Жарық нұрдың сәулесі

Қобызды, қолдамайды бұл заман

Қобызды, қолдамайды бұл заман

Кішкентай Алмас ұйқысынан шошып оянды. «Әке, әке!-бала жастықтан басын көтеріп алып: «Қобыз тартамын!» деді жұлып алғандай. Баласының ұйқысырап жатқанын сезіп жатқан әкесі: «Жау қырылып қалды-ау, жау қырылып қалды-ау» деп күбірлеп дұғасын оқыды. Бұл сөзін бастамас бұрын айтатын «биссимиласы» еді. Әкесінің дауысын естіген бала тынышталып, жастыққа басын қойды. Көз алдына ақ шапанды ақсақалдар елесетеді. Қорқыт әуленің мазарына зиярат етіп келетіндер сияқты. Арасында шоқша сақалды, бет біткеннің әдемісі Қалжан ахунның баласы Мақан мақсұм, Қарақалпақстанның Төрткөлінен келетін Махан мақсұм, Омық мақсұм, Жүніс молда, Іскендір молда көрінді. Ақ көйлек, ақ дамбал киіп, тақиясының сыртына ақ орамалды бос жіберетін осы атасы үйге жете бере, «Қожаке, қиямет жақын, қиямет жақын»деп күңіренуші еді.Онысы несі?! Бәрін де танып тұр. Құрақ ұшып қарсы алып, қолдарына су құйып, аяғының ұшымен жүріп қызмет ететін аталары… Алмастың кеудесіне сыймай тарсылдаған жүрегі саябырсығандай болды, сәлден соң бірқалыппен тыныстап ұйқығы бас қойды. Таңертең әкесі Алматұлы Нұрмақан қожа Энгельсте тұратын Баязит қожаға барып, домбыра алып келеді. Алмасты шақырып алып: «Балам, қобызды бұл заман қолдамайды, домбыра тартарсың» деп, алып келген аспабын қолына ұстатты.

Бесінші сыныпта оқып жүрген кезі. Бірде әкесі Олжабай жыраудың үйіне ертіп апарады. Амандық-саулықтан соң, келген шаруасына кірісіп: – Олжеке, біздің Алмасжан өлең айқысы келіп жүр-ау»деді. Жырау жаңалықты естіп, қуанғанын білдірді. «Сауабы молдау өлең жаттаса деп едім» деді әкесі сөзін жалғап. Олжабай жырау «қисық әріптермен» жазылғанын ескертіп, бірнеше дәптерді көрсетті. Дәптерді парақтап, көз жүгіртіп көрген соң, әкесі «бірдеңе қылармын» деп, алып кетті. Сөйтсе, бұл жәдидше жазылған Сыр өңірінің ақын-жырауларының жырлары екен. Содан күн сайын құтпан намазынан кейін әкесі Алмасты шақырып алып, өлеңді дауыстап оқиды. Бала әкесінің айтқанын қағазға кириллицамен түсіреді…

Содан бері жырау Алмас Алматовтың қолынан домбырасы түскен жоқ.

-Мінекей, қазір жасым алпысқа келді. Сол дәптердегі қасиетті жолдар көкірегімде сайрап тұр. Осы жылдар бойына жолдарды жатқа айтудан жалыққан емеспін. Оның әрбір әрпі, әрбір жолы ішкі сұранысым, рухани азығым десе болғандай. Қазіргі күнде шәкірттеріме өнерге бір күнде және бір күнге келген жоқпыз. Біз мыңжылдықтардың нақыл сөздерін насихаттаушы, алдыңғы өткен бабалардың мінәжаты мен өсиетін, тарихын баяндаушысы екенімізді нықтап, құлақтарын құйып отырамын, – дейді жырау.

