртындағы 276 діңгек хижра бойынша 654 жылы хазрет Оспанның (р.а.) ақырғы рет Құранды 276 күнде көшіріп біткенін білдіреді екен.

Мешіт аумағы 56 га төрт мазхабты және жеті күнді қосқанда 67 есікті бейнелейді. Ал 23 есіктен адамдардың кіріп шығуы Құран кәрімнің жиырма үш жылда түскендігін, 730 терезе 365 күн мен 365 түнді, 6350 тіреу Құранның 114 сүресі мен 6236 аятына тең. Ішіне төселген 77639 мәрмәр плитка Құран сөзіне, ал сыртындағы алаңға төселген 323621 плитка Құран әріптерінің санын білдірсе керек. Міне, сондықтан бұл мешітті Құран мешіт деп атайды екен.

Мешітте бір мезгілде 900 мыңға, ал мешіттің ішінде 260 мыңға тарта адам намаз оқуға мүмкіндігі бар. Мешіттің ішінің және ауласының еденіне өте жақсы өңделген мрамор плиталар төселіп, оның үстіне кілемдер жайылған. Іші сырты шаң-тозаңсыз таза, кілемге сыймай қалсаң, мрамордың үстіне де намаз оқи бересің. Біз әруақытта өзімізбен бірге жайнамазымызды алып жүрдік.

Ол жақта мешіттердің көптігінен болар, жәй күндері түгілі жұма намазының өзінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)  мешітінде намаз оқу үшін сапырылысып, таласып-тармасып орын жетпей жатқан жағдай байқалмайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мешітін зиярат ету қажылық парызы емес. Бірақ Аллаһ қалап қажылыққа барған кісі Мәдина қаласына келіп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешітіне барып, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сәлем беру – сүннет. Бұл мешітте намаз оқудың сауабы Мәсжидул-Харамнан басқа мешіттерде оқыған намаздың сауабынан мың есе көп. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде «Үйім мен мінберімнің арасы жәннәт бақшаларынан бір бақша, ал мінберім – қиямет күні маған сыйланатын кәусәр бұлағының үстінде болады» – деп, мінбері мен  қабірі арасындағы жердің қасиетіне назарымызды аударған. Сондықтан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мінбері мен қабірінің арасындағы орынға барушылардың барлығы намаз оқып, тілек тілеуге құмартады. Тәуліктің қай уақытында барсаң да ол жерде адам өте көп. Бір жақсы жері, сол жерде тұрған тәртіп сақшылары адамдарды ол жерде көп отырғызбайды, 2 бас намаз оқығаннан кейін Аллаһтан тілеу тілейтіндей аз уақыт аялдаған соң арқасынан қағып «Қажы, қажы» деп тұрғызып жібереді. Әйтпесе ол жердегі сапырылыс одан да көп болар еді. Әрі қарай Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.), Абу Бакір (р.а.), Омар (р.а.) қабірлері, оларға сәлем беріп сыртқа шығасың. Осыдан  кейін өзіңді бір жеңілденіп қалған сияқты әсерде сезінеді екенсің.

Мәдинада болған уақытта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мешітінің жанында орналасқан «Бақиғ» қабырстанына зиярат еттік. Бұл қабырстан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешітінің деңгейінен 3-4 метр биік жерде орналасқан. Оған басқышсыз көлбеу етіліп жасалған енi 20-25 адам қатар жүре алатын жолмен көтерілесіз. Бұл жерде сахабалар мен шаһидтерден басқа мұсылмандардың үшінші әміршісі Осман жерленген. Қабірлердің топырақтары өте аласа, мәйіттің бас жағына кішкентай кесек қана қойылған, одан басқа құлпытас, қоршау, там, қорған, әйтпесе аты-жөні жазылған белгілер жоқ. Бұл зиратқа баруда біраз тер төгесіз, себебі зиярат етушілердің көптігінен кіріп шыққанша қысылып-қымтырылып, сығылысып жүру бірталай қиындық әкеледі.

Мұсылмандар үшін, алғашқы мұсылман мемлекетінің құрылуына, қалыптасуына, мұсылмандар арасында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Аллаһтың берген соғыс ісіндегі көрегендік, кемеңгерлік тапсырмалары мен нұсқауларын мүлтіксіз орындауды қалыптастыруда зор маңызы бар Ухуд соғысы болған. Ухуд тауы Мәдина қаласының жанында. Сол тауда болып, сонда өткен соғыстың қиыншылығын еске алып, ақыл-оймен пайымдау адамды тәубеге жетелейтін амал ма деп пайымдадым. Сол жерде Аллаһтан қабырстанның иелеріне соғыста қайтыс болған сахабаларға тілек тілеп, дұға жасадық. Ибн Омардан риуаят етілген хадисте «Кім-кімде үйінен дәрет алып, одан кейін Куба мешітіне келіп намаз оқыса, умраның сауабындай сауап алады» делінген. Бірнеше рет Куба мешітінде намаз оқыдық. Бұлардан басқа Мәдина қаласында екі құбылалы мешітте, жеті мешітте, жер жүзінің 50 мемлекетінің тіліне аударылып, 2 400 мың дана Құран кәрім кітабы басылған баспаханада болдық. Қазақша аудармасы ислам білімділерінің арасында жақсы пікірге ие болған құрметті атамыз, ислам дінінің негіздерін ел арасында таратуда көрнекті еңбек сіңірген Халифа Алтай аударған Құран кәрімнің қазақша аудармасы осы баспаханада жарық көрген.

