Ғалымның хаты

Исламдағы ұстаздың орны

(немесе Мәшһүр Жүсіптің «Исабек ишан» жоқтау жыры туралы)

Әрбір адам есі кіре бастағаннан дүниені танып-білуге, үйренуге талпынады. Сондықтан да бұл дүниеден хабарсыз жаңа туған сәбиден есейе келе, әлемді аузына қаратқан даналар мен ойшылдар шығады. Осынау ақылын толыстырып, білімін шыңдау сапарында ол бір адамға ерекше қарыздар екенін сезінеді. Ол – ұстаз.

Хазіреті Әли (р.а) «Кім маған бір әріп үйретсе, оның құлы болуға бармын»,-деп, бір әріп үйреткен адамның өзі үлкен құрметке лайық екенін білдірсе, Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Арамызда 7 көше болғанына қарамастан, ұстазым Хамидтың үйі жағына  әдепсіздік болмасын деп ешқашан аяғымды созып жатып көрген емеспін. Қанша жылдан бері әр намаздан кейін ата-анаммен қоса ұстазымды да қайырлы дұғама қосып келемін»,-деп өзін ілімге баулыған, әдеп пен тәрбие үйреткен ұстазына өмір бойы қалтқысыз құрмет жасап, үнемі жақсылық тілеп өткендігін айтады.

Жалпы мұсылман әлемінде ғалымдарға, ұстаздарға деген сый-құрмет жоғары болған.  Ислам тарихында білім жинаудың, білгенін басқаларға үйретудің, кітап жазу секілді оқу-ағарту ісімен айналысудың беделі биік тұрған. Ал иманы кәміл ұстаздар бұл іске сауап тұрғысынан көбірек мән беріп, қоғам тәрбиесіне өздерінің жауапты екенін терең сезінген.  Олар өздері жете меңгерген пәнді ғана үйретумен шектелмей, шәкірттеріне өмірлік дұрыс ақыл-кеңес беріп, адамгершілік пен имандылыққа қатар баулыған, жүріс-тұрыс мінезімен жақсы үлгі көрсеткен. Оқу, білім, ғылым, мәдениет, адамгершілік, әдеп, тәрбие-бәрін ұстаздан үйренген шәкірт ұстазды өз ата-анасынан кем көрмеген. Ұстаздың алғысын алмаса, алған білімінің берекесін көре алмайтынына сенген.

Тіпті ұстазды қатты құрметтегені сонша оның үйінің есігін қағудың өзін әдепсіздікке балап, сыртта тұрып, шыққанын күткен. Қасиетті дінімізді үйрену жолында ұстазбен шәкірт арасындағы сыйластықтың жүздеген жылдар қалыптасқан бұл игі дәстүрін дала ғұламалары да берік сақтаған. Соның бір үлгісі ретінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының  «Исабек ишан» атты 85 шумақ 340 жолдан тұратын  жоқтау өлеңіне назар аударар болсақ:

Болама заты қара таза тектей,

Бәрінен озып шыққан баса көктей.

Енді бізге табылмас ондай ғазиз,

Хазіреті ишан дұғагөй Исабектей! (1.278)-деп жырлайды да, келесі шумағында:

Көрдің бе менің қапа болғанымды,

Айып көрме дым айта алмай тұрғанымды,

Атыңды күйгендіктен айтып салдым,

Кеше гөр әдепсіздік қылғанымды!-(1.278) деп ардақты ұстазының рухынан оның атын атағаны үшін кешірім сұрап «Атыңды күйінгеннен айтып салдым»,-деп ақталады.

Одан әрі:

Таусылды ойлай берсем, менің миым,

Тербетпей аруағыңды келмес күйім,

…Басшы бол ақыретте баршамызға,

Атыңнан айналайын дұғагөйім!- деп ұстазына деген өлмес, өшпес махаббатын, сый-құрметін айғақтайды.

Бұл мысалдың өзі біздің дінде ілім үйретушіні қаншалықты бағалап, ұстазға қаншалықты зор құрметпен қарағанын, оны біздің қазақ даласының біртуар тұлғалары қалай берік сақтап келгенін дәлелдейді.

Бұл өлең-жырдағы «Қанша ишан, қанша мүрид шықса –дағы, Бәрі де Ишекемнен бір аспайды», «Дұға қып Ишекемді есіңе алғай», «Ишекем өтіп кетті-ау бұл жалғаннан», «Қадірі Ишекемнің әркімге өтер», «Рухына Ишекемнің дұға қылсын», «Бір құдай Ишекеме рақмет етсін» т.с.с… өлең жолдары Мәшекең қадірлі ұстазы Исабек ишанды қаншалықты пір тұтып құрметтегенін білдірумен қатар, «адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» (Абай) демекші, тарихта ақыл-парасаты  мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым ерекше бір ізетпен еске алған мысалдардың жарқын  бір парасы болмақ.

Мәселен, Абылай хан-Төле биді, Бұқар жырауды, Шәкәрім-Абайды, Жамбыл-Сүйінбайды т.с.с. өзіне ақылшы-ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының-ұстамы жақсы»,-дегендей, бұл жоқтау жырдан Мәшһүр Жүсіптің өмірде бағындырған зор асуларына ұстазы Исабек ишанның әсері мен сіңірген еңбегі көп екенін пайымдауға болады. Сонымен қатар «… Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Исабек ишан» жоқтауы-ХІХ ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақ өлеңдерінің саф алтын үлгісінің бірі. Шығармада ел ұйытқысы болған ірі тұлға Исабек бейнесі мүсінделуімен қатар, қазақ тарихына, тұрмысына қатысты көп құнды материалдар жинақталған.» (1.479)

Қорыта айтқанда, қарапайым адамдардың түсінігі жете бермейтіндей Алла тағаладан ерекше сый алған Исабек ишандай ұлы тұлғалар пайғамбарлық ақиқаттың көлеңкесі сияқты деуге болады. Біздер мен  олардың арасындағы негізгі айырмашылық-осы. Оны жақсы түсінген Мәшһүр Жүсіп атамыз ұстазы Ишекеңді «…бір түскен сәулесі еді жарық-нұрдың»-деп бағалайды.

Нұр-Хақ, демек әулие-әмбиелер Хақтың сәулесі дей келе аспанды ұшып жүрген қаздарды аяғының астына дуалап қондырған Исабек әулиенің кереметі-өзін пайғамбармын деуден аулақ, тақуа құлдарға берілген сый. Мұны тек ғана адамды танитын Мәшһүр Жүсіптей ғұламалар ғана түсіне алады. Сол түсінік осындай қазақ әдебиеті тарихындағы ірі көлемдегі ұстаз туралы жоқтау жырды жаздырғанына куә боламыз.

АБДИРАМАНОВ АРТЫҚ  ЖҰМАБЕКҰЛЫ

Пайдаланған әдебиет:

  1. Көпейұлы.М.Ж. Көп томдық шығармалары, 1-том. «Алаш», 2003-504 бет.

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button