Енді қарап отырсам, өнердің киесі барын, күндердің күнінде сол өнердің иесі боларымды алдымен әкем білген екен. Тіпті, көшеде біреу жаман сөз айтып жатса да ескі шапанының етегімен біздерді қалқалаушы еді. Сонда жүрегімізді кір шалмай, жамандықтан таза болуын қалаған екен-ау. Әр ісімен, сөзімен де, өнегесі, өсиетімен де кие қонар жүректі аялап, жақсылыққа жетелепті.

Алмас аға өткеніне көз жүгіртіп, естеліктерін баяндай бастады. Әр сөзінен ақыл есіп отырған үзік-үзік ойларды тек қағазға түсіре бердім. Қожаны әулием деген қазақ – әулие

Қорқыт разьезінен Қармақшы ауданының Жаңа қала ауылына көшіп бардық. Бұл «кете шөмекей» деген ел отырған, төрдегі ақсақалдары түгел, ынтымағы асқан, берекелі мекен екен. Бұлар Бәйіш қожа мен менің әкемді «тақсыр» деп тік тұрып сыйлайтын. Сол ауылдың бала-шағасына дейін алақанына салып, «әулие, піріміз» деуші еді. Соғымның кезінде түйе сойған – басы мен бүтін жілігін әкеліп, «бәте бер» дейді, соғымға жылқы сойса, жылқының шекесі мен жарты жілік етін әкемнің алдына алып келіп, бала-шағасының амандығына бата сұрайтын. Ел-халықтың санасында әулие-пірлеріне оның ұрпақтарына деген құрметі керемет еді-ау. Сол елдің «нанның ұсағынан, қожаның ұрпағынан сақтан» деген де сөзі болатын. Содан да болар, бала екеш біздердің де көп қараның ішінде шоқтығымыз биік еді.

Бір топ бала мектептен қайтып келеміз. Ауылдың бір шетінде жиын-той, не құдайы болған ғой деймін. Бірі – салт аттылы, бірі – есекке мінген ауылдың шалдары көшені толтырып келе жатты. Жолдың шетінде мектептен келе жатқан мені көргеннен, «әулие, пірім келе жатыр ғой» деп жапырылып аттан түсіп, бірі маңдайымнан, екіншісі қолымнан сүйіп жатады. Құрдастарым: «қожа болып жатыр» деп мазақтап күледі. Сақалы белуарына түскен ақсақалдарға оғаш мінез көрсететін жайым жоқ, ізетпен амандасамын. Есен-саулық біліп, аттарына қайта мініп, мінбегені көліктерін жетелеп, көпке дейін еріп жүруші еді. Мен іштей қысылсам да, сыр білдірмеймін. Әйтсе де, кейде көшеде өтіп бара жатқан шалдарды көрсем тасада бұғып қалатын болдым. Ондағым, құрдастарымның сөзінен қысылсам, әрі соларға еріп теріс мінез көрсетпейін деген сақтығым да. Әкеміздің алдында тек тізерлеп отырып, қарсы сөйлемес түгіл, басымызды тік көтеріп қарап тосын мінез көрсетпейтінбіз. Әрі жетесіз дегізбей, әкемдей қариялардың көңіліне қаяу түсіргім келмегені де. Бұл әдет жас өркен жетіліп, ескінің шалдары келместің кемесіне мініп кеткенге дейін жалғасты. Кейіннен әкемнен неге солай деп, ерекше құрметтің сырын сұрадым. Сонда әкем тәспісін тартып, ұзақ ойланып отырып: «балам, өздері сияқты екі аяқты бір басты пендені әулие деп жүрген – қазақ әулие. Біз әулие емеспіз, әулетпіз. Пайғамбар әулетіміз. Қазақ әулие көріп алақанына салса, соған лайық болыңдар» деп жауап берді. Әкемнің бір ауыз сөзі күні бүгінге дейін санамызда тұр. Бүгінгі ұрпағыма да осы өсиетті айтамын.