30 қараша күні таң намазын оқыған соң, Мәдина қаласының шетінде орналасқан мешіттен ихрамға кіріп, Мәдинадан Мекке қаласына сапарға шықтық. Екі қаланың арасы 450 шақырым. Жолда елдімекен сирек, жері тастақ, өсімдік өте аз, таулы болып келеді екен. Сол күні кештетіп 13-14 сағат жүріп, түнгі сағат 1-лер шамасында Мекке қаласына келіп, алдын-ала келісіп қойған қонақүйімізге орналасып, ертеңіне умра өтедік. Негізгі қажылық 8 желтоқсаннан басталатындықтан, бос уақытымызды Мәсжидул-Харам мешітінде намаз оқуға, әке-шешеміз үшін умра жасауға арнадық. Желтоқсанның 6 күні таң намазынан кейін автокөлікпен Минаға  бардық. Сол күні Минада намаз оқып өткіздік. Ертеңіне таң намазынан кейін Арафаға бардық. Арафадан күн батқаннан кейін Муздалифаға барып, сонда түнеп, келесі күні таң намазын оқып, Минаға барып үлкен шайтанға тас атып, келесі күні үш шайтанға тас ату уәжіп амалын орындап, түстан кейін шаш алдырып, құрбан шалып, икрамнан шығып Меккеге келіп зиярат тауабын, сағи жасадық. Қажылықтың негізгі парыздарын орындаған соң желтоқсанның 15 күні қоштасу тауабын орындадық. 12-15 аралығында тағы умра жасап, Мәсжидүл-Харам мешітінде парыз, нәпіл намаздар оқыдық. Екі қалада тәуліктің қай уақытында болмасын адамдар тарапынан зұлымдық, қиянат жасалады-ау деп ойламай жалғыз-жарым жүре бересің. Сауда жасаушылар далада тауарларын жерге жайып тастап, маңайындағы ағашқа іліп қойып сауда жасайды да, түнге қарай сол тұрған жеріне қалдырып кете береді. Ұрлық жасау деген ұғым оларда жоқ сияқты.

Қажылар үшін Минада, Арафада сансыз шатырлар тігіп, астарына кілем төселген, сол жерлерде шәй қайнатып, жартылай дайын тағамдарды пісіруге, су қайнату үшін әрбір шатырда бірнеше розеткалар орнатылған, шатырдың іші мен сырты жарықпен қамтамасыз етілген, шатырлар квартал кварталға бөлініп, әр кварталға нөмір қойылған. Сол кварталдың ішінде жеңіл-желпі ыстық тамақ, шәй, күнделікті ішіп-жемге керек тағамдар, барған қажыларға ескерткіш ретінде алатын заттар сату ұйымдастырылған, тіпті шаштараздардың қызметіне  дейін бар.

Шайтанға тас атуға, сағи жасауға бара жатқандар амалдарын орындап қайтқандармен бір жолда кездесіп, қиындық туғызбас үшін бір жаққа ғана жүру ұйымдастырылған.

Қағбаны тауап жасау үшін үш қабатты жолдар салынған, екінші, үшінші қабаттарындағы жолдар тәуліктің барлық мезгілінде бос. Қағба тұрған жер Қағбаны қоршай салынған мешіттің ғимараттарынан 3-4 метрдей төмен орналасқан, қағбаны тауап жасайтындар баспалдақпен төмен түседі. Баспалдақтың біткен жері мен Қағбаның арасы шамамен 30-40 метрдей. Бірақ Ибраһим (ғ.с.) ізінің тасқа түскен таңбасы «Мақаму Ибрахим» белгісі Қағбаны тауап жасайтын бос жердің орта кезіне орналасқан. Осы «Мақаму Ибраһимада» намаз оқушылар және соған дейін отырып алғандар сол жерде тауап жасаушылардың жүретін жерін 2 есе тарылтып тастағандығынан осы жерде тауап жасаушылар сығылысып қиналады. Ал, қалған жерлерде еш қиындықсыз тауап етуге мүмкіндік бар. Тауап жасаушылар бірін-бірі құлатып, басып-жаншып кетеді деушілердікі бос сөз. Тауап  жасаушылардың көпшілігі ешкімге залалын, зәбірін тигізбеуге тырысады. Сондай-ақ тауап жасаушылар тауабын бітіргеннен кейін шығар кезде де «Мақаму Ибраһимнің» маңайынан шығатын болғандықтан дәл сол жерде оларда қиыншылық тудырады. Егер тәртіп сақшылары жоғарыда көрсетілген жерде намаз оқытпай, отырып алғандарды тұрғызып жіберіп отырса тауап етушілерге көп жеңілдік туар еді.

