Нияз қожа
Қазақ ортасында дін уағыздаған Қаратаудың қожасы. Шын аты Ерсаушы. Ел айтатын аңыз бойынша қожа дүниеден өтерінде «мен дүниеден көшкенде құбыладан өгізге жегілген шана келеді, денемді ақ жауып арулап, сол шанаға салыңдар, шананың соңынан еріп отырып, өгіз екі жерге тоқтап, үшінші жерге келіп тоқтаған жерден қабір қазындар. Сол жерден түйелі кісінің бойындай арғын таңбасы бар тас шығады. Сол тасты бас жағыма қойыңдар», – дейді.
Айтқанындай болып, арғын таңбалы тас күні бүгінге шейін сол Нияз қожа қабірінің басында тұр. Күндік жағынан түндік жағына созылған қорықтың етек жағында жалғыз адыр бар. Шөбі шүйгін шығады. Соны ерте уақытта халық Аралтөбе деп атаған екен. Бұдан кейін Аралтөбені Қожа тауы, Қожа қорығы деп атайтын болған. Сол Қожа тауының басындағы Нияз қожа қорымы бар. Жаны қалың біткен зират.