Осыдан бірнеше жыл бұрын әкемнің сөзін Қалтай Мұхамеджанов ағамызға айтып бергенім бар. Сөз қадірін білетін жан ғой, «ойпырмай, мынау анық айтылған нәрсе екен» деп тәнті болып, басын шайқап біраз ойланып қалып еді. Міне, бізді қалыптастырған әкеміздің тәрбиесі, көзіміз көріп, насихатын тыңдаған жақсылардың тәрбиесі.

«Ұлы адам ұлық болмайды, мәуелі ағаш биік болмайды» деп отырушы еді. Орта ғасырлық сопылар:«өзге – жақсы, біз – жаман», «өзге – бидай, біз – сабан» деп өздерін басып, қайырып отырады екен. Сонда деймін-ау, жаратқанның молынан берген күш-қуатты, арнасына сыймай асып-тасып бара жатқан көңілдерін дұға-зікірімен басып отыратын болғаны-ау.

Жақсыны керек қылмайтын заман туады

Отыз жыл бойы болыс болған Шөмекей Бақа би жалғыз баласы Әбілтайды орнына болыс қойса, екі жылдан кейін болыстықты тастап кетіпті. Сонда би бабадан «Жақсыдан жақсы туа ма?» деп сұраған екен. «Әй, шырағым, жақсыдан жақсы туады, алдында жақсыны керек қылмайтын күн туады» деп жауап беріпті. Бұл 1911жылдары, жаңа жиырмасыншы ғасыр қылқиып қылаң берген кезде айтылса керек-ті.

Жақсыны керек қылмайтын заман көп күттірген жоқ. Бұл сөз айтылған кезде әкем оннан енді асқан екен. Алматтың кіндігінен тараған тоғыз ұлдың аман қалғаны жалғыз менің әкем – Нұрмақан. Жиналса жер қайысқан қол болатын әулетіміз 1928 жылдарға дейін сыр өңірінің Мырзалы деген жерді мекен етіпті. Бүгінде киесі кеткен мешіттің қалқиған қабырғасының орны қалды. Ел әлдеқашан көшіп кеткен. «Қожа менен молданың қойдай қуған» заманда, белсенділер қаптың түбінде бір уыс дән қалдырмай, ақшаңқан ордаларының шаңырағын ортасына түсіріп, сексеуілдің көлеңкесінде зар жылап қалған қатын-балаға киіз үйдің бір-бір керегесін, туырлықтың жартысын ұстатып Алматтың алты баласын айдап кете барады. Арыстарынан тірідей айырылған бала-шаға елден қуылады. Бұхараны бетке ала шыққан босқындар жолай Қарақалпақтың Шалыш деген жеріне жеткенде бадаба деген індетке шалдығады. Айдалып кеткен тоғыздың алтауының әйел-баласы бар, барлығы 48 жан болыпты. «Небір сұлу қыздары мен аяулы жеңгелеріміз, небір жеткіншек-бауырларымыз аурудан ажал құшты. Бас-яғы екі жұмада екі қамба етіп үйілген мүрделерді көміп тастап өте бардық» деп әкем еске алады. Содан әкемнің екі ағасы Сапақ пен Бейман қалады. Әкеміз Бұхараға жеткенде қамалады. «Бір нашар бала өкімет ісіне араласып отыр екен. Өзі біздің мешіттің жамағатының қызы болып шықты. Мен жайлы әкесіне айтқан болуы керек. «Ойбай ол – піріміз, әулиенің тұқымы. Қапастан құтқар» деп тапсырады. Сонда әлгі бала: «Сіздің істі тоқтаттым. Сізге енді бұл жерде қалуға болмайды. Есіктің алдында арба тұр. Үйге барып, жуынып, шайынып, дереу жолға қамданыңыз» дейді. Ауғанстанға жол жабық. Қызылдар қаруын кезеніп, босқындарды күтіп жүр. Амал жоқ, әкеміз елге оралады. Алматтың алты ұлы ғана емес, барлық қожалардың ізіне шам алып түскендер Нұрмақанды қойсын ба, мұнда келе сала тағы да түрмеге жабады. Қазалының түрмесінде отырған жерінен, бұл 1932 жылдары болса керек, қуатты азаматтарды қара жұмысқа жегеді. Сол тұста Шәмшіқожа деген жас жігіт сот болып келеді. Оның ағасы Шоқан қожа сот інісіне «Алтауы кетті, екеуінің хабары тағы жоқ, Алматтан қалған жалғыз тұяқ, ең болмаса, осыны аман алып қалайық» деп қолқа салады. Содан әкемді Кемесалған деген разьезге қалдырып кетеді. Айналасындағылар су-суанын алып келіп тұрады. Үш-төрт күннен кейін ісін қысқартып, осында жұмысшы етіп, түрмеден құтқарып қалады. Артынша соғыс басталады. 1941 жылы екінші рет соғысқа жиналған кезде, майданға аттанғалы вокзалда тұрған жерінде «теміржолшыларға тисіпеңдер» деген бронь шығып, қанды қырғыннан тағы аман қалыпты. «Алланың қазынасы кең ғой, үміттеріңді үзбеңдер» деп отырушы еді. Бұдан артық не айтарсың?!