Бір қызығарлығы – мешіттің ішінде де, сыртында да намаз оқыған адамның үстіне шаң-тозаң жұқпайды, осы жерде намазға жиналғандардың 99 пайызы ұзын ақ көйлек пен ақ шалбар киіп жүреді. Екінші бір таң қаларлығы – Мекке де, Мәдине де өте ыстық, адам терлеп жүрсе де, киген ақ көйлегінің жағасы кірлемейді, ал үйде жүргенде ақ жейдеміздің жағасы кір болды ғой деп 2 күннен артық кие алмаушы едік.

Тағы бір байқағаным – екі қалада да қайырымдылықпен тегін азық-түлік таратушылардың көптігі. Өзіміздің дәмханада ішкен тағамдарымыз толық қанағаттандырғандықтан көп жағдайда ондай тағамдарды алмай жүрдік, себебі оны жеп тауыспайтын болғандықтан ысырап болмасын дедік.

Қағбаның маңайы тәуліктің 24 сағатында адамнан бір босамайды. Бостау уақыттарына кездесеміз бе деп күндіздің, түннің әр мезгілінде барып көрдік, бірақ бос уақытына тап болмадық. Тағы бір байқалған жағдай, қара нәсілді елдің адамдары өте көп қиыншылықтарды басынан кешіріп, қажылық парызын өтейтін сияқты. Өйткені, қаржыларының жоқтығынан болар, олардың күндіз дем алатын, түнде жататын, ас ішетін орындары – «Мәсжидул-Харам» мешітінің маңайындағы ашық алаң. Астына салатыны, үстіне жамылатыны – 2х2 шаршы метрлік шүберек. Бір тамашасы – қара нәсілді халықтың түсінің қаралығынан үстіндегі ақ киімге жұққан кір дақтары байқалмай ма, әлде шаң-тозаң жерде жатқанымен үстіндегі киімін таза ұстауға машықтанған ба, үстіндегі ақ киімдері әр уақытта кіршіксіз таза көрінеді.

Аллаһ жар болып, Мекке, Мәдина калаларында 21 күн болып, қажылық парызымызды атқарып, 16 желтоқсан күні Жидда қаласына дейін автобуспен келіп, сол жерден Алматы қаласына ұшақпен еш қиындықсыз жеттік. Қажылық сапарында болған көпшілік, жасы келген жамағат, «Аллаһтың көмегі шығар, ауыратын едік, қан қысымы жоғары еді, тізем ауырып жүре алмаушы едім, осы жаққа келгелі оның бірін де сезіп жүргеніміз жоқ, жақсы болдық» деп қуанып жүрді. Солардың бірі – менің жұбайым, сол жерде болған барлық уақытта не жүрегіне, не қан қысымына шағым айтқан жоқ. Барлық қажылық өтеудің парыз уәжіп, сүннет амалдарын өз аяғымен атқарды. Бұл да парызын орындаушыларға Аллаһтың берген нығметі болар.

Сөз соңында айтарым, кейбір қажылық парызын орындап келген қажылар айтқандай «қажылыққа барған жамағат, қажылық парызын өтеу амалдарын орындап жүргенде әлсізін құлатып кетеді, қол ұшын бермейді, тамақ жеткіліксіз, не болмаса жатқан жеріміз жайсыз болды»  деген сияқты сөздерде ешқандай негіз жоқ сияқты.

Өткен жылғы қажылық уақытында Қазақстан үкіметі мен Қазақстан мұсылмандарының Діни басқармасы қажылық парызын өтеушілерге жағдай жасау мақсатында құрамында дәрігер, білімді дін қызметкерлері, қолында билігі бар үкімет мүшелері, діни басқарманың жауапты қызметкерлері бар комиссия құрып, олар барған қажылардың жағдайынан хабардар болып, уақытылы тиісті көмек-жәрдемін көрсетіп жүрді. Қазақстан елшілігінің қызметкерлері қажылармен арнайы кездесу өткізіп, жай-жағдайымен танысып, мұң-мұқтажын тыңдады. Осы шаралар қажылықтың ойдағыдай өтуіне өзінің көп септігін тигізді деп ойлаймын.

Алла қажылыққа баруды армандап жүргендерге қажылық парызын өтеуді нәсіп етсін!

Ауданбай қажы Ахметжанұлы, Астана қаласы, 2009 ж.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button