Жарық нұрдың сәулесі

Әулие айтқан сөз

Еліміз азаттыққа қолы жеткен соң, Келес зиялылары Ет жемес ешан атаны халыққа  қайта таныстыру мақсатында бірнеше мәдени көпшілік шаралар өткізуге мұрындық болды. 2006-жылы Абай ауылындағы аудандық кітапхана осы тақырыпқа оқырмандар конференциясын өткізді. 2014-жылы жазушы Орынкүл Тәжиеваның тапсырысымен осы жолдардың авторы «Ет жемес ешан ата» деп аталған танымдық кітап шығарды. 2015-жылы Абай ауылындағы Мәдениет үйінің 500 орындық залы тола адаммен, «Ет жемес ешан атаның өмірі мен қызметі» деген тақырыпта,әулиені ұлықтау шарасы өтті.2017-жылы ескі «Ешан бау» ауылының қырында, ашық аспан  астында,мәуліт мерекесі үлгісіндегі  бағдарламамен Ет жемес ешан атаның атынан дербісана өткізілді.Оған аудан әкімі бастаған екі мыңға жуық адам қатысты.Осы шараларды ұйымдастыруға «Сарыағаш» газеті белсене қатысты.Әулие Ет жемес ешан атаның дүниеге келгеніне биыл, 2018-жылы 185 жыл болды. Келес ауданының ең алғаш құрылғанына да 90 жыл толды. Әкімдіктен бастама болғанда, бұл даталарды тойлауды халық өздері-ақ көтеріп әкетер еді.

19-және 20-ғасырлардың түйіскен кезеңінде, «Ешан бау» ауылы шартарапқа аты шыққан елді мекен болғанын айттық.Совет үкіметі 70 жыл бойы әулие  Ет жемес ешан атаның  атын елдің есінен шығарудың әрекетін жасады.Бұл ауылды Чапаев атындағы совхоздың бір бөлімшесі ретінде, болгар коммунисі Димитровтың атымен атады.Совхоздың жойылғанына ширек ғасырдан асса да,сол коммунистің есімі тәуелсіз Қазақстанның кезінде де, ешқандай қаулы, қарарсыз қазіргі әкімдердің ауызша айтуымен, документтерде осы елді мекеннің аты болып, әліге дейін заңсыз жазылып келеді.Басқа ұсынылған аталымдар онамастикалық комиссиядан өтпеді.7 мыңдай тұрғыны бар осы бір тұтас үлкен ауылды, жергілікті әкімдердің қалауымен әдейі 3 бөліп атау белең алып келеді.Осы процесті тоқтатып, бұрынғы бөлімше аумағын түгел қамтыған ауылды,«Ешаната ауылы» деп атауды заңдастырса, тарихи әділеттік орнайды.Тұрғындары көп үлкен елді мекен болғандықтан, мемлекет тарапынан да қолдаулар болады.

Ет жемес ешан ата болжамдарының ішіндегі, Келес және Сарыағаш аудандары деген ұғымдардың жоқ кезінде, Келес даласы туралы «Бұл ел 3 рет бөлініп, 3 рет бірігеді ,одан кейінгі бөлінуден соң, өз алдарына жеке-жеке ел болады» деген сөзі, келестіктердің есінен шыққан емес. Ешан ата айтқан 3 рет бөліну де, 3 рет бірігу де өтті.

Ежелден Келес даласы деп аталған біртұтас аймақта,1928- жылы Келес ауданы құрылды.1939-жылы бұл ауданнан Сарыағаш ауданы енші алып шықты. Бұл бірінші бөлінуі. 1963-жылы Келес ауданы өзінен енші алып шыққан Сарыағаш ауданына бірінші рет біріктірілді.                                                                                       1964-жылдың соңғы күні, бұрынғы Келес ауданы аумағы Шардара ауданы аталып,екінші рет бөлінді. (1969-жылы Келес ауданы деген бұрынғы аталымы қалпына келтірілді). 1988 жылы Келес ауданы жойылып, Сарыағаш ауданына екінші рет біріктірілді.1989-жылы екі аудан болып үшінші рет тағы  бөлінді.      1997-жылы бұл екі аудан қайтадан үшінші рет біріктірілді.  150 мыңдай халқы бар Келестіктердің ары қарай, жеке ел-аудан болып кететін соңғы бөлінуді күткеніне де 21 жыл болды. Тағы да азырақ сабыр етсек, әулиенің айтқаны келеді.

                                                                         Оңғар ИСАЕВ, журналист.

                                                                          ОҚО. Келес өңірі.

соңы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button