Алладан басқа тәңір жоқ

Арманда кеткен алты боздақтың, ауған аспақ болған екі азаматтың бір белгісін таппақ болған талпынысымыз бар. Бұхараның қапасынан босатып алған қыздың да хабарын білгіміз келеді. Алайда, арада көп жыл өткен соң, оның бір хабары қолымызға тиіп отырған жоқ. Арыстарымыз қамалған Қазалының Ақмешіт түрмесінде бір күнде 36 қожа-молда-ишандар атылды деген дерек ел аузында жүретін. Кейіннен іздестіргенде болған жайт расталды, бірақ боздақтардың аты-жөні анықталмай отыр. Осы оқиғаға қатысты әкемнің айтқаны бар еді.

Жаңалық жата ма, Сүлеймен ишан атылмай аман шығыпты дегенде, әкем де ағаларының хабарын білмек болып іздеп барып, жолыққан екен. Қазалыдан Жезқазғанға шығар бетінде үлкен қорым, ишанның атымен аталады. Тірісінде елге сыйлы болған ишанның өзі Керей Марал ишанның тұқымы, ал ол тарихта қалған белгілі тұлға.

Әкем барып, Сүлеймен ишан оңаша қалғанда «қасыңызда біздің де кісілер болып па еді» деп бастайды. «Болды, тақсырлар. Үш ай қамалып жаттық. Үкіметтен келіп, кінәмізді бетімізге басқан ешкім болмады. Оған да ренжіген ешкім жоқ, ақсақалдарымыз «үкіметтің қолы тимей жатқан шығар» деп жамандыққа жорыған жоқ. Үш ай дегенде таң қараңғысында, тұтқындарды сыртқа шығарып, түрменің қабырғасын жағалай тұрғызып қойды. Шолақ күрте киіп, белдерін шарт буған үш-төртеуі үйіріліп тұрды да, орталарынан біреуі шығып, біздерге жақындады. Не болады деп қарап тұрмыз. Бір кезде саптың басында тұрған ақсақалға жақындап, тапаншасын маңдайына кезеп, «Құдай бар ма?» деп сұрады. Ақсақал: «астрафралла» дегенше болған жоқ, маңдайдан оқ тиіп сұлап түсті. Ишан-қожалар есін жиып үлгерген жоқ, шетінен баудай қиылып құлап жатыр. Жаналғыш саптың соңына да тақап қалды. Жанымда тұрған Алпамыс деген қожа еді. Білегімнен ұстап алып, «Балам тым жассың. Амал қыл, Алла кешіреді, кешіреді. Мына алапатты жұртқа жеткіз» дей берді. Тапаншасын тақап, діннен безген сұрағына іркілместен, «Аллаһу акбар» деді де, Алпамыс қожа құлап түсті. Тажал меннен де құдай бар ма деп сұрады. «Жоқ» деп көзіне тура қарадым. Менен қарсылық күтпеген болса керек, жаналғыш абдырап тапаншасын төмен түсіріп, басқаларына «Мынау «жоқ» деді» деп дауыстады. Содан түрмеден босатылдым. Көз алдымда небір тақсыр, молдалар, иманына берік күйінде оққа ұшып, шейіт болды»-деп Сүлеймен ишан сөзін аяқтайды.

Әкем ауыр күрсініп, суалған жанарын сүртіп Ишанға қараса, екі көзінен аққан жас бетін жуып кетіпті. Сақалының ұшындағы тамшылар өңірін ылғалдапты. Екі бүктетеліп қалған кеудесін көтеріп, әкеме қарайды. Күдігін сейілткісі келген әкем: «Тақсыр, Аллаға шәк келтірдіңіз бе?» дейді. Сонда Сүлеймен ишан: «Алладан басқа тәңір» деген сөйлемді ішімнен, ал «Жоқ» деген сөзді дыбыстап айттым»деп жауап беріпті. «Алладан басқа тәңір жоқ» деген сөзді айтып аман қалдым. Ал Жаратқанның бірлігіне шек келтірмек түгіл, қас-қағым сәтте сұрқия сауалды санасына сидыра алмаған дуалы ауызды арыстарымыз «Аллаһ ұлық» деп қайырылмай кете барды.

Өлшемі ерек, ардағым

Бала кезімізде таң намазына азан шақырғанда әкеміз бізді оятып жүрелетіп отырғызып қоятын. Азан оқып болысымен біздер қайтадан көрпенің астына қойып кетеміз. Содан таңғы намазға тұру әдетке айналды. Балаларының таң ұйқысы бұзылғанына жаны ашыған анамыздың ренішіне: Аллаһу-акпар деген сөзді үш қайтара естігеннен артық сауап жоқ»-деп жауап берді жарықтық. Содан әкеміздің көзі кеткенше таң намазының азанымен бірге оянып жүрдік.

***

Елде отырғанда малының көптігінен ба, есерлеу келген Сансызбай дейтін көршіміз болатын. Перзентсіз еді. Адамның тілегінен ғой, бірде Сансызбайдың әкем намазға тұрғанда зіркілдеп келмесі бар ба?! «Әй, қожеке деді, есікті теуіп ашып, «Аллаңнан сұра, маған көзі-соқыр, ауру, есі дұрыс емес қыз берсін» дейді. Әкем намазын оқып болғанша шыдамай, қайта шығып кетеді. Дәл осы әңгіме үш күн қатарынан қайталанды. Ақырында анамыз шыдамай, құдайдан жақсы тілек сұрамайсың ба деп сөкті. Содан не керек, Сансызбай жасы елуден асқан шағында қызды болды, өзі сұрағандай көзі соқыр, науқас. Ол апамыз әлі бар.

***

Әкем өле-өлгенше қысыр сөз, әзіл айтудан аулақ болатын. Әзібай дейтін әзілмен ел-жұртты ойран-топан етіп жүрген нағашымыз болатын. Бір жиында Қожаға тілі қышып, сөз қағыстырғысы келген ыңғайын білдіреді.

-Ә, дегенен кейін «зіл» деген сөз тұр-ау, Әзіл апат келтіреді, әзілдеп айтқан сөзіңмен адамның көкірегіне зіл саласың. Сыпайының сырты кешірімді болғанымен ішінде наласы тұрады. Ол адамның басына кемістік алып келеді. Әжеке, содан аулақ болған дұрыс қой» деп мысын басып еді.

***

Қыс түссе ауылдағылардың айнымас кәсібі бар. Мұз ойып, нәрете құрып балық аулаймыз. Өзге жұрттың нәретесі шоршыған балыққа толы болса, біздің күні бойына аулаған балығымыз оннан аспайды. Оны қойшы, үйге келген соң, «мына балықты көкеңе, мына балықты бөкеңе бер» деп бөлгеннен кейін екі шабақ қалса, қуанамыз. Бірде балықты аршып жатып анамыз: Бір-екі балықты қақтап қойсақ балаларға нәпақа болар еді» деді. Әкем көпке дейін үнсіз отырып, әлден уақытта: «Жерге егін екен егінші, қақпан салған аңшы, ау салған балықшы кәсіптің егесі ғой. Әу деп, жерге дән сеуіп, қақпан құрып, ау салып жатқанда «халықтың несібесі» деп салады. Алла соны қабыл етті ғой, Аллаға берген антым бар, халықтың несібесі дегеннен кейін халық ауыз тиюі керек. Балық бәсін алады, артық пайда бала-шағаңа кесірін тиігізеді. Оттың басының аман болғаны жақсы деді. Апам үндемей қалды. Үйге келіп жатқан дүниенің өзгелерге де теңдей бөлінетін себебін енді ұқтым.

***

«Жау қырылып қалды ғой» деу әкемнің сөзінің салты еді. -Жау қы­рылып қалды ғой балам, неге жы­ладың?- деп сұрады. – Әбіл­қа­сым­ның үйіне неге киік бердіңіз? Олар­дың киігі екі сарайына сыймай жа­тыр,- дедім мен де шыдамай. Мінезі сол, әкем, ешқашан жедел­қа­был жауап қайтармайтын. «Тоңып қа­лыпсың ғой балам, жылын», – де­ді. Соңы­ра, шәй үстінде әкем: «Балам, Әбіл­­қасым ағаңның үйіндегі Сарқыт туыстас апаң ғой. Қазақта «қыздың сы­бағасы» әр уақытта бірінші жүреді. Егер Сарқытқа үлес бермесем, «ағам аң­ға шыққанда менің сыбағамды ұмыт­қа­ны ма» демей ме?!» деп түсіндірді.

***

Жас күнімде бәйгеге ат қоса­тынмын. Бір күні шопандар слетінде бәйге болды. Бәйгеден атым бірінші болып келге­німен, жалаудың оң жағынан емес, сол жағынан өтіп кетті. Сөйтіп, екінші, үшін­ші келген аттар алғашқы орындарды алды да, маған үшінші орынды берді. Ішім өрт боп жанып кетті. Ақсақалдардың ор­­тасында әңгіме­лесіп отырған әкеме жетіп келдім. «Жау қырылып қалды ғой, не болды балам?», – деді. «Бәйгеден атым бі­рінші келген, бірақ маған үшін­ші орынның бәйгесін беріп жатыр!», – дедім ашуға булығып. «Ой, айналайын халық «құтты болсынды» бізге айтып жа­тыр ғой, бәйгесінде нең бар балам?», – деді. Содан үшінші орынға берген шынжыр баулы қалта са­ғатты әкеме ұстаттым. Әкем сағат­ты қо­лына алып қасында отырған Әйт­пем­бет ұстаға «Әйтеке, Алмас­жанның тыр­нақалды мүшесі ғой, сізге байладық, батаңызды беріңіз?» деді. «Қожекеңнен тәбәрік қой», – деп ұста сағатты қал­тасына басып, батасын берді. Бала болсам да ішімде бірдеме өзгеріп кеткенін сол жолы анық түсіндім.

***

Жал-құйрығы өрілген «Көк аттың» сынына келіп, мыл­тықтың құндағындай жа­раған уа­қыты еді. Бәйге біткен соң үйге келдім. Байқағаным әкемнің екі жағында басқа ауылдың екі кісісі отыр. Бірі, «Ленин Орденді» шопан Орынтай Батырбеков те, екіншісі Қаратамыр Борпан деген аудан орталығындағы апамның төркіні, нағашымыз. Екеуі де елге сыйлы адамдар. Әкем: «Алмасжан, тізеңді бүгіп отыра тұр, балам», – деді. Төменнен жүрелеп отырдым. «Балам, мынау Орынтай ағаңды тани­сың ғой. Елдің ағасы. Былтыр осы уа­қыт­та үлкен оқуды бітіріп тұрғанда жал­ғыз баласы Алматыда қайтыс болды. Содан бері үйде отырып қалыпты шырағым. «Ер басына мезгілсіз келген қайғы – қыран құстың қияғында, жүй­рік аттың тұяғында қалады» деген сөз бар, көңі­лімді көтеріп «Көк атты» ермек қылайын деп сұрап келіп отыр, қолыңды жай, бата берейін!» деп, өзі бұрын қолын жайды. Қорғасындай ұйыған денемді зорға көтеріп, қолымды жайдым. Жи­налған жұрт «Аумин», «Құтты болсын» деп, Орынтайға қошемет көрсетіп жатты. Көшіліктен сытылып шығып қораға кірдім. «Көк аттың» жалынан сипап, ол оқыранғанда көзімнен еріксіз жас шықты…

Әкем сол күні құптан намазынан соң өзіне ша­қыртты. Жайнамазының үстінде тәспі тартып отыр екен. Алдына жа­қын келіп, жүрелеп отырдым. Сәл үн­сіз­діктен соң «Балам, азаматкершілік жасадың. Рахмет айналайын! Атаның сөзін қайт қылмай, атыңды түсіп бер­генің кісілігіңнің белгісі. Басың жас, мінер атың, алар бәйгең алдыңда. Осы ел аман болса өзіңді жаяу қалдырмас, «Халықтың қамын ойласаң, қардарың соның ішінде» деген сөз бар деп жұ­бат­ты. Әкемнің сөзін тыңдап, өзім де кәпе­лімде есейіп шыққандай болдым.

Аллаға шүкір, сол халық алақа­нына салып, аялап келеді. Әкемнің айтқан ті­легі қабыл болса керек.

***

Қазір ойлап қарасам, осы заманда өзің­нің туған бауырыңа да бірдемені беруің үшін мың ойланып, жүз тол­ға­насың, баланың, әйелдің қабағына қарайсың. Мына тоқшылық заманда сондаймыз ғой, ал ешкімнің жағдайы мәз емес уақытта – қарындасым деп, ба­ла-шағасының аузынан жырып беріп, ағайынға үлес беріп жүрген әкемнің осы қылықтарын жасы сек­сеннің жетеуіне келген Төлеу ана­мыздың ойына салға­нымда: «Шы­рағым. Соғыстан кейінгі қиыншылық заманда, екі жас бірін-бірі ұнатып, ата-анасының келісімінсіз қол ұс­тасып, Қарақалпақстаннан қашып келіп, осы «Қорқытты» паналады. Жі­гіттің жал­ғыз шешесі бар екен. Әкең, «Әбіл­қасым қожаның қызын алып қашып келіпті» дегенді естіп өзі ба­рып, мән-жайды білгеннен соң үс­тіміздегі алты қанат қараша үйімізді соларға апарып, басыбайлы тігіп бер­ді. Өзіміз темір жолдың бойындағы ескі барақ тамға барып паналадық. «Сұлтан сүйегін қорлатпайды» деп, өзі бір ауылда жалғыз үй отырып төбесіндегі үйін қаршадай қызға төр­кін сыбағаға бергенін де көр­дік, шы­рағым. Бүгінгі ұрпақтары әкең­нің қарашаңырағынан тараған тұқым» деп толықтырды апам.

«Бала – әкеден ширек, кем туады» деген рас сөз ғой. За­манның сойылын соғып ықылас, іл­типат, ізет, құр­­мет­тен айырылып бара жатқан біздерге томашадай қара шалдың безбені өлшем бола ма?..

Айгүл УАЙСОВА

Ұқсас мақалалар

2 пікір

  1. Керемет! Айгүл,Əлеке сол жылдары сол кісілермен, Сүлеймен ишанмен дос болып, араласқан Ысқақ, Құлмағанбет молдалар туралы деректер жоқ па?

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button